Бекітілген қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы



бет11/13
Дата12.06.2016
өлшемі2.2 Mb.
#129831
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Заңнаманы жақсарту

1. Ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымының, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде жасалатын халықаралық құқықтық базаның талаптарына сәйкес келтіру.

2. «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Экспортты және экспортты экономикалық ынталандыру құралдарын дамыту мен жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесін бекіту, сондай-ақ сауда құрылымының дамуын реттеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

3. Электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру.



2.14 Бағдарламаны қаржылық қолдау құралдары
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

Әлемдік қаржы дағдарысы отандық экономиканы шетелдік кредиттік қаражатпен қорландыруды уақытша тоқтатты, осыған байланысты отандық қаржы ұйымдары үшін сыртқы қорландыруға қол жеткізу жабылды не шектеулі болып қалды. Екінші деңгейдегі банктердің Бағдарламаға енгізілген ұзақ мерзімді және орта мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін «ұзын ақшасы» жоқ. Осыған байланысты Бағдарламаны даму институттарының қатысуымен қаржыландырудың көлемі мен құралдарын ұлғайту қажеттігі туындайды.



Негізгі міндеттер

Құралдарды кеңейту арқылы экономиканың басым секторына инвестицияларды және қаржыландыру көздерінің қол жетімділігін ұлғайту.


Нысаналы индикаторлар

Жоспарланған кезеңде экономиканың басым секторларының негізгі капиталына кемінде 6 280 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тарту.


Іс-қимылдар стратегиясы

Отандық кәсіпорындарды және инвестициялық жобаларды республикалық және өңірлік деңгейде қаржылық қолдау құралдарының, операторлары мен агенттерінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл ретте, экономиканың басым секторларындағы инвестициялық қызметті жандандыруды ынталандыратын нарықтық тетіктер мемлекеттік қаржылық қолдаудың негізіне алынады.

Мемлекеттік құралдарды қолдану саясатында жеке меншік қаржы ресурстарын жұмылдыруға және екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарының кредиттік қызметін индустрияландыру мақсатына шоғырландыруға баса мән берілетін болады.

Қаржылық қолдау жүйесі отандық өндірушілер үшін қаржы ресурстарының қол жетімділігін арттыруға, инвестициялық жобалардың қажеттіліктеріне, олардың өзін-өзі ақтауы мен рентабелділік көрсеткіштеріне сәйкес қаржыландырудың қолайлы шарттарын ұсынуға шоғырланады.

Мемлекеттік қаржы ресурстары мемлекеттік және жеке меншік операторлар арқылы жіберілетін болады. Мемлекеттік сектордың операторларына мыналар жатады:

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ; «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «Қазагроқаржы» АҚ, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ, «Даму» ШКДҚ» АҚ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, «Kaznex» экспортты жылжыту корпорациясы» АҚ, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ және басқа да ұйымдар.

Жеке меншік операторларға мыналар жатады: екінші деңгейдегі банктер, халықаралық даму институттары, лизингтік компаниялар, инвестициялық компаниялар және қаржыландырушы басқа да ұйымдар. Бұл ретте, жеке меншік операторларды іріктеу өлшемі қоғамдастық үшін анық әрі ашық болады және қатысатын барлық әлеуетті қатысушылардың жобаны іске асыруға тең (кемсітушіліксіз) қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс. Өлшемдері мен тәртібін Үкімет айқындайтын болады.

Операторлар мен құралдардың жұмыс істеуі қаржы ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану, қолдау көздері мен құралдарының кең спектрін ұсыну және мемлекеттің тәуекелдерді жеке меншік сектормен бөлісу қағидаттары бойынша ұйымдастырылатын болады.

Мемлекеттік сектордың операторлары қаржылық қолдау көрсетудің, орнықты жұмыс істеудің мынадай қағидаттарға негізделген тетігін қалыптастырады:

қаржылық қолдау көрсетудің теңгерімділігі;

мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын қаржыландыру және көрсету жөнінде шешімдер қабылдаудың уақтылылығы;

мемлекеттік ұйымдардың белгілі бір операциялар мен қызмет түрлеріне мамандануы;

қаржыландыру және әртүрлі құралдарын белгілі бір инвестициялық жобада кіріктіру саласында мемлекет пен жеке меншік қаржы институттары арасындағы кооперация.

Мемлекеттік сектор операторларының қызметі Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерінің барынша тиімділігіне қол жеткізуге бағдарланатын болады. Қажетті қаржыландыру көлеміне сәйкес ұйымдардың өндірістік қуаттары мен қызметкерлер саны ұлғайтылады немесе қысқартылады, ішкі бизнес үдерістері оңтайландырылып, қарау рәсімдері т.б. регламенттелетін болады.

Мемлекеттік сектор операторларының инвестициялық саясаты мен басымдықтары индустриялық даму қажеттіліктеріне шоғырландырылып, бағытталатын болады.

Бағдарлама операторлары экономиканың құрылымын сапалы өзгертуге және оның орнықты өсуіне ықпал ететін жобаларды инвестициялау саясатын жүргізетін болады. Мыналар жобаларды қаржыландырудың негізгі өлшемдері болып табылады:

Бағдарламаның басымдықтарына сәйкестік;

жобаға міндетті түрде өзінің қатысуы;

экспортқа бағдарлану;

бәсекеге қабілетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіру. Бұл ретте, өнім осыған ұқсас әлемдік стандарттарға сәйкес болуы және құны жағынан бәсекеге қабілетті болуы тиіс;

қосылған құны жоғары өнім өндіру, бұл ретте, қосылған құны барынша жоғары немесе әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін элементтері бар жобаларға басымдық берілетін болады;

еңбек өнімділігін арттыру;

энергия тұтынуды қысқарту;

ресурс үнемдеуді ұлғайту;

қазақстандық қамтуды дамытуға ықпал ететін өндіріс, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту;

инновациялар мен озық технологияларды дамыту және енгізу.

Мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі инвестициялық белсенділікті ынталандырудың нарықтық тетіктерін құруға ықпал ететін болады, ол мынадай негізгі құралдарды қолдануды көздейді:

кредит беру;

лизингтік қаржыландыру;

үлестік қаржыландыру;

кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау;

корпоративтік кепілдіктер (кепілгерліктер) беру;

сервистік қолдау;

экспорттаушылар үшін гранттар беру;

экспорт алды қаржыландыру – экспорттаушылар кәсіпорындарын саудалық қаржыландыру және олардың экспорттық операцияларын сақтандыру;

өнімді сатып алуға арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар;

ҒЗТКЖ-ні гранттық қаржыландыру;

мемлекеттік кепілдіктер және мемлекеттің кепілгерліктері түріндегі мемлекеттің шартты міндеттемелері.

Мемлекеттік қаржылық қолдау шарттары мынадай шарттар ескеріле отырып, Бағдарламаның басымдықтарына сәйкес берілетін болады:

сыйақы ставкалары – сыйақы ставкаларын саладағы инвестициялардың орташа салалық рентабелділігі мен өзін-өзі ақтауын ескере отырып, нарықтық деңгейден төмен деңгейге дейін азайту жөнінде шаралар қабылданатын болады;

мерзімдер – жобалардың тиісінше өзін-өзі ақтауына және қаражаттың қайтарылуына қол жеткізу мақсатында қаржыландыру мерзімдерін ұзартуға назар аударылатын болады;

қаржыландыру өлшемдері – осы Бағдарламаның және басқа да бағдарламалық құжаттардың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес әзірленетін болады;

қаржыландыру лимиттері – салалық бағытталуды және шаруашылық қызмет субъектілерінің (ірі, орта және шағын бизнес) мөлшерін ескере отырып белгіленетін болады.

Кәсіпорындар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру, мемлекеттің жобалардағы қатысу үлесін, операторлар мен қолдау құралдарын айқындау, сондай-ақ жеке меншік қаржы секторын тарту үшін республикалық және өңірлік деңгейде қолдаудың тиісті бюджеттік бағдарламалары қалыптастырылатын болады.

Қол жеткізілуі тиіс нысаналы көрсеткіштер, орындау мониторингінің алгоритмі, сондай-ақ көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау әдістемесі және бөлінген қаржы ресурстарының мақсатты пайдаланылуын бақылау тетіктері бекітілетін болады.
3. Экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
Негізгі міндет

Өсу полюстерін қалыптастырып, индустриялық даму үшін бәсекелі артықшылыққа ие, елдегі экономикалық белсенділікті шоғырландыратын, елдің қалған аумақтары үшін «локомотив» рөлін атқаратын әрі елдің өңірлік және жаһандық нарықтармен кірігуін қамтамасыз ететін аумақтарда экономиканы шоғырландыруды қамтамасыз ету.


Іс-қимылдар стратегиясы

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустрияландыру саясатының аумақтық аспектісі өзара байланысты екі бағыт бойынша іске асырылатын болады.

Бірінші – олардың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өңірлерде экономиканың басым секторларының өндірістерін ұйымдастыру.

Екінші – елдің қалыптасып жатқан мегаполистерінің және оларға іргелес аумақтардың негізінде басып оза өсу аймақтарын құру.

Қарастырылып отырған кезеңде индустриялық жаңғырту негізінен экономиканың экспортқа бағдарланған дәстүрлі салаларын, сондай-ақ өндіріс факторларын қарқындату негізінде осы секторлардың сұранысына бағдарланған ілеспе салаларды дамытумен айқындалатын болады.

Қалыптасқан оқшаулау орталықтарында дәстүрлі және секторлардың ішкі сұранысына бағдарланған өндірістерді орналастыру шикізат, электр энергиясы және көлік инфрақұрылымына немесе өткізу нарықтарына жақын көздеріне байланыста жүзеге асырылатын болады.

Агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп және туризм саласында экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерді дамыту осы секторлардағы қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды және елдің еңбек ресурстары ұтқырлығының салыстырмалы түрде төмен болуын ескере отырып, ірі қалалардың базарларына бағдарлана отырып, осы салалар үшін дәстүрлі өңірлерде немесе еңбек ресурсы жоғары өңірлерде жүзеге асырылатын болады.

Экономиканың ұзақ мерзімді және сапалы өсу перспективалары жоғары технологиялы, инновациялық жаңа өндірістердің қажетті ғылыми-техникалық және білім беру әлеуетіне, коммуникациялық инфрақұрылымға ие қалыптасып жатқан Астана және Алматы агломерацияларына және оларға іргелес аумақтарға шоғарылануымен айқындалатын болады.

Еңбек пен капиталдың ауқымынан, ұтқырлығынан үнемдеуде көрініс тапқан агломерациялық әсер, өндіріс факторларынан қайтарымдылықты ұлғайту жиынтығында осы қалаларда елдің қалған өңірлері үшін жаңа мүмкіндіктердің мультипликациясымен экономиканың баса оза өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бизнестің, мемлекеттің салалық және аумақтық органдарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік беретін тұрақты түрде өзектендірілетін құрал өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы елдің өндірістік әлеуетін оңтайлы орналастырудың құралына айналады.

Бұл ретте Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын, сондай-ақ басқа да қала құрылысы құжаттарын (аумақтық дамудың өңіраралық схемалары, аумақтың қала құрылысын жоспарлайтын кешенді схемалар, елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу үшін негіз болып табылатын Қазақстанды аумақтық-кеңістіктік дамытудың болжамды схемасының құрамдас бөлігіне айналады.
3.1 Экономиканың басым секторлары бөлінісінде өндірістік әлеуетті аумақтық ұйымдастыру

1. «Дәстүрлі индустрия» (мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия, атом)

Қазақстан экономикасының экспортқа бағдарланған дәстүрлі салаларының жаңа өндірісін орналастыру үшін шикізат, энергия және көлік инфрақұрылымы көздеріне жақындығы айқындаушы фактор болып қала береді.

Мұнай-газ саласының негізгі кәсіпорындары минералдық-шикізат базасының және мұнай мен газ өндірудің орналасу аудандары болып табылатын батыс облыстарда және Қызылорда облысында орналасқан. Жаңа өндірістерді перспективалы орналастыру Каспий теңізінің қазақстандық секторының кен орындарын игерумен байланысты болады.

Көмірсутек шикізатын (Ақтау қаласында битум, Атырау облысында кіріктірілген газ-химия кешені базасында полиэтилен және полипропилен өндіру) тереңдете өңдеуге байланысты жаңа өндірістерді орналастыру шикізат көздеріне, ал үш МӨЗ-ді (Атырау, Павлодар, Шымкент) қайта жаңарту – қазіргі инфрақұрылымға және тұтыну нарықтарына бағдарланатын болады.

Кен металлургиясы кешенінің кәсіпорындары алдағы уақытта да негізінен елдің Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Жезқазған қалаларындағы салалық мамандандырылған орталықтары бар солтүстік-шығыс, орталық және солтүстік-батыс бөліктерінде шикізат және арзан электр энергиясы көздеріне, қолда бар өндірістік қуаттарға, инфрақұрылымға және білікті еңбек ресурстарына жақын орналастырылатын болады.

Металлургиядағы және металл өңдеудегі неғұрлым жоғары бөліністі өндірістің жаңаларын орналастыру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту мыналарға байланысты болады:

бастапқы бөліністі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға – болат (Қарағанды облысы), титан құймаларын (Шығыс Қазақстан облысы), феррохром (Ақтөбе облысы) өндіру, рельстер мен прокат (Павлодар облысы), ферросиликомарганец (Жамбыл облысы) өндіру, арнайы болат (Қарағанды және Қостанай облыстары) өндіру;

арзан электр энергиясы көздеріне – алюминий (Павлодар облысы), катодты мыс (Шығыс Қазақстан облысы) өндіру.

Шикізат көздеріне байланыстыра отырып, бастапқы бөліністі химия өнеркәсібі кәсіпорындарын орналастыру (Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары – азот, фосфор, калий, кешендік минералды тыңайтқыштар), неғұрлым жоғары бөліністер қазіргі өндірістік қуаттарға, қажетті біліктілігі бар еңбек ресурстарына, ғылыми-техникалық базаға және тұрғындар, өнеркәсіп кәсіпорындары (арнайы химикаттар мен тұтыну химиясы – Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы; каустикалық сода – Павлодар қаласы, күкірт қышқылын өндіру – Ақмола, Қызылорда және Жамбыл облыстары) тарапынан сұранысқа байланысты, резеңке-техникалық бұйымдар өндіру – Қарағанды облысы.

Салалық мамандану орталықтары: Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Алматы.

Атом өнеркәсібі кәсіпорындарын орналастыруға бұрынғыдай шикізат көздерінің, өндірістік-техникалық және ғылыми базаның болуы, сондай-ақ саланың тарихи қалыптасқан аумақтық оқшаулануы сияқты факторлар әсер ететін болады.

Атом салысының ерекшелігін ескере отырып, оны дамыту уран шикізатын өңдеудің дәстүрлі өңірлерінде – Оңтүстік Қазақстанда, Ақмола облысында, өңдеу – Ақмола (Степногор тау-кен химия комбинаты) және Шығыс Қазақстан (Үлбі металлургия зауыты) облыстарында жалғасады.

Салалық мамандану орталықтары: Өскемен, Степногор.

Жалпы, экономиканың шикізат секторларының босатылатын артық еңбек ресурстары өндірістің қарқын алуына байланысты шикізатты тереңдете өңдеуге бағдарланған, жоғары технологиялы жаңа кәсіпорындарға қайта бөлінетін болады.

2. Ішкі сұраныс базасындағы салалар (машина жасау, фармацевтика, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс индустриясы)

Ішкі сұранысқа негізделетін салаларды дамыту үшін сұраныстың, тұрып қалған, бірақ жүргізілген инженерлік-көлік инфрақұрылымы бар қалалардың өнеркәсіп аймақтарын қалпына келтіруді қажетсінетіндерді қоса алғанда, өндірістік-инфрақұрылымдық және технологиялық базасының болуы, өнімді, құрамдауыштарды және жабдықтарды жеткізуде көлік шығындарының төмен болуы басым фактор болады.

Салалардың осы тобының жаңа өндірістерін орналастыру дәстүрлі секторлардың кәсіпорындарымен қатар Алматы, Астана қалаларында да жүргізілетін болады.

Машина жасаудың жаңа кәсіпорындары бейініне сәйкес орналастырылатын болады:

ауыл шаруашылығы машинасын жасау – ауыл шаруашылығы қызметі қомақты өңірлерде – солтүстік және шығыс өңірлер (Қостанай қаласында ауыл шаруашылығы техникасын жасау жобасы, Семей қаласында «Беларусь» маркалы тракторлар жасау);

мұнай-газ машинасын жасау – мұнай-газ өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындарының мамандандырылған жабдықтарға, шығыс материалдарына және олардың құрамдауыштарына сұранысына бағдарлана отырып, қарқынды дамып келе жатқан мұнай-газ өндіруді технологиялық қамтамасыз ету мақсатында батыс өңірде (Атырау және Орал қалаларында мұнай-газ машинасын жасау жобалары) және қазіргі өндірістік қуаттар – Алматы қаласында, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында;

тау-кен машинасын жасау – тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындарының сұранысына бағдарлана отырып, орталық және шығыс өңірлерде (Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жобалар);

электр-техникалық машина жасау – қолда бар өндірістік базаға бағдарлана отырып, оңтүстік және орталық өңірлерде (Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы жобалар);

көліктік машина жасау – білікті еңбек ресурстарының, аралас саладағы құрамдауыштар мен қосалқы бөлшектер өндірісінің болуына бағдарлана отырып, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде (Қостанай қаласында жол-құрылыс техникасын және автобустар жасау, Астана қаласында локомотив құрастыру зауыты, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында жеңіл автомобильдер, Ақмола облысы Атбасар қаласында электровоздар, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында және Павлодар облысы Екібастұз қаласында жүк вагондарын жасау);

қорғаныстық машина жасау мемлекеттік тапсырыс тетігі арқылы машина жасау кәсіпорындарының қазіргі қуаттарына негізделетін болады.

Салалық мамандану орталықтары: Астана, Алматы, Қостанай, Семей, Орал, Өскемен, Петропавл.

Фармацевтика өнеркәсібі кәсіпорындары бұрын құрылған ғылыми-өндірістік (Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласы) базаға, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымының, біліктілігі жоғары еңбек ресурстарының (Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Алматы мен Астана қалалары) болуына байланысты орналастырылатын болады. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Астана қаласында фармацевтикалық фабрика салу».

Салалық мамандану орталықтары: Алматы, Шымкент, Астана, Қарағанды.

Құрылыс материалдары өнеркәсібінің жаңа өндірістерін орналастыру жергілікті шикізат көздеріне, өткізудің жергілікті нарықтарының болуына, құрылған өндірістік-технологиялық базаға байланысты болады.

Цемент зауыттарын салу және жаңғырту, сондай-ақ керамика, шыны, гипс блоктарын, жеңілдетілген құрылыс панельдерін, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру шикізат базасы мен өткізу нарықтарына (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары) бағдарланатын болады.

Индустриялық құрылыс комбинаттары өткізу нарықтарына (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары) бағдарланатын болады.

Салалық мамандану орталықтары: Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен, Атырау.

3. Экспорттық әлеуеті бар салалар (АӨК, жеңіл өнеркәсіп, туризм)

Аграрлық индустрия елдің орталығында, солтүстігінде, оңтүстігі мен шығысында дамитын болады.

Агроөнеркәсіп кешені мен балық шаруашылығының өңдеу кәсіпорындарын орналастыру шикізат көздеріне де, ірі қалалардың өткізу нарықтарына да бағдарланатын болады.

Астана мен Алматы қалаларының айналасында азық-түлік белдеулерін қалыптастыру басымдыққа ие болады.

Агроөнеркәсіп кешенінің астық пен етті тереңдете өңдеуге бағытталған негізгі өндірістері негізінен солтүстік өңірлерде орналастырылатын болады.

Салалық мамандану орталықтары: Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Алматы, Қызылорда, Атырау.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары құрылған өндірістік-технологиялық базаға, шикізат және еңбек ресурстарының болуына, сондай-ақ ұсынылатын және перспективалы ішкі және әлемдік сұранысқа байланысты Алматы, Шымкент, Семей қалаларында орналастырылатын болады.

Салалық мамандану орталықтары: Шымкент, Талдықорған, Семей.

Туристік қызмет негізгі рекреациялық аймақтардың, республиканың көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымы дамыған мәдени-тарихи және іскерлік орталықтарының маңында қалыптастырылатын болады.

4. «Болашақ экономикасының секторлары» (ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнология, балама энергетика, ғарыш қызметі)

«Болашақ экономикасының секторларының» ғылымды қажетсінетін өндірістерін орналастыру және инновациялық жүйелердің орталықтарын қалыптастыру білім беру-инновациялық және бизнес-технологиялық әлеуеті, біліктілігі жоғары мамандары мен мамандандырылған қызметті жеткізушілері бар Астана және Алматы қалаларында жүргізілетін болады.

Ақпараттық технологиялар саласында ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарланған, шетелдік жетекші компаниялардың процессингтік орталықтарының әлеуетін ықпалдастыратын өндірістерді дамыту үшін «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» АЭА база болады. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені Астана қаласында орналастырылатын болады.

Биотехнологиялар саласындағы инновация Астана мен Алматы қалаларында бұрын құрылған ғылыми енгізу базасы және медициналық кластер негізінде, баламалы энергия көздері және жаңа материалдар саласындағы инновация – Астана қаласындағы Nazarbayev university, Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университеті және Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ негізінде дамитын болады.

Инфрақұрылым объектілерін орналастыру

Энергия өндіретін кәсіпорындарды орналастыру және магистральдық электр желілерін салу электр энергиясына деген перспективалы сұраныспен және индустрияландырудың қажетіліктері, сондай-ақ шикізат көздеріне жақындығы ескеріле отырып әзірленген электр энергиясының 2020 жылға дейінгі болжамды теңгерімімен айқындалатын болады.

Батыс Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесін жою үшін Орал ГЖЭС-ін іске қосу және Атырау ЖЭО-ны кеңейту, елдің оңтүстік өңірлерінде – 2011 жылы Мойнақ ГЭС-ін, Ақшабұлақ ГЖЭС-ін, 2013 жылға Балқаш ЖЭС-інің екі энергия блогын тұрғызу және осы объектілердің қуаттарын Алма 500 кВ төмендету станциясы арқылы беру ұйғарылып отыр.

Солтүстік энергетикалық аймағында қосымша қажеттілік пен Екібастұз бассейнінде арзан көмірдің бар екенін ескере отырып, Екібастұз және Ақсу ГРЭС-і жаңғыртылатын болады, ал электр энергиясының артық көлемі энергия тапшылығы бар Оңтүстік және Шығыс энергетикалық аймақтарына қайта бөлінетін болады.

Көлік-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру және орналастыру сыртқы нарықтарға шығаруды және ішкі нарықпен байланыстыруды қамтамасыз ету міндеттерін шешуге бағытталатын болады.

Бұл ретте, оның тапшылығы байқалып отырған елдің батысы мен оңтүстігінде дамыған көліктік-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру стратегиялық маңызды болады.

Осылайша, көлік және энергетика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру кеңістікті дамуға неғұрлым серпінді сипат береді және энергиямен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді төмендетеді.


3.2 Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру

Әлемдік тәжірибеге сәйкес сараланған ірі қалалар агломерация әсері негізінде мультипликативтік ауқымда бәсекелі артықшылықтарды реттей отырып, экономикалық өсу орталықтарына айналады.

Қазақстанда негізгі сауда-саттық жолдарында орналасқан Астана және Алматы қалалары осындай әлеуетке ие. Олар сауда, қаржы, технология және мәдени алмасулардың еуразиялық жүйесіндегі аса маңызды орталықтарға айналуы тиіс.

Осы мақсаттарда Астана және Алматы қалалары мен оларға іргелес Алматы, Ақмола облыстарының аумағында мынадай жартылай функционалдық аймақтар қалыптастыру ынталандырылатын болады:

технологиялар трансфертіне бағдарланған жоғары технологиялы өндірістер, озық шетелдік компаниялардың процессингтік орталықтары (БК, филиалдар);

инновациялық даму (Алматы қаласындағы «Алатау» АТП, Астана қаласындағы Nazarbayev university);

жалпыұлттық және перспективада орталықазиялық дистрибуция (сауда және қызметтер);

перспективада Орталық Азиядағы аса ірі сауда-логистикалық орталықтар (Сингапур, Гонконг үлгісінде), авиатранзит орталықтарын («хабтар») қалыптастыра отырып, көліктік-логистика және логистика-процессингтік қызметтер;

туристік-рекреациялық мамандану – Алматы және Ақмола облысының аумақтарына іргелес рекреациялық ресурстардың ірі шоғырларының, сондай-ақ ойын-сауық индустриясының негізінде (мысалы, Қапшағай қаласында, Щучинск – Бурабай аймағында ойын бизнесі орталықтарын құру);

спорттық мамандану (Алматы қаласын қысқы спорт түрлерінің халықаралық орталығына айналдыру);

медициналық және білім беруде мамандану (Алматы және Астана қалаларында ұлттық, кейіннен өңірлік деңгейдегі орталықтар қалыптастыру);

бизнесті ұйымдастыру және жүргізу (Алматы және Астана қалаларына халықаралық ұйымдардың өкілдіктері мен кеңселерін, аса ірі трансұлттық компаниялардың филиалдарын көшіруді ынталандыру);

азық-түліктік мамандану (мегаполистердің азық-түлік белдеуі).

Перспективада Алматы агломерациясы өсу орталығы ретінде өзіне Қапшағай бағытындағы серіктес қалаларды қамтитын болады.

Астана қаласын өсу полюсі ретінде дамыту даму дәліздерін қалыптастыру және перспективада кейіннен оған Қарағанды агломерацияларының қалаларын және Щучинск – Бурабай курорттық аймағының тарту негізінде өсудің желілік аймақтарын қалыптастыруға айналуы тиіс.

Негізінен сервистік функциялардың шоғырланыумен қамтамасыз етілген Астана және Алматы қалаларын жеделдете дамыту ішкі сұранысқа бағдарланған секторлар үшін мультипликативтік әсер етеді.

Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру мақсатында Астана және Алматы қалаларын дамытуды қолдау экономикалық белсенділікті және инвестициялық тартымдылықты ынталандырудың түрлі тетіктері арқылы, оның ішінде қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттік инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет