Білім беру бағдарламасы Қарағанды 021 Дәріс «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша



бет15/18
Дата19.04.2024
өлшемі201.88 Kb.
#499224
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
multi-86 x13053814

Негізгі әдебиеттер тізімі

  1. Бердібаев Р. Биік парыз. - Алматы: Жазушы, 1980. - 238 б.

2. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім.-Алматы,1991.
3. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын. - Алматы: Жазушы, 1977
4. Жарылғапов Ж.Ж. ХХ ғасыр соңындағы қазақ прозасының идеялық-эстетикалық мәселелері. –Қарағанды, 2003.
5. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998.
6. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. – Алматы: ҚАЗақпарат., 2005.
7. Нұрғалиев Р. Екі томдық шығармалар жинағы. Т.2. - Алматы: Жазушы, 1991.
8. Хамзин М. Қазіргі қазақ романы.-Қарағанды, 2002.


Қосымша әдебиеттер тізімі
1.Әдібаев Х., Мырзалиев Қ., Тарази Ә., Доспанбетов Ұ., Жұртбаев Т. “Кеннің” келбеті қандай? //Жұлдыз. 1987, ғ2. -Б.188-198.
2.Ғабдуллин Н. Уақыт сыры. Мақалалар, зерттеулер. - Алматы: Жазушы, 1981. - 232 б.
3.Кузнецов Ф.Ф. Размышление о нравственности. - Москва: Сов. Россия, 1979. - 448 с.
4.Майтанов Б. Қазақ романдарындағы замандас бейнесі. //Дәстүр және жаңашылдық. - Алматы: Ғылым, 1980.Б. 278-314.
5.Серікқалиев З. Ақ жол: Сын кітабы: мақалалар, зерттеулер. - Алматы: Жазушы, 1990. - 464 б.


14 дәріс
« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша
ХХ ғасыр соңындағы қазақ прозасындағы философиялық ізденістер.
1.Экзистенциализм.
2.Жатсыну мәселесі.

1. Соңғы жылдарда кеңістік пен кейіпкер қатынасын көркем зерделеу нәтижесінде өніп шығып, әдеби тенденциялардың бірі ретінде көрініс берген қазақ прозасындағы экзистенционалды ой ағымы бүгінгі күні айрықша назар аударуға сұранып тұрған мәселелердің ішіне енеді. ХХ ғасырда пайда болған, өз идеялық бастауын Гуссерль, Кьеркегор еңбектерінен алатын әлемдік ой ағымындағы бұл бағытты Марсель, Ясперс, Бердяев, Шестов, Бубер, Сартр, Камю, Бовуар, Хайдеггер сияқты философтардың қолдағаны мәлім. Кезінде “өмір сүру философиясы” деп аталған мұндай бағытты тек буржуазиялық идеологияның, буржуазиялық философияның толғамдарының нәтижесінде дүниеге келген теріс көзқарастар бағыты деген түсініктердің басым болғаны да шындық. Мәселен, “Экзистенциализмнің философия мен әдебиеттегі көрінісі” деген еңбек жазған поляк ғалымы Ежи Коссак: “Философиялық концепция ретіндегі қазіргі экзистенциализмнің әлеуметтік және тарихи негіздерін, оны ерекшелейтін идеялар мен сарындарды айтқанда біз философияның тарихындағы кең ауқымдағы пессимистік және нигилистік ағымдармен кезігеміз. Бұл адам ақыл-ойының қалыптасқан шындыққа бас көтеру тарихының құрамдас бөлігі” (Коссак Е. Экзистенциализм в философии и литературе: Перев. с польск. - Москва: Политиздат, 1980. 5-б) - дейді. Бірақ оның “Шындығында, шынайы адам үшін күрес экзистенциализмнің түрлі өкілдерін біріктіреді” сынды ой білдіруі бұл бағытты ұстанған ойшылдардың адамтанудағы рөлін мойындағаны еді. Және де олардың еңбектеріне қатысты құнды ғылыми тұжырымдар да айтқан.
Жалпы, экзистенциализм бағытының негізгі тенденцияларын саралай келсек, олар мынадай:
Біріншіден, қандай да болмасын білімнің көзі адам тұлғасының нақты болмысын талдаудан басталады. Адам болмысы - жалғыз шынайы ақиқат.
Екіншіден, адам өзінің жекелік мақсатына ұмтылу барысында ғана өз табиғатына үңіледі. Яғни, өмір сүру - өзіңді-өзің қалыптастыру, өзіңді-өзің ғана таңдау.
Үшіншіден, қандай да бір ортақ мақсаттар мен идеологиядан, жалпылық мүдделестіктен ауылы алшақ адамның жекелік болмысы ғана оны абсурдтық әлем, абсурдтық өмірден құтқарады.
Төртіншіден, адам өзінің күнделікті өмірінде өзін экзистенция ретінде, яғни нақты қайталанбайтын тұлға екенін сезіне бермейді. Ол үшін шекаралық ситуация - өліммен бетпе-бет келу керек. Тек сонда ғана адам өзінің шын бостандығын сезіне алады. Сонда ғана ол өзінің “жапандағы жалғыздығын”(“заброшенность” - Хайдеггер), адам мен сыртқы әлемнің сәйкессіздігін түсіне алады. Бұл - экзистенциалистердің негізгі тұжырымдарының бірі.
Бір сөзбен айтқанда, экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Алайда, олардың тұжырымдарында адамның ортамен, басқа адамдармен байланысы тіпті қарастырылмайды деу қисынсыз. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдері - М.Хайдеггер, К.Ясперс, Ж.П.Сартрлерді ортақтастырып тұратын басты белгі - адам болмысына Мен және Басқалар ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық - субьективтілік. Қазақ әдебиетіндегі осы философиялық ойдың кейбір көріністерін ХХ ғасыр басынан-ақ байқаймыз. Қазақ прозасының бастапқы кезеңдері мен соңғы жылдары аралығын бір-бірімен байланыстыра зерттеп, жалпы бұл жанрдың қалыптасып-дамуындағы негізгі көркемдік заңдылықтарды ашуға арнаған еңбегінде қазақ зерттеушісі А. Исмақова Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов шығармаларындағы экзистенциалистік мәселелердің қойылысы жайлы біршама құнды пікірлер айтты. “Тематика казахской прозы 20-х годов катастрофична и расколота, здесь льется кровь, рушаться мечты и иллюзий. По агрессивности этот мир поражает нас своей внутренней оппозицией, порождающей шум и ярость степи. Для этих писателей важно показать, как герой под воздействием жизненных событий становится человеком-личностью”(Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начала ХХ века и современность). - Алматы: Ғылым, 1998. 119-б) - деп жазады ғалым.
“Сүйекші” сынды повеске үңіле отырып Д.Исабеков творчествосына әлемдік әдеби-философиялық ағым - экзистенциализмнің әсері болғандығын айта аламыз. Мұндайлық өзгеше нышан Дулаттың басқа да шығармаларында аңғарылады деуге негіз бар. Сыншы Ә.Бөпежанова қаламгер шығармашылығына шолу жасай келіп: “Ал жазушы творчествосынан сарын іздесек, шығыс поэмаларынан да, тіпті Толстойдың көпке мәлім “қорлық жасағанға зорлық жасама” принципінен де емес, кезінде бізде ағаш аттың басына ілінген, батыс философиясының, сондай-ақ әдебиетінің де қуатты ағымы - экзистенциализммен үндестіктерді зерделер едік” (Бөпежанова Ә. Болмыспен бетпе-бет. //Парасат, 1990, ғ12. 19-б) - деген біршама батыл пікір айтқан болатын. Осы түйінді ойлар жан-жақты дәлелденуін күтіп қалғаны да рас.
Ғұмыры бір повеске жүк болатын орталық кейіпкер - Тұңғыш бұл күнде жан-дүниесі аяусыз тоналған, сүлдерін ғана сүйретіп жүрген, басқаларға беймағлұм қауқиған тіршілік иесі. “Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағын да ойлап толғамайтын секілді. Мынау қан базардай құжынаған адамдар тіршілігінде дәулет бар, мансап бар, талас бар, тартыс бар, қайғы бар, сүйініш бар-ау деген сезім оның миына әсте оралған емес. Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жанталасып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды”( Исабеков Д. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Т.1: Повестер. - Алматы: Жазушы, 1993. 227-б).
Тұңғыштың осы сипаты руханилықтан жұрнақ қалмаған, сезімдік қасиеттері өліп кеткен Үндемеске айналған шағына дейінгі аралықта жеке адамның үлкен тағдыры жатыр. Тұңғыш - Аманат - Кеңкелес - Диуана - Үндемес аттарының әрқайсысы оған тағдырдың тепкісі салған таңбалар. Тұңғыштың адамдық болмысынан біржолата айрылу процесінің кезеңдері оған қойылған осы бір аттармен байланысты. Зорлықтың алғашқы ащы дәмін ол әкесінің кездейсоқ өлімінен кейін, жала құрбанына айналып, Доскей ауылына аманатқа тапсырылған шағынан тата бастайды. “Мейірімсіз тағдыр түк таппағандай бейкүнә, дәрменсіз баланы осылайша тумай жатып тәлкекке айналдырды”(239-б).
Тұңғыш барған сайын өзінің адамдық тірегінен алыстап бара жатыр. Д. Исабековтың кейіпкерінде нақты белсенді іс-әрекет жоқ. Қаһарманға үстемдік жасайтын нақтылы жағдай, жағдай болғанда трагедиялық жағдай, әділетсіз өмірдің обьективті бейнесі.
Тұңғыштың басындағы қиянаттың бәрі оның жанында емес, тек тәнінде ғана сезіледі. Ең бастысы онда тағдырға деген налу жоқ. Өйткені кейіпкердің басында ерік пен бостандығы жоқ. Трагедияның үлкені де осында. Ол өзімен ісі жоқ, өздігінен тоқтамай сусып өтіп жатқан өмір ағысының (экзистенцияның) қақпақылы ғана. Осы дәрменсіздік оны белсенділіктен айырған.
Қарапайым ғана жанның көкірегіндегі құпияға үңілуге тырысатын Дулаттың Тұңғыш арқылы көрсетпек болғаны - адамның мына өмірдегі кері кету процесі. Бұл жерде Тұңғыштың Үндемеске айналу процесі. Ал бұл кері эволюция адамдардың адамдардан жатсынуының нәтижесінде белең алады. Тұңғыш өмірден мейірімділік, адамдар тарапынан жылы ықылас пен қамқорлық көрмей-ақ қойды. Өмірден өз сыбағасын ала алмай, жарық дүниеге елеусіз келіп, елеусіз кетті.
Жазушы өмірдің трагедиялық суретін жасай отырып, сол өмірге жеке адамның панасыздығы мен қорғансыздығын, жалғыздығын, тағдырының талайсыздығын меңзейді. Биологиялық, физиологиялық қасиеті бір адамдардың бір-біріне деген қаскөйлігінің өзі өмір мағынасыздығына алып келетін тәрізді. Бұл жерде американ ғалымы С. Финкелстайнның “Человек не может познать другого - вот что выдается за вечную истину жизни. Современная экзистенциалистическая литература показывает, как люди терзают друг-друга в хаотическом абсурдном мире насилия” (72, 231) - деген ойы Дулат Исабеков шығармасына да қатысы бар.
Жалпы трагедиялық пафос Д.Исабековтың бірнеше повестеріне ортақ қасиет. Оны профессор Р. Нұрғалиев те кезінде айтып өткен болатын. (Нұрғалиев Р. Екі томдық шығармалар жинағы. Т.2. - Алматы: Жазушы, 1991.285-б). Сондай шығармалардың бірі - “Тіршілік” повесі. Повестің аты айтып тұрғандай мұнда жазушы адам тіршілігінің тірегі неде? деген ауқымды да мәңгілік сауал жайлы толғанады. Шығарманың ортақ кейіпкерлері - Молдарәсіл мен Қыжымкүлдердің шырғалаңды өмір жолына үңіле отырып, қаламгер адам проблемасын әлеуметтік талдаудан гөрі рухани құндылықтарды басты нысанаға алады.
Адам болмысына қатысты терең философиялық толғаныстар 70-80-ші жылдар прозасының дарынды өкілдерінің бірі - Ә.Кекілбаев шығармашылығының да негізгі бағыттарын айқындады. “Шыңырау”, “Күй”, “Ханша-Дария хикаясы”, “Бәсеке”, “Құс қанаты”, “Шеткері үй” повестері, “Аңыздың ақыры” романы жазушының адам жөніндегі көркемдік-философиялық концепциясын барынша ашып көрсетуге болатын көркем шығармалар. Қаламгер әдебиеттік өрістеудің кейінгі кезеңдеріне тән ерекшеліктер - тарих қойнауларына үңіліп, аңыздық желілерді туынды өзегіне айналдыра отырып, мифологиялық желілерді көркемдік мақсатына сай қолдана отырып, өнердің ұлы нысанасы - адамды тануға тың талпыныстар жасады. Өткен күннің көмескі суретін қиялымен байытып, қайта тірілте отырып бүгінгінің мәселелерін бажайлайды.
О. Бөкейдің әлем мен жалғыздық арасындағы қарым-қатынасты көркем игеру барысындағы экзистенциалистік ой-пікір “Қар қызы” повесінен анығырақ көрінеді. Дүние тылсымын, адам-жұмбақтың сырын ашуға ұмтылатын қаламгер кеңістік ретінде Алтайдың қатал да, ешкімге сырын ашпас томырық табиғатын алады. Мұнда қазақ прозасына М.Әуезовпен келген, өзінің төл шығармасы “Қамшыгерде” танылған көркемдік амал - табиғатты адам трагедиясымен қабыстыра суреттеу жүзеге асады.
О. Бөкейдің “Сайтан көпірде” адам рухының мәңгіліктілігі мен табиғат рухының арасы сабақтас алынғанын аңғарар едік. Жоғарыда талданған “Қар қызы” повесінде адам зауал шақ - өліммен бетпе-бет келіп барып қана өз шынайы болмысын танытатыны жөніндегі экзистенциялық пікір осы шығармада да бар. Өйткені Аспанға да, Аманға да сайтан көпірден өту шаруашылық мақсаттардан гөрі ішкі рухын сынау үшін керек. “Әркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын “Сайтан көпірі” бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып мақсатына жетпек”( Бөкей О. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Т.1: Повестер. - Алматы: Жазушы, 1994. 248).
Экзистенциализмді адамзаттың рухани дамуына тек қана кері әсер ететін ағым деп түсіну бүгінгі ғылым үрдісінен артта қалушылық болар еді. Бұл ағымды қолдаушылар қайта адамзат алдындағы қордаланып қалған мәселелерді меңзеді. Адам баласының апатияға ұрынбауын, қазіргі кезеңдегі адам бойындағы, қоғам бойындағы ірі-ірі дағдарыстарды батыл түрде, барынша ашық түрде айта бастады.

2. Жатсыну сияқты философиялық категория - экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі. Жатсыну мәселесі қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттелген. Философияның да ғылыми мәселесі ретінде жатсыну көп жылдар бойы маркстік-лениндік ілімге қарсы қойылып, тек бір жақты түсініктердің ауқымында қалып қойды. Бүгінгі дәуірде, әлемдік мәдениеттердің интеграциясы күшейген шақта, рухани ықпалдардың төркінін танып, өрісін барлау ғылым алдындағы маңызды істердің бірі екені анық.
Жалғыздық қасіреті, адам болмысындағы жатсыну - әлемдегі жазушылар мен ғалымдардың кейінгі уақытта назарын аударып келе жатқан ауқымды мәселе. Біздің ғылымда бұл проблема көп уақыт дұрыс бағаланбай келген кезең - жалпы дүниетанымдық мәселеге тек материалистік тұрғыдан келу үстем болып тұрған кеңестік дәуірге дөп келеді. Кейінгі жылдары қазақстандық ғалымдар тарапынан “жатсынудың адам баласының, қоғамның дамуындағы тарихи қажетті форма”( Харитонова О.В. Проблемы отчуждения и советское общество. //Проблемы отчуждения в общественном развитии: Материалы республиканской научно-теоретической конференции. - Караганда: Изд. Кар. Гос. Унив-та, 1992. 97-б) деп те айтыла бастады.
Кеңестік жүйедегі жеке адамның еркі мен бостандығының шектелуі қоғамның бүкіл саласында жатсынуды тереңдетіп жіберді. Сананың тұйықталуы, адамның адамдық түпкі негізден, яғни өз-өзінен, өзінің ұлттық тегінен, тарихынан, әдет-ғұрпынан жатсынуына әкеп тіреді. Мұның бәрі қоғамдық қайшылықтардың барған үстіне ұлғая беруіне түрткі болды. Жатсыну мәселесінде О.Бөкей позициясын толықтай әйгілеген алғашқы шығармаларының бірі - “Мұзтау” повесі. О.Бөкей мұнда өзінің айнымас тақырыбы - кеңістік пен жалғыздық мәселесін негізгі нысана етіп алады да, көркемдік құралдарды осы екі ұғымның аясында топтастырады.
Көркемдік таным нысанасын осылайша анықтап алған Оралхан повестегі Ақтан бейнесін табиғат аясында, табиғаттан ажырағысыз тұтастықта суреттейді. Ақтан - адамдардың қауымдық тірлігінен, бірлескен өмір салтынан саналы түрде жатсынған кейіпкер. Оның пайымдауынша нағыз ақиқат пен шексіз тазалық табиғатта ғана қалған.“Кей сәттерде Ақтан әлі табиғаттан толық бөлініп шықпа- ған әрекет иесі ретінде әсер қалдыратыны” сондықтан.
О. Бөкей кейіпкеріндегі ішкі “меннің” дағдарысы оның “өзін-өзі” таңдау процесінің аяқталып, тоқтамға келмегенін айғақтайды. Ақтанның бойындағы Ақтан - тұлғаның детерменделген қыры да, Аңшы - тұлғаның жатсынған қыры. “Ішкі” Ақтан: “Сенің қателігің сол - халық ғасырлар бойы ойлап тапқан өмір сүру тәсілінен шығандап шығып, өз бетіңше лағып кеткің келеді. Бойыңда барлық күш-қуат бола тұра, өзің де байыбына бара алмаған жалғыз пәлсапаның шылауында тентіреп жүрсің. Баяғыда-ақ орталыққа көшіп барып, адамдарға бұдан әлдеқайда пайдалы іспен шұғылдансаң.
Сонымен, “Мұзтау” повесіндегі әлеуметтік-философиялық ойдың аясын талдай отырып айтарымыз, жазушы өзінің алғашқы шығармаларынан бастап жатсыну сияқты күрделі мәселеге өте қомақты жүк артты. Ол жазушының басқа повестерінен де анық байқалады.Әсіресе, “Атау-кере”повесінде батыс экзистенциалисте-рінің ықпалы анағұрлым мол сезіледі. Еріктің (“Атау-кере”) бойында Ақтандікінен (“Мұзтау”) бөлек Қоңқайлық (“Қар қызы”) жатсыну бар. Оның адамдар ортасын тәрк етуі дүниеқұмар өлермендігімен байланысты. Еріктің томырық мінезі, аса қатыгездігі мен будан аралар жағдайын салыстыра отырып, суреткер метафоралық параллельге барады. Жазушының қозғайтыны тағы да адамның табиғи тазалығы. Еріктің жанашырлықтан ада, селт етпес қаталдығына іштей мүжілетін Нүрке кемпір баласының африкалық аралармен әуестенуінен қатты тіксінеді. Демек, Нүрке кемпір Еріктің болмысындағы мейірімнің неден өшкенін сезеді. Өйткені будан арадан өсіп-өнген ұрпақ пен Еріктің әрекетінде дүбәра тіршілік түйсіктері бар. Ерік - адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі болатынын мүлде жоққа шығаратын жан. Адами сезімдер оған жат, тіпті өзін Айнаға үйленуін өміріндегі шалыс басқан қадамы деп шешіп қойған. Жазушының Ерікке берген мінездемелерінің астарында Ара-символдың орны ұлғая түседі.
“Атау-кере” повесінің композициялық түзілісіндегі Таған мен адам көзінен таса тіршілік еткен Шал желісінің жазушы философиялық ойындағы өзекті айқындау үшін мән-маңызы үлкен. Субьектінің эмоционалдық-психологиялық күйін беретін ішкі монологтан да, баяндау үрдісінен де философиялық тұжырым мен публицистикалық ой қабаттаса келіп авторлық идеяның айқындалуына жағдай жасайды. Шалдың өгей тұрмысы бүгінгі заман тірлігімен мүлде қабыспайтын үңгірдегі мекені, тіпті тұрмыс заттарының саналы адамзаттың алғашқы қауымында дүниеге келгендей әсер қалдыратыны жазушының түпкі байламынан сыр тартады. Бұрнағы дәуірдің жәдігеріндей көрінетін Шалдың мекені - үңгірге орналасқан үй, ондағы Қазақстанның екі қиырынан арнайы әкеліп бауырына басқан екі жетім - Қозы мен Баянның жайын О. Бөкей ерекше мән бере суреттейді.
“Адам-орманның ортасында жүріп күнәға батқанша, ағаш-орманның арасында таза өскенге не жетсін. Мен қазақтың атом апатынан да, бүлінген ауадан да, ішімдік пен аяқтан шалар ағайын алауыздығынан да ада, таза да тәкаппар ұрпағын тәрбиелеймін. Иә, пәле-қала, өсек-жаладан меңдуана жегендей желіктірер әуен мен әумесер қылар айқай-шудан да алып қашып отырмын”( Бөкеев О. Ұйқым келмейді. - Алматы: Жалын, 1990. 177-б).
Бұл - Шалдың сөзі. Тек орталық кейіпкерлер емес, шығармада бірді-екілі эпизодқа ғана араласатын қаһармандардың да дүниетанымдық қырларын барынша ашып көрсету Оралханға тән тағы бір стильдік өрнек. Сондықтан да болар, оның кейіпкерлері үнемі толғаныста, өмірден өздерін іздеп жүргендер болып келеді.
Алғашында Таған мен Шалдың диалогы ретінде басталып, артынан Шалдың монологына ұласатын толғаныстары оның өмірлік позициясын танытуға ықпал жасайды. Повестен Ерік, Айна, Таған, Нүркелерді ішкі қарама-қайшылықты бейнесімен қатар, нақты іс-қимылдық әрекеттерінен танитын болсақ, суреткердің кей образдары монолог шеңберінің аясында сомдалады. Шалдың бейнесі де сюжет дамуында, оны ширықтыруында белсенді әрекетімен емес, ішкі сезімдік ассоциациялармен ашылады.
“Жоқ, шырағым, мен қара басымды сауғалап келгенім жоқ бұл қу мекиен жерге; жалғанның үзірінен, анау екі қозымның амандығын ойлап, олардың дені сау, рухы таза өссін деп келдім бұл жерге; жарықтықтарымның жас жаны жараланбасыншы, ит тірліктің итаршысына айналып, аумалы-төкпелі заманның зәлімі болып кетпесінші деп келдім бұл жерге; бірін-бірі алқымынан алып шайнап тастар қаскөй бірлігінен не пайда, күндердің күні болғанда адамның өзін опық етер ілім-білімнен не пайда”(182-б).
Шалдың адамдар ортасын жатсынған тіршілігі, одан табиғи жарастық таппауы - руханилық дағдарысты барынша сезініп, өз тарапынан жасаған таңдауы. Шал-Таған желісіндегі айтылар ой ауқымының шығарма тақырыбын ашудағы маңызды болатыны автордың көркемдік шешім қабылдауынан да көрінеді. Өйткені Таған адам рухының кіршіксіздігін Шалдың қоғамды жатсынған мекенінен іздейді. Таған - өз қоғамының дүлей тепкісіне ұшырап, дәуірі қалыптастырған мүдделермен өз көзқарастарын қабыстыра алмаған жан. Оның ой-толғамдарының дені “Неге біз осы ” деп басталатыны да адамдардың қоғамдық-тарихи қатынастарының шектеулігіне келіспейтінінен. Ақырында ол шалдың “мемлекетін” таңдауы да психологиялық дәйектемесі келіскен, шығарманың логикалық дамуына сай жасалған нанымды шешім болып қала береді.
“Атау-кере” повесіндегі Нүркенің өлім сәті алдындағы көрініске тоқталмай кетпеуге болмайды. Мұнда санаға бағына бермейтін, ақылға жеңдіре бермейтін психологиялық өзгеріске көңіл қояды. Бұл мәселе әсіресе батыс модернистерінің ерекше назарында болған еді. Сол сияқты, қаламгер қазақ арасына сіңіп Нюра Фадеевнадан Нүрке атанып кеткен, мұсылмандық сенімге біржола иланып-сенген, намазға жығылған адамның өмірінің соңғы сәтінде бейтаныс күштің ықпалымен мына өмірге өз дінінің шарттары бойынша бақұлдасып, шоқынуы ақылынан тыс жасаған қарекеті ретінде суреттеледі. Ол - өзінің ғұмыр бойы ұстанған сенімінен, өмір салтынан жатсынған адам. Осы уақытына дейін санасының түпкірінде өз дініне деген сағыныш ұялап жатқан. Көркем шығармадағы Айна енесінің сандығынан тапқан икон - Нүркенің өзін-өзі алдаған, өзінен-өзі жатсынған қарама-қайшылықты өмір сүргенінің куәсі. Икон - Нүркенің ақиқат болмысын ашуға қолданылған деталь. Өйткені “Ананың сүтімен рухына сіңген сенім түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді”(211-б).
Адам бойындағы жалғыздық қасіреті, ортамен үйлестік таба алмай күйкі тіршілік кешуі біз қарастырып отырған жазушылардың бірі - Ә. Таразидің кейіпкері - Омардың (“Тасжарған”) бойынан да байқалады. Жазушы романында адам проблемасына дендеп енуде, оны шешуге тырысуда тың жол іздегені айқын көрінеді. Омар табиғатындағы түрлі қасиеттерді саралап суреттей отырып, адамның қоғамдағы орны мәселесін тереңдеп барғаны таныла түседі. Роман бас кейіпкерінің қолында биліктің тетігі бар, басшы қызметкер адам болып келуінде терең мағына жатыр. Ә. Тарази Омардың тұлғасынан әдебиетіміздегі соны ізденістер белгісін көре білген. Омардың ширыққан толғанысы, жан айқайы осындай драматизмі мол монологқа жүктеледі. Автор баяндауынан монологқа ұласып кететін бұл үзінді - қаһарманның тығырыққа тірелген күйінің шарықтау шегі. Омардың ішкі сөздерінің легі сезімдік-экспрессивтілікті көрсетіп қана қоймай, өзін-өзі мінездеуші қызметке ие болады. Ортақ төл сөз түрінде келетін бұл монологта автор Омардың әлеуметтік ортадан алшақтанған кейпін аңдатады. Осы жай, яғни кейіпкердің “оқшаулану” процесі кезінде сыншылар тарапынан түсінбеушілік тудырған еді. Мәселен, Х.Садықов романдағы Омар образы жайлы: “Оның басына әлдебір ащы тағдыр төніп тұрған сияқты. Жағдайға көндікпей күресіп, өзінің ақтығын дәлелдеудің орнына одан қашады, өзімен-өзі қалып оңаша күйзеледі”( Садықов Х. “Іскер” қаһарман келбеті. //Уақыт және қаламгер: Әдеби сын. (Құраст. М. Атымов). - Алматы: Жазушы, 1988. 98-б) - дегені бар.
“Тасжарғанның” басты қаһарманын тым күйректікке салынатын жан деп те бағалауға болмас. Бірақ, оның бойында өз тағдырына әсер еткен өз ортасымен келіспеушілігіне автор басқаша қырдан келгендей. Омар үшін ең маңыздысы жабылған жаладан құтылу ғана емес, оның рухани бітімі мен көзқарастарының замандастарымен үйлесімділік таба алмауында.
Қазіргі адам мәселесін қарама-қайшылықты дүниетанымдар қақтығысында бейнелеу кейінгі уақыттағы прозаның даму процесін айқын етер маңызды тенденциялардың бірі болатын. Яғни, жеке тұлғаны зерттеу, оның арманы мен аңсарын, сезімі мен түйсігін зерделеу әдебиеттің диалектикалық қозғалысындағы тағы бір маңызды белес еді. А. Бочаров: “В центре внимания литературы - личность: личность и история, личность и ее экзистенциальная природа, личность и коллектив и т.д. Эти отношения внутренне конфликтны, и через их воссоздание литература деятельно помогает совершенствовать все, что окружает личность” (Бочаров А. Литература и время. - Москва: Худ. лит., 1988. 37-б) деп, жалпы кеңестік әдебиеттегі адам субьектісі мәселесін күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе ретінде қарастыратын құбылыстардың қатарында келе жатқанын айтады.
Экзистенциализм сан тарау күрделі құбылыс болғандықтан, діттеген мақсатымызға осы ағым өкілдерінің маңызды тұжырымдамаларының бірі - жатсыну мәселесін алып қарастыру арқылы да жетуге ұмтылдық. Зерттеліп отырған кезеңде (70-80 ж.ж.) қоғамдық-саяси бағыттардағы өзгерістерге орай біршама творчестволық еркіндік пайда болды. Осыған байланысты қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби дәстүрлерге иек артуы күшейіп, оларды тыңғылықты зерттеуге ден қойды. Экзистенциалистік философияның негізін қалаушылар және кен таратушылар - Хайдеггер, Ясперс, Сартр, Камю, Марсель, Бердяев сынды ойшылдар мен суреткерлердің ХХ ғасырдағы дүниежүзілік көркем дамуға қатты ықпал еткендіктен, қазақ әдебиеті де одан тыс тұра алған жоқ.
Жатсыну мәселесі қазақ прозасында әртүрлі деңгейде көрінді. Сондықтан да біз Д. Исабеков, Ә. Кекілбаев, О. Бөкей, Ә. Тарази шығармашылықтарының негізінде және олардың туындыларын стильдік ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке ала қарастыруды жөн санадық. Нәтижесінде аталған жазушылардың творчестволарында жатсынудың мынадай түрлері байқалатынына көз жеткіздік:

  1. Адамдардың адамнан жатсынуы. Бұл мәселе Д. Исабековтың “Сүйекші”, “Тіршілік”, Ә. Кекілбаевтің “Күй”, “Шыңырау” повестерінде айрықша көрініс табады. Жазушылар өмірдің трагедиялық бейнесін жасай отырып, сол қатыгез тағдырдың құрбандығына айналған кейіпкерлерді сомдайды.

  2. Адамның өз-өзінен жатсыну мәселесі (самоотчуждение). “Тіршілік”, “Қарғын” (Д.Исабеков), “Аңыздың ақыры” (Ә.Кекілбаев), “Өз отыңды өшірме”(О.Бөкей) шығармаларында осы мәселе тереңірек қамтылады. Мұнда адам болмысының рухани дағдарысы жеке адамның ішкі себептерінен және олардың өмір сүру кеңістігінің трагедиясынан ізделінеді.

  3. Адамның қоғамнан жатсынуы. О.Бөкейдің “Қар қызы”, “Мұзтау”, “Қамшыгер” сияқты шығармаларында, Ә. Таразидің “Тасжарған” романында адамның онтологиялық жалғыздығы адамның өз-өзінен жатсынуды да, қоғамнан жатсынуды да тудырады. Қоғамдық тіршілік пен жеке адамның бір-бірінен алшақтауы сөз етіледі.

Адамзаттың қазіргі дамуында жатсынудың, өзіндік жатсынудың бар екендігі бұл проблеманың абстрактылы теорияларға негізделген, ойдан құрастырылған проблема емес екендігін көрсетті. Өздеріне табиғат заңдарының үстемдік ететінін, өздерінің қоғамдық әрекеттері олардың абсолютті еркіндігіне шек қоятынын адамзаттың түйсінуі - жатсынуды дүниеге келтірді. Қазір ол әдебиет пен философияның ғана емес, саясаттанудың, әлеуметтанудың, психологияның да проблемасы болып отыр. А.А.Грицанов: “Опасная нестабильность современной цивилизации, пусть в разной мере и степени, осознается и признается подавляющим большинством ее участников. Огромная часть этих людей даже не подозревает о том, что им выпало жить в тот период истории человечества, когда действие отчуждения достигла подлинно трагических значений”( Грицанов А.А., Овчаренко В.И. Человек и отчуждение. - Минск: Вышейш. шк., 1991. 117-б) - дейді.
70-80-жылдардағы қазақ прозасы да өмірдің көлеңкелі, сұрқай жақтарын баса көрсетуге ұмтылғанын көріп отырмыз. Кеңістік пен кейіпкер қатынасында трагедиялық пафос басым. Бұл зерттеліп отырған қаламгерлердің көзқарастарында, олардың мүсіндеген образдарында таза пессимистік шешім белең алады деген сөз емес. Қайта осы жамандық атаулыны барынша, шыншылдықпен көрсете отырып, оның түпкі себептерін іздейді.
Образ сомдауда, характер жасауда, идея айтуда жатсынудың үлкен бір әлеуметтік-көркемдік мәселеге айналуының тағы бір себебі - қаламгерлердің өздері ғұмыр кешкен қоғамнан, адамзаттың бүгінгі даму үрдісінен, адамның биік рухани кемелдігі мен шексіз еркіндігін жиі ұштастыра бермегендіктен. Олардың жатсынуға белгілі бір дәрежеде бой алдыруы жан әлеміндегі бұлқыныстарға шипа іздегенінен, өз қиялындағы идеалдарымен табысуға талпынатынынан.
Қорыта айтсақ, кейінгі жылдар прозасы әлемдік әдеби ағымдағы жетекші бағыттардың бірі ретінде танылған модернизмнің бір тармағы - экзистенциалистік дәстүрдің адам мәселесін шешудегі, соған ұмтылыстағы орнына да көңіл бөлді. Осы тұрғыдан алып қарағанда әлемдік әдеби процесс пен қазақ әдебиетінің бүгінгі интеллектуалдық өрісі арасындағы байланыстар мен сәйкестіктер біршама аңғарылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет