Бағдарламасы «ертеңін үшін аянба! »



бет2/53
Дата20.06.2016
өлшемі3.3 Mb.
#148933
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53

Кіріспе

Бұл жинақта отбасылық бизнестің 100 түрі жайлы айтылады. Жинаққа кірген бизнес түрлері мемлекеттік органдар ұсынымдары мен халықаралық тәжірибелерге шолу жасай отырып, сондай-ақ тұрғындар арасына жүргізілген сауалнамалар негізінде таңдалып, әзірленді. Жинақ материалдары ұсыныстық сипатта жазылып, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға мысал бола алады.

Оны әзірлеу кезінде бізге мына мәселелер негіз болды:

Біріншіден, еліміздің ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан - 2030» даму Стратегиясы. Онда Президент «... адамдардың әл-ауқатының өсуi бiздiң күллi күнделiктi жұмысымыздың күретамыры болуға тиiс» деген болатын.

Екіншіден, біз Елбасының бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру жөніндегі тапсырмасын басшылыққа алдық. Бұл міндетті орындауға бүкіл халық болып жұмылмасақ, өзіміздің еңбексүйгіштігімізді арттырмасақ, онда ол орындалмайды.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы.

Онда Елбасы Парламенттің, мәслихаттардың, «Нұр Отан» партиясының депутатта­рына сөз арнай отырып, оларды мемлекеттік органдар­мен бірлесіп қоғамдағы дағдарысқа қарсы ауқымды қозғалыстың басында болуға және адамдардың нақты пробле­маларын шешуге шақырды.

Партия мүшелерінің алдында үйді-үйде көбірек болуға, қандай мамандықтарға қайта оқуға мүмкіндік бар екенін, шағын несиелерді қалай алуға болатынын, қиын жылдарда не істеу керектігін түсіндіру міндеті қойылды. Сонымен бірге әр үйге, әр отбасына бару, қарапайым адамдардың көмек­шілеріне, кеңесшілеріне айналу керек екендігін баса айтты.

Төртіншіден, 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында Елбасы 2020 жылға дейін шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40% жеткізу міндетін қойды.

Осыған байланысты Үкіметке селолық кәсіпкерлікті дамыту жөнінен  шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.

Елбасы айтып өткендей, «даму әлеуеті жоғары елді мекен­дерде селолық инфрақұрылымдар да­мы­тылып, суаратын суларға, ми­кро­не­сиелеу бағдарламалары мен  табиғи грант­тарға қолжетімділік кеңейтіліп, кәсіпкерлік дағдыларына үйрету ұйымдастырылады.».

Ол үшін, әрине, атқарушы биліктің бар­лық деңгейлері мен  «Нұр Отан» пар­тиясынан үлкен түсіндіру жұмыстары талап етіледі.



Бесіншіден, әрбір қазақстандық­тың өмір сапасын арттыру және қоғамның бар­лық топтарының әлеуметтік жағынан қор­ғалуы “Нұр Отан” ХДП-ның Халықтық тұғырнамасының басты міндеттерінің бірі.

Партияның белсенді атсалысуымен мемлекет азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды қабылдап, көптеген әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды табысты іске асыруда.

Біздің елімізде әрбір адамның өмірде өз орнын табуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Тәуелсіз жылдарда біздің елімізде іскер, табысты адамдар санаты құрылды. Түрлі қиындықтарға қарамастан олар аяқтарына нық тұрып, еліміздің нығаюы мен серпінді дамуына еселі үлес қоса білді.

Дегенмен, экономикалық және әлеуметтік мәселелер макродеңгейде шешіліп жатқанымен, қарапайым адамдардың мүддесі мен сұраныстары тиісінше назарға алынбай келеді.

Өз өміріндегі түрлі мәселелерді шешуде мемлекет тарапынан әрбір адамға берілетін мүмкіндіктер жайлы ақпараттар көптеген себептерге байланысты көпшілікке жете бермейді.

Қажетті де пайдалы ақпараттардың жеткіліксіздігі азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асырудағы, шағын және орта бизнесті, соның ішінде жеке (үй) шаруашылығын дамытудағы тежеуіш фактор болып табылады. Ақпараттың жеткіліксіздігінен немесе қандай да бір басқа себептерге байланысты дұрыс бағыт-бағдар алып, өзі үшін және отбасы үшін лайықты жағдай жасай алмаған адамдар қатары да жеткілікті.

Осы материалдарды әзірлеу кезінде басшылыққа алынған негізгі идеялардың бірі – ол «әрбір қазақстандық табысты болуы керек» деген ой болды. Себебі, әр адам табысты болса – бүкіл мемлекетіміз де табысты болады. Әри­не, әр азамат өзінің тағдырына өзі жауапты. Мемлекет оның өміріне араласуға құқы жоқ. Бірақ, мемлекет әр адамның өсіп-өнуі­не, табысты болуына, жетістікке жетуіне жағдай жасауға міндетті.

Сондықтан, бұл қадаммен көзделіп отырған мақсат – қажетті ақпаратты бере отырып, азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға көмектесу, әрбір қазақстандыққа жол сілтеп, оның қолына «балық» емес, «қармақ» беретін қажетті ақпарат ұсыну.

Әрине, біз бұл жерде «байлықтың соңына түс, пайдаға кенел» деп отырғанымыз жоқ, кері­сінше, «мемлекетке қолыңды жайма, өзіңді асыра, отбасың таршылық көрмесін» деп отырмыз. Сол арқылы еліңе сыйлы бола­сың, жақыныңа үлгі боласың деген ой. Абай атамыз айтты емес пе:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.».

Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру үшін әрбір азамат, әрбір қазақстандық өзінің ісін тындырымды әрі тыңғылықты істеуі қажет.

Сіздің назарыңызға ақпараттық-анықтамалық материалдар мазмұны мынадай:

1) 100 отбасылық бизнес түрінің тізімі;

2) әрбір бизнесті жүргізудің әдістемесі (технологиясы);

3) бизнестің тиімділігін есептеуге бағытталған қарапайым есеп-қисап.

Бұл ақпараттық материалдар Сіздерге шынайы көмегін тигізеді деген сенімдеміз.

Редакциялық алқа
Жеке кәсіпкер болу үшін не істеу керек?
Егер Сіз жеке кәсіпкерлікті заңды тұлға ретінде тіркелмей немесе заңды тұлға ретінде тіркелу арқылы бастағыңыз келсе, онда осы екі жағдайдың екеуінде де Сізге тиісті үлгіде тіркеуден өтуге тура келеді. Жеке кәсіпкерлікті іске асыру үшін тіркеуді жүзеге асыратын аймақтық салық басқармасы болып табылады.

Жеке кәсіпкерлік жеке және бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады:



  1. Жеке кәсіпкерлік өзінің құқықтық иелігіне жататын мүлік базасында өз бетінше қызмет ететін бір ғана жеке тұлғадан құрылады. Некеде тұратын жеке тұлғаның жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруы үшін жұбайынан келісім алуының қажеті жоқ. Тек жеке кәсіпкерлікті іске асыру үшін жеке тұлға жұбайы екеуінің ортақ мүлкін пайдаланар болса ғана, екіншісінің келісімін алуы қажет болады.

  2. Бірлескен кәсіпкерлік өздеріне тиесілі ортақ меншік құқығына жататын мүлік базасында жұмыс істейтін бірнеше жеке тұлғалардан (жеке кәсіпкерлер) тұрады. Бірлескен кәсіпкерлік барысында жеке кәсіпкерлікке байланысты барлық мәмілелер жасалады, құқықтар мен міндеттер белгіленіп, ол бірлескен кәсіпорынның барлық қатысушылары арқылы іске асырылады.

Бірлескен кәсіпкерлік формалары:

  1. Жұбайлардың ортақ бірлескен меншіктері базасында жүзеге асырылатын жұбайлар кәсіпкерлігі;

  2. Ортақ бірлескен шаруа (фермер) қожалығы меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік базасында жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік.

Жеке кәсіпкерлікті аумақтық салық басқармасында тіркеу үшін келесі құжаттарды өткізу керек:

  1. белгіленген формадағы өтініш;

  2. 2 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік тіркеу жинағын төлегендігін растайтын құжат.

Мемлекеттік тіркеу кезінде салықтан босатылатындар:

  • Шаруа және фермерлік шаруашылықтар;

  • I, II және III топтағы мүгедектер;

  • Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейінгі репатрианттар (оралмандар) .

  1. жеке куәлік көшірмесі, тұпнұсқасы (салыстыру үшін);

  2. фотосурет (3,5 х 4,5);

  3. жеке кәсіпкердің тұрғылықты жерін растайтын құжат (азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке меншік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат).

Сонымен қатар, тіркеу кезінде жеке кәсіпкерліктің фирмалық атауын көрсетуге болады.

Салық басқармасы барлық құжаттар тапсырылғаннан соң, 2 жұмыс күні ішінде «жеке кәсіпкер» куәлігін береді.

Осыдан кейін қажеттілігіңізге қарай сіз мыналарды жасай аласыз:


  • мөр дайындау;

  • банктен шот ашу;

  • кассалық аппаратты тіркеу.

Шаруа қожалығын ұйымдастыру. Шаруа (фермерлік) қожалығын жер үлесіне құқығы бар адамдармен қатар кез-келген Қазақстан Республикасының азаматтары ұйымдастыра алады. Ол үшін шаруа (фермерлік) қожалығын ұйымдастыру үшін жер учаскесін бөлу туралы өтініш жазу қажет. Өтінішке мыналар қоса беріледі:

1) ауылшаруашылық өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы;

2) шаруашылық басшысының ауылшаруашылық өндірісіндегі еңбек қызметін растайтын немесе тиісті мамандық немесе арнаулы дайындықтан өткенін (шартты жер үлесі құқығына ие емес азаматтар үшін) растайтын құжат;

3) шаруа (фермерлік) қожалығы басшысының салық төлеуші куәлігінің көшірмесі;

4) шаруа (фермерлік) қожалығы басшысының мекен-жайы.

Жеке кәсіпкерліктің артықшылықтары туралы:


  • адамның еңбекпен қамтамасыз етілу және ақша табу проблемаларын шешеді;

  • қымбат емес әрі тез арада тіркеуге болады;

  • мемлекеттік реттеуге аз ұшырайды;

  • тым көп құжаттар жүргізуді қажет етпейді.

Жеке кәсіпкерліктің кемшіліктері:

  • мұраға қалмайды;

  • алғашқы капитал жинау қиындығы;

  • кәсіпкер жеке мүлкін тәуекелге тігеді:

«Жеке кәсіпкерлер өз міндеттемелері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, өндіріп алуға жатпайтын мүліктерін қоспағанда, өзінің бар мүлкімен жауапкершілікте болады».

Жеке кәсіпкерлік субъектісін тіркеу жұмыстарын әділет департаменті, статистика басқармасы және аумақтық салық басқармасы жүзеге асырады. Заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтпей, қызмет етуге рұқсат етілмейді. Одан бөлек бұл заңмен қудаланады, мұндай жолмен алынған кірістер республикалық бюджет кірісіне жатқызылады.



Заңды тұлға ретінде тіркелу үшін құрылтай құжаттарын әзірлеу: жарғы (егер тіркеу кезінде типтік үлгідегі жарғы ұсынылмаған болса) және де заңды тұлға бір тұлғадан көп адамнан құрылатын болса, құрылтай келісімшарты қажет болады.

Тіркеу реті келесі тізбекті әрекеттерден тұрады:



  1. қажетті құжаттар тізімін дайындау;

  2. мемлекеттік баж салығын төлеу;

  3. тіркеу органына құжаттарды өткізу;

  4. мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алу;

  5. салық режимін таңдау;

  6. қажет болған жағдайда ҚҚС куәлігін алу;

  7. мөр дайындау;

  8. банктан шот ашу;

  9. кассалық аппаратты тіркеу.

Қазақстан Республикасы заңнамаларындағы кіші кәсіпкерлік субъектілер үшін, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасында тіркелетін заңды тұлғалар үшін жасалған айтарлықтай мәні бар, жақында ғана күшіне енген өзгерістердің бірі бастапқы жарғылық капиталдың айтарлықтай төмендетілуі болып табылады. Бүгінгі күні бұл 100 теңгені құрайды.

Кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалар ғана іске асыруы керек, ал ұйымдар мемлекеттік тіркеу көмегімен шаруашылық субъектісі ретінде заңдастырылады. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік тіркеуден өткізбей іске асыру құқық бұзушылық болып табылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 357-1-бабында:

«Тиісті тіркеусіз әрекеттер (операциялар) жасау, сондай-ақ, кәсіпкерлік немесе басқа да қызметтермен айналысу жеке тұлғаларға жиырмаға дейінгі, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға отыздан қырыққа дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге апарып соғады...» делінген.



I ТАРАУ. АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН БИЗНЕС-ИДЕЯЛАР.
1. Үй жануарлары мен құстарын асырау
1. Жалпы ақпарат. Ауылдық жердегі ең маңызды мамандық – мал бағушы. Алайда жыл сайын осы мамандықты иеленушілер сиреп барады. Сондықтан да үй жануарлары мен құстарын асырауды табысты бизнес көзіне айналдыруға болады.

2. Технология. Қазақстанда жайылымдық кезең мамыр айында басталады. Жайылымдық кезең 207 күннен бастап, 243 күнге дейін жалғасуы мүмкін. Жайылымдарды таңдау кезінде топырақтың құнарлылығы мен рельеф сапасын, сонымен қатар жақын маңда судың бар-жоқтығын ескеру керек. Топырақ тозуын болдырмай, жайылымдағы шөппен қоректену белгілі бір уақытқа созылуы керек, шөп бетінің желінуіне байланысты жайылым жерлерді ауыстырып отыру керек.

Мал бағу барысында шөптің сапасына да үлкен мән беру керек. Шөп түбірімен жұлынатын, қызыл түсті, дәмді болса, құнарлы болып есептеледі. Жайылымда қалған жылқы тезегіне қарап шөптің сапасын анықтауға болады. Егер ол қара түсті, үлкен, тұтас, бірақ қатты емес болса, онда жайылымдағы шөптің сапасы жақсы. Орманды жерлердегі шөп нашар, ал биік жерлердегі шөп жақсы болып есептеледі.

Мал бағудың екі негізгі әдісі бар: жүйесіз (реттелмеген), жүйелі (реттелген).

Реттелмеген мал бағу. Мал үшін жайылым кеңістігі шектелмейді. Олар тек жас шөпті жейді, сондықтан шөп тез арада таусылып отырады. Жаздың екінші жартысында мал ескі шөпте бағылуы тиіс, өйткені жас шөп болмай қалады. Ескі шөптің құнарлылығы аз болады, жайылым өз сапасын жоғалтады, бір жағында гүлдеп, бір жағында шөп өсіп, ала болып жатады, сондықтан малға қосымша азық береді.

Реттелген мал бағу. Мұндай жағдайда өнім мен шөп азайып қалмау мақсатында мал бағатын учаскелер алмастырылып отырады. Шөп бір рет қана қолданыста болуы керек (яғни шөп екінші мәрте шыққанда мал жайылымда болмау керек). Көктемде жайылымнан кейін шөп ұзындығы 5-6 см болғанда, шөп тәулігіне 1-1,5 см өседі, сондықтан малды 10 күннен кейін, ал жаздың екінші жартысында 15 күннен кейін ғана жайылымға жіберу керек. Жануарларды жайылымда 6 күннен артық ұстамау керек.

Жайылымды дұрыс ұйымдастыру үшін, 1 га жерге қанша малды бағуға болатынын анықтау керек. Жайылымның көлемін анықтау үшін ондағы өнім көлемін, малдың тәуліктік азығын, жайылым уақытын білу керек.

Үй құстарын, мысалы, қаздарды асыраған кезде олардың қоректенуді жақсы көретінін ескеру керек. Егер қазға жасыл азық қана жем етіп берілсе, оның 2 кг жеп қаз толықтай тояды. Сонымен қатар қаз еркін жайылғанды ұнатады. Оларды жаю үшін су жайылған және кебу жайылымдарды, астық жиналғаннан кейінгі жерлерді, шөп отырғызылған учаскелерді таңдау керек. Жасыл астық тұқымдас өсімдіктер ішінен қаздар шалғындық мятлигін, өрмелеуші пырлерді, қара бидай мен сұлыны, түрлі шөптер ішінен – мыңжапырақты, бұршақ дақылдылар ішінен – жоңышқа мен люцернді жақсы көреді. Құсты жаю барысында оны сумен міндетті түрде қамтамасыз етіп отыру керек. Сондықтан қаздар үшін суға жақын жайылымдар ең жақсы жайылымдар болып табылады. Қаздар су айдындарында да жақсы қоректенуі мүмкін. Олардың дене сезгіштігі жақсы дамыған, сондықтан судағы азықты олар көру қабілетінің арқасында емес, тұмсығы арқылы сезеді.

3. Қызметкерлер. Бір ғана қажетті маман ол – бағушы.

Бағушы, біріншіден, жануарларды қорғап, оларға жағдай жасау үшін керек. Екіншіден, табын өте үлкен болған кезде оны дұрыс ұйымдастыра білу үшін қажет. Ауылшарушылық малдары мен құстарды қалалық саяжайларда, көшелер мен аула ішіндегі аймақтарда, адамдардың демалу және суға түсу орындарында жаюға тыйым салынған.



4. Болжамды есептеулер.

4.1. Шығындар:

Малшының күні бойғы су мен тамағына кететін шығын.



4.2. Табыс:

  • Бір сиырдан айына 200 теңге және одан да көбірек пайда табуға болады. Егер табында 100 бас болса, онда 100 бас * 200 теңге = айына 20 000 теңге болады.

  • Бір жылқы үшін айына 500 теңге не одан да көбірек пайда табуға болады. Егер табында 50 бас болса, онда 50 бас * 500 теңге = айына 25 000 теңге болады.

  • Бір қой үшін айына 100 теңге не одан да көбірек пайда табуға болады. Егер табында 100 бас болса, 100 бас * 100 теңге = айына 10 000 теңге болады.

  • Бір қаз үшін айына 50 теңге, ал егер 100 қаз болса, онда 100 бас * 50 теңге = айына 5 000 теңге пайда табуға болады.

5. Пайдалы сілтемелер:

http://urozhayna-gryadka.narod.ru/pastbisha.htm

http://www.ochakov2002.narod.ru/Gusi08.htm

Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «үй жануарларын бағу» және т.б. кілт сөздерді теру керек.

2. Бақша өсімдіктерін өсіру (қарбыз, қауын, асқабақ)
1. Жалпы ақпарат. Бақша өсімдіктері – бағалы азықтық және диеталық өнім, оларға қарбыз, қауын және асқабақ жатады.

Қарбыз – ыстыққа төзімді, жарықсүйгіш, шөлге шыдамды, біржылдық өсімдік. Қарбыз жемісі құрамында көмірсутегі көп мөлшерде болады, басымырағы – қант (8-14%). Бұдан басқа жемісте 1,5 %-ға дейін ұлпа өзектері мен гемицеллюлозалар, А, В, С, РР дәрумендері болады. Қарбыз жемісін негізінен жаңа піскен күйінде және көп жағдайда қарбыз балын, повидло, кондитерлік өнімдер, цукаттар, кәмпиттер және т.б. дайындау үшін, сондай-ақ тұздау үшін қолданады. Құрамында 50 %-ға дейін май болатын дәндерінен жоғары сапалы тағамдық май дайындайды.

Қауын – ыстыққа төзімді, жарықсүйгіш, шөлге шыдамды, біржылдық өсімдік. Дәрумендер мен қант құрамы бойынша қауын тіпті қарбыздан да асып кетеді. Қауынды да жаңа піскен күйінде жеңсік ас ретінде қолданады. Жемістері қайта өңделген күйде кеңінен қолданылады. Қауыннан бал, цукаттар, тосап, мармелад дайындайды. Оларды кептіреді және қақтайды. Қақталған қауындарды «қауынқақ» деп атайды, олар ұзақ уақыт бойы сақталады. Дәндерінен жоғары сапалы тағамдық май өндіреді. Қауын халық медицинасында белгілі бір мағынаға ие. Оның құрамында фолий қышқылы болатындықтан, қан аздық ауруларында кеңінен қолданады. Жемістерін туберкулез, бронхит, ревматизм ауруларында қолданады және жүрек-қантамыр ауруларында, бүйрек пен бауырдың дерттерінде қолдану ұсынылады. Ежелден-ақ қауын шырынын ішек құрттарына қарсы ем ретінде, тамақ аурулары мен созылмалы жөтелге қарсы қолданады.

Асқабақ – бір және көпжылдық шырмауық тұқымдастардың асқабақтар отбасына жатады. Олардың 20-ға жуық түрі бар, соның ішінде 3-еуі бақша өсімдіктеріне жатады: іріжемісті асқабақ, тығызқабықты асқабақ (қарапайым асқабақ) және бұлардың бір түріне кәді мен патиссондар жататын жұпар иісті асқабақ болып табылады. Асқабақ сабағының ұзындығы 5 метрге дейін жетеді, жапырақтары – ірі, жалпақтау болып келеді, гүлдері – сарғылт-қызыл түсті, бөлек жынысты болып келеді. Асқабақ жемісі өзінің тіл үйірер дәмімен, құрамында көмірсутегінің көп болуымен және емдік-диеталық қасиеттерімен бағаланады. Оның құрамында ақуыздар, каротин, C, B1, B2, PP дәрумендері, пектиндер өте көп. Пайдалы қасиеттері мен дәмін жоғалтпай, бір жылға дейін сақталады.

2. Өсіру технологиясы. Қарбызға арналған жер суық желден қорғалған болуы керек. Өсімдік органикалық заттарға бай құмды және құмайт топырақты жерлерде жақсы өседі. Жерді егін егуден 7-10 күн бұрын дайындайды. Егілетін аймақ 10 гектардан кем болмауы керек.

Қарбыз бен қауын өсіруге арналған жерлерді асқабақтық өсімдіктерді өсіруге арналған жер секілді дайындайды. Жоғары көлемде өнім жинаудың міндетті шарттарының бірі – жерді терең жырту (немесе қазу). Жерді тереңірек өңдеу өсімдіктің жақсы өсуі мен олардың жемісті мол салуына мүмкіндік береді.

Қарбыз бен қауынды Қазақстанның оңтүстік аймағының қолайлы климаттық жағдайында өсіреді. Тұқым отырғызуды 8 - 10 см. тереңдіктегі топырақ 15 - 17° С –ге дейін қызған кезде сәуір айының соңына қарай бастайды (кеш түсуі мүмкін көктемгі үсік есепке алынады). Жекелеген кішігірім, желден жақсы қорғалған, күн түсетін учаскелерде және аулаларда тұқым отырғызуды 5 - 6 күн ерте бастауға болады.

Ашық учаскелерде тұқым егуді кулиспен отырғызған дұрыс. Қарбыз бен қауынды бұлай отырғызу барлық аймақтарда мол өнім алуға мүмкіндік береді. Кулистік өсімдіктердің жұптасқан қатарын (жүгері, қонақ жүгері) әрбір 10 - 15 м сайын басым болатын желдің бағытына көлденең отырғызады.

Қарбыз бен қауын өсіру үшін 2-3 жыл сақталған тұқымды пайдаланған дұрыс. Былтырғы егіннен қалған ұрықты 2 сағат бойы 40 - 50° С. қыздырып барып отырғызады. Егінді кеш еккен кезде оны көктетіп барып отырғызған жөн. Ұрықты термикалық өңдеуден өткізеді. Ол үшін ұрықтарды ыстық суға (60-65°С) 3 - 4 минутқа салады, одан кейін 3 - 4 күн бойы 25°С температурада мақталы төсеніште, ылғалды жабын астында ұстайды. Қарбызды дәннің ұрығы пленкалы қабығынан оңай бөлінетін болғанда, ал тұқым жарнағы оны жеңіл үйкеген кезде түсіп қалатындай болған кезде отырғыза бастайды.

Тұқым отырғызуды ұялық тәсілмен, бір ұяшыққа 5-6 ұрықтан сала отырып егеді. Ұяшықты сортына қарай қарбыз үшін 2 x 0,3 м. қауын үшін 1,5 x 0,3 м. болатындай етіп отырғызады. Егу нормасы тиісінше гектарына 4-5 және 3-4 кг. Тұқым жерді жарып шыққаннан кейін әр ұяда тек бір ғана мықты әрі жақсы дамыған өсімдікті қалдырады.

Нағыз егіндік жапырақтары шыққаннан кейін көшеттер көтеріледі. Қатараралық өңдеуді кетпенмен немесе көпсіткішпен іске асырады. Өсімдікті көпсіте отырып, оны көпсіген ылғал топырақпен жабады.

Кеберсіген топырақты 2-3 рет суғарады. Алғашқы суғаруды тұқымның өсуі алдында не тұқым шыға салысымен жүзеге асырады, екіншісін –сабақтары шыққан кезде, үшіншісін – жеміс пісуінің алдында. Суғару жыртылған жер жанында өсіп жатқан өсімдіктер бойынша жасалады, алайда судың көп мөлшерде болмауын қадағалау керек.

Қарбыз бен қауынды ыстық күндері піскендерін іріктеп жинайды. Дақылдарды жинауды ауа-райы суымай тұрғанға дейін аяқтайды.

Қарбыздар мен қауындарды қолайлы жағдай жасай отырып, қоймаларда, қораларда, гараждарда сақтауға болады.

Асқабаққа тоқталатын болсақ, ол кез-келген құнарлы заттары жеткілікті топырақта өсе береді. Учаскенің көлеңкелі не жарық түскіш болғанына мән берілмейд. Олар барлық жерде бірдей өседі.

Асқабақтарды сәуір айының ортасында отырғызады. Тұқымды 10 см тереңдіктегі қуысқа 3-5 данадан салады. Әр қуысқа суперфосфат тыңайтқышын топырақпен араластырып 7-9 грамнан салады. Алғашқы жапырақтар шыққан кезде, әр қуыста бір-бір өсімдіктен қалдырып, сирету жасайды. Ал дақылды жинауға дейінгі қалған уақытта отау мен топырақты қопсытумен айналысады. Жеміс піскен кезде жинауды бастайды. Ауа-райы суымай тұрғанда, асқабақтарды жинап алу шарт, өйткені аз да болса үсіген асқабақтар сақтауға жарамсыз болып қалады.



6. Сату. Сіз өзіңіз оларды базарда сата аласыз, не өткізе аласыз.

7. Болжамды есептеулер.

7.1. Шығыстар:

Тұқым сатып алу – 1 қорап (10 дана) * 500 теңге * 10 қорап = 5 000 теңге.



7.2. Табыс:

  • Қарбыздарды сату - 1 кг. - 40 теңге * 5 - 6 кг. (1 қарбыздың орташа салмағы), 40 қарбыз 8 000 теңге тұрады.

  • Қауындарды сату - 1 кг. - 60 теңге * 5 - 7 кг. (1 қауынның орташа салмағы), 40 қауын 12 000 теңге тұрады.

  • Асқабақтарды сату - 1 кг. - 80 теңге * 3 - 5 кг. (1 асқабақтың орташа салмағы), 40 асқабақ 9 600 теңге тұрады.

8. Пайдалы сілтемелер:

http://www.ogorodnick.ru/bahcha.php

http://www.treeland.ru/article/garden/teplic/mainculture/

http://viirashchivanie.habar.biz/index.php?pg=55

http://fermer.vo.uz/publ/5-1-0-53

Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «бақша өсіру» және т.б. кілт сөздерді теру керек.


3. Бүлдірген мен таңқурай өсіру және өткізу
Жалпы ақпарат.

Қазақстанның топырақтық-климаттық жағдайы негізгісі бүлдірген мен таңқурай болып табылатын түрлі жеміс-жидектерді өсіру үшін өте қолайлы. Бұл жеміс-жидектер адам тамақтануында аса маңызды мәнге ие, өйткені бұлардың құрамында адам тіршілігінде үлкен рөл атқаратын ағзаның өмірлік күш-қуатын, оның физикалық және ақыл ой жұмысының қабілетін және түрлі ауруларға қарсы күресін арттыратын дәрумендер бар. Жеміс жидектерден жақсы тосаптар, сілікпелер, мармеладтар мен табиғи шырындар дайындайды. Олар – кондитерлік және жеміс жидек өңдейтін өнеркәсіп үшін таптырмас шикізат, сондықтан да жеміс жидектерді өсіру мен өткізу табысты бизнес болып табылады.



Сипаттамасы

Бүлдірген – жан біткеннің бәрі жақсы көретін, жер талғамай өсе беретін, аса дәмді жидектердің бірі. Биіктігі 30-35 см. Жапырақтары үш бірдей, ірі, ашық көк, қабырғалы, қою жұрындалған болып табылады. Бүлдіргеннің нәрлілігі (калориялылығы) бар жоғы 100 г-да 36,9 ккалды құрайды, бұның өзі оның нағыз диеталық өнім екенін білдіреді. Бүлдірген тек тәтті жидек пен керемет десерт қана емес, сонымен бірге таптырмас емдік нәрсе. Ол адам тәбетін жақсартады, ас қорытуға жағымды әсер етеді, терлеткіш және зәр айдау қасиетіне ие. Ол ағзаның тұз алмасу үдерісін қалыпқа келтіреді, шөлді басады, қан түзіліміне жәрдемдеседі. Бүлдіргенді жыл бойы өсіру – шағын бизнес үшін аса тиімді идеялардың бірі.

Қазақстанда ең көп таралған бүлдірген сорттары: «Елизавета патшайым», «Зенга Зенгана», «Симфония», «Русановка», «Қайнаркөз», «Эверест» және «Фестивалдық». Бұлардың барлығы жақсы өнімділігімен және зиянкестерге қарсы мықтылығымен ерекшеленеді. Есте сақтайтын нәрсе, бүлдіргеннен жақсы өнім алу – 50% жағдайда ғана оның сортына, ал қалғаны – өсімдіктің күтіміне байланысты болады.

Таңқурайды халық тамаша дәмі мен жемісінің нәзік, тәтті хош исі үшін жақсы көреді әрі ерекше бағалайды. Оның гүлдері ақ, болар-болмас сезілетін жағымды хош иісті болып келеді. Жапырақшаларында гүл тостағаншасының жеке жапырағы шамалы ғана, көптеген аталық және аналық сабақтардан тұрады. Таңқурайдың жаппай гүлдеуі мамырдың аяғы мен маусымның басына қарай (көктемнің шығуы мен жидектің өнген ортасына байланысты) басталады және бұл науқан екі үш аптаға созылады. Таңқурайдың жемістері ауа райына байланысты әртүрлі уақыттарда піседі.

Біздің елімізде негізінен таңқурайдың қызылжемісті сорты көп тараған. Олардың арасында маусым кезінде 2 мәрте – жазда және күзде жеміс беретін ремонтантты сорттар да бар. Сондай ақ, соңғы жылдары қаражемісті «Кумберленд» таңқурайы мен сарыжемісті таңқурайды өсіретіндер де көбейе бастады.



Бүлдірген мен таңқурайды өсіру әдістемесі мен технологиясы

Бүлдіргенді отырғызудың ең қолайлы мезгілі – жаз. Бүлдірген тегіс жерде жақсы өседі. Оны бұлтты күні немесе түні бойы бейімделуі үшін кешкі уақытта отырғызу керек. Ол үшін 3-4 жапырақшасы бар, жүрекшесі мен тамыр жүйесі жақсы дамыған көшеттер (розеткалар) отырғызылады. Бір түптен 15-ке жуық жақсы дамыған розеткалар алынады. Отырғызғаннан кейін бүлдірген розеткаларын бірден аздап суару керек. Дұрыс отырғызылған көшет қысқа қарай жақсы түп болып қалыптасады, бұның өзі оның жақсы қыстап шығуына әсер етеді. Келесі жылы (жазда) осы түптерден өнімді жемістер – бірінші жылы жеміс беретін бүлдірген алынады.

Таңқурай – көпжылдық тамыр жүйелерінен және біржылдық пен екіжылдық өркендер түріндегі жерүсті бөлігінен тұратын бұта. Таңқурайды бақшада жеке жеке, мәселен қоршау бойына 2-3 қатарға отырғызған жөн. Қоршау маңында ол желден қорғанады, ол жерге қар ерте түседі әрі қыстыгүні жидек қардың қалың қабатымен көмкеріледі. Таңқурайды отырғызу жоспарланған учаскеде көктемгі жинақталған су болмауы керек, өйткені ол артық дымқылдықты көтере алмайды.

Таңқурайды күзде де, көктемде де отырғызуға болады. Көктемде оны үсік түсу қаупі басым болған жағдайда және қысқы қар жабыны жұқа болғанда отырғызады. Оны қатарлап отырғызған жөн, қатарлар арасы 1,5-2 м және қоршауға 1,5 м жетпеуі (учаске шетіне қарай) керек. Егер отырғызу барысында тыңайытқыш толық мөлшерде себілсе, онда отырғызылғаннан кейінгі 2 жылда таңқурай тыңайтқышты қажет етпейді.

Таңқурайды өсірудің екі түрі тараған – жеке бұталарды сақтай отырып және шұбыртып отырғызу. Бұтаны қалыптастыру барысында әрбір отырғызылатын орынға екінші жылдың аяғына қарай мықты 8-10 өскінді қалдырып отырады, қалған осал өскіндер мерзім сайын алынып тасталынады. Таңқурайды шұбыртып орналастыру өсімдік жолақтарын құрудан басталады. Ол үшін жолақтардың сыртындағы барлық өскіндерді үнемі алып тастап отыру керек, ал жолақтың ішінде тек артық осал өскіндерді алады. Өсімдікті шұбыртып өсіру әдісі өте жоғары жеміс алуға септігін тигізеді, ал лентаның өзі жанды дуалдың қызметін атқара алады. Таңқурай бір жерде 15-20 жылға дейін өсе алады, бірақ аса жемісті кезеңі 10-12 жылдан аспайды.

Жемістерді тек таңертең міндетті түрде жеміс тергішпен және шыныаяқпен жидектің өзіне қол тигізбей алу қажет, әйтпесе ол тез бұзылатын әрі нашар сақталатын болады, жидекті теріп алғаннан кейін бірден 1-2 сағат бойы 2-3°С температурада сақтап қою керек.



Өткізу нарығы

Бүлдірген мен таңқурайды жаңа пісіп, терілген күйде сатуға немесе өңдеуге өткізуге болады. Бұл үшін БАҚ тарға хабарландырулар беруге болады. Сонымен бірге жеміс жидектерді сататын өз нүктелеріңізді де ашуға болады. Көршілеріңіз бен таныстарыңызға өзіңіздің бүлдірген мен таңқурай өсірумен айналысып жатқаныңызды хабарлап, оларға жемістер мен көшеттерді сататындығыңызды ескертіп жүргеніңіздің де пайдасы тиеді. Жергілікті мекемелерге, қоғамдық тамақтану, аспаздық орындарына, сауда орталықтарына және т.б. өткізу жолдарын қарастырып көру керек.



5. Болжамды есептеулер.

5.1. Шығыстар:

Бүлдірген отырғызу үшін 1 түп = 30 теңге. Сізде 100 000 м2 учаске бар деп есептейік, ол үшін Сізге 150 түп керек, яғни 150 * 30 теңге = 4500 теңге.

Таңқурай үшін көшеттер = 300 теңге (сортына байланысты). Мәселен, егер шарбақты жағалай отырғызсаңыз (15 м), 10 көшет қажет болады, яғни 10 * 300 теңге = 3 000 теңге.

5.2. Табыс:

1 м2 алаңнан орта есеппен 15-16 кг. бүлдірген алуға болады, яғни 10 м2 * 15 кг. = 150 кг. * 400-500 теңге (1 кг. бүлдірген бағасы) = 60 000 теңге.

1 м. жердегі таңқурайдан 4-6 кг. жеміс алуға болады. Мәселен, Сізде 15 м. жер бар делік * 4 кг. = 60 кг * 500-600 теңге (1 кг. таңқурай құны) = 30 000 теңге.

6. Пайдалы сілтемелер:

http://vsaduidoma.ru/2009/10/28/posadka-uxod-sorta-sadovoj-klubniki-zemlyan

http://www.6x100.ru/db/klubnika.shtml

http://thegardener.ru/?Klubnika

http://marry-garden.in.ua/index.html

http://www.flora-club.com/index.php/vyrashivaniye-maliny.html

http://www.dachnikam.ru/sad/vid/malina.php

Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «бүлдірген мен таңқурай өсіру» және т.б. кілт сөздерді теру керек.

4. Жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру (картоп, қызанақ, қияр, сәбіз, пияз, бұрыш, асқабақ, алма, алмұрт, алша, шие, жүзім, қызылша, қырыққабат, кәді (баклажан)
1. Жалпы ақпарат. Белгілі бір жағдайы жасалған жер учаскелері бар адамдар үшін көкөніс өсіру жақсы кәсіп болуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде бұл өнімдердің нарығы өте кең, жеміс-көкөніс дақылдарын тек қарапайым тұтынушылар ғана емес, түрлі өндірістің өкілдері, базарлар мен супермаркеттер де сатып алады. Жеміс-көкөніс дақылдарын тек жаңа піскен күйінде ғана сатып қоймайды, оларды маринадтайды, мұздатады, сондықтан да қазіргі уақытта жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру секілді бизнес идеясы – бұрынғыдан да өзекті.

2. Көкөніс дақылдарын жіктеу. Жеміс-жидек және көкөніс дақылдарын таңдау мен орналастыру – жер учаскесін игерудегі аса жауапты міндеттердің бірі. Жеміс ағаштары мен жидек бұталарын бақша дақылдары мен бүлдіргендерге көлеңке түсірмейтіндей етіп орналастыру қажет.

Жеміс ағаштарын ең дұрысы учаскенің солтүстік, солтүстік-батыс немесе солтүстік-шығыс бөлігіне орналастырған жөн. Дақылдарды бөлек отырғызу барысында олардың жарық сүйгіштігін ескеру керек және өсімдіктер оңтүстіктен солтүстікке қарай өсуі керек. Учаскенің солтүстік жағына алма және алмұрт ағаштарын, олардың арасына орта бойлы көшеттерді – шиені, алшаны, жидек бұталарын отырғызған дұрыс болады. Жидек бұталарын бақша қатарларының арасына, жүзімді – бақшаның оңтүстік немесе оңтүстік шығыс шекарасына қарай, шарбаққа жақын отырғызу керек.

Жерді жырту алдында органикалық және минералды тыңайтқыштар себу қажет. Құмдауыт және қатпарлы болып келетін топыраққа қайта жырту алдында көң себу керек. Көктемде учаскені екі-үш рет тереңдігі 18-20 см етіп қайта өңдеп немесе күрекпен қайта қазып шыққан жөн, бұнымен қоса тамыр кеміргіш арамшөптердің тамырларын, зиянкестер жұмыртқаларын (саратан қоңыз, бұзаубастан және т.б.) мұқият теріп шығады. Көкөніс дақылдарын өсіру барысында жақсы тұқым себудің маңызы зор, бұл көп жағдайда өнім көлемін ғана анықтап қоймайды, оның тұтыну құндылығын да білдіреді. Тұқым алуды кейінге ысырып, соңына қалдыра бермей, ерте бастан ойлау керек. Оның негізі ретінде әрбір дақылдарға жоспарланған жер көлемін алу қажет. Тұқымдарды көп мөлшерде сатып алмаған жөн, өйткені (қиярды қоспағанда) барлық дақылдарды жаңа ұрықтардан өсірген жөн. Алынған ұрықты жылы жерде, кеміргіштер зиян келтіре алмайтын жерде сақтаған керек.



Картоп – еліміздің барлық өңірлерінің ұжымдық шаруашылықтары мен үй жанындағы бақшалары арасында кеңінен таралған дақыл. Картоп егуге дайындықты күзден бастау керек. Ең дұрысы – картопты қияр мен қырыққабаттан кейін отырғызу. Картопты қызанақ пен кәдіден кейін егуге болмайды. Ең жақсы тұқым материалы – жазғы егістен және екі өнімдік дақылдан алынған картоп түйнегі.

Картопты күтіп-баптауға оны отырғызғаннан кейін 4-6 күн өткен соң ғана кірісу керек. Негізі, өніп жатқан түйнектер, топырақта жатып үнемі ауаны қажетсінетіндіктен картоп түбін ұдайы қопсытып отыру керек. Отырғызу алдында түйіндерді жақсылап әзірлеп, өсімдіктер мен топырақты дұрыс баптаған жағдайда көктемгі егілген картопты қазуға маусымның 1-онкүндігінде кірісуге болады. Көктемгі отырғызылған өнімді ең дұрысы –жаз бен күзде пайдалану. Қазан айының аяғы мен қарашаның басында картоп өне бастайды. Қысқы және көктемгі кездерде пайдалану үшін картопты жазда отырғызу керек. Өндірістік мақсаттар үшін тұқымға жартылай піскен сорттарды таңдап, картоп егуді 20-25 маусымда бастау қажет. Картопты тұрақты қоймаларда – жер қоймада, жертөледе, үй асты қоймасында 85-90% ылғалдық шеңберінде сақтаған дұрыс.



Қиярлар да біздің елімізде кеңінен тараған көкөніс өсімдіктерінің бірі болып табылады. Оны егу мамырдың бірінші онкүндігінде жүргізіледі, ал уақытша жабында өссе, сәуірдің соңында отырғызуға болады. Олар қатарлап егіледі. Ерте пісетін сорттар үшін қатарлар арасы – 70 см, орташа және кешірек пісетіндері үшін – 90 см. Көктегенге дейін қатарлар арасын қопсытып, арамшөптерден бірден тазартып тұру керек. Қияр өнімін олардың пісіп жетілуіне қарай теріп отыру қажет, себебі піскенерін уақтылы жинамау салдарынан басқа да жемістердің өсуі тежеледі. Шілде айында, жеміс салу күшейген кезде, өнім жинауды әрбір 1-2 күн сайын жүргізу керек. Қияр өнімін жинау барысында жемісті пышақпен кесіп алған жөн, жұлып алу өсімдікке зиянын тигізуі мүмкін, ал ол өз кезегінде өнім беруді азайтады. Сонымен қатар, сабақтарын басып кетпеуге тырысу керек.

Көкөніс өсімдіктерін келесі негізгі топтарға бөледі:

  • жемістілер (қызанақ, қияр, кәді (баклажан), бұрыш, кәдіш (кабачок), асқабақ, асбұршақ, ірі бұршақ (бобы), үрме бұршақ (фасоль), соя және т.б.);

  • тамыржемісті және түйнекжемістілер (сәбіз, шомыр (редька), шалғам (редис), шалқан (репа) және т.б.).

Нақтырақ ақпараттар алу үшін мына сайттарды қарауыңызға болады - www.urogay.ru/vegetables11.htm

Жеміс-көкөніс өнімдерінің ішіндегі тағы бір танымал түрі – алма.

Алма көшеттерін отырғызатын шұңқырларды ертерек әзірлеу керек, топырақтың отыруына уақыт қалдыру үшін оларды кем дегенде көшет отырғызардан бір ай бұрын дайындаған дұрыс. Шұңқырларды тереңдігі 60 см-ге дейін, диаметрін 1-1,2 м-ге дейін, көшет отырғызылатын орынннан алынған топырақтарды органикалық тыңайтқыштармен араластырып қазады.

Қазақстанда өсіру үшін мынадай сорттар ұсынылады:



  • жазғы – Суйслеппер (алқызыл столовка), Ажар, Мельба, Ақ алма, Алақоржын;

  • күздік – Ренет Бурхартда (жаз лимоны), Титовка;

  • қысқы – Апорт, Жетісу ренеті, Алтын арай, Сары Бельфлер, Пепин Черненко, Теміртас, Кандиль-синап, Ақ розмарин.

Алмалардың піскенін екі белгісі бойынша анықтайды: ең алдымен бұл жемістердің сорттарына байланысты түсі мен дәмінің сипатына қарай; екіншіден – сау алмалардың үзіле бастауына қарай. Сақтау үшін алмалардың барлық сорттары жарай бермейтінін ескеру керек. Тек күзгі және қысқы сорттар ғана жақсы сақталады. Олардың толық пісуі өнімді жинап алғаннан соң белгілі бір уақыттан кейін келеді: сортына байланысты – күзгі сорттары 15-30 күннен кейін, ал қысқылары – 2-6 айдан кейін тұтынуға әбден лайық болады. Алма желдетілетін, ауа температурасы 3°С, ауа ылғалдылығы шамамен 85-95% орындарда жақсы сақталады. Бұндай жағдайлар жертөле немесе үй астындағы қоймаларда жасалуы мүмкін.

Алма ағзаның тазаруына жәрдемдеседі – олар ішекте холестериннің, ісіп-қызару үдерісі мен ас қорытудың бұзылуы нәтижесінде қалыптасатын зиянды өнімдермен, уыттармен және басқа да улы заттармен бірігу арқылы оларды ағзадан сыртқа шығарады.

Бұдан да нақтырақ ақпараттарды мына сайттан қарауға болады http://www.ovochi.ru/blog/?p=39.

3. Технология. Жер учаскесін игере бастағанда еңбек құралдарын да ойластыру керек. Топырақты өңдеу үшін еңбектің дәстүрлі құралдары күрек, тырма, түрлі құрылымдағы қопсытқыштар мен отауыштар және т.б. пайдаланылады.

Технологияның барлық элементтерін тиімді пайдаланбай, жоғары өнімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсіл табу мүмкін емес. Бірақ кез келген көкөністі өңдеу технологиясына тән бірқатар заңдылықтар бар.

Жеміс-көкөніс дақылдарының көпшілігіне ортақ талап – олардың мөлшерлеріне қарай ұрықтарын жұқа етіп жабу болып табылады (ұрықтарды бастырудың тереңдігі әдетте ұрық диаметрінен 3-4 есе үлкен болады. Бұл егістік топырағының қатпарын (2-4 см) өте тиянақты әзірлеуге ғана қатысты емес, ұзақ мерзім бойы ылғалдылықтың сақталу әдістерін қолдануға да байланысты (ұрық әдетте 2-3 аптадан соң өсіп шығады), еккеннен кейінгі суару қажеттілігі де осыдан туындайды. Көктемде тез қызатын, мейлінше жеңіл (құмдауыт немесе сазды) топырақ пайдалырақ, ал екінші жағынан көкөніс дақылдарының көпшілігі ылғалды жақсы көреді және тұқым өне бастағаннан өнімнің қалыптасуы үшін ылғалдылық аса қажет.

Топырақтың ылғалдылығы басым, жылу жетіспейтін аймақтарда жерді күзде емес көктемде аударған дұрыс (жерді күзде аудару оңтүстіктегі қуаң жерлер үшін пайдалы). Жылу мөлшері өте көп, ылғалдылық жетіспейтін қуаң өңірлерде топырақты күзде өңдеген дұрыс, өйткені жер күзгі-қысқы жауын-шашыннан ылғалды мол сіңіріп, көктемге жеткілікті түрде нығыздалуы керек. Бұлай жасаған уақытта көктемде ылғал аз буланып, топырақ температурасы да тез көтерілмейтін болады.

Осылайша, көкөніс дақылдарының биологиялық ерекшеліктерін (немесе олардың сорттары мен гибридтерін) ескере отырып, технологияның барлық элементтер кешенін мұқият орындау арқылы ғана өсімдіктің өсуі мен дамуы үшін және мол өнім алу үшін оңтайлы жағдай жасай аламыз.

4. Сату. Көкөніс дақылдарын сататын уақыт келгенде, оларды базарға, кез келген көкөніс дүкендеріне өткізуге болады. Әрі өзіңіздің ұсыныстарыңызды айтып, барлық жақын маңдағы дәмханалар мен мейрамханаларға хабарласып шығыңыз, мүмкін олар жаңа піскен көкөністерді алу үшін сізбен келісім-шартқа отырғанды дұрыс көрер.

5. Болжамды есептеулер.

5.1. Шығыстар:

Мәселен, егер учаске алаңы 8 сотық болса, онда егу үшін шамамен 2 қап егу картобы қажет. 1 қап = 3 000 теңге (сортына байланысты), яғни 2 қап * 3 000 теңге = 6 000 теңге.

Қиярдың 1 қорап ұрығы - 30 теңге (сортына байланысты), 8 сотыға 2 қорап қажет болады, яғни 30 теңге * 2 дана = 60 теңге.

5.2. Табыс:

8 сотық учаскеден шамамен 10-15 қап картоп жинауға болады (сортына және баптауына байланысты). 1 қап картопты сату - 4 000 теңге, яғни 10 (15) * 4 000 теңге = 40 000 (60 000) теңге.

8 сотық учаскеден 30 кг қияр жинауға болады. 1 кг сату = 150 теңге (қыста), ал жазда = 50 теңге, сонда 30 кг * 50 (150) теңге = 1 500 (4 500) теңге.

6. Пайдалы сілтемелер:

http://www.greenrussia.ru/sad_ogorod.php?url=tehnologia

http://www.urogay.ru/vegetables11.htm

http://www.websadovod.ru/fruit/apple_1.asp

Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «көкөніс өсіру» және т.б. кілт сөздерді теру керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет