Кеуде қуысының қанқасын 12 арқа омыртқа, 12 жұп қабырғалар,
алдыңғы жағын жалғыз төссүйек құрайды. Қабырғаның алдыңғы шеті
шеміршекті болады. Жоғарғы 7 жұп қабырғалар шеміршек арқылы
төссүйекпен байланысқан. Келесі шеміршек шеттері қабырғалардың
жұптарымен өзара қосылып доға түзеді. Қабырғалар омыртқалармен
буын арқылы қозғалмалы, төссүйекпен шеміршек арқылы жартылай
қозғалмалы
байланысады. Қабырғалардың 11, 12-жұптарында
шеміршек болмағандықтан алдыңғы шеттері бұлшықеттердің арасында
бос жатады. Қабырғалар тыныс алу мен тыныс шығарғанда кеуде
қуысы көлемінің ұлғайып, кішіреюіне әсер етеді. Кеуде қуысында
орналасқан мүшелер: жүрек, өкпе, ірі қантамырлар, кеңірдек,
бронхылар, өңеш және жүйкелер. Кеуде қуысының пішіні жынысына,
жас ерекшеліктеріне, дене бітіміне, дамуына байланысты. Кеуде
қуысының жоғарғы және төменгі тесігі болады. Жоғарғы тесігі артқы
жағынан бірінші арқа омыртқасының денесімен шектеледі. Бүйірі
бірінші жұп қабырғалармен, алдыңғы жағы төссүйектің жалпақ бетімен
бітеді. Жоғарғы тесік арқылы өңеш, кеңірдек ірі қантамырлар мен
жүйкелер өтеді. Жануарлармен салыстырғанда денесін тік ұстап, тік
жүруіне байланысты адамның кеуде қуысы екі жағына керіліп,
кеңейген.
Бассүйек қаңқасы – ми сауыты мен бет бөлімдерінен құралған. Ми
сауыты бөлімі бір-бірімен берік (қозғалмай) байланысқан маңдай, төбе
(2), самай (2), шүйде және т. б. сүйектерден құралған. Жаңа туған
нәрестенің маңдай бөлімінде бүлкілдеп тұратын жұмсақ жері – еңбегі
(родничок) болатынын байқаған шығарсыңдар. Пішіні ромбы тәрізді,
тынысалу қозғалысының әсерінен бүлкілдейді. Ми сауыты бөліміндегі
сүйектер бірден қатаймай бірнеше даму сатысынан өтеді. Алдымен
жұқа жарғақты, содан соң шеміршекті, ең соңында сүйекке айналады.
Нәрестенің маңдай тұсы жарғақты, мұндай жерлер самайдың тұсында
да болады. Бала 2 жасқа келгенде сүйектері қатая бастайды. Ми
сауытының шүйде сүйегінде жұлын мен миды жалғастырып тұратын
үлкен шүйде тесігі болады. Адамның бассүйегінің ми сауыты бөлімі
жануарлармен салыстырғанда үлкен. Бет бөліміне – үстіңгі және
астыңғы жақ сүйектері, бет, мұрын, таңдай және т. б. сүйектері
жатады. Астыңғы жақ сүйегі самай сүйегімен шықшыт буыны арқылы
байланысқан.
Кейбір бассүйек бөлімдерінде (маңдай, үстіңгі жақ және т. б.) ауа
болатын қуыстар бар. Ол сүйектердің жеңіл болуын қамтамасыз етеді.
Қол қаңқасы – иық белдеуі мен қол сүйектерінен тұрады. Иық
белдеуіне екі бұғана мен екі жауырын сүйектері жатады. Жауырынның
пішіні үшбұрышты үш қырлы, жұқа әрі жалпақ сүйек. Бұғананың бір
шеті төссүйекпен, екінші шеті жауырынмен байланысады. Қол
сүйектеріне жататындар: тоқпан жілік, кәрі жілік пен шынтақ сүйегі
(білек), қолбасы сүйектері. Кәрі жілік шынтақ сүйегімен байланысады.
Тоқпан жіліктің ішкі қуысын жілік майы толтырып тұрады.
|