Қар басқан меңіреу дала. Күн шытқыл. Түні бойы жел соғып, жаяу борасын болған. Шана жолдың көп жерін тып-типыл етіп, жасырып кеткен. Темірдей боп бет қарыған ызғар әлі де басылмай тұр.
Бауырымен жер сызған қазақы тайпақ шана. Қабырғасын сыртынан санап алғандай арық ат. Шана толы бұлтиған-бұлтиған қоржын-кешек жүк. Сол жүктердің үстін басып, үймелесіп отырып алған жеті-сегіз бала. Шана Қостөбеден шығып, он екі шақырым жердегі Сарыбастауға бара жатыр.
Екінші тоқсан біткен соң, біздің ауылдағы мектептің үшінші класы мүлдем жабылып қалды. Бір мұғалім үш класты қабат оқыта алмайтын болды. Жабылған кластың оқушылары осы ауыл советке карайтын Сарыбастауға барып оқысын деген ұйғарым бопты. Колхоз ат, шана беріп, мынау біздің Сарыбастауға ғылым қазынасын одан әрі үңги түсуге келе жатқан бетіміз.
Арамызда үшінші кластан тек екі оқушы ғана жоқ – Майра мен Жанбосын. Батырқан балаларын Сарыбастауға жібермеді, орысы бар, орыс тілін үйренуге қолайлы Нарынқолда оқытуға алып қалды.
Нарынқолға тек қолы жеткен барып оқиды, Нарынқол қала, онда әр алуан кеңселер, шатырлы үйлер көп деп естимін. Бірақ әлі көрген емеспін.
Нарынқолдың көшелері түп-түзу, онда қолдың саласындай болып зәулім бәйтеректер өседі дейді. Бір көруге құмар-ақпын.
Сарыбастаудың қайда екенін білемін. Былтыр Бірінші май мерекесін екі колхоз бірігіп тойлау үшін арбамен ұбап-шұбап осында келгенбіз. Сарыбастау дейтін поселкені сонда көргем. Ауылдың дәл қасында үсті жап-жазық көгал дөң бар екен. Әр түрлі ойын-тамашалар сол жерде өткен. Соңынан мектеп үйінде Қостөбеден келген қонақтарға қонақасы берілген. Ет, картоп турап істеген бір-бір табақ майлы сорпа ішіп, қарық болып қалғанбыз. Қартопты бұл менің бірінші рет татып алуым болатын. Картоп маған ғажап ұнаған.
Мені бұл тойға тастамай ертіп әкелуші қайран ғана Әлиман жеңгем еді ғой. Қалың нөпір жат адамдардың арасында жеңгемнен ажырап қалмау үшін мен оның қолынан мықтап ұстап алғам. Дастарқандағы дәмді тағамнын ол бірін өз аузына алып салса, бірін менің аузыма салатын еді.
Айтпақшы, біз сол жолы Сарыбастауда қонғанбыз. Кешінде мұндағы бастауыш мектептің ересек оқушылары бізге пьеса көрсеткен.
Бұл менің тұңғыш рет пьеса көруім. Аты есімде қалмапты, әйтеуір ішінде бай, кедей, кемпір, шал бар.
Балалар сахнаның тура алдына еденге жайғасып отырып алғанбыз. Пьесадан алған әсерім керемет! Өзіміздей жап-жас балалардың сақал байлап, шал болып ойнауының өзі-ақ маған тапқырлықтың шыңындай боп көрінген. Кілең столдарды тізіп, үстіне киіз төсеп, сахнаны солай жасаған екен. Көруші халық бөлмеге сыймайды. Артистер бір сөз айтса, көрермендер бір сөз жалғап айтып, ду-ду етеді. Бұл кеш менің есімнен кетпестей болып сақталған еді.
Сол Сарыбастауға міне, енді тұрғын болуға, оқып, білім алуға келе жатырмыз.
Арық ат ауылдан шыққан кезде бүкеңдеп желген болған. Біз шу-шу етіп, еліріп, қамшыны үсті-үстіне баса түскенбіз. Қарды боратып, итті абалатып, Сарыбастауға міне біз келдік деп, құйындатып жетіп бармақпыз. Сөйтсек, бұның бәрі орындалмас арман екен. Ауылдан небәрі үш-төрт километр ұзаған соң аты түскір сыр алдыра бастады. Жол көмілген жерде омбылап, жүре алмауға айналды. Тағы біраз жүрген соң бүкіл денесін қара тер басып, құлақтары салпиып, ұсқыны кетті. Бұл аттың болдыра бастауының нышаны еді. Екі өкпесі солқ-солқ етіп, ұрмақ түгіл басымды алсаң да жүрерге халім жоқ деп, ентігін тұрып қала береді.
Ат айдаушы біздің барлық уақыттағы командиріміз Жүнісбай еді.
– Түсіңдер! Енді жаяу жүріндер! Ат болдырды, – деді. Балалардың ішінде жас жағынан да, дене жағынан да ең кішісі менмін. Үстімде Әлиман жеңгемнің сөлбірейген қара шапаны. Жат елге алым-салым жұтап бармасын деп берген еді. Жылы болу үшін белімді сыртынан әкемнің жіңішке қайыс белбеуімен буынып алғам. Шананың артынан зорға ілесіп келемін. Қардың тереңдігі қонышымнан келеді. Малтаңдап әрең аттаймын. Жел алдан, Арық атқа қамшы ауыр дегендей, тентек жел көкірегімнен кері итеріп, одан бетер шаршатады. Бір кезде менің де әлім бітті, діңкелеп жүре алмауға айналдым. Балалардан анадай жырылып, қалып қойдым.
– Адымда! Жүр! – деп бұйырады Жүнісбай. Мен жеруге халім қалмағанын айтам.
– Жарайды, отыр шанаға. Мен қуанып отырып алдым.
Жүнісбай өзі шанамен қатарласып, жаяу айдап келеді.
Малақайының бауын тартып байлап алған. Екі бетіне, маңдайына, қастарына қырау тұрған. Кей жерде тізеден келетін омбы қарды ол ұзын сирақтарымен екілене кешеді, шаршау түгіл ентігуді білмейді. Қырау басқан бурыл қабақтың астынан екі көзі мынадай қиындыққа, қайта егескендей, от болып жайнайды.
Ат бір жүріп, бір тоқтайды. Жүріс өндімейді.
Міне, тағы тоқтап тұр. Ат тоқтағанда, шананың соңынан үйме-жүйме болып шұбаған балалар да тоқтайды.
Шанада азырақ шөп бар. Атқа шөп жегізіп, әлдендіріп алдық. Қимылсыз отыра бергенге, қалтырап тоңып барам. Шанадан түсіп, олай-бұлай жүгіріп, жылынып алуға қайтып отырғызбай қоя ма деп қорқам.
Қыстың бір тұтам күні сарқылып, кешке айналып барады. Сарыбастаудың әлі қарасы да көрінбейді.
Тағы қозғалдық. Аз жүрді де, ат тағы діңкеледі. – Түс, біраз дем алдың ғой, енді жаяу жүр, – деді Жүнісбай. Жаяу жүрудің азабын ойлап, жүрегім зырқ ете қалды. Бірақ бағынбасқа амалым жок.
Тағы да жаяу жүріп келем. Тағы да балаларға ілесе алмауға айналдым, – Жүнісбай, шаршадым. Жүре алмаймын... Балалардың кейбірі:
– Жүре алмасаң, қал, – деп жыныма одан бетер тиеді. Жүнісбай ересек балалармен бірдеңені күбірлеп сөз етісіп тұр. Мен өкпем өшіп қастарына келдім.
– Жарайды, біз сені шанаға отырғызайық. Сен ол үшін бізге бір таба нан бер, – деді Жүнісбай.
Балалардың қай-қайсысының да әкеле жатқан азықтары бар. Көбі талқан-тұлқан, нан сирек.
Бір дорба талқан, екі таба наным бар менің. Нан дорбаның ауыз жағына салынған. Дорбаның аузы жамау жіппен көктеліп тігілген. Бүйтіп қолға түсе бермейтін қайран ғана нанымнан бір үзіп жесем деп, өзім де зар болып келе жатыр едім. Бір таба нанды тектен-текке бере салуға тіпті де қимаймын. Екі бүйрегімнің бірін суырып беретіндей ішім ашиды. Ал жаяу жүрудің азабы одан да жаман.
– Не істерімді білмей, күйзеліп тұрмын.
– Өзің біл. Бермесең, біз сені қинамаймыз, – деп Жүнісбай бастатқан обыр топ маған кегжие қарайды. Біздің бұл шартымызға көнесің ғой, көнбей, қайда барасың дегендей болады.
Мен қиналудамын. Оңбағандар нағыз жанды жерімнен ұстағанын қарашы!
– Бол! Бересің бе, жоқ па? Бермесең, Сарыбастауға дейін жаяу жүресің.
Сарыбастау әлі жер түбі. Оған дейін жаяу жүріп, өлмеймін бе! Бір таба нанды тектен-текке бере салу...
Екі оттың ортасында тұрмын. Екеуі де нағыз тозақ оты.
– Жарайды, жарты таба нан берейін, – дедім. Жылағандай болып әзер айттым.
Үлкен балалар өз ара тағы ақылдаса бастады. Бұлар Шықабайдың Тұрсынбайы, Уәлібайдың Әбегі, Өзібектің Әріпбайы секілді кілең қадалған жерінен қан алмай тынбайтын көкжалдар еді. Ақылдасты да, көнді олар.
Дір-дір еткен аяншақ қолмен қоржынның аузын сөгіп жатырмын. Сарыбастауға барғаннан кейінгі халді тағы да ойлаймын. Ағайым Мырзатай дейтін адамның үйіне түсесің. Мырзатай тосып алады. Сол үйде жүріп оқисың деген. Жол-жөнекей қоржынның аузы сөгіліп қалғанын, жарты таба нан ғайып болғанын көріп, олар не айтады? Мен не айтам?
Нан тоң боп қалған екен. Күш жұмсап, сындырып жатырмын. Өзімнен өзім аяп келе жатқан қайран нан қазір ту-талапайға түседі. Кім көрінген сұғанақтың аузында кетеді. Бұл деген қорлық-ақ еді.
– Мәңдер...
Арық ат омбылап тағы да қозғалды. Мен ғана шананын үстіндемін. Жамбастап жатып алғам. Ақысы төленді. Енді маған ешкім де жаяу жүр деп айта алмайды. Тек наныма ішім ашуы оңайлықпен басылатын емес.
Түн болған, бір тоқтап, бір қозғалып, итшілеп жүріп келеміз. Алдан жылтылдаған от көрінді. Сарыбастау екен деп, қуанып шу ете қалдық. Сөйтсек, қырман екен. Біреу сабанға от қойып кетіпті, қып-қызыл боп, қоздап жанып жатыр. Атты тағы да шалдырып, өзіміз жылынып алдық. Және қозғалдық. Ит үргені естілді. Келе жатқан жолымыз қатқылданып, түзеле бастады. Қарауытқан там үйлер, жылт-жылт еткен шам жарығы көрінді. Күні бойы діңкелетіп жеткізбей қойған Сарыбастау осы еді. Рас келдік пе, өтірік келдік пе!
Достарыңызбен бөлісу: |