Класта сабақ жүріп жатқан. Кенет есік айқара ашылды да, ар жақтан біздің ауылда бригадир болып істейтін Нұрғазы көрінді. Үстінде етегі жерге шұбалған сеңсең ішік, аяғында пима. Бір қолында жұмарлап ұстап алған қап тәрізді бірдеңесі бар.
– Біздің ауылдың Бердібек дейтін баласы осында оқи ма? – деп Нұрғазы бәрімізге шола қарап тұр.
Үйдің іші маған бірдеңе беріп жіберген екен ғой деген қуанышты оймен «аға, мен ғой» деп, орнымнан ұшып түрегелдім.
Табанының қары сықыр-сықыр етіп, Нұрғазы бері класқа кірді.
– Әй, ағаң мен жеңгең ажырасқалы жатыр. Сен жеңгеңнің шапанын киіп кетіпсің. Жеңгең шапанымды беріп жіберсін деді. Саған мынаны кисін деді, мә, – деп Нұрғазы қолындағы нәрсені алда отырған балалардың төбесінен маған қарай асыра лақтырмасы бар ма, Сөйтсем, әлгі нәрсе қаудырлаған бір жаман плащ екен. Тура менің алдыма партаның үстіне топ ете қалды. Сия сауыт, қағаз-қаламды шашып, машақаттап кетті.
Мен не істерімді білмей, сасып қалдым. Масқара! Мұндай да масқара іс болады екен. Кіріп кетуге жер тесік емес. Бүкіл класс маған қарайды, мен жерге қараймын.
– Бол, бол! Жеңгеннің шапаны қайда, бер! – дейді Нұрғазы. Сабаққа бөгет жасадым-ау деген ой оның басына енді ғана келген тәрізді.
Класта киім ілгіш болмайтын. Сырт киімдерімізді терезенің алдына үйіп қоятынбыз. Қара шапан сол киімдердін арасында. Кірмегенім қара жер, қара шапанды Нұрғазыға алып беріп жатырмын.
...Бос класс. Балалар тарап кеткен. Мен ғана орнымда тапжылмастан отырмын. Жылап отырмын. Ағайымнан ажырасып кетіп бара жатқан Әлиман жеңгемді қимаймын. Нұрғазы алып кеткен бүтін қара шапанды қимаймын. Атаңа нәлет жоқшылық, мұншама қор етерлік мен саған не істедім деп, ыза болып жылаймын.
Құрғыр Нұрғазы-ау! Сен мені мектепке іздеп келмей-ақ, сабақ бітуін тоссаң қайтетін еді. Сосын мен жүрген Мырзатайдың үйіне келсең, әлгінің бәрін сонда айтсаң, қара шапанды үстімнен сонда сыпырып алсаң болмас па еді?
Қайран ғана надандық-ай! Көңілдің көрсоқыр болуынан жаман не бар екен!
...Бос класс. Қаудырлақ жаман плащты үстіме олай киіп көрем. Былай киіп көрем. Біздің үйде бұл тәрізді киім жоқ секілді еді. Ағаларым бұны қайдан алды екен? Әлдекімнің бастан құлақ садақа деп, күресінге лақтырып тастаған салабасы емес пе?
Бұл плащты бұған дейін не тракторшы, не мал соятын қасапшы киген. Өйткені май болмаған жері жоқ. Әсіресе, екі жеңнің ұшы мен екі қалтаның аузы майға әдейі малып алғандай.
Плащтың ішіне мен тәрізді екі адам мол сиятын. Етек шұбалып жерге тиеді, жең салақұлаш. Әр жеңнің кеңдігі қасқырдың апанындай. Қанша сорлы болсам да мына плащты киіп, көшеге шығуға бетім шыдайтын емес. Тым құрса, өз денеме шақ болса екен-ау! Бұны киіп алғанда, қойшылардың ит-құсты үркіту үшін қора шетіне орнатып коятын қарақшысынан аумайтын тәріздімін.
Не істеймін? Басқа киер киім тағы жоқ. Тым құрса, жылы кез болса екен, жейдешең-ақ жүрер едім. Қазір қыс, күн суық. Кебінін сүйреткен өлік тәрізденіп жексұрын плащты қаудыр-қаудыр еткізіп, Күлән үйінің есігінің алдынан өтіп бара жатқанша, өлгенім артық емес пе?!
Күлән тіпті танымай да қалар.
Күлән шошыр! Нағыз «м. с. с.» енді бопсың демей ме?
О, тағдыр! Көрсеткен азабыңның бәріне де көніп келем. Тек осыңа – мына жексұрын плащты киім етуге көне алатын емеспін.
Бұны киіп, көшеге шыға келсем, ауылдың бүкіл иті менің соңымда болуында дау жоқ.
«Бұл» плащты киіп, сый елге күлкі болып жүргенше. Өшір қараңды! Кет! Жоғал бұл арадан», дейді ар-намысым.
Мектеп үйі көшенің төмен жақ шетінде. Қостөбеге қарай қасқайып кетіп жатқан шана жолдың бойында. Етегі жер сызған жаман плащқа оранып, кітабымды қолтығыма қысып алдым да, ұрыша жан-жағыма сығалап қарап, сыртқа шықтым. Маңайда ешкімнің қарасы байқалмайды. Маған керегі де, міне, осы еді. Жан адамға көрінбеген қалпымда Қостөбе қайдасың деп, тартып отырдым.
Қостөбедемін. Үйдемін. Анада арық ат бір күн сүйреп әрең жеткізген аралыққа екі сағаттай уақытта зымырап келдім. Күннің суықтығы зымырамасыма қоймады. Жай жүрсем, тоңып, өліп барам.
Сезінгіш жүрегім есіктен аттап кірген бетте-ақ үй ішін ала құйын кезіп өткенін, аға, жеңгемнің арасындағы әуелгі сүттей ұйыған татулықтан түк қалмағанын бірден байқады. «Құлыным, неғып келдің? Тоңып кетіпсің-ау» деп, жеңгем үстіме төніп түспеді. Бұрынғы тазалық, бұрынғы береке бәрі ғайып болған.
Кешкі шайды қос басында отырғандай әркім әр жаққа қарап, томсырайып отырып іштік. Әлиман жеңгемнің қабағы түсіп кеткен. Күйеуіне деп құйған шайды Сатылғанның алдына жеткізбей, орта жолға торс еткізіп қоя салады. Бұл тәрізді тұрпайылық бұрын одан шықпайтын еді.
Ағайым мен жеңгем біреуіне біреуі тіл қатыспайды.
Түнде де екеуі ары жат, бері жат деп, кең төсекке сыймай шықты.
Ол екеуінің арасын кезіп өтіп, мұндай халге түсірген елдің сыпылдап өрши берген есегі еді. Өсек ол ағаш тамырына түскен құрт тәрізді емес пе? Дер кезінде бір шара қолданбасаң үңгіп жей береді де, сап-сау ағашты құлатып бір-ақ тынады. Мәуелеп тұрған жас терек, жас семья – ғұмыры бітіп құлауға жақын еді.
Ертесінде Әлиман өзіне тиесілі нәрселерін буып-түйіп алды да, кетіп қалды.
Өсекші ағайынның тілектерін берді. Сатылғанға енді үлбіреген қыз алып берулеріне болады.
Әйелі кеткен үйдің қандай болатынын сіздер сұрамаңыздар, мен айтпай-ақ қояйын.
Әйел мен еркек қосылғанда бір-біріне дүниедегі ең асыл сөздерді тауып айтса, ажырасқан кезде не бір адам құлағы төзбейтін лас сөздерді түйдек-түйдегімен боратады екен. Ол сөзді мен айтпайын да, сіздер сұрамаңыздар.
Сөйтіп, Әлиман жеңгем кетіп тынды, біз баяғы таз кебімізге қайтадан түстік. Қара шапан Әлиманның үстінде кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |