8.2 Информатикадан олимпиада мен ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру
Бірқатар дамыған елдерде оқушылардың информатикадан немесе программалаудан ұлттық олимпиадалар өткізеді, ол қазіргі заманғы компьютерлік технологияға маңызды үлес қосатын талантты жастар мен дарынды программалаушыларды анықтаудың тиімді құралы ретінде қарастырылады. Сондықтан олипиадалар компьютерлік технологияның әртүрлі саласында жұмыс істейтін ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлердің тарапынан, сонымен қатар мемлекеттік деңгейде жоғары қолдауға ие.
Информатикадан алғашқы олимпиада «Информатика және есептеуіш техника негіздері» пәнін жалпы білім беретін мектептерге енгізгеннен кейін өте қысқа мерзімде өткізілді және бірден жаппай, өте танымал болды. Информатикадан олимпиадалар жыл сайын өткізіліп тұрады, оның жеңімпаздары сынып бойынша бірінші, екінші, үшінші дәрежелi дипломдармен, грамоталармен, сондай-ақ арнайы және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылдың 13 наурызынан №99 бекіткен «Жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасын өткізу» ережесі туралы бұйрығына сәйкес, олимпиада 4 кезеңде өтеді: 1) бірінші кезең – мектептік, программалау саласы бойынша оқушылар өздерінің қабілеттері мен дағдыларын көрсетулері үшін барлық оқушыларға жаппай мектепте өткізіледі. Бұл жарыс әдетте қараша айында өтеді;
2) екінші кезең – аудандық (қалалық); мектеп олимпиадасының жеңімпаздары олимпиаданың үшінші кезеңіне жіберіледі;
3) үшінші кезең – облыстық (Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ республикалық мектептер дәрежесі облыстық олимпиадаға теңеледі). Іріктеу кезеңіне әр сынып және пән бойынша үшінші кезең жүлдегерлерінің қазылар алқасы үздік деп таныған үш үздік жұмыс жіберіледі;
4) төртінші кезең – республикалық олимпиада Министрлiктiң бұйрығымен белгiленген мерзiмде өткiзiледi [http://daryn.kz].
“Дарынды балаларға арналған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету” туралы (1996 ж.) Президент Қаулысы Қазақстандағы аса қабілетті балалар және жасөспірімдермен қарқынды түрде жұмыс жүргізудің себепкері болып отыр. Осы Қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Өкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 қаулысымен Білім және ғылым министрлігі жанында жаңа ғылыми-құрылымдағы білім беру мекемесі республикада дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін ұйымдастыратын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды [http://daryn.kz]. Бұл орталықта Республикалық олимпиадалар және конкурстар, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстар, қашықтық олимпиадасы, интеллектуалдық-ойын конкурстар өткізіледі, сонымен қатар, информатиканы сырттай да оқытады, жақсы оқығандарға сертификаттар беріледі. Үздік қатысушыларға «Дарын» бағдарлы жазғы лагеріне жолдама беріледі.
Алматы қаласында «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының біріккен жобасы – математика, физика және информатикадан жыл сайын дәстүрлі Халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізіп тұрады http://izho.kz/.
Сонымен қатар, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ- заманауи ақпараттық технологияларды дамыту мақсатында құрылған ірі қазақстандық мемлекеттік компаниясы мектеп оқушылары арасында программалау бойынша халықаралық олимпиада өткізеді. http://www.zerde.gov.kz.
Дарынды балалармен жұмыс істейтін республикадағы қарқынды дамып келе жатқан орталықтардың бірі – «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы 6-8 сынып оқушыларының арасында информатика және программалау бойынша облыстық олимпиадалар өткізіп тұрады [http://ertisdaryn.kz].
Аудан мектептері бойынша информатика пәнінен 8 сыныптар арасында қашықтық олимпиада өткізіледі [http://zharmabilim.kz].
Информатика пәні бойынша олимпиадаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
дербес компьютермен жұмыс істеудің қажетті дағдылары болуы, компьютердің негізгі сипаттамаларын білуі, олардың көмегімен шығарылатын есептерге қалай әсер ететін түсінуі, мысалы, берілген қиындықтағы есепті шешуде жадысы мен жылдам әрекет етуі бойынша;
қолданбалы есептерді шешуде кең таралған операциялық жүйелермен (Windows, Linux) жұмыс істей білуі;
практикада қойылған есепті формальдау әдістерін білуі, жекеше жағдайда, сөз түрінде сипатталған есептің қойылымынан техникалық және мазмұндық шектеулерді есепке ала отырып, оны формальды сипаттауға дұрыс өте білуді;
алгоритмдердің негізгі типтерін (әртүрлі құрылымды мәліметтермен жұмыс істеу алгоритмдері, графтардағы негізгі алгоритмдер, сұрыптау мен динамикалық программалауды ұйымдастыру алгоритмдері, комбинаторикалық алгоритмдер, бүтін санды арифметика мен арифметикалық өрнектердің мәнін санау, модельдеу әдістері және т.б.) практикада іске асыра білуді;
есепті шешуде алгоритмнің қиындығы ұғымын қолдана білуді;
олимпиада есептерін шығаруда (программалау тілін олимпиада ұйымдастырушылары анықтайды) бір немесе бірнеше интегрленген жүйелермен жұмыс істей білуі;
қазіргі заманғы программалау технологияларын практикада қолдану әдістерін, сонымен қатар программаны тестілеу мен отладка жасай білуі.
Олимпиаданың деңгейі жоғарылаған сайын, берілетін есептердің қиындығы қатысушылардың жоғары білімі мен біліктілігін талап ететіні белгілі. Тек қана программалау бойынша талап ету қиындығы жоғарыламайды, ол информатиканың басқа да тарауларын қамтиды.
Халықаралық олимпиада өткізу практикасы негізінде туындаған қатысушының дайындық бағытын анықтайтын алты негізгі тарауды ерекшелеп көрсетуге болады. олардың алғашқы бесеуі мынадай тақырыптарға арналған: динамикалық программалау, қайта-қайта сұрыптау, графтардағы алгоритмдер, есептеуіш геометрия, және комбинаториялық алгоритмдер. Берілген есептердің ішінде бірнешеуі бірден берілген тақырыптарға жатуы мүмкін. Мысалы, қысқа жолды іздеуге берілген геометриялық есеп әдетте графтағы қысқа жолды табуға әкеледі. Мұндай жағдайда немесе басымды тақырыпты анықтау керек, немесе есепке басқа тарауларды қосу керек. Алтыншы тарауға алғашқы бесеуіне де кірмейтін есептер енгізіледі. Есепті шешу үшін синтаксистік анализ, динамикалық программалау және графтағы алгоритмдерді меңгеру қажет.
Әрбір есепті шешудің нәтижесі есептің шартында берілетін жұмысқа қабілетті программа, не шығыс файлы болуы мүмкін. Егер есептің шешуі программа болса, онда қатысушы шешудің бастапқы мәтінмен файлды тексеруге өткізуі керек. Егер есеп Borland C++-ті қолдану арқылы шығарылсы, онда шешімі тексеруде large жадысының моделімен компиляцияланады.
Олимпиаданың мақсаты ғылыми бiлiмдi насихаттау және оқушылардың ғылыми қызметке қызығушылығын дамыту, балаларды анықтау үшін қажеттi жағдай тудыру. Олимпиада – оқушылардың білімін дамытушы, информатика деген қызығушылығы мен тұрақтылығын арттырушы жарыс.
Олимпиада информатикадан білім берудің жалпы деңгейін көрсетеді, сонымен қатар, оқушылардың білім сапасын анықтап, мұғалімнің жоғары деп саналатын дайындық деңгейін сипаттайды. Олимпиадалар жаңа, оқушыларды ақпаратқа қызықтыратын ақпарат көзі болып табылмайды, сондықтан олар тереңдетіп дайындаудың негізгі формасы болып та саналмайтынына назар аудару қажет. Олимпиада әртүрлі мектептік, аудандық, қалалық, республикалық деңгейде өткізіледі.
Оқушыларды информатика пәнінен олимпиадаларға дайындайтын көптеген Web порталдар бар. Облыстық, республикалық олимпиада есептері, олардың шешімдері olympiads.kz сайтына жыл сайын жарияланады.
Достарыңызбен бөлісу: |