1. Препаративті центрифугалау. Бұл әдіс биологиялық материалдарды ары қарай биохимиялық жолмен зерттеулерге жиі қолданылады. Бастапқы биологиялық материалды, мысалы бактерия, өсімдік немесе жануарлардың клеткалары мен ұлпаларын белгілі кезеңдер аралығында немесе үздіксіз қайталап себу арқылы олардың культуралық массасын көп мөлшерде алуға болады.
Препаративті центрифугаларды негізгі үш топқа біріктіруге болады: жалпы мақсаттардағы, жылдамдығы жоғары және препаративтті ультрацентрифугалар.
Жалпы мақсаттардағы центрифугалардың максималды айналу жылдамдығы минутына 6000 айналысқа тең болады. Олар бір-бірінен тек айналдыра алатын биологиялық сұйық материалдардың көлемі бойынша өзгеше. Олардың бірімен бірін ауыстыруға келетін роторлары да әртүрлі: бұрышты және ілінген пробиркалары бар.
Жылдамдығы жоғары центрифугалардың жылдамдығы минутына 25000 айналыспен шектеледі. Жоғары жылдамдықпен айналғанда үйкелістің әсерінен ротор қызып кететін болғандықтан оның ротор камералары салқындатқыштармен қамтамасыз етілген. Олардың да роторлары алмастыруға келеді және 1,5 дм3 көлемдегі сұйықты центрифугалауға болады.
Препаративтті ультрацентрифугалардың жылдамдығы минутына 75000 айналысқа дейін жетеді. Олар салқындатқыштар және вакуум қондырғыларымен жабдықталған (яғни вакуумда ротормен үйкеліске түсетін ауа болмайды).
2. Дифференциалды центрифугалау. Бұл әдіс үлкендігі және тығыздығына байланысты бір-бірінен өзгеше болатын бөлшектердің седиментация кезіндегі тұнбаға түсу жылдамдықтарына негізделген. Бөлуге арналған материалды, мысалы ұлпаның гомогенатын, центрден тебілу үдеуі сатылы кезекпен күшейтіліп отыратын жылдамдықта центрифугалайды. Ротордың әрбір берілген айналу жылдамдығында бөлшектердің белгілі бір түрі тұнбаға түсіп отырады. Яғни, оның нәтижесінде цетрифугалаудың әрбір кезеңінде бөлшектердің белгілі бір фракциясы тұнбаға түсіп отырады. Әрбір кезеңнен кейін тұнбаға түскен бөлшектердің фракциясы таза болуы үшін ол тұнба бірнеше рет жуылып, дәл сол жылдамдықпен цетрифугаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |