Бала қҰҚЫҚтары мухаммад ибн ’Умар ибн Салим Базмул



жүктеу 188.81 Kb.
Дата10.06.2016
өлшемі188.81 Kb.

group 6group 18


БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ

حقوق الأطفال


> қазақ тілі – Kazakh – كازاخي <

Мухаммад ибн ’Умар ибн Салим Базмул

محمد بن عمر بازمول



Қазақ тіліне аударған: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы



Алынған дереккөз: «Саляф – Форум»
ترجمة: إلى اللغة الكازاخية إدارة الموقع "ميراث أبي حنيفة"

مراجعة: إدارة الموقع "ميراث أبي حنيفة"



БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ

Мухаммад ибн ’Умар ибн Салим Базмул

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақтар, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Ал содан кейін:

Бұл лекция жүректердің қазынасы1 туралы болмақ. Мен онда балаларға жасалатын қамқорлыққа, олардың тәлім-тәрбиесіне, олардың сақталуға тиісті құқықтарына қатысты шариғатта келген (үкім-ережелерді) түсіндіріп бергім келді. Мен осы лекцияның себепшісі болып, оны ұймдастырған құрметті бауырларымызға алғысымды айтқым келіп отыр. Аллаһ Тағала оларға игілігімен қайырсын!



Балалар – бұл Аллаһ Тағаланың берген сыйы әрі дүние тіршілігің сәні

Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» («ән-Ниса» сүресі, 1-аят).

(Ол) сондай-ақ: «Аллаһ өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер пайда қылды. Сондай-ақ сендерді тап-таза нәрселерден ризықтандырды», - деп айтты («ән-Нәхл» сүресі, 72-аят).

Сондай-ақ (Ол) былай деді: «Көктер мен жердің иелігі Аллаһта. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз, Ол - Толық Білуші, Аса Күшті» («әш-Шура» сүресі, 49-50 аяттар).

Балалар – бұл дүние тіршілігінің сәні! Аллаһ Тағала былай деді: «Мал мен балалар – дүние тіршілігінің сәні. Ал бақи қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында табыс бойынша да жақсы, әрі үміт тұрғысынан да жақсы» («әл-Кәһф» сүресі, 46-аят).

Пайғамбарлар мен салиқалы кісілер де өздерінің дұғаларында салиқалы ұрпақ сұрап жалбарынатын

Аллаһ Тағала былай деді: Сол кезде Зәкария Раббысына жалбарынып: «Раббым! Маған Өзіңнен игі ұрпақ бер. Шәксіз, Сен тілекті Естушісің», - деді” («Әли Имран» сүресі, 38-аят).

Сондай-ақ Зәкария былай деді: «Шынында мен өзімнен кейінгі жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қорқамын. Сондай-ақ жұбайым кемпір. Ендеше, маған Өзіңнен бір мұрагер бере көр! Ол маған да, әрі Яқуб ұрпағына да мұрагер болсын. Раббым, оны ризалығыңа бөле!» («Мәриям» сүресі, 5-6 аяттар).

Имам әш-Шәнқыти (бұл аят туралы) былай деді: “«Ендеше, маған Өзіңнен бір мұрагер бере көр!» – яғни нәрестені. Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың осы оқиға жайлы басқа аятта айтқан мына сөздері: «Сол кезде Зәкария Раббысына былай жалбарынып: «Раббым! Маған Өзіңнен игі ұрпақ бер. Шәксіз, Сен тілекті Естушісің», - деді» («Әли Имран» сүресі, 38-аят). Дәл бала туралы сөз болып тұрғанына сондай-ақ Аллаһ Тағаланың келесі сөздері де нұсқайды: «Зәкарияны да есіңе ал. Ол Раббысына: «Раббым! Мені жалғыз тастама», - деп жалбарынды» («әл-Әнбия» сүресі, 89-аят). Яғни мені сәбисіз жалғыз тастама. Қз.: «Адуа ул-Байан», 3/365.

Сондықтан: «Міне, бұлар Біз жақсы амалдарын қабыл етіп, жамандықтарын кешіретін жәннаттықтардың ішінде болады. Бұл оларға етілген шынайы уәде» («әл-Әхқаф» сүресі, 15-аят), - деп сипатталған мүминдер Аллаһқа келесі дұғамен жалбарынады: «Раббым! Маған және әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, Өзің разы болатын түзу амал істеуімді нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да салиқалы ет. Шын мәнінде, мен Сенің алдыңда тәубе еттім. Ақиқатында, мен мұсылмандардың бірімін» («әл-Әхқаф» сүресі, 15-аят).

Неліктен біз балалардың құқықтары туралы сөз етіп отырмыз?

1 – Аллаһтың бұйрығын орындай отырып

Ол: «Аллаһ сендерге, балаларыңа қатысты ... бұйырады», - деді («ән-Ниса» сүресі, 11-аят). Сондай-ақ: «Әй, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер жуан денелі, қатал. Олар Аллаһтың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды», - деді («әт-Тахрим» сүресі, 6-аят).

Имам әс-Суюты «әд-Дур әл-Мансурда» былай деді: “’Абдур-Разақ, әл-Фирьяби, Са’ид ибн Мансур, ’Абд ибн Хумайд, ибн Жәрир, ибн ул-Мунзир, әл-Хаким және әл-Бәйһақи «әл-Мадхалда» ’Али ибн Аби Талибтың сөздерінен ол Аллаһ Тағаланың: «Әй, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан қорғаңдар», - деген сөздеріне қатысты: «Өздеріңді әрі жанұяларыңды жақсылыққа үйретіңдер және тәрбиелеңдер», - деп айтқанын жеткізеді”.

Ибн Жәрир және ибн ул-Мунзир Ибн Аббастың Аллаһ Тағаланың: «Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан қорғаңдар», - деген сөздері туралы былай деп айтқанын жеткізген: «Аллаһқа бойсұнушылықты ұстаныңдар, Оған мойынсұнбаудан қорқыңдар, өз отбасыларыңа Аллаһты зікір етуді бұйырыңдар, сонда Аллаһ сендерді Оттан сақтайды».

Абд ибн Хумайд Ибн Аббастың Аллаһ Тағаланың: «Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан қорғаңдар», - деген сөздеріне қатысты: «Өз отбасыларыңды тәрбиелеңдер», - дегенін жеткізген. Қз.: «әд-Дур әл-Мансур», 8/225.

Әш-Шәнқыти «Адуа ул-Баянда» былай деген: “Адам өзінің отбасына (әйеліне, балаларына т.б.) жақсылық жасауды бұйырып, әрі оларға жамандық жасауға тыйым салуы қажет, себебі Аллаһ Тағала: «Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан қорғаңдар», - деді. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар, әрі сендердің әрқайсыларың өз қарамағындағылары үшін жауапкершілік көтереді», - деп айтты”. Әл-Бухари, 893; Муслим, 1829». Қз.: «Адуа ул-Баян», 1/466.



2 – Баланың өз ата-анасы үшін дұға жасайтынына үміттене

Абу Хурайраның (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқандығы жеткізіледі: «Адам қайтыс болғанда, оның үш (нәрседен) басқа барлық амалдары тоқтайды: (сауабы) үзілмейтін садақасы2, басқа адамдар пайдалана алатын білім, немесе ол үшін Аллаһқа дұға етіп жалбарынатын салиқалы балалары». Муслим, 1631.



3 – Бізден сұралатын парызымызды орындай отырып

Ибн Умардан (Аллаһ оған разы болсын) ол Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын естігені туралы жеткізіледі: «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар, әрі сендердің әрқайсыларың өзінің қарамағындағылары үшін жауапкершілік көтереді. Билеуші (өзінің қол астындағыларға) бақташы және өзінің қарамағындағыларына жауапты; еркек өзінің жанұясына бақташы әрі өзінің қарамағындағылары үшін жауапкершілік көтереді; әйел өзінің күйеуінің үйінде бақташы болып табылады және өз қарамағындағысына жауапты; қызметші өз қожайының дүниесіне бақташы әрі өз қарамағындағы нәрселер үшін жауапкершілік көтереді; еркек өзінің әкесінің дүниесіне бақташы әрі өзінің қарамағындағысына жауапты; сонымен, сендердің әрбірің бақташысыңдар және өз қарамағыңдағылар үшін жауапкершілік көтересіңдер». Әл-Бухари, 893; Муслим, 1829.

Абу Жухайфаның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Кезінде Сәлман мен Абу-д-Дарданы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бауырластырған болатын. Бірде Сәлман Абу-д-Дарданың хал-жағдайын сұрап (үйіне) барады. Ол Умм әд-Дарданы тозығы жеткен киім киіп жүргенін көріп, одан: «Саған не болған?», - деп сұрады. Ол: «Бауырың – Абу-д-Дарда бұл дүниенің (игіліктерін) керек етпейді», - деді. Сүйтіп тұрған уақытта Сәлманға тамақ алып келген Абу-д-Дарда да кіріп келеді. (Тамақтануға отырған соң, Абу-д-Дарданың тамақ жемей отырғанын көріп,) Сәлман оған: «Жесеңші», - деді. Абу-д-Дарда болса: «Расында, мен (бүгін) ораза ұстап жатырмын», - деді. (Сонда) Сәлман: «Сен жемегеніңше мен де ауыз тимеймін!», - деді. Сөйтіп ол жеді. Түн кірген кезде Абу-д-Дарда намазға тұрды. Сонда Сәлман оған: «Ұйықта», - деді де, ол (қайта) ұйқыға жатты, бірақ біраз уақыттан кейін ол намазға қайтадан тұрды. Сәлман тағы да оған: «Ұйықта», - деді, ал түннің соңғы бөлігінде Сәлман оған: «Енді тұр», - деп айтты да, олар бірге намаз оқып алды. Сосын Сәлман оған: «Ақиқатында, Раббыңның да сенде хақысы бар, әрі жаныңның да сенде хақысы бар, сондай-ақ әйеліңнің де сенде хақысы бар, ендеше, сенде хақысы бардың әрқайсысына оған тиесілі хақысын бер!», - деді. Ал сосын (Абу-д-Дарда) Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келді де, оған осы туралы баяндап береді, Пайғамбар болса (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сәлман шындықты айтты», - деді”. Әл-Бухари, 1968.

4 – Балалар – бұл (жанның) тынығуының, жақсы өмірдің әрі бақыттылықтың себебі

Кім балаларының хақысын орындай отырып, Аллаһтан қорқатын болса, сол өзі үшін жақсы әрі бақытты өмірге қол жеткізеді. Ал кім Аллаһтан қорықпаса және Оның бұйрықтарын орындамайтын болса, сол қиын өмір сүретін болады.

Аллаһ Тағала былай деді: «Игі іс істеген мүмин ер және әйелдерге Біз әлбетте өте жақсы өмір сыйлаймыз, әрі оларды істеген амалдарының ең жақсылары үшін сый-сауаппен марапаттаймыз» («ән-Нәхл» сүресі, 97-аят).

(Ол) сондай-ақ (былай деп айтты): «Ал кім Үгітімнен бет бұрса, сонда, күдіксіз, оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ Қиямет Күні оны соқыр етіп қайта тірілтеміз» («Та ха» сүресі, 124-аят).



5 - Өз-өзімізді күнәға тастамау үшін

Хайсаманың былай дегені жеткізіледі: “Бірде біз Абдуллаһ ибн ‘Амрмен бірге отырғанымызда, оған оның іс басқарушысы келді. Ол Абдуллаһқа кіргенде, ол: «Құлдарға тамақ бердің бе?», - деп сұрады. Басқарушы: «Жоқ», - деп жауап берді, әрі сонда Абдуллаһ оған: «Бар да, оларға тиістіні бер», - деп бұйырды да, сосын былай деді: «Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кісіге өз иелігіндегі адамның азығын ұстап қалуының өзі оның күнәхар болуына жетіп асады», - деді”. Муслим, 996.



Қай кезден бастап балалардың хақысы туралы қам жеу керек?

Ислам адам баласына әу бастан, яғни мұсылман адам үйлену туралы ойланған сәттен бастап, балалардың хақысын ойлауды бұйырады. Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір жас жігітке үйленуге тырысуды бұйырды, әрі үйлену үшін ер кісінің неке қию мен отбасылық өмірмен байланысты қаржылай шығындарды көтеруге шамасы жететіндей болуы керек деген шарт қойды.

‘Алқаманың былай дегені хабарланады: “Бірде, біз Абдуллаһпен (Аллаһ оған разы болсын) бірге келе жатқан кезімізде, ол былай деді: «Біз Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болдық, әрі ол: «Үйленуге шамасы жететін кісі үйленсін, себебі бұл назардың (харамнан) тосылуына әрі жыныстық мүшенің (харамнан) қорғалуына ең жоғары дәрежеде жәрдем етеді. Ал кімнің үйленуге мүмкіндігі жоқ болса, сол ораза ұстауы керек, өйткені ол өз шақуатын осылайша баса алады», - деп айтты»”. Әл-Бухари, 1905; Муслим, 1400.

1 – Салиқалы жар таңдау

Ақиқатында, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) отбасының адамға ықпал ететінін растады. Абу Хурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Әр нәресте өзінің тек тума (мұсылмандық) бітімінде (фитрасында) дүниеге келеді, әрі содан кейін ғана ата-анасы оны яһуди, христиан немесе отқа табынушы етеді. Жануарлар да зақымсыз, аман-сау болып туылады – олардың арасынан құлағы кесілген (боп туылғанын) көріп пе едің?» Абу Хурайра осыны жеткізіп, былай деді: «Аллаһ адамды сонымен бірге жаратқан тума сипаты (фитрасы) осындай. Аллаһтың жаратылысын өзгертуге болмайды. Осы тұп-тура дін» («әр-Рум» сүресі, 30-аят). Әл-Бухари, 1358; Муслим, 2658.

Сондай-ақ Абу Хурайраның сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Әйелге төрт (нәрсесі) үшін үйленеді: оның байлығы үшін, оның мал-дүниесі үшін, оның сұлулығы үшін және оның діні үшін. Ендеше, дінге берілген әйелге қол жеткізуге тырыс, әйтпесе ұтыласың!» Әл-Бухари, 5090; Муслим, 1466.

2 – Жыныстық қатынасқа түсердің алдында зікірлер айту

Ибн Аббастың сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: “Егер сендерден әлдебіреуің әйелімен жыныстық қатынас жасағысы келіп: «Аллаһтың атымен. Я, Аллаһ, бізді шайтаннан аулақ ет және Сенің бізге беретініңнен де (баладан) шайтанды аулақ ет», - деп айтса, әрі (сол) ерлі-зайыптыларға балалы болу нәсіп етілсе, шайтан ешқашан оған зиян тигізе алмайды”.



بِاسْمِ اللَّهِ اللَّهُمَّ جَنِّبْنَا الشَّيْطَانَ وَجَنِّبْ الشَّيْطَانَ مَا رَزَقْتَنَا

Бисми Лләһи, Аллаһуммә, жәнниб-на-ш-шайтана уа жәнниби-ш-шайтана ма разақта-на.

3 – Құрсаққа біткен балаға қамқорлықпен қарау қажет әрі жасанды түсік (аборт) жасауға тыйым салынады

‘Уккашаның (Аллаһ оған разы болсын) әпкесі (қарындасы) Жудама бинт Уахб әл-Асадияның былай дегені жеткізеді: “Біз Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде басқа да адамдармен бірге болған кезімізде, мен оның былай деп айтқанын естідім: «Мен емізетін әйелмен жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салғым келді, бірақ сосын емізетін әйелдермен балалары бар екеніне көңіл бөлместен қосылатын әрі бұл олардың балаларына еш зиян тигізбейтін византиялықтар мен парсыларды есіме түсірдім». Сосын (біреу) одан жыныстық қатынасты үзу туралы сұрады, және Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл – баланы жасырын түрде тірідей көму, ал Аллаһ: «(Қиямет Күні) тірі көмілген қыздан оны не күнәсі үшін көмілгені туралы сұраған кезде?» («әт-Такуир», 8-9 аяттар), - деп айтты», - деді”. Муслим, 1442.

Егер Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жыныстық қатынасты үзудің өзін құптамаған болса, онда жасанды түсік (аборт) жасату туралы не айтуға болады?!

Баланың қандай хақылары бар?

1 – Сәбиге жақсы есім таңдау қажет

Бұған Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың жаман аттарын ауыстырып, адамды жақсы атпен атауды өсиет еткендігі туралы хабарланатын хадистер нұсқайды.

Ибн Умардың сөзінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, Аллаһ үшін ең сүйікті есімдер – ‘Абдуллаһ және ‘Абдур-Рахман». Муслим, 2132.

Абу Уахб әл-Жушами (Аллаһ оған разы болсын) атты сахабаның сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны туралы жеткізеді: «Өздеріңді (балаларыңды) Пайғамбарлардың есімдерімен атаңдар. Аллаһ Тағала бәрінен де сендердің ‘Абдуллаһ және ’Абдур-Рахман деген аттарыңды жақсы көреді, ал Хаммам (Шаршамайтын) және Харис (Соқашы) деген есімдер ең шынайы болып табылады, ал ең жиіркенішті есімдер – Харб (Соғыс) және Мурра (Ащы)». Бұл хадисті Ахмад, 4/345; әл-Бухари «әл-Адабул-муфрадта», 814; Абу Дауд, 4950; ән-Нәсаи, 6/218-219; әл-Бәйһақи, 9/306 жеткізген. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген. Қз.: «Силсилә әс-сахиха», 3/34.



2 – ‘Ақиқа3

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Әрбір ұл бала үшін – ақиқа, сол себепті оның атынан (мал) қан шығарып, одан зиянды аулақ етіңдер». Әл-Бухари, 5471.



3 – Емізу

Бұл нәрестенің дүниеге келгеннен кейінгі бірінші кезекті негізгі хақысы. Аллаһ Тағала емізудің мерзімін былай деп бекітті: «Егер аналар өз балаларын емізуді соңына дейін жеткізгісі келсе, оларды толық екі жыл емізеді» («әл-Бақара» сүресі, 233-аят).



4 – Материалдық қамтамасыз ету

Аллаһ Тағала былай деді: «Балалы болған кісіге оның анасының тиісті көрегі мен киімін әдет-ғұрыпқа сәйкес қамтамасыз етуі керек. Ешбір адамға оның шамасынан тыс нәрсе жүктелмейді» («әл-Бақара» сүресі, 233-аят).

Сондай-ақ (Ол былай деп айтты): «Жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдер, өйткені сендерді де, оларды да Біз ризықтандырамыз» («әл-Ән’ам» сүресі, 151-аят).

Әрі (былай деп те): «Кедейшіліктен қорқып, баларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да, сендерді де ризықтандырамыз. Расында, оларды өлтіру зор қателік» («әл-Исра» сүресі, 31-аят).

Әз-Зухри Абу Идрис ‘Аизу-Ллаһ ибн ‘Абдуллаһ Бадр соғысына қатысқан әрі Ақаба түнінде үлкендердің бірі болған ‘Убада ибн әс-Самиттің (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқаны туралы хабарлағанын баяндады: “Бірде Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айналасына бір топ сахабалары бастарын қосқанда, ол оларға былай деді: «Маған Аллаһпен бірге ешбір нәрсеге құлшылық етпейтіндеріңе, ұрлық жасамайтындарыңа, өз перзенттеріңді өлтірмейтіндеріңе, жүректерің тоқып шығарған өтірікті таратпайтындарыңа, және сендерге шариғат құптайтын амалды орындауға шақырғанда, бағынудан бас тартпайтындарыңа ант етіңдер. Аллаһ сендердің осы антқа адал болғандарыңды сый-сауаппен мараппаттайды, ал кім осы (күнәлардың) қайсыбірін істесе әрі осы дүниеде жазаланса, жазасы оның өтемі болады. Ал егер әлдебіреу осы (күнәлардың) бірін жасап, Аллаһ оның (күнәсын) жасырған болса, онда (оның үкімін) Аллаһтың Өзі шешеді: егер қаласа оны кешіреді, ал егер қаласа – жазалайды». Және біз оған осы нәрселерге ант бердік”. Әл-Бухари, 18; Муслим, 1709.

Жоғарыда біз «Кісіге өз иелігіндегі адамның азығын ұстап қалуының өзі оның күнәхар болуы үшін жетіп асады» деген хадисті келтіріп кеткен болатынбыз. Муслим, 996.

Айша (Аллаһ оған разы болсын) былай деп әңгімелейтін: “Бірде Абу Суфиянның әйелі Хинд Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Абу Суфиян – сараң адам, әрі егер мен өзім оның рұқсатынсыз алмасам, ол маған және менің балама жететінін бермейді», - деді, бұған ол: «Өзіңе әрі балаңа әдетке сай жететінін ал», - деді”. Әл-Бухари, 5364; Муслим, 1714.

Әнас ибн Маликтің сөзінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Екі қызды бой жеткендеріне дейін асырап қараған адам Қиямет Күні маған мына екеуі сияқты осыншалықты (жақын) болады», - деді де, осыны айтып, ол өзінің саусақтарын бір-біріне біріктірді. Муслим, 2631.



5 – Сыйлық беруде әділетті болу

Ән-Ну’ман ибн Башир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: “Бірде менің әкем маған сыйлық жасады, бірақ ‘Амра бинт Рауаха: «Сен Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) берілген (сыйлыққа) куә болуын сұрамайынша, мен мұнымен келіспеймін», - деді, Сонда (менің әкем) Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Аллаһтың Елшісі, мен ‘Амра бинт Рауаханың атынан ұлыма сыйлық жасадым, бірақ ол маған сізді куә болуға шақыруымды талап етті!», - деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ал сен тура сондай сыйлықты басқа балаларыңа да жасадың ба?», - деп сұрады. Менің әкем: «Жоқ», - деді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтан қорқыңдар, әрі (барлық) балаларыңа (бірдей) әділетті болыңдар!», - деді, осыдан кейін (менің әкем) кері оралып, маған берген сыйлығын қайтып алды. Әл-Бухари, 2587; Муслим, 1623.



6 – Балаларға намаз орындауды бұйыру қажет

Аллаһ Тағала былай деді: «Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оны сабырлылықпен орында. Біз сенен ризық тілемейміз. Өткені Біз Өзіміз сені ризықтандырамыз. Соңғы табыс тақуалықта» («Та Ха» сүресі, 132-аят).

Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Балаларыңа жеті жастан бастап намаз орындауды бұйырыңдар, ал он жастан бастап оларды осы үшін ұрыңдар, әрі оларды ұйқыға бөлек жатқызыңдар». Ахмад, 2/180; Абу Дауд, 495.

7 – Оларға қарсы «дұға» жасаудан сақтану

Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Өздеріңе де, балаларыңа да, мал-мүліктеріңе де лағынет шақырмаңдар әрі бұл Аллаһтан сый тілейтін уақыт мезгілімен сәйкес келіп қалмасын, өйткені Ол сендердің дұғаларыңды қабылдауы мүмкін». Муслим, 3014.



8 – Жер бетінде жындар таралатын уақытта балаларды өзіңе жақын ұстау қажет

Жәбирдің сөздерінен (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Балаларыңды түн басталарда (күн батар шақта) өздеріңе жақын ұстаңдар, өйткені, расында, осы уақытта жер бетінде шайтандар таралады, ал біраз уақыт өткеннен кейін балаларды жіберулеріңе болады. Әрі түнде үйіңнің есіктерін Аллаһтың атын зікір етіп жауып жүр, шамшырағыңды да Аллаһтың атын айтып өшір, әрі торсығыңды Аллаһтың атын еске алып байла, және ыдысыңды да Аллаһтың атын еске алып жап, ал егер оны жабатын еш нәрсе болмаса, оның үстіне көлденеңінен бір нәрсе қой». Әл-Бухари, 3280; Муслим, 2012.



9 – Балаларыңа игі жолдастар таңдау, әрі оларды жаман ортадан сақтау

Абу Мусаның сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, салиқалы жолдас пен жаман жолдастың мысалы әтір сатушы мен ұстаның көрігін үрлеуші секілді. Әтір сатушыға келсек, сен не одан бір нәрсе сатып аласың, не аңқыған хош иісін сезесің. Ұстаның көрігін үрлеушіге келер болсақ, не ол сенің киіміңді өрттейді, не болмаса сен одан жаман иіс сезінесің». Әл-Бухари, 2101; Муслим, 2628.



10 – Балаларға қатысты мейірімділік пен жұмсақтық (таныту)

Айшаның сөздерінен оның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Бірде қайыр тілеген әлдебір әйел (маған) екі қызымен кіріп келді, алайда менде бір құрмадан басқа оған берер еш нәрсе табылмады. Ол бұл құрманы өзінің қыздарына бөліп берді де, өзі болса бір тістем де татпастан тұрды да, шығып кетті. Кейінірек бізге Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кірді. Мен оған (осы жайлы) айтып беріп едім, ол: «Өзіне сынақ ретінде қыздар беріліп, оларға жақсы қараған адамға бұл қыздар Оттан (Тозақтан) қалқан болалы», - деді”. Әл-Бухари, 1418; Муслим, 2629.

Абу Хурайраның былай дегені жеткізіледі: “Бірде әл-Акра‘ ибн Хабис Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз немересі әл-Хасанды сүйіп жатқанын көрді де: «Расында, менің он ұлым бар, бірақ мен олардың ешқайсысын бір рет болса да сүймеппін», - деді. Сонда Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, басқаларға мейірім жасамайтындарға мейірім жасалмайды!» Әл-Бухари, 5997; Муслим, 2318.

Айшаның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Бірде Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келіп: «Сендер өз ұлдарыңды сүйемісіңдер? Ал біз оларды сүймейміз», - деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Аллаһ сенің жүрегіңді мейірімнен жұрдай етсе, мен не істей аламын?!», - деді”. Әл-Бухари, 5998; Муслим, 2317.



11 – Балаларға жақсы үлгі болу қажет

Бұл жоғарыда келтірілген: «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар, әрі сендердің әрқайсысың өзінің қарамағындағылары үшін жауапкершілік көтереді», - деген хадистен келіп шығады. Әл-Бухари, 893; Муслим, 1829.



12 – Балаларға діндегі олар білуге міндетті болған нәрселерді үйрету керек

Әнас Ибн Мәликтің сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманның парызы», - деп айтқаны жеткізіледі. Ибн Мәжаһ, 224. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-Жәми’», 3914.



Маңызды ескерпе

Балалар сынақ екенін біліңдер! Аллаһ Тағала былай деді: «Негізінде, малдарың мен балаларың алданып-елігу екенін біліңдер. Әрі Аллаһтың қасында зор сыйлық бар» («әл-Әнфал» сүресі, 28-аят).

Әш-Шәнқыти «Адуа ул-Баянда» былай деген: “Аллаһ Тағала бұл аятта адамдарға олардың мал-дүниелері мен балалары алданып-елігу екенін білуді бұйырды. Осы(ған) алданып-елігу арқылы адам оның дүние-мүлкі мен балалары Аллаһ разы болмайтын нәрсені істеуге себепші болар ма екен деп сыналады. Басқа жерлерде сондай-ақ әйелдер де мал-мүлік пен балалар сияқты алданып-елігу болып табылатыны туралы айтылған. Аллаһ Тағала адамға осылар оны Аллаһ разы болмайтын нәрсеге кіргізіп жіберуінен сақтануды бұйырды... Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүминдер! Сөзсіз, әйелдеріңнен, балаларыңнан өздеріңе дұшпан болатындары да бар. Олардан сақсыныңдар. Ал егер кішіпейіл болсаңдар, мейірімділік танытсаңдар, әрі оларды кешірсеңдер, шәксіз, Аллаһ Өте Жарылқаушы, Ерекше Мейірімді» («әт-Тағабун» сүресі, 14-15 аяттар). Басқа аятта Аллаһ Тағала мүминдерге балалар мен дүние үшін Аллаһты еске алудан тосылуға тыйым салды. Ол кім бұған түссе, сол зиянға ұшырағанын хабарлады. Аллаһ Тағала: «Әй, мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Аллаһты еске алудан тоспасын. Әлдекім бүны істесе, міне, солар зиян тартушылар», - деді («әл-Мунафиқун» сүресі, 9-аят). Аятта алданып-елігу сөзінің астарында емтихан әрі сынақ деген меңзелуде. Қз.: «Адуа ул-Баян», 2/51-52.

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Сендерге туыстарың да, балаларың да ешбір пайда бермейді. Аллаһ Қиямет Күні араларыңда үкім шығарады. Аллаһ істегендеріңді толық біледі» («әл-Мумтахана» сүресі, 3-аят).

Балалар сынақ болып саналады! Аллаһ Тағала бізді сынауда: балаларға қатысты, олардың хақыларын жақсы орындай отырып біз Одан қорқатын боламыз ба, немесе басқаша әрекет етеміз бе – Аллаһ Тағала бізден осыны сұрайды.

Ма‘кил бин Йасардың (Аллаһ оған разы болсын) былай дегені хабарланады: “Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім: «Егер Аллаһ Өзінің құлдарының қайсыбіріне әлдебіреуге қамқор болуды тапсырса, ал ол оларға ықыласпен қарайласпаса, оған ешбір жағдайда Жәннаттың хош иісін сезу нәсіп етілмейді!» Әл-Бухари, 7150; Муслим, 142.

Балалар адамды Аллаһты зікір етуден тосуы мүмкін, оны Аллаһқа мойынсұнбауға апаруы мүмкін, ал кейде олар тіпті сақтануға тиісті дұшпанға айналуы мүмкін.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы ағаттықтарды қалай өтеу керектігін былай деп көрсетіп кетті: «Адамның әйелімен, ақшасымен, балаларымен және көршісімен байланысты алданып-елігуі (фитнасы) намазбен, оразамен, садақамен, адамдарды шариғат мақұлдайтын амалды орындауға шақырумен және жамандықтан тосумен өтеледі». Әл-Бухари, 525; Муслим, 144.



اللهم اجعلنا هداة مهتدين لا ضالين و لا مضلين و صل اللهم على محمد و على آله و صحبه و سلم

Әрі соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақтар болсын!

Алынған дереккөз: «Саляф – Форум»

Қазақ тіліне аударған: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы


1 Сөз балалар туралы болуда.

2 Бұл жерде қайтыс болған кісі өзінің өлімінен кейін жарлы-кедейлерге таратуды бұйырған, немесе оларға қайырымдылық мақсаттарда уақф ретінде мал-дүниені мұраға қалдыруы сөз болуда. Мысалы, адам өзінің өлімінен кейін адамдар баратын мешіт соғып берді, немесе оның өлімінен кейін де адамдардың қажетіне жарап жатқан құдық қазды.

3 Ақиқа деп бала туылған соң жетінші күні Аллаһ Тағалаға Оның ата-анаға ұлы нығмет беріп, бала сыйлағаны үшін шүкірлік ретінде шалынатын құрбан аталады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Балалы болған және сол үшін құрбан шалғысы келген кісі ұл бала үшін екі қой, ал қыз бала үшін бір қой құрбан шалсын», - деген. Абу Дауд 2842. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.

Құрбанды бала туылғаннан кейін жетінші күні шалу керек, ал мұндай мүмкіндік болмаса, онда - он төртінші, немесе жиырма бірінші күні. Бурайдадан (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «‘Ақиқа (құрбан шалу) (бала туылғаннан кейін) жетінші, он төртінші немесе жиырма бірінші күні жасалады». Әл-Байһақи 9/303. Хадис сахих.



Осы орайда айта кететін маңызды ескертпе – кейбір мұсылмандар қателікпен ақиқа деп құрбан шалу рәсімін емес, бала туылуына байланысты дастархан жайып қонақ күтуді атап жатады. Алайда Ақиқа – бұл бала үшін құрбан шалу рәсімі. Ал оған қоса дастархан жайып қонақ күтіп, адамдарға тамақ таратылып жатса – бұл құпталады, алайда ақиқаның шарты болып табылмайды. Яғни бала туылғаннан соң жетінші, он төртінші, жиырма бірінші күні орындалуға тиіс рәсім – бұл мал сою. Ал дастархан жайып, қонақ күтіп, қуанышты жариялау туралы айтар болсақ, бұны осы күндерде де, өзге кез-келген күні де орындауға болатын рәсім. Ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі (аудармашыдан).



©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет