Қабаттар және қабаттар папкасы
Қабаттар фильмнің мазмұнын біріктіруге мүмкіндік береді. Әр қабатты фильмнің жекелеген жолағы деп қарастыруға болады. Егер кез келген бір қабаттың белгілі бір бөлігі бос болса, онда ол өзінен төмен орналасқан қабаттың мазмұнын көрсетеді, ең жоғарғы қабаттың мазмұны басқа қабаттың мазмұнын көрсетпей тастайды.
Қабаттар мазмұнды жүйелеуге және бөлуге мүмкіндік береді. Әртүрлі қабаттарда орналасқан бейнелерді басқару жеңілдеу болады. Объектілерді әртүрлі қабаттарда орналастыру әр объектіні өзінше жекелей анимациялауға мүмкіндік береді, осылайша күрделі анимацияға қол жеткізуге болады. Қабаттардың саны дайын фильмнің көлеміне ешқандай әсерін тигізбейді.
Қабаттарды жасау барысында Flash оларды автоматты түрде нөмірлеп, атау беріп отырады. Қабаттардың атын өзгерту үшін уақыт шкаласының сол жағында орналасқан қабаттың атын (мысалы: Layer1) екі рет шерту керек. Қабаттарға ат беру кезінде оларды объектінің орналасу көрсеткіші ретінде қызмет көрсететіндей етіп, мүмкіндігінше қысқа ат беру керек, яғни қабат атының мазмұндық мәні болуы керек.
Әр қабаттың оң жағында орналасқан пиктограммалар қабатты жасыру, құлыптау және оларға мазмұнды контурлар түрінде көрсетуді ұйымдастырады. Ағымдағы уақытта жұмыс істемей тұрған қабаттарды құлыптап қойған жөн, бұл абайсыз өзгертулерден сақтайды. Ол үшін Alt пернесін басып тұрып қабаттағы құлып бейнесін шерту керек, бұл кезде ағымдағы қабаттан басқа қабаттың барлығы құлыпталады. Дәл сол сияқты экранда белсенді емес қабаттарды көрсетпей тастау үшін Alt пернесін басып қабаттағы «көз» пиктограммасын шерту керек. Қабат аты және пиктограмма бағандары арасында орналасқан «қалам» белгісі қабаттың ерекшеленіп тұрғанын және өңдеуге болатынын көрсетеді. Жасырын тұрған қабатты өңдеуге болмайды. Жасырын қабатты өңдеу әрекеті орындалса, сызылып тасталған «қалам» белгісі пайда болады. Қабаттардың орналасу ретін өзгерту керек болса, қабат атында тышқанды шертіп, оны жаңа орнына қарай тарту керек. Бір мезетте бірнеше қабаттарды ерекшелеу үшін Shift пернесін пайдалану керек.
Уақыт шкаласы терезесінің төменгі жағында орналасқан пиктограммалар - жаңа қабат қосуға, бағыттаушы қабат қосуға немесе қабаттар папкасын жасауға мүмкіндік береді. Бағыттаушы қабаттар объектілерді туралауға мүмкіндік береді. Кез келген қабатты бағыттаушы қабатқа айналдыру үшін Add Motion Guide (қозғалысты бағыттаушыны қосу) пиктограммасын шерту керек. Flash фильмінде бағыттаушы қабаттар көрсетілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |