Бидайбеков Е


-ТАРАУ. ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ТЕОРИЯCЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ ПӘНІ



бет17/87
Дата13.01.2023
өлшемі1.9 Mb.
#468366
түріОқулық
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   87
treatise13514

2-ТАРАУ. ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ТЕОРИЯCЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ ПӘНІ


2.1 Информатика ғылым және оқу пәні

Информатика ғылым ретінде өткен ғасырдың екінші жартысында пайда болып, қалыптаса бастады. Информатиканың зерттеу саласы - ақпараттың құрылымы мен жалпы қасиеттері, сонымен қатар ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, түрлендіру, тарату мен адам қызметінің алуан түрлі салаларына пайдалану үдерістеріне байланысты мәселелер. Ақпараттың ауқымды көлемі мен ағымдарын өңдеу автоматтандырусыз және коммуникация жүйелерінсіз мүмкін емес, сондықтан да электрондық есептеу машиналары мен заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологиялар информатиканың iргелi ядросы да, материалдық базасы да болып табылады.


“Информатика” термині (бірінші азат жолда қолданылғандай мағынада) әдебиеттерде кейінгi кезде ғана пайдаланылуда, оның үстіне оның түсіндірмесін әлі күнге дейін қалыптасып, қабылданған деуге болмайды. “Информатика” ұғымының (сол сияқты одан туындаған ұғымдар) өз мәніне байланысты терминологиялық және ұғымдық қиыншылықтар әлі күнге дейін шешілген жоқ. Электрондық есептеуіш машиналардың пайда болған уақытынан басталатын мәселе тарихына көшейік.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кибернетика әр түрлі - жасанды, биологиялық, әлеуметтік табиғатты жүйелердегі басқару мен байланыс туралы жалпы ғылым ретінде қарқынды дами бастады.
Кибернетиканың пайда болуын, әдетте, 1948 жылы америка математигі Норберт Винердің «Кибернетика немесе жануарлар мен машинадағы байланыс пен басқару» кітабының шығуымен байланыстырады. Осы жұмыста басқарудың жалпы теориясын жасаудың жолдары көрсетіліп, әр түрлі жүйелер үшiн басқару және байланыс проблемаларын бір тұрғыдан қарастыру әдістерінiң негiзi қаланған. Кибернетика электрондық есептеу машиналарының өрлеуімен бірге дами отырып, уақыт өте ақпаратты түрлендiру туралы жалпы ғылымға айналды. Кибернетикада ақпарат деп қандай-да бiр жүйенiң қоршаған ортадан қабылданатын (Х кiру ақпараты), қоршаған ортаға берілетiн (Y шығу ақпараты), сонымен қатар өзiнде сақталатын (Z iшкi, ішкі жүйелiк ақпарат) сигналдардың, әсерлердiң немесе мәліметтердің кез келген жиынтығы түсініледі (1-сурет).

1-сурет.



Кибернетиканың дамуы елімізде тартысты кезеңдерді басынан өткізді (Кеңес Социалистік Республикалар Одағында информатиканың қалыптасуы туралы толық мәлiметтер мен фактiлер Д.А.Поспеловтың [31] мақаласында жеткiлiктi келтiрiлген). Кеңес Одағында кибернетиканың ресми мойындалуына көп еңбек еткен А.И.Берг 1960 жылдардың басында былай деп жазды: «…1955-57 жылдары, тіпті, одан кейін де әдебиеттерде кибернетиканың маңыздылығы мен мүмкіндіктерін бағалауда үлкен қателiктер жіберілді. Бұл ғылымның біздің елімізде дамуына үлкен зиян келтіріп, көптеген теориялық қағидалар мен электрондық машиналар жасауды тежеуге алып келдi” [4]. «Қысқаша философиялық сөздiктiң» (1954) төртінші басылымында кибернетикаға «АҚШ-та екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған және басқа капиталистік елдерде де кең дами бастаған реакциялық жалған ғылым, қазiргi кездегi механизмнің түрі» деген анықтама берiлгендiгiн айту жеткiлiктi [33]. Таза идеологиялық мотивтерден басқа, бұл құбылыстың себебі, біріншіден жаңа өте жақсы дамып келе жатқан ғылымды «классикалық» бағыттағы жеке оқымыстылардың бағаламауы болса, екіншіден - әртүрлi салалардағы кибернетиканың нақтылы мәселелерiн белсендi түрде жасаудың орнына, бұл ғылымды дискредитациялап (сенімсіздендіріп), оның шексiз мүмкiндiктерi туралы жартылай фантастикалық болжамдарға алып сатарлық жол берушілердің шамадан тыс бос сөзділігі.
Бірақ, идеологиялық кедергілерден құтылып, ғылым ретінде мойындалғаннан кейін де (1959 жылы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ғылым Академиясында “Кибернетика” кешендi мәселесi бойынша Ғылыми кеңес құрылды) кибернетика үшiн қиыншылықтар азайған жоқ. Өйткені, кибернетиканың дамуы ұзақ уақыт бойы үлкен мемлекеттік жобаларды жүзеге асырудағы сәтсіздіктерімен қатар жүрді. Осы мәселемен ары қарай танысқысы келген оқырмандарға мамандардың бағалауына сілтеме жасай отыра, келтірілген 1980 жылдардың ортасында қалыптасқан жағдайларға шолуды [13] ұсынамыз.
Енді кибернетика негізінде информатиканың қалыптаса бастауы туралы мәселеге терминологиялық тұрғыдан келейік. «Кибернетика» термині пайда болғаннан кейін дүниежүзілік ғылымда «Computer Science» (компьютерлiк ғылым) ағылшын сөзі пайдалана бастады. Бұл термин қазір де АҚШ, Канада және кейбір латын-америкалық континентi елдерінде компьютерлер мен телекомуникациялық жүйелер көмегімен ақпаратты өңдеу, сақтау, тарату үдерістерін зерттейтін ғылым мен оқу пәнінің аттары ретінде кең тараған [11].
Сәл кейінірек ХХ ғасырдың 1960-1970 жылдар аралығында француздар «informatigue» (информатика) терминiн, яғни француздың «informatione» (информация) және «avtomatigue» (автоматика) деген сөздерінен құралатын терминді енгізді. Жаңа термин Кеңес Социалистік Республикалар Одағында (демек, кейін ТМД елдерінде), Батыс Еуропа елдерiнде кеңiнен тарай бастады. Ертеректе (шамамен 1960 жылдар ортасында) орыс тілінде «информатика» терминінің қолданылуы ғылыми-техникалық ақпараттың нақты саласы мен документалистикаға байланысты болғанын айта кеткен жөн[25]. Үлкен Кеңестiк энциклопедияда информатика «ғылыми ақпараттың құрылымы мен жалпы қасиеттерін, онымен қоса оны құру, түрлендіру, тарату және адам қызметінің әр түрлі саласында пйдалану заңдылықтарын зерттейтiн пән» деп қарастырылды [26]. Осындай анықтама информатиканы кітапханатанумен, библиографиямен, құжаттар массивінен ақпарат іздеу әдістерімен байланыстырды. Осы мақсатпен 1952 жылы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы ҒА-да Ғылым ақпарат Институты құрылды, кейіннен Бүкiлодақтық ғылыми және техникалық ақпарат институты (БҒТАИ) болып өзгерді.
Академик А.П.Ершов 1970 жылдардың екiншi жартысында жоғарғы оқу орындарына арналған информатика курсы бойынша оқу құралы мен есептер жинақтарын [2,1] неміс тілінен аударғаннан кейін отандық әдебиеттерде “информатика” терминiнің осы бағытпен қатар және одан тәуелсіз басқа түсіндірмесі кеңiнен тарай бастады. Информатика терминінің мағынасын (1983 жылы КСРО Ғылым Академиясының құрамынан жаңа – информатика, есептеу техникасы мен автоматтандыру бөлімінің ашылуына байланысты) түсіндіре келе А.П. Ершов бұл терминнің орыс тіліне ақпаратты тарату мен өңдеу үдерістерiн оқытатын iргелi жаратылыстану ғылымының аты ретiнде енетіндігін баса айтты. Бұлай анықталуында информатика философиялық және жалпы ғылыми категориялармен тікелей байланыстырақ болады да, оның «дәстүрлі» академиялық ғылыми пәндер» арасындағы орны айқындалады.
Информатиканың осы анықтамасын түсіндіре келе, А.П.Ершов ары қарай: «ғылымдардың салыстырмалы түрде жаратылыстану және қоғамдық болып бөлінуін мойындай отыра, біз сонда да, сана мен оның атрибуттарының қосымшалық принципіне, жасанды, биологиялық және қоғамдық жүйелерде ақпаратты өңдеу заңдарының ортақтығы (жалғыздығы) туралы түсінікке сәйкес информатиканы жаратылыстану ғылымдары пәнiне жатқызамыз. Информатиканың iргелi ғылымдар қатарына жатқызу ақпарат ұғымы мен оны өңдеу үдерістерінің жалпы ғылыми сипатын білдіреді. Әлемнiң оқып-танылатын фрагментіне ақпараттық модель атты модель құрылғанда ғана информатика өз бетінше жеке ғылым ретінде өз құқығына ие болады. Дегенмен, ақпараттық модельдердi құрудың жалпы әдіснамалық принциптерi информатиканың пәні болғанымен, ақпараттық модель құру және оны негiздеу жекелеген ғылымның мiндетi болып табылады. Ақпараттық және математикалық модель ұғымдары бір-біріне өте жақын, себебі екеуі де белгілерден тұратын жүйе. Ақпараттық модель – информатиканың ол арқылы жеке ғылымдармен қатынасқа түсетін, олармен бірікпей және сонымен бiрге оларды өзі ішіне тартпайтын түйін» деп атап көрсетті [25, 29-30 б.].
Жоғарыда айтылған информатика ғылымы туралы түсінікке академик Н.Н.Моисеевтің берген пікірі де үндес: «басқару үдерістерi туралы ғылым – кибернетиканың негiзiнде пайда болған информатика …аяқ астынан біздің көз алдымызда есептеу техникасының көмегiмен мәлiметтердi өңдеудiң құралдары мен әдiстерi туралы техникалық пәннен табиғат пен қоғамдағы ақпарат пен ақпараттық үдерістер жайлы iргелi жаратылыстану ғылымына айналды» [28]. Дегенмен, информатиканың жеке ғылым ретiнде о бастан қалыптаса бастаған кезінде оқымыстылар арасында «информатика деген не?» деген сұраққа жауап беруде толық ынтымақтық болған жоқ.
«Информатиканың қалыптасуы» атты жинақта В.С.Михалевич, Ю.М.Каныгин және В.И.Гриценко былай деп тұжырымдайды: «Информатика – ақпаратты қайта өңдеудiң машиналық (ЭЕМ негізінде) жүйесi қызметінің барлық жасау, жобалау, құру, бағалау қырларын, олардың қолданылуы мен әлеуметтiк практиканың әртүрлi салаларына әсерлерiн оқып зерттейтін кешендi ғылыми және инженерлiк пән» [27]. Соңғы түсініктемеден информатиканың пайда болуының өзі компьютерлік техниканың дамуымен байланысты екендігін ғана емес, сонымен қатар информатика – ЭЕМ дамуының нәтижесi екендiгiнің де айқын көрсетілгендігін байқауға болады.
Информатика ғылымының объектісі мен пәні туралы мәселеге тоқталайық. Жалпы гнесеологиялық тұрғыда ғылымның объектісі мен пәнінiң қарама-қарсы қойылуы салыстырмалы нәрсе болып табылады [35]. Дегенмен, «ғылымның объектісі» және «ғылымның пәні» ұғымдарының айырмашылықтары туралы түсiнiк кез-келген ғылымның мәнін анықтау үшін маңызды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   87




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет