Білім беру бағдарламасы: «6В01701 Казахский язык и литература»


- дәріс. Экзистенциализм ағымының эстетикасы



бет14/18
Дата17.04.2024
өлшемі319.59 Kb.
#499029
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
multi-463 x392119109 (1)

8 - дәріс. Экзистенциализм ағымының эстетикасы


Жоспар:

  1. Экзистенциализм, оның теориялық аспектілері

2. Қазақ прозасындағы экзистенциалистік үрдіс

1. Экзистенциализм (латынша «existentia» – «өмір суру») ағымы ХХ ғасырдағы философия мен әдебиеттегі үлкен ағымдардың бірі. Бұл ағымның негізгі принциптері адам болмысының мына әлемдегі панасыздығы, шарасыздығы, өмірдің абсурдтығы т.б. төңірегінде болды. Экзистенциализм философиясында адамның болмысының қайталанбайтын бірегейлігіне назар аударып, оны иррационалды деп жариялады. Экзистенциализм персонализм мен философиялық антропологияның бағыттарымен қатарласа дамып, ең алдымен, адамның өз болмысын жеңу (ашу емес) идеясымен және эмоционалды табиғаттың тереңдігіне үлкен назар аударуымен ерекшеленеді. Экзистенциалис-психолог және психотерапевт Р. Мэйдің пікірінше, экзистенциализм тек философиялық бағыт емес, сол замандағы батыстық адамның терең эмоционалды және рухани ахуалын айғақтайтын, психологиялық жағдайын бейнелейтін мәдени қозғалыс, олардың бетпе-бет келетін ерекше психологиялық қиындықтардың көрінісі.


Экзистенциализм философиясы Германияда ХХ ғасырдың 20-жылдарында пайда болды, оның идеологтары – М.Хайдеггер мен К. Ясперс. Орыс зерттеушілері экзистенциализмнің негізін салған орыс философтары Л.Шестов пен Н.Бердяев деп есептейді. Хайдеггер мен Яспеарс олардың идеясын іліп әкетушілер болды деп санайды. Бұл орайдағы Хайдеггердің негізгі кітаптары «Болмыс пен уақыт» және «Іргелі антология» болды, Ясперс болса «Дәуірдің рухани жағдайын» еңбегін жариялады. Ал 1931 жылы Карл Ясперс экзистенциализмнің негізін қалаушы - 19 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген және «экзистенциализм» терминін қолданбаған, бірақ парадокс арқылы адамның Құдайға деген сенімін түсіндірген Дат философы Серен Кьеркегорды атады. Кьеркегор философиясының негізгі өзегі «үмітсіздік пен қорқыныш адамды сенімге жетелейді» деген идея еді.
Экзистенциализм ішінара діни және атеистік ағымдар болып бөлінеді. Екі ағымның өкілдері де адамның өмірі (тіршілігі) абсурд екендігімен келіседі, алайда діни экзистенциалистер (Бердяев, Шестов, Ясперс) бұл абсурдтықтың себептерін адамның болмысы деп санады, ал атеистік экзистенциализмнің жақтаушылары (Хайдеггер, Сартр, Камю) Ницшенің «Құдай өлді» деген әйгілі тезисіне іш тартты. Олардың негіздеуінше, адамзат болмысының драмасы - оны Құдайдың тастап кетуі.
Экзистенциализмнің орталық ұғымдары – адамның тіршілігі және бостандық. Адам өз еркімен туылмайды және туылғаннан кейін бірден өлім жазасына кесіледі. Алайда, бұл үкімнің орындалу мерзімін ешкім білмейді, ешкім әлемнен бөлек өмір сүре алмайды және бұл біздің басты бостандығымыз емес. Сондықтан экзистенциалист жазушылардың шығармаларында іс-әрекет, әдетте, адам өзінің құрдымға кеткенін қатты сезінетін жабық кеңістікте болады.
Бізге берілген жалғыз еркіндік – таңдау еркіндігі. Бірақ бұл еркіндік мазасыздықтың, қорқыныштың, жатсынудың, адасудың қайнар көзіне айналады: таңдау еркіндігі таңдау даналығын білдірмейді. Бүкіл өмір өлімді үнемі есте сақтауымен өтеді. Өлім туралы ой қорқынышпен байланысты ең күшті эмоцияларды тудырады. Үрей адамның өмір сүруін мағынасыз етеді, болмыс пен жеке тұлғаның шекараларын солғындатады. Әрбір адам – бұл бөлек, танылмайтын әлем. Адам қарым-қатынасқа ұмтылғанымен, үмітсіз, жалғыз. Ол өзін де, басқасын да түсіне алмайды және бұл оның бойындағы шатасулар мен жапандағы жалғыздық сезімін күшейтеді.
Бұл экзистенциалист жазушылардың шекаралық ситуацияларға (өлімді күту, қауіп) деген қызығушылығын арттырды. Мысалы, Камюдің «Оба» романында бұл эпидемиялық жағдай, Камюдің «Бөтен» әңгімесінде және Сартрдың «Қабырға» романында – өлім жазасын күту. Жазушылар кейіпкерлердің моральдық табиғатын ғана емес, сонымен бірге болмыстың мағынасына авторлық көзқарасты түсінуге мүмкіндік беретін осындай сюжеттік жағдайларды саналы түрде алады. Дағдарыс жағдайындағы адамдардың мінез-құлқы оларға ең шынайы сипаттама береді. Бұл шығармалардың идеясы мынаған келіп саяды: өмірдің ішінде өлім әлі күнге дейін ұйықтап жатыр, ал өлім қаупі жағдайында адам өзінің бар қасиеттерін ашып көрсетеді.
Экзистенциализмнің алғашқы кезеңі таза философиялық кезең болды. Екінші кезең II дүниежүзілік соғыстан кейін экзистенциализмнің танымалдығы артып ол әдебиетпен тығыз байланыста өрістеді. Экзистенциализмнің алғашқы танымал етуші француз жазушылары Дж. П. Сартр және А. Камю еді. Кейінірек экзистенциалистік концепция әр түрлі елдер жазушыларының шығармаларына идеялық арқау болады. Атап айтқанда, Ж. Ануй - Францияда, А. Мердок, пен В. Голдинг - Англияда, Э. Носсак, в. Джонсон, А. Андерш-Германияда, А. Миллер, Э. Альби, В. Стайрон, Д.Болдуин, Н. Мэйлер - АҚШ-та. Үшінші кезеңді қазіргі дәуірдегі экзистенциализм деп атауға болады, өйткені экзистенциализмнің принциптері аса қуатты көрінбегенімен, оның эстетикалық ұстанымдары жоғалып кеткен жоқ.
Кеңістік пен кейіпкер қатынасын көркем зерделеу нәтижесінде өніп шығып, әдеби тенденциялардың бірі ретінде көрініс берген экзистенционалды ой ағымы бүгінгі күні айрықша назар аударуға сұранып тұрған мәселелердің бірі. ХХ ғасырда пайда болған, өз идеялық бастауын Гуссерль, Кьеркегор еңбектерінен алатын әлемдік ой ағымындағы бұл бағытты Марсель, Ясперс, Бердяев, Шестов, Бубер, Сартр, Камю, Бовуар, Хайдеггер сияқты философтардың қолдағаны мәлім. Кезінде «өмір сүру философиясы» деп аталған мұндай бағытты тек буржуазиялық идеологияның, буржуазиялық философияның толғамдарының нәтижесінде дүниеге келген теріс көзқарастар бағыты деген түсініктердің басым болғаны да шындық. Мәселен, «Экзистенциализмнің философия мен әдебиеттегі көрінісі» деген еңбек жазған поляк ғалымы Ежи Коссак: «Философиялық концепция ретіндегі қазіргі экзистенциализмнің әлеуметтік және тарихи негіздерін, оны ерекшелейтін идеялар мен сарындарды айтқанда біз философияның тарихындағы кең ауқымдағы пессимистік және нигилистік ағымдармен кезігеміз. Бұл адам ақыл-ойының қалыптасқан шындыққа бас көтеру тарихының құрамдас бөлігі» (Коссак Е. Экзистенциализм в философии и литературе: Перев. с польск. - Москва: Политиздат, 1980. –Б. 5] - дейді.
Және де олардың еңбектеріне қатысты құнды ғылыми тұжырымдар да айтқан.
Жалпы, экзистенциализм бағытының негізгі тенденцияларын саралай келсек, олар мынадай:
Біріншіден, қандай да болмасын білімнің көзі адам тұлғасының нақты болмысын талдаудан басталады. Адам болмысы - жалғыз шынайы ақиқат.
Екіншіден, адам өзінің жекелік мақсатына ұмтылу барысында ғана өз табиғатына үңіледі. Яғни, өмір сүру - өзіңді-өзің қалыптастыру, өзіңді-өзің ғана таңдау.
Үшіншіден, қандай да бір ортақ мақсаттар мен идеологиядан, жалпылық мүдделестіктен ауылы алшақ адамның жекелік болмысы ғана оны абсурдтық әлем, абсурдтық өмірден құтқарады.
Төртіншіден, адам өзінің күнделікті өмірінде өзін экзистенция ретінде, яғни нақты қайталанбайтын тұлға екенін сезіне бермейді. Ол үшін шекаралық ситуация - өліммен бетпе-бет келу керек. Тек сонда ғана адам өзінің шын бостандығын сезіне алады. Сонда ғана ол өзінің «жапандағы жалғыздығын» («заброшенность» - Хайдеггер), адам мен сыртқы әлемнің сәйкессіздігін түсіне алады. Бұл - экзистенциалистердің негізгі тұжырымдарының бірі.
Бір сөзбен айтқанда, экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Алайда, олардың тұжырымдарында адамның ортамен, басқа адамдармен байланысы тіпті қарастырылмайды деу қисынсыз. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдері - М.Хайдеггер, К.Ясперс, Ж.П.Сартрлерді ортақтастырып тұратын басты белгі - адам болмысына Мен және Басқалар ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық - субьективтілік.
Осындайлық ой-тұжырымдардың негізгі құяр арналарының бірі - адам өзінің әлемдік жалғыздығын түйсіну арқылы қоғамнан, сондағы қалыптасқан қатынастар мен нормалардан жатсынуы. Экзистенциалистік таным мен олардың ұстанған концепцияларын, теориялық қырларын қарастырған еңбектердің түгелі дерлік келіскен тоқтам бар. Ол - экзистенциализмнің мәдени құлдырау, рухани дағдарыс кезінде күш алатыны. Экзистенциалистік ой-пікірдің ХХ ғасырда бой көтеруіне бірінші дүниежүзілік соғыстың әсері және адамзат баласының бір-біріне жойқын майдан ашқан екінші дүниежүзілік соғыстың уақытында әсері күшейгені осыдан болса керек. Өйткені «Немқұрайлылық, сенімсіздік және үмітсіздік көңіл-күйін білдіре отырып, олар тарих пен дамуда пайда болған және осы дүниеден тыс шешім іздеген адамдардың драматизмге толы жолын көрсетеді, адамдардың бәріне тән тағдыр трагедиясына жүгінеді» (Е.Коссак. –Б.18-19). Яғни, экзистенциалистік ой ағымы қоғамдық құрылыстағы және әлемдік деңгейдегі қайшылықтар тереңдегенде, санадағы қақтығыстар кезеңінде адам өзінің фәнидегі жалғыздығын барынша түсінеді деген пікірді ұстанады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары мен қасіреттері Францияда экзистенциализмнің жастар арасынан бұрын-соңды болмаған қолдауына ие болды. Әлемдік дағдарыс жаңа дүниетанымның қалыптасуына, оған дейінгі өмір сүріп келген қалыпты көзқарастардан бас тартуға дейін әкелді. Осы кезеңде Г.Марсельдің, Ж. П. Сартрдың қоршаған әлемді қатыгез, трагедия мен қарама-қайшылыққа толы екендігі жайлы пікірлері алдыңғы қатарға шықты. Мұндайлық ой тек қана француз ойшылдарында ғана емес, жалпы экзистенциализмнің теориялық базисі ретінде танылды. Хайдеггердің «Человек есть и он есть человек, поскольку он экзистирует. Он выступает в открытость бытия, какою является само бытие, которое в качестве броска бросила сущего человека в «заботу». Брошенный таким образом человек стоит «в» открытости бытия. «Мир» есть просвет бытия, в который человек вступает своим брошенным существом» (Хайдеггер М. Время и бытие: Статьи и выступления: пер. с немецск. - Москва: Республика, 1993. –С.212) - деген ойы Ж.П.Сартрдің «дүние – бос» идеясымен тамырласып жатыр. Экзистенциалистер осы тығырықтан шығудың жолын адамның жеке болмысы, оның «мені» арқылы шешуге тырысты. Мұндай ізденістер бұл бағыттың таза пессимистік және нигилистік арнада қалып қоймағандығын көрсетеді. Олар үшін шындықтың ең үлкені жеке адамның өмір сүру барысында нақты «сезілетін», «танылатын» шындық. Зерттеуші Т.А.Сахарованың сөзімен айтсақ, «У человека, заявляют экзистенциалисты, сущность подчинена существованию: именно существование является для него подлинной и первичной реальностью. Человек не детерминирован своей сущностью, она лишь возможность и становится действительностью только в процессе существования. Человек «брошен в мир» без сущности. Он сам ее создает в процессе своего существования» (Сахарова Т.А. От философии существования к структурализму. - Москва: Наука, 1974. –С.23).
Экзистенциализмді әдебиетке ең алғаш әкелгендер А.Камю мен Дж. - П. Сартр еді. Ницше мен Достоевскийдің ықпалында болған А.Камю «Калигула» пьесасының (1940), «Бөтен» повесінің (1942), «Сизиф туралы Миф» эссесінің (1943), «Оба» романының (1944) авторы.
Дж. - П. Сартрдың алғашқы романы «Жүрек айнуы» (1938) - 30 жастағы Антуан Рокантеннің күнделігі тұрғысынан жазылған. Кейіпкер құдайға сенбейді, өзінің қоғамнан алшақтығын сезінеді, Анниге деген махаббатан да көңілі қалған. Ол уақытты біртіндеп өтіп жатқан сәттердің кезегі ретінде, өзін реалды өмір көріністерін ішіне тоғытқан әлдебір субстанция ретінде сезінеді. Өткен шағы мәлімсіз, болашағы елес және мағынасыз. Жалпы, ол өзінің дүниетанымын жүрек айнуы деп атайды. Қаһарманның санасы біртіндеп жойылады. Шындық өте бұрмаланған формаларда пайда болады, заттар шекараларын жоғалтады. Мәселен, трамвай орындығы өлген есек сияқты көрінеді, ал Антуанның өз қолы оған тырбаңдаған шаян сияқты көрінеді. Кейіпкер өзін артық және қажетсіз көреді. Ол өзін-өзі өлтіруі мүмкін еді, бірақ бұл ештеңені өзгертпейді: оның өлі денесі де мына ғаламға артық. Антуанның жағдайы оның өмірі мағынасы мен мақсатынан айырылып қана қоймай, бүкіл адамзаттың және жалпы әлемнің өмірі де осы деген ойға келеді. Болмыстың сұмдығы – тіршілік иесінің қалмағанына қарамастан тірлік кешу. Оның «Қабырға» жинағы, «Жабық есік артында» шығармалары, ежелгі миф мен ХХ ғасырдың философиясын біріктіретін «Шыбындар» (1943) пьесасы, екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі трактаттар мен көркем шығармалары экзистенциалистік тұжырымдамамен тығыз байланысты.
1945 жылы Сартр Парижде «Экзистенциализм дегеніміз – гуманизм» атты атақты дәрісін оқыды. Бұл дәрістің дүмпуі соншалық, оның негізінде философиялық жұмыс жазылды, онда автор адамның өз іс-әрекеті үшін жауапкершілігі, азап пен үмітсіздік туралы, адамның жалғыздығы туралы айтады.
ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында экзистенциалистік идеялар абсурд театры (Сэмюэл Бекетт және Эжен Ионеско) және антироман (Натали Саррот, Анри Роб-Гриер, Хулио Кортасар) сияқты ағымдарда қолданылды. ХҮІІ ғасырдан бері келе жатқан «антироман» терминін Натали Сарроттың «Бейтаныстардың портреті» романының алғы сөзін жазғанда Жан Пол Сартр қолданған. Мұнда анти-романдағы және антидрамадағы (абсурд драмасы) абсурд категориясы шегіне жеткізе дәріптелді.

2. Қазақ әдебиетінде экзистенциализм ағымына тән идеялық-эстетикалық принциптерді ХХ ғасыр басынан-ақ байқаймыз. Қазақ прозасының бастапқы кезеңдері мен соңғы жылдары аралығын бір-бірімен байланыстыра зерттеп, жалпы бұл жанрдың қалыптасып-дамуындағы негізгі көркемдік заңдылықтарды ашуға арнаған еңбегінде қазақ зерттеушісі А. Исмақова Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов шығармаларындағы экзистенциалистік мәселелердің қойылысы жайлы біршама құнды пікірлер айтты (Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). –Алматы: Ғылым, 1998. - 394 с.)


ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық жағдай сол шақтағы алғашқы прозалық туындылардың проблематикасын белгіледі. Уақыт өткен сайын асқына түскен отарлық бұғау, қазақ даласындағы бір қоғамдық формациядан екіншісіне өту, әкімшілік-саяси құрылымдардың күштеп ауыстырылуы барысындағы өліара кезең, салт-сана, ел арасындағы өрескел жүгенсіздіктер, адамдық ардың ала жібін аттаған парақорлық сол дәуірдегі әдеби шығармаларға арқау болған шындықтар. Қазақ халқының басына түскен ауыртпалық, қым-қуат тіршілік сол кезеңдегі қаламгерлердің қарапайым адамның жан-дүниесіндегі өзгерістеріне үңілуге мұрындық болды. Адам табиғатының трагедиялылығы, бұл өмірдегі таусылып бітпес «күйбең» қарекеті жайлы, әлемнің, болмыстың қатыгездігі, оның адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы жайлы ойлар алғашқы экзистенциалистік пікірлердің көрінісі ретінде танылады.
Қазақ интеллигенттерінің ұлт бостандығы жайлы көзқарастары, қалыптасқан саяси ахуалға қарсы тұруы қазан төңкерісінен кейінгі уақытта тікелей көрініс беруден гөрі, астарлы мағынаға ауыса бастады. Сол себепті де адам тағдырының сыртқы әсерлер тудыратын жағдайлар алдындағы шарасыздығы мен қорғансыздығы, буырқанған әлем алдындағы қауқарсыздығы жайлы философиялық ойлар белең ала бастады. Адам ғұмырының мәнісі жөніндегі мәңгілік мәселелер жазушылардың бірден-бір тереңдей бейнелеуге ұмтылған тақырыбы болды.
Алғашқы прозалық үлгілердің көпшілігіне тән трагедиялық әуен трагедиялық бейнелер кеңістік пен адам тұлғасын сыртқы дағдарыстармен, барынша өткір мәселеге айналып кеткен рухани ауытқулармен тығыз байланысты. Мұндай ерекшелікті Мұхтар Әуезовтің 20-шы жылдары жазған әңгімелерінен байқар едік. Қазақ әдебиеттануында бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген Е.Аманшаев жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесі жайлы: «Жер-дүние Өлімнің құрсауында жетімдіктің зардабын шеккендігін паш етеді. Адам атаулы күллі әлемді молаға толтырып, Күшікбайдың бейітінен ысқырып келе жатқан өлім алдында қорғансыз, панасыз, жетім. Әңгімедегі кеңістік тұйықталған вакуум секілді. Жер-дүние Өлім деген тұйыққа тіреліп, өлім деген вакуумнан шығар тесік таба алмай қымтырылулы. Адам тұйыққа туа сала тасталған» (Аманшаев Е. Жалғандағы жалғыздық. //Уақыт және қаламгер: Әдеби-сын мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1990. –Б. 89-107.) - дейді. Автор пікірі теориялық тұрғыдан толық дәйектеліп жатпаса да, бұл жерде біраз ойға қорек болатын көзқарас жатыр. Адамның әлемдегі жалғыздығын бейнелеудегі айрықша қызметі бар - табиғаттың символикалық функциясы да сыншы мақаласында орынды ескерілген.
«Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ: азынап тұрады... Жыл сайын қыс басынан қарлы болып малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын» (М.Әуезов. «Қорғансыздың күні»).
Бұл суреттеменің көркемдік-эстетикалық қуаты сонда – сұрықсыз қысқы даланың келбетін, айықпайтын ызғарды сезіндіре отырып, жазушы алдағы трагедияны болжайды. Жаһандағы қылт еткен тіршілік атаулыны зәрлі үскірігімен жайпап келе жатқан қаһарлы табиғат өз үстемдігін жүргізіп тұр. Астан-кестен әлемнің ортасында тіршіліктің нышанын уақытша ғана білдіріп тұрған қаралы үй де жалғыз. Кешегі күні жалғанды жалпағынан басқан, дәуірінің арыстаны – Күшікбайдан да қалған жалғыз белгі – мола ғана. Дәурені өтпестей болған батыр моласының үстінде ақ түтек бүркіген боран сан-түрлі қимылмен «биге салады». Кемпірдің монологы да жалғыздықтың күйін шертеді.
Өмір қиындығын қаршадайынан көріп келе жатса да тағдырдың асқан қатыгездігін Ғазиза Ақан мен Қалтайдан көреді. Өйткені Ғазиза қорғансыз. «Қорлық мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған ұміт, қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді Көңіліндегі таусыншақ сезімнің ойлатқаны: енді үйге кіріп қайтемін? Үйде мен көретін не қызық қалды? Бишара болған шешелерім ақырғы қайғымды көрмей-ақ, білмей-ақ қойсын. Қайғылы бір сыр көрге бірге-ақ кетсін дегендей болып тысқа шықты. Күн әуелгі қалпынша: ақ түтек болып борап тұр. Біресе өкіріп, біресе гуілдеп, құтырынып ұйтқып соққан қатты жел Ғазизаға «жүр-жүр» дегендей болып, дедектетіп жүріп кетті».
Ақырында ішкі әлемін аласапыран дауыл кернеген Ғазиза мына жалғанның жаттығын сезініп, оны талақ етеді. «Бұрынғы бейнет, бишаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не?.. Бүгінгі өмір бойында құлағы естімеген зорлық зұлымдықты көруге не жазық қылып еді?.. - Ешбіріне жауап жоқ. Бірақ қайда жүрсе де, артынан көлеңкесіндей қалмай жүрген бір сорлылық, бір жылау». Яғни, Ғазиза үшін тап қазір өлімнен қашатын жол қалмаған. Осы ойға бекіген ол басы ауған жаққа қаңғып кетпейді, ол өлілердің мекені молаға беттейді. Шын еркіндік сол жақта тәрізді.
Мұндайлық ойдың М. Әуезов творчествосындағы тағы бір көрінісі – «Жетім» әңгімесі. «Түнде кездесетін жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар сау адамды қағып кететін перілер. Бұлардың талай рет түн жүргіншілерін шошытқан, жындандырған, көзіне көрініп елестеген әңгімелер кішкентай Қасымның көңіліне әбден қонып, онсыз да науқасты әлсіз қиялында мықты орын алып қалған Қазіргі уақытта қараңғы түннің қара желі қатайып, түн түсі суи бастаған сайын, Қасымның жүрегі қалтырап, шошынып, елеңдеп келе жаты» (М.Әуезов. «Жетім»).
Қасымның дүние қабылдау процесін суреткер осылай береді. Әділетсіздіктен тауаны шағылып, мынау әлемдегі қорлыққа төзбей жан ұшыра безіп келе жатқан жетім бала - Қасым да осы түнерген түнектің ортасында, одан қарманып шығуға қауқарсыз күйінде өлімге ұшырайды. Жазушы трагедиялық ситуацияға сәйкес ахуал қалыптастырады.
Кейінгі жылдардағы қазақ прозасы да адам руханилығы мәселесіне түрлі философиялық көзқарастар тұрғысынан келуге тырысты. Ұлттық әдеби сын көрнекті жазушы Д. Исабековтің «Сүйекші» повесінің философиялық қатпары мол шығарма екенін айтып келеді. Бірақ осы философиялық толғаныс нендей қажеттіліктерден туды, шығармаға осындай жанрлық анықтауыш қосақтағанда көркем туынды сюжетіндегі мекен мен мезгілдің тиянақсыздығына ғана сүйенуіміз керек пе? Қалыпты құрылымдардың шеңберіне сыя бермейтін ой ағымының рухани көздері қайда жатыр? деген сауалдар астары қопарылып тексеріле де бермейді. Сонымен бірге, «Сүйекшідегі» Тұңғыштың трагедиялық болмысын «әлеуметтік теңсіздік» ауқымында қарастыру жауыр болған жаттанды пікірлерді қайталағандық болып шығады.
«Сүйекші» сынды повеске үңіле отырып Д.Исабеков творчествосына әлемдік әдеби-философиялық ағым – экзистенциализмнің әсері болғандығын айта аламыз. Мұндайлық өзгеше нышан Дулаттың басқа да шығармаларында аңғарылады деуге негіз бар. Сыншы Ә.Бөпежанова қаламгер шығармашылығына шолу жасай келіп: «Ал жазушы творчествосынан сарын іздесек, шығыс поэмаларынан да, тіпті Толстойдың көпке мәлім «қорлық жасағанға зорлық жасама» принципінен де емес, кезінде бізде ағаш аттың басына ілінген, батыс философиясының, сондай-ақ әдебиетінің де қуатты ағымы - экзистенциализммен үндестіктерді зерделер едік» (Бөпежанова Ә. Болмыспен бетпе-бет. //Парасат, 1990, №12. –Б.18-19) –деген біршама батыл пікір айтқан болатын. Осы түйінді ойлар жан-жақты дәлелденуін күтіп қалғаны да рас.
Ғұмыры бір повеске жүк болатын орталық кейіпкер - Тұңғыш бұл күнде жан-дүниесі аяусыз тоналған, сүлдерін ғана сүйретіп жүрген, басқаларға беймағлұм қауқиған тіршілік иесі. «Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағын да ойлап толғамайтын секілді. Мынау қан базардай құжынаған адамдар тіршілігінде дәулет бар, мансап бар, талас бар, тартыс бар, қайғы бар, сүйініш бар-ау деген сезім оның миына әсте оралған емес. Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жанталасып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды» (Д.Исабеков «Сүйекші»).
Тұңғыштың осы сипаты руханилықтан жұрнақ қалмаған, сезімдік қасиеттері өліп кеткен Үндемеске айналған шағына дейінгі аралықта жеке адамның үлкен тағдыры жатыр. Тұңғыш - Аманат - Кеңкелес - Диуана - Үндемес аттарының әрқайсысы оған тағдырдың тепкісі салған таңбалар. Тұңғыштың адамдық болмысынан біржолата айрылу процесінің кезеңдері оған қойылған осы бір аттармен байланысты. Зорлықтың алғашқы ащы дәмін ол әкесінің кездейсоқ өлімінен кейін, жала құрбанына айналып, Доскей ауылына аманатқа тапсырылған шағынан тата бастайды. «Мейірімсіз тағдыр түк таппағандай бейкүнә, дәрменсіз баланы осылайша тумай жатып тәлкекке айналдырды».
Осы мейірімсіз, қатыгез тағдырдан Тұңғышқа енді көз ашу жоқ. Дегенмен, Аманат шағында оның бойындағы адамға тән сезімдер әлі де өше қоймаған. Ол анасын сағынады, анаға деген махаббат балаға тән қылықтарымен көрініп жатады. Ал, тағдырдың тағы бір қатал соққысы - аяулы ананың өлімі оны Кеңкелеске айналдырды. «Кеңкелес үшін мына дүниеде құдық қазып, мал бағу, сәті түссе, тоя тамақ ішіп, ұйқысы қанып оянудан басқа мақсат та, қызық та жоқ. Өзгелер сияқты ол күлмейді, күлдірмейді, қымыз ішіп, қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қырындағысы да келмейді Оған енді бәрібір».
Тұңғыш барған сайын өзінің адамдық тірегінен алыстап бара жатыр. Д.Исабековтың кейіпкерінде нақты белсенді іс-әрекет жоқ. Қаһарманға үстемдік жасайтын нақтылы жағдай, жағдай болғанда трагедиялық жағдай, әділетсіз өмірдің обьективті бейнесі. Тұңғыш адам төзгісіз қияметтер мен өмірдің мынау қаскөй баянсыздығына мойынсұнған адам. Ол осы қиянаттың негізгі себептерін, төркінін іздеуге де, оған жан-тәнімен қарсы тұруға да бейілсіз. Повесте оның сезімдік ахуалы, ішкі портреті, толқыған жан әлемі де мардымсыз күйде көрінеді. Тұңғыш көз ашпай келе жатқан ауыртпалықтың бәрін «тағдырдың салғанына» жориды. Оның жаны түршіге қорқатыны - жалғыздық. Осыны еске алғанда ғана мұздап қалған жан сарайы бір селк еткендей болады. «Ол диуана кемпірмен осылайша қосарланып жүре бермейтінін, ерте ме, кеш пе, оның қанатының астынан шығып өз бетінше бөлініп кете барарын білетін-ді. Бірақ «ажырасармын-ау» деп ойлаған сайын бүкіл жарық дүниеде жалғыз өзі ғана қалатындай, күні бұрын жаны құлазып, жетімдік жапасын нақ бір енді шегетіндей іштей үгітіліп, мүсәпір халге түсетін. Тұңғыш диуананың аузынан «енді айырылысайық» деген суық сөзді естігенде тырнағының астына әлдекім ине сұғып алғандай бір селт ете түсті де, басын тұғжитып, төмен қарап отырып қалды».
Тұңғыштың басындағы қиянаттың бәрі оның жанында емес, тек тәнінде ғана сезіледі. Ең бастысы онда тағдырға деген налу жоқ. Өйткені кейіпкердің басында ерік пен бостандығы жоқ. Трагедияның үлкені де осында. Ол өзімен ісі жоқ, өздігінен тоқтамай сусып өтіп жатқан өмір ағысының (экзистенцияның) қақпақылы ғана. Осы дәрменсіздік оны белсенділіктен айырған.
Қарапайым ғана жанның көкірегіндегі құпияға үңілуге тырысатын Дулаттың Тұңғыш арқылы көрсетпек болғаны - адамның мына өмірдегі кері кету процесі. Бұл жерде Тұңғыштың Үндемеске айналу процесі. Ал бұл кері эволюция адамдардың адамдардан жатсынуының нәтижесінде белең алады. Тұңғыш өмірден мейірімділік, адамдар тарапынан жылы ықылас пен қамқорлық көрмей-ақ қойды. Өмірден өз сыбағасын ала алмай, жарық дүниеге елеусіз келіп, елеусіз кетті.
Жазушы өмірдің трагедиялық суретін жасай отырып, сол өмірге жеке адамның панасыздығы мен қорғансыздығын, жалғыздығын, тағдырының талайсыздығын меңзейді. Биологиялық, физиологиялық қасиеті бір адамдардың бір-біріне деген қаскөйлігінің өзі өмір мағынасыздығына алып келетін тәрізді. Бұл жерде американ ғалымы С. Финкелстайнның «Адам басқа адамды тани да сезіне де алмайды. Бұл – өмірдің мәңгілік ақиқаты. Қазіргі экзистенциалистік әдебиеттер зорлық-зомбылықтың хаотикалық, абсурдтық әлемінде адамдардың бір-бірін қалай азаптайтынын көрсетеді» (Финкелстайн С.Экзистенциализм и проблема отчуждения в американской литературе(перевод с английского Э.Медниковой) – Москва: Прогресс, 1967. –С.231) - деген ойы Дулат Исабеков шығармасына да қатысы бар.
Адамдар бір-біріне неге тасбауыр? Осы сауалға жауап іздейтін Д.Исабеков «Сүйекші» повесінде өз кейіпкерлерінің өмір сүру кеңістігіне трагедиялық әуенде баға беруді нысанаға алған. Сондықтан да Тұңғыш мынау жалғанда ешкімнің шапағатына, жылы алақанына жарымай өтті. Тұңғыш тағдыры басқалардың тарапынан ұмытылған тағдыр. Оның ата-бабасында жоқ кәсіп - көр қазушылықпен айналысуының өзі көп жайды аңғартады. Өйткені ол іс-әрекетіне баға бере алмастай халге жеткен, Үндемеске айналған. Шығармадағы трагедиялық пафостың тереңдеп кеткені соншалық, жазушының повесті оптимистік рухта аяқтауына мүмкіндік бермеген. Олай дейтініміз, шығармадағы қаныпезер Үкітайдың өмірінің соңында Тұңғышқа істеген қысастықтарына өкініп, адамшылық сезімінің аяқ астынан оянып, оған іздеу салуы нанымсыз шыққан. Рас, жазушы Үкітайдың бұл шешімінің психологиялық дәлелдемесін оның төрт баласының шешектен қайтыс болып, соны Тұңғыштың обалына қалғандығынан деп көрсетуге тырысады. Алайда, бұл сурет шығарманың трагедиялық сипаттағы фабуласында өте елеусіз.
Жалпы трагедиялық пафос Д.Исабековтың бірнеше повестеріне ортақ қасиет. Оны профессор Р. Нұрғалиев те кезінде айтып өткен болатын. Сондай шығармалардың бірі – «Тіршілік» повесі. Повестің аты айтып тұрғандай мұнда жазушы адам тіршілігінің тірегі неде? деген ауқымды да мәңгілік сауал жайлы толғанады. Шығарманың ортақ кейіпкерлері – Молдарәсіл мен Қыжымкүлдердің шырғалаңды өмір жолына үңіле отырып, қаламгер адам проблемасын әлеуметтік талдаудан гөрі рухани құндылықтарды басты нысанаға алады.
Біздің ойымызша, повестің композициялық құрылымында алма-кезек суреттеліп отыратын Молдарәсілдің ғұмырбаяны Қыжымкүл образының трагедиялық халін таныту үшін алынғандай. Жазушының негізгі діттегені - Қыжымкүлдің қарама-қайшылықты тағдыры. Екеуінің қосылып, шаңырақ көтеруі де кездейсоқ. Қыжымкүлді Киеванның етегінен ұстатқан қасиетті махаббаттың сезімі емес, тағдыр тәлкегінен әбден сілікпесі шыққан, содан құтылудың далбаса амалын іздеген, тіршіліктің зұлымдығынан титықтаған жанның ессіз қадамы болатын. Кешегі бұрала басқан бай қызының алғаш рет белгісіз біреуден зорлық көруі оны өмірдің қызығы жайлы арманы мен қиялынан адастырып, болашақ тағдырын мүлде басқа арнаға салып жіберді. Қыжымкүл мейірімсіз дүниенің талауына он екіде бір гүлі ашылмай жатып тасталды. Оның қайғы мен налаға толы, өксікті өмірінің асқан шегі - өз туғандарынан өгейлік көруі. Қыз әкесі Дәулетбай үшін «Ұрпақ намысын таза сақтаудың бір-ақ жолы бар-ды, ол - сүйекке таңба түсірер қыздан безіну, мұқаттым ба деп миығынан күліп, масайрап жүрген белгісіз жауына қатыгездікпен жауап қатып өз перзентінен бас тарту, сөйтіп майдагер келекені адам құлағы естімеген қаталдықпен бүркемелеп, сонымен ұмыттырып жіберу» (Д.Исабеков «Тіршілік»).
Әкесінің баласынан безінуі. Қыжымкүл үшін мұнан артық соққы болған жоқ. Шығармадағы драмалық жағдайды шиеленістіріп жіберетін де осы тұс. Жазушы кейіпкерлерінің характерін ашу үшін нақты бір іс-әрекеттердің қажеттілігін сезіне отырып, қалыптасып қалған түрлі өмір ситуацияларындағы кейіпкерлердің шешім қабылдау сияқты жауапты сәттерді іздейді. Дәулетбай байдың өз ұрпағын сыртқа тебуінің түпкі мәнісі - жарық дүниеге келмеген бала. Яғни, Адам. Ал, осы Адам мынау өмірге келмей жатып-ақ одан бойын аулақ ұстағысы келетін басқа Адамдарға не жазып еді? Демек, оның маңдайына тумай жатып мехнат көру жазылған. Адамдар арасына келісімен алда оны тәлкекті тағдыр күтіп тұр ғой. Сонда «адамның бір қызығы бала» деген қайда? Адам баласының игі мақсаты, үміті мен арманын болашаққа жеткізетін ұрпақ қалдыру дейтін асыл мұраты қайда? Адамның адамға деген мейірімі қайда? Неге адамдар осынша тозған?
Міне, қаламгердің осынша шарқ ұрып жауап іздейтін осы өмірлік сауалдар адам болмысын трагедиялық жағдайда алып қарауына түрткі болды. Дәулетбай бойындағы үлкен қарама-қайшылық адамдарға жеке құбылыс ретінде, жеке бір сананың иесі ретінде қарамауы. Оны шығарманың мына бір кесіндісінен көре аламыз:
« – Болды, Көке, даусыңызды естідім, әлі өзгермепті. Енді анамның дауысын есітсем арманым болмас еді. Айтыңызшы, апашым аман ба? Шешесі қайтыс болғанда артында шырқырай қалған інім аман ба?
Әкесі жауап бере алмады. Тіл қатса даусының дірілдейтін түрі бар. Қайтыс болған тоқалы өзіне қамшының сабындай құны болмаса да, біреуге - мына жатқан қызына ана екен-ау! Қайтыс болғанда сырт көз үшін қайғырғанмен іштей қасірет шекпеген сол тоқалы қызы үшін дүниедегі ең қымбат адам екен ғой».
Шындығында да, адам трагедиясы, адамның физикалық та, рухани да құлдырауы, адамның тұла бойын меңдеп алған кеселдер, тығырыққа тірелген адамның өз-өзіне қол салуы т.т. Достоевский поэтикасынан айрықша орын алатын мәселелер. «Достоевскийдің шығармаларының барлығынан бір ортақ белгіні табамыз: бұл – «адам туралы азап» (Н.А.Добролюбов). Адамның болмысынан табылып жататын түрлі мерездерді ашық та, ашына суреттеуі оны өз уақытында моральдан жұрдай деген айыптауларды да туғызды. Достоевский өлімді дәріптейді деген сындар да кездесіп қалғаны ақиқат. Керісінше, жазушы қиын тағдырлы кейіпкерлердің ішіне үңіле отырып, оның өмірдегі орнын бағамдауға, сол арқылы қоғамдағы кері қозғалыстардың сырын ашуға, гуманистік көзқарастарды қалыптастыруға ұмтылғаны хақ.
Прозадағы Достоевский трагизмі өте терең. Оның «Қылмыс пен жазасындағы» Раскольников талай адамға жәбір-жапа шеккізіп, обалға қалды. Ал, негізгі трагедия оның өз басында еді. Ол өзінің ерік-бостандығын әйгілеу үшін кісі өлтірді. Сонысымен ол қалыптасқан адами қағидаларға, жалпылық нормаларға қарсы шықты, адам табиғатына кереғар келді. Сондықтан да ол мәңгілік жалғыздықтың зардабын тартуға, өзін-өзі іштей жегідей жеп, мүжілуіне әкеп соқтырды.
Қарап отырсақ, әдебиетте болатын трагедиялық бейнелеудің басты деген екі аспектісі бар. Біріншісі - адамның әлеуметтік болмысына қатысты да, екіншісі - адам мен оны қоршаған болмыстың келіспеушілігінен, үйлесім таппағандығынан болатын, жеке тұлға басындағы трагедия.
Әлем классикасымен мұқият танысқан Д.Исабеков трагедиясында осы соңғы ерекшелік басым. Жазушы кейіпкерлерінің басындағы ахуалды белгілі бір тарихи кезеңдегі «әділетсіз қоғамға» жаба алмаймыз. Дулат шығармаларындағы болып жататын оқиғалар кеңістік жағынан әдейі тиянақталмаған. Оқиғаның қандай жерде, қай уақытта болып жатқанын тек адамдар қатынасынан, анда-санда бір көрініп қалып жататын тұрмыстық суреттерден, кейіпкерлердің сөз саптау ерекшеліктерінен ғана жобалай аламыз. Автор үшін ол негізгі мақсат та емес. Қаламгердің біз зерттеп отырған повестеріндегі трагизм жазушының нақты бір қоғамдағы әлеуметтік шындыққа келіспеу идеясынан, наразылығынан емес, жалпыға ортақ категориялардан туындайды. Сол мақсатты суреткер жеке адамдардың ғұмыры мен тағдырына үңілу арқылы жүзеге асыруға тырысады. Оны жазушының өзі де меңзеп көрсетеді. «Шүйкедей кемпірдің бұйығы кеудесіне сары сем боп қатқан шер-мұңы жібімеген бойы қабірге бірге кетіп бара жатқанын шуылдап жылап тұрған мына көрші-қолаңдар білер ме? Олар үшін бір адам туылды, бір адам өлді, бары сол ғана. Қабіріне жас топырақ үйіп, моласының басына кетпеннің сабын сындырып қадағаннан кейін-ақ күллі жұрт оны ұмытады».
Бұл тек Қыжымкүлдің тағдырына байланысты ғана айтылған ой емес. Осы дүниеден жақсылық дәметіп келетін адамдардың тіршілігі ешкім танып білмес, ешкім ұғынып білмес кездейсоқ жайлардан да тұратыны жайлы ой. Адамдар өз ғұмырының қамшысаптай қысқалығын сезіне жүріп бір-біріне қысастық жасайды, бірінің орнына бірі таласады, тіпті бірін-бірі жойып жіберуге де бейіл. Сондықтан да Молдарәсілдің Киевандығын бір жақты айыптау, оның айыбының мөлшерін анықтау мүмкін емес. Оның трагедиясы – үзілген сананың рухани негізбен жалғастығын таба алмай сандалған, өзімен-өзі қалдырылған адамның трагедиясы. Жазушының экзистенциалистік концепциясы Молдарәсілдің өлімі туралы айтатын мына жолдарда жатыр: «Сөйтіп дүние дүние болғалы бері сан жетпес ғасырлар бойы сарыла күтіп, жаңа қолы жеткен мына өмірден жетпіс-сексен жыл ғана бұйығы тіршілік кешіп, белгісіз тұңғиыққа қайта аттанады».
Қаламгер философиясында адам тағдырындағы қарама-қайшылық өмір қарама-қайшылығынан туындап жатады. Адамның адамдығы оның қоғамдағы орнымен, әлеуметтік белсенділігімен емес, рухани дүниесімен ғана өлшенеді. Онсыз мынау өмір абсурдқа айналады.
Адам болмысына қатысты терең философиялық толғаныстар 70-80-ші жылдар прозасының дарынды өкілдерінің бірі – Ә.Кекілбаев шығармашылығының да негізгі бағыттарын айқындады. «Шыңырау», «Күй», «Ханша-Дария хикаясы», «Бәсеке», «Құс қанаты», «Шеткері үй» повестері, «Аңыздың ақыры» романы жазушының адам жөніндегі көркемдік-философиялық концепциясын барынша ашып көрсетуге болатын көркем шығармалар. Қаламгер әдебиеттік өрістеудің кейінгі кезеңдеріне тән ерекшеліктер – тарих қойнауларына үңіліп, аңыздық желілерді туынды өзегіне айналдыра отырып, мифологиялық желілерді көркемдік мақсатына сай қолдана отырып, өнердің ұлы нысанасы - адамды тануға тың талпыныстар жасады. Өткен күннің көмескі суретін қиялымен байытып, қайта тірілте отырып бүгінгінің мәселелерін бажайлайды.
«Әбіш шығармашылығында біздің қазақ жазушыларынан жиі ұшыраса бермейтін бір ерекшелік сипат бар. Ол әр шығармадағы әр түрлі тақырыптар мен идеялардың тұтасып барып бір жүйе құруы, жазушы концепциясына айналуы. Сол концепция «Күй», «Ханша-Дария хикаясы», «Аңыздың ақыры» үшеуіне циклдық сипат дарытса, «Шыңырау», «Бәйгеторы» повестері автордың жаңағы шығармаларындағы ойын, дүниетанымын, өмір құбылыстарына деген көзқарастарын айқындап, толықтыра түседі. Жазушы адам мен оның тіршілік маңызын жан-жақтылық тұрғысынан зерттейді. Соның бірі - адамның онтологиялық жалғыздығы мәселесі. Әрине бұл проблеманы Ә. Кекілбаевтің аталып отырған шығармаларының барлығынан табамыз деу ағаттық болар еді. Адам табиғатына қатысты бұл мәселе жекелеген туындыларында және әр деңгейде көрінеді.
Жазушының «Шыңырау» повесіндегі бас кейіпкер – Еңсеп ата кәсібі - құдық қазумен қоңырқай тірлік кешіп жүрген, өз ортасы үшін елеусіз ғана адам. Оның өмір сүріп келе жатқан осы шағына дейін «қыран топан қызыққа батқан берекелі өмірі жоқ. Түксиген сыз қабырғалар мен қиыршық топырақтан басқа, екі иінінен аждаһадай айқара басқан көр-қараңғыдан басқа, көргені де шамалы. Бірақ оның осы қара көр қуыс пен бір шөкім сұрқай өмірінен бөгде ойлайтын да ештеңесі жоқ еді» (Ә.Кекілбаев «Шыңырау»).
Суреткер өзінің стильдік бедері – аналитикалық, философиялық баяндауға сүйене отырып шығарманы трагедиялық коллизияларға құрады. Еңсепті ғұмыр бойы иектеп келе жатқан сезім – үрей мен күдік. Осы үрей сезімі «Шекспир айтқандай адамды ерлікке бастаған, адамның пасық сезімдерінен жиіркендіретін ұғымнан басқаша» (Әбжанов Т. Еңбектің Еңсепті «жатсынуы». //Жұлдыз. 1993, № 9. –Б.212-214) екендігі повестің алғашқы рецензияларында айтылып қалды да, әрмен қарай тереңірек сөз болған жоқ.
Ол жер шұқып құдық қазу барысында, шыңыраудың түбінен судың шығу-шықпауы екіталай. Өзі ойлаған межеге жеткенде «өлім аузында жүрген кісінің» күйін кешеді. Баяғыдағы сәл болмашы қуанышы, бұдан әлдеқайда бұрынғы, тіпті кешегі талай-талай құдық қазып бетегелі белге берекелі су келтіргендегі қызығының барлығы ұмытылады. Еңсептің бойындағы үрей сезімі талай жылғы құдықшылық еткен кәсібінің нәтижесінде пайда болды дейік. Ал тас қараңғы шыңырау түбінен жарық әлем - жердің бетіне шыққанда бұл сезімнің көлеңкедей еріп жүретіні қалай? Енді маңынан жуымайтын болып өз-өзіне ант беріп, көп уақыт сол тұңғиық қапасқа тағы да түсуге бел байлайды. Үнемі солай. «Күні кеше жігерін құм қылған қыран шұңқырға қайтадан жетелеп алып келген әзәзіл күштің аты не екенін ол кезде Еңсептің өзі де білмейтін. Келе-келе түсінді. Бірін-бірі жақсы мен жаманға бөліп, жағаластырып қойған мына дүниеде бөтеннің аузынан шыққан жылы сөз, қошамет-қолпаш әлі арыны қайта қоймаған арғымақ атқа қатты тебінген үзеңгімен бірдей екен. Ал ол кезде адам пақырды тауға ұрып, тасқа соқтыратын аяр алданыштың әлі арыны мұқалмаған арғымақ кезі еді».
Жазушы Еңсептің еңсесін езгілеген осы бір сергелдең сезімдердің түпкі сырын оның тек құдықшылығынан ғана емес, тіршілік еткен ортасынан да табады. Демек, Еңсеп еңбегінен ғана жатсынбайды. Оны жатсындырған мынау қатыбас өмірі мен кекілінен сипамаған тағдыры. Яғни, үрей мен күдік Еңсептің тіршілік ету формасына айналып кеткен. Ақырында ол «өз өмірінің ішіндегі ең терең шыңырауды қазып жүріп қазаға ұшырады» (Герольд Бельгер). Қу тақырдан талай рет су шығарған ағасы Дәржанның да тағдыры осылай аяқталған.
Экзистенциалистер концепциясы бойынша қорқыныш пен үрей ғана адам өмірінің өлімге барып тірелетін мағынасыздығын таныта алады. Сөйтіп барып адам өз өмірінің шынайы ақиқатына көзі жетеді. «Сонда ғана,-деп жазады Е.Коссак Хайдеггер философиясын талдай отырып, – адам өзінің бөтен әлемге тасталғандығын сезеді, оны үрей мен қорқыныш атаулыдан құтқаратын «өлімге деген еркіндігі» қалады» (Коссак Е. Экзистенциализм в философии и литературе: Перев. с польск. - Москва: Политиздат, 1980. –С.60).
Сол тәрізді Еңсеп басындағы нала мен мұңды кездейсоқ шындық деп танудың реті болмай қалады. Оның жеке басы мен қиындыққа толы еңбегі өз ортасынан бағасын ала алмай кетті. Үстірттің үстіндегі суы бір ортаймай шалқып жататын құдықтың «Еңсеп қазған» емес «Еңсеп өлген» деп аталып кетуі соның белгісіндей. Яғни, оның өмірі табаныңды тірердей, соған көңіл қойып сенетіндей шындықты таба алмаған күйі өтті. Бұл жерде Фолкнерлік идея бар сияқты. Ол: «Ақиқат... Мен оларды табуға болады деп ойламаймын. Олар тек абсурдтық болмыстың жеке бөлшектерін үнемі және тұрақты іздеудің тақырыбы ғана бола алады» дейді (Фолкнер У. О литературе. //Вопросы литературы. Москва, 1977, 1. -С. 197-228.) .
Ә.Кекілбаев Еңсептің жалғыздық өмірін, сайқымазақ тіршілігін сыртқы моральдық қатынастар мен ішкі сезімдік әсерлерді тұтастықта суреттеу арқылы нанымды етіп көрсете біледі. Жатбауыр әлемдегі адам өмірінің өткіншілігі мен өкініштілігін баса суреттеген жазушы концепциясы таза скептикалық арнада түйінделеді деуге де негіз аз. Повестегі мына бір үзіндіде қаламгердің басты философиялық тұжырымы жатыр:
«Асылы, адам көңілі өмірдің көп өткіншісі шұбырып жататын айдау қара жолының үстіндегі қайыршының кетік тостағаны сияқты: өткіншілердің біреуі у тамызады; өңщең у болса, әлдеқашан жер қабар едің, аз болса да, анда-санда бір тамса да, жер үсті тіршіліктің тәттілігін сездіріп, таңдайыңды татытып кететін балы бар ғой тағы да. Адамның есінен қанша танғанмен, есірік дәмеден қол үзбей, ылғи әлденеге тырмысып, арам тер болып жүретіні де сондықтан шығар». Ә. Кекілбаевтің трагедияны адаммен туасы бірге, табиғи дейтін экзистенциализм өкілдерінен айырылатын тұсы да осында.
Жазушы О. Бөкейдің әуелгі «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар» кітаптарынан сыншылар мен зерттеушілердің аңғарғаны шығарма бойындағы терең философиялық түйін мен лирикалық желінің шебер үйлесе білуі және психологиялық талдау мен публицистикалық сарынның берік жымдасып келіп авторлық «меннің» баса көрсетілуі.
Қазақ әдебиеттануында қазір көп зерттеліп жатқан да осы қаламгер. Зерттеулердегі ең көп айтылатын пікір - О.Бөкейдің замандастарымыздың өмірі мен мінез-құлқына ден қоюшылығы. Бұл мәселені кеңінен алып қарайтын болсақ, қаламгердің негізгі тақырыбы - бүгінгі заман ағымындағы адам, оның рухани байлығы болып табылады. Бүкіл шығармалары Өмір - Адам - Табиғат желісіне құрылып, олардың арасындағы қарым-қатынастар сипаты көркем образбен, өмірге, адамға, табиғатқа құштарлық пафосымен суреттеледі. Жазушы үшін бұл ұғымдардың концептуалдық мағынасы бар. Шығармадағы көркем компоненттердің бәрі осы бір органикалық тұтастықты ашуға жұмылдырылады. Қаламгердің өзі көрсеткен кеңістік және жалғыздық ұғымы оның шығармашылығының басты тірегі болып табылады. Экзистенциалистердің түсінігі бойынша жеке адамның шындығынан артық шындық болмақ емес. Жеке субьект болмыстың ішінен, кеңістіктен өзін-өзі таңдап алуы керек. Ол осы арқылы тек жекелік болмысын ғана таңдамайды. Бүкіладамзаттық мәні бар шешім қабылдайды. Яғни, оның имманентті құбылысы кеңістікке өз көзқарасын туғызды деген сөз. Жазушы О. Бөкей шығармашылығынан осындай танымның әсері бой көрсетпей қалмайды.
О. Бөкейдің әлем мен жалғыздық арасындағы қарым-қатынасты көркем игеру барысындағы экзистенциалистік ой-пікір «Қар қызы» повесінен анығырақ көрінеді. Дүние тылсымын, адам-жұмбақтың сырын ашуға ұмтылатын қаламгер кеңістік ретінде Алтайдың қатал да, ешкімге сырын ашпас томырық табиғатын алады. Мұнда қазақ прозасына М.Әуезовпен келген, өзінің төл шығармасы «Қамшыгерде» танылған көркемдік амал - табиғатты адам трагедиясымен қабыстыра суреттеу жүзеге асады.
Повесте Алтайдың табиғаты тек географиялық ұғымды білдіре бермейді. Мұнда табиғат аясы ғаламның кішірейтіліп алынған моделі. Оның қатерлі де, қатал мінезін автор “жаратылыстың осыншалық қатыгездігіне налығандай әлемдегі бүкіл жақсылық пен жамандық атаулыдан безінесің; ақша қардың ортасында меңдей қарайып тұрған жалғыз трактор - аппақ дастарханның үстінде жорғалаған қоңыздай-ақ қауқарсыз бейшара» (О.Бөкей «Қар қызы») – деп суреттейді. Әлемнің, кеңістіктің көзімен қарағанда адамдар арасында алып күштің баламасындай болып кеткен трактордың өзі ноқаттай ғана. Ал, осының ішінде үш тағдырдың, үш моральдың, үш дүниетанымның иесі - Нұржан, Аманжан, Бақытжан бар. Осы бір литоталық суретте кеңістік өлшемімен алғанда адам соншалықты қауқарсыз және елеусіз.
Жазушы ғаламның адамға емес, адамның ғаламға деген қатынасы тұрғысынан зер салады. Бұл орайда қаһармандардың ойы мен танымы әр тарапта көрініс береді. Повестегі драматизмді ширықтыра, кейіпкерлердің психологиялық терең иірімдерін көрсете отырып, суреткер олардың мінез қайшылықтарын ашу сияқты маңызды мақсат көздейді.
Шығарманың алғашқы бөлігінде олардың ауылдағы тірлігі, өмір тарихтарына қысқаша шолу жасалады. Қатерлі сапар алдындағы кішкене эпизодтан олардың мінез ерекшеліктеріндегі бәлендей өзгешелік, я болмаса айырмашылықты аңғару қиын. Қайта бұлардың тағдырларында ұқсастық бар. Үшеуі де әке мейірімін көрмей өскен жандар. Әкесіздік қасіретін жамаған соғыс деп түсінеді бұлар.
Оралхан повесть кейіпкерлерін алғашында бірдей деңгейден алып қарауында үлкен мән жатыр. Қаламгер ойынша олардың адамгершілік сапалары, ақыл-ой өрісі, рухани әлемі ішкі еркіңді тұсаулаған, өзінің шектеулі заңдылықтары бар адамдар қауымының ортасында емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде ашылуы тиіс. Алып кеңістікте осы үшеуінің тағдыры сыналады, олар кеңістікке сол үшін «тасталған». Нағыз өмір мен өлімнің шайқасы осы жерде басталады. Яғни адам өзінің тіршілігі үшін жандәрмен. Э. Фромм айтқандай: «Бұл әлемге белгілі бір жерде және уақытта лақтырылған ол одан кездейсоқ қуылады. Сонда ғана ол өзін-өзі тани отырып, өзінің дәрменсіздігін және өзінің шектеулі өмірін түсінеді. Ол ақырзаманды - өлімді болжайды» (Фромм Э. Психоанализ и религия. //Сумерки богов. – Москва: Политиздат, 1990. –С. 143-221).
Повесте бір-бірінің сырын жетік білетін боп көрінген үшеуі мынау жалпақ әлемде, шет-шегі көрінбестей суық дүниемен жалғыз қалғанда беймағлұм болып келген сырларын ашады. Ең бастысы, олардың кеңістікке деген қатынастарындағы өмір танымдық тайталастары басталады. Демек, экзистенциализмнің шындық, ақиқат өмір мен өлімнің тым жақындап келген аралық ситуацияда ашылатыны жөніндегі идеясы шығарма өзегіне айналған. Жазушы осы бір тартысты ситуацияға кейіпкерлерін әдейі салады да, өлім категориясының мағынасын төрешілік ұғымында қабылдайды. «Анау үзеңгілес келе жатқан достарының тотыққан мыс түсті шаршаңқы дидарына ұзақ үңіліп, оларды енді ғана танығандай, олармен енді ғана шындап достасқандай балаша қуанған. Әрі өзінің кеше түнде оңбай таяқ жегеніне тіпті өкінген жоқ, қайта «өзіме де сол керек» деп өз-өзін табалаған. Ер-азамат не майданда, не жорықта сыналады деген осы. Ол - Бақытжан осынау қар шағылдардың арасынан достарын ғана емес, өзін де іздеп тауып алғандай еді. Ол ұлы жаңалық ашты - өзін ашты». Ал Нұржан «өте сенімді де, мықты жігіт» деп осы қиын сапарға ертіп шыққан Аманжанға енді басқаша қарауға мәжбүр. «Тәңірім-ау, Нұржанның осы екі жігіттен басқа кімі бар еді? «Аманжан, сен…осындай ма едің?.. Пышақ жұмсағаны несі Жо-жоқ, ауылға енді қайтып бармау керек екен. Не болса да осында қар-елінде, адамдары аз кеңістікте өлу лазым екен».
Нұржанның тебіренісінде автордың астарлы ойы бар. Жазушының айтпағы – адам өзін-өзі ортақ мүдделерге сай бағалай алмайды. Қауымдық тірлікте қанша адамдар болса, соншалықты жамандық пен жақсылық бар. Дүниенің тепе-теңдігін ұстап тұрған осы іргелі категорияларды заман ағымымен сапырылыса араласып кеткен көптің ішінен айырып алу да қиын. «Үлкен жерді аңсап керегі жоқ-ау. Өйткені үлкен елдің - үлкен дауы болады» - деген сөзді автор Нұржанның аузына салғандағы ойы қоғамдық тіршілік болмысынан алыстаудың адам арының тазалығы үшін күресі ретінде ұсынылады. Шығармадан түйетін тағы бір қорытынды - адам әлемдегі жалғыздығын сезіну арқылы өзін-өзі таниды, бағалайды. Өзінің табиғатына үңілудің нәтижесінде кеңістікке жаңаша көзқарас, басқаша қатынасы қалыптасуы мүмкін. (Әрине кеңістік ұғымына қоршаған орта, сол сияқты басқа адамдар да кіреді).
«Қар қызы» повесінде заман ағысынан қалтарыста күн кешкен Қоңқай мен сиыршы шал Оралхан суреттеген кеңістіктің тартылыс күшін реттеп тұрған екі полюс секілді. Тіпті жапан даладағы Қоңқайдың жалғыз үйі - бір адамнан тұратын «мемлекет». «Қоңқай мемлекетінің» өзіндік заңдары мен философиясы бар. Ал сиыршы шал болса, осы Қоңқай үшін ен түзді мекен етеді. Яғни, Қоңқай болмаса тыныштық пен жақсылықтың күзетшісі – сиыршының да болуы мүмкін емес. Бұл – қаламгердің жаратылыс диалектикасына көзқарасы. Бөкейдің пікірінше, адам дүниеде қаншалықты жамандық көрсе, соншалықты жақсылық шапағатын сезінуге қақылы. Қоңқайдың жалғыздық күй кешуі қоңқайшылдықтың заманы өтіп, күні батып бара жатыр деп бағалауға да келе бермейтін сияқты. Өйткені Аманжанның таңдауы басқаға емес, Қоңқайға түсті ғой. Оның жолын жалғастыруы да мүмкін. Есесіне сиыршы шалдың қарасын Нұржан көбейтті. Өмір қозғалысы осылай жамандық пен жақсылықтың ымыраға келмейтін тартысынан туатынын жазушы көркем суреттей келіп, биік рух пен адамдық ардың тазалығын жақтайтын концепциясын танытады. Мифтік бейне деп қарауға боларлық Қар қызы да қаламгердің осы мақсатына орай алынған.
О. Бөкейдің «Қар қызындағы» кей тұжырымдар «Сайтан көпір» повесінде аңғарылмай қоймайды. Туындыдағы негізгі кейіпкерлердің бірі - Аспанның мына монологына назар аударайық: «Адамнан өткен қаскөй не бар екен мына жалғанда: ендеше, табиғатқа біздерден өгей ешкім де жоқ, ештеңе де, тек екі аяқтылар ғана артық, сол керексіздігімізді жасқана жасырамыз, жанталаса қорғаймыз. Өгейлігімізді білдірмес үшін арпалысып, мұқым жер-жаһан, ұшқан құс, жүгірген аңға үстемдігімізді жүргіземіз Әттең, Алтайдағы елік жабылып келіп сүзіп, тепкілеп өлтірсе де обал жоқ маған, обал жоқ. Бүкіл әлемдегі жан-жануарлар жабылып, адамзатқа шабуыл жасаса ғой. Мен сонда сол аң-құсқа қосылып, қарсы аттанар едім» (О.Бөкей. «Сайтан көпір»). Кейіпкердің осы толғанысы көркем туындының жүлгесіндегі философиялық ойдың тірегі ретінде алынады.
Жалпы алғанда, автордың стильдік айшығы – детерминациясы басым адам характерлерін, олардың рухани болмысын суреттеуде философиялық және публицистикалық ойдың бірлігін сақтап отыруы. Мұндай ерекшелік О. Бөкейдің барлық шығармаларына дерлік тән. Қалам иесінің философиялық толғаныстарға баса салмақ артуы бүгінгі адамның болмыстың түрлі салаларына қарым-қатынасын анықтауға қажет болғаны хақ. Ал адам үшін алаңдау, оның бүгінгі мәселелерін күн тәртібіне көтеру, қоғамдық пікірге әсер ету, рухани дамудың болашағы жөнінде толғану жазушы шығармашылығындағы публицистикалық сарынды заңды етті.
«Сайтан көпірде» адам рухының мәңгіліктілігі мен табиғат рухының арасы сабақтас алынғанын аңғарар едік. Жоғарыда талданған «Қар қызы» повесінде адам зауал шақ - өліммен бетпе-бет келіп барып қана өз шынайы болмысын танытатыны жөніндегі экзистенциялық пікір осы шығармада да бар. Өйткені Аспанға да, Аманға да сайтан көпірден өту шаруашылық мақсаттардан гөрі ішкі рухын сынау үшін керек. «Әркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын «Сайтан көпірі» бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып мақсатына жетпек». Сайтан көпірден өту дегеніміз - өлімге тым-тым жақын келу немесе өмірмен қоштасу. Сонда да Аспан шал мен оның баласы Аман осы бір қатерлі сынға бел буады. Тіпті әкесі өзінің жарымжан (екі аяғынан айырылуы) болуына кінәлі «сайтан көпір» екенін біле тұра баласын тоқтатпау әрекетінде осы мақсат айқындалып жатады. Бұл тұста А. Камюдің айтқанына келісеміз. Атақты жазушы: «Мәселе мынада, бізде өлім тәжірибесі жоқ. Бізде басқалардың өлу тәжірибесі бар, бірақ бұл тек суррогат, үстірт және ол бізді тым сендірмейді» – деп жазғаны бар-тын. (Камю А. Миф о Сизифе. Эссе об абсурде. //Сумерки богов.– Москва: Политиздат, 1990. –С.231) .
Аспан да «өліп-тірілуді» басынан кешіргеннен кейін өзгеріп сала бергендей, айнала дүниеге, адамдарға деген, өзіне деген көзқарасының көкжиегі кеңігендей. Аспан «Бәрібір, Алатай мен ауылды жалғайтын жалғыз дәнекерші – «Сайтан көпірдің» амандығын тілейді. Енді сол қасіретке толы жалғыз көпірден ол айырылды. Әне, быт-шыт болып, қармен қоймалжыңдаған Қаба өзенінің әр тұсында ағып барады. Тек қана, сорайып-сорайып ағаш бағандары ғана қалған. Енді кісі өлімі болмайды. Бетоннан құйып жаңасын салып алар дейсіз ғой. Ол – «Сайтан көпір» емес, бірде-бір адам қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алатай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамның бойынан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады» - деп тебіренеді. Оның ойынша адамдар бойындағы қорқыныш, үрей сезімдері өлген сайын сұлулыққа, мейірімділікке биік рухқа деген құштарлығы тұншыға береді. Міне, экзистенциалистік ойдың анық көрінер тұсы осында болғаннан кейін Аспанның ойы мен іштейлік толғанысы берілетін үзіндіні молынан алуды жөн көрдік. Әлемдік эстетикада қалыптасқан, мәңгілік тартыс - жақсылық пен жамандықты белдестіре отырып жазушы өзінің осындай философиялық тұжырымын жасайды.
Экзистенциалистік таным үрдісінде адамның «өзін-өзі таңдауы», «өзін-өзі ашуы» сияқты орныққан ұғымдар бар. Бұл жөнінде қазақ жазушысы Ж.П.Сартр идеясымен үндес түсіп жатыр.
Кеңістік пен уақыт, құбылыстар мен қозғалыстар сырын адам-ның субьективті болмысына сүйене отырып қарастыратын экзиситенциалистік дүние қабылдау заңдылықтары О. Бөкейдің көркем-дік-философиялық танымына әсер еткенін Аспан, Аман бейнелері дәлелдей түседі. Сонымен қатар, шығармадағы философиялық тұжырымдардың жасалуында, осы негізгі шарттарды айқындауда абстракциялы символ-бейнелердің де орны айрықша. Повестегі АНАУ, АЙҚАЙ, ЖАҢҒЫРЫҚ көркем образдық дәрежеге жеткен. Олардың бойына реалды адамдардың типтік құбылыстары мен қа-сиеттері жинақталуы бізге осы символдарды кейіпкер деп қарауға мүмкіндік береді. Шығармадағы негізгі тартыс кейіпкерлердің жан әлемінде десек, осы тартыстардың катализаторы - символ бейнелер.
Символдың бірталай артықшылықтары да жоқ емес. Символды қолдана отырып олар туралы тәптіштеп көрсету де керегі аз. Мәселен, Оралханның қолданған АНАУЫ ешқандай түсіндірмені тілемейді. Өйткені халық жадында АНАУларға қандай мінездер тән екені белгілі. Жазушы осы бейнелерді тәсілдік қолданысқа алып, өзінің орталық кейіпкерлерін ашу үшін, философиялық ойдың бет-бағдарын көрсету үшін сәтті пайдалана білді.
Д.Исабековтың «Сүйекші», «Тіршілік», Ә.Кекілбаевтің «Шыңырау» повестері мен О. Бөкейдің күрделі шығармасы – «Өз отыңды өшірме» романында идеялық-эстетикалық сабақтастықтар бар. Романда қазақ санасында айрықша із тастаған алып құрылыс – Түркісібтің фонында жазушы адам тағдырларын алдыңғы кезекке шығарады. Көркем туындының реалистік-әлеуметтік өткірлігі халықтық трагедияны бар шындығымен алдымызға тарта білгендігінен көрінеді. Романдағы философиялық толғаныстар осы әлеуметтік мәселелермен астаса келіп, тұтас логикалық желіні құрайды. Қаламгер шығарма кейіпкерлері - Дархан, Гүлия, Дүрия, Қамбар, Омар, Бати, Оспандар арқылы сол заманның ащы ақиқатын танытумен қатар, адам тұлғасының қоғаммен байланысын зерттейді, сол арқылы әлем мен өмірдің мәңгілік мәселелерін қозғауға тырысады.
Бас кейіпкер Дархан өмірі бейқам жатқан қазақ даласындағы Түріксібпен бірге келген зор дүрлігістің аясында алынып суреттеледі. Шын жақсылық пен тоқшылық, бақытты ғұмыр осы алып құрылыс арқылы жететініне риясыз сенген, соның жолында саналы ғұмыры мен күш-қайратын сарп еткен Дархан өмірінің мағынасыз өткенін, құр айқай мен ұранның жетегінде кеткенін кеш түсінген жан. «Қонақ қана болып келген өмірден өз сый-құрметін алмауы қалай? Өзі өмір сыйы деген не? Ал Құрмет деген не нәрсе? Бірақ осының екеуі де адамды ажалдан арашалап қалуы мүмкін бе? Жоқ! Ендеше бұл жарық әлемде жер басып жүрген пенделердің кімі кімнен артық?!» – деп тебіренеді ол (О.Бөкей «Өз отыңды өшірме»).
Қоғамдық дағдарысты жеке адам басындағы дағдарыспен ұштастыра суреттеген жазушы Дархан ғұмырының баянсыз тірлік болғандығын баса көрсеткісі келетіндей. Ол аласапыран уақыттың жалына жармаса жүріп, өмірінің не мақсатпен өткендігіне түсіне алмай күйінеді. Тұрмыстың аяусыз илеуінде жүріп өмірден бір ауық болса да қызықтың, жанды жадыратар ләззаттің болмағаны, дүниеге елеусіз келіп, елеусіз кетіп бара жатқаны Дархан образының басындағы үлкен трагедия. Халықтың асқан жанкештілігі арқасында салынған Түркісібтің бойымен алғаш жүрген поезды да ол аяулы жары Гүлияның өлімінің үстінде қарсы алды. Сонда ғана Гүлияға тіршілігінде от-жалынды ыстық махаббатын таныта алмағанына қапаланады. Ғұмырының мәнісі Түркісіб емес, адамдық ықылас пен ардақты сезім екенін түсінеді. Жазушының қолданысындағы бұл деталь осындай философиялық жүк арқалаған.
Романдағы үлкен табыстардың бірі – Омар бейнесі. Ол шығармада ішкі қарама-қайшылығымен көрінген, психологиялық тұрғыдан терең айшықталған тұлға. Шалқыған дәулеттің де, мансаптың да дәмін татқан ол - жаңа заманның ауанынан халық басына түскен қасіретті болжайды. Алғашында өз қамы мен байлығы үшін жанталасатын болып көрінетін Омар қазақ даласын дүрліктірген өзгерістер арқылы кең сахарадағы қаймағы бұзылмаған алаңсыз тірлік пен қалыпты тұрмыстың түбігейлі өзгере бастауына қарсы болады. Қаһарман бойындағы эгоистік сезімдер мен ел болашағы туралы толғаныстары шарпыса келіп, жалпы адамның жарық әлемдегі, мынау жер бетіндегі миссиясының, өмірлік мақсаттарының мағынасы жайлы ойға ауысады. Байлық пен биліктің жолында өмірінің барлық қайратты жылдарын құрбан еткен Омарға шын мәніндегі Жақсылық пен Жамандық, мәңгілік сырлары өлім сапарының алдында ашылады. Жазушы Омар тағдырына экзистенциалистік шешім тұрғысынан келеді. Өйткені Омар бай үшін өлім жалғыз ғана шындық. Мынау фәнилік тірліктегі таусылып бітпейтін адам азабынан құтқаратын бірден-бір ақиқат. «Өмір аулынан кейбіреулер бұралаңы ұзақ азапты жолмен барады, ал енді біреулер қысқа да қызықты даңғыл жолмен барады. Бірақ, шыққан жері де, баратын жері де біреу ғой. Ол - өмір мен өлім сапары. Қалған қаракетің - алдамшы дүние, бекершілдік, иә-иә, бәрі де бекершілдік».
Омар байдың бүкіл өмір жолына, жүріп өткен белестеріне, артқы дәуреніне қайырыла көз тастағанда, пенделік қарекетпен өз ортасынан биік тұру үшін болған шым-шытырық таласта ғұмырдың шын мағынасын түсінуге мұрша ала алмағандығы опындырады. Енді оған арашашы болатын «ыстық абзал Ана» өлім ғана. О.Бөкеевтің бұл шешімінде М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Ғазиза тағдыры арқылы жасалған түйінмен ұқсастық бар. Ғазизаны да бүкіл азаптан, әлемнің қатыгездігінен құтқаратын да өлім. (М. Әуезовтың бұл әңгімесінің 1927 жылғы нұсқасында мұндай шешім тереңдетіліп берілген болатын). Ал роман кейіпкері Омарға жазушы ақтық сәтте мынадай сөз салады: «Адам тек жаңа туған кезінде, содан соң тек өлер сәтінде ғана бар күнаһарлықтан таза, ақ, адал сезімнің айдынында жүзе алады екен-ау. Білсекші, білеміз, бірақ. Иә, бірақ...».
Адамды туа сала күтіп тұрған қым-қуыт тіршілік, қашып құтыла алмайтын қорғансыз күй кешу, болашаққа деген сенімнің жоғалғанынан туындайтын онтологиялық проблема жазушы романындағы Дархан мен Омар бейнелері арқылы шым-шымдап көрініс беріп жататын болса, жазушы Ә.Таразидің экзистенциалдық мәселелерге тереңдей бойлағанының куәсі - «Тасжарған» романындағы Аспанбай бейнесі. Бұл образ жазушының Әдебиетімізге әкелген жаңалығы деп әділ бағаланып жүр. Қаламгер бас кейіпкер Омарды түрлі жасандылықтан аулақ, реалистік бейне ретінде танытса, Аспанбай романтикалық рухта мүсінделеді. Бұл ерекше кейіпкердің адамдар арасында кездессе де аса сирек ұшырасатын телепаттық қасиеті бар. Аспанбайдың «көктен түскендей» ерекшеліктерін даралай отырып, жазушы оны қоғамнан сырт тұрған адам ретінде сипаттауға тырысқан сияқты. Оны автордың өзі де айтып кетеді. «Әркімнің қолында жүріп жабайы өскен жанға қоғамдық сезім жат еді» (Ә.Тарази «Тасжарған). Райгүлге деген бөтен ықыластың нендей сезім екенін ол бағамдай білмейді. Оның үйленуі өзіне жұмбақ күйде өтеді. «Сең соққандай сеңделіп, есеңгіреп қалған. «Адамдар қызық, адамдар қызық!» дегеннен басқа ой да келмейді басына. Шартты өмірден шет қалған асау жаны қатты ышқынды, қатты тулады, қатты күйзелді».
Жазушы Аспанбайды роман сюжетіндегі басты желілердің бәріне араластыруды көздейді. Өйткені ол абсолютті рухани тазалықтың эталоны іспетті. Кейіпкер ой-толғамдары авторлық идеямен үштас жатыр. Сондықтан да Аспанбайдың адамдардың бүгінгі тіршілігіне, рухани-ұждандық құндылықтарына, тұрмыстық-кәсіптік қарекеттеріне берген бағасы маңызды болатыны творчестволық фактор. “Адамдар қызық, бұлар бір-бірімен төбелеседі, қан шығарады, маған ол болмайды» – деп толғанса, бірде «Сендер, адамдар, қызықсыңдар! -дейтін ол кейде - Бұл өмірге өмір сүру үшін ғана келетін сияқтысыңдар. Бар қамдарың күн көру, ішіп-жеу, киіну».
Өзгеше дүниетаным өкілі Аспанбай танымында қаламгердің адам табиғатына қатысты философиялық концепциясын дәні дерлік тұстары жинақталған. Аспанбай сәбилік тазалықтың бейнесі бола тұра, қоғамның, ондағы адамдар тіршілігінің моральдық-этикалық стимулы дәрежесіне көтеріле алмайды. Бұл жерде абсурдтық идея бар. Аспанбай көзқарасында адамдардың бүгінгі тіршілігінің бәрі абсурд. Олардың қарым-қатынастары қым-қиғаш қайшылықтарға толы, ол енді безінуге мәжбүр. Міне Ә. Таразидің әдебиеттің ғұмырлық мәселесі – жамандық пен жақсылықтың салмақтай отырып баратын күрделі ойларының бірі осылайша түйіледі.
Сонымен, біз еңбегіміздің осы бөлігінде Д.Исабеков, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Ә.Тарази сынды жазушылардың жекелеген шығармаларын талдай отырып, олардың әлеуметтік-философиялық концепцияларында экзистенциалистік ой ағымының болғандығын көрсетуге тырыстық. Әрине, 70-80-жылдар кезеңіндегі қазақ прозасындағы идеялық-философиялық ерекшелікті тек қана экзистенциализм сияқты ағым тұрғысынан ғана баға беру бірден-бір дұрыс жол саналмайды. Біз мәселені аталып отырған жазушылардың шығармаларындағы көп қабатты философиялық ойдың бірі ретінде қарастырдық.
Экзистенциализмді адамзаттың рухани дамуына тек қана кері әсер ететін ағым деп түсіну бүгінгі ғылым үрдісінен артта қалушылық болар еді. Бұл ағымды қолдаушылар қайта адамзат алдындағы қордаланып қалған мәселелерді меңзеді. Адам баласының апатияға ұрынбауын, қазіргі кезеңдегі адам бойындағы, қоғам бойындағы ірі-ірі дағдарыстарды батыл түрде, барынша ашық түрде айта бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет