Бозтай З. Б. аға оқытушы



жүктеу 120.56 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі120.56 Kb.
Бозтай З.Б. аға оқытушы

Халдыбетова А.И. оқытушы


Компьютерлік графика кәсіби маман даярлау құралы ретінде

(Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Астана қаласы)


Бүгінгі қоғам ақпараттық-технологиялық және құрылымдық артта қалушылықты жою, елдік ғылыми-технологиялық әлеуетті сақтау және дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып дамыту - стратегиялық мақсаттың бірі болып табылады. Бұл мақсаттардың айқын көрінісі ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында (ҚР МЖМБС 3.03) 050107 - «бейнелеу өнері және сызу» мамандығына қойылатын талаптар тізімінен де байқауға болады. Онда бұл мамандық иелерінің өндірісте көркем, интерьер, экстерьерді көркемдеу, өнеркәсіп орындарында, фирмада суретшілік, баспа орындарында кітап көркемдеуші қызметтер, сондай-ақ, жобалау-дизайнерлік жобаларды жасау, кәделі және кәсіптік графика (орауыш, этикет, марка, белгілі логотип, жарнама, буклеттер, пошта жиынтығы, т.б.) саласында жұмыс істеуге бағытталатыны көрсетілген. Сонымен қатар, кәсіптік даярлығына қойылатын талаптар тізімінде: «оқушыларды көркем-шығармашылық, оқу, еңбек және қоғам жұмыстарын басқарудың алдыңғы қатарлы әдісін, оқушылардың көркем-шығармашылық қабілетін, эстетикалық көзқарасын, пайымдау және баға беруін дамыту әдістемесін жете білу керектігі қажет етіледі [1]. Бұдан байқайтынымыз маман даярлау саясатындағы талаптардың ауқымын жоғарыда аталған стратегиялық мақсатты жүзеге асыруға негізделген талаптар кеңейте түсетінін көреміз.

Компьютерлік графика мен визуалды білім мүмкіндіктерімен байланысты еңбектер қарқынды даму үстінде. Оқыту бағдарламасында компьютерлік графиканы қолдану шығармашылық жағынан жеке адамды дамытады. Себебі, физиологиялық тұрғыдан адам миының оң жарты шарымен ойлаудың синтетикалық, бейнелі, интуитивті жағдай бойынша қамтамасыз ететіні белгілі. Кез-келген жүйенің осал тұсы мен қайшылығы да кездеседі. Алайда, компьютерлік графиканың бейнелеу өнеріне енуі көптеген мамандарды да толғантпай отырған жоқ. Ғалым, қайраткер Тоққожа Мұқажанұлының «Компьютерлік техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды. Қазіргі кезде компьютерді бейнелеу өнерінде пайдалану өнерге сәл салқынын тигізіп отыр. Өйткені техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды. Суретшілеріміз табиғатпен сырласуды қойды, пейзажды табиғатпен тілдеспей, компьютердегі бер жағы әсем картиналардан көшіру көбейді. Суретшілер қауымы өз қиялына қарағанда, біреудің талабының шеңберінен аса алмайтын дәрежеде қалды» деп айтуының орны бар [2]. Бірақ компьютердің бүгінгі қоғамның кез-келген саласының тек көркемдеу мен безендірумен ғана емес, ғылым мен медицинаның барлық саласында, коммерциялық және әкімшілік қызмет орындарында алуан түрлі ақпаратты көрнекі түрде көрсету үшін сызбалар, графиктер, диаграммалар жасау үшін қолданылады. Бұл талаптар бейнелеу өнері мамандарының кәсіби мәдениетінің бір компоненті ретінде маманның қызмет ету аумағын кеңейтіп келеді.

Қазақстандық ғалымдар Т.С. Садықов, А.Е. Әбілқасымованың «Жоғары мектепте білім берудің дидактикалық негіздері» еңбектерінде белсенді, шығармашыл және дербес тұлғаны тәрбиелеу және дамытуға қойылатын қазіргі талаптар мен қоғамның әлеуметтік тапсырысы бұл мәселелерді шешуге бағытталған педагогикалық зерттеулердің аса маңыздылығын атап өткен [3]. Мұнда жоғары білімді мамандарға қойылатын жаңа біліктілік талаптарын жобалаудың тиімділігі айтылады. Ал жоғары мектеп даярлаған маман қоғамның сұранысын қанағаттандырып, жұмыс берушінің маманға қоятын талаптарын орындай алуымен өлшенеді. Бүгінгі ақпарат кеңістігінің артуы компьютерлік графиканың практика жүзінде кез-келген бейнелерде қолданыла бастағанынан белгілі. Компьютерлік бағдарламалардың суретшінің ойын іс-жүзінде жүзеге асыра алатындай көптеген түрлері бар. Белгілі бір бағдарламалармен қамтамасыз етілген компьютер ХХ ғасырдың соңында суретшінің палитрасына айналып отыр. Қазіргі кезде бейнелеу өнері мамандарына сурет сала білу, суреттің, түс шығарудың, композицияның, модельдеудің теориялық негізін ғана білу жеткіліксіз болып отыр. Сонымен қатар, қазіргі күнгі технологияларды аса талғаммен, сауатты қолдана білу, графикалық редакторларды білікті пайдалана білу де қажеттілігі артуда.

Компьютерлік графика – есептеу техникасының құралдарының көмегімен графикалық бейнелерді құру және өңдеу технологиясы болып саналады. Adobe Photoshop графикалық редакторы өте кең қолданылатын растрлық редакторлардың бірі болып табылады. Adobe Photoshop инструменттерімен жұмыс жасауға үйрену, бейнелерді көркемдік редакциялау аумағында практикалық машық қалыптастыру – байқампаздық, көру арқылы есте сақтау, пішінді, сызықты, түсті сезіну сияқты қасиеттермен байланысты өте қызықты, әрі маңызды және күрделі процесс. Бұл редактордың көмегімен зақым келтірілген бейнелерді қалпына келтіруге, коллаж техникасындағы күрделі шығармашылық композицияларды орындауға, көркемөнер туындыларын түзудің әр түрлі техникаларын имитациялау (майлы бояу, акварель, сурет, тушь, қарындаш және басқалары), визиттік карталарды, буклеттерді, күнтізбелер мен плакаттарды және т.б. жасауға болады.

Дербес компьютерді пайдаланушылардың қатарында компьютерлік графикамен айналысатындардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі кез-келген мекемеде газеттер мен журналдарға жарнамаларға тапсырыс беру немесе жарнамалық парақшалар мен буклеттер басып шығару қажеттілігі туындады. Олардың кейбіреулері осындай жұмыстарды арнайы дизайнерлік бюролар мен жарнамалық агенттіктерге тапсырса, кейбіреулері қолда бар программалық құралдарын пайдаланып, өз күштерімен жасауға тырысады. Ол уақыт талабы.

Жоғары мектептегі «бейнелеу өнері және сызу» мамандары даярлаудағы білім мазмұнын дамыту стратегиясы кәсіби дайындық саласында біріншіден, тек теориялық біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық талаптарын да қанағаттандыруы тиіс. Нәтижесінде бітіруші мамандардың жұмысқа орналасу мүмкіншіліктерін арттыруды көздейді. Екіншіден, кәсіби бағыт беру қатарындағы пәндердің қатарын ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін пайдаланып, болашақ маманның технологиялық жетістіктерін арттыруға мүмкіндік беретін арнаулы курстарды енгізу; үшіншіден дипломдық жобаларының келешек еңбек нарқында пайлалану мүмкіндігімен сабақтастыруды қолға алуға бағдар береді. Бұл бағдарлар бейнелеу өнерінің ауқымының аса кеңейіп отырғанын көрсетеді. Ол тек бір жақты компьютерлік графика шеңберінде қалып қояды деген пікір емес, керісінше, ол баланың ақыл-ойы жетіліп, жағымды мінез-құлықтары мен адамгершілік қасиеттері қалыптасып, әсемдік пен сұлулықты қабылдау қасиеттерін арттыруға да даяр болады, әрі қоғамның кез-келген жағдайдағы нарықтық талаптарын да қанағаттандыра алады деген сөз. Қоршаған ортаға, табиғатқа деген эстетикалық сезімін шыңдай түсуге де мүмкіндіктер бар. Алайда қоғамның талабы өнер саласына қатар қойылады. Компьютерлік жүйемен жұмыс оқушылардың әлеуметтік қоғамның мүшесі болу қажеттілігін арттыра түседі. Қазіргі компьютерлік графиканың қолданылу әдісі бойынша мынадай негізгі салаларға бөлінеді:



Ғылыми графика. Алғашқы компьютерлер тек ғылыми және өндірістік есептерді шығару үшін қолданылды. Есептерден шыққан нәтижелерді дұрыс түсіну үшін оларды графикалық тұрғыда өңдеп, графиктер, мен диаграммалар, сызбалар тұрғызған. Машинадағы алғашқы графиктерді символдық режимде басып шығаратын. Кейін сызбалар мен графиктерді қағазға қаламұштың көмегімен сызатын арнайы құрылғылар – графиксалғыштар (плоттерлер) пайда болды. Қазіргі заманғы ғылыми компьютерлік графика әр түрлі есептеу тәжірибелерін жүргізіп, олардың нәтижесін көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Іскерлік графика – қандай да бір мекеме жұмысының көрсеткіштерін көрнекі түрде ұсыну үшін қолданылатын компьютерлік графиканың маңызды саласы. Іскерлік графиканың көмегімен жоспар көрсеткіштерін, есеп құжаттарын, статистикалық есептерді және т.б. объектілерді көрнекі түрде ұсынуға болады. Іскерлік графиканың программалық жабдықтары электронды кестелердің құрамында болады.

Конструкторлық графика - инженер-конструкторлардың, архитекторлардың, жаңа техниканы ойлап шығарушы өнертапқыштардың жұмысында қолданылады. Компьютерлік графиканың бұл түрі САПР-дың (систем автоматизации проектирования - жобалауды автоматтандыру жүйесі) міндетті элементі болып табылады. Конструкторлық графика құралдарын пайдалана отырып жазықтықтағы кескіндерді (проекциялар, сызбалар) ғана емес, кеңістіктегі үшөлшемді кескіндерді де жасауға болады.

Суреттеу графикасы (көркем графика) деп компьютер экранында ерікті түрде сурет салу мен сызуды айтады. Суреттеу графикасының пакеттері жалпы мақсатта пайдаланылатын қолданбалы программалық жасақтамалардың қатарына енеді. Суреттеу графикасында қолданылатын қарапайым программалық жабдықтарды графикалық редакторлар деп атайды.

Жарнамалық графика – теледидар пайда болғаннан кейін танымал бола бастады. Қазір компьютердің көмегімен жарнамалық роликтер, мультфильмдер, компьютерлік ойындар, видеодәрістер мен видеопрезентациялар жасалады. Оларды жасау үшін қолданылатын графикалық пакеттер осы мақсатта қолданылатын компьютерлердің жады мен жұмыс істеу жылдамдығына үлкен талап қояды. Осы графикалық пакеттердің басты ерекшелігі ретінде олардың шыншыл кескіндер мен «қозғалатын суреттерді» жасау мүмкіндігін айтуға болады. Үшөлшемді объектілерден тұратын суреттерді салу, оларды бұру, жақындату, алыстату, деформациялау үлкен көлемде математикалық есептеулерді қажет етеді. Мысалға, объектінің жарықтылық деңгейін сол объектіге түсіп тұрған жарық көзін, оны қоршаған заттардың, олардың көлеңкелерін есепке ала отырып бейнелеу үшін оптиканың заңдарын есепке алатын күрделі есептеулерді жүргізу қажет.

Компьютерлік анимация деп дисплей экранында қозғалатын кескіндерді жасау өнерін айтады. Суретші қозғалатын объектінің бастапқы және соңғы қалпын бейнелейтін суреттерді ғана салады, ал осы екі суреттің арасындағы барлық қозғалысты компьютер осы объектіні қозғалтуға қажетті алдын-ала белгіленген математикалық есептеулерді орындай отырып өзі суреттеп шығады. Белгілі бір жиілікпен бірінен кейін бірі пайда болатын осындай суреттердің жиынтығы экранда қозғалатын суреттерді бейнелеуге мүмкіндік береді.

Мультимедиа деп - компьютер экранындағы жоғары сапалы кескінді дыбыстық сүйемелдеумен біріктіруді айтады. Мультимедиа құралдары оқу-ағарту саласында, электронды ақпарат құралдарында және т.б. мақсатта қолданылады. Мультимедиа мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін компьютерге арнайы программаларды орнатып қана қоймай, арнайы құрылғыларды қосу қажет.

Компьютерлік графика үш түрге: растрлық, векторлық және фракталдық болып бөлінеді. Олар бір-бірінен монитор экранында бейнелену және қағаз бетіне басып шығарылған кезде кескіндердің қалыптасу принциптері бойынша ажыратылады.

Растрлық графикада кескіндер түрлі-түсті нүктелердің жиынтығынан тұрады. Графикалық ақпараттың осындай нүктелер жиыны немесе пиксельдер түрінде ұсынылуы растрлық түрдегі ұсынылу болып табылады. Растрлық кескінді құрайтын әрбір пиксельдің өз орны мен түсі болады және әр пиксельге компьютер жадында бір ұяшық қажет. Растрлық кескіннің сапасы сол кескіннің өлшеміне (тігінен және көлденең орналасқан пиксельдердің саны) және әр пиксельді бояуға қажетті түстердің санына тәуелді болады. Мұндай типті кескіндер Adobe Photoshop, Corel Photo, Photofinish секілді қуатты графикалық редакторларда өңделеді. Растрлық кескіндер векторлық кескіндерге қарағанда сапасы жоғары, әсерлі болады. Қарапайым фотосуреттердің өзі компьютерде растрлық кескін түрінде сақталады. Растрлық кескіндерді Paint, Adobe Image Ready секілді программаларды қолданып қолдан жасауға да болады. Растрлық кескіндердің артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Артықшылығы: растрлық кескінді түзетуге, әдемілей түсуге, яғни оның кез-келген бөлігін өзгертуге болады; нүктелерді қажет болмаса ішінара алып тастауға немесе қоюлатуға, сондай-ақ кескіннің әр нүктесін ақ-қара немесе басқа кез келген түске өзгертуге болады. Кемшілігі: растрлық кескін өлшемінің масштабын өзгерткенде (бір немесе бірнеше бағытта созу немесе сығу) кескіннің сапасын жоғалтатыны. Мысалы, кескінді үлкейткенде, оның көрінісі дөрекіленіп кетсе, кішірейткенде – кескін сапасы өте нашарлап кетеді (нүктелерін жоғалтқандықтан). Растрлық кескіндердің тағы бір кемшілігі – файлдар өлшемдерінің өте үлкендігінде (түстері неғұрлым көп және сапасы жоғары болған сайын, олар соғұрлым үлкен болады). Бірақ бұл кемшіліктеріне қарамастан, қазіргі техникада растр өте жоғары сапалы кескін алуға мүмкіндік береді. Сондықтан растрлық кескіндер көркем графикада кеңінен қолданылады. Растрлық графика электронды (мультимедиалық) және полиграфиялық басылымдарды жасап шығару үшін де жиі қолдылады. Растрлық графикалық редакторлар көбінесе жаңа суреттерді салу үшін емес, дайын суреттерді өңдеу үшін қолданылады. Осы мақсатта көбінесе суретшілердің қолымен салынған дайын суреттер сканерленіп алады немесе фотосуреттер алынады. Соңғы кездері растрлық кескіндерді компьютерге енгізу үшін сандық фотокамералар мен видеокамералар кеңінен қолданылуда. Векторлық кескіндер, бұл - сызық, доға, шеңбер және тікбұрыш сияқты геометриялық объектілер жинағынан тұратын кескіндер. Бұл жерде вектор дегеніміз - осы объектілерді сипаттайтын мәліметтер жиынтығы. Векторлық графиканың басты артықшылығы оған кескін сапасын жоғалтпай өзгеріс енгізуге, оңай кішірейтуге және үлкейтуге болатындығы. Келесі артықшылығы - векторлық кескіндердің ақпараттық көлемі растрлық кескіндермен салыстырғанда әлдеқайда аз болады. Векторлық кескіндер СorelDRAW, Adobe illustrator, Micrografx Draw секілді векторлық графикалық редакторларда жасалады.

Векторлық графикамен жұмыс істеуге арналған программалық құралдар бірінші кезекте кескіндерді өңдеу үшін емес, оларды жаңадан салу үшін қолданылады. Бұндай құралдар жарнама агенттіктерінде, дизайнерлік бюроларда, редакциялар мен баспаханаларда кеңінен қолданылады. Қарапайым геометриялық объектілер мен қаріптерді пайдалануға негізделген безендіру жұмыстары векторлық графика құралдарының көмегімен әлдеқайда оңай іске асады [4].

Қорытындылай келгенде маман даярлау бағытында компьютерлік графика негізгі құрал ретінде қарастырамыз. Оны бейнелеу өнері мен сызу мамандарының кәсіби сапасының бір қыры ретінде танимыз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Жоғары міндетті білім беру стандарты. - ҚР Білім және ғылым министрлігі (ҚР МЖМБС 3.03). «050107 - бейнелеу өнері және сызу» мамандығы. - Астана, 2006 жыл.

2. Суретшілер табиғатпен сырласуды қойды. //Алаш айнасы: Республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет. – 2009. - 21 сәуір.

3. Садықов Т.С., Әбілқасымова А.Е. Жоғары мектепте білім берудің дидактикалық негіздері. –Алматы: Ғылым, 2003. – 168 б.

4. Азербаев К.Ж. Компьютерлік графика //http: аzerbaev.kz.



Компьютерная графика как средство профессиональной подготовки специалиста

Бозтай З.Б., старший преподаватель.

Резюме

В статье рассматриваются требования политики общества по подготовке будущего специалиста по изобразительному искусству и черчению, а также их связь с информационными технологиями.

Авторами описываются виды компьютерной графики и их применение на практике.

The computer diagram as a means of specialist professional training

Boztay Z.B., lecturer, Khaldzbetova A.I., tutor.

.

In the article the requirements of the society policy on the preparation of the specialist and their connection with information technologies are considered. The authors describe kinds of computer diagram and their use in practice.

Ізденуші З.Б. Бозтай мен А. Халдыбетованың «Компьютерлік графика кәсіби маман даярлау құралы ретінде» деп аталатын ғылыми мақаласына

ПІКІР
Қазіргі қоғамдағы тәрбие мен білім беруге қойылатын талап халықаралық деңгейдегі қарастырылатын даму тенденциялар есебінен жан-жақты өзгеріске ұшырап, ауқымын кеңейтіп отыр. Осы өзгерістерден туындаған талаптар бейнелеу өнеріне де, сұраныс пен қоршаған әлемнің қыр- сырын бейнелеудің біртұтас жүйесінің форматына жаңаша технологиялық аспектіде қарауды қажет етеді.

Осы мәселенің оң шешімі ретінде компьютерлік графика маман даярлау сапасын арттыруда.

Компьютер мүмкіндіктерін кәсіптік қызметте қолдану деңгейі «бейнелеу өнері мен сызу» мамандарын кәсіби даярлаудың тиімділігін арттырып, бейнелеу әрекетіне тән педагогикалық қызмет тиімділігін көтеруге септігін тигізуде.

Автор мақалада бейнелеу өнері және сызу мамандарын кәсіби даярлау сапасын арттырудың тиімді құралы ретінде – компьютерлік графика мәселесін де сауатты талдаған.

Компьютерлік графика мен визуалды білім мүмкіндіктерімен байланысты еңбектер қарқынды даму үстінде. Оқыту бағдарламасында компьютерлік графиканы қолдану шығармашылық жағынан жеке адамды дамытады. Авторлар осы мәселе ауқымында өзіндік ауқымды ғылыми тұжырымға келген.
Педагогика ғылымдарының

докторы, доцент: П.Б. Сейітқазы


Ізденуші З.Б. Бозтай мен А. Халдыбетованың «Компьютерлік графика кәсіби маман даярлау құралы ретінде» деп аталатын ғылыми мақаласына

ПІКІР
Мақалада қазіргі қоғамның даму тенденциясын айқын көрсетумен қатар, «бейнелеу өнері мен сызу» мамандығына қойылатын жаңа талапты бала қабылдауының өзгерістерімен салыстыра көрсеткен.

Компьютердің бүгінгі қоғамның кез-келген саласының тек көркемдеу мен безендірумен үшін ғана емес, ғылым мен медицинаның барлық саласында, коммерциялық және әкімшілік қызмет орындарында алуан түрлі ақпаратты көрнекі түрде көрсету үшін сызбалар, графиктер, диаграммалар жасау үшін қолданылатынын бейнелеу өнері саласының мүмкіндіктерімен салыстыра сипаттаған. Бұл талаптар бейнелеу өнері мамандарының кәсіби мәдениетінің бір компоненті ретінде маманның қызмет ету аумағын кеңейтіп отырғанын ашып көрсете білген.

Баспаға ұсынуға лайық деп санаймын. Қоғамның бүгінгі саяси-әлеуметтік, экономикалық даму деңгейі адамның барлық кәсіби іс-әрекеттері саласында жаңа ғылыми технологияны пайдалануды талап ететінін ашып көрсетумен қатар, технологияны пайдаланудың бағдарламалық құралдардың пайда болуына байланысты мәселені көтерген. Бұның бүгінгі таңда ақпараттық технологияның динамикалық тұрғыда дамып келе жатқан саласының бірі — компьютерлік графиканың мазмұны мен түрлерін практикада пайдалану аспектісінен талдаған. Мақала мазмұны актуалды.



Педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент: Ижанов Б.И.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет