Объект – зерттеушінiң iс-әрекетi бағытталған нақтылық облысы, ал пән – зерттеудің субъектісі мен объектісі арасындағы аралық ұғым. «Ғылым пәні» ұғымы танымның объективті және субъективті жақтарының диалектикалық бірлігін білдіреді де, «ғылым объектісі» ұғымымен тепе-тең емес. Пәннің объектіден негізгі құрылымдық айырмашылығы пәнге негізгі, мейлiнше маңызды қасиеттері мен белгілердің кіретіндігінен тұрады.
Орта мектеп дидактикасы туралы оқу құралында бұл айырмашылық көрнекі мысал арқылы былай тұжырымдалады: «әр түрлі ғылым өкiлдерi бiр объектiге әр ғылым саласына сай түрлі есептер, ұғымдар жүйелері тұрғысында әр түрлі көзқараспен қарап, объектiде оның әр түрлi жақтарын, әр түрлi байланыстары мен қатынастарын ерекшелеп көрсетедi».
Оқыту – дидактика маманының да, әдіскердің де, психологтың да, кибернетиктiң де зерттеу, танып бiлу объектісі болуы мүмкiн. Бірақ әрбіреуі осы объектіде өз саласына қатыстысын таңдап алып, зерттеудiң әр түрлі мақсатын қояды да, осы мақсаттар пен зерттеу нәтижелерiн әр түрде тұжырымдайды. Бұл әркімнің өз пәні бойынша жұмыс істейтіндiгін көрсетеді. Бұл мамандар сабаққа бірге келсін делік. Олардың барлығы бір үдерістi көредi, бiрақ оған әркiм өз ғылымының көзiлдiрiгiмен қарайды. Дидакт мұғалімнің қандай жалпы дидактикалық әдістерді қолданып, қандай жалпы принциптерді іске асырғандығы туралы ойлайды. Әдіскер оқыту тәсілдері мен оқу материалының мазмұны осы пәндi мектепте оқытудың мақсатымен сәйкестігіне көңіл аударады.
Психологты көбінесе меңгерудің жалпы заңдылықтарының көрiнiсi ретiнде оқушылардың материалды меңгеру ерекшелiктерi қызықтырса, ал кибернетик үшiн оқыту тура және кері байланысы бар басқару жүйесі ретінде қаралады” [6, 9-б.].
Объект – объективтi шындықтың субъектпен өзара қатынаста болатын бөлiгi ретiнде көрінедi, оның үстіне таным объектiсiнiң ерекшеленуiнiң өзi қоғам арқылы пайда болған және объективтi шындықтың қасиетiн бейнелейтiн практикалық және танымдық iс-әрекеттiң формаларының көмегiмен жүзеге асырылады [35, 452-б.]. Пәндік облыс – берілген (жеке пайымдау, ғылыми теория не бүтіндей теорияның фрагменті ретінде түсінілетін) контекст шеңберінде қарастырылатын объектілер облысы, қарастырудың (пайымдаудың) әмбабаптығы, объектілер класы (жиыны). Мысалы, сандар теориясында натурал сандар қатары пәндік облыс бола алады (бүтiн теріс емес сандар жиыны) [35, 325-б.].
В.С.Леднев ғылымның «объект» және «пән» ұғымдарын салыстыра отырып қарастырғанда ғылымдардың өз объектiлерiн бейнелеуiнiң аспектілiк және объектілiк тәсiлдерiне сүйенедi [20, 85-87 б.]. Бұл кезде ғылым пәнін анықтағанда оның объектісі ғана емес, “… оның объектісінің ғылыммен бейнелену аспектісі” де ескеріледі [20, 99-б.]. В.С. Леднев кибернетика ғылымының пәні мен объектісін былай сипаттайды: «Кибернетиканың пәндік облысы … тірі табиғатты, адамды, қоғамдық және техникалық жүйелерді қамтиды. Бірақ кибернетика бұл пәндік облысты жан-жақты зерттемейдi. Оны (объектілі тұрғыда) биология, антропологиялық, қоғамдық және техникалық ғылымдар жан-жақты қарастырады. Кибернетика бұл пәндiк облыстың тек ақпараттық-басқару қырын – басқару үдерістерiн зерттейдi. Сонымен бірге ол басқару үдерістерінің белгілі бір жағын ғана, яғни нақты жүйелердiң ерекшелiгiне тәуелдi емес басқару үдерістерiнiң кез-келгенiне тән ортақ заңдылықтарды қарастырады» [20, 90-б.].
Осыдан информатика пәнi кибернетика пәні сияқты өз қосымшаларының ауқымды облыстарының негізінде, ал оның объектісі табиғаттағы, қоғамдағы кез-келген ақпараттық үдерістерге тән ортақ заңдылықтар негізінде қалыптасады деген қорытынды шығады.
Шындығында, ақпараттық тәсіл күннен күнге табиғат пен қоғамды танудағы жалпы ғылыми әдіс ретінде қабылдана бастағандықтан, информатиканың кең көлемдегi қосымшалары оның басты ерекшелiгi болуда. Бұл қосымшалар негiзiнен қоғамдық қызметтің барлық саласын: өндіріс, басқару, ғылым, білім беру, жобалау, сауда, ақша-кассалық операциялар, медицина, криминалистика, қоршаған ортаны қорғау және т.б., сонымен қатар тұрмыс, жеке iс-әрекеттердi қамтиды. Бұл жерде ақпараттық үдерістер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негiзiнде әлеуметтік басқаруды жетiлдiру өте маңызды.
Информатика нақты ақпараттық үдерістердің (технологиялардың) барлық көптеген түрлеріне тән ортақ мәселелердi зерттейдi. Осы ақпараттық үдерістер мен технологиялар информатиканың объектісi болып табылады. [27, 33-35 б.].
Информатика пәні өзінің қосымшаларының көп салалығымен анықталады. Адам қызметінің алуан түрлi саласындағы ақпараттық технологиялардың (өндіріс үдерістерін басқару, жобалау жүйелерi, қаржы операциялары, білім беру және т.б.) жалпы қасиетке ие болғанымен бір-бірiнен айтарлықтай айырмашылығы бар. Сондықтан да амалдар мен процедуралардың түрлі жиынтығына, кибернетикалық аспап-құралдардың әр түрлерiне (көптеген жағдайларда, компьютермен бiрге арнайы құралдар мен құрылғалар пайдаланылады), әртүрлi ақпарат тасымалдаушыларға және т.б. негiзделген әртүрлi «пәндік» информатикалар пайда болуда.
Бүгiнгi таңда информатика белсенді ықпал жасап отырған адам қызметі саласының бірі – білім беру жүйесі. Информатиканың орта мектеп мәселесiмен шұғылданатын тармағы мектеп информатикасы деп аталады. Ең алғаш бұл термин А.П.Ершовтың [9] басшылығымен жасалынған, осылай аталатын концептуалды құжатта кең қолданыс тапқан. Енді осы аталған жұмыстың негізгі қағидаларына сүйене отырып мектеп информатикасы пәніне сипаттама берейік.
Мектеп информатикасы мектеп оқу үдерісінде ЭЕМ-ді қолдануды программалық, техникалық, оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық тұрғыда қамтамасыз етуді зерттеумен және жасаумен айналысатын информатиканың бір тармағы ретінде анықталады.
Мектеп информатикасын программалық (немесе математикалық) қамтамасыз ету орта мектептің ақпараттық, басқару және оқыту жүйелерiн сүйемелдейді, оның құрамына осы жүйелердi жобалау мен сүйемелдеуге арналған программалық құралдар, сонымен бiрге оқушылардың, мұғалiмдердiң және халық ағарту саласының қызметкерлерiнiң осы жүйелермен қатынас жасауына арналған құралдар кіреді.
Мектеп информатикасын техникалық қамтамасыз етудiң мақсаты, мектептiң оқу-тәрбие үдерісiн сүйемелдеу үшiн қажеттi техникалық құралдарды таңдауды экономикалық негiздеу; мектептегi есептеу техникасына арналған кабинеттердi жабдықтау параметрлерiн анықтау; орта мектепке арналып, ерекше жасалған жаңа құралдар сериясын пайдаланудың тиiмдi қатыстарын табу.
Мектеп информатикасын оқу-әдiстемелiк қамтамасыз ету – мектеп информатика курсы бойынша, сонымен қатар информатиканың әдiснамалық ықпалына түсе алатын барлық мектеп пәндерi бойынша және оқыту барысында информатика құралдарын пайдалану жоспарланған курстар бойынша оқу бағдарламаларын, әдiстемелiк құралдар, оқулықтар жасаудан тұрады.
Оқу үдерісіне жаңа ақпараттық технологиялардың енуiне және оны сүйемелдеуiне байланысты ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселелерi күрделi де, әр қилы, әсiресе бұл мектепте бiлiм берудi компьютерлендiрудiң алғашқы кезеңiнде байқалады. Бұған, атап айтқанда, мектеп информатикасының техникалық базасын қамтамасыз ету мен ары қарай сүйемелдеу бойынша техникалық-ұйымдастыру шаралары; әдiстемелiк құралдар, педагогикалық программалық құралдар (ППҚ) жасап, оларды көбейтудi және мектепке (ҚБЖ) жеткiзудi ұйымдастыру; оқу-ағарту жүйесiнiң барлық деңгейлерiндегi мамандарды, әсiресе, информатиканы жаңа пән ретiнде, басқа пәндердi оқытудың жетiлдiру инструменті ретiнде, ойлау стилi ретiнде жалпы мектепке ендіруге қабілетті мектеп мұғалiмдерiн дайындау және қайтадан дайындау жатады.
Информатиканың дамуына байланысты оның кибернетикамен өзара байланысы және шектелуі туралы сұрақ туындайды. Осыған орай, кибернетика ғылымының пәнін дәлірек анықтап, оның қатаңырақ түсіндірмесін келтіру қажет. Информатика мен кибернетика басқару тұжырымдамасына негізделген көптеген ортақ қасиеттерге ие, дегенмен «… информатика кибернетикаға бүтіндей енiп кетпейдi” [27, 35-б.]. Информатика мен кибернетиканы шектеу жолдарының бірi – информатиканың зерттеу облысына кез-келген кибернетикалық (табиғаты кез-келген жүйелердi: биологиялық, техникалық және т.б.) жүйелердегi емес, тек әлеуметтiк жүйелердегi ақпараттық технологияларды зерттеуді ғана жатқызу. Сонымен бiрге кибернетикада кез келген жүйедегі ақпарат қозғалысының ортақ заңдарын зерттеу сақталады да, ал информатика «осы теориялық iргеге сүйене отырып, технологияны, яғни ақпаратты өңдеудің, таратудың, пайдаланудың негізгі тәсілдері мен әдiстерiн зерттейдi. Кибернетикалық принциптер дербес нақты жүйелерден тәуелдi емес, ал информатиканың принциптері әр кезде де осы нақты жүйелермен технологиялық байланыста болады» [27, 36-б.].
Информатиканың барлық бөлімдері бір уақытта пайда болған жоқ. Информатика тарихы оның мүдделері ауқымының бiртiндеп кеңеюіне байланысты. Кеңею мүмкіншiлiгі компьютерлердің дамуымен және модельдердің жинақталуымен және оларды әртүрлі типтегі есептерді шешу үшiн қолдану әдiстерiмен байланысты болды.
Д.А. Поспелов айтқандай қазіргі уақытта информатика құрылымын келесі негізгі зерттеу аумақтары анықтайды [33]:
алгоритмдер теориясы (алгоритмнің формалды модельдері, есептелу проблемалары, есептеу қиындықтары және т.б.);
логикалық модельдер (дедуктивтiк жүйелер, шығару күрделiлiгi, дәстүрлi емес есептеулер: индуктивтiк және дедуктивтiк шығару, аналогия бойынша шығару, шындыққа жанасымды шығару, монотонды емес пайымдау және т.б.);
мәлiметтер қоры (мәлiметтер құрылымы, сұранысқа жауап iздеу, мәлiметтер қорындағы логикалық шығару, белсендi қорлар және т.б);
жасанды интеллект (бiлiмдi (мағлұматтарды) өрнектеу, бiлiм (мағлұматтар) негізінде шығару, оқыту, сараптық жүйелер және т.б.);
бионика (биологиядағы математикалық модельдер, мiнез-құлық модельдері, генетикалық жүйелер мен алгоритмдер және т.б.);
үлгiлердi тану және көрiнiстiк сценаларды өңдеу (танудың статистикалық әдiстерi, (мәндi) кеңiстiктi пайдалану, тану алгоритмдер теориясы, үш өлшемдi көрiнiстер және т.б.);
роботтар теориясы (автономды роботтар, әлем туралы білімді өрнектеу, орталықтанбаған басқару, мақсатқа сай мінез-құлықты жобалау және т.б.);
математикалық қамсыздандыру инженериясы (программалау тiлдерi, программалық жүйелердi құру теориясы, инструментальды жүйелер және т.б.);
компьютерлер мен есептеу жүйелері теориясы (архитетуралық шешімдер, көп агентт жүйелер, ақпаратты өңдеудің жаңа принциптері және т.б.);
компьютерлер мен есептеу желiлерiнiң теориясы (архитектуралық шешiмдер, көпагенттiк жүйелер, ақпаратты өңдеудiң жаңа принциптерi және т.б.);
компьютерлiк лингвистика (тiлдiң моделi, мәтiндердi талдау мен синтездеу, машиналық аударма және т.б.);
сандық және символдық есептеулер (есептеудiң компьютерге бағдарлы әдiстерi, әртүрлi қолданбалы салалардағы ақпаратты өңдеу модельдерi, жаратылыстық-тiлдiк мәтiндермен жұмыс және т.б.);
адам мен машина арасындағы iс-әрекет жүйелерi (дискурс модельдерi, аралас жүйелердегi жұмыстарды бөлу, ұжымдық процедураларды ұйымдастыру, телекоммуникация жүйелерiндегi iс-әрекеттер және т.б.);
нейроматематика және нейрожүйелер (формальды нейрон желiлері теориясы, нейрон желiлерiн оқытуда қолдану, нейрокомпьютерлер және т.б.);
компьютерлердi тұйық жүйелерде қолдану (нақты уақыт моделдерi, интеллектуальды басқару, мониторинг жүйелерi және т.б.).
Төменде информатиканың пәндiк саласының құрылымы берiлген.
Достарыңызбен бөлісу: |