Техникалық регламентті әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және оның күшiн жою ерекшелiктерi
Техникалық регламент, техникалық регламентке өзгерiстер және (немесе) толықтырулар осы Заңның ережелерiн ескере отырып, белгiленген тәртiппен әзiрленедi, қабылданады және күшiн жоюға жатады.
Техникалық регламенттерді әзiрлеу, өзгерту, толықтыру немесе оның күшiн жою жөнiндегi ұсыныстарды құзыретiне мiндеттi ережелер мен нормаларды белгiлеу кiретiн мемлекеттiк органдар стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердiң, мүдделi тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және уәкiлеттi органға ұсынады.
Уәкілетті орган техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспардың жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекіту үшін ұсынады. Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі бекітілген жоспар бекітілген күннен бастап бір ай ішінде жариялануға тиіс.
Техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарда көзделмеген техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жұмыстарды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган жобаны, нормативтiк құқықтық актiге өзгерiстер мен толықтыруларды немесе оның күшiн жоюды әзiрлей бастаған кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей, ресми басылымға және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге техникалық регламенттің жобасын әзiрлеу, оған өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе оның күшiн жою туралы белгіленген нысанда хабарлама бередi.
Егер техникалық регламентте белгiленген талаптар тиiстi халықаралық стандарттардың талаптарына сай келмесе немесе тиiстi халықаралық стандарттар жоқ болса немесе техникалық регламентте белгiленген талаптар өнiмнiң Қазақстан Республикасына импортының немесе Қазақстан Республикасынан экспортының жағдайларына әсер етуi мүмкiн болса, техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган уәкiлеттi орган арқылы:
1) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт қолданылатын өнiм тiзбесi, актiнiң мақсаты мен оны әзiрлеу қажеттiгi туралы хабарлайды;
2) техникалық реттеу саласында әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық акт туралы егжей-тегжейлi мәлiметтердi немесе мазмұны халықаралық стандарттар талаптарына сай келмейтiн нормаларын көрсете отырып, оның көшiрмесiн мүдделi тараптардың және шет мемлекеттердiң сауал салуы бойынша табыс етедi.
Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап оның жобасы мүдделi тараптардың танысуы үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.
Техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган:
1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;
2) алынған ескертпелердi есепке ала отырып жобаны пысықтайды және оны уәкiлеттi органның ресми басылымына және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге орналастырады;
3) техникалық регламенттің жобасына алынған ескертпелердi мүдделi тараптарға олардың сауал салуы бойынша бередi.
Техникалық регламенттің жобасын жария талқылау мерзiмi (оны әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейiн) кемiнде күнтiзбелiк алпыс күн болуға тиiс.
Техникалық регламенттің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға тиiс және онда жобамен және алынған ескертпелердiң тiзбесiмен танысу тәсiлi, техникалық регламенттің жобасын әзiрлеген мемлекеттiк органның атауы, оның почта және электрондық мекен-жайы туралы ақпарат болуға тиiс.
Техникалық регламент жобасының түпкiлiктi редакциясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қабылдау үшiн ұсынылады.
Техникалық регламентті қабылдау күнi мен қолданысқа енгізу немесе күшiн жою күнi аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру үшiн қажеттi уақыт кезеңi көзделуге тиiс.
Техникалық регламентті төтенше жағдайларға (адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп төнуiне) байланысты әзiрлеу, қабылдау және қолданысқа енгiзу қажет болған кезде техникалық регламент жария талқылаусыз қабылданады.
Техникалық регламентті қабылдау туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға, сондай-ақ Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығына жолдануға тиiс.
Өздік бақылауға арналған сұрақтар:
1. Техникалық регламенттерді қолданудың негізгі мақсаттары мен қарастыратын мәселелерін атаңыз?
2. Техникалық регламенттердің қандай түрлерін білесіз?
3. Техникалық регламенттердің мазмұны қандай?
4. Техникалық регламенттердің жасау тәртібінің кезеңдерін және олардың қолданылуын атаңыз?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау – Қызылорда, «Тұмар», 2007 ж. – 224 б.
2. Техникалық реттеу туралы ҚР заңы (2004 жылдың 9 қарашасы № 603 -11 (05.07.2008 ж. өзгерістер мен толықтырулармен)
Достарыңызбен бөлісу: |