М.К. Тулекова
Алматы, Абай ат.ҚазҰПУ
КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІН
ҚОЛДАНУДЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген Халыққа Жолдауында жоғарғы оқу орындарындағы білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр[1].Жоғарғы оқу орындарында бүгінгі күні білім алып жатқан жастар ол біздің еліміздің болашағы, сондықтан да білімді, жан-жақты тәрбиеленген жас кадрларды даярлау, оларды оқытып қана қоймай сонымен қатар қазіргі өмір талабына сай өз саласының маманы болып шығуға жол сілтеу жоғарғы оқу орындарының негізгі міндеттерінің бірі болуы шарт. Осы мақсатқа жету үшін не істеу керек? Кредиттік оқу жүйесін қолдануды жетілдірудің қандай жолдары бар деген сұрақтар жоғарғы оқу орындарындағы барлық мамандарды, оқытушыларды толғандыратыны сөзсіз. Кредиттік технологиялық оқу жүйесі бұрынғы оқытудан ерекше, жаңаша оқыту тәсілі бар, жаңаша ұйымдастыруымен, қойылатын талаптарымен де ерекшеленеді.
Оқыту жүйесіне сынықтық есептеу, яғни кредитті кіргізу ол Еуропадағы Болон процесін қабылдаумен байланысты, оның негізгі мақсаты білім беруді жетілдіру және оның ашықтық сипатына қол жеткізу. Студенттердің оқу процесіндегі өз бетімен жұмыс жасауына көп мүмкіндік беріледі. Кредиттік жүйе арқылы біз студенттердің оқу процесінің белгілі бір түрін орындау үшін аудиторияда және одан тыс өз бетімен жұмыс істеуінде қанша уақытын жұмсайтындығын анықтаймыз. Оқу кредиті ол студенттердің белгілі бір пәнді оқу үшін жұмсайтын уақытының өлшемі. Осы кеткен еңбегінің мөлшерін ол дұрыс пайдалана алама, жоқпа негізгі мәселе осында. Кредиттік технологиялық оқыту жүйесі студенттерден үнемі өз бетімен жұмыс істеуді талап етеді. Ал оған студенттер даяр ма, ол үшін не істеу керек және қалай ұйымдастыру керек. Белгілі бір пәнді меңгеруде ол өз бетімен орындауға тиісті, өз бетімен игеруге тиісті білімді меңгере алама деген ой бізді толғандырады. Себебі, студент өз бетімен жұмыс істеуге даяр болуы керек. Кредиттік өлшемнің негізін түсіне білу керек. Сондықтан да біздерде бірінші курсқа келіп түскен студенттерге осы кредиттік технологиялық оқу жүйесінің мәнін, оның негізгі ерекшелігі мен студенттің бұл жүйе арқылы білім алудағы жауапкершілігін бірінші орынға қоя отырып жан-жақты үйретуіміз керек. Ол үшін біз өзіміз қолданып жүрген кредиттік оқыту жүйесінің өткен тарихын жан-жақты білуге тиістіміз. Басқа елдерде қолданылып жүрген кредиттік технологиялық оқытудан біздегі кредиттік технологиялық оқыту жүйесінің артықшылығы қандай, қандай кемшіліктері бар соны жан-жақты ашып көрсетуге тиістіміз.
Әлемдегі көптеген мемлекеттерде әртүрлі кредиттік оқыту жүйелері бар, тіпті белгілі бір институттың өзіне ғана тән жекелеген түрі де бар. Жалпы алғанда ол оқыту жүйесін сипаттайды- белгілі бір мамандық алып шыққанға дейінгі оқу процесінің негізін көрсетеді. Болон келісімі бойынша білім берудегі ең тиімді ашықтық негізінде жүзеге асырылатын түр ретінде ECTS кредиттік жүйесін ұсынады, ол жалпы құжаттарда толығымен сипаттама беріле отырып жан-жақты талданған және де жалпыевропалық кеңістікте қолдануда[2]. Бірақта ECTS –халықарадық қолданыстағы өлшем ретінде қолдана отырып әр мемлекет өз елінде қолданылып жүрген ұлттық білім өлшемінен бас тарту міндетті емес. Тек студенттерге өздерінің мамандықтарын игеруде жұмсалатын жұмыс күштерінің есебін осы ECTS жүйесі арқылы есептеуге көшу болып табылады. Осы өлшемдік критерий жаңа болып көрінгенімен ол жоғарғы оқу орындарында бұрыннан-ақ қолданылып келген, сынық тапсыру, пәнді игере алмаған кезде қайтадан тапсыру, алдын ала балл жинау сол арқылы сынық пен емтихан тапсырып олған соң оны жеке кітапшаларына жазылуы, яғни балдың жинақталуы бұрынғы жүйеде де болған. Ол студент бір жоғарғы оқу орнынан екінші жоғарғы оқу орнына ауысқан кезде де оның бұрынғы оқыған жеріндегі өтілген пәндері бойынша академиялық сағаттары есептелген, сол арқылы арасындағы айырмашылығы шығарылып сосын барып курстан курске алу мәселесі шешіліп отырылған. Арасында академиялық сағат бойынша, яғни алған білімін игеруде оның жұмсалған күшінің сағаты есептелген де тек ғана соның арасындағы алшақтық бойынша белгілі бір пәндерді қайтадан тапсырған. ECTS жүйесі осыны басшылыққа алады, белгіленген тәртіп бойынша жоспарға сай жүзеге асырылады, есептелінед[3].
Біздің елде қазір кредиттік технологиялық оқыту жүйесіне сай есептелінсе, ал РФ оқу жүйесіне кететін уақытты есептеуде белгілі бір кемшіліктер бар. Мысалы, екі жақты есептеу орын алған-академиялық сағат пен және аптамен, яғни кеткен шығынның бірыңғай есептеу жүйесі жоқ[4].
Оқу жүйесіндегі кредиттік жүйеге көшу, студенттердің өз бетімен білім алуына көп уақыт беру олардың оқуға деген көзқарасын да өзгертеді, ол енді өзінің алатын біліміне өзі жауапкершілігін сезінеді. Сессиялар арасындағы «бос уақыт» олардың өз бетімен жұмыс жасауындағы белгілі бір жүйелілікті қалыптастыруға жолдарын іздеуге кетеді және ол оны дұрыс тандай білсе ғана өз бетімен білім алуды ұйымдастыра алады. Студенттердің өз бетімен жұмыс істеуін ұйымдастыруда оқу процесінде компьютерлік технологияны пайдалану ерекше орын алады. Жаңа компьютерлік технологияны пайдаланудың жолдарын үйрете отырып олардың пән бойынша өз бетімен білім алуына мүмкіндік жасау керек. Ол үшін электрондық оқу-әдістемелік материалдарын әр пән бойынша жинақтау қажет. Лекция сабақтары семестрде бөлінген сағаттың 1/3 тең болып онда негізгі материалды меңгеру мен өз бетімен жұмыс істеудің тәсілдері мен жолдарын үйрету, сабақ барысында туындаған сұрақтарға жауап беру қажет, ал өз бетімен жұмыс барлық оқу процесінің 3/2 бөлігі кетеді және барлық айтылған материалдарды конспекті жазуға бос уақыт кетірмейді.
Екінші мәселе, студент оқытушының өзі тандауы қажет. Сонда ғана оқытушының бәсекелестікке қабылеттілігі артады, сұранысты қанағаттандыра алатындай жағдайда болуы және үнемі білімін қазіргі талапқа сай жетілдіріп отыруы тиісті. Ол оқытушының өз жұмысына деген жауапкершілігі мен қатар материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне де мүмкіндік береді. Үшіншіден, оқу процесіне кредиттік жүйені кіргізгеннен бастап біраз проблемалар да көрініс алды. Оның бірі оқуға тиісті мамандық саласына қатысы жоқ сабақтардырдың кредитінің көптігі(дене тәрбиесі, әскери даярлық). Оларға бөлінген сағат саны жалпы мамандық пен арнайы пәндерге бөлінген сағаттан көп. Ол сабақтарды факультативті сабақтар қатарына, тандау пәндері қатарына шығару мүмкіндіктерін қарастырса да болар еді. Ондай тәжірибелер басқа елдерде бар.
Қазіргі таңда оқу бағдарламасын әр елдердегі жалпы бір Болон процесі негізіне жақындату жұріп жатыр. БП жүзеге асыру үшін мемлекеттер арасындағы білім саласындағы алшақтықтарды жою, қай елде білім алғанына қарамай оның жалпы студенттің еңбек ету рыногында бәсекелестікке түсе алатындай болуын қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Қазір біздің еліміздің көптеген студенттері шетелдердегі халықаралық конференцияларға, семинарларға қатысу мүмкіндіктерін алып отыр, сонымен қатар оқытушылардың да басқа елдерге білімін көтеру мәселелері де келешекте шешімін таппақ. Осы басталған істі толығымен жүзігі асыру үшін біз дамыған алдынғы қатарлы еуропалық елдердегі білім беру жүйелеріне тоқтала отырып салыстырып көрсек.
Англиядағы алғаш білім орындары ХІІ ғ. бастап белгілі. Генрих УІІІ кезінде оқу саласындағы қалыптасқан жүйе оның бүкіл даму тарихына үлкен әсер ете отырып әлемдегі ең үздік білім беру жүйесі ретінде танылып отыр. ХХ ғасырдың ортасынан бастап ағылшындар білім беруде жаңа интеграциялық процестерді қабылдады. Қазір барлық жоғарғы оқу орындарында бакалавриат пен магистратура бар, бірақ кредиттік жүйе барлық оқу орындарында қолданылмайды. Кредиттік бір жүйемен қолдану тек ұлттық дәрежеде Шотландияда ғана бар. Шотландық кредит жүйесі және білім сапасын бағалау(SCQF) барлық оқу жүйелерін бір жерге топтастырады, білімді жинақтау және кредиттік оқыту 1990 жылдан бастап қолданылуда.
Ұлыбританияда кредит білімнің дәрежесі мен бағалауда қолдануы тиімді құрал ретінде есептеледі, ал Англияның бұрыннан келе жатқан жоғарғы оқу орындарында (Оксфорд, Кембридж) өзінің бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесін қолданады.
Британия Болон процесіне кіргеніне қарамастан көптеген оқу орындары өздерінің оқу жүйелерінің кредиттік жүйеге сай келмейтін ерекшеліктерін айта отырып оған көшпеді, мысал ретінде Кембридж және LSE университеттерін алуға болады(Лондондағы экономика мектебі).
Ұлыбританияның көптеген жоғарғы оқу орындары екі сатылы оқу моделін қолданады: бакалавриат, магистратура.
Ағылшын жоғарғы оқу орындарында әр факультетте өздері ұсынатын міндетті пәндерден басқа студент қосымша оқу үшін университеттің өзі ұсынатын өте көп пәндер тізімінен өзіне керекті пәнді өзі тандайды. Ағылшын университеттерінде міндетті пәндер саны өте аз. Мысалы, философия факультетінде бакалавриат дипломын алу үшін төмендегідей міндетті курстарды оқиды:
Бірінші жылы:
-
Философияға кіріспе;
-
Логика;
-
Екі қосымша пән.
Екінші жылы:
-
Мына пәндердің бірін ғана: Ғылым философиясы, гуманитарлық ғылымдар философиясы, шыншылдық және ғылыми тану әдісі;
-
Экономика негіздері
-
Таңдалған қосымша курс.
Үшінші жылы:
-
Шет елдер философиясының тарихы;
-
Онтология және таным теориясы.
Бакалавриат курсында ең көп коэффициент Шет ел философиясының тарихы(7,5-216 сағ); Логика (7,5-216 сағ.). Екінші курста ең негізгі пән - Онтология және таным теориясы(8-270 сағ.), шет елдер философиясының тарихы(8, 270 сағат). Студенттер өздерінің оқу стратегиялық жеке оқу жоспарын жасайды. Олар өздері ұнататын әртүрлі лекцияларға қатыса алады, олардың ішінен өздеріне ұнағандарын тандайды. Оқу барысында олар курстарын өзгерте алады. Сонымен қатар факультативтік нормадан тыс курстарды өз жоспарларына кіргізе алады, бірақ негізгі міндеттері ең негізгі төменгі «нормативтерін» тапсыру, содан кейін барып тереңдете оқытатын факультативтер.
Ұлыбританияның көптеген жоғарғы оқу орындарында пән аралық байланыстарды қолданады. Мысалы, Кембриджде әлеуметтік ғылымдар факультетінде аралас мамандықтар бар, өзіне бірнеше мамандықты біріктірген («Әлеуметтану және саясат», «Саясат және Менеджмент»).
Әр университеттің бірінші курсында студенттерге әртүрлі ғылым салаларынан еркін теориялық курстар өтіледі, келесі оқу жылынан бастап солардың ішінен тереңдете оқу үшін таңдауға мүмкіндік жасайды. Ұдыбритания жоғарғы оқу орындарындағы оқу мерзімі бакалавриатта 3 жыл және магистратура 1 жыл (оның мерзімі мамандығы мен курстың ерекшелігіне байланысты болады). 3 жыл оқығанда студент LSE бойынша 14 курс бойынша білім алады, оның 10 негізгі.
Нәтижесінде студент академиялық дәреженің бірін алады, дипломның сапасы студенттің білім алу жетістігіне байланысты-Бірінші дәрежелі, Екінші Жоғарғы дәрежелі, Екінші төменгі дәрежелі, Үшінші дәрежелі, бітіргені туралы жай диплом(Pass), осындай дәрежелі дипломдар қазір Лондондағы Экономика мектебінде беріледі.
Студент оқу жылы аяқталған соң біліміне есеп береді, аттестациядан өту түрі әртүрлі. Мысалы, Кембридж университетінде бірінші оқу жылы аяқталған соң студент 4 жазбаша емтихан тапсырады, оның арқайсысы 3 сағатқа созылады. Екінші жылы оқылған курстың жартысы жазбаша қабылданады, қалғанын студент қандай түрде тапсыратындығын өзі тандайды. Қорытынды бағаның үштен бірі студенттің жазған үш жазбаша жұмысының (эссе, шағын зерттеу жобасы) қорытындысынан, қалғаны экзаменде алған бағасы болып табылады. Үшінші курсті аяқтаған соң студент өзі жай емтихан тапсыруды немесе диссертация жазуды (бакалаврдың мамандық жұмысы) көлемі 10000 сөзден тұратын тандайды. Классикалық бұрыннан келе жатқан университеттер Гейдельберг, Фрайбург, Тюрингенде басында тек философия,медицина-дәрігерлік, теология-дін тану факультеттері болды, кейіннен басқа бағыттарды алды, бірақ жоғарыда аталған факультеттер негізгі болып қалды. Кейінгі 30-40 жыл аралығында пайда болған Германиядағы университеттер Рур, Констанц, Регенсбургте оқытудың жаңа инновациялық технологияларын пайдалану тәжірибелері қолданылуда, неміс жоғарғы оқу орындарына тән кампустар бар. Жоғарғы оқу орындары негізінен «академиялық еркіндікті» ұстайды, өзін-өзі басқару мемлекет тек құқықты бұзбауын бақылайды, өз шаруашылығын жүргізеді, мемлекеттік емтихандар және мемлекеттікке қатысы жоқ академиялық емтихандар алу; профессорлардың еркін оқыту бағдарламасының болуы. Студенттер ұсынылған пәндер(400 астам) мен оқытушыларды өздері таңдайды. Жоғарғы оқу орындарында оқу бастауыш және негізгі курс деп екіге бөлінеді. Бастауыш курс кезінде студенттер ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдіс-тәсілдеріне үйренеді және тандаған академиялық пәнінен негізгі білім алады. 3-4 семетрден кейін көптеген жоғарғы оқу орындарында аралық емтихан алынады және студентке аралық(диплом алдындағы) дәреже беріледі. Осыдан кейін ғана негізгі курсты оқиды, студент 2-3 жыл ішінде(4-6 семестр) өзі тандаған пән бойынша тереңдете білім алады және диплом, дәреже, бакалавр дәрежесін алумен аяқтайды, немесе магисрдың мемлекеттік емтиханын тапсырады. Бағдарламаның негізгі бөлімі болып саналатын екі семестрлік практика. Лекция университеттегі классикалық оқу түрі, кей факультеттерде оны консультация деп атайды және жоғарғы курс студенттері береді. Семинар сабағында студенттер мен оқытушы біріге отырып оқу процесін өткізеді. Көптеген университеттерде бастауыш курстарда семинарлар «про-семинар» деп аталады, ал негізгі курсты оқығанда ол «орташа» және «негізгі» деп бөлінеді. Семинар сабағына жақсы даярланып қатысқан студенттер арнайы даярланған анықтамалар алады.семинар, лекция немесе практикалық сабақтарға белсене қатысқаны үшін алынған бұл анықтамалар студенттер өміріне ерекше әсер етеді. Оның бірнеше түрлері бар: қатысқаны үшін берілгені «пассивтік», екінші белсенді қатысқанын көрсетеді, үй жұмысын реферат, бақылау жұмыстарын орындауын көрсетеді. Емтиханға студент белгілі бір сандық анықтамаларды көрсеткенде ғана жіберіледі. Немістердің жоғарғы оқу орындарында білім алу мерзімі оның түрі мен академиялық дәрежесіне байланысты. «Стандарттық оқу жүйесі» толық оқу курсын өтіп және бірінші қорытынды емтихан тапсырып белгілі мамандық алып шығу 4,5жылға (9 семестр) созылады.академиялық бакалавр дәрежесін алып шығу кемінде 3-4 жылға созылады. Сосын екінші қорытынды емтихан тапсырады да мастер немесе магистр дәрежесін алады. «Доктор» дәрежесін алу үшін және диссертация қорғау үшін қосымша 2 ден 5 жылға дейін оқиды. Университтегі оқу зерттеу жұмысымен байланысты болғандықтан студенттер оқу мерзімдерін ұзатып отырады. Германиядағы академиялық жыл 2 семестрден тұрады. Жазғы семестр 1 көкектен 30 қыркүйек, қысқы 1 қазаннан 31 наурыз аралығы. Көптеген университеттерде семестр бір ай бұрын басталып, бір ай кейін бітеді. Сесссия үшін екі терма бар, яғни емтихандарды тапсыра алатын уақыты. Емтихан тапсыру үшін студент 20 қаңтарға дейін тіркеледі, үш жұма бойы, егер студент кейін тапсырам десе өтінішін алып тастатады. Көпшілік емтихандар жазбаша түрде 90 минут ішінде алынады. Оны тек даярлығы бар студенттер тапсыра алады.
Францияда 87 мемлекеттік университет бар, бұрыннан келе жатқан Париждегі 1179 жылы құрылған Сорбонна, қазіргі оқу орталығы 1968 жылы құрылған "София-Антиполис", сонымен қатар көптеген жеке меншік оқу орындары бар. Жоғарғы оқу орындарын үшке бөлуге болады: университеттер, жоғарғы мектеп, арнайы оқу орындары(арнайы мектептер). Франциядағы оқу процесі қысқа және ұзақ бағыттар арқылы оқытылады. Қысқа бағыты 2-3 жыл, индустриалды, әкімшілік, дәрігерлік даярлық салалары, онда диплом алғандардың көпшілігі бірден мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі,немесе кәсіби диплом лисанс алу үшін білімін жалғастырады. «Ұзақ»бағыт бойынша француз университеттерінде оқудың 2 түрі бар:жалпы және арнайы. Жалпы 3-4 жыл оқыса, арнайы 4 тен 5 жылға дейін созылады. Университтеттер ұлттық дипломдар береді, білім Министрлігі бекіткен, сонымен қатар университеттің өзінің дипломын бере алады. Жоғары мектептерде оқу 3 жылға созылады, арнайы даярлық бөлімдерінен немесе университеттің 2 курсынан кейін. Сонымен қатар параллдік қабылдау жүйесі де бар, студент белгілі бір курстен кейін жоғарғы мектептің 1 курсына емес 2,3 курсына тапсыра алады. Барлық оқу орындарында сабақ француз тілінде жүреді, бір қатары ағылшын тілінде бағдарламаларын ұсынғанымен (американдық студенттер үшін). Міне, жоғарыда көріп отырғандарыңыздай әр елде жоғарғы оқу орындарында білім алу мен студенттің білімін бағалаудың әртүрлі түрлері мен әдіс-тәсілдері бар. Сондықтан да бір ғана жүйемен жүру тиімді емес. Аралас түрін мамандығының ерекшелігін ескере отырып пайдалану жөн. Мысалы, гуманитарлық білім алатын студенттердің сөйлеу қабылеті, тілді дамытуы ерекше орын алуға тиісті, сондықтанда олардың білімдерін ауызша және жазбаша түрде бағалауды да қолданған жөн. Жалпы қазіргі уақытта еуропалық білімді бағалаудың 6 баллдық жүйесі енгізіліп жатыр:
А- «өте жоғары» (тапсырғандардың 10%)
В «өте жақсы» ( тапсырғандардың 25%)
С-«жақсы» (тапсырғандардың 30%)
D-«қанағаттаңарлық» (тапсырғандардың 25%)
E «орташа» (тапсырғандардың 10%)
F (FX) «қанағаттаңарлықсыз».
Қорыта келгенде, көптеген алдынғы қатарлы дамыған еуропалық елдерде Болон процесіне байланысты оқытуда кредиттік жүйе қолданылуда, бірақ маандықтың ерекшелігіне қарай классикалық бағалау түрлері, әсіресе жазбаша алу қатар қолданылады. Сондықтан да студенттердің гуманитарлық мамандықтар бойынша ой еркіндігі мен сөйлеу қабылетін арттыру, дамыту үшін осы жазбаша мен ауызша білімді тексеруді қолдану қажет. Ал жалпы білім беретін пәндерді оқытуда кредиттік бағалау жүйесі тиімді. Жоғарғы білім беруде екі сатылы бакалавриат пен магистратура, ал үшіншісі зерттеу жұмысымен тікелей байланысты докторантура 2-3 жылға созылуы және таңдаған ғылыми бағытына қарай ғылыми атағы мен дәрежесін алу үшін докторлық диссертациямен аяқталғаны білімді тереңдете түсетіні белгілі.
Осы шаралардың барлығы Елбасының «Сапалы білім Қазақстанды индустрияландыру мен инновациялық дамытудың негізі болуы тиіс» деген міндетін орындауға бағытталған. Сондықтан да әлемдік білім кеңістігіне кіре алатын ел болуымыз үшін және әлемдік кеңістікте біздің студенттердің дипломын тануы үшін Елбасы айтқандай, «өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Халыққа Жолдауы. 2011 ж.
2. ECTS users guide. - Brussels, February 2005 // Internet: The Site of the European University Association (EUA): http://europa.eu.intcomm /education/ programmes/socrates/ects/guide_en.pdf
3. Глухов В. В., Шевченко Е. В. Европейское приложение к диплому: отражение трудоемкости дисциплин // Болонский процесс: Обеспечение признания российского образования за рубежом. СПб., 2004.
4. Чистохвалов В. Н. Кредитные единицы входят в Российскую высшую школу // Высшее образование в России. 2004. N 4.
5. Чубик П. С., Боев О. В., Суржиков А. Л., Соловьев М. А. Опыт использования кредитно-рейтинговой системы и Diploma Supplement в ТПУ / Сб. материалов зонального совещания в ТПУ "Россия и Болонский процесс: задачи, проблемы, перспективы", 11 - 12 мая 2004 г. // Интернет: http://cam.tpu.ru/Doklady/Chubik_Boev.ppt.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается методы и совершенствование кредитной технологии обучения в Вузах РК и внедрение кредитно-бальной системы в учебном процессе. Автор делает сравнительный анализ обучения в Болонском процессе в зарубежных вузах, показал разные методы и сроки обучения.
RESUME
In the article examined methods and perfection credit technologies of educating in Higher educational establishments of Republic of Kazakhstan and introduction of the credit-ball system are in an educational process. An author does the comparative analysis of educating in the Bolonia`s process in foreign institutions of higher learning, showed different methods and terms of educating.
Б.Б. Торсыкбаева, Т.Т. Машан
Астана, Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ
«ОҚЫТУДЫҢ ҮШӨЛШЕМДІ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІ» ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ СТУДЕНТТЕР БIЛIМIН БАҒАЛАУДАҒЫ ТИІМДІЛІГІ
Бүгінгі білім жүйесінің алдындағы міндет те студенттің бойындағы бар білім, білік, дағдылары арқылы ойлау операцияларын, әрекеттерін, қызметтерін, ең алдымен, қабілеттерін жандандыру. Қабілеттің дамуы өз бетімен білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Соңғы 10 жылдықта байқағанымыз жоғарғы оқу орындары студенттерінің де орта мектеп оқушыларының да, білімдерін бағалаудағы төмендегідей қателіктер білім сапасына өзінің кері ықпалын тигізуде. Атап айтсақ орта мектептегі кемшіліктер:
-
кең пейілділік, орынсыз жомарттық. Баға ретсіз көтеріңкі қойылады. Оқытушылардың бағалаудағы “жомарттықтың” шектен асқан, бүгінгі күнде қиындық тудырып отырған формасы – “процент қуу”.
-
тұрақты да қатаң өлшем-шектердің болмауы (деңгейі төмен жауап үшін оқытушы жоғары не ұнамсыз баға қоя салуы);
-
орташа бағалау ұстанымында болу (“екілік” не “бестік” бағаларды қоймау);
-
өткендегі бағаға жақындау бағаны қоя салу (мысалы, оқушының өткендегі “екілігінен” кейін оған бірден “бестік” баға беру мұғалім үшін қиын сияқты);
-
бағаны əсіре көтеру, не себепсіз төмендету жəне т. б.
Ал жоғарғы оқу орындарындағы студенттеріне келетін болсақ, олардың 80%-90% пайызына жуығы сесияны тек «5»-тік бағаға жабады. 60%-70% жоғарғы оқу орындарын тек «қызыл» дипломмен бітіреді. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Не сонда біздің жастар соңғы 10 жылдықта керемет білімді болып кеткені ме? Жоқ, олай емес! Бұның арты неге әкеліп тірейді. Біз қайда барамыз? Бүл біздің білім беру саласына төніп тұрған қауіп, үлкен қасірет.
Оны шешудің жолы бірден-бір жолы, білім сапасын құрайтын әділ қойылған «4 пен 5»-тің санын шынайы көбейту, яғни, білім сапасын арттыру, болашақ ұрпаққа мемлекеттік стандарт деңгейінде білім беру – ағартушы қауымның негізгі міндеттерінің бірі. Білім берудің сапалы болуы білім алушылардың (оқушы, студент) мүмкіндігінің деңгейіне ғана емес, олардың білім алуға деген қызығушылығын қалыптастыруға байланысты. Сондықтан, білім алушылардың білімге деген қызығушылығын жоғарылату – оның жеке тұлғалық қажеттілігі мен қызығушылығын білу және осы ерекшеліктерге сай жағдай мен мүмкіндік туғыза білуде.
Егер сабақта білім алушылардың (оқушы, студент) бойындағы танып-білуге деген қызығушылығын оята білсек және оны әрі қарай дамытатындай барынша қолайлы жағдай жасасақ, «кешегі» алған өз білімін өзгелермен емес, «бүгінгі» деңгейдегі өз білімімен салыстыра отырып, көрсете алатын болсақ, онда, оның бойында білімге деген құштарлық, сөзсіз, пайда болады. Бұл міндетті жүйелі және тиімді түрде шешетін бір жол – оқыту процесіне педогогикалық технологияларды енгізу. Осындай технологиялардың бірі - қазақстандық педагог ғалымдар Ж.А.Қараев, Ж.У.Кобдикованың «Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі (ҮӘЖ)»-педагогикалық технологиясы. Технологияның ерекшеліктері: оқушының оқу материалын жеңілден күрделіге қарай жүйелі меңгеруі; алынған нәтижені өлшеуге болатындығы;оқу процесінің жарыс түрінде ұйымдастырылуы; бағалаудың жетелеушілік қасиеті; дамыта оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдануға ыңғайлы жағдайлар жасалуы.
«Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» технологиясының негізгі ерекшелігі: ІІ кезеңде оқушы жаңа тақырыпты өз бетінше меңгеріп, алған білімдерін түрлі тапсырмаларды орындау арқылы дәлелдей отырып, практика жүзінде бекіте білуінде. ІІ кезеңнің алғашқы 20 минутында тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, жаттығу жұмыстарын орындау арқылы, білімдерін жүйелей түседі. Ал, ІІІ кері байланыс кезеңінде оқушылардың жаңа тақырып бойынша алған білім деңгейлерінің сапасы бақыланады. Яғни, оқушылардың ІІ кезең бойынша алған білім деңгейлерін анықтауға, бақылауға және түзету жұмыстарын жүргізе отырып әр оқушыны әр тақырып бойынша бірнеше қайтара бағалауға мол мүмкіндік туады.
Өкінішке орай, жоғарғы оқу орнындағы жазылып жатқан оқулықтар студенттердің өз бетімен білім алуына бейімделмеген. Сондықтан, оқулықтар теориясын технологиялық тұрғыдан қайта қарайтын уақыт келді дейді аталмыш технологияны жасаушы ғалымдар:
-біріншіден, оқыту мақсаттарының таксономиясының (тізбегінің) арқасында білім мазмұны деңгейлік сипат алады және оның дамытушылық қасиеті пайда болады. Ең маңыздысы, мазмұнға білім сапасының негізгі түрлері енеді (оқулықтардың мазмұнына білім сапасын енгізбей, біз бүгін сапалы білімді қалайша талап етіп отырмыз?!);
-екіншіден, ақпараттық мазмұндағы дәстүрлі оқулықтардың мүмкіндіктері тек білім толықтығын қалыптастырады. Мұндай оқулықтар негізінде жасалған тест тапсырмалары студенттердің алған білім сапасының тек «дұрыс» және «толық» деп аталатын қасиеттерін қамтамасыз етеді, себебі: стандарт анықтаған мазмұнның ең аз қажетті көлемін ғана (бірінші эмпирикалық деңгейдің мазмұнын) меңгертуге және бағалауға мүмкіндік береді. Білім мазмұнын бірінен-бірі туындайтын деңгейлік тапсырмалар түрінде ұсыну дамыта оқытуды ұйымдастыруға жол ашады, өйткені студенттер өнімсіз іс-әрекеттен оның өнімді түріне өте отырып, мазмұнды біртіндеп меңгереді. Бұған қоса, мұндағы білімнің кейбір жетекші элементтерін, фактілер, ұғымдар, ережелер, заңдылықтарын студенттердің өздері ашады.
«Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі (ҮӘЖ)»-педагогикалық технологиясының басқа педагогикалық технологиялардан айрықша ерекшелігі – әдістемелік жүйенің барлық компоненттерінің (мақсат, мазмұн, әдіс-тәсілдер, формасы мен құралдарының) үшөлшемділігінде. Үшөлшемділіктің мәні: әдістемелік жүйенің (яғни, сабақ жоспарының) әр компонентінің үш деңгейде бір-бірімен иерархиялық байланыста болуында. Соның ішінде бірінші кезекте, үш меңгеру деңгейлерінің мақсаттары бірінен-бірі туындайды және біртіндеп жететін аралық нәтижелері болжамды түрде (белгілі бір балл санымен өлшенетіндей етіліп) нақты қойылады. Әрбір деңгейдің мақсаттарына сәйкес, бірін-бірі толықтыратын, тереңдететін және күрделендіріп отыратын деңгейлік тапсырмалар тізбегі іріктеледі.
Кез-келген мазмұнды меңгеру оқытудың шағын мақсаттары, яғни американдық ғалым Б.Блумның алты таксономиясы арқылы жетеді. Міндетті түрде әр шағын мақсаттың нәтижелері «аралық нәтиже» алынып отырады және олардың әрқайсысынан келесі шағын мақсат құрылады.
Оқушылар оқу материалдарын әртүрлі деңгейде қабылдайды: бірінші-«міндетті, оқушылық»; екінші-«алгоритмдік»; үшінші- «эвристикалық»; төртінші-«шығармашылық».
Оқушылардың білімін рейтинг әдісімен технологияның «нәтижеге бағытталған» үшінші кезеңінің 1-2-3- деңгей тапсырмаларын біртіндеп барлық оқушы орындаған соң, тақтадағы «Ашық журналға» алдымен «+» белгісі қойылады. Сыныптағы және үйдегі орындалған тапсырмалардың ұпайлары жинақталып, жаңа сабақтың 1- кезеңінде сынып журналына қояды.
Аталмыш технологияны жоғарғы оқу орындарында қолдану, студенттердің тақырыпты меңгеру арқылы олардың оқу сапасын (семестрлер бойынша) арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл жұмыс дәптерінде әр тақырыпты меңгерудің ІІІ кері байланыс кезеңінің – (технология бойынша нәтижеге бағытталған бөлімінің) тапсырмалары берілген.
Студенттерге берілген 50 минуттық аудиториялық сағаттың 30 минуты тақырыпты меңгеруге соңғы 17 минуты тапсырмаларды орындауға + 3 минут қорытынды шығаруға арналады. Ал қалған тапсырмаларды студенттер үйде жалғастырып орындайды.
Бұл кезеңнің негізгі мақсаты: деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында оқулықтар мен дәріс конспектісіндегі 2-ші кезеңде алған білімдерін дәлелдеп, қабілетіне қарай тереңдету және оқу жетістіктерін 100-ұпайлық рейтинг жүйесі бойынша әділ бағалау болып табылады. Студенттерге стандарт көлеміндегі үш деңгейлік тапсырмалар ұсынылады.
1-ші деңгей – (өнімсіз-репродуктивтік деңгей–мемлекеттік стандарттың ең аз қажетті көлемін қамтиды. Бұл деңгейде студенттер репродуктивтік әрекеттерін жасайды:
а) екінші кезеңде қарастырылған ұғымдарды, ережелерді, анықтамаларды, т.б. фактілерді білу талап етіледі. Койылатын сұрақтар түрі: Не? Қашан? Қай жылы? Қайда? ...құрылымы қандай? Аяқта, формуланы жаз, т.с.с. Демек, бұл деңгейде оқушының теориялық, тапсырмаларды орындау барысында оның тек ақпараттық мәні бар білімі анықталады,
б) 2-ші кезеңдегі бекіту тапсырмаларының үлгісі бойынша берілген практикалық тапсырмаларды орындау арқылы – біліктілігі анықталады. Жұмысты студенттер міндетті түрде 1-ші деңгейді орындаудан бастайды. 1-ші деңгейге баға бірден қойылмайды, “сынақтан өтті”, “сынақтан өтпеді” деп бағаланады. “Сынақтан өтпеді” деген ұғымның екіліктен айырмашылығы, сынақты қайтадан тапсыруға болады. 1-ші деңгейдің барлық тапсырмасы дұрыс орындалған жағдайда сынақ тапсырылған болып саналады.
Бір мәрте міндетті деңгейден өткен соң, олар алға ұмтылады, бойларында оқуға ынта, өз күшіне сенімдік пайда болады. 1-ші деңгей – 50 балл= “сынақтан өтті” = “3” журналға қойылады, егер келесі деңгейлерді меңгере алмаса.
Бұл деңгейде студент білім сапасы «дұрыс», «толық» деген категорияларды қанағаттандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |