«Здрәсти, нәшендік!»
Көктемгі егіс. Қарбалас. Соқа айдау, тұқым себу. Тағы да атам, шабам, қырам деп, дік-дік еткен Сарманов өкіл.
Ат арық, жер қатты. Көлік жетіспегендіктен соқаға буаз бие, сиыр жегіледі.
Тағы да таңқасқа. Тағы да мектеп жабылып қалған. Біз, ер балалар, соқаның атына мінеміз. Соқаның атына міну тұлықтастың атына мінуден өткен азап. Бір соқаға төрт ат жегіледі. Көтерем арық аттар. Таңқасқадан түнге дейін тыным болмайды. Тепең-тепең тебініп шаршағанның көкесі осында.
Ата-бабасынан бері қарай шүйгін жер, таза ауаны қуалап кешіп жүріп күнелткен қазекең іші ала көлеңке сыз тамға жазы-қысы қамалып шыдамайды. Күн жылып, жер қарайысымен кеңістікке шығуды арман етеді. Отырықшылық тұрмысты еңселерін басқан қапастай көреді. Оған бейімделгісі, көнгісі келмейді.
Бұл араның халқы бұрынғы кезде қыс кетіп, жаз оралатын құс тәрізді болған. Жаз болса қотарылып, Сырт пен Шәлкөденің көкжасыл жайлауына көшетін, сонда ауыл-ауыл боп, малдары мыңғырып, қасірет пен қайғыны тек құдайдан күтіп отыратын. Қыста Тек ес бойын, таудың күнгей жақ сай-саласын қыстайтын.
Қазір артель боп біріккенмен сол әдет бірден үзіліп қалмайды. Халықтың желпініп жайлауға шыққысы келеді. Оған бірақ артынып-тартынып көшуге жарайтын мал жок.
Жайлау бұл күнде поселіктің дәл қасы болған. Киікбай мен Найза ауылының екі арасы көңілді көгал жазық. Сыз тамнан жалыққан халық қазір осында көкке шығып қонған. Кйіз үйі барлар киіз үй, киіз үйі жоқтар қалқиған алты аяқ, жаппа тігіп алған. Көң-қоқырға белшеден батқан поселіктей емес, бұл ара қанша айтқанмен көңілді. Қыстай темір пештің көк түтінін жұтып, бүріскен ел тыныстары кеңіп, жетісіп қалған.
Көң-қоқыр поселікте қалғанмен аштық қалмаған. Ол елдің түп етегінен алып, осында бірге келген. Таза ауаға шыққан соң адамдардың тамақ тілейтін араны одан бетер ашыла түскен.
Жортуыл десе көздері жайнап, арқалары қозып, сілкініп шыға келетін көкжал жігіттері Беснайзада көп болған. Боқшабай, Жантай деген адамдар міне осындайлар. Елге аты шыққан батырлар, өмірде қауіп-қатер болатынын елеп көрмегендер.
Боқшабай да, Жантай да бұл кезде тұғырынан тайып қартайып қалған. Колхозда жұмыс істеуге жарамайды. Елге өте сыйлы, бетті адамдар болғандықтан, оларды мазалауға кім көрінгеннің батылы жете бермейді. Өзгеге дік-дік етіп, қамшы үйіруге дайын тұратын белсенділер Жантай, Боқшабайдың үйін алыстан айналып өтеді.
Жантай сұңғақ бойлы, еңкіш. Кішірек қыр мұрынды, сұрша көсе кісі. Бір жамбасынан ақсап басады. Шекара қатаймаған кезде бұл өлкеде шекарашыларға көмектесетін коммунистік отрядтар құрылған. Жантай сонда қызмет еткен. Совет өкіметі үшін басын оққа байлап, бандамен талай шайқасты бастан кешкен. Талай ерлік қимылдар жасаған. Жантайдың ақсақтығы – сол шайқастардан тапқаны – мықын сүйегіне бандының оғы тиген.
Боқшабай құдыс жонды, бурыл сақалды, еңгезердей зор адам. Алпамса денесі селкілдеп, күрк-күрк жөтеліп отырады. Онысы бұрыннан бар көкжөтел. Боқшабайдың қолының үлкендігі ағаш күректің басындай, әр саусағының жуандығы кетпеннің сабындай. Біздің ауылдағы ең зор адам осы еді.
Баяғы жортуыл заманның кезінде жұрт Боқшабайдан сұрайды екен:
– Бәке, сіз осы ұрлыққа қалай қорықпай барасыз? Күрк-күрк жөтеліңізбен барған ауылыңызды оятып, өзіңізді өзіңіз ұстап бересіз ғой? – дейді екен, Боқшабайдың жауабы:
– Е, жөтелетін мен ғана ма, һөһ-һөһ! Мен секілді көксау малда да болады. Қойлы ауылға барғанда, һөһ, һөһ, қойша; сиырлы ауылға барғанда сиырша жөтелем, һөһ, һөһ!
Боқшабайдың бұнысы шын сөз екенін жортуылға онымен бірге қатысқан адамдар рас дейді. Қай малдың болса да даусына салып жөтелісі ғажап дейді.
Бір рет Бәкең қалмаққа ұрлыққа барады. Түн. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қалмақтың үйінің тап іргесіндегі ірі қара қамалған қораға кіреді. Иттер сезіп, шәуілдеп үре бастайды. Қалмақтар оянып, сыртқа атып-атып шығады. Қорадағы малды тексеріп қарайды.
Боқшабай бұл кезде қатар шөккен екі түйенің арасына жата қалған екен. Жөтелі құрғыр шыдатсын ба. Өңешін жыбырлатып, тіреліп кеп қалады. Дәл қасында қалмақтар жүр. Көксау Боқшабай түйе боп жөтеле бастайды. Қалмақтар ештеңе сезбейді.
Қалмақтар үйлеріне қайта кіріп кеткен кезде әлгіндегі «көкжөтел түйе» қасындағы басқа екі түйені бұйдасынан жетелеп тайып отырады.
Халық күн көрістен тарыққан осы кезде Жантақ мен Боқшабай сол баяғы лас кәсіптерін қайтадан естеріне алады.
Бірақ, қашса құтылып, қуса жеткізетін бұрынғыдай жарамды жүйрік ат жоқ қолдарында, ұрлық жасауға сол ғана бөгет.
Бір көлік бар, ол Боқшабайдың есік пен төрдей жалдас күрең аты. Жұрт оны жамбас күрең деп атайды. Жамбас күрең Боқшабайдың сыралғы кәрі жолдасы. Талай жортуылды ол екеуі бастан бірге кешкен, талай қауіп-қатерден бірін-бірі аман алып шыққан. Күреңнің жамбасына қалмақтың оғы тиіп, содан ол артқы аяғының біреуін сылтып басатын болған. Жамбас күрең атануы, міне, осыдан.
Жамбас күрең қазір иесі тәрізді ол-дағы кәрі. Бұдан жасырақ, әрі күйлі кезінде оның ақсақтығы онша көп білінбейтін. Біраз жүріп, еті қыза бастағанда мүлдем сау ат болып кететін. Оқ тиіп, жазылғаннан кейін де Бәкең оны сау аттан артық көріп, оған сау көліктен артық сенім білдіріп, жортуылға талай мініп барады. Соның бір де біреуінде күрең ат Боқшабайдың көңілін қалдырмайды.
Ел ішінде Боқшабай туралы аңыз көп болса, күрең ат туралы одан да көп.
Иесі жортуылға шықпақ боп, жинала бастағаннан-ақ күрең ат біледі дейді. Ерттеп жатқан кезде бір түрлі көңілді оқыранып, ауыздықты қаршылдатып шайнап, сілкініп, неге де болса мен дайын дегендей қалып білдіреді. Біраз күн сапар шекпей қалса, бойына ас батпайтын Бәкеңнің құдды өзі тәрізді. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда жыныс тоғайдың арасымен қоянжым соқпақ жолды өзі тауып өтеді. Бір де бір бұтаны сыбдыр еткізіп, дыбыс шығарғанды білмейді. Аяғын тышқан аңдыған мысықша басады.
Алдына түскен малға иесі емес, күрең ат ие дейді білетіндер. Қос құлағын жымқыртып, тістелеп, ауылға қарай қуалап айдап алады. Қашаған түгіл, онан бетер безеген мал болса да күрең ат құтқармайды.
Қауіп төнген жағдайда Боқшабай жат деп белгі берсе, күрең ат жата қалады екен. Тұр дегенде, атып тұрады. Мылтықтың оқыс атылуынан, сойылдасудан, айқай-шудан үркіп-қорқуды білмейді.
Жортуылға шыққанда Боқшабай өзінен гөрі күрең атқа көбірек сенеді екен.
Қартаюмен қатар күрең ат бұл кезде оқта-текте колхоз жұмысына да жегіліп қалып, сансырап, мәңгүрт бола бастаған. Рас, биылғы көктем шыққалы Боқшабай оны жұмысқа берген жоқ. Өзім қарт адаммын, бұт артар жалғыз көлігімді бере алмаймын десе керек. Боқшабайды ауылда кім де болса сыйлайды, оған күш көрсете алмайды.
Сөйтсем, күрең атты қолға алып, Бәкеңнің күтімдей бастауында мән бар екен...
Күнде кешқұрым ол жамбас күреңді белдеуге көлденеңдей байлап қойып, ерттеп жатқанын көруші едім. Екі кештің арасында қайда барады? Мал қайырады, өрістен қайтқан малдың алдынан шығады дейтін заман емес. Содан арада бес-он минут уақыт өткенде, бөркі қазандай, өзі шөккен нардай болып, ол аяңшыл күреңнің үстінде елсіз қырқа жаққа қарай соқтырып кетіп бара жатады. Үстіндегі түйе жүн шекпеннің екі шалғайын тізесінің астына өте бір ұқыптылықпен жымқырып алған. Қолында атан өгізді сауырдан бір салып жатқызатын тобылғы сапты өрмелі әйдік, дырау қамшы.
Жартастың шоқысындай болып Боқшабай атқа тікесінен тік отырушы еді. Күреңнің жарақат санын ауыртып алмайын дегендей қамшыны сипап қамшыланып, басын жан-жағына бұрып та қарамастан, кетіп бара жатады. Беталған жағы елсіз түз адырлы қырқа. Өзінің бір құлқынын тығындау жолында кең даланы қажымай, талмай кезетін азуы алты қарыс түз тағысы бар емес пе? Боқшабай алыстай түскен сайын соған ұқсайды.
Боқшабай туысқандық жағынан бізбен аталас. Оның сырын менің әке-ағаларым тәуір біліңкірейді. Олар өзара күбірлесіп:
– Әне, көрдің бе, Боқшабай қалмаққа аттануға ат жаратып, өзін өзі жаттықтырып жүр, – дейді. Шынында да бұл солай екен. Күрең ат қалайсың? Бірлі-жарым сапарға жарайтын, бойыңда бірдемең қалды ма? Өзім қалаймын, жараймын ба деп, Боқшабай өзін де, атын да сынап жүргені екен.
– Ыдырыс, Смағұл, тұр, тұрыңдар! Арқан, пышақ алып шығыңдар! Бол, болыңдар! Батырбай түбегіндегі жаман тамға тез келе қойыңдар!
Осы қарбалас дауыс бір күні біздің үйдің адамдарын дүр еткізіп оятты.
Мен де оянып кеттім. Әлі түн, үй іші қараңғы. Әкем, ағаларым қарбаласып киініп жатыр. Ауылдың шет жағынан шұрқырап кісінеген жылқы дауыстары естіледі. Әкем мен ағаларым жіп-шу, пышақ, қап алып құдайдан сәт тілеп жөнелісті.
Қараша жаман үйдің ішінде шешем екеуміз ғана қалдық. Не болғанын мен-дағы бірден білдім, жас ет жеп тойынатын болдым-ау деген қуанышты ойдан ұйқым шайдай ашылып кетті.
– Апа, қалмақтан жылқы айдап келді ме?
– Тысс... Үндеме. Жат.
Жерге жарық түспей әкем мен ағаларым қайтып келді. Үсті-бастары қан сасиды, қапқа салып көтерген ауыр нәрселері бар. Киіз үйдің ішкі босағасына гүрс еткізіп тастай бергенде-ақ қаптың ішінде не зат екені білініп қалды. Ол ет еді.
Жылқы етінің иісі қандай, шіркін. Үйдің ішін бір дегеннен алып кетті.
Шешем де, мен де ұшып-ұшып түрегелдік. Сойған жылқының терісін төр алдына жайып жіберіп, әкем мен тәтем әкелген еттерін дереу боршалауға кірісті. Таңға дейін жымжылас етіп жайғап алмақ та, түк көрмегендей болып тыныш отырмақ. Есік түсірулі. Мен етшілерге бөтелке шамды жарық етіп ұстап тұрмын.
Қызыл десе қазекеңде ес қалмайды. Әсіресе қазіргідей аш кезде. Әкем мен тәтем еттің екі жағынан жүрелей отырып, жеңдерін сыбанып алып кіріскен. Білек түгел қан-қан. Алдарындағы еттен өзге дүниені екеуі бірдей ұмытқан. Олардың осы түрлері өздеріне жемтік тауып алып кенелген даланың аш бөрілеріне көбірек ұқсайтын еді. Смағұл мал союға шебер қазақтың бірі. Бір қойды бір шылым шеккендей уақытта жайғап тастайды. Сылбыр әкемдей емес, оның қимылы ерекше ширақ, қолындағы пышаққа көз ілеспейді. Мүйіз сап кішкене қара кездік сүйектің жықпыл-жықпылын өзі іздеп тауып алады.
Тамақсау әкем ет қашан пісіп, аузына түскенше шыдай алмайтын тәрізді. Қазының сап-сары майынан білемдеп кесіп алады да, бисмилла деп, шикідей шайнамай-толғамай қылғып жібереді. «Мә, асап қой» деп, маған да кесіп береді. Жып-жылы жұмсақ майды шикідей қалай асарымды білмей ұстап тұрамын.
– Жеп қой. Жылқының майы шикілік етпейді, – дейді әкем.
Қазының майын шикідей асап жатқан қазақтарды мен бұрын да көргем. Мен де қазақпын. Солардан кем болғым келмейді. Қолымдағы майды өзімді өзім күштеп, батылданып, қылғып қоямын. Уылжыған жұмсақ май тамағымнан жылп ете қалады. Шикі дәмі өңешімде ұнамсыздау болып тұрып қалады да, біразға дейін кетпейді. Бірақ оның есесіне бойымды жадыратып тоқтық сезім жүгіреді.
Ауылдағы барлық үйде де бүгін осы хал – елді бір-ақ түнде аспаннан ақ май жауып, басқан да қалған. Тәңірінің құдіретімен болған уақиға емес, Жантақ мен Боқшабайдың арқасы еді. Екі көкжал қарындары қабысқан аштыққа ақыры шыдамаған. Тәуекел деп, баяғыда талай жортқан іздерімен аттанған. Сапар сәтті боп, бір үйір жылқы айдап келген. Батырбай түбегіндегі жаман тамдарға қамап, әлгінің бірін қалдырмастан қан-жоса етіп сойған да, нені жұтарға білмей отырған елге:
– Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны. Мә, жеңдер! – деп таратып берген.
Ертесі. Таңертеңгілік кез. Текестің жарқабағына итіне қонған аз ауыл бүгін сырт көзге әдеттен тыс тым-тырыс. Аспан жарқырап – күн маужырап тұрса да үйлердің бәрі дерлік есіктерін түсіріп, түндіктерін қымтап жауып алған. Сыртта бейсауат жүрген адам қарасы байқалмайды. Әркім өз үйінде, өзінің қуысында. Жұрт бүгін әлденеден бой тасалап, өздерінің құрым үйлеріне кіріп-кіріп алған.
Байқағыш көз ауылда бұдан басқа да өзгерістер бар екенін және байқар еді. Барлық үйдің дерлік шаңырағынан бүгін көк түтін тым ерте будақтайды. Шыжғырылған күйік майдың ашқылтым иісі, асылған жылқы етінің жас иісі түтінмен араласып, жел айдап алысқа тарайды. Ауылдың ық жағымен өтіп бара жатқан жолаушы болса, танауын әлсін-әлсін тыжырып, мына ауыл бүгін түгелдей май сасиды ғой деп, алақтап қарап өтер еді.
Ауылда иесі белгісіз бұралқы иттен көп нәрсе жоқ. Қарындары қабысып, таңертеңнен тышқан аулап, қаңғып жөнелетін сол аш иттер бүгін үй маңын торуылдап шықпайды. Ет пен майдың иісін күндік жерден сезінетін хайуандар босағаны иіскелеп, қыңсылап жан таппайды. Үйден оқыс шыға келген адам болса, дәметіп тұра жүгіреді. Анадайға бірдеңені лақтырып жіберсе, сүйек шығар деп ойлап, соңынан қоса жөнеледі. Әр үйге таңға жуық дағар-дағар болып кірген мол олжа еттен ит түгіл әлі адамдар да сұғынып ауыз тие қойған кез емес.
Мынау, міне, біздің үй. Ауылдағы аяқ астынан береке дарып, май сасыған көп үйдің біреуі. Қақ ортада үш бұтты темір ошаққа асылған қара қазанда шымыр-шымыр қайнап, ет пісіп жатыр. Біз, барлығымыз, кақпағы жартылай ашық қазанды қоршап алып, ет қашан піседі, тісімізге қашан тиеді деп, телміріп тосып отырмыз. Пісе бастаған еттің иісі шикі еттен мүлдем бөлек, танаудан кіріп, қытықтап, бүкіл асқазанды аралап өткендей болады. Жас малдың еті пісе бастағанда сорпадан жоны шығып, өсіп үлкейе береді, Қазанға енді сыймауға айналады. Қазының сап-сары майы піскендіктен әр жерінен іріп жарыла бастайды.
Өзің жеуге арналған, барлық бабымен шымырлап қайнап пісіп жатқан тамаққа тоқмейілсіп қарап отыру да бір ғанибет-ау.
Әкем өзіне ермек етіп, онсыз да өткір пышағын одан бетер өткірлеп қайрап отыр. Оқта-текте түкірігін жұтынып, қазанға көз салып қарап қояды. Түкірігін жұтынса, өңешіндегі томпақшасы жоғарылы-төмен бір жүгіріп өтеді.
Аурушаң шешем бұл кезде шермиген екіқабат. Айы-күні тақап қалған. Отырған орнынан әрең қозғалады. Қазанның астындағы отты еңкейіп сырып қоюға шамасы әрең келеді. Сорпаның көбігін алып, тұзын көріп, аспазшылық істеуші тәтем Смағұл.
Құдай қойса, тағы біраз шымырлап қайнаған соң қазандағы ет піседі. Тәтем оны жайпақ табаққа буын бұрқыратып түсіреді. Ортамызға әкеліп қояды. Әкем ұстарадай қылпыған өткір пышағымен жапырақтап турай бастайды.
Айтпақшы, турамас бұрын ол әрқайсымызға бір-бірден сүйек шығарып береді. Ет туралып болғанша біз сол сүйекті рақаттанып мүжиміз. Бүгінгідей молшылық күні ол сүйектер ит қажағандай тап-тақыр болып келмейді. Асап-асап жеуге жарайтын мол етімен келеді.
Қарғыс атқыр аштық, сенің көзіңе енді құм құйылады. Қазан астындағы от біртіндеп сөніп барады. Тәтем мені сырттан азырақ тезек алып келуге жұмсады. Киіз есікті желпең еткізіп ашып сыртқа шықтым. Шықтым да, екі көзім бағжиып тұрып қалдым.
Сол жақта, біздің үйді қоса есептегенде, үшінші үй Сәрсебек дейтіннің үйі. Сол үйдің есігінің алдында солдаттың қос ат жегілген қорапты көк арбасы тұр. Үйге кіріп-шығып жүрген шекарашылар. Мүше-мүше ет алып, арба қорабына лақтырып тастап жатыр.
Және бір үйдің алдында осы сурет.
– Әскер тінтіп жүр! – деп, ентігіп, үйге қайта қайтып кірдім.
Үйдегілердің төбелерінен жай түскендей болды. Үрейлері ұшып кетті. Құрым үйде не көп, жыртық көп. Сәрсебек үйі жақтағы жыртықтардың бір-біреуіне жабыса қалып, әкем де, шешем де, тәтем де сыртта не болып жатқанын өз көздерімен көрді. «Енді қайттік десіп біреуіне біреуі бағжия қарасты».
Өрешенің іші тола самсатып жайған ет. Қазан толы ет және пісіп жатыр. Не істеу керек? Қайда тығу керек?
Пысық тәтем бір ақыл таба қойды. Өрешенің ішіндегі көп еттің мәнді-мәндісін алып, босағаға жердің тура өзіне жайып тастай-тастай салды. Оның үстіне бірнеше қабат құрым киіз төседі. Құрым киіздің үстіне көрпе жайып, әрі екіқабат, әрі ауру шешемді ыңырантып жатқызып қойды. Жер төсекте бұрыннан ауырып жатқан адам болды да шықты.
Солдаттың сықырлаған көк арбасы біздің үйге қарап қозғалды.
– Келе жатыр!
Шешем жаны қиналған адам боп, дөңбекшіп бебеулей бастады. Басқалар ауруды күткен жандар боп, бірі оның аузына кесемен су тосып, бірі тамырын ұстап, қоршалап төне-төне қалысты. Осындай әбігер халдің үстіне үйге екі-үш шекарашы кіріп келді.
Ауырып қиналудан емес, астымдағы етті солдат тауып алып, тағы да аш қалар ма екенбіз деп уайымдап қиналудан шешем, шынында да керемет күйзеліп жатыр. Тер дегенің алты тарам болып ағып, тынысы тарылғанның белгісі тәрізденіп танаулары желп-желп етеді.
Шекарашының бірі заставаның бастығы еді. Әкем мен тәтем қыс бойы оның қол астында жұмыс істеген, жақсы таниды. Оны көріп, ағайынды екеуі бірден жамырап амандасты.
– Здрәсти, нәшәндік! «Нәшәндік» те таныды:
– О, Аманбаевы! Вы здесь живете?
Әкем мен тәтемнің орысша сөздік қоры «здрәстимен» басталып, «здрәстимен» бітеді. Нәшәндіктің не айтқанын олар түгел ұққан жоқ. Бұлар енді аудармашы қазақ солдат арқылы сөйлесе бастады.
Әлі де бебеулеп жатқан шешемді нұсқап, «Нәшәндік»:
– Мына кісі неғып жатыр, ауру ма? – деді.
– Ауру. Ана мынадай қарын көрдіңіз бе, толғатып жатыр.
– Ауданға ауруханаға алып бару керек қой?
– Оған, нәшәндік, көлік жоқ. Колхоз арба бермейді. «Нәшәндік» енді келген жұмысының жайына тіке көшті:
– Ет бар ма, Аманбаевтар?
– А? Ет... бар.
– Көрсет...
Тәтем өзі де көрсеткісі келіп, дайын тұр екен. Өрешені ашып келіп жіберді. Керегенің бойымен ұзын етіп байланған сырық ағашта әлгінде самсап тұрған көп еттің әредік жұғын-жұрнағы, сүйек-саяғы ғана қалған.
– Осы-ақ па?
– Осы, нәшәндік.
– Басқа тағы қайда бар?
– Басқа жоқ, нәшендік.
– Ұрлыққа сендер де бардыңдар ма?
– Жоқ, нәшендік, біздікі барған жоқ.
– Енді кімдер барды?
– Білмейді, нәшендік, біздікі көрген жоқ.
«Нәшендіктің» бұйрығымен екі солдат үйдің ішін тінтіп қараған болды. Төсектің астынан шыжғыруға дайындап турап қойған бір тегеш ішмай тауып алды. Қазанның қақпағы бұл кезде жабулы. Мынау не деп, ашып қалғанда бір қазан пісіп тұрған етті көрді. Нәшендік ожау алып, араластырып қарай бастады:
– Аманбаевтар, осынша бір қазан етті бір-ақ жейсіңдер ме?
– Иә, нәшендік, бір-ақ жемегенде... Тінтушілер шешемді мазалаған жоқ.
Өрешенің ішіндегі ет, бір тегеш ішмай, қазандағы піскен ет – бәрін әкетті. Бір солдат қазанды сыртқа көтеріп шықты да, сорпасын сар еткізіп төгіп, етті арба қорабындағы шикі еттердің үстіне қотара салды. Қазір жейміз деп жалақтап, сұғымызды қадап отырған бір қазан еттен ауыз тие алмай қалдық.
Тінтушілер ауылдың бар үйін осылайша сүзіп шықты. Күн бұрын бірнеше солдатты сырттан бақылатып қойған. Бір үйден бір үйге қатыстырмайды, ешкімді ешқайда шығармайды. Көзге көрінген ет болса түгел алса керек. Түнде ғана сойылған былбыраған жас етке екі көк арба лықа толған. Әскердің жуан бақай аттары шіреніп зорға тартып барады.
Боқшабай, Жантақ бастатқан бір топ еркекті арбаның соңынан шұбалтып айдап алған. Іштерінде Ыдырыс, Смағұл да бар.
Шекарашылар бұл жолы мейірбандық жасады. Қамалғандардың бәрін-ақ ертесінде босатып жіберді. Тек әрқайсысынан енді ұрлық жасамауға қолқат алып қалыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |