Нағашым үйіндегі бар адамды әскер деп қарасақ, сол әскердің бас қолбасшысы Сембай атам. Үйдің іші-тысындағы тіршіліктің бәрі де бас қолбасшының бұйрығымен істеліп жатады. Бұл беделге атам қартайған жасымен қарадай болған сақалын сатып, сол арқылы жетіп отырған адам емес. Шындығына келсеңіз, ол осы үйдің, осы үлкен семьяның Қағазбайдан гөрі де белді асыраушысы. Өмірде көрген, түйгені мол, жақсылық-жамандықты алыстан танып, аққаптал болған тәжірибелі қорушы. Осы қара шаңырақтың береке-панасы.
Желкесінде зілдей боп жетпіс отыруына қарамастан, атам еңсесін тік ұстайды. Бойындағы қаруы бір жігіттен кем емес. Еңбексүйгіш, әрі шаруақор. Қаракер биеден өзге, бұл үйде адал еттіден, қарны шермиген сынық мүйіз ала сиыр бар. Екеуіне де Сембай атам жем-шөпті өзі дайындайды, екеуін де өзі күтіп-баптайды. Сол күтімнің арқасында сиыры да, биесі де жыл сайын төл береді. Биыл да буаз.
Сембай атам бір қора тауық, бір қора қоян өсіреді.
Бүлкең-бүлкең еткен кілең қара көк қоян там үйдің іргесін іш жағынан үңгіп, ін қылып алған. Сол індерден бірі кіріп, бірі шығып, өріп жүреді. Адамнан үркіп, қорыққанды білмейді, сенімен сейлескісі келгендей қол созым жерде құлағы тікірейіп, көзі мөлдіреп, шоқиып қарап атырады.
Бұл үйдің еркектері мен қыздарының бастарында осы кезде қоян терісінен істелген бір-бір қара көк малақай. Әрі жібектей жұмсақ, әрі жылы. Осы тәрізді малақайым болса деп, қызығамын.
Ұйғырлардың дәстүрімен есік алдынан қорық соғып, қоршап алған аз ғана жер бар. Жарымына картоп егіледі, жарымына пішен өсіріледі. Осы жұмыстың бәр-бәрін атам бір өзі тындырады.
Дәл қазір, мен келген кезде, атам үйінде жарты ұра картоп бар екен. Кеспеге мол етін картоп турау бұлардың дәстүріне айналған. Әрі ұнға үнем, әрі кеспе дәмді.
Бір қора тауық бір қора жұмыртқа береді. Мауыздай тоғыз ауызға жем тауып тығындау да атам атқаратын қызмет, осал емес екенін енді өзіңіз де көрдіңіз.
Қонаққа қой ала жүгіріп үйренген қазекең тауық етін ет деп қарамайды. Онысы бекершілік.
Ал жұмыртқаны атам бізге жегізбейді. Кебек салған жәшікке мол қылып жинайды да, әр талын бес тиыннан дүкенге өткізеді. Әйтпесе, бұлар ақшаны қайдан алады? Ақшасыз бұларға дүкенде сатылатын шайды, кездемені киім-кешекті кім береді?
Нағашым үйіндегі адамдар киім сәндемейді. Дүние, жиһаз жинамайды. Күндіз-түні ойлайтындары кеңірдектің қамы ғана. Күн жылыда жалаңаш, күн суықта үсіп өлмесе болды. Адамның жасы молайған сайын ұйқысы азаяды. Құс ұйқылы Сембай атам таңертең бәрімізден бұрын түрегелед. Малға шөп салады, тауыққа жем шашады. Содан кейін есіктің алдын сыпыра жүріп, дауыстап, үйдегі кемпірін оятады, – Бөпке! Әй, Бөпке! Тұр!
Айқай тек әжеме арналғанмен, бәрімізге бірден жетеді, бәрімізді бірдей оятады. Өйткені бәріміз бір бөлмеде ұйықтаймыз.
Екі кісілік бір ғана көне ағаш төсек. Онда Қағазбай мен Зәуре жатады. Басқамыз төр алдына жерге жаппақ тізіліп, «колхоз» болып ұйықтаймыз.
Бөпке әжем атам тұр дегенде бірден ұшып тұрмайды. Естісе де естімеген болып, тыпыр етпей жата түседі. Аз кідірістен кейін атам тағы дауыстайды. Бұл жолы үні әлгіндегіден қатуырақ шығады.
– Әй, Бөпке! Тұрамысың, жоқ па? Ана сиырды бадаға қос!
Шалының маза бермесін білген әжем:
– Таң атпастан қаңқылдап, осы қақпастан тарттымау, жағың қарысқыр? – дейді де, тұрып жатады.
Атамда әйел затын кемсітіп қарайтын мінез бар. Әсіресе, өз кемпіріне қатал-ақ. Екі-үш дауыстағанда Бөпке әжем ұшып тұрмаса, қолындағы сыпырғыны қабырғаға суйей салып, ол үйге кіріп келеді. Жыртық көрпенің астында бір уыс болып жатқан апама төне түсіп, кіжініп:
– Өй, мына неме әлі жатыр ма? Жыл келгендей тырайып, не көрінген! Өй, Бөпке, өліп қалғаннан саумысың?! – дейді.
Атамның тілі найзаның ұшы тәрізді. Жерлеп, зекіп ұрса бастағанда, етің түгіл, сүйегіңнен өтеді.
Таршылық өмір атамды үнемшіл болуға үйреткен. Бір тал шеге жатқанын көрсе, ол аттап өтпейді. Айдалада бір жаңқа кезіксе, үйге алып келеді.
Таңертең жуынған кезде біз сабынды қолымызға көбірек езіп жіберсек, және оны әбден уқалап сіңірмей, шайып, жуа бастасақ, атам зекіп ұрса бастайды.
– Өй, санасыз неме! Сабынды сонша көпіртіп езіп... Әне, не болды? Бәрін құр текке су шайып кетті!
Атам бар жерде біз нені де болса үнемдеп, байқап істеуге тырысамыз.
Сүмбеде отын тапшы, жақын маңда орман жоқ. Отқа қурай, сабын, тезек, көң жағылады. Қарағайды таудай күші жеткендер ғана әкеледі.
Шайлық суды нағашым үйі сабын жағып, әуелі қара қазанда қайнатып алады. Сосын самауырға құяды. Үстіне тамақ ішетін аласа дөңгелек столды мұндағы қазақтар ұйғыршалап «жозы» деп атайды.
Шайға тоғыз ауыз лап беріп, бірден келіп отырамыз. Төрдің тақ төбесінде атам. Атамнан ары қыздар: Оралхан мен Оразхан. Оразханға жалғас апам.
Атамнан бері қарай тағаша иіліп Қасымхан, Рамазан, мен отырамыз. Менен төменірек Қағаз аға. Қағаз ағаға жалғас Зәуре. Зәуре мен апамның екі аралығында баяғы заманда Тулада жасалып, содан бері талай теперішті бастан кешкен, талай-талай жандарға қызмет етіп, бүйірінің талай жері майысқан, сонда да істен қалмай келе жатқан көне жез самауыр. Диаметрі бір метрден асатын қына түсті тақтай жозы жұтынған тоғыз ауыздың тас қоршауында қалғанын сіз енді көріп отырсыз.
Тамаққа отырудың осы тәртібі еш уақытта да өзгермек емес.
Нанды нағашым үйі тандырға пісіреді. Піскен нан төрдегі сыртына әшекей үшін темір шегеленген қара көк кебежеде сақталады. Кебеженің аузы іш жағынан құлыптаулы. Жоқ, жоқ, шегемен ашамын деп, әуре болмаңыз. Рамазан екеуміз мұндай әрекетті оңашада талай жасағанбыз. Түк шықпайды. Құлыбы о баста осы кебежемен бірге жасалған. Жер бетіндегі кілттің бір де біреуісі оған шақ келмейді. Бірде бір шеге оны аша алмайды. Кілт салатын ойығын ақжемдеп, майыстырып, босқа бүлдіресіз.
Бұл кебеженің кілті әрі үлкен, әрі тұмсығы ойлы-қырлы бір түрлі.
Ха-ха! Сіз-дағы қиялдайды екенсіз! Бұл кілтті колға түсіру – ол ертегілерде айтылатын хор қызын қолға түсірумен бірдей. Ол үшін сіз Зәуре жеңешемнің жар дегенде жалғыз бұрымын пышақпен кесіп алуыңыз керек. Қалайша дейсіз ғой. Міне, бұлайша: кебеженің кілтін бұл үйде тек Зәуре жеңешем ұстайды. Ол оның бауын бұрымына қосып өріп, шашының ұшына байлап алады. Кілт байланған бұрымының ұшы әменде бешпенттің қалтасында. Ал енді мықты болсаң ол кілтті қолға түсіріп көр!
Дастарқан жайылып, әбден шай ішілер кезде Зәуре кебежеге барады. Ғажап кілтті сұғып жіберіп, ішкі музыкалы құлыпты «дзің» еткізіп ашады да, дастарқанға тандырдың кейде екі, кейде үш тоқашын әкеп салады. Екі тоқаш салған күні кем салынған бір тоқаштың орнына тостағанмен талқан қояды.
Кебеженің аузы дереу қайта бекітіледі.
Бас қолбасының бұйрығынсыз атакаға шығу – дастарқандағы нанға шабуыл жасау болмайды.
Атамның қолында мүйіз сапты өткір қара пышақ. Нанды ол сонымен жұп-жұқа етіп, бипаздап турауға кіріседі. Біз бұл кезде сілекейімізді жұтып, тамсанып қарап отырамыз. Жаңағы шағын ғана екі немесе үш тоқаш әлгіндей қаңылтақ боп турала келе ғажап көбейіп кетеді. Береке дарып, үйеме дастарқан нанға айналады.
Ірі, кесек-кесек етіп тураса, көбеймес еді. Тоғыз жақтан тоғыз қол лап қойғанда, бірден ойсырап қалар еді. Атамның нанды соншама ұсақ етіп, көпсітіп турауында үлкен психологиялық есеп жатыр.
Туралған нанды ол дастарқанға бірдей етіп тегістеп шашып тастайды да, бір талын өзі алып, аузына салады. Бұл телміріп, тосып отырған тоғыз ауызға енді атакаға шығуларыңа болады деп, команда берілуі. Сақадай-сай тұрған тоғыз жауынгер – тоғыз қол лап береді. Тоғыз турам нан дастарқанда жоқ болып шығады.
Үлкендердің қолдары бір барғанда, біздің қолдарымыз екі барып үлгіреді.
– Ақырын! Ақырын! Немене, жау қуып келе ме? – деп атам бізге сұрлана қарап қояды.
Өрт тигендей жапырылып, дастарқандағы нанның әуелі біз отырған – ер балалар отырған жағы сап болады. Үлкендер жақта ғана аздаған нан қалады. Біздің нысапсыз қолдарымыз енді солай қарай сумаңдап, тықсыра береді. Сол кезде атам, – Болды! Енді талқан жеңдер! – деп бұйырады. Кейде дастарқанда талқан болмайды. Біздің жалақтап, тоймай қалған түрімізді көріп, ондайда Қағаз аға:
– Зәуре, наның бар ма? Әкел, мына балалар тоймай қалды, – дейді.
– Бүгін нан жаппаймын. Аз ғана нан тұр. Түсте, кешке нелерін жейді? – дейді жеңешем.
– Әкел. Сабақтарына тойып барсын. Кешке көжелерін ішер.
Жомарт бейілді Қағазбайды біз жанымыздай жақсы көреміз.
Электр ол кезде мұндағы жұрттың ойы түгіл, түсіне кірмейді. Әйнекті шам жермайды көп тартады дейді де, нағашым үйі бөтелке шам жағады. Кәдімгі жарты литрлік бөтелке, фарфор шайнектің қақпағы. Мақтадан есілген білте. Шам дайын.
Дүкенде мақта сатылмайды.
Оның есесіне мақталы киім кімнің де болса үстінде бар. Ол киімнен бір түгіл, бірнеше жыртық, іздемей-ақ табылады. Мақта керек болса, менен ал деп, әр жыртық аузын ашып тұрады.
Жермай ол-дағы оңайлықпен табылатын пәле емес.
– Қараңғы үйде қалдық. Бір қасық, жарым қасық кәрәсінің бар ма? – деп, біреуден біреу сұраншақтап жүргені.
Нағашым үйіндегі жандар әңгімеші, ертегіші жандар емес еді. Әңгіме айтып отыруға, тіпті уақыт бар ма? Кеш болып, тамақ ішілісімен жатудың қамы.
– Болыңдар! Кірәсін бітіп барады. Жатыңдар! – деп, атам жаналқымға алумен болады.
Ұйқың келген-келмегені есеп емес.
Ұйықтамасаң, ұйықтама, бөтелкедегі жермай үнемделсін. Көп жатқаннан жамбасың тесілмейді. Ал көп жанса, жермай бітіп қалады да, ертең тағы да қолыңа бөтелке ұстап, көршілерді ақтап шығасың.
Бөтелке шамның бір жаманы ішіндегі жермайдың қалай азайғаны көрініп тұрады. Білте жетпес болғанда, майдың үстіне су құйылады. Физиканың заңы өз қызметін мүлтіксіз атқарып шыға келеді. Суды астына, майды үстіне құяды.
Майдан бір елі қалды.
Жарым елі қалды.
Әне, пышақ қырындай ғана қалды. Атам енді қалай күйінбесін:
– Жат! Жатыңдар! Өңкей көр соқыр! Көресіңдер ме, ана шам қазір сөнеді.
Үйдегі жалғыз ағаш кереуетке кімдер жататынын айтқам. Басқаларымызға төсек төр алдына қатар салынады. Ұзындығы үш метр, көлденеңі екі метр келетін қалың ақ киіз бар. Күндіз бас жақта бүктеулі жатады да, кешке қарай жазып жібереді. Бір-екі жыртық көрпе үстімізден жаппай жабылады. Төсек дайын!
Терезе жақта ең шетте атам, одан соң апам. Одан бері: Оралхан, Оразхан, Қасымқан, Рамазан, мен. Қолдың саласындай боп тізілген адам денесі біртін-біртін кішірейе келіп, Қағаз ағаның кереуетіне тақалғанда бір-ақ таусылады.
Үш ер бала бір көрпенің астындамыз. Астары сүзіліп, тозып кеткен шоқпыт шыт көрпе. Ақжайма дегенді біз білген бе екенбіз? Қысы-жазы монша көрмеген денемен ақжайманың үстінде тыраю обал да ғой.
Бес уақыт намазын атам қаза жібермейді. Ораза кезінде ауыз бекітіп, азан шақырады. Діни мерекелерді, шама-шарқы келгеніне, құрметтеп атап өтеді. Атамның ерекше жағдайда ғана киетін киімдері бар. Олар: құлын терісімен қапталған қара сеңсең бөркі, жаңа шекпені, күмістеген жалпақ қайыс белбеуі. Жай күндері аталған үш киімнің үшеуі де төрде ағаш қазықта ілулі тұрады. Әр-әр кезде атам оларды сыртқа алып шығып, шаңын қағып, қайтадан іліп қояды.
Атам бұ дүниеден гөрі о дүниенің қамын көбірек ойлайды. Бүгін болмаса, ертең тырайып өле қалуым заңды. Бұ дүниеде жалба-жұлба болып жүрсем де, о дүниеге жалба-жұлба болып бармаймын. Әлгі аталған бағалы киімдерді рызығым таусылып, демім біткен күні сүйегіме түскендер алсын дейді. Сол үшін де шаң жуытпай қорып, көзінің қарашығындай сақтайды. Өліп жатып, өлігіне жиналған жұрттан:
– Е, бейшара-ай! Бір киер бүтін киімі де жоқ екен-ау! – деген аяныш сөз естігісі келмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |