Байланыс туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі n 567 Заңы



бет2/3
Дата11.06.2016
өлшемі288.5 Kb.
#127821
1   2   3

3-тарау. Байланыс желілері

      21-бап. Қазақстан Республикасының бірыңғай


               телекоммуникация желiсi

      1. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсi Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және мынадай санаттардағы телекоммуникация желілерінен:


      1) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнен;
      2) телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiнен;
      3) телекоммуникацияның, бөлектелген желiлерiнен;
      4) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнен;
      5) корпорациялық және ақпаратты электромагниттiк сигналдар арқылы беретін басқа да желiлерден тұратын телекоммуникация желiсi болып табылады.
      2. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желiсi болып табылатын желiлер үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртiбiн, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйымдастыру-техникалық iс-шаралар кешенiн, басқарылатын параметрлердi қалыптастыруды және олардың орындалуын бақылауды қамтитын телекоммуникация желiлерiн орталықтандырылған басқаруды айқындайды;
      2) телекоммуникация желiсiнің санатына байланысты телекоммуникация желiлерiн құру, басқару, нөмiрлеудi пайдалану, олардың жұмыс iстеуiн, тұрақтылығын және ақпараттық қауіпсіздігін ұйымдастыру-техникалық тұрғыдан қамтамасыз eту, радиожиілік спектрiн пайдалану, трафиктi өткiзу тәртiбi, желiлердің әрекеттестiк шарттары, телекоммуникация қызметтерiн көрсету жөнiндегi талаптарды белгілейді;
      3) арналарды коммутациялау технологияларын хабар беру мен коммутациялаудың пакеттік технологияларымен ауыстыруға негізделген ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін жаңғыртуды аяқтағанға дейін техникалық қажеттілік туындаса, қызметтер көрсетуді ұйымдастырудың өздері таңдаған тәсіліне қарай тіркелген телефон байланысы қызметтерін көрсететін байланыс операторлары желілерінің қосылу және өзара әрекет жасау шарттарына қойылатын талаптарды белгілейді.
      3. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсiне кiретін барлық санаттағы желiлердің байланыс операторлары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртiбiнің талаптарын қанағаттандыратын өз желiлерiн басқару жүйелерiн құруға мiндеттi.
      Телекоммуникация желiлерiн құру кезiнде байланыс операторлары желiлер жабдықтарының жедел-iздестiру iс-шараларының жүргiзiлуiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды белгiлейтiн ұлттық стандарттарға технологиялық тұрғыдан сәйкес келуiн қамтамасыз етедi.
      4. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық пайдаланушыларға телекоммуникация қызметтерiн көрсетуге арналған телекоммуникацияның өзара байланысты желiлерiнің кешенi болып табылады.
      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсi:
      1) қызмет көрсетiлетiн аумақ пен нөмiрлеу ресурсы аясында географиялық тұрғыда (жергілікті телекоммуникация желілері);
      2) Қазақстан Республикасының шегiнде белгiлi бiр географиялық аумақпен және нөмiрлеу ресурсымен байланыспаған, географиялық емес тұрғыда;
      3) пайдаланушыға көрсетiлетiн байланыс қызметтерiн iске асыру әдiсi (бекiтiлген және жылжымалы) бойынша айқындалатын телекоммуникация желiлерi болып бөлiнедi.
      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi шет мемлекеттердің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiмен әрекеттестік жасайды.
      Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн пайдаланушылардың мүдделерiн, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің құрамына кiретiн телекоммуникация желiлерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуін қамтамасыз ету мақсатында олар бiрыңғай мемлекеттiк нормативтiк-техникалық реттеуге жатады. Нормативтiк-техникалық талаптардан тыс телекоммуникацияның осы желiлерiнiң жұмыс iстеу және оларды пайдалану тәртiбiн, телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету жөнiндегi қызмет үшiн осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс желiлерiнiң меншік иелерi дербес айқындайды.
      5. Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi мемлекеттiк органдар мен жергiлiкті өзiн-өзi басқару органдарының басқарушылық және ұйымдастырушылық мақсаттарын өз өкілеттіліктеріне сәйкес iске асыруын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң өндiрiстік және басқарушылық мақсаттарды қамтамасыз етуiн iске асыруға арналған.
      Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылады.
      Бұл ретте телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiн осы тармақта көзделмеген өзге мақсаттар үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
      6. Телекоммуникацияның бөлектелген желiлерi телекоммуникация желiлерiнің дербес санаты болып табылады және пайдаланушылардың шектеулi тобына телекоммуникация (электрлi байланыс) қызметтерiн көрсетуге арналған және:
      1) әрекеттесе алады, бiрақ Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне немесе ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылған кез келген басқа желiлерге, сондай-ақ шет мемлекеттердiң ортақ пайдаланылатын телекоммуникация (электрлi байланыс) желiлерiне қосылмайды;
      2) егер ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің жұмыс iстеуiн регламенттейтiн талаптарға сәйкес келсе, оларды ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсінің санатына ауыстыра отырып, ортақ танылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға болады. Бұл ретте осы бөлектелген желiге бұрын берiлген географиялық емес код алып тасталады;
      3) осы телекоммуникация желілері операторларының байланыс қызметін көрсетуі лицензияның негізінде жүзеге асырылады.
      Бөлектелген желілерді ұйымдастыру үшін қолданылатын байланыс технологиялары мен құралдарын, сондай-ақ құру принциптері мен нөмірлеу жүйесін осы желілердің иелері белгілейді. Желілердің осы санатына ұлттық ресурстан нөмірлер (географиялық емес код) бөлінбейді.
      7. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілері ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін негіз ретінде пайдаланатын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қажеттерін қамтамасыз етуге арналған.
      Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілері өтеулі байланыс қызметтерін көрсету үшін пайдаланылмайды.
      8. Телекоммуникацияның корпорациялық желiлерi заңды тұлғалардың басқару және ішкі өндiрiстiк мақсаттарын iске асыруды қамтамасыз етуге арналған.
      Телекоммуникацияның корпорациялық желiлерi:
      1) егер олар тиiстi нөмiрлеу ресурсын бөлектей отырып, желінің түрлі әкімшілік аумақтар бойынша бөлiнген учаскелерiн бiрiктiретiн болса, әкiмшілік аумақ шеңберiнде мекемелiк коммутациялық станция арқылы корпорациялық клиент ретiнде немесе Қазақстан Республикасының халықаралық коммутация орталығының транзиттік торабы деңгейiнде ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылуы;
      2) осы Заңның 17-бабына cәйкес кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензия алған жағдайда байланыс қызметтерiн өтеулі көрсету үшiн (егер олардың қолданылу аймағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерi операторларының желiлерi болмаса) пайдаланылуы мүмкін.
      9. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерi бiрыңғай телекоммуникация желiсiнің құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердiң аумағына телевизия және радио бағдарламаларын тарату әрi трансляциялау үшiн пайдаланылатын, жердегi және жерсеріктік хабар тарату жүйелерiнiң бiртұтас өндiрiстік-технологиялық кешенiн құрайды. Жердегi жүйелерге мемлекеттік және коммерциялық бағдарламаларды трансляциялауға арналған радиорелелi және кәбiлдi байланыс желiлерi, қуаты әртүрлі радиотаратқыштар мен басқа да құралдар кiредi. Жерсеріктік жүйелерге халықаралық жерсерiктік ұйымдарға, жекелеген мемлекеттерге тиесiлі орбиталық байланыс жерсерiктерi мен жердегi таратушы және қабылдаушы станциялар кiредi.
      10. Алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      11. Алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
       Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.21 № 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.23 № 14-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      22-бап. Фельдъегерлік және арнаулы байланыс

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк фельдъегерлік қызметi мемлекеттiк құпияларды қорғауды қамтамасыз ете отырып, үкiметтiк курьерлік байланысты жүзеге асыратын қызмет болып табылады. Қазақстан Республикасы фельдъегерлiк қызметiнiң жеке құрамы iшкi iстер органдарының кадрларында тұрады, жедел қызметтік міндеттерді шешу үшін жауынгерлік атыс қол қаруымен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен, сондай-ақ нысанды киiм-кешекпен қамтамасыз етiледi.
      2. Арнаулы байланыс қызметi арнаулы байланыс арналары бойынша арнаулы жөнелтiмдердi жiберген кезде мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәліметтердi қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi ерекше жарғылық міндеттердi орындайды.
      Арнаулы байланыс қызметi Қазақстан Республикасы Ұлттық почта операторының бiрыңғай құрылымдық бөлiмшесi болып табылады, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнаулы байланыс қызметiн көрсетедi.
      Арнаулы байланыс қызметінің жеке құрамы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес нысанды киiммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтiк қарумен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен қамтамасыз етiледi.
      3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiн ұйымдастыру қызметін, сондай-ақ фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiн көрсету тәртiбi мен оларды пайдаланушылардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
      4. Алып тасталды - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      5. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерi тасымалдайтын арнаулы жөнелтiмдер тексеруге және кідіртiлуге жатпайды.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      23-бап. Қазақстан Республикасының уәкілетті


               мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық
               қауіпсіздік және ішкі істер органдарының
               қажеттеріне арналған байланыс желілері

      1. Үкіметтік байланысты Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органы қамтамасыз етеді.


      Байланыс операторлары үкіметтік байланыстың техникалық мүмкіндіктері мен жарақтандырылуын ескеріп, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін жаңғыртуды және дамытуды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органымен келісе отырып жүргізеді.
      Үкіметтік байланыс жүйесі, шифрланған, құпияландырылған және кодталған байланыс Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қамтамасыз етіледі.
      1-1. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарында, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында шифрлау жұмысын ұйымдастыру тәртібін және үкіметтік байланысты қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірлейді.
      2. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарында, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында шифрлау жұмысын ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      3. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының мұқтаждықтары үшін техникалық құралдарды орналастыруға қажетті байланыс жолдары мен арналарын, кабель кәріздеріндегі арналар мен алаңдарды беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен уәкілетті органдар реттейтін бағалар (тарифтер) бойынша шарттық негізде жүзеге асырылады.
      4. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге арналған бiрыңғай телекоммуникация желiсінің ресурстарын әзiрлеу мен пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
      5. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсiздiк және ішкі істер органдарының қажеттерi үшiн байланыс арналары мен желiлерiн басымдықпен берудi және байланыс арналары бүлінген жағдайда оларды ауыстыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезектегi және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi.
      6. Байланыс операторларының, сот шешiмiмен болмаса, байланыс арналарын ажыратуға және (немесе) Қазақстан Республикасының әскери басқару, ұлттық қауiпсiздiк және ішкі iстер органдарына үкіметтік байланыс қызметтерiн, байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата тұруға құқығы жоқ.
      7. Байланыс операторлары байланыстың жұмыс iстеп тұрған және жаңадан салынып жатқан құрылыстары мен тораптарында техникалық құралдарды орналастыру үшiн қажеттi алаңдарды, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi мен үкiметтiк байланыс мүдделерiне пайдаланылатын желiлiк-кәбiлдiк құрылыстардағы резервтiк сыйымдылықтар мен кепiлдi электрмен қоректендiруді көздеуге мiндеттi.
      8. Бейбiт уақытта жедел жағдай шиеленiскен, ерекше маңызды жұмыстар мен iс-шаралар жүргізілген кезде байланыс операторлары жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын немесе ерекше маңызды жұмыстар мен iс-шараларды жүргiзуге өкілеттiгi бар байланыс қызметтерiн пайдаланушыларға жеке өтiнiмдер бойынша, шарттарды ресiмдемей уақытша жалдау жағдайында, шығындарды кейiн өтейтіндей етiп, қажет болған жағдайда ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің жұмыс арналарын пайдалана отырып, қосымша арналар мен тiкелей байланыс жолдарын бөліп береді.
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.21 № 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.04.23 № 14-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      24-бап. Почта байланысы

      1. Почта байланысы почта жөнелтiмдерiн қабылдауды, сұрыптауды, тасымалдау мен жеткiзудi, ақша аударуды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ шарт негiзiнде мерзiмдi баспасөздi жөнелтудi, жеткiзiп беру мен таратуды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткiзіп берудi ұйымдастыратын байланыс инфрақұрылымының бiр бөлiгі болып табылады.
      2. Әскери жөнелтiмдердi сұрыптау мен қолға тапсыруды Қазақстан Pecпубликасы Қарулы Күштерiнің фельдъегерлік-почта байланысы жүзеге асырады.
      3. Почта байланысы қызметтерiн мемлекеттiк емес почта байланысы ұйымдары көрсетуге құқылы.
      4. Почта жөнелтiмдерiн жеткiзу мерзiмдерiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      5. Почта жөнелтімiн жiберушi оның құндылығын салыным құны шегiнде жариялауға құқылы.
       Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 № 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. Телекоммуникация желілерінің әрекеттестігі

      25-бап. Телекоммуникация желілерін қосу

      1. Барлық байланыс операторларының өз желiлерiн ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға құқығы бар.
      Телекоммуникацияның бiр желiсiн басқа желiге қосуды байланыс операторлары шарт негiзiнде жүзеге асырады.
      2. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн қағидаларға сәйкес қосу және трафикті өткізу қызметтерiн көрсетуге мiндетті. Байланыстың басым операторларын қосудың үлгілік шарттары уәкілетті органмен келісіледі.
       Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2008.11.21 № 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      26-бап. Басым байланыс операторларының телекоммуникация


               желiлерiн қосу ерекшеліктері

      1. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің басым байланыс операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желiлерiн қосу қызметтерiн көрсетудiң, сондай-ақ желiлердiң әрекеттестігі және трафиктi өткiзу бойынша осыған байланысты мiндеттемелердің талаптарын айқындайтын қосу шарты жария шарт болып табылады, оның үлгілік нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.


      2. Басым байланыс операторының қосу шартын жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi.
      3. Телекоммуникация желiлерiнiң операторлары өз желiлерiнде байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың әрқайсысына қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын еркiн таңдаудың техникалық мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3-1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторлары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жалғаудың стандартты нүктелерінің тізбесін жариялауға міндетті.
      4. Қалааралық және халықаралық байланыс операторлары:
      1) өз желiлерiнің абоненттерiне қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтерiн;
      2) басқа байланыс операторларына қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерiн;
      3) трафик транзитi және басқа байланыс операторларына желілік ресурстарды беру бойынша қызметтердi;
      4) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiнде белгiленген тәртіппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінің өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
      5. Қалааралық байланыс операторлары:
      1) өз желiлерiнің абоненттер не қалааралық телефон байланысы қызметтерін;
      2) басқа байланыс операторларына қалааралық байланыс қызметтерiн;
      3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актісінде белгiленген тәртiппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінің өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
      6. Халықаралық байланыс операторлары:
      1) өз желiлерінiң абоненттеріне халықаралық телефон байланысы қызметтерiн;
      2) басқа байланыс операторларына халықаралық телефон байланысы қызметтерін;
      3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiнде белгіленген тәртіппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінiң өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 174 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2007.07.27 № 316 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.21 № 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желілерін, радиожиілік спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын қорғау және күзету

      27-бап. Байланыс желiлерінің күзетілетін аймақтары

      1. Байланыс желiлерінің сақталуын, техникалық құралдардың, ғимараттар мен құрылғылардың пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында күзетілетін аймақтар мен соқпақтар белгiленедi, олар жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары болып табылады.
      2. Күзетілетiн аймақтарға енгiзiлген жер жергілікті жерде арнаулы белгілермен белгіленедi. Мұндай жер меншік иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
      3. Күзетілетiн аймақтарды белгiлеу тәртiбін және олардағы жұмыс режимiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Аталған аймақтардың шекараларын және олардағы жер пайдалану режимін Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес жерді меншікке немесе жер пайдалануға беру туралы шешім қабылдаған орган айқындайды.
      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      28-бап. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары


               мен желiлерiн, радиожиілік спектрін және
               байланыс жерсеріктерінің орбиталық
               позицияларын қорғау және күзету

      1. Телекоммуникация желілері мен құралдары, радиожиілік спектрі және байланыс жер серіктерінің орбиталық позициялары мемлекеттің қорғауында болады.


      Телекоммуникация желілері мен құралдары бүлінген кезде келтірілген шығындарды анықтау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      2. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желiлерін, радиожиілік спектрін, байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын күзету Қазақстан Pecпубликасының заңдарына сәйкес белгiленеді.
      3. Радиожиiлiк спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдаланудың белгiленген тәртiбiн қорғау мақсатында электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiне нормаланбаған бөгеуiлдер туғызатын радиоэлектрондық байланыс құралдарын шығаруға және Қазақстан Республикасына әкелуге, сондай-ақ пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарымен шектеулер белгiленуi мүмкін.
      4. Байланыс құралдарының, телекоммуникация ғимараттары мен желiлерiнiң бүлiнуiне, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудiң, пайдаланудың, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілiктi құрылғылардың жұмысына арналған радиожиiлiктердi пайдаланудың белгіленген тәртібiн бұзуға жол берген, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормаланбаған бөгеуiлдер жасайтын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
       Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.11.21 № 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-тарау. Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс және радиобақылау саласындағы мемлекеттік бақылау

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      28-1-бап. Байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.


      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 28-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      28-2-бап. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын


                жеке және заңды тұлғаларға тексерудi
                ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi

       Ескерту. 28-2-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-3-бап. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын
                жеке және заңды тұлғаларға тексеру жүргiзудi
                ұйымдастыру

      Ескерту. 28-3-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-4-бап. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын
                жеке және заңды тұлғаларды тексерудi жүргiзу
                тәртiбi

       Ескерту. 28-4-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-5-бап. Радиобақылауды жүргiзу тәртiбi

      1. Азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың сәуле таратуын радиобақылау радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың техникалық құжаттамасына және өлшемдеріне құжаттық бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың жұмыс режимдерiн бақылау-өлшеу аппаратурасы мен радиотехникалық бақылау құралдарының көмегiмен бақылау (аспаптық бақылау) жолымен жүзеге асырылады.


      Радиобақылауды уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi уәкiлеттi органның басшысы не оны ауыстыратын адам бекiткен радиобақылау жоспар-кестелерiне сәйкес жүргiзедi.
      Радиобақылаудың жоспар-кестесiн аумақтық бөлiмшелер әрбiр тоқсанға жасайды.
      Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдаланушылар жол берген бұзушылықтар анықталған кезде уәкiлеттi орган оларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жiбередi.
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат берілген, азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құрал мен жоғары жиілікті құрылғының жұмысында бөгеуiлдер туындаған жағдайда:
      1) бөгеуiл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың иелерi радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың техникалық өлшемдерiнiң, соның iшiнде қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерiнiң нормалар мен стандарттарға сәйкестiгiне көз жеткiзуi қажет. Егер олар нормаларға сәйкес болмаса, радиоэлектрондық құралдардың иелерi сипаттамалардың нормаларға сәйкес келтiрiлуi жөнiнде шаралар қабылдауға немесе радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды ауыстыруға тиiс. Басқа радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың сәуле таратуы салдарынан бөгеуiл туындаған кезде бөгеуiл жасалып отырған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың иелерi уәкiлеттi органға жүгiнедi;
      2) уәкiлеттi орган бөгеуiлдердiң көздерiн және сипатын, олардың туындау себептерiн анықтау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады және оларды жою шараларын қабылдайды;
      3) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың белгiленген өлшемдерiнiң және (немесе) жұмыс режимiнiң бұзылуы, олардың қабылдау құрылғыларының таңдау немесе қорғаныш қасиеттерінің нашарлауы қатар құрған радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың өзара әсерiне негiзделген интермодуляциялық сипаттағы бөгеуiлдер салдарынан болғанда уәкiлеттi орган бөгеуiлдердi жою жөнiнде нұсқама немесе ұсыным бередi;
      4) тағайындалған жиiлiктердегi бөгеуiлдердi жою мүмкiн болмаған кезде уәкiлеттi орган радиожиiлiктердi жаңадан тағайындауды жүргiзедi;
      5) қапияда болған, өнеркәсiптiк немесе технологиялық сипаттағы бөгеуiлдер болғанда уәкiлеттi орган бөгеуiл көзiн анықтау және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды.
      2. Шет мемлекеттердiң байланыс әкiмшiлiктерiнен Қазақстан Республикасының аумағындағы көздерден болған радиобөгеуiлдерге шағымдар түскен кезде уәкiлеттi орган халықаралық келiсiмге сәйкес осы шағымдардың құқықтық негiзiн анықтайды, егер шағымдар негiзделген болса, бөгеуiлдердiң себептерiн белгiлейдi және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларға басқа мемлекеттердiң аумағында орналасқан көздерден бөгеуiл жасалып отырған жағдайда, уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылар иелерiнiң мүдделерiн қорғау мақсатында халықаралық келiсiмге сәйкес бөгеуiлдердi жою жөнiнде шаралар қабылдайды.
      4. Радиобөгеуiлдер мен тиiстi рұқсаты жоқ радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың қолданысын анықтау және олардың жолын кесу жөнiндегi iс-шараларды уәкiлеттi орган жүргiзедi.
       Ескерту. 28-5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      28-6-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi


                 құрылғылар иелерiнiң құқықтары

      Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылар иелерi:


      1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларға тағайындалған радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) берiлген рұқсат талаптарына сай қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланады;
      2) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларға тағайындалған радиожиiлiктегi (радиожиiлiк арнасындағы) бөгеулердi жою үшiн уәкiлеттi органға жүгiнедi;
      3) лауазымды адамдардың, уәкiлеттi органның әрекетiне (әрекетсiздiгiне), шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасайды.

      28-7-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi


                 құрылғылар иелерiнiң мiндеттерi

      Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылар иелерi:


      1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың техникалық сипаттамалары мен пайдалану жағдайларының рұқсатта жазылған талаптарға, сондай-ақ белгiленген ережелер мен нормаларға сай келуiн қамтамасыз етедi;
      2) қызмет куәлiгiн көрсеткен кезде уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларға қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етедi;
      3) уәкiлеттi органның радиоэлектрондық құралдардың радиожиiлiктерiн (радиоарналарын) пайдалануды тоқтата тұру (соның iшiнде, уақытша тыйым салуды енгiзу салдарынан) немесе тоқтату туралы, соның iшiнде радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдаланушыларға берiлген рұқсат талаптарын бұзушылықты жою жөнiндегi нұсқаманы орындайды.

      28-8-бап. Радиожиiлiк спектрі, радиоэлектрондық құралдар


                 және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылар
                 мониторингі

      1. Радиожиiлiк спектрі, радиоэлектрондық құралдар және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылар мониторингі – уәкiлеттi органның радиожиiлiк ресурсын пайдалану жөнінде шешiм қабылдауы үшiн қажеттi ақпаратты алу мақсатында радиосигналдардың және радиосәуле тарату көздерінің параметрлері мен сипаттамалары туралы деректерді жинау, өңдеу, талдау және сақтау жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенi.


      2. Азаматтық мақсаттағы радиожиiлiк спектрі, радиоэлектрондық құралдар және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылар мониторингі:
      1) радиожиiлiк спектрiн пайдаланудың тиiмдiлiгiн анықтау;
      2) радиосәуле тарату параметрлері мен сипаттамаларын дерекқорда тіркелген көздердің мәлімделген параметрлері мен сипаттамаларына сәйкестендіру;
      3) тiркелмеген радиосәуле тарату көздерін табу;
      4) радиосәуле тарату көздерінің орналасқан жерін табу;
      5) Халықаралық электр байланысы одағының, Өңірлік электр байланысы одағының және Компьютерлік оқыс оқиғаларға ден қою қызметінің ұсынымдары бойынша, сондай-ақ шекара маңындағы елдердің байланыс әкімшіліктерінің өтініштері бойынша жұмыстарды орындау шеңберінде өлшеулер жүргізу;
      6) азаматтық мақсаттағы радиожиiлiк спектрі, радиоэлектрондық құралдар және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылар мониторингі нәтижелерiн есепке алу, сақтау және өңдеу мақсатында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 5-1-тарау 28-8-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет