Кішкентай қыз
Жаңа туған нәрестеге әлбетте, иткөйлек кигізген. Ал есі кіріп қалған қыз балаларға көйлек кигізіп, тұлымшағын өріп қойған. Басына тақия кигізіп, үстіне тізесін жауып тұратын көйлектер кигізген.
Бойжеткен
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? (Абай)
Жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Қыздардың киімдері қайта оралмас қыздық дәуреннің белгісіндей аса ұқыптылықпен тігілген. Ою-өрнектің сан түрімен әшекейлеп, түрлі тастармен безендірілген. Бұрымын әсемдеп өріп қойып, шолпысын сылдырлатып жүрген бойжеткендер талай жүректі дір еткізген. Қазақ қыздары осынау сұлулығын сырт көзден бүкпей, керісінше қырмызы гүлдей құлпырып жүрген. Шашқа бойжеткен мен оның жеңгелері ерекше құрметпен, күтіммен қараған. Шашқа арналып тағылатын әшекейдің түр-түрі қыздардың қобдишасынан табылған. Аңыз болып
«Көрінер қыздар сұлу шашбауымен,
Бұрымын кейін сілкіп тастауымен» - деген өлең жолдары қалған. Қазақ қызы ешқашан шашын жасырып жүрмеген. Қазақта мынадай ырым-тыйым бар: «Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулық, қара – қайғы».
Жарасқан келбетіне қарқарасы.
Сұлуға әркімнің-ақ бар таласы.
Әнге арқау болған сирек кездесетін ерекше бас киімнің бірі – қарқара. Биік әрі шошақ, әсем безендірілген, сұлу құстардың қанат қауырсынын қадаған бас киімді жас келіншектер, қыздар сән-салтанаты мен жарасымын арттыру үшін киген. Қарқараны киюден хан балалары, сұлтан, төрелер де тыс қалмаған.
Ал қыста және жазда киілетін бөріктің сәні де бөлекше. Кейбір зерттеушілер бөріктің көне түркі тілінде шапка мағынасында қолданылғанын айтады. Бөрікті ерлер де киеді, бірақ, қыздар бөркінің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қалыңдау, қымбат матамен тысталып тігіледі, жиегі бағалы аң және мал терілерімен көмкеріледі.
Қызықты қыз дәурені артта қалып, сүйгенінің шаңырағына келін боп түсуге қамданған бойжеткендер киетін келісті бас киім – сәукеленің сәні мен мәні, жолы мен жоралғысы тіптен бөлек. Ол ұзатылатын қыздың сұлулығы мен салтанатын, байлығы мен бағасын асыра түседі. Мәселен, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпей: «19-ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Сержан төре 500 байталға бағалаған» деген деректі алға тартады. Аса қымбат маталармен қапталып, алтын, күміс, інжу сынды асыл тастардан жасалған моншақтар тағылатын таңдаулы бас киімге таңдай қағып, тамсанбайтындар кемде-кем.
Келіншек
Келін өзге шаңырақтың босағасын аттаған соң, оған жаулық салып, еншілейді. Яғни, орамал – тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Балалы болмағанға дейін үй тірлігін атқарғанда кедергі келтірмес үшін, тамақ пісіргенде шашы тамаққа түсіп кетпес үшін, басына орамал тағып жүреді. Сондай-ақ, жас келін сұқтанған көзден сақтану үшін де орамал тартады. Наным-сенімі берік халқымыз келінін тіл-көзден сақтау үшін орамал таққызған.
Әйелдер
Қазақ әйелдері көбіне үй шаруасымен айналысып, шаңырақтың ырысын сақтап отырған. Салт бойынша, балалы болғаннан кейін әйелдер кимешек киген. Яғни, кимешек кию – ана болғанның белгісі. Неге киген? Себебі, кимешек баланы емізгенде айналаға өңірін ашып көрсетпей, төсті жауып тұрады. Ол кеуде, иық, жонды жауып тұратын, әйелдің бет-әлпеті анық көрініп тұратын киім. Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізсе, шайтан түртіп, қайызғақ баланың аузына түсіп кетеді деп ырымдаған. Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болады, сәйкесінше, әйелдер үй мен қонаққа киетін кимешектерін бөліп киген. Кимешекке кестемен өрнек салып, түрлі моншақпен әсемдеу оның ері, яғни, күйеуі бар екенін білдірген. Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап таққан.
Достарыңызбен бөлісу: |