Бағдарламасы №4 Модулі «Арнайы тарихи білім»


Лекция 12. Ғани Мұратбаев



бет15/22
Дата14.12.2022
өлшемі0.56 Mb.
#467209
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22
Қызылорда облысы қасиетті орындарының тарихы силлабус

Лекция 12. Ғани Мұратбаев
Ғани Мұратбаев 1902 жылғы 3 маусымда қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы (сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Қазалы уезі) Қарақұмның «Арғымақ» деген жайлауындағы төбеде туылған. Ғанидың әкесі Мұратбай ескіше оқыған, парасаты мол, орташа ауқатты кісі болған. Әлімнің Қарасақал руының 15 жыл болысы болған. Кеңес өкіметі кезінде, саясатқа сәйкес Ғанидың шыққан тегі жәй шаруа деп жазылды. Бұлай деп жариялауға екінші бір себеп, Мұратбай қайтыс болғанда Ғани төрт жастағы бала еді. Ол ер жеткенше әкеден қалған азды-көпті дүние –мал таусылып, көзге көрінерлік асылып- артылған ешнәрсе бола қоймаған. Сондықтанда Ғани тек ғана күн көретін дәрежеде өскен. Шешесі Бәтима баласының зеректігін ескеріп, Ғаниды тоғыз жасында көп қиыншылықпен Қазалы қаласындағы орыс-қазақ (орыс-түзем) мектебіне оқуға береді. Мектепте оқып жүргенде – ақ уезд басшыларынын көзіне түскен ол 1917 жылдың күзінде, яғни, он бес жастан сәл асқанда революциялық кеңестің құрамына алынады. Ойлап көрсеңіз, он бес жастағы жасөспірім баланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тегін емес шығар. Әрине, Ғаниды қазіргі замандағы он бес жастағы құрдасымен салыстырғанда әсте келмес. Ескерілетін нәрсе - саяси көзқарасы мен сана-сезімі әлі қалыптаспаған жас Ғанидың аз уақыт болса да осы ұйымға мүше болуы. Революциялық Кеңес құрамында жүрген қысқа мерзім Ғанидың өмірге, жалпы, қоғамға деген көзқарасын күрт озгертті. Ең бастысы - оқымаса болмайтынына көзі жетті. 1916 жылы Ғанидың анасы Бәтима дүниеден өтеді. Мектепті үздік бітірген соң орысша сауаттанған Ғани 1914-1917 жылдары Қазалыдағы осы күнгі М. Горкий атындағы № 16 мектеп, ол кездегі орыс бастауыш училищесінде оқиды.[1, 29-30 б.б]
1918 жылы Ташкентке оқуға аттанады. Мұнда Ғани қазақ-қырғыз педучилищесіне оқуға түседі. Бұл Ғанидың бойы да, ойы да ержете түскен шақ еді. 1916-1917 жылдардағы мемлекет ішіндегі саяси жағдайлар, таптық сана-сезімі оянып келе жатқан зерделі жас жігітке қатты әсер етті.
Ғанидың оқуға келген кезінен естелік айтушы сол училищенің директоры Иса Тоқтыбаев Ғани туралы былай дейді: - Ыждағатты Ғани алғашқы екі ай бойы педагогикалық жаңа жағдаймен, жаңа адамдармен шын беріле таныса бастады. Ол кітап оқып, оқығаны жөнінде конспект жасап, күн сайын ұзақ түнге дейін отыратын. Бір күні биология пәнінің оқытушысы Бисеитов Ғани қойған сұраққа жауап бере алмай, сабақ үстінде өзінің білместігін сездіріп қойды. Мұндай жағдайлар басқа оқытушылардың да сабақтарында болып тұратын. Ғани жаратылысынан сондай талантты болатын. Ол өзімен бірге оқып жүрген жолдастарынан әлдеқайда жоғары еді. Ал, оқытушылар да әрдайым онымен сөйлескенде, өздерінің білімдерінің аздығын білдіріп қоймауға сақ жүретін. Өте жастығына қарамастан Ғани Салтыков-Щедриннің, Толстойдың, Чернышевскийдің, Пушкиннің, Гогольдің, Герценнің, Достоевскийдің тағы басқа орыс және шетел классиктерінің шығармаларын оқып шықты. Ол оқытушылармен әңгімелескенде өткен уақыттағы прогрессшіл жазушылардың еңбектерінде ұнамды пікірлерімен бірге, олардың реакциялық көзқараспен қарайтындықтары барын айтып, тайталасып отыратын. Біз өзіміздің ойымызды, адам баласы өз тарихында жасаған барлық мәдени байлықтарды біліммен байытып, оны сын көзбен қарап меңгеруіміз керек дейтін Ғани өз мұғаліміне.
Ғани Ташкентте педучилище кейіннен Халық Ағарту Институтында оқи жүріп, Финкельштейн атындағы мектепті де үздік бітірген. Институт қабырғасында жүріп-ақ, қазақ, қырғыз, өзбек жастарынан қамқорлығын аяған жоқ. Жанарында оты бар, «келешек осыдан қоғамға қажетті тұлға шығады»- дегендердің барлығын, Ғани Шығыс Университетке оқуға түсірді. Олардың жақсы оқып, сол замандағы талапқа сай орыс тілін жетік меңгеріп, марксизм идеяларын оқып-білуіне, қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға жете мән берулерін қадағалайтын. Жастармен кеңес өткізіп, жастар ұйымының жұмысына көмек беріп, олардың таптық, саяси жағынан жоғары тұруларын көздейтін. [2, 2 б.]
Ғани өміріндегі аса зор қуаныштың бірі оның 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып енгендігінді еді. Міне, осы күннен бастап, Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен тығыз байланыста өтті. Училище комсомолдары оны жастар ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Сол кезеңде саяси сана-сезімі де, өмірге көзқарасы да көп жастардан озық Ғ. Мұратбаев жастар ұйымының алдыңғы қатарлы белсенді мүшесі, жастар жұмысының үлгілі ұйымдастырушысы болды. 1916 жылғы, одан кейінгі оқиғалар салдарынан аштыққа, жалаңаштыққа ұшыраған жетім балаларды интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге тарту ісіне белсене араласты. 
Ташкент қаласында еңбекші жастар ұйымы 1918 жылдан бастап құрылып, алғашында ол Лев Толстой атындағы Ташкент жастарының ұйымы, артынан еңбекші жастардың социалистік одағы, ал 1919 жылдан Коммунистік Жастар ұйымы деп аталды. Түркістан комсомолының бірінші съезі қарсаңында бұл ұйымның құрамында бес мыңнан астам мүшесі болған.
Осы кездегі Ғани өміріндегі тағы бір үлкен кезең- оның Жетісу орталығы –Алматыға келуі еді.
Тап тартысы күшейе түскен, Түркістан республикасының алыс түкпіріндегі Жетісуда жұмыс істеген, Түркістан майданы революциялық- әскери Советінің өкілі Д. Фурманов, Жетісу еңбекшілері арасында саяси-ағарту жұмыстарын жүргізуді қажет деп тауып, РКП(б) –ның Түркістан жөніндегі комиссиясынан білімді, сенімді кадрлар жіберуді өтінген-ді. Көмекке жіберілген жастардың басында Ғани Мұратбаев тұрды. Ғани Верныйда педагогикалық курстың тыңдаушыларына сабақ берді. Ол тек оқытушылық қызметпен ғана шектелмей, жергілікті жастар арасында түрлі саяси жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысты.
1921 жылдың наурызынан бастап, оқуынан қол үзбей жүріп, Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс ұйымдастыратын Бюросының төрағасы болып сайланды. Осы кезеңде ол Түркістан комсомолының өкілі ретінде Орынбор қаласында өткен Қазақстан комсомолының бірінші съезіне қатысты. Ғани съезді дайындау мен өткізуде үлкен роль атқарды. Осы жолы Ғани этнограф, музыка зерттеушісі Александр Викторович Затаевичпен танысады. Ол Ғанидың айтуымен «Дудар-ай», «Қатын жырау» әндерін нотаға түсіреді. А. В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабында әндерді ауызша орындағандар тізімінде Ғанидың да есімі бар.
1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республикасы Комсомолының үні – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш номері жарыққа шықты. Бұл жылдары Ғани Түркістан атқару комитеті жатақханасының № 18 ші бөлмесінде тұрды. Бұл бөлме жастардың жиі жиналатын орнына айналады. Жұмыс жайлы мәселелер талқыланып, қызу айтыстар өтетін. «Жас Алаш» газетінің редакциясы осы бөлме болды. Газеттің адресі: Ташкент қаласы, Түркістан өлкелік атқару комитетінің жатақханасы, 18-ші бөлме деп көрсетілген.
Ғанидың замандасы, жазушы Ілияс Жансүгіров Ғани туралы естелігінде былай дейді: Бұл жылы біз Ташкентте оқитын едік. Ғани университетте оқитын. Ол оқып жүріп әлеуметтік ісіне көңіл қойып, жас коммунистердің алғашқы ұйымын жасай бастаған. Ғанидың оқуынан ұйымда істеуі көп болушы еді, сол жылы жазға салым жастардың жиналысында Ғани көптің ортасына «жастар газетін шығару» деген ойды тастады. Жиылыс мұны мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Садуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан бар құрап, газеттің қағазын, ақшасын тапты. Соңынан екі бетті ғана қазақ жастарының тұңғыш газеті- кішкене «Жас алаш» газеті наурыз күні жарыққа шықты.
Әлі ұмытпаймын. Газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «бұған бір ұран жіберелік, тұңғыш жастар газетінің, жастар жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!» деп еді. Қарып терушілердің.... еңбегін төлеп, тізілген газетті қайта бөлектетіп, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттің маңдайына қойған ұраны міне: «заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті- бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!»
Міне, осы ұран -әлі ұран, осыдан басталып, қазақ жастарының арасында әлеуметтік сезімі өсе бастады. «Жас алаш» газеті жастар баспасының алғашқы демі болды. 1921 жылы Ғани Мұратбаев РКЖО- ның ІҮ съезіне делегат болып қатысты.
1922 жылы 22 мамырда РКЖО Орталық комитетінің қаулысымен Орта Азиялық бюро құрылды. Ол Түркістан, Бұқара және Хиуа республикаларының комсомол ұйымдарының қызметін үйлестіріп, біріктірді. Орта Азиялық бюро мүшесі Ғани Мұратбаев бір жыл ішінде Орта Азияны түгелдей аралап шықты. Еңбекші жастар арасындағы қозғалысты дамытудағы зор еңбегі үшін Хорезм Республикасының «Қызыл Еңбек» орденімен марапатталды. Сол тұста бүкіл Орта Азия мен Қазақстан жастар ұйымы қараған Түркістан Комсомолы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы (жауапты хатшы) болып сайланды. Жырақта жүрген Ғани үшін бұл үлкен белес болатын. Оның алғырлығын, саяси көзқарасының тұрақтылығын ескерген Бүкіл Ресейлік Коммунистік Жастар Одағы (БЛКЖО) Ғаниды КИМ-нің атқару комитетінің мүшелігіне сайлап, КИМ-нің Шығыс елдері жастарының бөлім меңгерушілігіне тағайындады.
Бұл - 1924 жылдың жазы еді. Жұмысты беріліп істейтін, әр істі аяғына жеткізбей тынбайтың Ғанидың өз денсаулығына қарауға да мұршасы келмеді. Ауырдым деуге де арланған намысшыл жігіт науқасқа шалдықанын да білдермей жүрді. Алайда, асқынып кеткен өкпе дерті жас Ғаниды ақыры алып тынды. 1925 жылдың 15 сәуірінде Ғани мәңгілікке көз жұмды. Өзекті өртеген өкініштің оты оның серіктестері мен бүкіл қазақ жұртының, шығыс жастарының жүрегін сыздатты. Мәскеу Ғаниды үш күн аза тұтты. Қаралы митингіге он бес мың адам жиналды. Қала орталығындағы Ваганьков зиратына арулап жерледі. Ғанимен қоштасуға Одақтас Республикалардың комсомол қайраткерлері, партия, кеңес ұйымдарының өкілдері, КИМ-нің мүшелері қатысты.
Осыдан-ақ, оның абырой - беделінің қаншалықты дәрежеде екендігін байқауға болады. Ғанидың өзі аз жасаса да, оның ісі мәңгілік жасайтынын тарих дәлелдеуде.
Ғаниды мәңгі есте қалдыру мақсатында 1967 жылы Ғанидың туғанына 65 жыл толу құрметіне Қазалы қалалық кітапханада алғаш көрме ұйымдастырылса, 1968 жылы Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен Қазақ ССР-і Мәдениет Министрлігінің 30.04.1981-жылғы № 121, халық депутаттары облыстық Кеңесінің 13.05.1981-жылғы № 261 шешімі, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 19.06.1981-жылғы № 107 бұйрығымен Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ашылды. Сонан бері жарты ғасыр бойы Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі зерттелініп, музейге келушілерге насихатталынуда. Ғани Мұратбаевтың туған күні жыл сайын музейі жанындағы Ғани алаңында өткізіледі. Іс-шараның бірінші күні қала көлеміндегі мекеме-кәсіпорындар арасында кіші футболдан Ғани атындағы ауыспалы кубок үшін дәстүрлі турнир ұйымдастырылып, екінші күні жас ақындардың «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі мүшәйрасы өткізіледі. Осындай қамқорлыққа бөленген музей ұжымы келушілерге күнделікті қызмет көрсетуден танған емес. Қызметкерлердің білімі мен тәжірібесін арттыруға айрықша көніл бөлінуде. Мектептермен, мекеме - кәсіпорындармен байланыс жыл сайын жақсара түсуде. Ауданға келген конақтар мен жас жұбайлар Ғани рухына тағзым етіп, музей жанында ескерткішке суретке түседі. Көшпелі көрмелер ұйымдастыру арқылы Ғанидың өмірі мен қоғамдық қызметі және өлке тарихы насихатталады. Бүгінгі таңда музейдің сегіз экспозициялық, бір көрме залы бар. Осы залдарға орналастырылған жәдігерлер Ғани мен ол туған өлке тарихынан сыр шертеді.
Ғанидың 75, 80, 90, 100, 110 жылдық мерейтойлары республикалық дәрежеде аталып өтті. Мерейтойларында Қазалыдан арнайы делегация Мәскеуге барып, Ғани ескерткішінде болып, рухына тағзым етіп қайтты. [5, 84-85 б.б]
Республикада Ғанидың есімімен аталатын мектептер, көшелер, ауылдар, оқушылар Сарайы, стадион бар. Мекемелер мен мектептерде, ауылдарда ескерткіш-бюсттер орнатылған. Кеңес өкіметі тұсында көптеген еңбек ұжымдары, мектептердегі пионер ұйымдары Ғанидың есімімен аталды. Ғани еңбек ұжымына мүшелікке қабылданып, оның тапқан табысы «Бейбітшілік қорына» аударылып тұрды.
Ғани қызмет атқарған Бүкілодақтық жастар ұйымы тарағаннан кейін, Тәуелсіздік жылдарында жастар ісі комитеті, Қазалы аудандық «Жас орда» жастар қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемелері құрылып, жастардың шығармашылық, рухани, кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу, патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділігін арттыру, жастардың әлеуметтік маңызды бастамаларын жүзеге асыру бағытында қызмет етіп келеді.
Қазалы ауданы әкімінің 2016 жылы 5 сәуірдегі №116 санды өкімімен «Ғани Мұратбаев» атындағы облыстық жастар сыйлығы тағайындалды. Келесі жылдан бастап бұл сыйлық республикалық дәрежеде беріле бастады.
Елбасының Жарлығымен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да Ғани сенген, Ғанидың ізбасарлары – жастарға жасалған мүмкіндік пен үлкен сенім. Ғани Мұратбаевтың бір ғасыр бұрын айтқан «Заманның қожасы да, тұтқасы да - жастар» деген қанатты сөзі – жастардың білім алып, әлеуметтік өркениет жолына түсуіне, саяси санасының өсіп-жетілуіне өз үлесін қосып, халқының өркениеттік жолға түсуі үшін міндетті түрде ғылым мен білім ең өзекті қажеттілік екендігін алға тартады. Әйел теңдігі, отырықшылық сияқты сан-салалы әлеуметтік келелі мәселелер төңірегінде айтылған құнды пікірлерінің болуы және бұл идеяларының бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де мәнділігін жоймауы оның өміршеңдігін көрсетеді.Елбасының «Мен, жастарға сенемін» деуі, Ғани ізбасарларына деген көзқарастың дәуір бойы жасап келе жатқандығын көрсетеді. Өз заманының көшіне ілесіп, өз замандастарынан оқ бойы озық туған Ғани Мұратбаевтың тұлғасы заман өзгерсе де, біздің дәуірімізге дейін мәңгілік жарық жұлдыздай жол сілтеп тұра береді. 

Лекция 13. Киелі орындар Тәуелсіз Қазақстанның қазынасы




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет