Білім беру бағдарламасы: «6В01701 Казахский язык и литература»



бет1/18
Дата17.04.2024
өлшемі319.59 Kb.
#499029
түріБілім беру бағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
multi-463 x392119109 (1)


Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасы


Жарылгапов Жансая Жангазиевич
«Әдеби ағымдар теориясы» пәні бойынша
Дәрістер курсы

білім беру бағдарламасы: «6В01701 – Казахский язык и литература»

Қарағанды 2023

1-дәріс. Кіріспе. Жаһандық әдебиет дамуындағы ортақ құбылыстар


Жоспар:
1. Пәннің мақсаттары мен міндеттері


  1. Әдебиеттің сатылап дамуындағы ортақ заңдылықтар

  2. Әдебиеттер арасындағы ықпалдастықтар мен желілестіктер

1. Жоғары оқу орнының филология факультеттерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтары бойынша оқитын студенттер әдебиеттану ғылымының негізгі ұғымдарын, теориялық-терминологиялық аппаратын «Әдебиеттануға кіріспе» (І курс) пәнінен, ал сөз өнерінің қоғамдық қызметі, ұлттық және жалпыадамзаттық мәні, зерттеу әдіснамасы мен әдістері, әдебиеттің жалпы заңдылықтары, әдеби үдеріс сипаттары, туындының құрылымы, мазмұны және пішіні, тілі, көркемдік әдістер, жанрлар табиғаты, әдеби үдеріс сынды санаттарды «Әдебиет теориясы» (ІҮ курс) пәндерінде оқып-үйренеді. Әдебиет теориясының қазіргі даму деңгейі бұрын осы пән аясындағы санаттарды анағұрлым ауқымды тұрғыда қарастыруға мүмкіндіктер ашып отыр. Өйткені әдебиеттің теориялық мәселелерінің барлығын бір пән ауқымында меңгерту мүмкін емес. Сондықтан да әдебиет теориясының аса күрделі санаттарын оқыту таңдау компоненті белгілейтін пәндерге жүктелген. Бұл қазақ әдебиетін бүгінгі қоғамның сұранысы мен тарихи-рухани талаптарына сай, тың көзқарастар тұрғысынан оқытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Сондай пәндердің бірі – «Әдеби ағымдар теориясы».


ХХ ғасыр басындағы теориялық әдебиеттанудағы Ахмет Байтұрсынұлының іргелі ізденісі амалсыз тоқтап, жалғасын таппай қалғаны, теориялық ізденістердегі басқа елдердің тәжірибелерімен алмасу да қатаң шектеулерге ұшырады. Тек 1970-80 жылдары ғана теориялық зерттеулерде қол жеткен шетелдік еңбектерді там-тұмдап қана игере бастағанымыз да шындық. Ал сол кезде әлем герменевтикалық, семиотикалық, фрейдистік, психо-аналитикалық, интуитивистік, структуралистік мектептердің әдістерін кең қолданып отырған еді. Әдебиеттің теориялық мәселелерін оқытуда Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940), З.Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» (1970) (кейін «Сөз өнері») тәрізді оқулық-монографиялары өз заманының сұранысына сай біраз уақыт қажеттілігімізді өтеген іргелі дүниелер. Әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару бағдарламасы бойынша қолымызға тиген Майкл Райанның «Әдебиет теориясы» еңбегінде әдеби ағымдар теориясы жан-жақты қарастырылмайды. Көркемдік дамудың түгел кезеңіне бірде теория болмайтыны белгілі. Эстетикалық ұстанымдардың ауысуына сәйкес теориялық жаңа концепциялар туып, ескі тұжырымдамалар терістеліп те отырады. Қазіргі заманғы әдебиет теориясы идеологиялық талаптардан тәуелсіз, еркін әрі пәнаралық байланыстарға негізделген тың көзқарастарға ойсқаны анық. Мұндай үрдіс алуан түрлі мектептердің бой көтеруіне, ғылыми саралаудың соны жолдарына бастары анық. Демек эстетикалық дамуды талдап-таразылайтын ғылымдағы плюрализмге жол ашық.
Уақыт өте келе, әдебиеттану ғылымының динамикасына сәйкес бұрынғы қолданыстағы әдіснамалық тұрғылар, зерттеу әдістемелері өзектілігін жоғалтты. Нақты бір әдіснаманың үстемдігі көркем шығармашылық болмысын қарастыратын ғылымның жан-жақты дамуына кепілдік бере алмайтынына да көз жеткізіп отырмыз. Зерттеу тәсілдері мен әдістерінің күрделенуіне, ақпараттық алмасулардың жеделдеуіне сәйкес әр тараптағы ізденістер қажет. Сондықтан да әдебиет теориясындағы жанр, көркемдік әдіс, әдеби ағым, поэтика сынды т.б. мәселелерін зерттеу мен оқытуда жеке-жеке еңбектер керек. Теориялық поэтика қарастыратын барлық нысанды бір оқулыққа топтастыру бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бере алмайды.
Соңғы жылдары қазақ әдебиетін зерттеу, оқытудың ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік бағытын түбегейлі, жаңаша қалыптау ісі қолға алынды. Сондай мәселенің бірі – қазақ әдебиетінің даму жолында қалыптасқан және сыртқы әсерлерден пайда болған әдеби ағымдарды жаңаша көзқараспен ғылыми тұрғыдан салмақтай отырып, әдебиеттегі ағымдардың эстетикалық-философиялық сипаты, көркемдік ерекшеліктері хақында жүйелі және ғылыми мағлұматтармен қамтамасыз ету. Мұндай күрделі мәселелерді оқыту «Әдеби ағымдар теориясы» пәнінде жүзеге асырылады. Бұл білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде (орта, орта кәсіптік, жоғары) қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытуға жол ашпақ.

2. Қоғамның материалдық және рухани өміріндегі, жалпы табиғаттағы бар нәрселер бәріне ортақ, сосын өзіндік заңдылықтарға сәйкес дамып отырады. Болмыстағы түрлі нәрселер мен құбылыстардың заңдылықтарын зерттеу - әр түрлі ғылым салаларының жүгі. Сол сияқты әдебиет те өзінің тарихи қалыптасқан заңдылықтары негізінде дамып келеді. Әдеби шығармашылықтың өзіне тән заңдылықтарын ашып көрсету - әдебиеттану ғылымының басты әрі орталық мәселесі. Әдебиеттанудың дербес ғылым саласы екенін көрсететін факторлар осы үлкен мәселенің өзегінен өрбіп жатады. Көркем әдебиеттің даму жолындағы заңдылықтар деп нендей жағдайларды қарастыруымыз керек? Жеке шығармашылық иесі жасаған, шығармашылық еркіндіктің, жеке сананың жемісі болып табылатын туындылардан ортақ заңдылықтар іздеу дұрыс па? деген сауалдар әжептәуір таластар тудырып бағуда. Бірқатар ғалымдардың айтуы бойынша, қалам иесінің өзіндік дүниетанымы, өмірлік тәжірибесі, эстетикалық талғамы, етене жақын мәселелері, сөз саптау, ой айту сынды бөлектіктерінің көрінісін жалпыға бірдей заңдылықтарға бағындыруға келмейді. Алайда қандай да бір ұлы жазушы болмасын ұлттық қана емес, адамзаттың көркемдік жадында қатталып қалған құндылықтарға қайырылып отыратынын жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан біз қазақ прозасының қалыптасуын, ондағы дүниежүзі әдебиетінде көрініс берген ауқымды әдеби ағым-бағыттардың, әдістердің аналогиясын адамзаттың көркемдік даму сатыларында орныққан заңдылықтар аясында да анықтаймыз. Бұл іргелі теориялық категориялар төңірегіндегі пікір-байламдар бір ізге түсіп кеткен жоқ, әлі күнге дейін бір-бірімен қайшылыққа келіп жататын ұғымдар мен тұжырымдар туғызуда. Біздіңше ол заңды да. Өйткені әдебиетті теориялық тұрғыдан тексеру догмалық шарттарға бағынбауы тиіс.


Ұлттық әдебиеттер өзінің даму сатыларын түрлі хронологиялық кезеңдерде жүзеге асырып отыруы, ол сатыларға тән ерекшеліктердің әр халықтарда түрлі уақыттарға созылуы, сатылап дамудың механикалық түрде жүзеге аспайтынын көрсетеді. Мысалы, Ренессанс Қытайда VІІІ ғасырда басталса, оған жақын орналасқан Жапонияда Ренессансқа тән белгілер ХІV ғасырда көрініс бере бастады, ал түркі әлеміне қатысты әдебиетте ХІV-ХV ғасырларда, еуропалық Ренессанстың отаны-Италияда ХІV ғасыр, Францияда – ХVІ ғасыр. Ортағасырлық мәдениетке Қытай ІІІ ғасырда қадам жасаса, Рим империясы классикалық ортағасырлық әдебиетке ІV ғасырда ене бастады. Сондықтан да әдебиет дамуының «сатылары» мен «кезеңдері» деген ұғымдарды бір-бірімен шатастыруға болмайды. Әдебиет кезеңдері – белгілі бір уақыттардағы ұлттық әдебиеттің даму «бөліктері». Мұндай шартты кезеңдер - онжылдықтар, ғасырлар, мыңжылдықтар болуы мүмкін. Әйтсе де әдебиеттің даму кезеңдерінен де ұлттық тарихи-мәдени және рухани ерекшеліктерді байқауға болады. Ұлттық әдебиеттің даму сатылары, сол ұлт әдебиетінің хронологиялық кезеңдерімен сәйкеспеуі де мүмкін.
Рухани қозғалыстың тарихына зер салу барысында көзіміз жетіп жататын әдебиеттегі жалпы заңдылықтар әлемдік әдеби үдерісті тұтастай алып қарағанда анық көрінеді. Жалпы әлемдік әдеби процесті адамзат дамуының аса ірі кезеңдерімен – антикалық ежелгі дәуір, ортағасыр, жаңа дәуір, ең жаңа дәуірлермен байланыстыратынымыз аян. Осы әлемдік көркем ой дамуы ауқымындағы бірнеше ұлттар әдебиетін салыстыра зерттеу нәтижесінде мынаған көзіміз жетіп отырады: Ол – әдебиеттердің әрқайсы өзіндік даму жолында ұқсас сатылардан өтіп отыратындығы. Яғни, ұлттық әдебиеттердің дамуын бір арнаға бағыттап тұратын әдебиеттің өзіндік жүйелі заңдылықтары бар. Ұлттық әдебиеттер өзінің даму жолында бірдей кезеңдерді басынан өткеретін жағдайлардың кездесуі осындай тұжырым жасауға жетелейді. Мәселен, Лопе де Вега мен Шекспир жеке шығармашылық мүмкіндіктердің иесі, бірақ екеуі де гуманистік «комедиялар» жазды. Тұлғалық қабілеттері мүлде бөлек Малерб пен Ломоносов ұлттық қарым-қабілеттеріне орай екеуі де өз кезеңінде классикалық одалар жазды. Романтикалық поэмалар жазған Пушкин мен Байрон туралы осыны айтуға болады.
Мұндайлық құбылыстарға қазақ әдебиеттанушылары да кейінгі жылдары маңыз бере бастады. Әлемдік рухани дамудың аса үлкен белесі болған Ағартушылық дәуірдің қазақ руханиятына да жат еместігін негіздейтін Д. Қамзабекұлы айтқандай, «белгілі бір елдегі ағартушылық сол елдің заңды асуы болып табылатынына» назар аудара отырып «әлем құндылықтары Шығыстікі және Батыстікі деп шығу тегіне қарай бөлінгенімен, олардың даму процесінде ұқсас тұстары аз емес. Мұны типологиялық салыстырулар анық көрсетеді. Зерттеуімізге өзек болып отырған ағартушылық – Шығыстың да, Батыстың да басынан өткізген белесі» (Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: «Фолиант», 2002. 48- б)
Антикалық ежелгі дәуір, жаңа дәуір, ең жаңа дәуір сынды қоғамдық даму белестері - адамзат көркем ойлауының ірі сатылары. Әлемдік әдеби үрдістегі мұндай дәуірлер ауысуы, әдеби бағыттар мен ағымдардың алмасуы түрлі елдерде ұқсас, әрі тарихи жүйелі тәртіппен, сатылы түрде жүзеге асып отырды. Мысалы, классицизмнің романтизмге, романтизмнің реализмге, натурализмге, модернизмге ұласып отыруы көркемдік жүйелердің біртұтастығы мен идеялық-көркемдік ортақ шарттардың жемісі. Кейінгі жылдар ғылымында өте тиімді пайдаланылып, тәсілдік тұрғыдан күрделенген, әрі биік сатыға көтеріліп үлгерген тарихи-салыстырмалы әдебиеттану әртүрлі аймақтар мен елдер әдебиетіндегі осындай айрықша (тіпті таңғаларлық деп айтуға болады) ұқсастықтарды аңғарып отыр. Әдеби құбылыстардың «әу бастан табиғаты ортақ» деп таныған Н.И. Конрадтың (Конрад Н.И. Запад и Восток. – Москва: Наука, 1972. – 427 с.) идеясын тереңдетіп әкетушілер мәдениеттердегі сыртқы ұқсастықтар және ұлттар мен ұлыстар әдебиетіндегі детальды сәйкестіктерге дейін танып-білуге ұмтылуда.
Әрине, ұлттық әдебиеттердің типологиялық байланыстарымен бірге, қайталанбайтын ерекшеліктерін ешкім жоққа шығара алмасы хақ. Ғалам мәдениетінің дамуында Батыс пен Шығыстың өзіндік даму заңдылықтары арасында зор айырмашылықтары бары сияқты, латынамерикан елдерінің, таяу Шығыс аймағының, қиыршығыстық әдебиеттің, Азия, Еуропа әдебиеттерінің өзіндік бет-бағдарлары бар. Әйтсе де ХХ ғасырдағы өркениеттік даму, соған сәйкес әдеби байланыстар мен әлемдік ауқымдағы «дәстүршілдік» Батыс пен Шығыс арасындағы байырғы түсініктерге өз ерекшеліктерін әкелуде.
Жаһандық әдеби үдерістегі жалпыға тән құбылыстар, ортақ бастаулар әдебиеттегі тарихи тұрақтап қалған заңдылықтардың жемісі. Көркем ой тарихын анағұрлым терең зерделеу үшін ондағы әдеби бағыттар мен ағымдардың, әдістердің табиғатын тануда салыстырмалы зерттеудің қажеттілігі өзінен-өзі айқын. Салыстырмалы әдебиеттану әлемдік әдеби байланыстар мен ықпалдастықтарды төмендегідей жағдайларда қарастыра алады:
1.Ортақ тарихы болған бір немесе бірнеше әдебиеттердің көркемдік заңдылықтары. Бұрында бір ұлысты құраған елдердің өз алдына жеке тарихи даму жолына түсіп, ұлттық әдебиеттердің пайда болуы. Мысалы, иран тектес халықтардан өніп шыққан парсы және тәжік әдебиеті т.б.;
2.Әртүрлі елдердің әдебиетіндегі көркемдік ерекшеліктерді салыстырмалы – типологиялық тұрғыдан қарастыру. Бұл бір-біріне ұқсас тарихи жағдайлар мен сілкіністерді басынан өткерген бірнеше халықтар әдебиетіндегі тоқайластық. Оған мысал, Англия, Франция, Ресей және Еуропа мен Азияның кейбір елдеріндегі ХІХ ғасырдағы классикалық реализм әдебиеті. Тіпті өткен ғасырдағы социалистік лагерь шеңберінде қалған елдердің социалистік реализмі;
3.Түрлі елдерде белгілі бір діндердің қанат жаюының нәтижесінде пайда болған құбылыстар сәйкестігі. Христиандық арнада дамыған Еуропа әдебиетіндегі ішкі байланыстар немесе буддистік Азия елдерінің әдебиетіндегі конондарды тереңдеп қарастыру арқылы олардағы идеялық-көркемдік бірліктердің табиғатын тануға болады;
4.Бір-бірімен тарихи–қоғамдық жағдайлар байланыстырмайтын, тектік қатысы жоқ мүлде өзге елдер әдебиеттері де тарихи-типологиялық тұрғыда қарастырыла береді. Мұндай әдебиеттерді салыстыра отырып зерттеу, әлемдік көркем даму заңдылықтарының сырын ашуға септігін тигізері айқын. Мәселен, ғалымдар батысеуропалық рыцарлық романдар мен жапонның «Жорық эпопеяларының», Ағарту дәуіріндегі сатиралық романдар мен ХІХ ғасырдағы Қытайдың «әшкерелегіш романдарының» арасындағы кейбір ортақ қасиеттердің бар екенін әлдеқашан айтып келеді.
Жалпыға бірдей көркем ой дамуының сатылары туралы ұлттық және шет ел ғалымдарының бұл орайда жазған бернеше ғылыми еңбектерімен таныса келе, мынадай тезистер шығады:

    • антик дәуірінен бастап Жаңа дәуір әдебиетінің белестері Қайта өрлеу, барокко, классицизм, Ағарту дәуірі (синтиментализммен бірге), романтизм, реализм және олармен ХХ ғасырда сәтті бәсекелесе алған модернизм ағымдары тарихи-қоғамдық дамуға сәйкес жанрлық-стильдік қалыптан жеке шығармашылық сананың үстемдігіне қарай жылжи берудің нәтижесі. Бірте-бірте «автор поэтикасы» алдыңғы қатарға шыға бастады. Халық шығармашылығындағы жекелік болмыстың кемескіленуі бастапқы авторлардың фольклордағы қалыпты этикеттерге, конондарға тәуелді болуынан. Бірақ шығармашылық дамудың әр сатысында әдебиеттегі жекелік бастау күшейе берді. Мысалы, авторлық стильдің жеке ерекшелігі классицизмнен гөрі романтизм кезеңінде биік сатыға көтерілді. Романтизм әдебиеті шығармадағы жекелік бастаудың аса жылдам дамуымен байланысты. Бұл кезеңде жеке тұлғаның орны бұрын-соңды болмаған биікке көтеріліп, автор культы үстемдік құрды. Бұл құбылыс әдебиетті кәсібилендіруге сеп болды;

    • әдебиеттің сатылап дамуының нәтижесінде әдеби шығармаларға қойылатын жанрлық шарттар мен міндеттердің күшін жоя бастауы. Ежелгі дәуір әдебиетіндегі шығармалар автор атынан баяндалғанымен, оның тұлғасы жанр талаптарына бағындырылған. Автор «менінен» жанрдың «мені» үстем. Ортағасырлық әдебиетте мұндай шарттылықтарды көркем шығармашылықтағы бірінен-біріне ауысып жүретін ортақ сарындар, дәстүрлі идеяларға сәйкес дәстүрлі формалардан, қалыпта теңеулер мен эпитеттерден, дәстүрлі тақырыптар мен қалыпты образдардан көруге болады. Ендігі жерде жанрлық нормалардан, міндетті әдеби этикеттен тыс шығарма тудыруда еркіндік керек еді. «Ортағасырлық жазушы шахматшы сияқты. Ол атақты шеберлердің партиясы немен аяқталғанын білсе де, оны қайтадан ойнап шығуға тиіс» (Б.Рифтин). Ереже дәрежесіндегі әдеби талаптар, жанрлар әдеби шығармашылықтағы консерватизмді туғызып, жоғары сапалы, жаңа туындыларды дүниеге келтіруге мүмкіндік бере бермеді. Өзіндік тарихи миссиясын орындаған, сол дәуірдің заңды көрінісі болған мұндай «дайын схемалар» сол кездегі әдеби шығармалар санының артуына себепші болды. Демек, әдебиеттің сатылып дамуының әр кезеңінде шығармашылық еркіндік дәрежесі де өсіп отырды. Классицизмдегі түрлі ережелер мен регламенттерге қарсы күрес ашқан романтизм шығармашылық еркіндікке қарай жол ашып берді. Әдебиеттің трафареттік формалардан бас тартуы, бұрын «жабық» болған тақырыптарға батыл дендеуі, оқырманға әсер етудің түрлі ассоциацияларының жүзеге асқан кезеңі – реализм.

    • әдебиет дамуының сатыларына сәйкес пайда болған бағыттар мен ағымдар көркем ойдың түрлі арнада дамуына, әдебиет функциясының күрделенуіне әкелді. Солардың ең негізгілерінің бірі – өнердегі шарттылықтардың бәсеңдеуі. Шығыстағы және бүткіл Еуропаның ерте ортағасырлық өнерінде шарттылықтар тым басым. Әдебиеттің бұл даму сатысындағы символдарды, аллегорияларды, философиялық ұғымдарды арнайы дайындықпен қана (кейде сөздіктермен) түсінуге болады. Батыстың кей зерттеушілері символдардың энциклопедиялық жинағын құрастыру арқылы, сол дәуір өнеріне баға беруге де тырысқан. Ал Ренессанс - өнер шарттылығының төмендеуінің жаңа кезеңі болды. Одан кейінгі стильдік бағыттар мен ағымдардың барлығы бұл үдерісті жылдамдатып жіберді. Шарттылықтардан арылу барысында әдебиет пен айнала қоршаған шындықтардың арасы жақындай берді. Әдебиет сол шындықтардың естілетін және көрінетін иллюзиясын жасауға ұмтылып отырды. Бұл ретте әдебиет өмір шындығының тек көшірмесі болып қалу қаупі төнгеннен кейін шарттылық формаларынан арылып қана қоймай, оның әлсіз, нәзік түрлерін қайтадан игерді. Реализмнің өзінде де шарттылық белгілері сақталып қалды. Сондықтан стильдік бағыттар мен ағымдар да уақыт өте келе өзгеріп отырады;

    • әдебиет ілгерілеуінің тағы да бір айқындауышы - интеллектуалдықтың артуы. Әдеби шығармашылықтың санадан тыс стихиялық элементтері мен саналы түрде жүзеге асатын элементтерінің қарым-қатынасы өзгере бастады. Шығармашылықтың стихиялығына мифтік сана мен фольклордан келе жатқан дәстүрлі элементтерді жатқыза аламыз. Мысалы, ортағасырлық әдебиетте әңгімелеудің, сюжет өрбітудің бірізділігі байқалмайды. Әңгімелеуші әдеби шегініс жасамай немесе оқиғаның алдына шығып кетпей, оқиғаның қалай басталып, қалай аяқталғанын «табиғи» қалпында, бір ізбен айтып шығады. Бұл қалыбы ортақ композициялы шығармалар туғызды. Ортағасырлық суреткер сюжетке оқыс интригалар, образ характерін жанама көркемдік формалар арқылы ұсыну, шешімді оқырманның үлесіне қалдыру, оқиғаны күтпеген ракурста аяқтау сияқты күрделіліктерге бармайды. Ол оқиғаға қызықтыру үшін баяу баяндауы мүмкін. Ал көркем шығармашылық үздіксіз даму жолында саналылық, алдын-ала ойластыру элементтерін күшейтіп отырды да, шығармашылықтың бастапқы сатыларындағы дәстүрлілік пен бірізділік көмескілене түсті. Бұл суреткерлердің шығарма жазудағы тәсілдерді саналы түрде пайдаланудың арқасында іске асты. Әдебиеттің интеллектуалдануы әдебиет сыны мен кәсіби әдебиеттанудың пайда болуымен тығыз байланысты. Өткенге сыншылдық тұрғыдан қарау, өткеннің озық үлгілерін алудағы тарихилық принципі салтанат құрды. Тарихилық сана өнердегі интеллектуалдықтың үлкен жеңістерінің бірі;

    • Өнердің сан алуан түрлерімен бірге әдебиеттің де сатылай дамуындағы үлкен ерекшеліктердің бірі - әдеби ықпалдастықтар мен әдеби қарым-қатынастардың артуы. Әдеби байланыстар түрлі жолдармен жүзеге асып отырды да, әлемдік әдебиет тәжірибесі молайды.

Яғни, әр кезеңдегі түрлі елдер әдебиетінің тарихын да үлкен бір тұтастықтың бөлшегі ретінде қарамайынша, оны дәл әрі толық танып-білуге болмайды.
3. Қандай ұлттың әдебиеті мен өнері болсын тек қана өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы, басқа ұлттардың әдебиетіне қатыссыз, жеке-дара дами алмайды. Көршілес елдердің мәдениеті белсенді қарым-қатынасқа түсуші мәдениетке жаңа стимулдар мен тың серпіндер беруі мүмкін. Өзіндік ұзақ даму жолы бар қазақ әдебиеті де тұйық шеңберде болған жоқ. Қайткенде де әдеби үдеріс деп аталатын күрделі категорияны әдебиеттер арасындағы ықпалдастық, желілестік арқылы, жалпы әлемдік әдеби даму аясында қарастырмай, қай ұлттың болсын әдебиетінің жетістігін танып-білу мүмкін болмайды.
Бір елдің әдебиетіндегі көркемдік жүйелер екінші елдің әдебиет әлеміне көп қиындықсыз еніп кетуі кейінгі ғасырларда айрықша көп сезілді. Сонымен қатар бірнеше елдерде ортақ тілдік орта болуы да бұл үдерісті жеделдетіп жібергені анық. Мәселен, АҚШ, Англия, Австарлия, Жаңа Зеландия елдерінің әдебиеті ағылшын тілінде жасалса, Орталық және Оңтүстік Американың көп елдері мен Испанияда жасалған әдебиет бір-бірін аудармасыз қабылдана береді. Португалия мен Бразилия әдебиетінде де осындай ерекшелік бар.
ХІХ-ХХ ғасырларда ұлттың әдеби-мәдени үрдісіне шығыстық ықпалдардан гөрі батыстық, оның ішінде еуропалық әсердің анағұрлым мол болғаны анық. Ал ортағасырлық еуропа әдебиетіндегі керісінше шығыстық көркемдік жүйелердің тигізген ықпалы жөнінде ХХ ғасыр әдебиеттануында зор қызығушылықтар туды.
Мәдениеттік алмасулар еркіндікті шектейді деп түсінбеу ләзім, қайта ұлт әдебиетінің таңдау кеңістігін арттырады. Рас, әдебиет көкжиегінің кеңеюі кезінде ұлттық танымға өзгерістер енуі мүмкін. Бірақ таза көркемдік тұрғыдан әдебиет ұлттық ерекшелігін жоғалтпайды. Белгілі бір ұлттың құндылығы болып саналатын ұлттық ерекшеліктер әлемдік құндылыққа айналып, басқа әдебиеттерге тәжірибе ретінде, әлемдік дәстүрге айналып кетуі тиіс.
Бұл орайда әдеби аударманың алатын орны айрықша. Бөтен ортада дүниеге келген туындыларды игерушілер әдебиеттер арасын «жалғастырушылар» («посредник») ролін атқара білді. Батыстық (орыстық) озық көркемдік-эстетикалық тәжірибелерді шығармашылық тұрғыдан игерген Ы. Алтынсариннің аударма деп танылып жүрген әңгімелерін, Шәкәрімнің «Дубровский әңгімесін» тек бір тілден екінші тілге аударылған туындылар деп қана қарауға болмайтын сыңайлы. Бұл жерде олар «синтездеуші», я болмаса әдеби «жалғастырушылар». ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көркемдік формаларында бірден көзге шалынатын өзгерістер пайда болды. Ұлттық әдебиетімізде өлеңдік-поэзиялық жанрлардың орны төмендеп, проза жанрының күрделі формалары енді-енді қалыптаса бастауына қарамастан бірден жетекшілікке ұмтылды. Бұл алғашқы қазақ романдарының дүниеге келуінен айқын аңғарылады. Әсіресе 1920 жылдардағы М. Әуезов әңгімелері, Ж. Аймауытовтың эпикалық тынысты шығармалары шешуші тарихи роль атқарды. Тіпті ірі ақын ретінде танылып үлгерген М. Жұмабаев «Шолпанның күнасы» әңгімесін жазу арқылы бірте-бірте үстемдік ала бастаған прозалық бағытқа үн қосты.
Шығыстық жауһарларды біршама игерген, шығыстық әдеби үлгілердің дәстүрін ұлттық салт-санаға сай қабылдап, өзіндік көркем өнер дамуының динамикасына икемдеп келген қазақ әдебиетінің алдынан ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әлеми құндылықтардың жаңа бір есігі айқара ашылды. Ұлттық әдебиет енді Еуропа антикасымен, Қайта өрлеуімен, ағартушылық дәуірімен бетпе-бет келді. Ежелгі Грек мәдениеті, гомерлік поэзия, Софокл мен Бокаччо, Сервантес пен Шекспир, Мольер мен Буало, Пушкин мен Толстой т.б. мұраларындағы күрделі рухани мәселелердің (ғылым мен техника жетістіктерін айтпағанда) алдынан шығуы, салт-саналық, дәстүрлік негізде дамып келген қазақ сөз өнеріне оларды шұғыл түрде меңгеруге итермеледі.
ХIХ ғасырдағы аудармалармен бірге бізге әлем классиктерінің ағартушылық-гуманистік, демократияшыл көзқарастарымен қоса, адамзаттың антикалық, ортағасырлық, реннесанстық, жаңа дәуірлік таным-бағыттары келді. Бұл тұрғыда Шығыс, Батыс, орыс мәдениеті және философиясымен байланысы анағұрлым кең түрде көрінетін Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық өмірбаяны айрықша прогрестік құбылыс болды. Шәкәрім Батыс пен Шығыстың дүниетаным негіздерін терең меңгере отырып, ұлттық ерекшеліктерге сай шығыстық, батыстық көркемдік таным формаларын поэтикалық интерпретациялау арқылы қазақ әдебиетіне орнықтыруға күш салды. Ол Гомерді оқуы арқылы ежелгі грек, римдік жәдігерлермен, Байронды зерттеу арқылы романтизм дәуірінің эстетикасын, Абай ықпалымен Гетені тану арқылы жаңа дәуірдің көркемдік ұстанымдарын, А. Пушкин, Л. Толстой сынды әлемге мәшһүр болып үлгерген замандастарының гуманистік идеяларын жаңа сапада қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік қабаттарына сіңіруге тырысты.
Абай, Ы.Алтынсарин, Ш. Құдайбердіұлы, А. Байтұрсынов, Б. Өтетілеуов, М.Сералин жасаған аудармалар әлемдік көркемдік таным үрдісінің ұлттық әдебиет өтіп үлгермеген сатыларын жедел түрде меңгеруге, қоғамдық сананың жаңа формаларын тудыруға аса үлкен ықпал жасады. Соның нәтижесінде бірнеше жылдардың ішінде өзіндік жанрлық-эстетикалық талаптарға толық жауап бере алатын қазақтың ұлттық прозасы дүниеге келді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет