Бүкіләлемдік түйсікті сезініп, оны танудың ғаламдық ақиқат сарасы көркем сана. Көркем сана басталуы мен соңы, төбесі мен түбі жоқ шетсіз-шексіз ғарыштың ғалам жаратылысы туралы әсіреәфсаналық (мифтік) көркем көзқарас



бет2/4
Дата08.06.2016
өлшемі0.56 Mb.
#122962
1   2   3   4

Құдай жаратқан асыл қазына осы үңгірде түгел. Мұның бәрін қопарамын деме, өзің көтергенше алып кет. «Жерұйық» - деген осы. Енді қайта айналсаң саған бұл дүние жоқ! – дейді де жезтырнақтың аруанасы жантәсілім етеді.

Әдетте, қазақ ертегілерінің денінде мұндай алып үңгірдің түбінен алтын сандық (қазына) табылатын, сандықтың үстінде алтын жемісті, күміс бұтақты мәңгілік ағаш – Мықан ағашы қондырулы тұратын. Дүниенің алтын сандығының үстінде отырып, бір қолмен оның тұтқасынан, бір қолмен ағаштың күміс бұтағынан ұстап тұрып, көзін жұмып, өзінің көңілі қалаған жеріне әлгі қазыналы дүниені көшіре қоятын. Яғни, кейіпкер бір кеңстіктен екінші кеңістікке емін-еркін ауысады. Кейде өз еліне, кейде жапандағы бұлақтың басына, кейде бақшаның ішіне жаңағы алтын жемісті, күміс бұтақты ағашты көшіре қояды. Оның астындағы тұғыры, міндетті түрде, алтын сандық болады. Күміс мүйізді, күміс тұяқты бұғы не елік алтын табақта тынбай билеп тұрады. Әрине, бұлбұл да сайрайды. Кеңістік аңсаған қыр қазағы үшін - алтын сандық - көшпелі дүниенің нысаны. Оның үстінде күміспен күптелген, алтынмен апталған мәңгілік өмір иесі – Мықан ағашы өсіп тұрғандықтан да қазына көшпейді, орнында тұрады. Билеп тұрған күміс мүйізді, күміс тұяқты бұғы не елік – шыр айналған уақыттың белгісі. Ол тоқтаса ертегі де аяқталмақ. Сол үшін де арман иесі Жерұйықты аңсап, күн астындағы Күнекейді іздеп шығады. Ал сайраған бұлбұл - өтпелі өмір қызығы. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Бозторғай сияқты Бәйтеректің бір бұтағынан екінші бұтағына қонып, адамның шыбын жанының кейпінде мәңгілік шырылдап өтеді. Бәйтеректің саясында ғана ол тірі. Ағаштың аясынан алыстап кетсе-ақ оның үні өшпек, өмірдің мәңгілік күйі үзілмек. Қазақтың мәңгілік күй туралы аңыз-жырының ішінде (міндетті түрде) бозторғайдың шырылдап жүруі де сол дүние салтанаты.

Сарыбас мерген де қу жарғақ Жайық сияқты Жерұйыққа жетіп тұрып, «көшпелі дүниеден» көз жазып қалады. «Көргендерінің өзі арман болды. Жұрт аңыз қылысты: «Бұ да бір көшпелі дүние екен». «Көшпелі дүние» – деген бір жерде тоқтап тұрмайды. Бүгін көрсең ертең жоқ деуші еді» - десті. Қу жарғақ Жарықтың да, Сарыбас мергеннің де айырылып қалғаны, олар көрген бұлақтың басы мен үңгірдің түбінде не бәйтерек, не күміс бұтақты ағаш – Мықан ағашы жоқ. Демек, ол екеуі көрген өмір – айнымалы, тұрақсыз, елес дүние, нағыз мәңгілік өмір емес. Өйткені, «көшпелі өмірді» нақты өмірге байлайтын уақыт – Мықан ағашының тамыры жоқ. Сондықтан да Жиделібайсын да (Мықан ағашы деп те түсінуіңізге болады), Жерұйық та – арманмен ұштасқан алыс кеңістік әлемі. «Көшпелі дүниедегі жалғанның жарық сәулесінің арам» екеніне оқымысты Мәшһүр-Жүсіптің өзі де: «Құлақ естігенді көз көрмек. Талай Жерұйық болғандар қайда кетті? Көшпелі дүние екені өтірік пе? Опасыз жалған екені өтірік пе? - деп (сонда, 6 т., 52 б.) өкінеді.

Шындығында да ұлы даланы мекен еткен көшпелілердің мәңгілік аңсарының өзі – осы Мықан ағашының саясындағы ¤түкенді, Жиделібайсынды, Жерұйықты мекен еткен «Мәңгілік ел» емес пе еді?! Сол ойсоқты аңсарды «мәңгілік аңсарға» ұластырып, Бәйтеректің басына шығып, ертеңгі заманның елесін көрген Ертөстіктің керуен-көшінің ішінен өздерін іздеген. Демек, көшпелілердің көңілінің өзі - бастауы, тұрақтауы, тосылуы жоқ мәңгілік қозғалыстағы шексіз әлеммен шектесіп жатыр. Отырықшылықтың өзі ол үшін тоспалы су сияқты тұйық, қоршауда қалғандық, денесін топ басып, сал тартқан сияқты көрінбек. Олар саялайтын мәңгілік тұрақ - Мықан ағашының саясы Жиделібайсын. Одан басқа нүктеге қазақтың көзі де, көңілі де тоқтамайды. Тек топырақ қана жалғаннан жанарыңды жасыра алады. Қазақтың қатты көңілі қалған Бекежан сияқты қарақшыға: «Құм құйылсын көзіңе» – деп қарғайтыны да сондықтан.

Көзіне құм құйылған адам Мықан ағашын да көре алмайды. Уақыт та, кеңістік те ол үшін мәңгі жабық. Демек, өмір иесі емес, атаусыз кеткен бір пенде боп мәңгілік ұмтылмақ. Ал көшпелілер әлемі үшін бұл ең тұйық та қапалы тылсым. Оның жаны о дүниеде де кеңістікте еркін ұшып жүруі тиіс. Тым құрығанда бақи ғұмырдың өзінде де Мықан ағашының саясында «бозторғай боп шырылдап» жүргісі келеді. «Шыбын жан қайда барып тұрақтайсың» деп (Кенен) өсиет-аманатына да қосады.

Зады, «өтпелі дүние», «жалған дүние», «көшпелі дүние», «фани – жалған» деген ұғымдар ғаламдық кеңістіктер ауысып, жарық дүниеге өзгеріс енген есте жоқ екі заманда, топан су қаптаған тұста да адамның санасында сақталып қалса керек. Сол оқымысты әулие Мәшһүр-Жүсіп қағазға түсірген «Нұқ пайғамбар мен бір кемпір» атты аңыз әңгімеде кеңістік пен уақыттың бір орынынан өзгермей қатып қалғаны туралы әфсана бар. Дүниені топан суы басатыны ғайыптан мазлұм болып, Нұқ пайғамбар кемесін жасай бастайды. Бір кемпір жиырма жыл бойы жалғыз сиырының сүтін Нұққа әкеп беріп, су тасығанда сиыры мен өзін кемесіне отырғызуды өтінеді. Топан су басталғанда пайғамбар кемпірді ұмытып кетеді. Жер жаһанды алты ай, он күн бойы топан суы басып жатып, кері қайтады. Құрғақшылық орнайды. Сонда әлгі кемпір жерге оралған Нұқ пайғамбардың алдынан шығып:

Шырағым, су тасығанда мені, менің жалғыз сиырымды кемеңе отырғыза көр, – деп тағы да сүтін әкеп тұр дейді.

Сөйтсе, «ықыласы зор, жүрегі шын» кемпір байғұс «сиырын сауып, қатығын ұйытып болған соң ұйықтап қалыпты. Сол арада топан суы қаптап, қайта құрғаққа айналып үлгеріпті. Яғни, жер-жаһан, адамзат, сана ауысып кеткен. Тек мейірімді, шапағатты жан иесі кемпірге тиісілі уақыт та, кеңістік те өзгермеген. Бір Алланың шапағатымен сиыры екеуі топан судан аман-есен қалған. Олар үшін заманалардың өзі «бір ұйқылық» қана мерзім. Демек, «мәңгілік өмір» сарыны сахабалар мен әнбиелердің де санасына сәуле түсірген. Әрине, мұның барлығын салыстырмалы, шартты уақыт пен кеңістік, мистикалық мифтік сарын деп бағалауға болар. Бірақ сол екеуінің ортасындағы өмір – шындық. Оны жоққа шығара алмайсыз. Өмір өлсе, яғни, кемпір мен оның сиыры топан судан тірі қалмаса, онда аңыз да, әфсана да, көркем қиял да жоқ. Көркем қиялдан ажыраған өмір – өліммен тең. Тек ойсыздық басталады. Ал ойсыздық, санасыздық, соқыр рух – жарық дүниенің емес, бақидың, мәңгілік қараңғылықтың еншісі.

Ондай топас, тылсым, сәулесіз бақиға біздің құштарлығымыз жоқ, құлқымыз да аумайды. Ол аңсарлы арманнан, Жиделібайсыннан, Мықан ағашының саясынан тыс аят сүресі. Жаратқанның не жағы қарысқырдың еншісі. Біздің ындынымызды сусатар сусын – мәңгілік өмір аңсары.

Міне, дүниенің кіндік ағашы – Мықанның «сағым дүние», !көшпелі дүние», «арман дүние» туралы әсіреәфсаналық көркем жүйесі осындай.
Шоқтерек
Мәңгілік немесе өміршең тіршіліктің нысанасы болған Мықан ағашы – кейде емен, кейде бәйтерек, кейде жалғыз ағаш не шоқ терек түрінде нышан береді. Сондықтан да ондай жерді саялаған жан иесіне өлім жоқ. Ағашты саялаған не соның түбінде кездескен батырдың аты да өмірлі. Әкесі Ер Көкшенің кегін қууға шыққан Ер Қосай өзіне лайық ат таба алмағанда сенімді құлы Жәпекбай:

Орайқақтың басында,

Ай маңдайлы алаша ат.

Күн маңдайлы құлаша ат,

Салпаң құлақ сарғылша ат.

Еменнің ең түбінде,

Мінсең де сол жарар, -

дейді (Мәшһүр – Жүсіп, шығармалары, 5-том, 269-бет).

Еменді, яғни, Мықан ағашын саялаған сарғылша аттың сауыры да өмірлік қасиетке ие. Оның «бауырының астында жайдың тасы бар», шөлдегенде жай ойнатып, нөсер жаудыртып, сусындарын қандырады. Жауға шабарда: «сауырының ортасында екі бәйтерек орнатады» (сонда, 273-бет). Жеті күн, жеті түн соғысып, әбден шаршағанда Ер Қосай сары аттың бауырына еніп, әлденіп алады, яғни, єлгє ек бєйтерек оған өмірлік күш силайды. Діни қиссаларда мұны Әбілһаят ағашы дейді. Сол сары ат «ұңғысынан үзілген найза ішінде қалып, тәсілім боп кеткен» Ер Қосайдың мұрнына өлген кісінің өтін құйып тірілтіп алады. Сары атқа мұндай тіршілік қуатын силап отырған құдірет – емен боп, қос бәйтерек боп суреттелген Мықан ағашының қасиеті. Өйткені Мықан ағашы бар жерде – өмір бар да, өлімге орын жоқ. Ол өмір мен өлімнің арасындағы уақыт пен кеңістіктің жігін бөліп тұрады. Жеті күн, жеті түн соғысып, өзі жаралы күйінде сары аттың сауырына аударылып бара жатқан (ат сауырына түсу - өлімнің белгісі – Т. Ж.) Ер Қосайды сары ат бауырындағы қос бәйтерекке қондырып тірілтіп алады. Сөйтіп, Қосайдың өмірлік уақытын ұзартып, бақилық кеңістіктің есігін ашқызбайды.

Қазақ көркем ойының маржаны «Күн астындағы Күнікей» ертегісіндегі Бәйтерек те оқиғаға «басты себепкерлік» міндет атқарады. Жетім балаға айдалада өсіп тұрған бәйтерек кездесіп, оны сусындатады. Бєйтеректің саясындағы алтын және күміс суы бар қос құдыққа бала алтын тақтың қос қанатын малып, алтын және күміс қанатты тақты ханға сыйлайды. Сондай-ақ жер астындағы алтын ағашты табады. Бұл екі ағаш та адамды мұратқа жеткізеді,яғни, Мықан ағашының міндетін атқарады. Бәйтеректің мұндай «себепкерлігі» «Жылан қабытты жігіт» ертегісінде де бар. «Онда сүйген жігітін іздеп, темір қалпағы теңгедей, темір таяғы тебендей» болған Нұрсұлу жапан түзде үлкен бәйтеректі саялап, соның басына шығып арманының орындалуына септігі тиер ақ отауды көреді.

Дәл осындай құбылыс «Тазша бала» мен «Қырық өтірік» хикаясынан да нышан танытады. Құрыққа сырық, сырыққа ине шанышқан тазша бала жеті қат аспанның ар жағындағы құлындаған биені де, жеті ықылым замандағы оқиғаны да, жеті ықылымнан кейінгі келешекті де көреді. Бұл арада түйсік иесі өзінің санасында құрық пен сырықты қалайда Мықан ағашымен шендестіріп тұр. Әйтпесе, жапырақсыз сидаң сырық ондай қасиетке ие болмақ емес. Оқиға өтірік болғандықтан да жапырақсыз құрық пен сырық жорта алынған.

Мықан ағашы - өмірдің бәйтергі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында да бар. Жырдың барлық нұсқаларында «Аякөздің бауырындағы Шоқтерек» – деп, ал кей нұсқасында «Мықан ағашы» – деп тура айтылады. Мәшһүр–Жүсіп Шөже ақынның нұсқасы деп келтірген дастанда Қозы Көрпешті «Шоқтеректің түбінде Қодар қозыжаурын қол оқпен атып өлтіреді. Шоқтеректің түбінде Қозымен бақұлдасқан Баянның зарын естіп, Алла тағаланың рахымы түсіп: Ер Қозыке сілкініп түрегелді, Отырғанын Баянның көзі көрді. Шын ғашықтың жандары өзінде емес, үш күн, үш түн бас қосып дәурен сүрді» (сонда, 333 бет).

Содан: «Өлді десе – ажары бір таймаған, тірі десе жаны жоқ нұры тасыған» Шоқтеректің түбіндегі екеуіне қырық молла қол жайып тілек қылып тірілтіп алады. Міне, бұл құдіреттің иесі де – Мықан ағашы. Егер мәңгілік тіршілік иесі – Шоқтеректің саясы болмаса, олардың «нұры таймай жансыз жатуы» және ғайыптан тірілуі мүмкін емес.

Мықан ағашының, яғни, Шоқтеректің уақыт пен кеңістіктің арасындағы өмір тылсымы екені туралы жүйелі пікір айтқан ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының тарихи уақытын саралай келе: «Жырда үзілмей айтылатын киелі сарын «Шоқтерек». Ол - Қозы Көрпеш – Баян сұлудың қызық көріп, ғашықтық өмірін қосқан, екеуінің махаббат туын тігіп, екі жүректің біріккен жері. «Қозы Көрпеш» әфсанасында қазақтар бұл Шоқтеректі сондай сәулетті етіп, шалқыта айтып берген» - деп («Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Астана. Фолиант.2002.566 бет) пайымдайды. Шоқтерек - мәңгілік майданы. Жырдың 15 нұсқасында да Шоқтерек бар. Қозы Шоқтеректің түбінде Қодардың қолынан қаза табады. Сол Шоқтеректің түбінде Қозы ғайыптан тіріледі. Себебі, мәңгілік өмірдің аясында ажалға орын жоқ. Кез-келген жырдың кейіпкері Мықан ағашының бауырында фәни мен бақидың, яғни, уақыт пен кеңістіктің арасында өлі мен тірінің телағысындағы меңіреу тылсымға түсіп, ғайып құсының күйін кешеді. Екі дүниенің есігі ол үшін ашық. Мысалы, Ертөстік жер астына түсіп кеткен кезде қосағы Кенжекей (кей нұсқада Бикеш) сұлу оны күтіп жүреді. Қартаяды. Ертөстік о дүниеден оралған соң сегіз ағасы да, Кенжекей де (Бикеш те) баяғыдай жасарып, өмірді қайта бастайды.

Кенжекейдің (Бикештің) беліндегі белбеу – уақыт белбеуі. Ол өмір босағасын берік ұстап, байлап тұр. Боталаған інген - тірліктің белгісі. Ертөстік келгенде тоқтап қалған өмір «уақыт белбеуі» шешілген соң қайтадан жанданып, тіршілік шығыры айналысқа түседі. Сол сияқты Шоқтеректің түбінде Қозы Көрпеш өліп, тірілгенше бір заман ауысып үлгереді. Алайда қайта тірілген соң өмір баяғы күйіне қайта түседі. Ғалым И. Нұрахметтің тосын пікірінше, Ш.Уалиханов жазып алған жыр нұсқасының өзі:

Мықан іздеп жігіттер кел кетелі,

Ортасында Көктөбе белгі етелі, -

деп, мәңгілік ағаш Мықан мен жер ортасы – Көктөбені іздеуден басталады. Яғни, жырдың негізгі идеясының өзі – арманда кеткен қос ғашықтың қосылуына септігі тиетін киелі нысан іздеу.

Ол нысанның майданы – Шоқтерек. Оқиғаның шиенелісуі қақтығысуы, шешімі осы Шоқтеректің түбінде өтеді. Өйткені ол жер мен көкті жалғастырып тұратын жаһан кіндігі - әлемдік бәйтерек (дерево мировое). И. Нұрахмет мұны: жырда Қозы Баянмен Шоқтеректің түбінде кездеседі. Қозы Шоқтеректің түбінде жау қолынан қаза табады. Шоқтеректің түбінде қайта тіріледі, өзін күзетіп, Алладан тілек тілеп отырған Баянды көреді. Өйткені Шоқтерек (Мықан ағашы) жер мен көкті, жақсылық пен жамандықты жалғастырушы ағаш. Қозының Шоқтеректің түбінде тірілуінде Шоқтеректің «ағаш ананың» мифтік қабығынан тазарып, идеял тұрғысынан ажырап, арман ағашы бола бастағанының белгісі жатыр. Сондықтан да жыршы «Мықан іздеп жігіттер кел кетелі» дегенде Қозының мұратын тапқан жерін іздейік деген ойды да, махаббаттың мұратын іздейік дегенді де меңзеген секілді - деп пайымдайды («Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке дейін». Астана. 2005ж. 144 бет).

Асан қайғының да Желмаясының табаны жерге тимей желгені де сол Мықан ағашының саясына жету. Әрине, мұндағы басты мақсат - өлмес өмірдің ұйығы – Жиделібайсынды іздеу. Мұндай уақыт пен кеңістіктің арасындағы мерзім өлшемі Қорқыт туралы әфсананалардың сарынынан да аңғарылады. Онда да мәңгілік өмірді іздейді. Таппайды. Тек дарияға жолығады. Дария, су өмір - өзенінің тұспалы. Өйткені адамның өмірі де су сияқты ағып өтеді. Оның жолында тоқтау - Мықан ағашы жоқ. Сондықтан да байыз таппай өлімнен қашумен болады. Қобыз – қу ағаштан жасалған. Ал қураған ағаш - өлімнің белгісі. Демек, жырдың өзі әу баста ажалдың жібіне желі боп тартылған. Үнемі күңіреніп, сарнап тұратын жел – өлімнің демі, ащы дыбыс – жоқтау сарыны. Ал«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы желі өмірдің әуеніне құрылған. Ондағы нышан – бозторғай. Ол бозторғай Баян мен Қозының арасына хабар тасып, өзінің өмір жырын жырлайды. Осы бармақтай ғана құс Шоқтерек пен Баянның ауылы қонған Аякөз өзенінің арасында шырыл қағып ұшып жүреді. Бозторғай боп шырылдап жүрген Қозының жаны. Қодар торғайды ұстап алып: «өзге жүнін жұлғанда үндемей, төбе жүнін жұлғанда «шоқ» деп өліп қалады».

Бозторғайы Баянның «шоқ» деп өлсе,

Шоқтеректің түбінде жатқан-дағы-

деп Қодар іздеп барып, ұйықтап жатқан Қозыны қапыда қазаға ұшыратады («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Астана, Фолиант, 2002. 56-бет). Қозының денесі Шоқтеректің түбінде қалғандықтан да кейінен ғайып күшімен тіріледі.

Жырдың таңдамалы сегіз нұсқасында да дәл солай. Тек мұсылмандықты қабылдағаннан кейінгі жырланған әфсаналарда қажыдан қайтып келе жатқан қожа - молдалар Алладан тілеу тілеп Қозыны тірілтіп алады. Алайда көне түркілік мифтің нышаны мен сарыны сонда да үзілмейді. Баян Шоқтеректің саясында өңі бұзылмай жатқан Қозының басын оңға бұрып, өзі әулие ағаштың саясына түнеп, күніне белгілі бір «үш-ақ уақытта жылайды нала болып». Себебі: «Баянның да барады дәурені өтіп». Яғни, Баянның пешенесіне жазылған уақыт та бітіп барады. Сол сәтте Бабай түкті шашты Әзиз жетіп келіп, Қозының «тізесінен басына қан жүгіртеді». Тірілтеді. үш күн ойнап-күлгеннен кейін:

Шоқтеректің түбінде жаны бітіп,

Қозы Көрпеш со жерде өледі (сонда, 65-бет).

Бұл – тіршілік уақытының тәмәмдалғаны. Енді Қозыға тірілу жоқ. Қозы мен Қодардың тәні:

Екі жерден бәйтерек болып бітіп,

Басы барып аспаннан шатысыпты.

Осы соңғы жолдан Мықан ағашының да бейнесі ашылады. Оның бұтақтары аспанмен астасып кеткен екен. Қос ғашықтың өмір әні өшпейді. Өйткені:

Өтірік, рас екенін кім біледі,

Шырылдап бозторғай басында тұрады.

(Сонда, 368-бет).

Бұл көне мифтік сарынның сарқыты болса керек. Өлген адамның қабіріне шыққан қос бәйтеректің саясында өлген бозторғай сайрап тұрады. Бұл бәйтерек, әрине, Мықан ағашы емес. Соның кеңістіктегі елесі ғана. Өйткені Қозы мен Баянға бөлінген нақты уақыт аяқталды. Енді жыршының өзіне де бимәлім кеңістіктегі «көшпелі дүние» елесі басталады. Ал көшпелі дүниедегі адамдар мен құбылыстар - сағым бейнелер. Оларда тіршіліктің нышаны жоқ. «Көшпелі дүние» қонса да судың басына, өмір - өзенге жанай қонады, көшсе де көлдің жағасындағы сағымның арасымен көшеді. Су, бұлақ, көл - өтпелі өмір. Өмір ағып жатқан су сияқты. Ал ондағы бейнелер – көлдің, судың бетіне түскен сағым өмір, яғни, өмірдің теріс түскен сәулесі (антимир). Адамның айнадағы өзіне қарап тұрған суреті сияқты. Бұл дүние сізге бетін бұрып тұр деген сөз. Ал сыртын берсе, мәңгілікке ғайып болып, дүние сізге де сырт береді. Жақсылық қайтып қонбайды. Өйткені Сіз «көшпелі өмірді, көшпелі дүниені» көрдіңіз. Ол - сағым өмір. Сіз сол сағымның ішінде жүрсеңіз ғана өмір сүргендей боласыз.


Әлемдік әсіреәфсанадағы Мықан ағашына ортақ үш сыпаттың бірі – ол тіршілік иесінің панасы, өлім мен өмірдің арпалысы шешілетін майдан, ебепке себеп болатын оқиға алаңы. Алып бәйтеректің басы тіршілік ұясы. Оған самұрық құс (бақыт құсы) жұмыртқа салған. Тамыры - ажал апаны, оны айдаһар мекендеген. Діңі - өмір өзегі, оны адам саялайды. Адам айдаһарды өлтіріп, тіршілікті арашалап қалады. Оқиғаға себепкер боп, жан иесін паналатып тұрған - Мықан ағашы. Қасиет пен киелі болмаса самұрық (бақыт құсы) оның басына ұя салмас еді. Егерде әсіреәфсаналық кейіпкер қу ағашқа жолықса, онда ол ақырзаманның (топан суының, апаттың ажалдың) белгісі. Ол арада міндетті түрде ажалдың тірі аруағы – Мыстан кемпір жүреді. Көркем түйсік пен көркем санаға, көркем көзқарасқа байланысты ебептің себебімен «Қозы Көрпеш - «Баян сұлу» жырындағы Шоқтерек сияқты қу ағаш жасарып, жайқалып, бұтағында бозторғай сайрап, Мықан ағашына айналып кетуі әбден мүмкін.
Мәшһүр-Жүсіптің жазбасындағы «Сайын батыр» жырында Мықан ағашы – Бәйтерек өмір мен өлімнің арасындағы аял бесігі. Жапан түзде жаралы қалған Ер Сайын жалғыз бәйтеректің түбінде жатқандықтан да бойынан жаны кетпей тірлік белгісін сақтап қалады. Яғни фәни мен бақидың арасындағы тәсілім күй кешеді. Қырық жігіт ауылға келгенде сүйген жары Аюбике «екі етегін түріп, жауырыны толы қара шашы жайыңқы, бедерленген бес тырнақ қызыл қанға малыныңқы» (әйелдер күйеуі өлген соң өзінің тұл қалғанын білдіру үшін беттерін жырта тырнаған – Т. Ж. Қ) көрінгендігін айтып, енесін ертіп Ер Сайынды іздеуге шығады. Нысанасы - төбе басындағы жалғыз ағаш. Ағаш тірліктің белгісі, ағаш көрінсе – Ер Сайынның жаны шықпағаны. Аюбикенің бар үміті сол ағаш. «Бір күндері болғанда, Ай мен күнге таласқан Қаратөбе көрінеді. Сол төбені көргенде сұлудың көңілі бөлініп, енесіне:

– Әй, міскін болған енем-ай,

Қаратөбе қасында,

Бәйтерек тұр басында.

Ала құла сауысқан,

Қан көргендей болады.

Мен тұсынан озамын

Неге қарап тұрамын, -

деп озан барып, аюдың өтінен алған ақ дәрімен емдеп, су басында құмары қанғанша ойнайды» (Мәшһүр–Жүсіп шығармалары, 5-том, 255-бет).

Бұл арада Мықан ағашының аты аталмағанымен де көркем түйсік иесінің сана саңлауына сәуле түсіріп тұрғаны анық. Өйткені «бәйтерек» деген сөздің өзі сондай әсерге бөлейді. Бәйтерек - әсіреәфсанарлық көркем жүйенің тұрақты нысаналық тетігі (компоненті). Жасыл ағаш - өмір, қураған ағаш, қу тамыр - өлім символы. «Қыз Жібек» жырындағы Бекежан тасаланып келген «жалғыз түп қураған қурай» да ажалдың белгісі.

Әлемдік әсіреәфсана жүйесінде мұны тылсым әлемнің (нижний мир) қатарына жатқызады. Өлімнің белгісі - қураған орман, қу тамыр, қу ағаш. Тіршіліктің солған тамырына ағаштың өзегі есептелетін адам ғана нәр береді. Сонда ғана тіршілік жапырағы көгереді, яғни, өлген жан тіріледі. Єрине, оның да өз өлшемі мен кеңістігі, уақыты бар.

Оның қазақы өлшемі - тал бесік пен жер бесік деген ұғым. Осындағы тал бесік – Мықан ағашынан жасалған өмір бесігінің бейнелі белгісі. Әдетте жас өмірдің иесін тербететін ағаш та жас – жас тал, жас қайың, үйеңке, ырғай болып келеді. Ал өлімге көрінген ағаш - қу ағаш, томар, қарағай ретінде суреттеледі. Мысалы Ер Сайын өзіне қаза жеткенін біліп, Ойыл мен Сейіл даласында қырық жігітпен қоштасып тұрып:

А, қырық жігіт аманат,

Маған бола өлмеңіз.

Сендер бейнет көрмеңіз,

Менің үшін өлмеңіз.

Қарағайдан табытым,

Бекем қылып салыңыз, -

деп өсиет айтады. Ер Сайын өлмегендіктен де елге қырық жігіт «қарағай табытсыз» барады. Яғни, Ер Сайынның тал бесігі – Мықан ағашы қурамаған. Қырық жігіт: «Қарағайдан табытын бекем қылып сайлатқанын, қалап мінген қара атты көз алдында байлатқанын» естіген Аюбике іздеуге аттанады. Қарағай табыт оған Бәйтерек боп кезігеді. Сонда Ер Сайынның тірі екенін біліп енесінен оза шабады.
Мәңгілік немесе өміршең тіршіліктің нысанасы болған Мықан ағашы – кейде емен, кейде бәйтерек, кейде жалғыз ағаш не шоқ терек түрінде нышан береді. Сондықтан да ондай жерді саялаған жан иесіне өлім жоқ. Ағашты саялаған не соның түбінде кездескен батырдың аты да өмірлі. Әкесі Ер Көкшенің кегін қууға шыққан Ер Қосай өзіне лайық ат таба алмағанда сенімді құлы Жәпекбай:

Орайқақтың басында,

Ай маңдайлы алаша ат.

Күн маңдайлы құлаша ат,

Салпаң құлақ сарғылша ат.

Еменнің ең түбінде,

Мінсең де сол жарар, -

дейді (Мәшһүр – Жүсіп, шығармалары, 5-том, 269-бет).

Еменді, яғни, Мықан ағашын саялаған сарғылша аттың сауыры да өмірлік қасиетке ие. Оның «бауырының астында жайдың тасы бар», шөлдегенде жай ойнатып, нөсер жаудыртып, сусындарын қандырады. Жауға шабарда: «сауырының ортасында екі бәйтерек орнатады» (сонда, 273-бет). Жеті күн, жеті түн соғысып, әбден шаршағанда Ер Қосай сары аттың бауырына еніп, әлденіп алады, яғни, єлгє ек бєйтерек оған өмірлік күш силайды. Діни қиссаларда мұны Әбілһаят ағашы дейді. Сол сары ат «ұңғысынан үзілген найза ішінде қалып, тәсілім боп кеткен» Ер Қосайдың мұрнына өлген кісінің өтін құйып тірілтіп алады. Сары атқа мұндай тіршілік қуатын силап отырған құдірет – емен боп, қос бәйтерек боп суреттелген Мықан ағашының қасиеті. Өйткені Мықан ағашы бар жерде - өмір бар да, өлімге орын жоқ. Ол өмір мен өлімнің арасындағы уақыт пен кеңістіктің жігін бөліп тұрады. Жеті күн, жеті түн соғысып, өзі жаралы күйінде сары аттың сауырына аударылып бара жатқан (ат сауырына түсу - өлімнің белгісі – Т. Ж.) Ер Қосайды сары ат бауырындағы қос бәйтерекке қондырып тірілтіп алады. Сөйтіп, Қосайдың өмірлік уақытын ұзартып, бақилық кеңістіктің есігін ашқызбайды.

«Мәңгілік өмір ағашының» түрі де, түсі де, ықылымы да (эпоха), дәуірі де, кеңістігі мен уақыты да, міндеті де ғайыптан ауыса беруі мифтік туындының басты ерекшелігі мен шартының бірі. Ауыспалы мағынасы ғана емеуірінмен тұспалданады, түйсікпен ғана түйсіндіріледі, яғни, ым мен емеуіріннің «тәңірлік жыры» дегеніміз осы. Бұған ырым, салт, наным үстемелеп қосылғанда оның ықпалы бақсының дуасынан артық жадылайды.


Мықан ағашының бір сарыны - көк, сары, қызыл шыбыққа жанын жасырған сиқыршы кемпір мен қыздар туралы айтылатын «Уақытсыз ажал» атты ертегі де бар. Бірақ ондағы ақиқаттың мифтік түйсіктен іргесі ажыратылған, яғни, хикаялық сыпаты басым.
Бәйтерек, самұрық, айдаһар
Қазақ ертегілерінің көпшілігінде «бәйтерек» – өлім мен өмір арасындағы жанталас сәтінде дәнекерлік міндет атқарады және соның бәрінде өлімді - өмірге, ғұлымдықты – жақсылыққа, жоқты – бар етпекке себепкер болады. Бірде алма ағашы («Патша қызының оқиғасы»), бірде тал («Ералы батыр»), бірде бәйтерек («Құйын батыр») кейпінде кейіпкерге ұшырасып, талығып жеткен жанға тыным силайды. Бұл ағаштардың бойына ерекше қасиет дарыған. Мысалы, «Құйын батыр» ертегісіндегі «аспанмен тілдесіп тұрған бәйтеректің» бауырындағы өсімдіктер де ерекше. «Түйе жапырақтың бір жапырағының асты үлкен бір тамдай... Айдаһар бәйтеректің суын (шырынын) сығып» сусындап күш алып, ағаштың басындағы самұрықтың балапандарына өрлейді. (Ертегілер, А. Жазушы. 4 т. 174 б.). Демек, бәйтеректің өзегінде өмір нәрі бар. Ол айдаһарға қуат береді. Айдаһар қазақ әсіреәфсаналарында өлімнің нышаны. Ал самұрық құс – уақыт пен кеңістіктің арасындағы ғайып құсы. Ол не өлмейді, не көбеймейді. Балапандарын жыл сайын айдаһар жұтып отырады. Самұрықтың кіндігін тіршілікпен байлап тұрған - киелі алып бәйтерек қана.

Ол екі дүниеге де ортақ.

Бәйтерек – айдаһар – самұрық үштігі туралы қазақ әсіреәфсаналарындағы көркем ой бір-бірін толықтырып, көркем түйсігі жүйеленіп, жалпы жаратылыс, о дүние мен бұл дүние, өмір мен өлім, жаһан кіндігі, екі дүниенің арасындағығы байланыс, уақыт пен кеңістік туралы көркем көзқарасқа айналады. Жоғарыдағы үштік бейне әлемдік бестағанның (Аспан – Жер – Су – Уақыт – Кеңістік) кіндігіне орналасқан. Бұл көркем түйсік өзге аңыз, ертегілерде бұтарланып айтылса, «Ханшентай» атты әсіреәфсаналарлық ертегіде бір жүйеге түсіріліп баяндалған. Көп буынды, көпжелілі, көп оқиғалы ертегілердегі буынды тұстың бірі – Ханшентайдың жер астына өз еркімен түсіп, жер бетіне шығатын кезеңі. Өзге ертегілердей емес, Ханшентайдағы әр кейіпкердің қимылы мақсатты. Жер бетіндегі барлық қиындықтың, шытырманға толы қиял-ғажайыптың бәрін басынан кешіп, оларды жеңген Ханшентай енді қасына ерген қырық қыз бен қырық жігітті мал-мүлкімен қоса жұтып қойған жер астындағы жауыздықтың жымы – Қаратүнді құрту үшін жердің тесігінен «о дүниеге» кіреді. Сөйтіп, жеті басты жалмауызға жолығады. Жеті күн, жеті түн алысады. Ақырында Қыдыр әулие кеп: «Е, жалмауыз. Бұл дүниені бұнда жалмап біттің. Сенің екінші дүниеде не ақың бар? Сенің жылатқан жандарыңның көзінің жасы, қаны көл – дария» - деп таяқпен салып қалып өлтіреді. Ханшентай жалмауыздың ішін жарып, ол жалмаған жан-жануар мен адамның бәрін шығарады. Бірақ оларды бұ дүниеге шығара алмайды. Әсіреәфсаналық көркем түйсік (Қыдыр әулиені оқиғаға себепші етіп) ажал иесін өлтірсе де, екі дүниені жалғайтын, кеңістіктен кеңістікке ауысатын дәнекер таппайды. Сол арада әсіреәфсаналық көркем жүйе желісімен екі дүниенің кіндігі - Мықан ағашына - Бәйтерекке жүгінеді. «Екі етегін беліне тартып» жүргенде бір бәйтеректің түбіне кеп жатады. Ишара бойынша – Ханшентай тіршілік иесін сиялады деген сөз. Бәйтеректің басына үш балапан ұялаған. Бұл өмір ұясы. Өмір бар жерде өлім бар. Ол – айдаһар (Ертегілер, 4 том. А. 1989, 224-225 беттер).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет