Шешем босанып, ұл тапты. Сәбидің аты Тұрдыбек деп қойылды. Шешемнің бұған дейінгі бірнеше баласы тұрақтамаған. Мынау енді тұрақты, өмірлі болсын деп, аты әдейі солай қойылған.
Босанған әйелге бесаспап күтім қажет. Ондай күтім жок. Баладан соң шешем бұрынғысынан бетер сансырап, жүдеген үстіне жүдеп кетті. Саудыраған құр ғана сүйегі қалды. Бас көтеріп, қалқиып отыра да алмайды, күндіз-түні төсек тартып жатқанды біледі. Жаялығы сап-сары ала, тырбаң-тырбаң еткен Тұрдыбек қойнында. Ол жыламас үшін шешем салпиған құр шандыр мамасын оның аузына салып қояды. Титімдей аузымен Тұрдыбек бүлк-бүлк еткізіп сорғанды біледі. Қабысқан құр шандырда сүт бола ма? Сүт шықпағаннан кейін қу бала еңбегі еш кеткендей тыпырлап кеп жылайды. Қағып жұбатқанға жұбанбайды. Шешем мамасын оның аузына зорлап тығады. Тұрдыбек жұбанбайды, тамыры жоқ шандырдан басын алып қашып, шыр-шыр етеді. Безілдеп жылаған кезде көздерін тарс жұмып, екі беті көкпеңбек болып кетеді. Безілдемей қайтсін, кішкентай қарны қабысып бос жатады.
Шешем шай қасықпен Тұрдыбектің аузына қайнап суыған су тамызады. Тұрдыбек әуелгіде сүт екен деп ойлап, тамсанып жұта бастайды. Сосын сүт емес екенін біледі, шыр-шырға тағы басады. Аузына тамызған суды жұтпай, езуінен шығарып, тағы төгіп тастайды. Жұбанар болмайды. Сендер мені алдайсыңдар дегендей даусы одан бетер ащы шығып, өршелене жылап, өзі ауру шешемнің есін алып бітеді.
Ауру шешем күйзеліп ашуланады. Бауырындағы сәбиді аямай сілкіп-сілкіп қалып, құйрығына шапалақпен тартып та жібереді. Тұрдыбек одан бетер безілдейді. Шешем оны жер-жебіріне жете қарғап жатады.
– Мына жағың қарысқырға сонша не көрінді! Зарлап қал, зарлап қалғыр! Өл! Миымды тесіп, құртатын болдың ғой! Ажалымнан үш күн бұрын өлтіретін болдың ғой! О, құдай! Құлағы керең, көр құдай! Соқыр құдай! Не жазығым бәр еді мұншалық! Алатын болсаң, ит азапқа салмай, неге алмайсың!
Құдайдың керең екені де, соқыр екені де рас болуы керек. Шешемнің зарлап айтқан қарғысын ол естімейді, көзінің алты тарам боп ағатын жасын көрмейді. Естісе, көрсе, мүмкін, бір рақымшылық жасар еді.
Шырылдауы шегіне жеткен Тұрдыбек бір кезде сілесі қатып, үні өшіп, жылай да алмай қалады. Екі беті көгеріп, сазарып әлдекім буындырып жатқандай халге түседі. Енді оны аямасқа мүмкін емес. Шешем мені сауыны бар үйлердің біреуіне сүт сұратып жібереді. О, жалған! Біреуден бір нәрсе сұрап телміруден өткен жаман не бар екен! Жігерім құм болып, амалсыз бара жатамын. Қолымдағы сүт сұрауға арналған ыдысымды көрсетпей, тығып алам.
Қылмысы бар адамша үйге қорыншақтап әзер кірем. Босағамен босаға боп, жабысып тұрып қалам. Үй иесінің қас-қабағын бағам. Не үшін келгенімді олар да біле қояды. Сонда да:
– Неге келдің? – деп сұрайды.
– Апам кішкене сүт берсін дейді Тұрдыбекке...
Осы сөзді айтқанда жарты жасым құрып кеткендей болады. Үнімді тамағымнан күшпен сығып шығарамын. Кей үй бір-екі қасық сүт береді, кейі жоқ деп бермейді.
Сұрап әкелінген бір қасық сүтке сол шамалы қайнаған су қосылады. Молайтылады. Аузына шай қасықпен тамызған кезде Тұрдыбек енді сүттің дәмін бірден сезінеді, обырланып, тамсанып жұта бастайды. Тіршілік, өмір үшін қу сәби осылай күреседі.
Достарыңызбен бөлісу: |