Мұны білген пайдалы (оқып шығыңыз):
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі;
2) «Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 986 бұйрығы.
Пайдалы сілтемелер:
www.mz.gov.kz – Денсаулық сақтау министрлігінің сайты.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «республикалық клиникаларда ем алу», «жоғары білікті дәрігерлік көмек алу» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
5. Жүрек-қан тамырлары ауруларының қалай алдын алуға болады?
Жүрек-қан тамырлары аурулары – тіпті экономикалық даму жоғары елдердің өзінде азаматтардың мүгедектікке ұшырау және өмірден ерте озуына басты себеп болатын аурулардың бірі.
Жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының алдын алу осы аурулардың көпшілігіне ортақ шаралар кешенінен тұрады, бірақ кейбір аурулар, әрине жекелеген іс-шараларды қажет етеді. Бірнеше қауіптің негізгі факторларына және жалпы нұсқаулықтарға тоқталсақ.
Өзіңе және қоршаған ортаға ізгі ниет. Жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары ең алдымен жүйкелік-психикалық ширығудың негізінде пайда болады. Осыған орай, олардың саны мен белсенділігін төмендету барлық жүрек-қантамыр ауруларына қарсы ең тиімді алдын алу болып табылады.
Бір таңқаларлығы, көптеген адамдардың пікірі бойынша, жүйкелік-психикалық тұрғыдан қарағанда ең «қауіпті» мекен – үй. Егер жұмыста бөтен адамдардың алдында біз өзімізді байсалды ұстап, жағымсыз әсерлерімізді жасырып қалуға тырыссақ, ал туыстарымызбен қарым-қатынаста «өз адамдарыңмен салтанат құрудың қажеті не?» деген қағида бойынша әрекет етеміз және күні бойы жинаған барлық ашу-ызамызды солардан аламыз. Көбіне олар да бізге дәл солай жауап қатады. Осының салдарынан екі жақты өкпе-реніш туындап, жүйкеміз ширығады... жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығамыз. Егер біз өз туыстарымыздың, отбасымыздың үйлесімділікті бұзбауға барлық жағдайды жасамайтын болсақ, бізге оны ешкім жасап бере алмайды. Сондықтан да кардиологтар кеңесіне жүгініп, өзіне және өзіңді қоршаған барлық адамдарға ізгі ниетпен қарап, өкпе-ренішті ұмытып, бүкіл жан-дүниеңмен кешіре білуге шақырады.
Көбінесе адам өзіне өзі разылық білдірмей жатады. Бұрыннан белгілі бір ақиқатты қайталап айтқан жөн болар: бүкіл әлемді сүюді өзіңнен бастау алады. Әрбір адамға жақсы әсер ауадай қажет. Сондықтан да жақсы кітап, достармен қарым-қатынас, жақсы көретін және сені жақсы көретін адамдармен белсенді және қуанышты өмір сүру барлық аурудың алдын алатын қуатты құрал болып табылады.
Белсенді өмір салты. Бұл - спортпен айналысу, таза ауада ұзақ уақыт серуендеу, суға жүзу, туристік сапарлар, яғни адамға рахат сезімін сыйлайтын кез-келген дене еңбегі. Дене шынықтырумен айналысуды әдетке айналдырғанымыз жөн: бұл - ыстық су мен салқын суды алма-кезек қабылдау, суық су құйыну, қарда жалаңаяқ жүру, моншаға немесе саунаға бару. Таңдау көп және әркім өзінің жанына жайлысын таңдап алуына болады. Сонымен бірге осы шаралардың барлығы да қан тамырларының қабырғаларын нығайтады, осылайша көптеген аурулардың алдын алады. Демалыс та толыққанды болуы қажет. Ұйқының қалыпты ұзақтығы тәулігіне 8-9 сағатты құрайды, сонымен қатар мүмкіндік болса күндізгі уақытта, әсіресе түс ауа, бір мезгіл дем алып алған жөн.
Тамақтану. Біздің дастарханымыздағы майлы, ащы, тұзды тағамдардың молдығы шектен тыс семіруге соқтырып қоймай, тамырларымыздың серпінді қызметіне де кері әсерін тигізеді, сондықтан қан айналымы бұзылады. Әсіресе, гипертензия кезінде ас тұзының мәселесі өте күрделі, мұндай жағдайда ас тұзын дастарханымыздан алып тастау ең бірінші қажеттілік болып табылады. Бірақ басқа сау адамдар да жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін осы қағиданы ұмытпағандары абзал, ал тұзды тағамдарды тек мерекелік дастарханға қойсақ жеткілікті. Адам ағзасындағы тұздың көп болуы бүйрек жұмысына кері әсерін тигізіп, ағзадағы сұйықтықтың сыртқа шығуына кедергі келтіреді, осылайша тамырларымыз бен жүрегімізге артық салмақ салады. Сонымен бірге, жүрек-қан тамырлары жүйесіне тікелей әсер ететін тағамдар да кездеседі. Оларға қою шай, кофе, алкогольдік ішімдіктерді жатқызуға болады.
Темекінің әсері. Жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсерін тигізетін әдеттердің бірі темекі тарту екендігі баршамызға аян. Шылым шеккіштердің арасында жүрек-қан тамырлары аурулары кең тараған. Темекі тартудың зиянынан бөлек ештеңе алып келмейтіні белгілі. Сондықтан да бұл әдеттен толық бас тартуды ұсынамыз. Ал «жүйкені тыныштандыру үшін» темекіден басқа да пайдалы әрі жағымды әдістер көптеп табылады.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардың барлығын қорыта келе дене белсенділігі, өзіңе және өзіңді қоршаған ортаға ізгі ниет, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу және кардиологтың тексеруінен өту – жүрек-қан тамырлары ауруы сізге жақын жүрмейтініне сенімді болуыңыздың кепілі болады.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.vidal.kz – «Видаль дәрілік препараттар анықтамалығы» сайты;
2) www.cardioportal.ru – «Жүрек-қан тамырлары аурулары» сайты;
3) www.hls.kz/ - Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының сайты.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «жүрек-қан ауруларын алдын алу», «жоғары қан қысымы» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
6. Балаларды маскүнемдіктен қалай қорғауға болады?
Өкінішке қарай, соңғы уақытта маскүнемдікке салынатын жасөспірімдер саны артып келеді. Ал біз өз басымыздың мәселелерін күйттеп жүргенде, балаларымыздың барын есімізден шығарып аламыз. Ал қараусыз қалған бала зиянды нәрселерге әуес болып кетеді.
Жасөспірім ішімдік зиянсыз екен деп ойлағанда, оны ерте бастан тата бастайды. Сондықтан осы кеселді алдын-алу үшін алдымен балаларға түсіндіру шараларын өткізу керек. Әңгімелесу барысында мынадай сөздерді қолданбау керек: «сен оған әлі кішкентайсың», «үлкен болғанда, ішесің». Осындай сөздерден кейін балада мәселенің күрделі еместігі туралы түсінік пайда болады. Ал кейін ата-аналарға осы кеселмен күресуге тура келеді. Алайда жалғыз адам ол мәселені шеше алайды.
Жасөспірімдер арасындағы маскүнемдікке қарсы ескерту отбасында көрініс табады. Балалар мен жасөспірімдерге ішімдіктің зияны туралы айтқанда, өзіңіз де оның зиянын білуіңіз шарт. Ішімдік қанға араласқанда, адамның мінез-құлқы жүріс-тұрысы өзгеріп, оның салдарынан агрессияға бой алдырып, қылмыс жасауы мүмкін. Сол уақытта эмоционалдық аума – жылау, ызалану, мұңаю мен өз мүмкіндігін асыра көтермелейтін көтеріңкі көңіл-күй пайда болады. Мас адамның бұлшық етінің қимылы мен реакция жылдамдығы төмендейді.
Уақыт өте келе ішімдік ағзадағы күрделі дене және психологиялық ауытқушылықтарға себепкер болады. Ішімдікті қолданған баланың көңілі ауып, нәтижесінде оқуы нашарлайды. Ішімдік бауырға зиянын тигізіп, оның қызметі әлсірейді. Ең жаманы – жасөспірім өзінің психологиялық мәселелерін - қорқынышты, өз-өзіне деген сенімсіздікті ішімдік арқылы шешуге тырысады, соның салдарынан ішімдікке тәуелді болады. Ішімдік адамның тұлға ретіндегі қалыптасуын тоқтатады. Кейбір жасөспірімдер ішімдік ішіп, біраз уақыттан кейін осы әдеттен арылады. Алайда көпшілігі оны тоқтата алмайды.
Ішімдікке салынудың себептері әрқилы. Мысалы: қызба және ашуланшақ балалардың ата-аналарымен сенімді қарым-қатынас орната алмауы. Ата-аналар мен мұғалімдерге ескертетін жайт: отбасында ішімдік қолданатын, депрессияға түскен, қорқақ, ұялшақ, өз-өзіне деген сенімсіз, өз құрбыларымен тіл табыса алмайтын немесе керісінше қызба мінезді балаларға аса ықыласпен қарау керек. Осындай балалар ішімдік, темекі, нашаға әуес болады.
Ата-аналар жасөспірімнің мінез-құлқына аса мән беруі керек. Егер мінезі мен көңіл-күйі өзгерсе, үлгерімі нашарласа, онымен сөйлесуіңіз керек. Ішімдікті қолдана ма – осыны анықтап алу шарт. Сұрақтарыңызға мардымды жауап ала алмағаныңызбен, тоқтамаңыз.
Балаға деген сенімсіздік оның ашуын келтіреді: «Сен маған сенбейсің», «Сен мені аңдисың» деп айтуы да мүмкін. Осындай жағдайда отбасылық дәрігеріңізге барып көрінуіңіз керек. Дәрігер баланы қарап шығады (көп жағдайда бала қаны құрамында ферменттер болады). Егер баланың ішімдік ішетіні анықталса, онда нарколог және психолог көмегіне жүгіну керек.
Емдеу арнайы стационарларда жүргізіледі. Алдымен бала ағзасынан зиянды заттар шығарылып, одан соң медициналық ем көрсетіледі. Наркологтар психологтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керек. Балаларға қоса, ата-аналарға да психологтың көмегі қажет болатын жағдайлар кездеседі.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.zhas.kz – «Репродуктивтік денсаулық және
салауатты өмір сүру» сайты;
2) www.doctor.kz - «Doctor.kz» медициналық порталы;
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «маскүнемдік зардаптары», «алкоголизм және балалар» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
7. Баланы есірткіден қалай қорғауға болады?
Үйінде жайқалып өсіп келе жатқан жасөспірім баласы бар әрбір ата-ананың көкейінде осы сұрақ туындайтыны даусыз. Кейбіреулер бұл мәселе төңірегінде шынайы бас қатырса, енді біреулері «менің отбасымда мұндай бәле ешуақытта орын алмайды» деп өздерін қорқа жұбатып, тыныш жүреді.
Баланың алкоголь мен есірткі құралдарын пайдалануға бір табан жақын болуы тікелей оның өзіндік бағалауы мен өзіне деген сый-құрметіне байланысты болады екен. Психологтардың зерттеуінше, маскүнемдікке салынған немесе есірткі пайдаланатын жандардың өзіне деген құрметі өте төменгі деңгейді көрсеткен. Өздерін сыйлау бағамы өте жоғары болатын балаларға алкоголь мен есірткі ұсынған кезде, олар бірден «жоқ» деп айта алатын көрінеді. Балада өзін сыйлау білу ұстанымын қалыптастырудың принциптерімен таныс болыңыз:
№1 ұстаным: Кішкентай болса да, жетістіктері мен табыстары үшін баланы әр кез көтермелеп отырыңыз. Тіпті болмашы жетістігінің өзін мақтап, атаңыз әрі мұны жиі қайталаңыз. Оның табандылығы мен бірнәрсе істеуге деген құлшынысы алынған нәтижеден де маңызды екенін естен шығармаңыз.
№2 ұстаным: Балаңыздың өз алдына шынайы мақсаттар қоюына және оны таңдай білуіне көмектесіңіз.
№3 ұстаным: Баланың өзін емес, оның әрекетін не дұрыс жасамаған қадамын түзетуге тырысыңыз. Мысалы, «Сен қоршауға шықпауға тиіссің, бұл ақымақтық және жындылар ғана осылай істейді» деп айтқаннан гөрі «Қоршауға шығу қауіпті, сен аяғыңды сындырып аласың ғой» деп ескерткен абзал.
№4 ұстаным: Балаңызға үй жұмыстарының бірі үшін шынайы жауапкершілік артып қойыңыз. Үй жұмыстары бойынша тұрақты түрде тапсырма алып отырған бала өзін отбасылық топтың бір бөлігі ретінде сезінеді және өз міндеттерін орындаудың нәтижесіне қол жеткізе отырып, қанағаттану сезіміне бөленеді.
№5 ұстаным: Балаңызға оны қалай жақсы көретініңізді көрсетіңіз, оған деген махаббатыңызды жария етіңіз. Ыстық ықылас, жылы құшақ және еркелету Сіздің оған деген жақсы қарым-қатынасыңызды сезінуге мүмкіндік береді. Онымен көбірек уақыт өткізуге, барлық нәрсені сонымен бірге жасауға тырысыңыз: сурет салыңыз, театрға барыңыз, үй тапсырмасын бірге орындаңыз, спортпен шұғылданыңыз, оқыған кітаптарды бірге талқылаңыз. Оның мектептегі өмірінен хабардар болыңыз, достарын үйге шақырыңыз. Оны бақылауда ұстамай, онымен бір өмір сүріңіз. Бұл баламен рухани және эмоционалдық жақындыққа жетуге мүмкіндік береді, оның сенімі мен сый құрметіне ие болуға көмектеседі. Үйінде өзін өте жайлы сезінетін және оң істермен айналысатын бала, араққұмарлық пен есірткі сынды жаман әдеттерге бой алдырмасы анық.
Есірткінің дәмін татуға жасалған ұсыныстарға баланы шешімді түрде бас тартуды үйрету аса маңызды. Жасөспірім үшін өз ортасында қабылданған талаптар мен ережелерге сай болу аса маңызды. Егер топтағылар есірткімен елітуге үйренген болса, бозбала үшін таңдау тұрады: барлықтары секілді әрeкет істеу немесе ортасынан қуылуып бар абырой биігінен айрылу. Соңғысы жасөспірім үшін ең қорқынышты нәрсе болып көрінуі де мүмкін.
Есіңізде болсын, Сізде кейбір қатып қалған қағида сынды қамалдарды бұзып, балаңыздың теріс пайымдарын өзгертуге мүмкіндігіңіз бар:
-
есірткі сананы топастандырады, қимыл үйлестігін бұзады, олар шын мәнінде мәселені шешуге көмектеспейді;
-
есірткі баланы немесе жасөспірімді ересек адамға айналдыра алмайды;
-
есірткіні пайдалану заң бұзушылық болып есептеледі. Балаңыз осыны білу керек;
-
есірткіге тәуелді болмаған адамның болашақта достары көп, қоғамда алар орны да сыйлы болады.
Есірткіге тәуелді бола бастау 12–19 жастан басталады.
Сіздің балаңыз есірткі қолданып жүргенін қандай белгілерге қарап біле аласыз?
Сыртқы белгілері:
-
бетінің боздығы;
-
кеңейген не тарылып кеткен көздің қарашығы;
-
қызарып кеткен немесе бұлдыр көз, баяу сөз;
-
жиі суық тию;
-
қимыл үйлестігінің жоқтығы.
Негізгі белгілер:
-
укол іздері, кесік, көгерген жер;
-
оралған қағаздар, фольга;
-
кішкентай қасықтар, капсулалар, бөтелкелер, көпіршіктер, белгісіз дәрілер, ұнтақ;
-
ақ ұнтақ пен немесе қоңыр түсті ізі бар батпақ ұстараның жүздері;
-
шприцтар мен инелер.
Мінез-құлқындағы өзгерістер:
-
ол үйден жиі кетіп қалатын болды. Балаңыздан бос уақытында қайда, кіммен жүргенін сұрай қалсаңыз, оның ашу-ызасына тап боласыз;
-
ол үйде не мектепте болмағаны, мектептегі істері, достарыммен қарым-қатынасы, ақша жұмсау жайлы жиі өтірік айтатын болды;
-
қысқа мерзімде сіздің ұл-қызыңыздың басқа достары пайда болды. Жаңа достар қонаққа келмейді, олар бір-ақ минутқа ғана келіп, дауыстарын қатты шығармай бір нәрсе туралы сөйлесіп кетеді;
-
құпия телефон хабарландырулары немесе телефон арқылы оғаш әңгімелер орын алды, балаңыз кімнің хабарласқанын жасырады, ал әңгімелерінде түсініксіз жаргон сөздер көптеп кездеседі;
-
ұлыңызды (қызыңызды) үй мәселелері қызықтырмайтын болды. Оның сізге деген қарым-қатынасы өзгеріп, немқұрайлы, парықсыз, сенімсіздікпен қарайтын, тұйық, бөгде болып кетті;
-
ауа-райы мен жағдаймен санаспай, ұзын жеңі бар киім киетін болды;
-
оның мінезі өзгерді – ашу, ыза, айғай, ұстамсыз, көңіл-күйінде өзгерістер пайда болды;
-
ол бұрынғы қызығушылықтарын ұмытты – кітап оқымайды, теледидар қарамайды, уайымшылдыққа салынып, қысқа ғана жауап береді («иә», «жоқ», «бірқалыпты») және ашулы;
-
оның ұйқы тәртібі өзгеріп кетті – күні бойы ұйықтап, ал түні бойы бөлмесіне әр нәрсеге ұрынып ұйықтамай жүре алады;
-
ол жеңіл мас күйінде, қимыл үйлесімділігі жоқ, cізге көрінгісі келмейді, жата қалғысы келеді – осындай қалыпта үйге жиі келетін болды;
-
үйіңізде ақша мен киімдер жоғала бастады. Бастапқыда ол жиі қайталанбағанмен, сосын жиі-жиі қайталанып кетеді.
Осы аталған мәселелер баланың психологиялық ауруға душар екендігінің белгісі болса керек. Ол жасөспірімдік жасқа байланысты болып келеді.
Жоғарыда аталған мінез-құлық белгілерінің оннан сегізі байқалса, онда бұл сіздің балаңыздың есірткі қолданатындығы туралы дабыл болуы мүмкін. Бірінші әңгімеге дайындалыңыз. Ол жинақы алайда қатал болу керек. Осы әңгімеге Сіз дайын болуыңыз керек. Сізді ойландыруға себеп болған күндерді жазып түртіп алуыңыз мүмкін. Ең негізгі талаптарыңызды қойыңыз. Осындай нақтылық баланың жауапсыздығына шек қояды. Оны қорқытып, жазаламаңыз. Ол сізден қорқып, ішіндегі сырын жасырып қалуы мүмкін.
Бірінші әңгіме барысында ол еш нәрсені мойындамаса, онда Сіз оған: «Мен саған сенемін, бірақ менің сенімімді ақтау үшін сен тестен өтуің керек. Егер мен қателессем, онда сенен қуана кешірім сұраймын», - деп айтуыңыз керек.
Сараптаманы наркологиялық диспансерлерде жасауға болады.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.zhas.kz «Репродуктивтік денсаулық және
салауатты өмір сүру» сайты;
2) www.narcom.ru - «Русский Народный Сервер Против Наркотиков» сайты.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «есірткінің зияны», «есірткі және балалар» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
8. Балаларды шылым шегуден қалай қорғауға болады?
Көп жағдайда балалар шылым шегуді 18 жасқа толмай тұрып бастайды. Олар неге бұлай істейді? Мүмкін, зерігуден, алаңдаушылықтан, қатарластары тарапынан қысым көргеннен, мазасыздықтан немесе біреуге еліктегендіктен шығар. Сіз, бәлкім, жасөспірімдер арасында қазіргі ұялы телефон әлемінде, әлеуметтік желілерде және микроблогтарда шылым шегу туралы әртүрлі деректер, ойдан шығарылған мәліметтер қалай таралатынын білсеңіз, таң қалатын шығарсыз. Кейбір жас қыздар шылым шегу арықтауға немесе артық салмақ қоспауға көмектеседі деп шеге бастайды. Олар шылым шегудің ағзаға кері әсерін біле тұрса да, темекі шегуге дайын. Ал ер балалар ересектерге еліктеп шеге бастайды, мысалы, әкесіне, ағасына, жоғарғы сынып оқушыларына деген сияқты.
Балаңызды осындай жаман қылықтан құтқару үшін Сіз не істей аласыз?
1. Балаңыз үшін үлгі болыңыз. Егер сіз өзіңіз темекгі тартатын болсаңыз, балаңызды жаман қылықтан құтқару үшін тез арада өзіңіз шылым шегуді тастаңыз. Балаларыңыз сізге қарайды. Олар сіздің қылықтарыңызды қайталайтын болады.
2. Балаларыңызға шылым шегудің қауіптері туралы айтыңыз. Шылым шегетін адамның төңірегінде қалыптасқан аңызды әдепті түрде жоюға тырысыңыз. Шылым оны шегушіні соншалықты жолы болғыш, еңселі, интеллегентті немесе тартымды қылып көрсетпейді. Мұның барлығын қалай ғана адамды жасық құлға айналдыратын әдетпен салыстыруға болады? Балалар шылым шегуге үйір болу арқылы өз денсаулығына қаншалықты зиян келтіретінін білуі керек.
3. Таза, дұрыс ойлауға шақырыңыз. Айналаңдағыларды темекі түтінімен улау дұрыс па? Және де өз денсаулығымызды құртып, басқалардың да денсаулығының түбіне жететін темекі өнеркәсібін көтермелей отырып, қоғамның проблемасын өзіміз тудырып отырсақ, оны шешу мүмкін бе? Әрбір адам өзі мен өзін қоршаған адамдардың аман саулығына жауапты.
4. Балаларды не мазалайтыны туралы айтыңыздар. Жасөспірімге 40 жасқа келгенде өкпе ісігінен өлесің деу – бұл ештеңе айтпағанмен бірдей. Жас адамдарды ең бірінші бүгінгі күні ғана ойландырады. Төменде бүгінгі күні жастар шылым шекпеуге қызығушылық тудыратын артықшылықтар берілген:
Сыртқы келбет. Саусақтары мен тістерінде шылымнан қалатын сары дақ жоқ. Ондай адамнан шылымның иісі де шықпайды, ол тартымды.
Қаражат. Егер темекі шекпесе, қанша ақша үнемдеуге болар еді?!
Сезімтал. Шылым шекпейтін адам ғана тағамның дәмдік сапасын лайықты бағалай алады.
Өз өмірін бақылау. Шылым шекпейтін адамның бос уақыты да, күші де көп, өзін-өзі сенімдірек ұстайды. Оған өзін-өзі кінәлі сезініп, жаман қылықтан арылу үшін күресудің қажеті жоқ. Тағдыры өз қолында.
5. Ең басты проблеманы табуға және оны шешуге ұмтылыңыз. Көп жағдайда шылым шегу – терең бір проблеманың бір белгісі ғана. Баланың көз алдында өзі тұрғызған кумирі құлап бара жатқандай болады. Ең алдымен, бала ата-анасының бауыр еті, сүйікті ұл-қыз екеніне, оны барлығы жақсы көретініне сенім орнауы қажет. Бала осыны сезінген кезде дұрыс дамуға және өсуге деген сенімді іргетасқа ие болады.
Біздің балаларымыз шынайы еркіндіктің бар екеніне, соның ішінде жаман әдеттерден арылу еркіндігінің бар екеніне үміттеніп өмір сүруі қажет. Және осы үмітті балаларымызға біз ата-аналар беруіміз керек.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.narcom.ru - «Русский Народный Сервер Против Наркотиков» сайты.
2) www.poleznovam.ru – «Өмірдің түрлі салалары бойынша қызықты және танымдық ақпарат» сайты.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «шылымның зияны», «темекі және балалар» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
9. Бедеулік – үкім емес
Қазіргі таңда бедеулік проблемасы әлемдегі ең өзекті мәселе болып отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, әрбір бесінші отбасында бала туу бойынша қиындықтар туындайды. Әрине, бұл тек жүктілікті армандап, яғни проблеманың бар екенін түсініп, көмек сұрағандар ғана...
«Бедеулік» термині бірден жүкті болуға мүмкіндігі жоқ жұптарға қолданылады. Оның себебі, әйел ағзасының бұзылуынан да, еркек ағзасының бұзылуынан да болуы мүмкін. Бедеуліктің себептерін анықтау үшін диагностикалық тестер жиі қолданылуда. Алайда, бұл саладағы таң қаларлық жетістіктерге қарамастан, кейбір жұптардың бедеу болу себептері әлі де анықталмай отыр. Жұбайлар бір жылдағы тұрақты жыныстық өмірден кейін жүктілік болмаса – мұның көмек сұрауға себеп екенін жақсы білу керек. Алайда, олардың көбі неден бастау керек екенін, қайда бару керек екенін білмейді.
Ондаған жылдар бойы жүктілікті күтіп, медицина мекемелеріне қаралмай және де оның қажеттілігін сезінбей отырғандар да көп. Мұндай жағдайда мәселенің бәрі -оларды шешу жолдарына емес, ақпараттың жоқтығына келіп тіреледі. Осыған байланысты шешуші фактор болып табылатын баға жетпес уақыт бекер өтіп кетеді. Шындығында, бала сүйгісі келетіндер бұл мезгілде артық ештеңе жасамайды және маңызды ештеңе жоғалтпайды.
Тіпті «бедеу» деген қорытынды естісеңіз де, қайғырудың еш қажеті жоқ екенін есте сақтаңыз. Қазіргі таңда бедеулік емделеді! Қазіргі заманғы медицина таңғажайыптар жасауға қабілетті.
Медициналық ғылымның төңкерістік жетістігінің бірі экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісі (бұдан әрі-ЭКҰ) болып табылады.
Ескеріңіз: суррогат ананың қызметіне жүгінбей, басқа бір еркек пен әйелдің ұрығын пайдаланбай, ұрықтандыруды тек ерлі-зайыптылардан алынған ұрық пен жұмыртқаны қосып, сырттай не бірден жатырға орнату арқылы жасау тәсілі ғана ислам қағидаларына қайшы емес. ЭКҰ-ның бірнеше әдістерінің ішінде тек осы тәсілде ғана баланың шын әке-шешесін анықтау, бала денсаулығы тәрізді көптеген психологиялық, моральдық проблемалар орын алмайды.
ЭКҰ-дың нәтижелілігі көптеген әйелдер мен ерлерді қуантқан, дені сау балалардың дүниеге келумен дәлелденді. Зерттеу «шыны түтіктегі балалар» мен табиғи жолмен өмірге келген балалардың еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті.
2010 жылдан бастап біздің елімізде ЭКҰ рәсімі квота бойынша тегін көрсетіле бастады.
Бағдарлама республикадағы екі орталықта жүзеге асады. Олар Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығы және Алматы қаласындағы ғылыми акушерлік, гинекологиялық және перинатологиялық орталық.
Тиесілі квота алу үшін жоғарыда көрсетілген Астана немесе Алматы қаласындағы орталықтарға барып, дәрігерлік тексеруден өтіп, оң қорытынды алу керек. Бұдан кейін емделуші тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау басқармасына жіберіледі және ол сол жерден тиесілі квотаны алып орталыққа қайтадан келеді.
Тиесілі квотаны заңды некеде тұрған 19 бен 35 жас арасындағы әйел ғана ала алады. Олар белгілі бір медициналық критерийге сай болуы керек, ал олардың күйеулерінің де денсаулығы жақсы репродуктивті болуы қажет.
Тиесілі квота бір реттік ЭКҰ-ға беріледі және бір жыл ішінде қолданысқа ие болады. Дәрігерлердің айтуы бойынша емдеу нәтижелілігі 30-40 пайызды құрайды. Одан әрі қарай, жүкті болуға әрекет емделушінің есебінен жүзеге асады.
Жыл сайын ондай квотаны бедеуліктен зардап шегіп жүрген жүзге жуық отбасылық жұптар алады.
Достарыңызбен бөлісу: |