Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысы
Шаруашылық, мәдени және саяси байланыс, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы байланыс мәселесі тарих ғылымында әр түрлі пікірлер туғызып отыр. Біраз зерттеушілер көшпелілер мен отырықшылар қарым-қатынасын олардың арасындағы қырғи қабақ қақтығыстар , соғыстар , жаулап алу әрекеттерімен байланыстырады.
Отырықшы елдерге жылқы малы, оны мініске, жегуге үйрету көшпелі малшы тайпалардан келді. Атты әскер дәстүрі , садақтың түрлері, қылыш, атәбзелдері де көпелілерден келген.Мысалы, VI ғасырда түркі тайпалары пайдаланған темір үзеңгілі ертоқым келесі ғасырларда бүкіл Еуропаға таралды. Отырықшы елдер көшпелілердің қару жарағына, киіміне еліктеді. Мысалы, VII-VIII ғасырлардағы түркілердің кісе белдіктері Қытайдан Иракқа дейінгі аралықта пайдаланылған. Таң әулеті кезіндегі Қытайда көшпелілердің киімі кең таралды, Еуропада орыс, поляк, венгр ақсүйнктері киім киісінде, шаш қоюында көшпелілер үлгісіне еліктеді. Көшпелілерде б.з.д. 1-мыңжылдықта пайда болған өнердегі «аң стилі» Қытайдан Дунайға дейінгі аралықтағы отырықшы елдерге де кең таралды.
Көшпелілердің өзіндік саяси мәдениеті болды. Олар ел басқарушыларын ерекше қасиетті адам, Тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді, ерекше басқару жүйесі, империялық қызмет шендері, рәміздері, ел басқарудағы ерекше мұрагерлік дәстүрі болды. Осы мемлекеттік басқару тәртібін көшпелілер кейбір жаулап алған отырықшы елдердің саяси жүйесіне орнықтырып та отырды. Көшпелілер отырықшы халықтардың бір-бірімен мәдениет алмасуына себепші болды. Көпелілер миграциясы, олардың бір отырықшы елдерден кейін келесі бір отырықшы халықтарды жаулап алуы арқылы мәдени диффузия іске асып отырды. Ерте орта ғасырлар заманында көшпелілер отырықшылармен тек қана соғысып қойған жоқ, сонымен қатар өзара тығыз бейбіт байланыста болды. Көшпелілер отырықшы елдер шеберлеріне өздеріне қажетті құрал-сайман, жабдықтарға тапсырыс жасаумен қатар оларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен бірге көшпелілер отырықшылардан түрлі қолөнер түрін үйренді.
Достарыңызбен бөлісу: |