ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ СИНТАКСИСІ.
Жалпы, қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдерді зерттеу тарихына көз
салсақ, 30-жылдардың екінші жартысынан бастап қана ғылыми-зерттеу
нысаны етіп алына бастады. Қазан төңкерісіне дейінгі жарық көрген қазақ
тілі грамматикаларында құрмалас сөйлем арнайы сөз болған емес. Ал
«күрделі сөйлем», «бағыныңқы сөйлем» деген мысалдар тіліміздің
фактілеріне қарап емес, орыс тіліне аударылған мағыналарына сай
шешілген. Сонымен қатар, оларды құрмалас сөйлем деп арнайы
қарастырмай, етістіктің есімше, көсемше және рай түрлерінің синтаксистік
қызметтерін айқындау мақсатында ғана қарастырған. Мысалы: «Бір кішкене
құла тай үстіне тер қарып тұр екен. Кемпірдің мойны үзіліп өлді» (Краткая
грамматика киргизского языка.1897.стр.37). Ол әкесінің артынан тұра
жүгірді.» (В.Катаринский.Грамматика киргизского языка.1905.с.158-159)
.
Құрмалас сөйлем жөнінде тіліміздің табиғатына сай алғаш ғылыми пікір
айтушы, құрмаласқа қатысты терминдерді алғаш ұсынушы ретінде қазақ тіл
білімінің көшбасшысы А.Байтұрсынұлын атау керек. Өзінің «Тіл-
құралында» (Көрсетілген еңбек.1925жыл.) сөйлемдер арасында екі түрлі
жақындық: біріншісі - ішкі мағына желісі жөніндегі жақындық та, екіншісі -
сыртқы қисын жақындығы барын айтқан. Тек мағына желісі бойынша
жақындасатындарды «іргелес сөйлем», әрі сыртқы қисын жақындықтары
барларын «құрмалас сөйлем» деп атаған. Құрмаластарды «сиыса
құрмаласу», «қиыса құрмаласу» деп бөлген. Бұндағы «сыйыса құрмаласу»
деп отырғаны – «Қарабай мен Сарыбай аңға шықты» тәрізді бірыңғай
мүшелі жай сөйлемдер. Қиыса байланысқан құрмалас сөйлемдерді өзара тең
дәрежеде байланысса, салалас түрі деп, тең болмай, кем дәрежеде (бағына
дегені – Б.Б.) байланысса, сабақтас түрі деп қараған. Салаластарды
жиылынқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы және қойылыңқы деп бес
түрге бөлген. Мысалы: Үлкен бастар, кіші қостар. Мен бардым, сен үйде
болмадың. Не сен тұрасың, не мен тұрамын. Сабыр түбі сары алтын:
сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа. Не өгіз өлер, не арба сынар –
екенің бірі болар, т.б. Термин ретінде жоғарыдағы атаулары қалыптасқан
жоқ.
Ал сабақтастарды сөйлем мүшелерінің атымен атап, бастауыш
бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы, пысықтауыш бағыныңқылар деп
берген.
Құрмалас сөйлемдердің жасалуы жолдарына «Колхоз жастары,
фабрик –завод мектептерінің оқу жоспары мен бағдарламасында» (Аталған
бағдарлама. І –бөлекше. Қазақша, орысша. Тіл, әдебиет. Қазақ тілін
құрастырғандар –С.Аманжолұлы) біршама көңіл бөлінген.
Профессор Қ.Жұбановтың құрмалас сөйлем жөніндегі пікірлерін
жоғарыдағы үйірлі мүшелерге қатысты бөлімде қарастырғанбыз. Үйірлі
мүшелі жай сөйлемдер қазақ тіл білімінде 50-жылдарға дейін құрмаластың
сабақтасы ретінде қарастырылып келсе, осы тәріздес құрылымдар (Жұрт
мақтайтын жырау – осы) күні бүгінге дейін түркі тілдерінде сабақтас
құрмалас сөйлем деп танылуда (Қ.Есенов. Құрмалас сөйле м синтаксисі.
1995 жыл., 119 б.).
Қ.Жұбанов құрмалас сөйлемге қатысты «Қазақ тілінің програмында»
(Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1966 ж., 308+310 б.)
тоқталып,
құрмаластардың кей түрлеріне ішінара түсініктемелер беріп отырған.
Аталған бағдарламада салаластың құрамындағы бірінші сөйлем
баяндауыштары «еді» көмекші етістігі; шартты рай тұлғасы; көсемшенің –п
форманты; да, және, тағы, сосын дәнекерлері; сол себепті, сондықтан,
сүйтіп, бірақ, сонда да, сөйтсе де, я, әйтпесе, не болмаса, үйткені, неге
десең, т.б. жалғаулықтар; осы, сол, бұл, есімдіктері арқылы жасалатынын
атап көрсеткен. Бұдан байқалатындай, Қ.Жұбанов салаластарды айыруға
мағыналық (логикалық) принципті басшылыққа алып, сол ыңғайда
бағыныңқыларының баяндауыштары шартты рай мен көсемше тұлғалары
арқылы жасалған сабақтастарды салаластарға жатқызған. Салаластарды
логикалық
тұрғыдан
танитын
көзқарастар
С.Жиенбаевта
да,
Н.Т.Сауранбаевта да өріс алды.
Қ.Жұбанов салаластарды ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар,
шарт-жағдай деп бөлген. Осындағы соңғы аталған түрін қазіргі қазақ тілі
синтаксисінде 1960 жылдан бері ғана қолданып жүр (М.Балақаев,
Т.Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі.1961 ж.). Қ.Жұбановтағыдай емес, бұларда
тұлғалық тиянақтылық негіз болған.
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді С. Аманжолов пен
Н.Т.Сауранбаевтың «Қазақ тілінің грамматикасында» (С.Аманжолов. ...
Қазақ тілінің грамматикасы. 1939 ж.)
біршама тәуір сипаттаған. Бұнда
құрмалас сөйлемдер салалас, сабақтас және аралас деп үш топқа бөлінген.
Салалас құрмалас сөйлемдерді қазақ тіл білімінде жалғаулықты,
жалғаулықсыз деп бөлу тарихы да осы оқулықтан басталған. Бұрын сөз
болып көрмеген көп бағыныңқылы сабақтас, оның сатылы, жарыспалы
түрлері де осы оқулықтан бастап атала бастады.
Профессор С. Аманжолов 1940 жылы шыққан «Қазақ тілінің қысқаша
курсында» (С.Аманжолов. ... Қазақ тілінің қысқаша курсы. 1940 ж.) салалас
сөйлемдерді 20 түрге, сабақтас сөйлемдерді 18 түрге бөлген. Бұл
көзқарастар С.Жиенбаевтың «Синтаксис мәселерінде» (Көрсетілген еңбек.
39-43 б.) арнайы сөз болған. Ол туралы кейінірек тоқталамыз.
Құрмалас сөйлемдерді арнайы зерттеп, докторлық диссертация
қорғаған
Н.Т.Сауранбаевтың еңбектері қазір де маңыздылығын жойған
жоқ. Жалпы құрмалас сөйлемдер жөніндегі Сауранбаев қөзқарастарын
«Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» (Н.Т.Сауранбаев. Қазақ
тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. 1948 ж.)
деген еңбегінен байқауға
болады. Құрмалас сөйлемдерді ол іргелес, салалас және сабақтас
құрмаластар деп үш топқа бөлген. Бұндағы іргелес құрмалас дегендері –
салалас
құрмаластардың
жалғаулықсыз
түрлері.
Жалғаулықсыз
салаластарды іргелес құрмалас деп жеке бөліп көрсету себептерін «іргелес
құрмаласта салаластың да, сабақтастың да белгісі бар. Салаласқа тән белгісі
– ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең
дәрежеде құрмаласатындығында және сөйлемнің баяндауышы тиянақты
қалыпта болатындығы. Бұл екі қасиет іргелес құрмаластарды салалас
құрмаластармен жақындастырады. Ал іргелестерді сабақтастармен
жақындастыратын белгі – іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан
бір-бірін сипаттап, бір-біріне тәуелді болып байланысады» (Көрсетілген
еңбек. 1948 ж., 27-28 б.), «Қазіргі қазақ тіліндегі орын тепкен салаластар,
сабақтастар тарихы осы іргелестердің ингредиенті (осыдан бөлінген –Б.Б.)
екендігі айқындалады. Ал іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан
сабақтасып байланысады да, сыртқы құрмаласу формасы жағынан салалас
болып келеді» (Көрсетілген еңбек. 1948 ж., 28 б.) –деп түсіндіреді. Яғни,
құрмаластың жалғаулықсыз салалас түрі тарихи тұрғыдан бірінші пайда
болып, жалғаулықты салалас пен сабақтастар содан өрбіген түрлері, демек,
бұлар бір-бірінен ажыратылып, ұш бөлек ат алуы керек дейді. Осылай
жүйелеу арқылы құрмалас сөйлемдерді жіктеудегі ала-құлалықты жоюға
әрекет жасаған сияқты.
Сабақтастарды жіктеуде бағыныңқы қызметін «логика-грамматикалық
жақтан бағыныңқылар басыңқы сөйлемдегі бір мүшенің қызметін атқарады,
соның орнына жүреді» -деп түсіндіреді, сабақтастарды, негізінен сөйлем
мүшелерінің атымен былайша жіктейді: 1)анықтауыш бағыныңқылы
сабақтас; 2) пысықтауыш бағыныңқылы сабақтас; оның ішінде: мезгіл
пысықтауыш бағыныңқылы, себеп пысықтауыш бағыныңқылы, амал
пысықтауыш бағыныңқылы, мақсат пысықтауыш бағыныңқылы
сабақтастар; 3) толықтауыш бағыныңқылы сабақтас; 4) шартты
бағыныңқылы сабақтас; 5) қарсылықты бағыныңқылы сабақтас; салыстырма
бағыныңқылы сабақтастар (Көрсетілген еңбек. 1948 ж., 62 б.).
Үйірлі мүшелі сөйлемдерді, егер үйірлі мүшеде бастауышы болмаса,
үйірлі мүшелі жай сөйлем деп, бастауыштары болса, анықтауыш
бағыныңқылы сабақтас деп түсіндіреді. Соңғы еңбегінде үйірлі мүшелі
құрмалас деп құрмаластардың салалас, сабақтас және араластардан кейінгі
төртінші түріне жатқызады (Н.Т.Сауранбаев, ... Қазіргі қазақ тілі. 1954 ж.).
Құрмаластарды жіктеудегі қарама-қайшылықтар қазақ филологтары
арасында 50-жылдардың аяғына шейін болып келді. Ол қарама-
қайшылықтардың мәні жалпы құрмаластардың классификациялануында,
оның ішінде оларды жіктеудегі бірде таза логикалық, бірде логика-
грамматикалық тәсілдер қолданып, соңғы кезде таза грамматикалық
(құрылымдық) ерекшеліктерін негізге алуында ма деп білеміз.
Жалпы алғанда, құрмалас сөйлемнің салаласа байланысқан түрін
ажыратқан кезде көп қиындық кездесе қоймайды. Құрмалас сөйлемді
жіктеудегі қарама-қайшылықтар қазақ тіл білімінде, негізінен, құрмаластың
сабақтас түріне қатысты болып келеді. Түркітанудағы келіспеушіліктер де
осы ыңғайда туындап жүр.
Салаластардың жалғаулықсыз түрін құрмалас сөйлемнің жеке бір түрі
ретінде қарастырылуы Сауранбаев еңбектерінде орын алғанын жоғарыда
атап өттік. Бұлай жіктеу өзбек тіл білімінде Г.А.Абдурахмановта кездеседі
(Г.А.Абдрахманов.Основы синтаксиса сложного предложения современного
литературного узбекского языка.АДД.Ташкент.1960). Ол құрмаластарды –
жалғаулықсыз құрмалас, салалас құрмалас, сабақтас құрмалас сөйлем деп
үшке бөледі, соған сәйкес жасалу жолдарын, мағыналық өрістерін саралап
көрсеткен. Оның пікірлері Сауранбаевпен үндес. Қазіргі қазақ тілінде де
құрмаластарды, жалпылама жалғаулықсыз және жалғаулықты деп екіге
бөлу кездеседі. Олар «сыртқы тұлғасы оның ішкі құрылымымен
байланысты болады. Сондықтан да әрбір сөйлемнің тұлғалық
ерекшеліктеріне қарай атқаратын қызметі де бөлек болады. Жалғаулықсыз
сөйлемдер жалғаулықтардың жай түсіп қалуы емес, құрмалас сөйлемнің өз
алдына бөлек бір түрі деп есептейміз» (Қазақ тілі грамматикасы бойынша
зерттеулр.Алматы.1975ж.,207 б.) деген пікірлер білдіреді.
Қазан төңкерісіне дейінгі түркітанушылардың еңбектеріне зер салсақ,
олардың негізінен сабақтас сөйлемдерге көбірек тоқталғанын байқаймыз.
Оның себебі, үндіеуропа тілдеріндегі сабақтастардың түркі тілдеріндегі
сабақтастардан құрылымдық және мағыналық ерекшеліктері жағынан
өзгешеліктері көп. Бірақ, олардың төңкеріске дейінгі, тіпті төңкерістен
кейінгі түркітанушылар да өз еңбектерін ғылыми аспектіде емес,
практикалық мақсатта зерттеуге бағыттады. Түркітанудағы құрмалас
сөйлемнің проблемаларын шешу, теориясын жасау ісі 30-жылдардан кейінгі
уақытта қолға алына бастады.
30-жылдар ішінде қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем мәселелері
бойынша Қ.Жұбанов, Х.Басымов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев және
М.Балақаевтармен қатар, зерттеуіміздің нысаны - С.Жиенбаев та елеулі
еңбек атқарады.
С.С.Жиенбаевтың құрмалас сөйлем жөніндегі пікірлері, негізінен,
«Синтаксис мәселелері» (Құрмалас сөйлемдерді таптастыру принциптері)
атты еңбегінде жинақталған.
Еңбек жалпы алғанда, құрмалас сөйлемдерді таптастыруға
арналғанымен, бұнда сонымен қатар сөйлем мәселелері де қоса қамтылған.
Олар туралы алдыңғы бөлімде айтып өткенбіз. Бұлайша құрмалас сөйлем
мәселелерін жай сөйлеммен бірлікте, байланыстыра қарауын «жай сөйлем
мен құрмалас сөйлем арасында белгілі бір байланыс, тетеліслік болу шарт.
Сонда ғана синтаксисте система сақталады » (Көрсетілген еңбек.1941.3 б.)
деп түсіндіреді. Сол сияқты, «Құрмалас сөйлем синтаксисінде де сөйлем
мүшелерінің қызметі қарастырылады. Бірақ құрмалас сөйлем мүшелері
деген жай мүше емес, сөйлем мүше» екенін айтып, құрмалас
компоненттерінің байланысы екі жай сөйлемнің жай тіркесі емес, бірін-бірі
анықтаушы, толықтырушы ойлар тіркесі, яғни сөйлемдер тіркесі екенін
дұрыс ескерткен. Еңбек, жалпы құрмалас сөйлем синтаксисіне
арналғанымен, бұнда, негізінен, сабақтас сөйлемдерге көп орын берілген.
Бағыныңқылардың қызметтерін сөйлем мүшелерінің қызметімен пара-пар
қойып, оның мағыналық негізі ретінде алдымен сөйлем мүшелерінің
қызметтерін саралауда оның ішінде тұрлаусыз мүшелерді жіктеудегі қиын
мәселелерден бастаған. Қазақ тіліндегі тұрлаусыз мүшелердің жіктелуіне,
жалпы
түркітанудағы
тұрлаусыздарды
жіктеудегі
көзқарастарға
(Дыренкова.
Грамматика ойротского языка; Санжеев. Граматика
калмыцкого языка.), орыс тіліндегі тұрлаусыз мүшелер мен қазақ және түркі
тілдеріндегі тұрлаусыз мүшелердің тұлғалық, мағыналық ерекшеліктеріне
тоқталып, жан-жақты талдау жасаған. Оның ішінде жалпы түркі тілдерінде
көп шатастырылатын мекен пысықтауыш пен толықтауыштарды ажыратуға
байланысты ұсыныстарының мәні зор болады.
Синтаксис мәселелері жөніндегі зерттеулерге зер салсақ, құрмалас
сөйлем, әсіресе, оның сабақтас түріне байланысты еңбектер өте көп
кездеседі. Жалпы, тіл білімінде сабақтастардағыдай қарама-қарсы пікірлер
сайысы көп кездесетін сала аз. Ғылымдағы қарама-қарсы ағымдардың
түйісетін, ымыраға келетін тұстары да болады. Тілші-түркітанушылар
арасында сабақтастарды тануға тұлғалық және мағыналық ерекшеліктерін
негізгі алатын екі пікірлер тобын ерекше атауға болады. Олар – тұлғалық
және мағыналық (логикалық) бағыттар.
Тұлғалық бағыттар бағыныңқының негізгі белгісі ретінде оның тек
баяндауышның тұлғасын алады. Егер баяндауышы бастауышымен қиысса,
сөйлем ретінде танып, олай болмаса, оларды тек үйірлі, жайылма, сөйлем
тектес мүшелер деп таниды.
Бағыныңқыны мағыналық жағынан танитындар бағыныңқыны
танудың негізі (критериі) ретінде тіркестің беретін мағынасын алады: орыс
тіліне аударғанда бағыныңқы болатын болса, оның формасының қандай
болғанына қарамастан, бағыныңқы сөйлем деп таниды.
Бұдан шығатын қорытынды: біріншілері бағыныңқылардың көбін бұл
топтан шығарып тастаса, екіншілері анықтауыштық және предикативтік
қатынастар арасына шек қоймайды, яғни тілдің өзіндік ерекшеліктерін
(спецификасын) ескермейді.
Бұның алғашқы түрі түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде
де орын ала қойған жоқ.
Бағыныңқыны, оның ішінде сабақтастарды тануда қазақ тілшілерінің
ішінде екінші бағытты ұстаушылардың қатарында С. Жиенбаев та бар.
Жалпы «құрмалас сөйлем – компенеттері бір-бірімен органикалық
байланыста, берік бірлікте тұратын және бір-біріне бағынышты, өзара
шарттас болып келетін мағыналық бір бүтін» (Қазақ тілінің грамматикасы.
2бөлім. Синтаксис. 1967 ж. 148 б.)
болады, яғни ондағыдай сөйлемдер бір-
біріне мағыналық, тұлғалық немесе интонациялық жағынан байланысты,
бағынышты болады. Екі компоненттің алдыңғы сыңары мағыналық болсын,
тұлғалық болсын, интонациялық болсын тиянақсыз болып келеді.
Құрмаластарды
байланыстыруды
олардың
алдыңғы
сыңарының
баяндауышы, сол баяндауыштың формасы негізгі қызметтердің бірін
атқарады. Осы ретте баяндауыштардың жалпы тұлғалық ерекшеліктеріне
тоқталып өтеді. Есім мен есімше тұлғалы баяндауыштардың қолданыстарын
талдай отырып, қазақ тілінде етістіктермен қатар есімдердің де баяндауыш
қызметінде көп қолданылатынын атап көрсетеді, сонымен қатар
баяндауыштарды жіктік жалғауынан емес, тек мағынасынан айырамыз
дейді. Мысалы: Сауытта су бар – Бар су сауытта. «Есімше, көсемшелердің
жалпы құрылысы орысшадағыға біраз сәйкес бола тұрса да, олардың
синтаксистік қызметі орысшадан көп өзге, онан анағұрлым кең жатыр.
Қазақша біз барған ауыл, біз келген ауыл деп бәріне есімшенің бір-ақ
формасын жаратамыз және біз келген ауыл дегеніміз біздің келген аулымыз,
біздің шыққан аулымыз деген мағынаны да көрсете алады. Орыс тілінің
синтаксисі мұндайды білмейді. Мысалы, жоғарыдағы есімшелі сөйлемдерді
орыс тіліне аударамыз десек, оған орыстың причастиесі жеткіліксіз, басқа
формалар қолдануға тура келеді» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 7 б.)
–деп, өзі
үйірліні сабақтастың бір түрі деп таныса да есімше формалы сөздерді қазақ
тілінің өзіндік ерекшеліктерінің бірі екендігін дұрыс көрсеткен.
Құрмалас сөйлемдерді таптастыруға баяндауыштың қызметін
«құрмалас сөйлем системасындағы формалық критеридің ең негізгісі,
біздіңше – бағыныңқы сөйлемнің баяндауыштық формасы. Жалғыз
сабақтаста ғана емес, салаласта да осы белгі (салаласқан сөйлемнің
алдыңғысының формасы) зор орын алады. Сондықтан, сөйлем таптастыру
жөніндегі әңгімемізді, алдымен, баяндауыштың формасына байланыстыра
отыруға тура келеді» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 9 б.) –деп, ерекшелеп
көрсеткен.
Құрмаластағы бағыныңқы сынардың көсемше формасында келген
түрін сабақтастарға жатқызамыз ба, салаластар қатарына қосамыз ба деген
пікір таластары тек қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы түркітануда да
таласты болғаны белгілі. Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлемдерде көсемше
пысықтауыштық қызметте көп қолданылатын форманың бірі болса,
құрмаластарда мағынасына қарай алдыңғы сыңары көсемшеге біткен
сөйлемдер бірде тең дәрежеде, бірде екіншісіне бағынышты болып келеді.
С. Жиенбаев құрмаластағы көсемше баяндауыштың қызметін логикалық
тұрғыдан танып, «көсемшелі құрмаластарымыздағы салалас пен
сабақтастарымыздың ара жіктері тым жақын» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж.,
10 б.) –деп есептейді. Мысалы: Қайғыдан халқым айырылып, Бақыт құсын
ұстадым (Жамбыл). Әуеде жыршы құстар өлең айтып. Қиқу салар көлдегі
қаз бенен қу (Абай) дегендер – салаластар; Бастықта жұмысым болып,
кеңсеге келдім деген – сабақтас. Бұны қазақ тілінің құрмалас сөйлем
системасындағы бір ерекшелік деп таниды. Шындығында да, бұндай
формалы сөйлемдерді салалас мәнді болсын, сабақтас болсын, оларды
тұлғалық тиянақсыздығына сәйкес шартты түрде сабақтасқа жатқызып
жүргеніміз рас.
Міне, осы ыңғайда салыластарды топтастырғанда олардың түр-түрінің
қалыпты түрлерінен кейін көсемше баяндауыштар деп қарастырған. Бұл
типті сөйлемдерді С. Жиенбаевпен қатар, Қ.Жұбанов та (Қ.Жұбанов. Қазақ
тілі жөніндегі зерттеулер, 1966 ж.,359 б.), кейінірек Н.Т. Сауранбаев
(Н.Т.Сауранбаев. Қазақ тіл білімінің проблемалары. 193 -194 б.) пен
Ғ.Бегалиевтер (.Ғ.Бегалиев. Құрмалас сөйлем. 1941 ж., 4 б.) де осы мәнде
қарастырған. М. Балақаев мұндай сөйлемдерді екі жақты (Қазақ тілінің
грамматикасы. 2 –бөлім. Синтаксис, 1967 ж., 125 б.) деп қарастырып,
шартты түрде сабақтастарға жатқызған. А. Ысқақов тұлғалық жағын негізге
алып, сабақтастарға жатқызған (Халық мұғалімі. №23-24. 1940 ж.).Ал С.
Аманжолов бұларды үлестес сабақтастар деп атайды (С.Аманжолов.
Көрсетілген еңбек. 1940 жыл. 132 б.).
С. Жиенбаев салаластарды 1.) ыңғайлас салалас, 2.) қарсылас салалас,
3.) талғаулы салалас және 4.) себеп –салдарлы салалас құрмалас сөйлем деп
төрт топқа бөліп қарастырады.
Салаластардың негізгі тұлғалық белгісі етіп алдыңғы сыңарларының
бастауыш, баяндауыштарының өзара қиысып тұруын алады. Ал көсемшелі
құрмаластарды салаластардың ерекше түрі ретінде қарастырады.
Енді осыларды жеке-жеке қарастырып көрейік:
1.) Ыңғайлас салалас құрмалас сөйлем. «Ыңғайлас салаластардың
мағыналары бірыңғай келеді. Олардағы уақиға, фактілер я бір мезгілде, я
біріне-бірі тете келеді, немесе бірін-бірі анықтап, толықтырып тұрады»
(Көрсетілген еңбек. 1941. 11 б.) –деп, қазіргі қазақ тілінде мезгілдес,
салыстырмалы, кезектес және түсіндірмелі деп жүрген салалас сөйлем
түрлерін ыңғайлас құрамында бір жерде қарастырған.
Мысалдарын қараңыз:
1.Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі (Абай).
2. Көшелерім көк плющ,
Өмір қызық, көңіл шат (Саяділ).
3. Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем (Абай).
4. Ел еңсесін көтерген
Шаттық заман кез келді
Өмір берді Сталин,
Бозбаламын мен де енді (Нұрпейіс).
5.Қарабай мен Сарыбай аңға шықты,
Екі дос бірін-бірі сүйді, құшты («Қозы –Көрпеш ...»).
6.Әлібектің оқыған мектебі де – үлгілі мектеп, және де өзі де тырысып
оқиды.
7. Колхозда, бір жағынан, шөп те шабылып жатыр, әрі ерте піскен
егінге де орақ түсті.
8. Арықтың құйысы телегей-теңіз, айдын көл: бұл күріштің егістігі
(Әбділдә).
Бұлардың 1,2,5,7 сөйлемдер қазіргі жіктеу бойынша мегзілдес салалас
та, 3-іншісі – салыстырмалы салалас, 4-іншісі – себептес, 8-іншісі –
түсіндірмелі салаластар. С.Жиенбаевтың түсіндіруінше, «ыңғайлас
салаластардың мағыналары бірыңғай келеді, олардағы уақиға, я фактілер –
бір мезгілде, біріне-бірі анықтап, толықтырып тұрады». Сонымен қатар,
«салаластың ең дағдылы түрі де – осы ыңғайлас сөйлемдер болу керек».
Сондықтан тілімізде мұндай конструкциялар да жиі ұшырасады.
Қарсылықты мен себеп-салдарлы сөйлемдер негізінде тек формалық
белгілерінен ғана білінеді, ал мағыналық жақтарына келсек, олар
сабақтастарға барып ұштасады (мұндай ара қатынас сабақтаста да бар)
(Көрсетілген еңбек. 1941. 11 б.) –дейді. Бұлай деулерінің де негіздері жоқ
емес. Бұлардағы салаластардың мағыналық түрлерінің көбеюін, олардың
мағыналарын нақтылайды, дегенмен де, мектеп бағдарламасында олардың
санын азайтып, жинақтаған да артық болмас еді. Жоғарыдағы мысалдардан
байқағанымыздай, ыңғайлас құрмалас құрамында мезгілдес салаластармен
қатар, салыстырмалы, себептес және түсіндірмелі салаластарды да
қамтыған. Себептес сөйлемдердің бір тобын ыңғайластар қатарында қарау
себебін бұлардағы себептестік мән өте кең жалпылама мағынадағы
себептестік деп түсіндіреді. Ал салыстырмалы және түсіндірмелі
салаластарды ыңғайластың құрамында қарастыру себептерін оған берген
ережеден-ақ байқауға болады (Көрсетілген еңбек. 1941. 11 б.).
Ыңғайлас саластардың көсемше баяндауыштыларына мынадай
мысалдар келтіреді:
1. Әуеде әнші құстар өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бенен қу (Абай).
2. Аздан соң ас жиылып, тілмаш кетті (Мұхтар).
3. Олар ауылда қалып, біз жүріп кеттік (Көрсетілген еңбек. 1941.
11 б.).
2.) Қарсылықты салалас құрмаластар. «Қарсылықты салаластың
бірінде айтылған сөз (ой) екіншісіне қайшы келеді. Бұлардың араларына –
бірақ, сонда да дегенмен, сүйтсе де деген сияқты жалғаулықтар, я болмаса
жалғаулық мәнді сөздер тұрады.Өлеңді сөздер, әсіресе, ауыз әдебиетінде
жалғаулықтардың айтылмайтындары да болады» (Көрсетілген еңбек. 1941.
11-12 б.)
–деп анықтама береді. Берілген сөйлем қарсылықты болу үшін
оның жалғаулықсыз түріне жалғаулық қою арқылы тексеру керек дейді.
Мысалы: «Қылыш жарасы бітер, сөз жарасы бітпес» дегенді «Қылыш
жарасы бітер, бірақ сөз жарасы бітпес» деп, өзгертуге болады, яғни оның
қарсылықты мәні айқын көрініп тұр. Ал, «Ол әрі кетті, мен бері кеттім»
дегенді «Ол әрі кетті, бірақ мен бері кеттім» деп айтуға болмайды, оның
қарсылықты
мәні
әлсіз
болғандықтан,
ыңғайластың
құрамында
қарастырылуы керек дейді.
3.) Талғаулы салалас құрмалас сөйлем. «Мағыналары я бірыңғай емес,
я біріне-бірі қарсылықты емес, екі жақты болып келген сөйлемдер талғаулы
салалас болады. Талғаулы деген термин кең мағынада алынады. Дәл
мағынасындағы талғаулы сөйлемдер де, бұрынғы кезектес, бейтарап аталып
жүрген сөйлемдер де осы талғаулының тобына қосылады» (Көрсетілген
еңбек. 1941. 12 б.) деген анықтама береді.
Автордың талғаулы мен кезектесті ажыратпай, екеуін де бір жерде
талғаулы салалас деп қарастырудың мәні – олардың бойындағы жалпылық
«екі жақты» мағына ұқсастығын алған. Қазір бұлар ажыратылып, жеке
қарастырылып жүр. Басты себеп – олардағы оқиға, іс-әрекеттердің
орындалу көрінісінің әр жақты болуына негізделеді: жоғарыда
көрсетілгендей, талғаулы салаласта оқиғаның орындалуы көрінісінің әр
жақты болуына негізделеді: жоғарыда көрсетілгендей, талғаулы салаласта
оқиғаның орындалуы компоненттің біреуінде ғана болса, кезектесте –
екеуінде де кезектесіп орындала беретін болады (Қ.Есенов. Құрмалас
сөйлемдер синтаксисі.1995 ж., 43 б.).
4.) Себеп-салдарлы салалас құрмалас сөйлем. «Салаласқан сөйлемдер
бір-бірінің себеп нәтижесі болып келесе, себеп-салдарлы болады. Оларды
жалғаулығы үйткені, сондықтан, сол себепті және т.б. осы мәндес сөздер»
1.Көрсетілген еңбек. 1941. 12 б.
. Салаластың бұл түрінде де кейбір салаластарды
себептестік мағыналарының кең, жалпылық сипатта болуына байланысты
жоғарыдағы қарсылықты салаластардағыдай ыңғайластардың құрамында
қарауды ұсынады. Мәселен, «Қоңырау соғылды да, балалар класқа кірді».
«Үйге Әлішер келді де, екеуміз киноға бардық» дегендерді ыңғайлас
салаластар деп, «Қоңырау соғылмады да, балалар далада тұра берді». «Үйге
Әлішер келді де, киноға бара алмадық» дегендерді себеп-салдарлы
салаластар деп ажыратады.
Салаластарды
жіктеудегі
С.Жиенбаев
классификациясының
ерекшеліктері: біріншіден, оларды неғұрлым жинақылап, топтауға
ұмтылуында; екіншіден ерекшелігі салаластарды логикалық тұрғыдан
танып, көсемше баяндауышты құрмаластарды тұлғасы жағынан – сабақтас,
мағыналық жағынан салаласа байланысқан сөйлемдерді ғылыми
әдебиеттерде болса да (мектеп оқушыларына қиындық келтірмес үшін
жоғарыда аталғандарды шартты түрде сабақтас құрамында қарастыруға
болады деген пікірі бар (Көрсетілген еңбек. 1941. 10 б.), салалас құрамында
қарауды ұсынуы. Сонымен қатар, ыңғайластарға көп мән беріп, оларды
салаластардың нақтылы түрі ретінде тануы, қарсылықты және себеп –
салдарлы салаластарды нақтылай түсу үшін жасаған әрекеттері негізсіз емес
деп ойлаймыз. Тіліміздің сөздік қоры молаюымен қатар, оның жаңа
стильдік қолданыстарына сәйкес жаңа синтаксистік құрылымдар пайда
болды. Сол ыңғайда құрмаластардың мағыналық ауқымдары да кеңейді.
Қоғамдағы ғылымның, ойдың дамуы формаларды да дамытатыны сияқты,
салаластарға байланысты грамматикалық ұғымдардың кеңеюі де заңды
нәрсе. Олай болса, салаластарға да байланысты «С. Жиенбаевтың мынадай
қателері болды, мына айтқан ойлары дұрыс емес» деген сияқты
сыңаржақтылықтан гөрі, олардың, ғалым пікірлерінің маңызды жақтарын
жинақтауға тырыстық.
Құрмаластың салаласынан гөрі сабақтастарына байланысты зерттеу
еңбектер жалпы тіл білімінде болсын, түркітануда болсын өте көп
кездесетінін жоғарыда айттық. Бұндай ерекшелік, сонымен қатар, қазақ тіл
біліміне тән. Және аталмыш категорияға қатысты қайшылықты пікірлер
қазақ тіл білімінде де болмай қойған жоқ. Ондай қайшылықтардың
туындауына ең басты себеп тіліміздің алғашқы грамматикаларын
жазушылар, негізінен миссионерлік бағыт ұстады, соған орай тіліміздің
ішкі заңдылықтарына жете мән берілмеді, тек ауыз әдебиеті
материалдарына сүйеніп, тіліміздің ерекшеліктерін орыс тіліне аударылған
мағынасында түсіндірді. Сонымен қатар, «кеңес үкіметі тұсында қазақ
әдеби тілінің қарқынды дамып, осындай дәрежеге жетуімен қатар (өсумен
қатар – Б.Б.), келешегінің күңгірттеніп, құрылымдық-жүйелік сипатының
өзгере бастау тенденциясының болғанын, орыс тілінің әсері мейлінше
ұлғайып, тек жекелеген сөздердің, терминдердің аударылмай, сол күйінде,
орыс тіліндегідей түрінде ғана емес, сонымен бірге сөйлем құрылысында,
сөз саптау ерекшеліктерінде, сөз байланыстарында орыс тілінің танымсыз
ықпалы байқалып отырды» (С.Исаев. Қазақ әдеби тілінің тарихы 1996 ж.,
294 б.).
Жалпы
бағыныңқының,
немесе
сабақтастардың
формалық
ерекшеліктері құрмалас сөйлемнің даму тарихына байланысты нәрсе.
Құрмаластардың даму тарихы туралы С. Жиенбаев: «Қай тілдің болса да
ілгері дәуірлерінде сөйлем структурасы онша күрделі болмайды. О бастағы
негізгі конструкциялар жай сөйлем болып отырады да, сол сөйлем туады.
Лингвистиканың қорытындылары бойынша, құрмаластың сабақтас, салалас
түрлерінің өзі қатар тумайды. Құрмаластың алғашқы түрі – салалас
құрмалас. Салаластың өзі де – тілдің, онымен қатар, ойлау процесінің біраз
күрделіге айналғанының белгісі» (Көрсетілген еңбек. 1941. 11 б.)-деп, дұрыс
қорытынды жасаған. Профессор П.Ф.Яковлевтің құрмалас сөйлемдердің
даму тарихы туралы айтқан пікірлерін келтіре отырып, «тілдердің даму
тарихында көп мәселелерле бірыңғайлылық барын ескерте кетпекшіміз. Бұл
жалғыз Яковлевтің ұсынып отырған принцибі емес, лингвистикада жалпыға
танылған принцип» дей келе, тілді зерттеудегі тарихи принциптің
маңыздылығын көрсетеді.
Жай сөйлем құрамына енген сөздер бір-бірімен грамматикалық қалай
тығыз байланыста тұрса, құрмаластар құрамына енген жай сөйлемдерде бір-
бірімен сондай тығыз байланыста болады. Тек мағыналық байланыс арқылы
жай сөйлемдердің бастары бірігіп, күрделі бір бүтін болады. Бұндағы жай
сөйлемдер байланысы бірде теңдік дәрежеде салаласа байланысса, бірде
бір-біріне меңгеріле, бағына байланысу арқылы сабақтаса байланысады.
Жалпы құрмалас сөйлемдер бір-бірімен әр түрлі дәнекерлер, амал-тәсілдер
арқылы байланысады. Құрмаластардағы компоненттерді бір-бірімен
байланыстыратын өнімді жолы – бірінші сөйлем баяндауышының
тиянақсыз тұлғада келуі. Осы ыңғайда, С.Жиенбаев та: «Құрмалас сөйлем
системасындағы формалық критеридің ең негізгісі, біздіңше – бағыныңқы
сөйлемнің баяндауышының формасы» (Көрсетілген еңбек. 1941. 11 б.) –деп
сабақтастар жөніндегі талдауларын бағыныңқының формасынан бастайды.
Көсемше арқылы байланысқан құрмалас сөйлемдерді салаластарға да,
сабақтастарға да мағыналық тиянақтылығына байлынысты жатқызғанын
жоғарыда айттық. Өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы
сабақтастардың
бірсыпырасында
бағыныңқы
компонент
басыңқы
компонентке тек тұлғалық жағынан ғана тәуелді болады да мағынан
жағынан тиянақты, басыңқының ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен
салаласа байланысады. Бұндай қатынастағы сабақтастар шартты түрде
(формалық тиянақсыздығына қарай) танылған деп түсіну керек сияқты. Бұл
туралы Қ.Есенов: «Мұндай мақсат – тұлғалық тиянақсыздықтағы
бірізлілікті сақтау» (Көрсетілген еңбек.Қ.Есенов . 1995 ж., 17-18 б.) деп
ескерткен болатын
Қөсемшеден басқа бағыныңқы баяндауыштарының формасына
келтірілген бірлі-жарым мысалдары болмаса, жалпы бағыныңқы
баяндауыштары «я етістіктен, я есімнен болады» (Көрсетілген еңбек. 1941
ж., 11 б.) - деп қана кетеді.
Сабақтар мен салаластар арасында мағыналық параллельдер
болатыны белгілі (қарсылықты бағыныңқы – қарсылықты салалас, себеп
бағыныңқы – себеп-салдар салалас, т.б.) Бұлардың ерекшелігі ретінде
салаластарда – алдыңғы сыңар баяндауышының бастауышымен қиысуын,
сабақтастарда бағыныңқы баяндауышының тиянақсыз болып келуін алады.
Орыс тіліндегі «придаточное предложение» мен қазақ тіліндегі
«бағыныңқының» мағыналық сәйкестігі бары, балама ретінде жұмсалатыны
белгілі. Бірақ бұлардың арасында елеулі айырмашылықтар да бар,
С.Жиенбаев осындай айырмашылықтардың бірі ретінде интонациялық
ерекшелікті атайды: «Орыс тілінің бағыныңқылары мен басыңқыларының
арасында арнаулы пауза болады және дауыс та құбылып тұрады.
Бағыныңқылардың барлығы да онда басыңқыға түрлі көмекші сөздер
арқылы
жалғасады
(что,
когда,
который,
т.б.).
Ал
біздің
бағыныңқыларымыздың
ішінде
баяндауыштары
шартты
раймен
келгендердің және есімшеге –мен қосымшасы жалғанғандарында ғана
айрықша интонация болады да, онан басқаларының айтылуы жай мүшенің
айтылуындай, жай мүше сияқты келесі мүшеге жанасып тұрады және
араларында жалғаулық дәнекер болмайды» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж.,14
б.). Мысалы: Поезд келгесін, билет сатыла бастады – Билет поезд келгесін
сатыла бастады. Шындығында екінші қолданыста, яғни бағыныңқы
басыңқының алдына кіріккенде дауыс кідірісі мүлдем білінбейді.
Құрмаластың
сабақтас
түрлеріндегі
бағыныңқы
сөйлемдердің
басыңқыларынан бұрын орналасуы – түркі тілдерінің табиғатына тән
құбылыс. Солай бола тұрса да, бағыныңқы компоненттердің басыңқысының
ортасына кірігуі, басыңқысынан кейін келуі сияқты құбылыстар жиі
кездесіп отырады. Бұндай құбылыстардың мәні:
1.)Жай сөйлемдерді жанаса байланысқан сөздердің айтылмақ ойдағы
мәніне қарай баяндауышна бірде алшақ, бірде –қатар орналасуы сияқты
құбылыс (Мен ауылдан кеше келдім –Кеше ауылдан мен келдім.) және де
бұлар, көбіне, мезгіл бағыныңқы сабақтасқа тән құбылыс, сонымен қатар,
бұнда сабақтастың бағыныңқысы басыңқының ортасына кірігеді;
2.) Бағыныңқының басыңқы сөйлем соңынан орын ауысып келуі,
инверциялануы, Қ. Есеновтің айтуы бойынша, бұндай сирек кездесетін
құбылыс, көбіне халықтық поэзияда, ішінара прозада, мәселен С. Мұханов
шығармаларында, кездесіп отырады және шартты сабақтас құрмаластарда
болады (Көрсетілген еңбек. Қ.Есенов. 1995 ж., 111 б.), қазақ тілінде, жалпы
түрік тілдерінде де, құрмаластардың құрамындағы жай сөйлемдердің орын
тәртібі туралы А.Н.Кононов (Көрсетілген еңбек. Қ.Есенов. 1995 ж., 113 б.),
А.Ысқақов (А.Ысқақов. Қазақ тіліндегі сабақтас құрмаластағы бағыныңқы
сөйлемнің даму жолы туралы /ҚазССР ҒА Хабаршысы. 1948 ж., №3, 80 б.),
Р. Сыздықова назар аударған болатын, бірақ олар бағыныңқының
басыңқыдан кейін келу жайын ғана айтқанды. Жалпы, бағыныңқының
басыңқығы кірігуі, онан кейін тұруы сияқты тілдік құбылыстар арнайы
зерттеуді керек ететін мәселе деп ойлаймыз. С. Жиенбаев бұл сияқты
құбылыстарды мысалға келтіргенде олардың мәнін ашу емес,
бағыныңқының басыңқыға кірігуі ыңғайында интонациялық жіктің ары
қарай әлсізденіп, тіпті білінбей кететінін білдіруді көздеген.
«Таң біліне ауылдан шықтық» , «ауылдан таң біліне шықтық» ,
«ауылдан күн көтеріе шықтық» дегендердегі асты сызылғандарды тәуір
көру, қадір тұту, ауыз ти, таң қалу сияқты тұрақты тіркестермен
шатастырып, жай пысықтауыш деп түсінуге болмайды деген пікірімен
келісу керек.
«Күн жоқта күлімсірер жұлдыз бен ай» деген мысалдағы
пысықтауыш дейміз бе деген сұраққа бағыныңқы сөйлем деп жауап береді
де, бұндай сөйлемдерді «шала сөйлем» деп атайды.
Бағыныңқылардың басыңқылардан бірде интонациялық жігі
бөлініп, оқшауланып тұрса, біразында интонациялық жік өте әлсіз,
білінбейді де. Соған сәйкес олардың алғашқыларын бағыныңқы,
соңғыларын үйірлі мүше деп атауды ұсынған. Үйірлі мүшелерді
сабақтастарға жатқызу себептерін үйірлі мүшелерге қатысты бөлімде айтып
өткенбіз. Интонациялық жіктердің әлсіздігінен мезгіл , себеп бағыныңқылы
сөйлемдерді үйірлілер қатарында талдайды, әрине бұларымен келісуге
болмайды.
Бағыныңқы сөйлемдердің таптастырылуы туралы : «Бағыныңқы
сөйлемді басыңқы сөйлемнің бір мүшесі қатарында есептеу керек. Басыңқы
сөйлем дегеніміз – жай сөйлем. Олай болса, бағыныңқыларды да жай
сөйлемнің мүшелеріне жіктейміз. Жай сөйлемдерде қандай мүшелер
болады? Ондағы мүшелер – бастауыш, баяндауыш, анықтауыш,
толықтауыш, пысықтауыштар. Олай болса бағыныңқылар да негізінде сол
ізбен анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш бағыныңқы болып, бастауыш,
бяндауыш бағыныңқы болып жіктелуге тиіс. Осылай еткенде жай сөйлем
мен сабақтас сөйлем арасында белгілі бір тетелестік сақталады, жай
сөйлемді талдауды меңгеріп алсақ, сабақтасты да сол принциппен
тексереміз» (Көрсетілген еңбек. 1947ж.,17 б.) – деп, сөйлем мүшелері мен
бағыныңқылардың қызметін пара-пар қояды да , сабақтастарды сол ыңғайда
жіктеуді қолдайды. Бұлай жіктеу 50-жылдарға дейін қазақ тіл білімінде
болып келді, кейіннен бағыныңқы компоненттің тиянақсыз формасы негізге
алынып, салаластардағыдай мағыналық қарым-қыатынасы ыңғайында
талдана бастады. Қазіргі үркі тілдерінің бірқатарында бұл принцип әлі де
сақталуда» (Исследование по сравнительной грамматике тюрских языков.
ІІІ Синтаксис. Э.А.Грунина, Н.З.Гаджиева,Н.А.Баскаковтарды қараңыз).
Бағыныңқы компоненттің сөйлем мүшелерінің атқаратын қызметтерімен
тепе-тең қарастырылуының негізсіз еместігіне Қ.Есеновтың : «Қазақ
тіліндегі бағыныңқы сөйлемдердің дені өз басыңқыларымен қарым-
қатынасына қарай пысықтауыштық ыңғайда жұмсалады» (Көрсетілген
еңбек. Қ.Есенов : 1995ж. 73 б.) деуі дәлел.
Дегенмен, шартты бағыныңқы мен қарсылықты бағыныңқы
сөйлемдерді бұлайша талдауға болмайтынын айтып , оларды сабақтастың
нақтылы түрі деп берген. Сөйтіп, сабақтастарды нақтылы және үйірлі мүше
деп екіге бөледі.
Осы
ыңғайда
нақтылы
бағыныңқы
сөйлемдердің
баяндауыштарының формасы екі-ақ түрден – шартты рай мен есімшеге
-мен қосымшасы алғанған түрінен болатынын көрсеткен. Оған үйірлі
мүшелер қатарында қате қарастырған үйірлі пысықтауышты жасаушы
есімшенің –ған формасынан кейін жалғанатын соң, сайын, бойға (бойда) ,
т.б. деген сөздердің тіркесуі арқылы жасалатын формаларды, есімшенің
жатыс септікті түрі, есімшеден соң –дықтан құрама қосымшаның, -ба
қосымшасының жалғанылуын, көсемшенің –п, -қалы, -а жұрнақтарының
жалғанылуынан жасалған формаларын қосуға болады. Қазіргі қазақ тілінде ,
мәселен Т.Қордабаев еңбектерінде, бағыныңқы компонент баяндауыш
қызметін атқарып, оны басыңқымен сабақтаса құрмаластыратын етістік
түрлеріне төмендегілер жатады делінеді : 1) көсемше формалы етістіктер,
2)есімше формалы етістіктердің кейбір септікті немесе септеулік шылаулы
түрлері, 3) шартты рай формалы етістіктер, 4) кейбір септік жалғауында ,
болмаса септеулік шылауларға тіркесе айтылатын –у, -ыс, -іс формалары »
(Т.Қордабаев . Қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. 1995 ж.,
84 б.). Бұл айтылғандарды , жалпы алғанда, С.Жиенбаев пікірлерінен
туындаған деп есептеуге болады.
Жоғарыда С.Жиенбаевтың сабақтастарды нақтылы және үйірлі
мүшелі сабақтастар деп екіге бөлгенін айттық. Бұлай бөлудің мәні ,
біздіңше , құрмаласқан жай сөйлемдердің интонациялық жігінің көрінуіне
байланысты. Бағыныңы (нақтылы) сөйлемдердің формасы екі-ақ түрлі
дейді: шартты рай мен есімшеге –мен қосымшасының жалғануы арқылы .
Шындығында да , жік үйірлі мүшелі бағыныңқыларына қарағанда (үйірлі
мүшеліге сабақтастарды қате келтірілген) айқын да, үйірлідегі
сабақтастарында интонациялық жік әлсіз, тіпті білінбейді де. Мысалдарын
қараңыз :
Бағыныңқы сөйлемдер:
1)Шартты бағыныңқы : Бұлақты таудан арна ақса,
Теңіз болар аяғы (Жамбыл).
2) Қарсылықты бағыныңқы : Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Асылан, жүк орнынан қозғалмады (Крылов)
3)Мезгіл пысықтауыш бағыныңқы : Асқар жолаушылап келе жатса,
жолда шөпшілердің қосы тұр екен (Сәбит).
4)Толықтауыш бағыныңқы : Ұяда не көрсең , ұшқанда соны ілерсің.
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан (Абай).
5)Анықтауыш бағыныңқы : Өзіңе қандай қөйлек алсаң , маған да сондай
қөйлек ал.
6) Пысықтауыш бағыныңқы: Адам қалай жүрсе, көлеңке де солай жүреді.
Қалай тәрбиелесең , бала да солай өспек.
7) Баяндауыш бағыныңқы : Ағашы қандай болса, жемісі де сондай. Еңбегі
қандай болса, өнбегі де сондай.
8) Бастауыш бағыныңқы : Кімді айтсаң сол келер.
Үйірлі мүшелер қатарында қате қарастырылған сабақтастар : Мен
барған сайын Сәлім кітап оқып отырады. Қоңырау соғылған соң, класқа
кірдік. Поезд келген бойға жолаушылар перронға шықты. Күн жоқта
күлімсірер жұлдыз бен ай (Абай). Көзіңді қөзіңе беттетпейтін күннің өткір
сәулесі аппақ қарға шағылысқанда, күртіктің бетіндегі ұлпа, жұмсақ
қардың әр түрлі жұлдыздары көпірде шашқан күістің шаңындай жылт-
жылт,жарқ-жұрқ етеді (Сәбит). Заманнан заман өткенде, жас жетпіске
жеткенде, Лениндий ер көрдім (Жамыл). Тұяқбай Итбай аулына көшкелі,
Амантай қатысқан жоқ-ты (Сәбит). Жүрегі орнына түсіп жайланғанша,
Асқар Сағиттан Ботакөз жайын сұрамады (Сәбит). Көсе қой айдап келе
жатса, бір адам пар өгізбен жер жыртып жүр екен (ертегіден). Ойы
ұнамды шыққан соң, Ботакөз қуанып кеті (Сәбит). Күн кешкіріп
қалғандықтан, тоқтауға командир қарсы болған жоқ (Сәбит) . Тағы да
солай тістей ме деп, Ботакөз ұмтылған қаздан қаша жөнелді (Сәбит).
Құрмалас сөйлемдер жөніндегі пікірлерін қорытындылай келе,
оларды салалас, сабақтас деп екіге бөледі. Ал аралас құрмалас туралы:
«Жай сөйлем мен салалас я сабақтас сөйлем, я болмаса құрмалас сөйлем
екеу-үшеуі қабат келсе, аралас құрмалас сөйлем деп аталып жүр. Төл сөзі
бар сөйлемдер де аралас құрмаласқа жатады. Аралас құрмалас сөйлемнің
өз алдына басқа бір заңдары жоқ. Сондықтан синтаксисте ондай аралас
келген сөйлем түрлерін бөлекше категория деп есептемеуге болады»
(Көрсетілген еңбек. 1941 ж. 33 б.) - дейді. Бұндай көзқарас онан кейін
қазақ тіл білімінде де орын алды: «... дұрысында жапсалу жолы жағынан
келгенде, аралас құрмалас сөйлемдер құрмаластың ерекше бір түрі деп
саналмайды. Өйткені мұнда оның өзіне тән амал-тәсілдері болмайды, тек
бұрыннан белгілі сабақтаса, салаласа байланысу амалдарының қабаттаса
келуіне ие болып отырады»(Көрсетілген еңбек. Қ.Есенов. 1995 жыл,.114
б.), аталмыш тақырып соңғы кезеңдерге дейін арнайы зерттелмей келді де,
1997 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі аралас құрмалас сөйлемдер» деген
тақырыпта кандидаттық диссертация қорғалды (Сағындықұлы Б. Қазіргі
қазақ тіліндегі аралас құрмалас сөйлемдер. КДА.А-ты. 1997 жыл).
С.Жиенбаев салаластарды: 1) ыңғайлы салалас, 2) қарсылықты
салалас, 3) талғаулы салалас және 4) себеп-салдарлы салалас құрмаластар
деп бөліп, «ыңғайлас, қарсылықты, себеп-салдарлы салаластар
жалғаулықпен де, жалғаулықсыз да айтыла береді. Талғаулы салалас
жалғаулықсыз кездеспейді» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 32 б.) - деп
қорытады.
Салаластардың
компоненттерін
байланыстыратын
жалғаулықтар туралы: ыңғайласта да, және, әрі; қарсылықтыда – бірақ,
алайда, дегенмен; талғаулыда – я, не, немесе, біресе, бірде, кейде; себеп-
салдарлы салаластарда – сондықтан, сол себепті, үйткені жалғаулықтары
болатынын көрсеткен. Да жалғаулығының мағынасына қарай ыңғайласта
да, қарсылықтыда да, себеп-салдарлы салаластарда да қолданылатынын
айтқан. Мысалы: Кәрім қағаз жазды да, Керім кітап оқыды – ыңғайлас,
Машина болмады да, Кәрім жүре алмай қалды – себеп-салдарлы, Кәрім
келді де, Кемел келе алмай қалды – қарсылықты.
Жалпы салаластардың жалғаулықсыз келетін түрі – түсіндірмелі
салаласты ыңғайлас құрамында қараған. Бұл оның ыңғайласқа берген
анықтамасына сәйкес. Қазіргі қазақ тіліндегі салалас құрмаластардың
аталып жүрген жеті түрі (мезгілдес, себептес, қасылықты, шартты,
салыстырмалы, талғаулы, кезектес және түсіндірмелі (Көрсетілген еңбек.
Қ.Есенов. 1995 ж,.19 б.) С.Жиенбаев классификациясында жалпылама
қамтылған. Соңғы кездерге дейін салаластардың жалғаулықты және
жалғаулықсыз түрлерін құрмаласу жолдарына қарай деп бөлу орын алып
келді (Қазақ тілінің грамматикасы. ІІ бөлім. 1967 ж.; М.
Балақаев,Т.Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. 1974 ж.). Компоненттерінің
мағыналық қатынастары белгілі бір топқа жататын салаластарды С.
Жиенбаев бірге қарастырған. Соңғы шыққан оқулықтарда да салаластың
жалғаулықты, жалғаулықсыз түрлерін екі бөліп қарастырмай, бірлікте
алып жүр (Көрсетілген еңбек. 1996 ж., 32 б.).
Салаластардың, жалпы құрмаластардың да қолданылуының
жиіленуі қоғамдық дамумен байланысты. Соған орай салаластардың
мағыналық топтарының іштей сараланып, жаңа категориялар ретінде
қолданыла басталуы да заңды нәрсе. Ғылым тарихындағы салаластардың
жіктеудегі ала-құлалықты оның сандық я терминдік айырмашылықтарына
қарап емес, мәніне қарап бағалаған дұрыс шығар.
Сабақтастарды жіктеуде олардың бағыныңқыларының қызметін,
негізінен, сөйлем мүшелерінің қызметімен пара-пар қояды: «Сабақтастар
бағыныңқысының мағынасына қарай жіктеледі. Бағыныңқылар жеті түрлі,
оның бесеуінің функциясы сөйлем мүшелерінің функцияларымен бірдей»
(Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 32 б.).
Үйірлі мүшелі сөйлемдерді сабақтастардың қатарында қолдану
себептерін кезінде айтып өткенбіз.
Сабақтастарды былайша жеті топқа бөледі:
1.)Шартты бағыныңқы.
2.)Қарсылықты бағыныңқы.
3.)Анықтауыш бағыныңқы.
4.)Толықтауыш бағыныңқы.
5.)Пысықтауыш бағыныңқы.
6.) Бастауыш бағыныңқы.
7.)Баяндауыш бағыныңқы. ( 1.Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 32-33 б.).
Үйірлі мүшелі сөйлемдерді сабақтастармен бірге қарастырғанымен,
олардың ішіндегі жеке бір категория ретінде ерекшелеп көрсеткен:
«Шартты бағыныңқы мен қарсылықты бағыныңқының үйірлі мүше
формалары жоқ. Қалғандары я бағыныңқы, я үйірлі мүше түрінде
кездеседі» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 33 б.) .Үйірлі мүшелі сөйлемдерді
сабақтастың тұрлаусызы деп те атайды (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 33 б.).
Жалпы тіл білімінде сабақтастардың бағыныңқыларын бір топ
ғалымдар деформацияға ұшырап, басыңқының құрамына сіңісіп кеткен
деп таныса (В.А. Богородский, А.А.Шахматова, А.М.Пешковский,
Г.П.Ломтев, М.С.Бархадуров, Г.В.Кольшанский, Е.В.Гулыга, т.б.),
өзгелері бұларды сөйлем дәрежесінде таниды (Көрсетілген еңбек.
Қ.Есенов. 1995 ж.,52 б.). Қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы сабақтастың
бағыныңқысын «бітпеген шала сөйлем», «басыныңқының шылауындағы
қосшы сөйлем» -деп, басыныңқыны «сөйлемдік қасиеті молырақ» -деп
көрсеткен болатын (А.Байтұрсынұлы. Тіл –құрал. Ташкент. 1925 ж.).
С.Жиенбаев сияқты Н.Т.Сауранбаев та: «... бағыныңқылар басыңқы
сөйлемдегі бір жай мүшенің қызметін атқарады, я соның орнына жүреді»
(Н.Т.Сауранбаев. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. 49 б.) –
дейді. Бұл жайында М. Балақаевтың: «... жеке сөйлемдер құрмаластың
қарамағында мағыналық және интонациялық тиянақсыз қалыпқа
түскенімен, олар негізгі сөйлемдік белгілерін жоғалта алмайды»
(М.Балақаев. Қазіргі қазақ тілі. 167 б.) дегеніне сын көзбен қарау керек
сияқты.
Жалпы салаластарға қарағанда сабақтас құрмалас сөйлемдердің
тілімізде көп қолданылуы – ондағы шешімі қиын мәселелердің жиі
туындауына әкеліп соқтыратын факторлардың бірі. Екіншіден,
сабақтастардың кейбір түрлерінің интонациялық ара жігі айқын
көрінгенімен, бағыныңқы мен басыңқы аралығындағы интонациялық
әлсіздік те сабақтастар жөніндегі пікір кереғарлықтарының көбеюіне
әкеліп соқтырады. Сабақтастардың мағыналық, құрылымдық және т.б.
ерекшеліктері сараланып, бір жүйеге түсті деуге негіз жоқ сияқты. Бұндай
пікір, сонымен қатар, жалпы құрмаластарға да, құрмаластың құрылыс
материалы – жай сөйлемдерге де байланысты.
Сонымен, С. Жиенбаевтың құрмалас сөйлемдер жөнінде айтқан
пікірлерінің бірқатары қазір де мәнін жоймаса, бірқатары қазіргі түсінік
бойынша жаңсақ болғанымен, көкейтесті мәселелерді көтеруге оң септігін
тигізеді.
Құрмалас сөйлем туралы өз пікірлерін білдірумен қатар, осы
мәселелерді жөніндегі айтылған өзге ғалымдар пікірлеріне де сындарлы
пікірлерін білдіріп отырған. Біз сөз етіп отырған «Синтаксис
мәселелерінде» профессор С. Аманжоловтың «Қазақ тілі синтаксисінің
қысқаша курсында» (С. Аманжоловтың «Қазақ тілі синтаксисінің қысқаша
курсы. 1939 ж.) айтылған бірқатар мәселелер жөнінде көзқарастарын
жарияланған. Атап айтқанда, қиысу туралы, атаулы сөйлем туралы,
құрмалас сөйлемдердің классификациялануы туралы өз ойларын ортаға
салған. Енді осыларға жеке-жеке тоқталайық:
1.)Қиысу туралы. С.Аманжоловтың: «Жалпы есімдіктен басқа,
есімдерден болған бастауыш баяяндауышпен үшінші жақта ғана қиысады.
Бастауыштарға тәуелдік жалғау жалғанса да, баяндауыш үшінші жақта
ғана қиысады. Бастауыштарға тәуелдік жалғау жалғанса да, баяндауыш
үшінші жақта қалады, қиыспайды. Мысалы:
Кітап оқылды
(кітап –үшінші жақ).
Кітабың оқылды (кітабың –екінші жақ).
Кітабым оқылды (кітабым -! жақ) –деген пікірін С. Жиенбаев:
«Зат есім атауларының бәрі тек үшінші жақтық категория екенін,
сондықтан олар өздерінің баяндауышымен үшінші жақта тұрып
қиысатынын өзі дұрыс айтқан ... кітабым оқылды дегенде қиыспай тұр
деуі – жіктік жалғау мен тәуелдік жалғауды шатастырғаны. Автор қазақ
тіліндегі жақ категориясын көп шатастырған. Бұл қателердің бәрі де
автордың жақ формаларының тарихы мен осы күнгі тілдегісін
шатастырғанынан болып отыр. Тілдің өткен дәуірлерінде тәуелдік
жалғауы мен жіктік жалғауларының өзара байланысы болған деп
есептеледі. Мәселен, мен алдым, сен алдың дегендегі –м,-ң элементтері о
бастағы бірінші, екінші жақтық тәуелдік жалғаудан туған да болар. Бірақ
бұлар бәрі де тіл өмірінің ертеректегі дәуірінен қалған қалдықтар. Ал,
қазіргі тілімізде бұл сөздерді ешкім де тәуелдеулі сөз деп ұғынбайды, олай
ойлау мүмкін де емес, Қазіргі қазақ тілінде тәуелдік пен жіктік жалғау
арасында толық дифференция бар (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 36 б.) –деп
оң сынаған.
2.) Атаулы сөйлем туралы. С.Аманжолов «Оқу оқыған жігіт ауылға
келді», «Бізге кеше баяндама жасаған кісі келді» деген сөйлемдердегі асты
сызылған тіркестер атаулы сөйлем, ал жігіт, кісі деген сөздер
алдыңғысының баяндауышы, соңғысының бастауышы дейді. Және де
оларды салалас құрмалас деп танып (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 36 б.),
оны «Такая переходность имен и способность причастия воплощать в себе
значение союзных слов, является характерной особенностьяю языков
тюрской системы вообще, казахской в частности» (Көрсетілген еңбек.
1941 ж., 36-37 б.) - деп түсіндіреді. Бұл жөнінде С.Жиенбаев пікірі былай:
«Бұл жердегі ерекшелік, біздіңше, қазақ тілінің сөздерінде емес,
есімшелерінде. Есімшелер анықтауыш та, баяндауыш та бола
алатындығына байланысты, олар орыс тіліндегі бағыныңқы сөйлемдерді
әр уақытта жай мүшеге айналдырып жібереді. Ал енді Сәрсеннің ... зат
есімге де (жігіт, кісі – Б.Б.) есімше сияқты функция беріп отырғаны
атаулы сөйлем категориясы дұрыс емес, анықтауыштары есімнен болған
тіркестердің орыс тіліне аударылу ерекшелігін Э.В.Севортян ыңғайына
қарай атрибутивтік, кейде предикативтік қатынаста аударуға болатынын
көрсеткен. Оның айтуы бойынша, «ай жарық кеште» деген тіркес орыс
тілінде «ночь (в которой) луна светлая» деп те, «лунно-светлая ночь» деп
те түсінуге болатынын ескертеді (Исследования по сравнительной
грамматике тюрских языков. ІІІ. Синтаксис. 1961 г., с. 7-8).
С. Жиенбаевтың атаулы сөйлемдер жөніндегі мынадай ойларын
ерекшелеуді жөн көрдік:
а) Атаулы сөйлемнің бір-ақ сөзден келуі, ол сөздің атау тұлғалы зат есім
болуы, күрделенген жағдайда сол атау сөзге қатысты, соны анықтайтын
сөздер
тіркесе
келуі;
ә)
Атаулы сөйлемнің мағынасы контекстік мағына арқылы
айқындалатыны;
б) Толымсыздан айырмашылығы – толымсыз сөйлемдерде түсіп
қалған сөйлем мүшесінің орны көрініп тұрса, атаулы сөйлемде ол
сөйлемді толықтырудың қажеттілігі жоқтығы;
в) Тіл білімінде атаулы сөйлемдегі бас мүше бастауыш па,
баяндауыш па деген сұраққа, тіліміздің структуралық ерекшеліктеріне
қарай баяндауыш болады деуі;
г) Атаулы сөйлемнің структурасы ерекшелігі туралы, оның ішінде
тұрлаулы мүшеге талданбау-талдануы туралы қазақ тіл білімінде «атаулы
сөйлем тұрлаулы мүшеге талданбайды, басқаша айтқанда, оған ұйытқы,
тірек болып тұрған сөзді бастауыш не баяндауыш деп тап басып айтуға
келмейді» (Қазақ тілінің грамматикасы. 1967 ж., ІІ. Синтаксис. 130 б.)
тексерудің қажет ететіндігін ескертеді де, «қазақ сөйлемінде аяқта
баяндауыш тұрмаса, тиянақталмайды. Бұған қарағанда, біздің атаулы
сөйлемдеріміздегі атау сөздің өзі бастауыш болудың лайығы да жоқ, ол
сөз сөйлемді аяқтап тұрған баяндауыш делініп есептелу керек»
(Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 39 б.) - деп, атаулы сөйлемнің тірек сөзін
баяндауыш ретінде тануды ұсынады.
Ал жалпы атаулы сөйлем мәселесі кейінгі бірқатар еңбектерде
аталғанымен, оның нағыз ғылыми тұрғыдағы анықтамасы, дәл белгілері
айқындалған жоқ (Ж.Сәдуақасұлы. Қазақ тіліндегі бір құрамды
сөйлемдердің құрылымдық типтері. ДДА. А-ты.1997ж.).
3.)Құрмалас сөйлем туралы. Әрине, автордың бұл еңбегі жеке
мысалдардың ыңғайына қарай құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары мен
мағыналық белгілері сараланып берілгендіктен, оның мәні қазір де
жойылған жоқ. Сабақтастың үлестес деп аталатын түрі Қ. Есеновтың
соңғы еңбегінде бұрынғы ыңғайлас аталып жүрген сабақтастың атауы
ретінде қалыптасты (Көрсетілген еңбек. Қ.Есенов. 1995 жыл,.112 б.).
Құрмаластардың жіктеудегі С.Аманжоловтың кемшілігі ретінде
С.Жиенбаев салаластардың «ылғи ойдан шығарылған жасанды сөйлемдер
алынғанын», «көздейсоқ белгілерге қарап жіктелгенін», «егер мағыналық,
структуралық белгілеріне қарай таптастыратын болсақ, бұл 20 түрдің
ішінде бірінің шеңберіне бірі еніп кететін түрлері барын» атаса,
сабақтастарға байланысты салаластардағы кемшіліктермен қатар, кейбір
жай сөйлемдердің сабақтастар қатарында қате қарастырғанын дұрыс
сынаған.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қай ғылым саласы болмасын, өзіндік пайда болу, өсіп-өркендеу,
кемелдену, кезеңдері болатыны анық. Сондай тарих қазақ тіл біліміне де
тән. Қазақ тіл білімінің тарихы аталатын ғылымның мақсаты – өткенді біліп
қана қоюмен шектелмей, аталмыш ғылымның қазіргі күйін тереңірек
тануға, алға қоятын міндеттерін айқындауға негіз салу.
Зерттеу нысаны – С.Жиенбаевтың қазақ білімінде жазып қалдырған
мұраларын саралай келе, ғалым еңбектерінің ғылымға қосқан үлесі оның
теориялық және практикалық мәнділіктеріне сәйкес топтастырылуға тиіс
деген қорытындыға келдік:
Достарыңызбен бөлісу: |