Білім беру бағдарламасы Қарағанды 021 Дәріс «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша



бет12/18
Дата19.04.2024
өлшемі201.88 Kb.
#499224
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18
multi-86 x13053814

Негізгі әдебиеттер
1. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. –Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. – 448 б.
2. МәшҺүр-Жүсіпов Қ. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. – Павлодар: Павлодар унив-ті басп.. 1999. -384 б.
3. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер. –Қарағанды: Гласир, 2009.-400 б.
4. Нұрғалиев Р. Телағыс. - Алматы: Жазушы, 1986. - 440 б.,
5. Еспембетов А. Уақыт өрнегі. – Алматы: Інжу-маржан, 2005. -515 б.
6. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. - Алматы: Ғылым, 1982. - 147 б.,
7. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. - Алматы: Ер-Дәулет, 1996. - 252 б.,
8. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары. Сын-зерттеу. – Астана: Елорда, 2001. – 312 б.


Қосымша әдебиеттер
1. Ысқақбай М. Шығарма шырайы - шындық. Алматы: Рауан, 1994. 240 б.
2. Дәстүр және жаңашылдық. - Алматы: Ғылым, 1980. - 367 б.
3. Тоқбергенов Т. Үш тоғыс. Әдеби сын. - Алматы: Жазушы, 1997. - 196 б.
4. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998. - 394 с.
5. Дәдебаев Ж. Шымырлап бойға жайылған. Алматы: Жазушы, 1988, 189 б.
6. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті: Лекциялар курсы. Алматы, Қазақ университеті, 2002, 311 б.

11 - Дәріс




« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша


Ә.Кекілбаев, О.Бөкей шығармашылықтарындағы экзистенциализм.

1. Ә. Кекілбаев шығармаларындағы экзистенцилизм.


2. О. Бөкей повестеріндегі экзистенциалистік таным.

Адам болмысына қатысты терең философиялық толғаныстар 70-80-ші жылдар прозасының дарынды өкілдерінің бірі - Ә.Кекілбаев шығармашылығының да негізгі бағыттарын айқындады. “Шыңырау”, “Күй”, “Ханша-Дария хикаясы”, “Бәсеке”, “Құс қанаты”, “Шеткері үй” повестері, “Аңыздың ақыры” романы жазушының адам жөніндегі көркемдік-философиялық концепциясын барынша ашып көрсетуге болатын көркем шығармалар. Қаламгер әдебиеттік өрістеудің кейінгі кезеңдеріне тән ерекшеліктер - тарих қойнауларына үңіліп, аңыздық желілерді туынды өзегіне айналдыра отырып, мифологиялық желілерді көркемдік мақсатына сай қолдана отырып, өнердің ұлы нысанасы - адамды тануға тың талпыныстар жасады. Өткен күннің көмескі суретін қиялымен байытып, қайта тірілте отырып бүгінгінің мәселелерін бажайлайды.


“Әбіш шығармашылығында біздің қазақ жазушыларынан жиі ұшыраса бермейтін бір ерекшелік сипат бар. Ол әр шығармадағы әр түрлі тақырыптар мен идеялардың тұтасып барып бір жүйе құруы, жазушы концепциясына айналуы. Сол концепция “Күй”, “Ханша-Дария хикаясы”, “Аңыздың ақыры” үшеуіне циклдық сипат дарытса, “Шыңырау”, “Бәйгеторы” повестері автордың жаңағы шығармаларындағы ойын, дүниетанымын, өмір құбылыстарына деген көзқарастарын айқындап, толықтыра түседі. Айналып келгенде, Әбіштің біз атаған бес туындысының қай-қайсында болмасын, бір мәселе - адамның қоғамдағы рөлі мен орны деген жалғыз проблема қозғалады” - деп баға береді сыншы М. Ысқақбаев. Біз осы айтылған орынды пікірге қосыла отырып, Әбіш кейіпкерлерінің қоғамдағы орын-салмағын іздеумен шектелмейтінін айтқымыз келеді. Рас, адам және қоғам қарым-қатынасы суреткердің көркемдік қазынасынан ерекше орын алатыны талас тудырмайды. Дей тұрсақ та, жазушы адам мен оның тіршілік маңызын жан-жақтылық тұрғысынан зерттейді. Соның бірі - адамның онтологиялық жалғыздығы мәселесі. Әрине бұл проблеманы Ә. Кекілбаевтің аталып отырған шығармаларының барлығынан табамыз деу ағаттық болар еді. Адам табиғатына қатысты бұл мәселе жекелеген туындыларында және әр деңгейде көрінеді.
Жазушының “Шыңырау” повесіндегі бас кейіпкер - Еңсеп ата кәсібі - құдық қазумен қоңырқай тірлік кешіп жүрген, өз ортасы үшін елеусіз ғана адам. Оның өмір сүріп келе жатқан осы шағына дейін “қыран топан қызыққа батқан берекелі өмірі жоқ. Түксиген сыз қабырғалар мен қиыршық топырақтан басқа, екі иінінен аждаһадай айқара басқан көр-қараңғыдан басқа, көргені де шамалы. Бірақ оның осы қара көр қуыс пен бір шөкім сұрқай өмірінен бөгде ойлайтын да ештеңесі жоқ еді”.
Суреткер өзінің стильдік бедері - аналитикалық, философиялық баяндауға сүйене отырып шығарманы трагедиялық коллизияларға құрады. Еңсепті ғұмыр бойы иектеп келе жатқан сезім - үрей мен күдік. Ол жер шұқып құдық қазу барысында, шыңыраудың түбінен судың шығу-шықпауы екіталай. Өзі ойлаған межеге жеткенде “өлім аузында жүрген кісінің” күйін кешеді. Баяғыдағы сәл болмашы қуанышы, бұдан әлдеқайда бұрынғы, тіпті кешегі талай-талай құдық қазып бетегелі белге берекелі су келтіргендегі қызығының барлығы ұмытылады. Еңсептің бойындағы үрей сезімі талай жылғы құдықшылық еткен кәсібінің нәтижесінде пайда болды дейік. Ал тас қараңғы шыңырау түбінен жарық әлем - жердің бетіне шыққанда бұл сезімнің көлеңкедей еріп жүретіні қалай? Енді маңынан жуымайтын болып өз-өзіне ант беріп, көп уақыт сол тұңғиық қапасқа тағы да түсуге бел байлайды. Үнемі солай. “Күні кеше жігерін құм қылған қыран шұңқырға қайтадан жетелеп алып келген әзәзіл күштің аты не екенін ол кезде Еңсептің өзі де білмейтін. Келе-келе түсінді. Бірін-бірі жақсы мен жаманға бөліп, жағаластырып қойған мына дүниеде бөтеннің аузынан шыққан жылы сөз, қошамет-қолпаш әлі арыны қайта қоймаған арғымақ атқа қатты тебінген үзеңгімен бірдей екен. Ал ол кезде адам пақырды тауға ұрып, тасқа соқтыратын аяр алданыштың әлі арыны мұқалмаған арғымақ кезі еді”.
Жазушы Еңсептің еңсесін езгілеген осы бір сергелдең сезімдердің түпкі сырын оның тек құдықшылығынан ғана емес, тіршілік еткен ортасынан да табады. Демек, Еңсеп еңбегінен ғана жатсынбайды. Оны жатсындырған мынау қатыбас өмірі мен кекілінен сипамаған тағдыры. Яғни, үрей мен күдік Еңсептің тіршілік ету формасына айналып кеткен. Ақырында ол “өз өмірінің ішіндегі ең терең шыңырауды қазып жүріп қазаға ұшырады”. Қу тақырдан талай рет су шығарған ағасы Дәржанның да тағдыры осылай аяқталған.
Экзистенциалистер концепциясы бойынша қорқыныш пен үрей ғана адам өмірінің өлімге барып тірелетін мағынасыздығын таныта алады. Сөйтіп барып адам өз өмірінің шынайы ақиқатына көзі жетеді. “Сонда ғана,-деп жазады Е.Коссак Хайдеггер философиясын талдай отырып, - адам өзінің бөтен әлемге тасталғандығын сезеді, оны үрей мен қорқыныш атаулыдан құтқаратын “өлімге деген еркіндігі” қалады”.
Сол тәрізді Еңсеп басындағы нала мен мұңды кездейсоқ шындық деп танудың реті болмай қалады. Оның жеке басы мен қиындыққа толы еңбегі өз ортасынан бағасын ала алмай кетті. Үстірттің үстіндегі суы бір ортаймай шалқып жататын құдықтың “Еңсеп қазған” емес “Еңсеп өлген” деп аталып кетуі соның белгісіндей. Яғни, оның өмірі табаныңды тірердей, соған көңіл қойып сенетіндей шындықты таба алмаған күйі өтті. Бұл жерде Фолкнерлік идея бар сияқты. Ол: “Истины Не думаю, что их вообще можно найти. Они лишь могут быть предметом постоянных и настойчивых поисков для отдельных частиц абсурдного бытия” - деген.
Ә.Кекілбаев Еңсептің жалғыздық өмірін, сайқымазақ тіршілігін сыртқы моральдық қатынастар мен ішкі сезімдік әсерлерді тұтастықта суреттеу арқылы нанымды етіп көрсете біледі. Жатбауыр әлемдегі адам өмірінің өткіншілігі мен өкініштілігін баса суреттеген жазушы концепциясы таза скептикалық арнада түйінделеді деуге де негіз аз. Повестегі мына бір үзіндіде қаламгердің басты философиялық тұжырымы жатыр:
“Асылы, адам көңілі өмірдің көп өткіншісі шұбырып жататын айдау қара жолының үстіндегі қайыршының кетік тостағаны сияқты: өткіншілердің біреуі у тамызады; өңщең у болса, әлдеқашан жер қабар едің, аз болса да, анда-санда бір тамса да, жер үсті тіршіліктің тәттілігін сездіріп, таңдайыңды татытып кететін балы бар ғой тағы да. Адамның есінен қанша танғанмен, есірік дәмеден қол үзбей, ылғи әлденеге тырмысып, арам тер болып жүретіні де сондықтан шығар”.
Ә.Кекілбаевтің трагедияны адаммен туасы бірге, табиғи дейтін экзистенциализм өкілдерінен айырылатын тұсы да осында.
Жазушы О.Бөкейдің әуелгі “Қамшыгер”, “Үркер”, “Қайдасың, қасқа құлыным”, “Мұзтау”, “Ән салады шағылдар” кітаптарынан сыншылар мен зерттеушілердің аңғарғаны шығарма бойындағы терең философиялық түйін мен лирикалық желінің шебер үйлесе білуі және психологиялық талдау мен публицистикалық сарынның берік жымдасып келіп авторлық “меннің” баса көрсетілуі. “Оралханның, - деп жазады С.Қирабаев, - ескі сүрлеуді таптамай, әдебиетке өзіндік үнмен, сырымен, айтар ойымен келгені, өмірді өзінше көріп тануға, өзінше бейнелеуге ұмтылысы, осы жолдағы сәтті ізденістері оның оқырманын тез табуына, оның жүрегінен жылы орын алуына себеп болғаны даусыз”. Расында да, Оралхан қазақ прозасының кейінгі жылдарында жарқ етіп танылған құбылыс болды. Қазіргі уақытта қаламгер шығармашылығына ерекше ден қойып жатқанымыз да осыдан болса керек. Қазақ әдебиеттануында қазір көп зерттеліп жатқан да осы қаламгер. Зерттеулердегі ең көп айтылатын пікір - О.Бөкейдің замандастарымыздың өмірі мен мінез-құлқына ден қоюшылығы. Бұл мәселені кеңінен алып қарайтын болсақ, қаламгердің негізгі тақырыбы - бүгінгі заман ағымындағы адам, оның рухани байлығы болып табылады. Бүкіл шығармалары Өмір - Адам - Табиғат желісіне құрылып, олардың арасындағы қарым-қатынастар сипаты көркем образбен, өмірге, адамға, табиғатқа құштарлық пафосымен суреттеледі. Жазушы үшін бұл ұғымдардың концептуалдық мағынасы бар. Шығармадағы көркем компоненттердің бәрі осы бір органикалық тұтастықты ашуға жұмылдырылады. Сыншы Т.Тоқбергенов өзінің “Қос қағыс” кітабында О.Бөкей творчествосындағы ғалам мен адамды бір ұғымнан, бір-бірінен ажыратпай, бөліп-бөлшектемей тұтастықта қарау сынды стильдік ерекшелікті жоғары бағалай келе, ойын жазушының “Кеңістік пен жалғыздық деген ұғымда адам-жұмбақтың сыры жатыр. Бәріміз жабылып, қайталап айтып жүрген адам-жұмбақ, ғалам-жұмбаққа үңіле қарасам, өз алдыма қойған өмір танымға бір табан болса да жақындай түсем бе деп ойлаймын. Мен қазір “Қар қызын” көп ұлғайтып, қайта жазуымда, қазір бітіруге айналған жаңа романымды “Өз отыңды өшірме” деп атауымда сондай бір сырлар жатыр” - деген өз сөздерімен түйеді.
Қаламгердің өзі көрсеткен кеңістік және жалғыздық ұғымы оның шығармашылығының басты тірегі болып табылады. Экзистенциалистердің түсінігі бойынша жеке адамның шындығынан артық шындық болмақ емес. Жеке субьект болмыстың ішінен, кеңістіктен өзін-өзі таңдап алуы керек. Ол осы арқылы тек жекелік болмысын ғана таңдамайды. Бүкіладамзаттық мәні бар шешім қабылдайды. Яғни, оның имманентті құбылысы кеңістікке өз көзқарасын туғызды деген сөз. Жазушы О.Бөкей шығармашылығынан осындай танымның әсері бой көрсетпей қалмайды.
Дүние құбылысының бір бөлшегі - адамның кеңістікті сезіммен саралап, ақылмен ұғынуындағы көркемдік танымның орны айрықша. Көркемдік ойлау нәтижесінде кеңістік үлгісі адам санасында белгілі бір қалып ретінде, тым шексіз болса да белгілі бір модель ретінде бейнеленеді.
О. Бөкейдің әлем мен жалғыздық арасындағы қарым-қатынасты көркем игеру барысындағы экзистенциалистік ой-пікір “Қар қызы” повесінен анығырақ көрінеді. Дүние тылсымын, адам-жұмбақтың сырын ашуға ұмтылатын қаламгер кеңістік ретінде Алтайдың қатал да, ешкімге сырын ашпас томырық табиғатын алады. Мұнда қазақ прозасына М.Әуезовпен келген, өзінің төл шығармасы “Қамшыгерде” танылған көркемдік амал - табиғатты адам трагедиясымен қабыстыра суреттеу жүзеге асады.
Повесте Алтайдың табиғаты тек географиялық ұғымды білдіре бермейді. Мұнда табиғат аясы ғаламның кішірейтіліп алынған моделі. Оның қатерлі де, қатал мінезін автор “жаратылыстың осыншалық қатыгездігіне налығандай әлемдегі бүкіл жақсылық пен жамандық атаулыдан безінесің; ақша қардың ортасында меңдей қарайып тұрған жалғыз трактор - аппақ дастарханның үстінде жорғалаған қоңыздай-ақ қауқарсыз бейшара” - деп суреттейді. Әлемнің, кеңістіктің көзімен қарағанда адамдар арасында алып күштің баламасындай болып кеткен трактордың өзі ноқаттай ғана. Ал, осының ішінде үш тағдырдың, үш моральдың, үш дүниетанымның иесі - Нұржан, Аманжан, Бақытжан бар. Осы бір литоталық суретте кеңістік өлшемімен алғанда адам соншалықты қауқарсыз және елеусіз.
Жазушы ғаламның адамға емес, адамның ғаламға деген қатынасы тұрғысынан зер салады. Бұл орайда қаһармандардың ойы мен танымы әр тарапта көрініс береді. Повестегі драматизмді ширықтыра, кейіпкерлердің психологиялық терең иірімдерін көрсете отырып, суреткер олардың мінез қайшылықтарын ашу сияқты маңызды мақсат көздейді.
Шығарманың алғашқы бөлігінде олардың ауылдағы тірлігі, өмір тарихтарына қысқаша шолу жасалады. Қатерлі сапар алдындағы кішкене эпизодтан олардың мінез ерекшеліктеріндегі бәлендей өзгешелік, я болмаса айырмашылықты аңғару қиын. Қайта бұлардың тағдырларында ұқсастық бар. Үшеуі де әке мейірімін көрмей өскен жандар. Әкесіздік қасіретін жамаған соғыс деп түсінеді бұлар.
Оралхан повесть кейіпкерлерін алғашында бірдей деңгейден алып қарауында үлкен мән жатыр. Қаламгер ойынша олардың адамгершілік сапалары, ақыл-ой өрісі, рухани әлемі ішкі еркіңді тұсаулаған, өзінің шектеулі заңдылықтары бар адамдар қауымының ортасында емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде ашылуы тиіс. Алып кеңістікте осы үшеуінің тағдыры сыналады, олар кеңістікке сол үшін “тасталған”. Нағыз өмір мен өлімнің шайқасы осы жерде басталады. Яғни адам өзінің тіршілігі үшін жандәрмен. Э.Фромм айтқандай: “Человек часть природы, он подчинен физическим законам и не способен изменить их; все же он выходит за пределы природы. Он отделен, будучи частью: он бездомен и все же прикован к дому, в котором живет вместе со всеми другими существами. Брошенный в этот мир в определенное место и время, он таким же случайным образом изгоняется из него. Осознавая себя, он понимает свою безпомощность и ограниченность собственного существования. Он предвидит конец - смерть”.
Повесте бір-бірінің сырын жетік білетін боп көрінген үшеуі мынау жалпақ әлемде, шет-шегі көрінбестей суық дүниемен жалғыз қалғанда беймағлұм болып келген сырларын ашады. Ең бастысы, олардың кеңістікке деген қатынастарындағы өмір танымдық тайталастары басталады. Демек, экзистенциализмнің шындық, ақиқат өмір мен өлімнің тым жақындап келген аралық ситуацияда ашылатыны жөніндегі идеясы шығарма өзегіне айналған. Жазушы осы бір тартысты ситуацияға кейіпкерлерін әдейі салады да, өлім категориясының мағынасын төрешілік ұғымында қабылдайды. “Анау үзеңгілес келе жатқан достарының тотыққан мыс түсті шаршаңқы дидарына ұзақ үңіліп, оларды енді ғана танығандай, олармен енді ғана шындап достасқандай балаша қуанған. Әрі өзінің кеше түнде оңбай таяқ жегеніне тіпті өкінген жоқ, қайта “өзіме де сол керек” деп өз-өзін табалаған. Ер-азамат не майданда, не жорықта сыналады деген осы. Ол - Бақытжан осынау қар шағылдардың арасынан достарын ғана емес, өзін де іздеп тауып алғандай еді. Ол ұлы жаңалық ашты - өзін ашты”. Ал Нұржан “өте сенімді де, мықты жігіт” деп осы қиын сапарға ертіп шыққан Аманжанға енді басқаша қарауға мәжбүр. “Тәңірім-ау, Нұржанның осы екі жігіттен басқа кімі бар еді? “Аманжан, сен осындай ма едің?.. Пышақ жұмсағаны несі. Жо-жоқ, ауылға енді қайтып бармау керек екен. Не болса да осында қар-елінде, адамдары аз кеңістікте өлу лазым екен”.
Нұржанның тебіренісінде автордың астарлы ойы бар. Жазушының айтпағы - адам өзін-өзі ортақ мүдделерге сай бағалай алмайды. Қауымдық тірлікте қанша адамдар болса, соншалықты жамандық пен жақсылық бар. Дүниенің тепе-теңдігін ұстап тұрған осы іргелі категорияларды заман ағымымен сапырылыса араласып кеткен көптің ішінен айырып алу да қиын. “Үлкен жерді аңсап керегі жоқ-ау. Өйткені үлкен елдің - үлкен дауы болады” - деген сөзді автор Нұржанның аузына салғандағы ойы қоғамдық тіршілік болмысынан алыстаудың адам арының тазалығы үшін күресі ретінде ұсынылады. Шығармадан түйетін тағы бір қорытынды - адам әлемдегі жалғыздығын сезіну арқылы өзін-өзі таниды, бағалайды. Өзінің табиғатына үңілудің нәтижесінде кеңістікке жаңаша көзқарас, басқаша қатынасы қалыптасуы мүмкін. (Әрине кеңістік ұғымына қоршаған орта, сол сияқты басқа адамдар да кіреді).
“Қар қызы” повесінде заман ағысынан қалтарыста күн кешкен Қоңқай мен сиыршы шал Оралхан суреттеген кеңістіктің тартылыс күшін реттеп тұрған екі полюс секілді. Тіпті жапан даладағы Қоңқайдың жалғыз үйі - бір адамнан тұратын “мемлекет”. “Қоңқай мемлекетінің” өзіндік заңдары мен философиясы бар. Ал сиыршы шал болса, осы Қоңқай үшін ен түзді мекен етеді. Яғни, Қоңқай болмаса тыныштық пен жақсылықтың күзетшісі - сиыршының да болуы мүмкін емес. Бұл - қаламгердің жаратылыс диалектикасына көзқарасы. Бөкейдің пікірінше, адам дүниеде қаншалықты жамандық көрсе, соншалықты жақсылық шапағатын сезінуге қақылы. Қоңқайдың жалғыздық күй кешуі қоңқайшылдықтың заманы өтіп, күні батып бара жатыр деп бағалауға да келе бермейтін сияқты. Өйткені Аманжанның таңдауы басқаға емес, Қоңқайға түсті ғой. Оның жолын жалғастыруы да мүмкін. Есесіне сиыршы шалдың қарасын Нұржан көбейтті. Өмір қозғалысы осылай жамандық пен жақсылықтың ымыраға келмейтін тартысынан туатынын жазушы көркем суреттей келіп, биік рух пен адамдық ардың тазалығын жақтайтын концепциясын танытады. Мифтік бейне деп қарауға боларлық Қар қызы да қаламгердің осы мақсатына орай алынған.
О.Бөкейдің “Қар қызындағы” кей тұжырымдар “Сайтан көпір” повесінде аңғарылмай қоймайды. Туындыдағы негізгі кейіпкерлердің бірі - Аспанның мына монологына назар аударайық: “Адамнан өткен қаскөй не бар екен мына жалғанда: ендеше, табиғатқа біздерден өгей ешкім де жоқ, ештеңе де, тек екі аяқтылар ғана артық, сол керексіздігімізді жасқана жасырамыз, жанталаса қорғаймыз. Өгейлігімізді білдірмес үшін арпалысып, мұқым жер-жаһан, ұшқан құс, жүгірген аңға үстемдігімізді жүргіземіз. Әттең, Алтайдағы елік жабылып келіп сүзіп, тепкілеп өлтірсе де обал жоқ маған, обал жоқ. Бүкіл әлемдегі жан-жануарлар жабылып, адамзатқа шабуыл жасаса ғой Мен сонда сол аң-құсқа қосылып, қарсы аттанар едім”. Кейіпкердің осы толғанысы көркем туындының жүлгесіндегі философиялық ойдың тірегі ретінде алынады.
Жалпы алғанда, автордың стильдік айшығы - детерминациясы басым адам характерлерін, олардың рухани болмысын суреттеуде философиялық және публицистикалық ойдың бірлігін сақтап отыруы. Мұндай ерекшелік О.Бөкейдің барлық шығармаларына дерлік тән. Қалам иесінің философиялық толғаныстарға баса салмақ артуы бүгінгі адамның болмыстың түрлі салаларына қарым-қатынасын анықтауға қажет болғаны хақ. Ал адам үшін алаңдау, оның бүгінгі мәселелерін күн тәртібіне көтеру, қоғамдық пікірге әсер ету, рухани дамудың болашағы жөнінде толғану жазушы шығармашылығындағы публицистикалық сарынды заңды етті.
“Сайтан көпірде” адам рухының мәңгіліктілігі мен табиғат рухының арасы сабақтас алынғанын аңғарар едік. Жоғарыда талданған “Қар қызы” повесінде адам зауал шақ - өліммен бетпе-бет келіп барып қана өз шынайы болмысын танытатыны жөніндегі экзистенциялық пікір осы шығармада да бар. Өйткені Аспанға да, Аманға да сайтан көпірден өту шаруашылық мақсаттардан гөрі ішкі рухын сынау үшін керек. “Әркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын “Сайтан көпірі” бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып мақсатына жетпек”. Сайтан көпірден өту дегеніміз - өлімге тым-тым жақын келу немесе өмірмен қоштасу. Сонда да Аспан шал мен оның баласы Аман осы бір қатерлі сынға бел буады. Тіпті әкесі өзінің жарымжан (екі аяғынан айырылуы) болуына кінәлі “сайтан көпір” екенін біле тұра баласын тоқтатпау әрекетінде осы мақсат айқындалып жатады. Бұл тұста А.Камюдің айтқанына келісеміз. Атақты жазушы: “Дело в том, что у нас нет опыта смерти. Испытанным, в полном смысле слова, является лишь то что пережито, осознанно. У нас есть опыт смерти других, но это всего лишь суррогат, он поверхностен и не слишком нас убеждает” - деп жазғаны бар-тын.
Аспан да “өліп-тірілуді” басынан кешіргеннен кейін өзгеріп сала бергендей, айнала дүниеге, адамдарға деген, өзіне деген көзқарасының көкжиегі кеңігендей. Аспан “Бәрібір, Алатай мен ауылды жалғайтын жалғыз дәнекерші - “Сайтан көпірдің” амандығын тілейді. Енді сол қасіретке толы жалғыз көпірден ол айырылды. Әне, быт-шыт болып, қармен қоймалжыңдаған Қаба өзенінің әр тұсында ағып барады. Тек қана, сорайып-сорайып ағаш бағандары ғана қалған. Енді кісі өлімі болмайды. Бетоннан құйып жаңасын салып алар дейсіз ғой. Ол - “Сайтан көпір” емес, бірде-бір адам қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алатай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамның бойынан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады” - деп тебіренеді. Оның ойынша адамдар бойындағы қорқыныш, үрей сезімдері өлген сайын сұлулыққа, мейірімділікке биік рухқа деген құштарлығы тұншыға береді. Міне, экзистенциалистік ойдың анық көрінер тұсы осында болғаннан кейін Аспанның ойы мен іштейлік толғанысы берілетін үзіндіні молынан алуды жөн көрдік. Әлемдік эстетикада қалыптасқан, мәңгілік тартыс - жақсылық пен жамандықты белдестіре отырып жазушы өзінің осындай философиялық тұжырымын жасайды.
Кеңістік пен уақыт, құбылыстар мен қозғалыстар сырын адам-ның субьективті болмысына сүйене отырып қарастыратын экзис-тенциалистік дүние қабылдау заңдылықтары О.Бөкейдің көркемдік-философиялық танымына әсер еткенін Аспан, Аман бейнелері дәлелдей түседі. Сонымен қатар, шығармадағы философиялық тұжырымдардың жасалуында, осы негізгі шарттарды айқындауда абстракциялы символ-бейнелердің де орны айрықша. Повестегі АНАУ, АЙҚАЙ, ЖАҢҒЫРЫҚ көркем образдық дәрежеге жеткен. Олардың бойына реалды адамдардың типтік құбылыстары мен қасиеттері жинақталуы бізге осы символдарды кейіпкер деп қарауға мүмкіндік береді. Шығармадағы негізгі тартыс кейіпкерлердің жан әлемінде десек, осы тартыстардың катализаторы - символ бейнелер. Символдың бірталай артықшылықтары да жоқ емес. Символды қолдана отырып олар туралы тәптіштеп көрсету де керегі аз. Мәселен, Оралханның қолданған АНАУЫ ешқандай түсіндірмені тілемейді. Өйткені халық жадында АНАУларға қандай мінездер тән екені белгілі. Жазушы осы бейнелерді тәсілдік қолданысқа алып, өзінің орталық кейіпкерлерін ашу үшін, философиялық ойдың бет-бағдарын көрсету үшін сәтті пайдалана білді. Экзистенциализмді адамзаттың рухани дамуына тек қана кері әсер ететін ағым деп түсіну бүгінгі ғылым үрдісінен артта қалушылық болар еді. Бұл ағымды қолдаушылар қайта адамзат алдындағы қордаланып қалған мәселелерді меңзеді. Адам баласының апатияға ұрынбауын, қазіргі кезеңдегі адам бойындағы, қоғам бойындағы ірі-ірі мәселелерді айта бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет