Зерттеуші Б. Сманов Кейіпкер бейнесін талдау әдістемелік еңбегінде көркем бейнені талдаудың мынадай тәсілдерін көрсетеді:
‑ Кейіпкерлер портреті, іс‑әрекеті, оның ішкі психологиясы жайлы автордың ойын білдіруі;
- Көркем бейнеге тән ерекшеліктерді өзге кейіпкерлерді сөйлету жолымен беру;
- Әдеби бейненің ішкі толғаныстарын (монологтарын) келтіре отырып ашу;
- Қаһармандар табиғатын оларды бір‑біріне қарсы қою әдісімен (диалог, әңгімелестіру) ашу.
Кейіпкерді мінездеу ең алдымен шығарма жанрына байланысты. Мәселен, лирикалық шығармаларда кйіпкер кейде тікелей көрінсе, кейде ақынның ойы көңіл‑күйі, бейнесі арқылы беріледі. Мысалы, Абайдың Адамның кейбір кездері, Өлсем орным қара жер сыз болмай ма өлеңдерінде екі заман шендестіріледі. Оның кейіпкері - ақын және заман. Сол сияқты ақынның Адамның кейбір кездері өлеңінде сөз өнері, өлең, ән туралы мәселе қозғалады. Бұл өлең арқылы Абай поэзияның, сөз өнерінің міндетін айқындайды, ақындық шабыттың сыры, қуаты туралы тебірене ой толғайды. Ақын өмірдің сәулелі, нұрлы жағымен қатар, көлеңкелі жағын да сынға алады. Зұлымдық пен надандық жайлаған заманның жағымсыз сипатын ызалана ашады, шенейді.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алып,
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.
Мұнда ақын‑кейіпкер ішкі ширыққан көңіл‑күйін, сөздің алмастай өткірлігін береді. Осыған байланысты мынадай жоспар беруге болады,
1) ақын толғанысы.
2) заманға көзқарасы.
3) надандықты шенеуі.
4) сөз қуатын дәріптеуі.
Сол сияқты, С. Торайғыровтың Шәкірт ойы өлеңінде лирикалық кейіпкердің асқақ ойы, халқына деге шексіз сүйіспеншілігі беріледі:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам.
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам.
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кіремін
Қазақ ақынының халқының жағдайын қапысыз таныған сергек санасы, асқақ ой‑мұраты танылады. Көк қазақтың кие тұтқан дүниесі. Аспан көгіндегі күн сәулесі тіршілікке қалай нәр берсе, ақынның да арманы халқына жарық әкелу, қараңғылық шырмауынан босату, еңсесін көтеру. Осы жолда ақын‑кейіпкердің аңсар‑тілегі‑халықты ояту, жаңалыққа бастау. Мұндай асқақ арманды осы тұста Мағжан да, Міржақып та айтты. Олардың халықты ағарту жолындағы еңбектері сан салалы еді. Көркем шығарма арқылы, публицистикалық мақалалары арқылы, қоғамдық қызметтері арқылы ат салысты. Кейіпкерге мінездеме берудің мынадай түрлері бар:
1) Дара мінездеу
2) Салыстырмалы мінездеу
3) Топтау түріндегі мінездеу
Дара мінездеу көбіне туындыдағы бас кейіпкерге беріледі. Мәселен, Ғ. Мүсіреповтің Қазақ солдаты романындағы Қайрошты шығарма сюжетіндегі әрекет‑оқиғаға қатысуына, мінез‑сипатына байланысты даралап мінездеме беруге болады. Ал, салыстырмалы мінездеу іс‑әрекеті, мінез‑құлқы ұқсас немесе әр түрлі кейіпкерлерге беріледі. Бұл жағдайда ұқсас кейіпкерлер салыстырылады. Қарама‑қарсы кейіпкерлер шендестіріледі. Мәселен, Ы. Алтынсариннің Бай баласы мен жарлы баласы әңгімесіндегі Асан мен Үсеннің мінез‑қасиеттері шендестіріледі. Үсеннің мінезі ‑ өмірге икемді, сабырлы, еңбекқор, әкеден көрген тәлімі мол. Асанның мінезі ‑ өмірге икемсіз, еңбекке қырсыз, өнеге‑тәрбие көрмеген. Ал, кейде шығарма кейіпкерлеріне топтай мінездеме береміз. Бұл көбіне көлемді шығармаларды өткенде қолданылады. Мәселен, Абай жолын өткенде, Құнанбай мен оның төңірегіндегілерге, Абай мен оның айналасындағыларға, аналар бейнесіне, халық өкілдріне топтап мінездеме беруге болады. Бұл оқушыларға мәтін мазмұнын жете түсініп, кейіпкерлерді жүйелей алуға көмектеседі.
Кейіпкерге мінездеме беру тәсілдері түрліше болады. Онда кейде кейіпкердің сырт кескіні, кейде міне‑құлқы көрінеді. Яғни, мінездеуде кейіпкердің жас ерекшелігі, дене бітімі, бет пішіні, киім киісі, дене қозғалысы, бет‑жүз қимылы кіреді. Бұған портрет тәсілінің қатысы бар. Портрет тікелей адамға бағытталып, сөз арқылы оның бейнесі жасалады. Портрет біржақты тәсіл емес, ол кейде толығып, кейіпкердің мінез сипатын, әлеуметтік жағдайын ашып та тұрады. Мысалы, Ғ. Мұстафиннің Аяз қарт әңгімесінде мынадай үзінді бар: Ақ басты, ақ таяқты бір қарт келеді. Қара көзі көкшіл, қызыл шырайы қуқыл тартыпты, таяғы жерге қадалғанда, көзң де бірдемеге қадалады. Көп көрсем де, көрмегенім көп екен, көп білсем де білмегенім көп екен деп оқтын‑оқтын ыңылдайды. Ыңылы күй ме, сарын ба, сағыныш па, әлде шаттық па, әйтеуір кеудесін тебірене шыққан бір дыбыс, бір тыныс. Бұл кейіпкер портретінен адамның көңіл‑күйі, арман‑тілегі қоса танылып тұр. Өмірінің көбі артта қалған қарттың тіршілікке деген құштарлығы байқалады. Ал, кейде портрет пен мінездеу аралас та келеді: Қияс он төртке енді толды. Бірақ дене бітімі он төртте деуден гөрі он алты‑он жетіге келіп, буыны беки бастаған бала жігіт деуге болар еді. Жасынан‑ақ ірі, әкесі секілді мінезі ауыр болып өсті. Жұмыстың қай түріне болса да, бейімі бар және тындырымды еді. Көркем образ ‑ өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып жаңа сапада жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын категория. Кейде оқушы күнделікті өмірдегі адам мен әдеби қаһарманды бірдей ұғым деп қабылдайтыны бар. Алайда, әдеби кейіпкер мен түптұлға (прототип) бір емес. Әдеби бейнеде қаламгердің ұстанымдары жинақталып, соған сәйкес көркем бейне жасалады. Мінез - адамның ішкі болмысы, қоғамдық жағдай қалыптастырған психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы. Осы мінез сипатты ашу үшін жазушы әр түрлі тәсілдерге жүгінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |