Білім беру бағдарламасы: барлық бб бағытына Петропавл қ. 2021ж. Тақырып



бет2/16
Дата23.09.2022
өлшемі219.79 Kb.
#461176
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Білім беру ба дарламасы барлы бб ба ытына Петропавл . 2021ж.

Тақырып 1.2. Сыншыл ойлау ұғымы.
Сыншыл ойлау тәсілі.
Сыншыл ойлауды зерттеу
Бәрімізге белгілі, адам өзге мақұлықтан ойлай білу қабілетінің болуымен ерекшеленеді.
Адам баласына ойлану, өз бетінше шешім қабылдау, өз ісіне есеп беру тән. Біз қалай ойланамыз?
Қалай ойлану бізді мақсатымызға жетелейді?
Бүгінгі білім беру үдерісінде сыни ойлау тіркесінің енгеніне біраз болды. Мұндағы «сын» сөзі сынау немесе белгілі бір пікірді теріске шығару дегенді білдірмейді. Сыни ойлау дегеніміз не істеу керек және неге сену керек дегенді білдіретін рефлективті танымдық әрекет (Ennis, 1987). Сыни ойлау не жайлы ойлауды емес, қалай ойлауды қамтиды. Сын тұрғысынан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталады. Басқаша айтсақ, бұл терең ойлау дегенді білдіреді.
Ол маңызды мәселелерді талқылау мен тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Сыни ойлау мәселенің табиғатын түсінуге көңіл бөледі. Мәселені шешу нақты бір салаға бағытталса, сыни ойлау жалпы деңгейде орын алады және бірнеше саланы қатар қамтиды.
Сыни ойлаудың тамыры сонау сократтық дәстүрге дейінгі 2500 жыл бұрынғы дәстүрден
бастау алады. Ол кезде білімді тексеру үшін жетекші сұрақтарды пайдаланған. Мұны біз бүгінгі білім беруде Сократтық әдіс деп атап, қолданып жүрміз. ХХ ғасырда бұл проблеманы Франкфурт сыни әлеуметтік теория мектебі қарастырды. Ал Джон Дьюи болса, білім беру саласында осындай зерттеуді бастаған алғашқылардың бірі. Ол оқу бағдарламаларының оқушының ойлау дағдысын қалыптастыруға бағытталуы тек оқушылар үшін ғана емес, қоғам үшін және барлық демократиялық құрылыс үшін тиімді болатынын мойындады.
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы көптеген білім берушілердің бірлескен
еңбегі. Бұл тәжірибені жүйеге келтірген Дженни Стил, Куртис Мередит, Чарльз Тэмпл.
Жобаның негізі Пиаже, Выготский теорияларын басшылыққа алады. «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы» Кеңес өкіметі кезінде 1973 жылдан, Қазақстанда 1997–1998 жж. бері таныла бастады. Біздің елімізге Джордж Соростың ашық қоғам институты, «Сорос-Қазақстан» қорыарқылы келген.
Сыни тұрғыдан ойлау – оқушының өзгелердің ойына сыни көзқараспен қарап, алған білімін талдап, салыстырып, дәлелдеп, жеке әрі бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау.
Оқушыларды кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға үйрету. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Бұл технология бойынша білім дайын күйінде беріле салмауы тиіс.
Зерттеушілер сыни ойлаудың түрлі компоненттерін алға тартады. Солардың ішіндегі ең маңыздылары: білім, инференция, бағалау және метатаным. Осылардың әрқайсысына қысқаша тоқталып өтейік. Мәселеге қатысты кейбір білім жеке адамдардың сұрақ қойып, жаңа ақпаратты бағалауына көмектеседі. Білім назарды сыни ойлауға бағыттауға түрткі болады.
Сыни ойлай білудің нәтижесінде адамдар жаңа білімге қол жеткізеді. Сын тұрғысынан ойлау пайымдау, тұжырым жасау немесе проблеманы шешу керек болған жағдайда орын алады.
Инференция деп екі немесе одан көп білім бірліктерінің арасына байланыс орнатуды айтамыз. Инференция жасау адамдардың мәселені жақсы және тереңірек түсінуіне әсер етеді.
Бағалау – талдау, шешім шығару және деректерді салыстыру сияқты процестерді білдіреді.
Талдау арқылы біз шешілуі қажет мәселеге қатысы бар ақпаратты анықтап, таңдаймыз. Шешім шығару ақпараттың дұрыстығын бағалау арқылы қате пікірді жоюды білдіреді. Салыстыру қолдағы ақпаратты салыстырып, оны өзімізге түсінікті түрде ұйымдастыру.
Метатаным – сыни ойлау үшін аса маңызды. Алдыңғы дәрістерімізде біз метатанымның «ойлау жайлы ойлау» екендігі жайлы айтқан болатынбыз. Метатанымдық әрекеттер бізге ойлау бақылап, шығарған шешімдеріміздің дұрыстығын білуге көмектеседі. Метатанымдық әрекеттер арқылы біз мәселе жайлы толық ойладық деген шешімге келе аламыз. Мұндай шешімге келмеу – біздің шешім шығаруға дайын еместігімізді және әлі де көп ақпарат керек
екендігін білдіреді. Метатаным дегеніміз менталдық әрекеттерді әдейі, ырықты түрде басқару.
Метатанымға тапсырмалардың сәтті іске асқаны жайлы білім мен оны бақылау жатады.
Шартты білім немесе декларативті және процедуралық білімді қашан және неге қолдану қажет екенін білу метатанымдық әрекеттің бір бөлігі. Метатаным 5–7 жастан бастап, мекте бітіргенше дами береді. Адамның метатанымдық білімі тапсырмаға, тапсырманы орындауда қолданатын тәсілге және оқушының біліміне байланысты. Оқушыларға метатанымдық әрекеттер жайлы білім беру аса пайдалы.
Эдвард Глейзер сын тұрғысынан ойлау қабілеттілігі үш элементтен тұратынын болжап берді:
• Мәселелерді шешу кезінде өз тәжірибесін қалыптастыруға ықпал ететін ойлау үдерісін
жүзеге асыру;
• Логикалық зерттеу мен пайым әдістерін білу;
• Осы әдістерді қолданудағы тәжірибелік дағдылар.
Сыни ойлау бақылау, тәжірибе, толғану және пайымдау нәтижесінде алынған ақпаратты
ұғыну, бағалау, талдау және жинақтауда қолданылатын әдіс болып табылады. Пайымдау деп
логикалық шешім шығаруға және оны бағалауға қатысатын менталдық процестерді айтамыз.
Пайымдау қорытындысы ойға, түйсікке және мақұлдауға сүйенеді. Қандай бір жағдайдың неге орын алғанын немесе қандай жағдай орын алатынын түсіндіріп береді. Пайымдау дағдылары анықтауды, негізді, инференцияны және бағалауды қамтиды.
Сыни ойлау көбінесе бір нәрсені елестетуге, баламалы шешім қабылдауға, ойлау мен іс- әрекеттің жаңа тәсілдерін енгізуге дайын болуды көздейді. Оқушылар мәселені толық түсінуі үшін сұрақ қоя білулері керек. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларына мұғалім пішініне қарап анықтау үшін заттарды беруі мүмкін. Оқушылардың мәселені анықтап, нақтылауына көмектесу үшін мұғалім төмендегідей сұрақтарды қоя алады:
• Сендерге қандай тапсырма берілді?
• Қолдарыңда қандай зат бар?
• Қандай пішін түрлерін білесіңдер?
• Заттардың түсі бөлек болса, ол пішінге әсер ете ме?
• Кейбір заттар үлкен, кейбірі кішкентай болса не болады?
• Кейбір заттар жұмсақ, кейбірі қатты болса не болады?
• Қолдарыңдағы заттармен не істейміз деп ойлайсыңдар?
Оқушылар қандай ақпаратты қолдану керектігін және ол ақпаратты қалай қолданатынын айтып береді. Мәселені шешу кезінде оқушыларға қолдау көрсете отырып, мұғалім олардың қандай ақпарат маңызды екенін анықтауына көмектесетін сұрақ қоюына мүмкіндік береді.
Тәжірибеден өтіп жатқан бір топ студенттермен жұмыс жүргізіп жатқан медицина саласының зерттеушісі оларға вирус жайлы ақпарат беріп, олардың мақсаты вирусты анықтау екендігін түсіндіреді. Анықтау процесі кезінде оқушыларға көмектесу үшін ол студенттерге төмендегідей сұрақтарды қояды:
• Вирустың қан жасушасына қандай әсері бар?
• Вирустың адам тәніне әсері қандай?
• Вирус қаншалықты тез көбейеді? Қандай жағдайда көбейеді?
• Жылы кезде вирус не істейді?
• Суық кезде вирус не істейді?
• Дымқыл кезде вирусқа не болады?
• Ауа тығыз жерде вирус не істейді?
• Түрлі дәрілерді қолданған кезде вирус қандай реакцияны бастан өткереді?
Ал анықтау сұрақтарды анықтап, қоюды, элементтерді талдауды, терминдерді анықтауды білдіреді. Бұл дағдылар қай элементтің белгілі бір жағдайда маңызды екенін, олардың нені білдіретінін және олар бір-бірімен қалай байланысты екенін анықтаудан тұрады. Кей кезде ғылыми сұрақтар қойылса, кей кезде оқушылар «Проблема, тұжырым немесе тезис деген не?» деген сұрақтарды қоя білулері керек. Анықтау мәселені шешу әдісінің сипаттау кезеңіне ұқсайды. Бұл кезде оқушылар нақты бір түсінікке қол жеткізу үшін мәселені анықтайды. Мәселе дұрыс анықталмаған жағдайда пайымдаудың нәтижесі төмен болады.
Мәселе жайлы адамдардың қорытындыларын олардың өздерінің бақылаулары, бас-қалардың тұжырымдары, оған дейінгі инференция толықтырып отырады. Ақпарат алынған көздің дұрыстығы аса маңызды. Осылай жасау арқылы біз фактілер, пікірлер, нақты болжамдарды ажырата алмақпыз. Мылтығы бар күдіктіні кісі өлтірілген жердің маңында тұтқындады деп көрелік. Тұтқындалған кезде онда мылтықтың болғаны факт. Лабораторияда мылтыққа, оққа және кұрбан болған адамға жасалған зерттеу аталмыш мылтықпен аталмыш адамды өлтірген деген нақты болжам шығарады. Ал істі қарастырып жатқан адам осыдан кейін күдікті адамды өлтірді деген шешімге келуі мүмкін.
Ғылыми пайымдау индуктивті және дедуктивті жағдайда іске асады. Индуктивті пайымдау деп жалпы ережелердің, қағидалардың және концептілердің нақты бір бақылау мен білім негізінде пайда болып, дамуын айтамыз. Ол үлгі мен оған қатысты инференция ережелерін анықтауды талап етеді. Адамдар белгілі бір заттардың арасынан ұқсастықтар мен айырмашылықтарды байқап, жаңа тәжірибеге сай оларды тексере алатын жалпылама ережелерге қол жеткізген жағдайда индуктивті түрде пайымдай бастайды. Тиімділігі жоғары болған жағдайда адамдар жалпы ережелерді қолдана береді де, қарама-қайшылыққа тап болған кезде олардан бас тартады. Балалардың индуктивті пайымдай білу қабілеті 8 жас шамасында байқала бастайды. Өсе келе, олар тез және күрделі материалдарды пайымдай бастайды. Оның себебі, олардың ҰМЖ-ы да күрделеніп, бір-бірімен жақсы байланыс орната бастайды. Нәтижесінде, ол ОЖ-ғы салмақты азайтады. Оқушылардың индуктивті ойлай білу қабілетін дамыту үшін, мұғалімдер бағыттай отырып үйрену тәсілін қолдана алады. Бұл кезде оқушылар түрлі мысалдармен таныс болып, жалпы ереже жасап үйренеді. Айталық, балалар жапырақты жинағаннан кейін, түрлі ағаштан алынған жапырақтардың сабағы, тамыры, көлемі және пішіні жайлы жалпы қағидаға қол жеткізеді.
Идеяның пайда болудың негізгі ерекшелігі ретінде мақсатқа жетуге қажетті тәсілдерге бастайтын түрлі ойлау тәсілін айтуға болады. Әрекет етуге дайындалу ықтимал нұсқаларды қарастырып, қарсылықты жеңуге көмектесетін көздер мен жолдарды іздеп табуды қамтиды. Ой талқы дегеніміз ықтимал мәселені шешу жолдарын жасауға көмектесетін мәселені шешудің жалпы жолдары. Ой талқы төмендегі кезеңдерді қамтиды:
• Мәселені анықтау.
• Неғұрлым көп шешімдерді алға тарту. Бірақ бағалаудың қажеті жоқ.
• Ықтимал шешімді бағалауға қажетті өлшемдерді таңдау.
• Жақсы шешім таңдау үшін осы өлшемді қолдану.
Ой талқының сәтті болуы үшін идея әбден қалыптасып біткенге дейін оқушылар оларды талқыға салмайды. Сонымен қатар, бір идеяның үстіне екінші идеяны қосып айта беруге де болады. Олай болса, «жабайы», әдеттен тыс идеяларға да жол ашық (Mayer, 1992). Адамның мәселеге қатысты білімі де ой талқының нәтижесіне әсер етеді. Себебі сол мәселе жайлы неғұрлым көп білім болса, соғұрлым көп ықтимал шешім мен олардың жарамдылығын тексеруге арналған өлшемдер пайда болады. Ой талқыны жеке адам да қолдана алғанымен, топтық жұмысқа қолданған жағдайда ол көбірек шешімге алып келеді. Сондай-ақ мектепке қатысты көптеген білім беру және әкімшілік шешім шығару кезінде де ой талқыны қолдануға болады. Түрлі және бірегей идеяның болуы өте пайдалы. Мысалы, мектептің жаңа директоры мұғалімдердің қарым-қатынасының төмен екендігін байқады делік. Осыған байланысты мұғалімдер де араларында коммуникацияның жоқ екенімен келіседі. Бірлестік жетекшілері директормен кездесіп, мынадай шешімге келеді: мұғалімдермен апта сайын кездесіп тұру, апталық ақпараттық парағын жіберіп тұру, хабарландыру тақтасына ақпараттар жазу, бірлестік жетекшілерімен апта сайын кездесіп тұру, электрондық хабарламаларды жиі жіберіп отыру, ортақ пошта бойынша хабарландырулар беру. Сонымен қатар, жұмыс тобы екі шарт қояды: 1 мұғалімдердің көп уақытын алмауы керек; 2 сабаққа кері әсері болмауы керек.
Ойлау – объективті шындықты белсенді бейнелеудің жоғарғы формасы, дүниені тану мен игерудің жоғарғы сатысы, тұлғаның танымдық әрекеті. Ойлау формалары мен құрылымдарында адамзаттың бүкіл танымдық және тарихи-әлеуметтік тәжірибесі, материалдық және рухани мәдениеті дамуының басты нәтижелері қорытылып, бекемделген. Сыртқы дүниені толык тануға түйсік, қабылдау, елестер жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау аркылы ғана білеміз. Түйсік, қабылдау процестерінде сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бірақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының ішкі құрылысын, оның қажетті қатынастары мен байланыстарын толықтай ашып бере алмайды. Адамның ой-әрекеті әсіресе тұрлі мәселелерді бір-біріне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет