ІІ тарау. Ұлт рухының жаршысы.
Мағжан Жұмабаев – орыс отаршылдығының салдарынан бүліне бастаған қазақ даласының ертеңін ойлаған ұлт ақыны. Ақынның басты тақырыбы – ұлттық тақырып жан-жақты өрістетілген. Ұлт мүддесін ту етіп ұстаған бірнеше өлеңдерін: «Туған жерім-Сасықкөл», «Қазағым», «Қазақ тілі», «Жаралы жан», «Өткен күн» оқып, талдау.
ІІІ тарау. Жыр жұлдызы.
Мағжан өлеңдері қазақтың сөз өнері үшін жаңа, соны дүние. Ақын өлеңдерін оқи отырып, оның түйсіну, қабылдау қабілетінің айрықша мол, әрқилы екенін аңғарасың. Сырлы поэзияның қуатты күшін ақынның көптеген өлеңдерінен байқаймыз. Бұл тарауда ақынның «Алтын Хакім Абайға», «Қарағым», «Жазғы таң», «Мен кім?», «Анама» өлеңдері талданады.
ІV тарау. Мағжан поэмалары.
Мағжан көлемді поэмалар жазу саласында аса өнімді еңбек еткен. Ақын поэмаларының негізгі өзегі – ұлт азаттығы тақырыбы. Оның шығармашылық жолындағы қысқа ғұмырында айналдырған он бес, он алты жыл ішінде бірнеше поэмалар туғызды. Поэмаларының қай қайсысында да қазақ ұлтының тағдырын толғайды.
V тарау. Мағжанның прозалық шығармасы.
«Шолпанның күнәсі» атты әңгіме қазақ прозасының көркем дамуындағы ірі қадам. Жанры жағынан психологиялық әңгіме. Әңгіменің бас кейіпкері – Шолпан. Әңгімедегі бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгершілік өреге көтеріліп, адамның құлықтылығы, бас бостандығы мәселелерімен байланысады.
VІ тарау. Мағжан аудармалары.
Мағжан – шебер аудармашы. Әбділда ағамыздың сөзімен айтсақ, ол өзі сүйген, қалаған, өзіне үлгі тұтынған ақын-жазушыларын ғана аударған. Солардың ішінде оның Лермонтов, Горький, Гетеден аудармалары оқып, талдауға ұсынылып отыр. Мағжан орыстың, Еуропаның танымал алыптарын аударып отырып, қазақ тіліне солардың рухын мол қып жеткізуге тырысқан.
VІІ тарау. Мағжанның ағартушылық еңбектері.
Мағжан Жұмабаев ұлы ақын ғана емес, сонымен бірге өресі биік өміршең ойлар айта білген ойшыл азамат. Бұған біз оның публицистикалық мақалалары мен «Педагогика» атты еңбегінде айтылған ұлттық, халықтық мәселелер, ғылыми мәнді пікірлері арқылы көзімізді жеткіземіз. Ақын көркем әдебиетпен бірге ұлттық тіл, ұлттық тәрбие туралы да өнегелі ойлар айта білген. Халқымыздың рухани қазынасына кәусар бұлақ болып қосылған бұл ой-өрнектердің бүгінгі ұрпақ үшін мәні зор.
Достарыңызбен бөлісу: |