2.1.9)Ұлпа қабынуынфң классификациясы.
Ұлпаның қабынуы.Ұлпаның қабынуы тісжегінің асқынған түріне жатады және стоматологиялық ауруларды емдеумен айналысатын дәрігердің тәжрибесінде жиі кездеседі. Стоматологиялық көмек алуға келген науқастар арасында ұлпа қабынуымен келгендер 14-20% құраса, әрбір аймақтарда тісжегінің таралу көрсеткіші әртүрлі болғандықтан, оның асқынуы болып табылатын ұлпа қабынуының үлесі де әртүрлі болуы мүмкін.Тіс ұлпасын тісжегі ошағында құрылатын зиянды агенттердің (дентиннің ыдырауы әсерінен туындаған заттар микроорганизмдердің уыттары) периодонтқа өтетін жолындағы физиологиялық тасқауыл (барьер) немесе қақпа деп түсінуге болады. Ал ондағы қабыну үрдістері біртұтас организмге әсер ететін одонтогендік инфекцияның көзі болып табылады. Ұлпадағы патологиялық өзгерістердің мәнін түсіну үшін оның гистологиялық құрамы мен физиологиялық ерекшеліктерін жақсы білу керек.Тіс ұлпасы (пульпа зуба – pulpa dentis) тіс қуысында (полость зуба – cavum dentis) орналасқан және екі бөліктен тұрады: сауыт ұлпасы (коронковая пульпа – pulpa coronalis), түбір ұлпасы (корневая пульпа – pulpa radicis dentie) Көптүбірлі тістерде түбір ұлпасы мен сауыт ұлпасының арасында өте анық анатомиялық шекара бар. Ол шекара - өзек сағалары (устья каналов) немесе өзек ауыздары.Тістің түбірі ұшында тесік орналасқан (верхушечное отверстие – foramen apicalis). Тіс толық қалыптасқаннан кейін бұл анатомиялық тесік физиологиялық тесікке сай болады (сурет), ал түбір ұшында цементтің қалыптасуына байланысты анатомиялық тесік физиологиялық тесіктен түбір ұшына қарай алшықтайды және осы екі тесіктер арасында қалыңдығы 0,8-1,5 мм аймақ қалыптасады.Кейбір ғалымдар бұл аймақты ұлпа-периодонталды белдеу (зона) немесе аймақ деп атайды.Сауыт ұлпасы сауыт қуысының күмбездері астында шайнау және тістеу қыры төмпешіктеріне сай шығыңқы ошақтар құрай орналасады. Ұлпаның әрбір шығыңқы аймағын ұлпа мүйізшесі (рог пульпы – cornu pulpae) деп атайды.Ұлпа қабынуының себептері (этиология пульпита).Ұлпадағы қабыну үрдістері көбінесе тісжегі қуысы арқылы ықпал ететін әртүрлі тітіркендіргіштердің әсерінен дамиды. Оларды ішінде ең бірінші орында микроорганизмдер мен олардың уыттары, дентиндегі органикалық заттың ыдырауынан пайда болған зиянды заттар.Тітіркендіруші факторларға химиялық әсерлерді (әртүрлі тамақтар құрамындағы заттар, олардың қалдықтарының тісжегі қуысында ыдырауынан пайда болған қышқылдар, пломбылық материалдардың құрамындағы зиянды ингредиенттер), механикалық және температуралық әсерлерді жатқызуға болады.Микроорганизмдер ұлпаға тісжегі қуысынан көбіне дентин өзекшелері арқылы өтеді. Сонымен қатар қан және лимфа тамырлары арқылы да (жедел жұқпалы аурулар, сепсис кезінде) өтуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ретроградты жолмен немесе кері жолмен (пародонталдық қалталар аймағында түбір бетіндегі цементтің ыдырауы кезінде ашылған дентин өзекшелері арқылы, ал қалталар тереңдеген кезде өзек тармақтарының немесе түбір ұшы тесіктері арқылы) де түсуі мүмкін.Көптеген ғалымдардың ұйғаруынша, ұлпа қабынуын туындатушылар – гемолиздеуші және гемолиздемеуші стрептококктар болып саналады. Дегенмен де қабыну кезінде ұлпада диплококтар, стафилококтар, грамон таяқшалар, лактобациллалар, саңырауқұлақтар да анықталған.Ұлпа қабынуы кезінде В.П.Бережной (1985) 19 түрлі микроорганизмдерді анықтаған. Олар: стафилококктар (алтынға ұқсас, ақ, сары), стрептококтар (гемолиздеуші, жасылданатын, гемолиздемеуші), ішек таяқшасы, тетракоктар, Candida типті саңырауқұлақтар, микрококтар, стрептобациллалар, сарциналар, актиномицеттер, дифтероидтар, көкшілірінді таяқшалар, диплобациллалар, диплококтар.Механикалық және температуралық әсерлердің қатарына тісжегі қуысына түскен қатты тағам түйірлерін, қабылдаған астың жоғарғы және төменгі температурасын атауға болады. Сонымен қатар тісжегі қуысын егеп-тазалағанда, тісті жасанды сауыт кигізуге дайындағанда емдеу шараларын дұрыс жүргізбеу ұлпаның әртүрлі зақымдануына әкеп соғуы мүмкін. Ұлпаға әсерін тигізетін тағы да бір химиялық факторлар – асқынбаған тісжегіні емдеген кезде тісжегі қуысын ұлпаны қатты тітіркендіретін дәрілермен (спирт, эфир, жоғары концентрациялы антисептиктер) өңдеу.Біраз ғалымдар ұлпа қабынуының дамуында аллергиялық факторлардың (дәрілердің, микробтық аллергендердің) рөлін де атап көрсетеді. Сонымен қатар ұлпада әртүрлі жағдайларда пайда болатын жаңа құрылымдар (дентиклдер мен петрификаттар) тіс қуысында біртіндеп қалыптасып, нерв ұштарын тітіркендіріп, қан тамырларына қысым түсіре отырып, қан айналысын нашарлатып, дистрофиялық өзгерістер туындатуы да мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістерді тек таза қабыну үрдісіне жатқызуға болмайды.Ұлпаның қабынуының клиникасы.Жалпы белгілері.Ұлпа қабынулары кезінде басқа ағзалар қабынуы кезіндегідей белгілер: ісіну (припухлость), домбығу (отек), ауыру сезімі (боль), қызару (краснота, гиперемия), қызметінің бұзылуы (нарушение функции) байқалады.Ұлпа өзі тар және жабық кеңістікте (тіс қуысында) орналасқандықтан жоғарыдағы аталған қабыну белгілерінің бәрін көріп-білу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қабынудың түрін анықтау үшін ауыру сезімдерін дұрыс анықтай отырып, объективті көріністерін негізге алған жөн.Ұлпаның жедел қабынулары кезінде ауыру сезімі өз бетімен ешбір себепсіз дамиды (самопроизвольная боль). Ауыру сезімі қабыну кезіндегі қан тамырларының кеңеюі, қанның ұлпадан кері ағуының қиындауы, жалқықтың жиналып, ұлпаға қысымның артуы, ыдыраған тіндерден бөлінген уытты заттардың нерв ұштарын тітіркендіріуі әсерінен туындауы мүмкін.Ұлпа қабынуының алғашқы сатысында ауыру сезімі азғана уақытқа созылады, ал ауыруаралық уақыт (межболевой период) барынша ұзақ болады. Қабыну үрдісінің біртіндеп жайылуына байланысты ауыру уақыты ұзарып, ауыруаралық уақыт тарыла бастайды.Ұлпа қабынуының тағы бір ерекшелік белгісі – ауыру сезімінің түн кезінде көбірек мазалауы.Түн кезінде адам көбінесе тік жүрмей, жататын болғандықтан, кейбір авторлар ауыру сезімінің күшеюін ұлпаға қанның көбірек келуімен байланыстырады. Ал енді басқа авторлар мұны ми қыртысының түнде және күндіз әртүрлі жағдайда болуымен, түн кезінде парасимпатикалық нерв жүйесінің (кезеген нервтің – n. vagus ) қызметі симпатикалық нерв жүйесінің қызметінен басым болатындығымен байланыстырады.
Достарыңызбен бөлісу: |