5.5.1. Медицина ғылымын дамыту
Медицина ғылымын дамыту азаматтар денсаулығын сақтау мен жақсарту мақсатында жүргiзiлетiн iргелi және қолданбалы зерттеулердiң басым бағыттарын әзiрлеудi көздейдi.
Медицина ғылымын дамыту процесiнде инновациялық тиiмдi pecуpc үнемдейтiн технологиялар енгiзу арқылы практикалық денсаулық сақтаудың өзектi проблемаларын шешудi қарастыратын болады.
Медицина ғылымы мынадай бағыттар бойынша дамиды:
әлеуметтiк жағынан елеулi аурулардың алдын алудың, ерте анықтаудың, емдеудiң және оңалтудың озық технологияларын басым әзiрлеу және қолданысқа енгiзу;
iргелi және қолданбалы медицина ғылымының, оның негiзгi даму бағыттарын қалыптастыруға және iргелi медициналық зерттеулер бағдарламаларына әкiмшiлiк етуге Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуын қамтамасыз ете отырып, сабақтастығы;
медицина ғылымының өндiрiспен және практикамен байланысын нығайту, практикалық денсаулық сақтауға отандық және тәжiрибе алмасудан алынған ғылыми әзiрлемелер енгiзу;
қазақстандық медицина ғылымының халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарына интеграциялануын, халықаралық серiктестiктi дамыту;
медицина ғылымының, білім мен клиникалық практиканың интеграциясы;
азаматтардың денсаулығын қорғау саласында жоспарланатын және қабылданатын шаралардың экономикалық және әлеуметтiк тиiмділігін ғылыми бағалау және негiздеу;
медицина ғылымы саласында айғақтау медицинасы принциптерiн енгiзу.
5.6. Денсаулық сақтау кадрларын даярлау және қайта даярлау
Медициналық және фармацевтикалық білім сапасын көтеру мақсатында медицина кадрларын даярлау мен қайта даярлау жүйесiне елеулi өзгерiстер енгiзілетiн болады. Медициналық ерекшелiк ескеріле отырып, денсаулық сақтауды дамытудың стратегиялық бағытына бағдарланған, даярлау мен қайта даярлаудың тиiмдi әрекет ететiн жүйесін құруға бағытталған медициналық білім берудiң нормативтiк құқықтық базасы жасалады.
БМСК-нi нығайту біліктi медицина кадрларының, оның ішінде жалпы практика дәрiгерлерi мен орта медицина қызметкерлерiнiң бар болуын талап етедi. Медицина кадрларын даярлау ұзақ мерзiмге жоспарлауға негізделедi және сапаның стратегиялық сұранысынан туындайтын болады.
Осыған байланысты денсаулық сақтау саласының кадрларға ұзақ мерзiмдi сұранысын айқындайтын ғылыми негізделген әдiстеме әзiрленiп, енгiзiлмек.
БМСК ұйымдарын жалпы практика дәрiгерлерiмен кадрлық қамтамасыз ету 2005 жылдан бастап субординатурада және интернатурада даярлаудың әзiрленген бағдарламалары негiзiнде ортақ емдеу желiсi дәрiгерлерiн қайта даярлау жолымен де, медициналық ЖОО-да жалпы практика дәрiгерлерiн даярлау жолымен де жүзеге асырылатын болады.
Денсаулық сақтау саласын басқаруды жетілдiру денсаулық сақтаудың кәсiби менеджерлерi мен экономистерін даярлауды көздейдi.
Бiрiншi кезеңде мынадай шаралар iске асырылмақ:
лицензиялауды, мемлекеттiк аттестаттауды және білім берудің халықаралық стандарттарына жақындау мақсатында - меншiк нысанына қарамастан, медициналық және фармацевтикалық ұйымдарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру жүйесiне тиiстi өзгертулер енгiзiледі;
медициналық бiлiм беру ұйымдарында қабылдау мен оқытуға талап жоғарлатылады;
медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша оқытудың бағасы кезең-кезеңiмен ұлғайтылады;
медициналық бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады және мемлекеттiк медициналық ЖОО жанынан бiлiм, ғылым және практиканың нақты байланысын қамтамасыз ететiн клиникалық оқу орталықтары құрылады;
денсаулық сақтаудың жаңа моделдерiнiң дамуы, жаңа мамандықтар енгiзудiң қажеттiлiгi, халықтың медициналық көмекке сұранысы ескерiле отырып, медицина кадрларын даярлау принциптерi мен көлемi қайта қаралып, медициналық колледждер мен медициналық ЖОО-на (жоғары оқу орындарына) қабылдау ұлғайтылатын болады;
оқытудың "проблемалық" қағидаттарына, тереңдетiлген практикалық даярлыққа және шетел тiлдерiн терең зерделеуге баса назар аударыла отырып, медициналық ЖОО-ларда кадрлар даярлау бағдарламалары қайта қаралады;
халықаралық тәжiрибе ескерiле отырып, интернатурада (резидентурада) практикалық оқып-Үйренудi енгiзумен бiрге даярлаудың мемлекеттiк стандарттарын өзгерту жолымен жалпы практика дәрiгерлерiн даярлау бағдарламалары жетiлдiрiледi;
медициналық ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамын тұрақты (5 жылда бiр рет) аттестаттау енгiзiледi;
кадрлардың, оның iшiнде жалпы практика дәрiгерлерiнiң бiлiктiлiгiн көтеру мен қайта даярлау саласында жаңа бағдарламалар (стандарттар) әзiрленiп, қолданысқа енгiзiледi;
денсаулық сақтауды ақпараттандыру бағдарламасы шеңберiнде алыстан оқыту нысандары енгiзiледi;
денсаулық сақтаудың ауылдық буынының медициналық және фармацевтикалық кадрларының бiлiктiлiгiн көтеру мен қайта даярлауға жергiлiктi бюджеттерден қаражат бөлiнедi;
2005 жылдан бастап көбiне экономикалық салада мамандар даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында базалық экономикалық және медициналық бiлiм беру негiзiнде, және қосымша бiлiм берудiң тиiстi бағдарламаларын iске асырушы ұйымдарда денсаулық сақтау кадрларының бiлiктiлiгiн көтеру және оларды қайта даярлау бағдарламалары шеңберiнде денсаулық сақтау менеджерлерiн даярлау басталады;
2005 жылдан бастап денсаулық сақтау (оның iшiнде басқару органдары) жүйесi кадрларын қайта даярлауға шетел мамандары тартылатын болады, сондай-ақ шетел медициналық орталықтарында бiлiктiлiк көтеру практикасы енгiзiлетiн болады.
Екiншi кезеңде:
дәрiгерлердi даярлау бағдарламалары қайта қаралады және жоғары медициналық бiлiмi бар медицина кадрларын бакалавриатта, магистратурада оқыту басталады;
базалық экономикалық білімi бар денсаулық сақтау менеджерлерi мен экономистерi бакалавриат пен магистратурада даярланады;
медициналық бiлiм беру сапасына тәуелсiз бақылау жүйесi енгiзіледi.
5.7. Бағдарламаны iске асырудың тетiктерi
Бағдарламаны орындау Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн, оны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары арқылы жүзеге асырылатын болады.
Бағдарламаны кешендi iске асыру мемлекеттiк басқарудың орталық және жергiлiктi органдары қызметiн денсаулық сақтауды реформалау мен дамыту бойынша үйлестiрудi бiлдiредi.
Iс-шаралар жоспарының орындалу барысын және Бағдарламада жоспарланған жетiстiктердiң жүзеге асуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
2005 жылы орталық уәкiлетті органның құрамында жаңа құрылымдық бөлiмше құрылып, оның функциялары мыналар болуға тиiс:
Бағдарламаның орындалу барысының мониторингi мен талдауы;
Бағдарламаны ұйымдастырушылық-әдiстемелiк сүйемелдеу;
денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамыту мәселелерi жөнiнде оңтайлы шешiмдер қабылдауға мүмкiндiк беретiн ақпарат жинау мен талдаудың алдыңғы қатарлы технологияларын әзiрлеу мен пайдалану;
қоғамдық денсаулық сақтауда жалпыға ортақ қағидаттарды ескере отырып, халық денсаулығын қорғау жөнiнде қабылданған шаралар тиiмдiлiгiн медициналық, экономикалық және әлеуметтiк бағалау;
медициналық қоғамдастық пен халық арасында саланы реформалау жөнiндегi түсiндiру жұмыстарын үйлестiру.
Бiрiншi кезеңде осы Бағдарламаға сәйкес қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерге қажеттi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілетiн және жасалып жатқан денсаулық сақтау моделi қызметiн реттейтiн, азаматтардың, жұмыс берушi мен мемлекеттiң халық денсаулығын қорғауға бiрлескен жауапкершiлiгiн нығайтатын, мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiн дамыту мен сақтауға, жекеше, оның iшiнде коммерциялық емес секторды қолдауға, медициналық қызмет көрсетулер нарығы мен бәсекеге қабылеттiлiгiн қалыптастыруға бағытталған нормативтiк құқықтық актiлер әзiрленетiн болады.
Отандық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, денсаулық көрсеткiштерi мен денсаулық сақтау жүйесi қызметiн көрсететiн индикаторлар негiзiнде денсаулық сақтауды реформалау мен дамыту барысы мониторингi мен бағалау бағдарламасы әзiрленетiн болады.
Екiншi кезеңде денсаулық сақтау саласында қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқықтық нормаларды бiрiктiру мен жүйелеу мақсатында "Қазақстан Республикасындағы халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының Кодексi" қабылданатын болады.
6. Қажеттi ресурстар мен қаржыландыру көздерi
Бағдарламаны 2005-2010 жылдары iске асыруға республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамаларында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар бағытталатын болады.
Мемлекеттiк бюджеттен Бағдарламаны iске асыруға жұмсалатын жалпы шығындар 165 658,5 млн. теңгенi, республикалық бюджет қаражатынан (жергiлiктi бюджеттердiң мақсатты трансферттерiн қоса алғанда) 134 609,9 млн. теңгенi, жергiлiктi бюджеттердiң қаражатынан 31 048,6 млн. теңгені құрайды.
Жекелеген iс-шаралар жергiлiктi деңгейде республикалық бюджет қаражатынан бөлiнетiн мақсатты трансферттер есебiнен жүзеге асырылатын болады.
2008-2010 жылдары саланы қаржыландыру көлемi жыл сайын көбейтіліп, 2010 жылға қарай ЖIӨ-нiң 4 процентiне дейiн жеткiзiледi.
2005-2010 жылдары Бағдарламаны қаржыландыру көлемi тиiстi қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде нақтыланатын болады.
7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер және
оның индикаторлары
Бағдарлама iс-шараларын жүзеге асыру халықтың медициналық көмекке қолжетiмдiлiгiн және оны көрсету сапасын көтерудi қамтамасыз ететiн жүйе құруға мүмкiндiк бередi.
Бағдарламаны iске асыру нәтижесiнде:
халықтың, саланың және мемлекеттiң сұранысын қанағаттандыратын оңтайлы денсаулық сақтау моделi құрылады;
халықты денсаулық сақтау қызмет көрсетулерiмен қамтамасыз ету деңгейi айтарлықтай өседi, адамның өз денсаулығын қорғауы үшiн ынталандырулар енгiзiлетiн болады;
азаматтардың медициналық көмекке тең қолжетiмдiлiгi қамтамасыз етiлетiн және денсаулықты қорғауда мемлекет пен азаматтардың бiрлескен жауапкершілігі принциптерi iске асырылатын болады;
алдын алу, сауықтыру іс-шараларының көлемi ұлғаяды, ауру адамдарды диспансерлеудiң тиiмдiлiгi мен сапасы артады, БМСК деңгейiнде ақысыз медициналық көмектiң кепiлдендiрілген көлемiн кеңейту есебiнен еңбек қабiлетiн уақытша және тұрақты жоғалту деңгейi төмендейдi;
жүргiзiлетiн алдын алу шараларының, денсаулық жай-күйiне тәуекел факторларының әсер етуi туралы халықтың хабардарлық деңгейiн көтерудiң есебiнен халықтың ауруға шалдығуы төмендейдi, бұл бiрiншi кезеңде 10-15 процентке және екiншi кезеңде 25-30 процентке ауруханаға жатқызудың кезең-кезеңiмен төмендеуiне әкеледi;
дәрiгерлердi шақыру саны азайып, БМСК деңгейiнде көмек көлемi есебiнен жедел медициналық көмек көрсету сапасы көтерілетiн болады;
2010 жылға қарай БМСК ұйымдары нормаларға сәйкес бiлiкті дәрiгерлермен және орта медицина қызметкерлерiмен қамтамасыз етілетiн, жабдықтармен жарақтандырылады;
медициналық көмек көрсетудiң бір бөлiгiн стационарлықтан амбулаториялық секторға қайта бөлу, стационарды ауыстыратын технологияларды тиiмдi пайдалану негiзiнде медициналық көмек көрсетудегi тепе-теңсiздiк жойылмақ;
медициналық қызмет көрсетулер сапасын басқарудың тиiмдi жүйесi енгiзiледi;
медициналық қызмет көрсетудiң оның барлық кезеңiнде қолжетiмдiлiгi, тиiмділiгi мен сабақтастығы артады;
қаржыландыру жүйесi жетiлдiрілетiн, тегiн медициналық көмек көрсетудiң кепiлдендiрілген көлемiн қаржыландырудың тапшылығы жойылып, сала субъектiлерi арасында өзара есеп айырысудың тиiмдi тетiктерi енгiзілетiн болады;
денсаулық сақтауға арналған мемлекеттiк бюджет пен халықтың қаражаттарын пайдаланудың тиiмдiлiгi артады, бұл ретте ресми емес төлемдер деңгейi едәуiр төмендейдi;
денсаулық сақтаудың бiрыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады;
ұрпақты болу жасындағы әйелдер мен балалардың денсаулығын индекстеу артады, ана мен бала өлiмi көрсеткiштерi тұрақты төмендейдi, 2010 жылға қарай ана өлiмi (қолда бар есептердiң әдiстемесiне сүйенгенде) 2003 жылғы тiрi туған 100 мың сәбиге шаққанда 42,1-ден 30,0-ге дейiн, ал нәрестенiң шетiнеуi 2003 жылғы тiрi туған 1000 сәбиге шаққанда 15,3-тен 10,0-ке дейiн кемидi;
әлеуметтiк жағынан елеулi аурулар бойынша жағдай тұрақтанады, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың деңгейi төмендейдi;
туберкулезбен ауыру халықтың 100 мың адамына шаққанда 2003 жылғы 160,4-тен 2007 жылы 150,0-ге, 2010 жылға қарай халықтың 100 мың адамына шаққанда 135,0-гe түседi;
көбiне жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар жыл сайын 10 процентке төмендейтiн болады;
дәрілік заттардың айналымы саласында мемлекеттiк реттеудің тиiмдiлігі өседi;
отандық бәсекеге қабiлеттi фармацевтикалық және медициналық өндiрiс көлемi артады;
диагностиканың қазiргi заманғы әдiстерi және емдеудiң халықаралық стандарттары енгiзілетiн болады;
мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық жүйенiң құжаттарын халықаралық стандарттармен үйлесiмдi ету жүргiзiледi;
медициналық бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсарады, медицина кадрларын даярлау және қайта даярлау жетiлдiрiледi, медициналық ЖОО мен колледждерде оқуға деген талап күшейтiледi. Кадрларды бекiту тетiктерiн енгiзу, медициналық ЖОО мен колледждерге мемлекеттiк тапсырыс бойынша қабылдауды арттыру есебiнен саланы кадрлық қамтамасыз ету проблемасы шешiлуге тиiс;
медицина қызметкерлерiн даярлау мен қайта даярлаудың сапасы едәуiр артады, дәрiгердiң және медицина қызметкерiнiң құқықтары мен жауапкершiлiгi күшейтіледi, олардың әлеуметтiк мәртебесi мен қоғамдағы беделi көтеріледi.
Достарыңызбен бөлісу: |