Бағдарламасы «Жалпы психология»



бет5/6
Дата30.06.2016
өлшемі380.5 Kb.
#168555
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6

5-тақырып. Адам психикасы жөнінде түсінік (2 сағат)

Психика – бұл адамның қоршаған ортамен белсенді өзара қарым-қатынас әрекеттеріне негіз болушы болмыстық саналық (идеалды) өрнек жүйесіндегі субъектив ақпардың (сигналдың) әлеуметтікпен шарттасқан бейнесі. Психика адам мінез-құлығы және іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар беріп, реттеу қызметін атқарады.

Адам психикасы өз тіршілігіне арқау болған қоғамдық әдіс-тәсілдер негізінде туындаған ерекше құбылыс – сана формасына енеді. Деген­мен, сана психиканың барша мән-мағынасын қамти алмайды. Онымен қатар адамда табиғаттан берілген тума құрылымдар (тума-бейсана іс-әрекеттері аймағы), сондай-ақ өмір барысында қабылданып, автоматтасқан дағдылар (астар сана аймағы) бар.

Психиканың негізгі көріністері: саналық (психикалық) бейнелер қалыптасуына байланысты психикалық үдерістер және іс-әрекетті психикалық тұрғыдан реттеп барушы үдерістер.

Меншікті, өзіндік іс-әрекет – адам психикасының қалыптасуы мен жүзеге келуінің басты негізі.

Іс-әрекет – жалпы адамзаттың тәжірибе негізінде саналы бел­гіленген мақсаттардың іске асуымен болатын болмысты меңгерудің адамдық әдіс-тәсілі. Адам іс-әрекеті қоғамдық – тарихи ілгерілеудің қозғаушы күші, сонымен бірге ол жеке адамның психикалық даму құралы ретінде де қызмет етеді. Адамның заттасқан іс-әрекеті, оның қоғамдық-тарихи тәжірибесі тұлға санасының сезімдік және ұғым-теориялық аймақтарының басын біріктіреді.

Адам психикасының қалыптасу үдерісінде оның заттасқан нысан­дармен болған сырттай әрекеттері ішкі ақыл-ес әрекеттеріне ауысады. Осыдан, яғни ой әрекеті қабілетінен адам нысандар арасындағы әртүрлі қатынастар жобасын құруға, өз әрекеттерінің нәтижесін күні ілгері барластыруға үйренеді. Бұдан көзіміз жететіні – психика мазмұны жалпыланған қатынастар, мән және мағыналарды, яғни бейнелік қалыптан тыс құрылымдарды да қамтиды.

Психиканың ғылыми түсініктемесі келесідей негіздемелерді сүйеніш етеді:

1) психика материя дамуының белгілі сатысында, яғни жануарлар ағзасының туындау кезеңінде пайда болып, сол ағзалардың икемдесу, бейімделу әрекет-қылығының бейнелеу – реттеу тетігіне айналды. Жануарлардың эволюциялық даму барысында олардың психикасы жетіліп барды. Өз қалыптасу жолында психика екі: инстинкттік қалыптасу және даралықты дағдылану – кезеңдерін басып өтті.

2) Адам психикасы, сана – психика дамуының ең жоғары сатысы; оның пайда болуы адамның ұжымдық қарым-қатынас жағдайындағы еңбектік іс-әрекеттерімен тікелей байланысты.

3) Адам психикасы оның белсенді іс-әрекеттерінің арқасында қалыптасады. Психика заңдылықтары – сырттай заттармен болған өзара ықпалды қатынастардың алғашқыда психикалық бейнелерге ауы­суы және кейін сол психикалық бейнелердің өз реттеуімен басқарымды әрекеттерге өтуі заңдылықтары.

4) Психика ми қызметімен жанамаласқан, бірақ ол өздігінен идеалды, яғни әлеуметтік - мәдени жағдаяттар нәтижесінде пайда болған саналық құбылыс.

5) Психикалық құбылыстар белгілі құрылымға және ұйымдасу жүйесіне ие.
6-тақырып. Ми және психика. Психика құрылымы(2 сағат)

Психика қызметтері

Адам психикасы – мидың табиғи өнімі емес, әлеуметтік жағдайлар туындысы. Алайда, ол табиғи, физиологиялық зат – мидың арқасында әрекетке келеді. Психиканы ми әрекетінен ажыратып та болмайды, соны­мен бірге оны бүтіндей нейрофизиологиялық үдеріс деп те атау орынсыз. Психика мен физиологиялық үдерістердің өзара қатынасы – идеалды дүние мен заттасқан болмыстық ажыралмас байланысы.

Психика – ми қызметінің әлеуметтік жанамаланған өнімі.

Адам миының жұмыс ерекшелігі сырттан түсіп жатқан ақпараттың ерекше тәсілмен таңба, белгілерге айналуынан көрінеді. Адамның болмысты психикалық бейнелеуі – бұл қоғамды- тарихи тәжірибеде қалыптасқан сөздік белгі, адамдық ұғымдармен жанама күйде берілген өрнек, бейне.

Психиканың негізгі жасау белгілері – оның жүйелілігі, біртұтастығы, бөлшекке түспейтіндігі.

Психика әрқилы күрделілік деңгейіндегі әрекет-қылықты қамтамасыз етуші көп сатылы (бірінен бірі жоғары) қызметтік жүйелерден тұрады. Психика көп деңгейлі ғана емес, ол сонымен бірге көптеген қасиет-сапаларға ие бола тұрып, сан алуан қызметтерді орындайды. Көрінген жүйе өз құрылымымен, әрекеттік қозғалысымен, бірлікті (интегралды) күй-қалпымен және жүйелі қасиеттерімен сипатталады.

Психикалық жүйе өзінің ұйымдасу шарттарымен ерекшеленеді. Ол жүйе психикалық үдерістерге, психикалық қалыптарға және психикалық қасиеттерге ажыралады.

Психикалық болмыс өте күрделі, дегенмен, оны келесідей шартты түрлерге бөліп қарастыруға болады: экзопсихика, эндопсихика және интропсихика.

Экзопсихика – психикалық дүниенің адам ағзасынан тыс жатқан болмысты бейнелеуші бір бөлігі.

Эндопсихика – психикалық болмыстың адам азғысының қалпын бейнелеуші құрамы.

Интропсихика – құрамды психиканың адам ойын, ерік күшін, қиялын, ұйқыдағы түстерін қамтыған бөлшегі.

Психика қоршаған дүние жөніндегі санаға келіп түскен ақпараттарды біріктіру және оларға түсініктеме беру, оларды адамның қажеттерімен сәйкестендіру және адам әрекет қылығының бейімделу, болмысқа икем­делу үдерісінде реттеу қызметтерін атқарып бару үшін қажет.

У. Джемс пікірінше, психиканың негізгі қызметі: сырттай болмысты бейнелеу негізінде жеке әрекет-қылықты басқару және ретке келтіру, сонымен бірге оны адам қажетіне сәйкестендіру.

Е.Ф. Ломов өз еңбектерінде тұлға әрекет-қылығы мен іс-әрекетіне байланысты психиканың үш түрлі қызметін ажырат: танымдық, ретте­ушілік, ақпарат алмасымен қарым-қатынасқа келу (коммуникативті). Адамның бейімделуі мен шығармашыл әрекетке түсуі осы үш қызметтің орындалуына тікелеу тәуелді.
7-тақырып. Психикалық үдерістерді топтастыру (2 сағат)

Барша психикалық құбылыстар өзара байланыста, дегенмен дәстүрлі психология оларды үш топқа бөліп қарастырады: 1) психикалық үдерістер; 2) психикалық қалыптар; 3) тұлғаның психикалық қасиеттері.

Психикалық үдерістер негізгі тірек құбылыстар ретінде қарастырылады, ал психикалық қалыптар мен қасиеттерді уақытша әрі психикалық үдерістердің тектік ауысулары деп білеміз. Барша психикалық құбылыстар өзара бірігумен бейнелеу-реттеу іс-әрекеттерінің біртұтас сарынын құрайды.

Негізгі үш психикалық құбылыс сипаттамасы төмендегідей:

Психикалық үдерістер – бейнелеу – реттеу іс-әрекеттерінің жекелен­ген тұтас қозғалысы. Психикалық үдерістің әр түрі өз бейнелеу нысанына, өз реттеп бару ерекшелігі және меншікті заңдылықтарына ие.

Психикалық үдерістер психикалық құбылыстардың бастау көзі- осы­лар негізінде психикалық өрнектер қалыптасады.

Субъекттің бейнеленуші нысанмен белсенді қарым-қатынасы, нысан­ды тануға және онымен әрекеттік байланысқа түсуге бағытталған ерекше өту жүйесі осы психикалық үдерістерден көрінеді.

Психикалық үдерістер түрі: 1) танымдық (түйсік, қабылдау, ойлау, қиял және жад); 2) еріктік; 3) көңіл-күйлік.

Адамның психикалық іс-әрекеті – бұл таным, ерік және көңіл-күй үдерістерінің бірігімі.

Психикалық қалыптар іс-әрекет мазмұны және сол мазмұнға болған адам қатынасында айқындалушы психиканың уақытша өзіндік көрінісі. Психикалық қалып - адам психикасы бейнелерінің үздіксіз жаңаланып, ауысып тұруымен болады. Болмыспен араласу барысында адамның барша психикалық әлемі салыстырмалы тұрақты бірігімде бо­лып, оның нақты мезеттегі уақытша көңіл-күйінен, ынта-ықыласынан, яғни психикалық қалпынан байқалады.

Психикалық қалып психикалық белсенділіктің жалпы қызметтік деңгейінде адамның нақты мезеттік іс-әрекетіне, бағдары мен оның тұлғалық ерекшеліктеріне тәуелді көрініс береді.

Психикалық қалыптың барша түрлері төмендегідей өзара топтасуы­мен ажыралады:

· сеп түрткілік (мотивтік) - қажеттіктерге байланысты ұстанымдар, ниеттер, қызығулар, мұдделер, құмарлықтар.

· сана дайындығы қалпы – зейінділік пен жұмыс қабілеттілігінің әрқилы деңгейлерінде көрінеді;

· эмоционалдық – көңіл-күйге байланысты түйсіну, көңіл-күйге бай­ланысты сырттай ықпал-әсерге жауап, көңіл-күй шарпулары – стресс, аффект, фрустрация;

· еріктік - адамның нақты мезеттегі іс-әрекетке деген ынталылығы, ұмтылысы, шешімділігі, табандылығы, өжеттігі т.б. Бұлар қатарында психиканың өзара сыбайлас тұлғалық қалыптары да болады: психопатия, мінез асқынуы, невроздар және психикалық дамудың тоқырауы.

Психикалық қасиеттері психиканың әрбір жеке адамға тән тек­тік ерекшеліктері, тұлға бойына біткен психикалық үдерістердің іске асу ерекшеліктері.

Тұлғалық психика қасиеттері: 1) темперамент, 2) тұлға бағыт-бағдары (қажеттер мүдделер, дүниетаным және мұрат-мақсаттар); 3) мінез; 4) қабілеттер.
8-тақырып. Сана – психиканың жоғары формасы (2 сағат)

Сананың пайда болуы және дамуы

Психика дамуы бірнеше кезеңдерден өтеді.

I-кезең. қарапайым сезімталдық – бұл сатыда тек өкілдерінің инс­тинкттері, яғни белгілі орта жағдайларына бейімделудің тума формалары қалыптасады.

II-кезең. Заттай қабылдау. Бұл кезеңнің нәтижесі – дағдылар, яғни тек өкілінің жеке-дара тәжірибесімен игерілген әрекет-қылықтар фор­масы.

III-кезең. Затаралық байланыстарды бейнелеу, яғни интеллек­туалды әрекет-қылық – заттар арасындағы байланыс – қатынастарды бейнелеуші психикалық әрекеттердің күрделі формасы.

Қарапайым сезімдік сатыда тіршілік иесі сыртқы дүние заттарының жекеленген қасиеттеріне ғана назар аударады, ал оның әрекет-қылығы тума инстинкттерге (қоректену, қорғану, көбею және т.б.) байланысты ке­леді. Заттай қабылдау кезеңінде болмысты бейнелеу заттарды тұтастай күйінде тану жолымен іске асады, осыдан тек өкілі үйренуге бейімделіп, жеке-дара әрекет-қылық дағдыларын қалыптастыру қабілеттерін ала бастайды.

Үшінші, интеллекттік кезеңінде жан иесі затаралық байла­ныстарды бейнелеуге, орта жағдайларын тұтастай тануға қабілеттеніп, нәтижеде кедергілерді айналып өту, алдағы әрекетке дайындық көріп, оны орындаудың жаңа жолдарын «ойластыру» дәрежесіне көтеріледі. Бірақ «ақыл-ес» әрекеті бұл кезеңде биологиялық қажеттер аймағынан шықпай, көрнекілік шеңберінде орындалып жатады.

Жануарлар психикасымен салыстырғанда адам психикасы біршама жоғары деңгейлі (себебі Homo sapiens – ақылды адам). Адам санасы, ақыл-ойы қажеттіктен туындаған еңбек үдерісінде, ежелгі адамның қиын тіршілік жағдайларының шұғыл өзгерістерінде бірлікті әрекетке келуінен бірте-бірте қалыптасып барды. Сонымен, адамзаттық материалды, ру­хани мәдениеті – барша адамдардың психикалық дамуымен байланысты жүзеге келген жетістіктерінің ұжымдық формасы.

Қоғамның тарихи даму барысында адам өз мінез-құлқы мен әрекет-қылығының әдіс-тәсілдерін өзгертіп барады, өзінің табиғи нышандары мен қызметтерін аса жоғары психикалық қызметтерге ауыстырады. Енді тума қалыптасқан инстинкт не жағдай үйреткен ауыспалы дағдылар анайы адамиласқан, қоғамдық-тарихи шарттасқан ес, ойлау, қабылдау (қисынды ес, дерексіз – қисынды ойлау) формаларына өтеді. Адам бұдан былай тарихи даму үдерісінде қалыптасқан жанама құралдарды пайдала­нып, сөйлеу рәміздерін қолдану қызметтерін атқаратын дәрежеге жетті. Жоғары психикалық қызметтер бірлігі адам санасының пайда болып, орнығуына арқау болды.

Жануарлар психикасымен салыстырғанда адам психикасы келесідей ерекшеліктерге ие:

· нәсілдік және табиғи түрткі (эмпирикалық) жолдармен қабылданған әрекет-қылық формаларымен қатар адам қоршаған ортада бағдар таңдаудың түбегейлі жаңа құралы – сөзбен ұрпақтан ұрпаққа берілетін адамзаттық тәжірибе жоғары біліммен қаруланған адам психикасы әлеуметтік орта жағдайында, әлеуметтік тәжірибені игеру барысында қалыптасады әрі үздіксіз өрістеп, молайып барады.

· адам санасы болмыстың мәнді тараптарын және заңдылықты өзара байланыстарын бейнелейді. Тұлға өзінің тіршілігі проблемаларын қоршаған ортаның түрлі жағдайлары арасындағы тұрақты да заңды бай­ланыстар мен қатынастарды анықтау негізінде шешіп отырады.

· сана сипаттары: іс-әрекет мақсаттарының түсінімділігі, болашақ оқиғаларды ұғымдық жобаға келтіру, жалпы адамзаттық түсініктер мен білімдер жүйесіндегі өз әрекеттерінің нәтижесін күні ілгері байқастыра білу.

Сана арқасында адамға ғана дарыған қасиет – бұл оның өз әрекеттерінің нәтижесін алдын ала көре біліп, жоспарлай алу және соларға сәйкестендіріп әдіс, тәсілдер мен құрал-жабдықтарды таңдай білу қабілеті. Тұлға өз іс-әрекет, қызметінің бағдарламасын алғашқыда оймен жобалап, құрастырады. Бұл іс-әрекет жағдайды тікелей қабылдаумен шектелмей, оның даму заңдылықтарын білу негізінде орындалып жатады. Адам санасы алдағы оқиғалардың заңдылықты қалануын болжастырады, яғни бүгінгі болмыстың ертеңгі болашағынан хабар бере алады.

· жеке адам санасы қоғамдық санаға тәуелді. Қоғамдық сана төмендегідей формаларда көрінеді:



1) ғылым – заңдасқан (канонды) білімдер, ұғымдар, тұжырымдар және дүниетаным мен идеялық бағыттар жүйесі;

2) өнер – болмысты бейнелік өрнектермен рухани-тәжірибелік тұрғыдан игерудің арнайы түрі, адамзат тіршілігінің әртүрлі қырларының бейнеге келтірілген моделі;

3) әлеуметтік талап, өлшем шектеулер – қоғамдық сана аймағы, нақты қоғамның адамгершілік, идеологиялық, саяси және құқықтық құндылықтарының жүйесі;

4) адамдардың өз тіршілігінің экзистенциалды проблемала­рына (өмір мен өлім, ақырет, жақсылық пен жамандық, т.б.) болған қатынастарын реттеуге қолданатын наным-сенімдері, рәміздері және әрекет-қыймыл үлгілерінің жиынтығын бейнелеуші әлеуметтік-мәдени сана формасы.

Сенім – заттасқан дүние зерттеулері және ой қисыны (логика) негіз­дерімен дәлелденбейтін ерекше психикалық құбылыс.

Қоғамдық сананың барша формалары бірлікті идеология құрайды. Идеология – бұл адамдардың болмысқа, бір-біріне, қоғам өміріне болған қатынастарын реттеуші тірек құндылықтар мен негіздемелік ұғым, пікірлер жүйесі.

Сана өзіндік сана және өзіндік жауап әрекетке келу (саморефлексия) қабілеттерімен байланысты.

Өз төңірегіндегі дүниені сезінумен адам өзін сол дүниеге байланыс­тыра қабылдайды.



Өзіндік сана – бұл адамның қоршаған әлемге болған құндылықты – мәнді тұлғалық қатынастарының жүйесі.

Адам психикасының ерекшелігі ретінде сана бидоминанта тетік­тері арқылы іске асып отырады. Бидоминанта дегеніміз тұлғаның көп түрлі «мендік» болмыстары (нақты «мен», қияли «мен», өткендегі «мен», болашақтағы «мен», отбасындағы «мен», ресми «мен» және т.б.) арасындағы «ой ортақтасу» қабілеті, оның өзімен өзі қатынасқа келуі. Осы тұлға бойындағы диалог әлеуметтік өлшемдермен жанама күйге енеді. Адамның ішкі «Мені» - интериоризацияланған «Өзге», яғни өмір барысында тұлға бойына сіңген әлеуметтік бастау.

Болмыс құбылыстары адамның тәжірибе, қажеттеріне тәуелді оның санасында өзіндік қалау- таңдауға сәйкестендіріле бейнеленеді.

Ой, ойлауға қарағанда сана мәні кеңірек. Ол психикалық іс-әрекеттердің барша формаларын қамтыған сыртқы дүниенің біртұтас, бірігімді бейнесі. Оның құрамы әлемдік бейнелердің сезімдік форма­ларынан (түйсік, қабылдау, елес), рационалдық танымнан (дүниенің жалпылама – теориялық бейнесі), сонымен бірге психикалық өзіндік реттеулердің көңіл-күй, еріктік аймақтарынан тұрады.

Сана - болмыстың категориялық құндылықты бейнесі және жалпы адамзаттық тәжірибені меңгерудің арқасында адамның өз әрекет-қылығын өзіндік реттеу білімдерінен құралған психика дамуындағы ең жоғары саты, деңгей.

Сана қызметі адамның қоршаған ортамен қатынас жасаудағы бел­сенділігі мен әрекетшеңдігі нәтижесінде қалыптасқан өзара сыбайлас байланысты психикалық бейнелердің үздіксіз ағымы күйінде орында­лып барады. Осыдан сана біршама үдерістік (процессуальные) және мазмұндық ерекшеліктерге ие.

Сана үдерістік тұрғыдан адамның өз тіршілігіне қажет қоршаған ортамен байланыстар түзудегі белсенді қозғалғыштығымен (динамика), заттық бағдарлылығымен және бейнелеудегі қателіктерден сақтаушы өзіндік бағалау (саморефлексия) қабілетімен сипатталады.

Жеке тұлғаның төңірегіндегілермен ықпалдасты ара қатынастарының берік тұрақтанған әдіс-тәсілдері түбегейлі бекіп, оның астар санасы мен жоғары санасын қалыптастырады.



Мазмұндық тұрғыдан адам санасы әлеуметтік – тарихи ықпалға тәуелді. Даму (антропогенез) үдерісінде қалыптаса отырып, сананың барша құрылымдары әлеуметтік –мәдени сипат алады.

Жеке адам санасы және оның құрылымдары кіші балалық шақтан сыртқы әлеуметтік жанамаланған іс-әрекеттер құрамын өз бойына сіңіре меншіктеумен (интериоризация) қалыптасып барады.


9-тақырып. Психика деңгейлерінің өзара байланысы (2 сағат)
Адамның психикалық іс-әрекеті және оның психикасы бірдей уақытта үш өзара байланысты деңгейде қызмет етеді. Мұндай деңгейлер ғылымда келесідей аталған: бейсана, астар сана және ашық сана.

Психикалық іс-әрекеттің бейсана (бессознательный) деңгейі адамда, жалпы жануарлар әлемінде тума инстинктті – рефлекторлы қалыптасады. Бұл деңгейдегі барша әрекет – қылықтар ой түсінімінде жоқ, ойластыруға келмейтін биологиялық тетіктер арқылы басқарылып, реттеледі. Олардың бәрі биологиялық қажеттерден туындайтын әрекеттер, яғни – организмнің және тек өкілінің өз тіршілігін сақтауы, жалғастыруы (қоректену, қорғану, ұрпақ қалдыру).

Алайда, адам әрекет-қылығының (генетикалық шартты) бағдарламасы түптен дербес емес, ол дамудың соңғы кезеңдерінде қалыптасқан ми құрылымдарының бақылауында болады. Дегенмен, кейбір сындарлы жағдайларда (адам басына қауіп-қатер төнгенде) бейсана психика өзінен өзі іске қосылып, тіршілік сақтау, қорғану әрекеттерін реттеп, басқарады. Тек өкілінің (индивидтің) бұл көңіл-күй және бей-берекет (импульс) әрекеттері аймағы ми жарым шарларының таламус және гипоталамус бөліктерінде орналасқан.

Психикалық іс-әрекеттің астар сана (подсознательный) деңгейі - жеке тұлғаның тәжірибесінде жалпыланып, автоматтық күйге енген оның өз әрекет-қылығының тұрақтанған формалары – ептіліктері, дағдылары, әдеттері, сезімдік көрегендігі (интуиция). Тек өкілінің мұндай әрекет-қылықтарының негізі оның алғашқы даму кезеңдерінде қалыптасқан. Бұлар қатарына бас миының қабық асты (лимбикалық) жүйесінде құрылымдық орын тепкен импульстік-көңіл-күйлік (импуль­сивно-эмоциональные) әрекеттері аймағы да кіреді. Осы психикалық аймақта тек өкілінің өзі сезбейтін ұмтылыстары, ниеттері, құмарлықтары мен ұстанымдары қалыптасады. Бұлардың бәрі тұлғаның ырықсыз аймағы, «адамның екінші табиғаты» немесе дағдылы жеке қылық-әрекеттерінің «көзі», бойға біткен мінез әдеттері.

Астар сана көп деңгейлі құрылым: төменгі деңгейде ол – автоматтасқан дағдылар және олардың бірігімдері, ал жоғары деңгейде бұл – сезім көрегендігі (интуиция).

Астар деңгейлі автоматизмдер – бұл орындалатын іс-әрекеттердің біртекті жағдайларда бірыңғай тұрақты қайталанып отыратын көріністері, яғни динамикалық стереотиптер. Бұл ұғым мәні – қалыпты жағдайлардағы жауап әрекеттердің үздік байланысты, «шынжырлы» тіз­бегі (көлік жүргізушінің әдетті қызметі, «отбасы, ошақ қасы» міндеттерін орындау, қолдағы құрал-саймандарды ойланып жатпастан пайдалана білу, сөйлеу мен ым-ишара әдеттері). Бұлардың бәрі тек өкілінің өз іс-әрекетін реттеуі үшін қолданатын дайын қылық-әрекеттерінің жиынтық топта­масы. Осы дағдылы әрекеттердің болуынан сана жүктемесі жеңілдеп, оның бұдан былайғы шығармашыл істермен айналысуына жол ашылады. Сана үздіксіз қайталанып отыратын біртекті әрекет, міндеттер шешуден құтылады.

Астар санаға әрқилы психикалық бірігімдер де ысырыла, өтіп жа­тады. Олар – орындалмай қалған тілек, ниеттер; шектелген ұмтылыстар; әрқилы қатерлер мен күйзелістер; амбициялар мен әсіре талғамдар (ұялшақтық, жасқаншақтық, мансап құмарлық және т.б.). Мұндай бірігімдер тұлғаның тұрақты әрекет-қылықтарының астар саналық бағыт-бағдарын аңдатады.

Астар сана – бұл бойға сіңген қалыптар мен ұстанымдар, жоғары деңгейлі адамгершілік қасиеттер мен сапалар. Ашық сана мүмкіндіктері әбден шектелген шақта астар сана әрекетке келеді (шектен тыс ашу, ыза, күтілмеген қуаныш, аса күшті психикалық жүктеме, күйзеліс жағдайларында).

Астар сананың аса жоғары аймағы – сезім көрегендігі (интуиция), аян – бұл проблемді жағдайды бірігімді қабылдау, күтілмеген шешімдердің «жарқылы», өткен тәжірибенің «суырып салма» қорытылуынан болатын алдағы оқиғаның дамуын ырықсыз жобалай білу, яғни көрегендік.

Адам психикасының санадан тыс аймағы – оның психикасының тұңғиығында жатқан күнделікті тұрмыста белгісіз құбылыс. Ол көбіне адамның эволюциялық даму үдерісінде қалыптасқан. Астар сана аймағына келесі құбылыстар енген: түс көру, көрегендік, көңіл шарпуы, гипноз, сенім, қорқыныш, қияли үрей, өзінше пайда болған қауіптер, негізсіз қуаныш. Тек өкілінің әрқилы жағдайларда қандай да әдіспен, ойланбастан жоспарсыз әрекет істеуге дайын болуы да психиканың са­надан тыс көріністері.

Астар сана аймағы өте тұрақты, бұлжымас. Бұл деңгейдегі адам әрекет-қылығын тек қана психотерапия және гипноз әдістерімен біршама басқаруға болады.

Ойлау аймағынан тыс үдерістер ашық санада өз жалғасын табуы мүмкін. Керісінше, ашық санадағы психикалық әрекеттер астар санаға өтіп те жатады.

Психиканың санадан тыс аймағы өзіндік бағамға келмейді, ырықты бақылауға түспейді. З.Фрейд пайымдауынша, бейсана аймағы ашық санамен сиыспайтын сеп-түрткілік (мотивационный) қуат. Әлеуметтік орта тыйымдары Фрейд пікірінше, санаға «шек» қояды, жүйкелік асқыну сәттеріндегі астар саналық тосын ниеттерді басып отырады.

Дау-дамайлы қалыптан құтылу үшін адам қорғаныс әрекеттеріне өтеді, яғни психикалық қалпын санадан ығыстырады, ауыстырады, жаңалайды не шегініске мәжбүр болады.

Ал психоаналитик К.Г.Юнг ойы З.Фрейд тұжырымдарынан өзгеше. Ол ашық сана мен астар сананы қарама-қарсы қоймай, керісінше ашық сананы ұжымдық бейсананың тереңде жатқан қабаттарының жалғасы, яғни архетип – адамзат тіршілігінің бастау кезеңдерінде қалыптасқан қылықтарының елестері деп түсіндіреді.

Юнг пайымдауынша, адам көпшілікпен араласу себепті жинақталған астар саналық ұмтылыстары негізінде өз бойындағы мүмкіндіктерін де­рбес іске асыруға талпынады. Ненің жақсы, ненің жаман екендігін бізге «сыбырлап» тұратын ой не сана емес, ол «көзсіз» сезім, астар сана. Біздің барша бейберекет, ырықсыз әрекеттеріміздің билігі өз психикамыздың тұңғиық құрылымдары, тума берілген бағдарламалары мен әмбебап рәміздердің ықпалында жатыр.



Сана құралы - ұғым, түсініктер, ал астар сана көңіл шарпулары мен сезімдерге арқа сүйейді. Астар сана деңгейінде қабылданған нысандар мен құбылыстарға және олардың астар санада қалыптасқан өлшем-шек­теріне «қас-қағымда» шұғыл баға беріледі.

Астар санамен бір қатар З.Фрейд адам психикасының тұғырлы мәндік тетіктері, яғни тұлғаның әлеуметтік ықпал жасау, өзін инабаттылық арна­сында қадағалай білу қабілеттері ретінде танылған жоғары сана – «супер эгоны» ажырата қарастырады. Адамның барша рухани дүниесі – бұл тек өкілінің өзімшілдік тоқырауына қарсы тұратын, идеялық шыңдалуы мен ізгілікті жетілуін білдіруші жоғары сана аймағы.



Ашық сана – бұл тұлғаның білімдері және мәдени әлеуметтену саласы. Ол көп жағдайларда адамның тума, табиғи (инстинкт) құмарлықтары мен әдеттерін қадағалайды әрі шегеріп отырады.

Танымал грузин психологі Д.Н.Узнадзе (1886-1950) және оның шәкірттері өзекті түсініктеме принципі ретінде ұстаным (установка) принципін ажыратады. Бұл принцип мәні – әрқандай ұстанымнан субъекттің біртұтас модификациясын, оның болмысты қабылдауға әрі белгілі нақты тәсілмен әрекеттенуге дайындығын байқаймыз. Узнадзе пікірінше, ұстанымда психиканың ашық сана және астар сана аймақтары бірігімге келеді. Әрбір әрекет – қылық жағдайы ежелден қалыптасқан мінез-құлық, әрекет топтарын жүзеге келтіріп, іске қосады.

Адам психикасы құрамында ашық сананың, астар сана мен бейсананың болуынан адамның әрекет-қимылдарының келесідей түрлерінің ықтимал дербестігі көрінеді: 1) бейсана – инстинкттік тума қимылдар; 2) бейберекет әрекеттер, жете түсінімге келмеген қимылдар, әдетке айналған, автоматты астар саналы іс-әрекеттер; дағдылы қызметтер; 3) саналы да ырықты, ерікке бағындырылған әрекеттер. Мұндай әрекеттер адамның қоршаған ортамен байланысында жетекшілік рөл атқарады.

Адам санасы оның іс-әрекеті мен мінез-құлығын реттеудің ұғымдық тетігі. Іс-әрекеттен біз белсенділіктің ерекше адамиласқан формасын танимыз. Жануарлар қылығынан адамның бұл белсенділігі жасампаздық өнімімен ажыралады. Сонымен бірге бұл белсенділік құрылым тұрғысынан жіктемелі. Онда іс-әрекеттің сеп-түрткілері мен мақсаттарының түсінімге келуі адамзаттың мәдени-тарихи даму үдерісінде жасалған құрал-сайман, жабдықтарды пайдалануы, әлеуметтену бары­сында меңгерілген ептіліктер мен дағдылардың қолданылуы жеке-жеке көрініс береді.

Сана адамның іс-әрекетке келуіне себептік ықпал жасап әрі бағдар бере отырып, сол іс-әрекетте қалыптасады және көрінеді. Күні ілгері санада қалыптасқан психикалық бейне, заттасқан әрекет жобасы осы іс-әрекетте, оның нысаны мен нәтижесінде өз нақтылығын табады. Болмыс заттарының психикалық бейнесі сол заттардың іс-әрекет желісінде алған орны мен құрылымына тәуелді.

Заттарды іс-әрекет барысында қамтудың өзі олардың психикалық бейнесінің сәйкестігін қамтамасыз етеді. Адам іс-әрекеті заттар мағынасын ашумен байланысты, ал оған орай қолданылатын құрал-жабдықтар өз бойында адамның тарихи жетілген әрекеттерінің сұлбасын сақтайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет