Cезім күші Көңілім көкте самғады, Сағыныш бойды тербеді. Жарқ еткен сәуле жандағы, Сезім боп маза бермеді



бет3/3
Дата15.06.2016
өлшемі280 Kb.
#138120
1   2   3

МӨЛДІР ТАБИҒАТ
Кеудемде от сағынышым тарқамай ,

Мұң -зіл басты келем шыдап арқалай.

Жаным жүдеп , жарқырадым , жайнадым ,

Қандай күйге салып қойдың қалқам-ай .


Мөлдіреді табиғат та , бұлақ та ,

Елжіреді қыр мен сай да қырат та .

Сыңғыр қаққан өзен жатыр сыр шертіп ,

Сезіміңді бүгіп қалдың бірақ та .


Көк майсаға өрнек сапты ерінбей ,

Табиғаттан сыр қалған ба терілмей ?

Мың қыр асып қимай жерді күн батты ,

Қалай тұрсың балқып кетпей , берілмей ?


ТАБИҒАТҚА БАРШЫ СЕН...
Табиғатқа баршы сен тазарасың ,

Жеңілдейсің қандай ой мазаласын .

Тіл жетпес сұлулыққа тойынасың ,

Жұмақтың сезінесің ғажап асын .

Тауға қарай аяңда тынығасың ,

Биік болу бақытын ұғынасың .

Самғап ұшқың келеді қыран болып ,

Сұлулыққа сұқтанып сұғынасың .


Сая бақты арала жайраң қағып ,

Мөлдірліктен қайтасың маржан тағып.

«Мендей таза болшы» - деп бұлақ айтар ,

«Сұлу бол»-деп сыңғырлар өзен ағып .


Сұлулыққа сыр беріп сиынасың ,

Құрбан болып жолына қиыласың ,

Тәуелсіз де , еркін де бұл табиғат ,

Сән беретін санаға сыйы басым .


Өмір-күрес , сан құлап , сан тұрасың ,

Табиғатта жаныңды жандырасың .

Ауылыңнан ұзап шық ауырласаң ,

Уайым зілді сол жақта қалдырасың .


ТАБИҒАТ-АДАМ...
Табиғатқа баршы сен көсілесің,

Мерейіңді үстем қып өсіресің.

Тұңғиық боп талансаң тағдырыңа,

Жұмбақ болсаң сол жақта шешілесің.

Самал болып , сән болып есілесің ,

Тамсанасың , талықсып осы үлесің .

Сұлулықты сезбейтін өзімшілді ,

Аяйсың да сол сәтте кешіресің .


Табиғатта аялда ашыласың ,

Таң қаласың , түрленіп , тасынасың .

Жүректегі сөзіңді айт сырласыңа ,

Жақсы көрсең несіне жасырасың ?


Бұлақ сыңғыр қағады кеңес болып ,

Ару төсі көрінер дөңес болып .

Қадірін біл сол сәттің қайта келмес ,

Әттең бәрі қалады елес болып .


Әсемдікке қызықшы қайран қалып ,

Табиғатта жан жүйке жайланды анық .

Сұлу болып кетуің ғажап емес ,

Қол ұстасып бірге шық айнаңды алып .

Табиғаттың әсемдігі оның тұла бойын толқытып, жан жүрегін жадыратты.Ерік пен жігері мықты жігіт сымбаты мен сәні келіскен сұлудан гөрі асқақ, айнымас достықтың туын нық ұстап, биік көтерер шешімге келді.

Ерекше еліктей жазықсыз жаратылыс пен тау тұлға , қайтпас қыран, жалын жігіттің бір-бірін адаспай тапқанын қуаныш көріп,досы үшін тез түзеліп,ерлерше есін жылдам жиып,таудан құлаған өзеннің асау арнасына көз тастап, сәтті сезімге сүңгіді. Көктегі ай айналаны жарық етіп,кеудеге соққан жылы леп ерекше елжіретіп, көркем күйге кенелтті.

Айдос пен Аружанды ойлай отырып,жақында болар тойларына мәңгілік мұра,өшпес өнеге табар сезім мен сүйіспеншіліктің үлгісі болар сый жасауға бекінді.

Сүттей жарық түнде ақылды арғымағы оны алыстан көз тартып тұрған құшақ жетпес тұт ағашына алып келді.Айдос келгеннен бері Мейірхан ақсақал екі ақ биені саудырып, қымызды ерекше дайындатып,тек жігіттің өзіне ғана бергізіп отырғанын есітіп досының тез сауығып кетуін тілеген.



- Шіркін қымыздың орны ерекше ғой.Иісінен мейірің қанатын, ішсең рахат табатын қымыз дертке шипа,ауруға ем. «Қымызды алты ай үзбей ішкен адамның қаны тазарса, бір жыл тоқтатпай ішкен жанның сүйегі жаңарады» - деген халық даналығы босқа айтылмаса керек.

Күлімсірей күлген шебер ай сәулесімен тұт ағашынан досының сәні мен сымбатын,қарындастай қымбатын көріп тұрды.Таңдалған бұтақтағы байланған ақ шүберек мата үлбіреген үміттің үкісіндей самал желмен желбіреді.

Көңілінің көкжиегінде көтерілген Айдос көк тіреген тау етегіндегі сарқырап аққан өзен жағасындағы қойтаста отыр. Таудың таза ауасы бұлақтың қасиеті, бал қымыз, жылы сөз, көтеріңкі көңіл күй күнде таңертең ерте балдағымен бақыт бастауына бастады,сүйікті бұлағына жетеледі. Өткен түндерінің елесінде,махаббат кемесінде жүзіп, жауқазын жырлары жазылды:

Аңсайды жүрек бір бірін . . .
Құшақта мені,кеудеңе басшы пейілмен,

Уайымым ,қайғым болсыншы бір сәт сейілген.

Бар әлемді ұмыт,тек маған құнық ,мені ойла,

Жанымсың күнім дейін мен.


Аяла мені,емдеші жүрек жарасын,

Назды үнің ерітіп, елітсін ынтық қарасың.

Жұмылып көз де, ұмытылып өзге, о дүние ,

Айналып неге барасың?

Аймала мені, бейнебір жұтып алардай,

Көрсетші қылық есімнен мүлдем танардай.

Жұлқынып жүрек,бұлқынып, түлеп,шабыттан,

Мәңгілік есте қалардай.


Сүйе бер мені, ентігің мүлдем басылмай,

Аңсау мен шаршау сағыныштарыңды жасырмай.

Жарасым неткен, жанға гүл еккен , мұндай сәт,

Келе ме мың бір ғасырдай?...

Келе ме мың бір ғасырдай?...

Келе ме мың бір ғасырдай?...


ҚАРАҢҒЫ ТҮН...

Қараңғы түн

Көздеріңнен аумаған ,

Тым жақын үн ...

Самал лебі ескені ,

Назың бөлек ,

Жүрегімді жаулаған,

Бейне бөбек ,

Сәби күйде кеш мені .
Кірпіктерің ,

От найзадай қадалған ,

Үркіткенің ,

Жалын атып жанардан .

Ыстық құшақ ,

Байлап , тұсап , балқытқан .

Құтылмассың қамалдан .
Діріл қағып ,

Ысып , тоңып от кеуде .

Сығымдалып ,

Сыры бөлек әлемде .

Тілеп тұрып ,

Тілің бармай «Жоқ» деуге

Сағыныштың оты жанды денеңде .
Сиқырлы сәт...

Жұмбақ әлем ,

Таза ауа .

Көңілмен шат ,

Қыз күлкісі үндескен .

«Жалын жігіт жақын жүрер жазаға»

Көркем көңіл кереметтей күй кешкен .
Ажарың-Ай...

Шуақ шашқан шұғылаң ,

Ғажабын-ай ...

Ақыл көркің үндес пе ?

Қараңғы түн...

Құпиясын ұғынам.

Бал шырын сәт қалып қойды мәңгі есте !
Қараңғы түн ...

Сезім бөлек ,

Сыр бөлек .

Қуаныш күн...

Жүрек тулап кеткені ,

Құт қармайтын

Құшаққа еніп жыр бөлеп ,

Көктем -көңіл ,

Күн көгіне жеткені .
Көз жұмылып ,

Денең ысып , балбырап ,

Тез ұғынып ,

Қыран күйге көшкенде ,

Тер сорғалап ,

Өлетіндей қалжырап ,

Дүлей болып ,

Айырыласың естен де .


Ерке назбен есілесің ес жимай ,

Жалын отқа оранасың өртеніп .

Өз денеңе тұрғандай боп еш сыймай ,

Жанарыңа жаз келтірер еркелік .

Жанымда жүр шуақты күн елесі ,

Жүректердің ең түбінде сақталар .

Қайда сол күн қуаныштың кемесі ?

Қайда сол күй жүректерде жатталар ?

Тоқтала ма жүректегі жарылыс ?

Қайда сол кез дауыл соқса аттанар ?

Үдей берер жүректегі сағыныш ,

Көздегі жас домалауға шақ қалар.

Қараңғы түн...

Еріксізден ес кетті .

Беріліп шын ,

Жұлқынады жас иіс .

Алқынумен ,

Шөлдеп ерін тез кепті ,

Ынтық үндер үлгерместей асығыс .
Қан шымырлап ,

Балқытуды сұранып ,

Сан сыбырлап ,

Жеткізуге тіл жетпей ,

Құмарланып ,

Құдіреттен құралып ,

Өн бойыңнан тер сорғалар шүмектей .
Іштен сезіп, қолмен кезіп , сырды ашып ,

Көркем мүсін көз арбайды көрінбей .

Өзін -өзі ұмытады шын ғашық ,

Жалын құшып , жабысады желімдей .


Жалынышты сағынышты үн жеңер ,

Сүмбіл шашы ай жүзімен толқындап .

Құпиясын қараңғы түн бүркенер ,

Ал қос жүрек бірге жатты солқылдап .


Шіркін жастық... өң беретін өмірге ,

Қайран сезім ... самғататын шығар шың .

Жас боп қалар не жетеді көңілге ?

Арман болып жүрегімде тұрарсың...

Қараңғы түн ...

Тылсым дүние ,

Қимас шақ .

Санаңды үн ,

Мәпелейді ғарышта .

Денең балқып ,

Маңдайыңа сыймас бақ ,

Көңілің шалқып , жетелейді жарысқа .


Өртенесің , жалын шашып, жан-жаққа ,

Еркелесің елжіретіп ерітті .

Ақ сазандай ілінесің қармаққа ,

Көркем күйге кенелесің көрікті .


Ешнәрсе де жетпейтұғын шырын сәт ,

Мәңгі естен кетпейтұғын тың кезең .

Жастық шақтың жарасымы көңіл шат ,

Әттең қайта келмейтінін шын сезем .


Қараңғы түнде дүрсілдеп соққан жүрек бар,

Таусылмас сезім ,жеткізе алмас тілек бар.

Балқыған жаның,жойқын күш ағын, ес кеткен ,

Шырын сәтіңде атпауын таңның тілеп қал.


Өн бойың еріп,талықсып кеткен шағыңда,

От лаулап іште, беріле түс те бағынба.

Алаулар көзің ,наздана сөзің естілер,

Бұл әлде түс пе, елес пе ,әлде сағым ба?


Қараңғы түнде қайратын қосқан білек бар,

Шаршауды білмес,өзіңсің үндес, түлеп қал .

Айырылдың естен ,ләззат күй кешкен шыңыңда,

Ең тәтті сәтің ,атпауын таңның тілеп қал.


Көңілің өскен,тылсым күй кешкен шұғыла,

Бүркітше бүріп, қыраның қарар сұғына .

Алғашқы түнін,шуақты күнін әрбір жан,

Жадында сақтар құпия-ләззат ұғына.


Қараңғы түнде дүрсілдеп соққан жүрек бар,

Таусылмас сезім, жеткізе алмас тілек бар.

Балқыған жаның,жойқын күш ағын,ес кеткен,

Шырын сәтіңде атпауын таңның тілеп қал...



Қайран өмір қымбатсың-ау сезіммен !
Мөлдіредің таңғы шықтай ертеңгі,

Жапырақтай дірілдедің талдағы.

Көзбен көріп кереметтей көркемді,

Жүрек тулап еш дегбірім қалмады.


Бәйшешек пе ең қар астынан көрінген?

Биік сенде ой өріс те талғам да.

Қайран өмір ,бір-ақ рет берілген,

Күннен ыстық ,суық аяз қардан да.


Күн аймалап, жігіттей боп жалыны,

Жер аруды ес түсінен айырды.

Ай көрінді толықсыған бал үні,

Жігіт болған жұлдыздарды қайырды.


Сәуле сүйген сүйіктіден шайқалды,

Алмалардың екі беті қызарды.

Бүкіл әлем тартылысы байқалды,

Табиғаттың бар қызығы ұзарды


Жер- ару да баса алмайды ентігін ,

Күн-жігіт те қызуы мол қайтпады.

Жұлдыз-жігіт жұлмалайды жемтігін,

Ай-ару да тіс жарып дым айтпады.


Өзен-ару жәй ағады бұралып,

Үміттеніп ол да асылын күткендей.

Бар арманы көктен түссе бір алып,

Жігіт-бұлтқа көзін қадап тіккендей

Жеміс ағаш ару болып майысып ,

Жігіт-желге жар құшағын жаяды.

Саясында кемпір мен шал шай ішіп,

Сөз қылады махаббатты баяғы


Үйдегі гүл құлпырғанмен жаутаңдап,

Қолымызға «Су ма екен»- деп қарады

Құмырсқа жүр мың ішінен жар таңдап ,

Сүйіктіге дән әкетіп барады .


Қайран өмір қымбатсың-ау сезіммен.

Құдірет бар, бар тіршілік бағынған .

Заңдылық бар сезінбейтін сезінген ,

Қандай ғажап бірін-бірі сағынған.


* * *
Ықылым заманнан тарих қойнауына сіңіп,топырақ астында тұмшаланып, көзден кетіп,көңілден өтіп,ұмытыла бастаған зерттелмеген қаншама өнер құндылықтары жатыр…

  • Шіркін ағашқа, темірге жан бітірер ұстаның қолын неге теңерсің?

Көрместі көрер, сезбесті сезер, сезімтал жүрек үнімен жасалған дүниенің мың сырын аша аламыз ба?

Ойлантар оюында ой оралған,өрнегінде өмір өрілген,сұлулығында сыр сақталған, қиюында құпия қапталған қаншама баға жетпес, зерттесе өмір жетпес құндылықтар ішінде сезім сырын бүгіп жатыр . . .

Арманмен арпалыс, қиялмен қауышу, қажымас қайраттылық, талмас қанаттылық, шалқар шабыттылық,шын бақыттылық та өнер туындыларында тұнып тұрғандай . . .

Шабыт шыңында шарықтаған Бәкіржан көзі оттай жанып,кесіп алынған тұт ағашына жеп қоярдай тесіле қарап,сұлулыққа сұғына сұқтанып, ойлаған дүниесін тез аршып алуға кідірместен кірісті.Шебердің пайымдауынша ағаш су кезінде тірі, жаны бар жаратылыс.Ағашты су кезінде тірі қалпында, бүкіл болмысымен, салтанатты сәнді сұлулығымен шауып алып, қайталанбас дүниеге айналдыру керек.

Сол сәтте шебер қаншама құнды ағаштың құрып,аяусыз араланып,отқа жағылып жататынына жаны ауырды.

Сілтенген шот ағаштың артық тұстарын алмастай кесіп,Айдос пен Аружанға береке сыйлар ожау айқындала түсті. Қолы жұмыста болғанмен ойлары алысқа кеткен жігітті тағы да ойлар мазалады.

Ағаштың амандығын тілеген ол: «Ағаш түгілі адамның тағдырын ойыншық көріп,селт етпейтін тас жүректер желіккенде, елді ермек етер ессіздер есіргенде, ақымақ етер Алдарлар аласұрғанда бұл ойларым кіммен тыңдалмақ, кімге керек?» - деп қамығып та қалды . . .
* * *
-Ия, сағынышқа толы өмір-ай ...

Ата-анамыздан он болып туылсақ та әр адам өзінше жалғыз, жүрегі жалғандықпен жартыланып, жалғызсырайды. Ең өкініштісі өміріміздің көп бөлігі жақсы көрген,сүйген, сүйеніш болған адамдарымыздан алшақта өтеді екен ...

Жүрегіміз жаралы; - жайраңдаймыз, жанымыз жабырқау; -жымиямыз, көкірегіміз күйзелісте; -күлеміз ...

Ажарымыз алаңдаулы, болмысымыз бейжай күйде бола тұрып,сездірмеуге тырысамыз.Сыр ашуға сырласуға жоқпыз. Жаны мен тәні сұлу, жанына шуақ шашқан жанды ескереміз бе? Қасымыздағы гүлден нәзік, жаратылысы жауқазын жандардың өмірін ұзартып,қуантып,сыйлай білеміз бе ?

Өмір заңдылығына келсек жақсылықтың да, жамандықтың да осы дүниеде қайтарымыбар

Адамдарға жақсылық тілеген сайын тілеуші жанға жақсылық келер.Бірінші амандасқан адамға Алланың нұры жауар...

Айдосты бір сәт те көзінен таса ете алмайтын Аружан талпынысқа талпыныс қосты. Сәл көрмей қалса топырақ жолдан іздерін іздеп балдақсыз ізді көрсем деп армандайтын. Ерінің еліне елітіп,еміренетінін,туған жерінің жылы шуағы сағындырғанын сезеді де.

Жайылып жастық болған, иіліп төсек болған тау елінің биік көңіліне кірбің түсіріп алмау жағын да қатты уайымдайтынын жақсы түсінеді. Қайтпас қайсар қыран жігіт ауылына балдақпен секеңдеп баруды сері көңілі тағы қаламайды.Осы бір сәтте ақылды да ажарлы Аружан бүкіл адамзаттың

рухани дүниесіне айналар, ішкі жан күйзелісінен арылтатын ,мұң шерден, уайымнан адамның өн бойын тазартатын, ішқұсалықтан шектеп, сұлулыққа бастап,алға ұмтылдырар, денсаулық сыйлап, жүйкені реттеп,адам жанын емдер әуенді таспаны бар күш жігерін сала алыстан алдырып, Айдосқа мазасыз сәттерінде үзбей тыңдатты. Жаныңа жылу берер әуенді таспа жүрекке жетіп,бал әуенімен бесікте тербеткендей әсер қалдырды. Таң шапағымен оянған олар бүгінгі таңда да үнтаспаға құлақ түргенде әсем әуен әуелеп,жандарын жадыратты:


Бақытты бір сәт...
Сіз ұлы құдіретті күштің қайталанбас бір бөлшегісіз. Бізді қоршаған әсем де ару табиғатпен бірге болыңыз. Табиғат бізді бар нәрсеге үйретіп, барлық жақсылықтарға бастап тұр. Сіз табиғаттай мөлдір де таза болуға ұмтылыңыз.

Сіз өмірде бар екеніңізді қуаныш тұтып,нар екніңізді өзіңізге өзіңіз сендіріңіз.Қым қиғаш аласапыран күрделі өмір бізді мұңайтып,кейде жылатады да.

-Сіз мойымаңыз.

Өмірге құштарлығыңыз, еңбекқорлығыңыз, талпынысыңыз, қоршаған ортаңызды қатты сүйетініңіз, өзіңізге өзіңіздің сенімділігіңіз сізді барлық қиындықтардан алып шығады.

-Сіз сұлусыз .

Барлық жақсы қасиеттеріңізді,әр күнгі жасаған ұлы істеріңіз бен адамзат баласына жасаған жақсылықтарыңызды іштей мақтан тұтып жүріңіз.

Бұл сізге ұлы күш ,үлкен демеу.

- Өзіңізге сенімді болыңыз,ауыр ойлардан аулақ болып, серпіліңіз,жаныңызға жақсы адамдар мен жақсы ойларды жинаңыз. Әр таң сайын ерте тұрып бүкіл әлемдегі адамзаттың амандығы мен денсаулығын тілеңіз.Сонда сізге бақыт та, денсаулық та тоқтаусыз келеді.

- Өзіңізді жақсы көріңіз, беріле сүйіңіз.Өзіңізді қалай жақсы көрсеңіз, өзгені де солай сыйлаңыз.Адамзат баласын сыйлай біліп, қадір тұтсаңыз,өз басыңызды қадір тұтқаныңыз,өзіңізді сыйлағаныңыз. Ал істеген жақсылығыңыз бейнебір жерге егілген дәндей өсіп, өркендеп алдыңыздан шығып, алып шынар ағашындай мың жылдан соң да ұрпақтарыңызға нұрын шашып,жақсылық әкеле бермек!

Адамзат баласының төрт құбыласы түгел,қайғы мұңы,уайымы жоғы жоқ-ау сірә.

Күнделікті күрделі күйбің тірлік жалықтырып, қамықтырып,ішкі жан дүниеңіз тығырыққа тіреліп,ішқұса болып,айтатын сырыңызды ешкімге де айта алмай жүретін күндеріңіз көп.

Медицина адамның тәнін емдесе, қобыз адамның жанын емдеп,ішкі жан дүниесіндегі қатып қалған мұң шерден арылтады. Қобыз үнін тыңдаңыз.

Қобызға сағына жетіңіз, табына өтіңіз.

  • Ешқашан мойымаңыз.

Өмірдің өзі өткінші болғандықтан қиындық та,уайым да қас қағым сәтте өте шығар.Қара түннің артынан жарқырап тау басынан күн шығар.

Қасірет пен қайғыдай суық ақ қар, көк мұз басқан кең дала көктем шуағымен ерір. Жапырағынан айырылып, күз келіп, сарғайған ағаш көктеммен бірге көгеріп, жапырақ салар.

  • Табиғатпен сырлас болып,табиғатпен дос болыңыз .

Ол сізді жарыққа бастап шығады. Ешқашан үмітті үзбеңіз. Өмір сүріңіз, алға жүріңіз, жайнаңыз, күліңіз.

Сіз бақыттысыз!

Ішкі жан дүниеңізді серпілтетін кез жетті. Жан жағыңызға зер сала қараңызшы.

Жер-анадан бастап табиғат ару ерекше түрге еніп, жанданып,жаңарып,жасаруда. Бақтағы иілген гүл күн нұрын іздеп көкке талпынады. Күні бойы іздеп,тапқан үлкен дәнін тіп титімдей құмырсқа жақындарына жеткізуге асығып, қуанышы қойнына сияр емес .

Өмір-қызық. Барлық тыныс тіршілік иелерінің сұлулығын байқаңыз. Жан жағыңыздағы адамдардың көз жанарынан төгілген мейірімін , жанының шуағын сезініңіз. Бүкіл әлем сізге нұрын төгіп қуат беруде. Нағыз адамдармен араласыңыз. Көңіл көңілден су ішеді, нәр алады.Күн көңіліңіз биікте самғап, биікте жарқырасын. Сіз ешкімнен кем емессіз,артықпын деп ешқашан ойламаңыз. Адамдармен ашық болыңыз, әрбір сәтті қадірлеңіз. Ішкі жан дүниеңіздің сұлулығы сыртқы бейнеңіз бен іс әрекетіңізбен көрінеді.Адамның күні адаммен.Кең болсаңыз кем болмайсыз.Бүкіл адамзат сізді жақсы көреді.

* * *


Жаздың айлы түнінде жайнаған жұлдыздары жымыңдап, керім келбетімен көрік берген тамаша той өтті. Жайраң қаққан жастар жайқалып, қармялар қыранша қомданып,апалар ажарланып, жігіттер желпініп, өнегесі мол той көпке дейін жыр болып айтылып жүрді.

Қуанышқа қуаныш қосылды.Қос келін де инабатты да ибалы,жаны жаз, көңілі көктем болып, керемет күйге кенелген.

«Ең сұлу әйел аяғы ауыр әйел» - деген қағида расқа айналып, дидарынан ңұр шашқан келіндер елінің көз қуанышына айналды.

- Сай сүйегі сырқырап, бүкіл болмысымен беріліп, басын бәйгеге тігіп,ұрпағы үшін ұнжырғасы түспеген,перзенті үшін отқа да ,суға да түсетін айналайын аналар қауымы мәңгілік құрметке лайық. Өмірге тіршілік иесін әкеліп, оған бар өмірін арнап, өздері енді рахатын көремін дегенде өмірден өтіп кетер періште аналар жаныңды жылатып, жанарыңнан жас жаудырады...

Өмірге перзент әкелу - өліммен бетпе-бет келіп, ажалмен айқасу арқылы өмірден өтіп, қайта келумен бірдей.

Тоғыз ай тоғыз күн өн бойында сақтап,бірге тіршілік жасап,ананың баласын аялауы, баланың анасын сезінуі ең бір нәзік, ғажап дүние. Бұл байланыс жердегі тіршілік басталғанда да жалғасын табады.

Ана байғұс перзентімен бірге ауырып, бірге жылап,бірге күліп, кішкене қуанышын таудай көріп қуанады да. Перзентіне сыбағасын сақтап,өзі ас ішпей, кешіксе таңды көзбен атырған ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндері қаншама десеңізші ...

Қайран ана жүрегі бәріне кең, кешірімшіл де мейірбан. Перзентіне ұрсып жатып, ет жүрегі елжіреп, жанымен ауыратынын қайтерсің.

Әлдиімен бүкіл әлемді тербеп, мейірімімен күн нұрындай аялап,жанынан жарық шашқан аналарымызға құрмет көрсете алдық па???

Қайталанбас қадір қасиетін қастерлеп, жанарын жаутаңдатпай жүрегіне жол таба білдік пе???

Сынаптай сырғыған, желдей жарысқан, жалған өмірде бір сәт көңіл бөліп, жанын жадыратып, жандағы жарасын жаза алдық па???

Айдостың көз жанары жасқа толып,төңірек түнеріп, батыс жақ бұлттай бұлыңғыр тартты.

Алтын анасының тізесіне басын қойып,шалқасынан жатып,еркелейтіні есіне түсті.

- «Адам болып дүниеге келген соң адамша өмір сүр, ауыздыға сөз болма,аяқтыға тапталма, өмірде қор болмауыңды ойла,досқа күлкі,дұшпанға таба болма, мен «ар», «намыс», «ұят» - деп өмірден өттім» - деген анасының сөзі жүрегінде жатталып,өміріне өрнек болып,бағыт бағдар беріп, тазалыққа талпындырып,жақсылыққа жетеледі.

Әсіресе ата қыран туралы көп айтатыны көкейіне көрік беріп,санасына сарқылмас сәуле септі. Ылғи мақалдап сөйлеп, қыранша қырағы, тегеурінді де текті, қасиетті де қағілез болуға бағыттап,өзі жоқ кезде қамығып, қиналмай, қайсар болсын, еріп езілмей ер, жігіт болып өссін деп алаңдаған қайран ананың ой алыптығын жігіт болғанда жете түсінгендей...

- Ата қыран аң мен құсқа үш рет ұмтылып, жете алмаса бүкіл әлемдегі өзінен тараған ұрпаққа хабар жіберіп, шақыртады.Тышқан аулап өмір сүргісі келмей, алжығанын, дәрменсіздігін көрсеткісі келмей үлкен шыңның басына өзі отырып, бүкіл ұрпағына көз тастап, саңқ еткен соңғы дауысын тауға жаңғыртып,бұлт үстіне ұшып шығып, өзін тастап жібереді екен. Мұндай іске не үшін барды, нені түсіндірді ?..

Айдос ерекше ескен шабытпен келген «Ата қыран өсиеті» атты поэмасын ата бабалардың өсиеті ретінде жаңа ұрпаққа қалдыруды қалап, өзгеше өлеңі өрілді:
Қыран бүркіт қар жамылып қабағы ,

Саңқылдайтын қырылдайды тамағы.

Кәріліктің кездігіне кезігіп,

Қиылардай қасиеттің дарағы.


Шыңнан аңсап көз тоймайтын даланы,

Қарулы еді іле кетер дараны.

Қайран жастық қыр астында қалғандай,

Дауыл соғып дірілдейді балағы.

Жалт қарайды ,бойын тіктеп ,от жанар,

Аш болса да өзін паң қып тоқ санар.

Қартаюды айып көріп қарт қыран,

Қайран намыс жүрегіне шоқ салар.


Ата қыран туыстарын жинады ,

Жартас шыңға жақындары сыймады.

Жасаурайды жанарларда жылы жас,

Қимастық-ай қиындатты,қинады.


Біреуінде: «Биіктеткен белес бар»,

Екіншіде: «Еркін еткен елес бар».

Арттағылар : «Ардақ тұтқан аялап»,

Кішілерде: «Кішіпейіл кеңес бар».


Қия шолып,қосылып тұр қастары,

Алқа жиын Алатаудың асқары .

Көз тігеді қалт жібермей қырандар,

Беймәлімдеу кездесудің астары.


Бақыт көріп бұл кейіпті бастағы,

Көсем-қыран жайлы отыр,тас-тағы.

Ажал алды ажарланған ,айбарлы,

Қанат қомдап,қайсар сөзін бастады:


-Мен қыранмын, қаным таза тектімін,

Дұшпанымнан қайтардым да кекті мың.

Биіктікті бағаладым биік боп,

Бар әлемге жетті үнім.


Мен бүркітпін,жалын-жүрек ,жаны әділ,

Кеудесі-күй,көкірегі жаңа гүл.

Күн нұрынан жаралғансың ұрпағым,

Ұлылықты сақтап мәңгі қала біл.


Суық сында,биік шыңда шыңдалдым,

Сұлулыққа заңғар таудан шын қандым.

Сері көңіл,сараланған семсермін,

Бірі емеспін мыңдардың.

Ірі болдым, майдаларға жаным қас,

Жоламадым сасықтарға тәні лас.

Топқа қоссаң тышқан інге қашады,

Дарындылық дарымас.

Ескертемін,майдаланып барасың ,

Қорқақтанып ,қобалжиды қарасың.

Жағымпаздық түптеріңе жетеді,

Біреу келсе естеріңнен танасың.


Жараладың, жақыныңды жат қылдың,

Тұлпар атап, есегіңді ат қылдың.

Кім бай болса,жетегінде кетесің,

Құлы болар күнің туды тақ,пұлдың.


Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын,

Биік болып жүруіңді сұрандым.

Көк бөрінің ұлуынан ояншы,

Тектілігін тұмар етші Тұранның


Болашақты болжап сірә, ұғар кім?

Полат едім майыспайтын, сынармын.

Жер- байлығың сатылуға аз-ақ тұр,

Мұны көріп қалай ғана шыдармын.


Кеңпейілсің, шекаралар ашылды,

Пайдалысы, зияндысы тасылды.

Ақкөңілмен апатты аймақ атансаң,

Тек өкінбе құрғата алмай жасыңды .


Бұлттардың арасында самғадым,

Бақыт жолға жасалынды бар қадым.

Қайраттандым ,қатты болдым,қайтпадым,

Өмірімді өз еліме арнадым.


Жекпе-жекте ылғи мерей үстем боп,

Батырлықта биіктерден түскем жоқ.

Көк бөрінің көрінбейді тұқымы,

Күйдіреді-ай іштегі от.


Үмітімнің сөнгендей ме алауы ?

Көсем едім ,қайда көңіл қалауы?

Ағалардан іні бұрын сөйледі,

Желбірей ме жалмауыздың жалауы?

Қарауылға алып тұрмын қартыңды,

Өсиет жоқ ,өнеге жоқ тартымды.

Туралық жоқ,тұлпарлардың тұяғы,

Жүйрік деген желмей жатып алқынды.


Ұмытпағын ,жүректе ұста антыңды,

Бауыр неге бір-біріне салқын-ды.

Қолда барда қадіріне жеткейсің,

Алалама алтынды.


Өмір жалған, бәрі өтпелі, дегенмен,

Тұнжырама түбін ойла тереңнен.

Ажал айқын,ар намысты ойлаған,

Тәңірімнің шуағына бөленген.


Өкінбей жүр өмірде бол өлермен,

Таңбалы тас не айтады көнерген.

Имандылық туың болсын желбірер,

Өрге өрлегін өнермен.


Бірлік болсын барлық істің бастауы,

Күндеу, талас-тіршіліктің қас жауы.

Өмір сүру,шіркін,қандай ғанибет,

Сыйласатын халқы- қамал,дос-тауы.


Өмір сүрдім,өкінбеймін,өлем мен,

Өсиетімді орындарсың сенем мен.

Естімесең «Көк бөрінің»ұлуын,

Түстеріңе әруақ болып енем мен.


Саңқ етті де,қыран бірден нықталды,

Жан күйзелген,жанарларда шық қалды.

Ең соңғы рет қадап көзін қиянға,

Таңғажайып табиғатқа сұқтанды.


Қайта келмес бұл мезетті ұққан-ды,

Серт семсерін санасына сұққан-ды.

Жалғандықтың жамай алмай жамауын,

Жан дүниесі жарылуға шыққан-ды.


Қырандардың құпиясы құлыпта,

Оларға жат салғырт,сылтау,сынық та.

Көсемдігін көрсетуге көзбенен,

Ата қыран ұшып шықты бұлтқа.

Бұл ерліктің беймәлімдеу астары,

Бәлкім осы –ар,намыстың асқары.

Күйініштен күйіп кетіп,күйзеліп,

Мүмкін қыран өзін-өзі тастады.


Қырандарға тән ғой қызуқандылық,

Тек соларда еркіндік те ,сан ғұрып.

Ата қыран өсиеті жаңғырып,

Жүректерде сақталады мәңгілік :


-Мен қыранмын, қаным таза тектімін,

Дұшпанымнан қайтардым да кекті мың.

Биіктікті бағаладым биік боп,

Бар әлемге жетті үнім.


Мен бүркітпін,жалын-жүрек ,жаны әділ,

Кеудесі-күй,көкірегі жаңа гүл.

Күн нұрынан жаралғансың ұрпағым,

Ұлылықты сақтап мәңгі қала біл.


Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын,

Биік болып жүруіңді сұрандым.

Көк бөрінің ұлуынан ояншы,

Тектілігін тұмар етші Тұранның



Ей, адамзат, естисің бе, қыранмын...
* * *
- Шіркін өмір қызығымен қымбат, қиындығымен қарбалас, алға талпындыруымен тартымды, армандатуымен асқақ, үміттендіруімен үстем, жүрекке жақын жандармен жарасымды.

Әрбір жанның жанарындағы жүрек жылуын, жанының шырайлы шуағын,сыр бермес сырлы сағынышын сезе аламыз ба?

Алыстағы таудағы тасқа қызығып, қолымыздағы алтынның қадірін біле алмаймыз.

Онсыз да өлшеп берілген өмірді өксітіп,ұзартуға ұнжырғамыз түсіп,қысқартуға құлықтымыз.

Адам болып жаралсақ та адам жанын ұға алмай өтеміз.Пендешілік-ай...

Адамның күні адаммен адаммен болса да,адамдар адамдарға билік еткісі келіп, артықшылығын аңғартқысы келеді. Бәрін түсініп, өкініші өзегін өртегенде, ар алауы алаңдатқанда, бәрі де кеш болып,өмірден өтіп кетеді екен –ау...

Ал өмірдің жақсы жақтарын танып, аңғарсақ, адамдардың абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп, қамқоршы, қорған бола білетін жақсы адамдар өмірде көп.

Ертеңгі күннің еңбегін еңсеріп,еңбекқорлығымен еленіп,жан сұлулығымен сыйланып,пенделіктен өзін биік қойып,тектілікті тұла бойына тұмар етіп,жанына нұрын шашқан,ерекше туылған жандар күн көңіліңді көріктендіріп,жаздай жаныңды жадыратады.

Жаныңа жақын адамды күнде көргің келеді,сыйласқың, сырласқың келеді.Өмірдің асау толқыны,тағдыр-тұлпар ондай мүмкіндікті шектеп, сағынышта сарғайтады.

Бір заңдылық бар.

Жүрекке жақын алыста.Алыстағыны армандаймыз, қасымыздағы қасиеттінің қадіріне жетпейміз.

Адамзат баласының уайымы қашан таусылар екен.Төрт құбыласы түгел адам жоқ.

Түсінгендей болып түрленіп, шешілгендей болып күрмеліп,сырыңды сезіп сынаптай сырғып, жаныңды жазықсыз жаралап,жыр қып жүретіндер, өсекпен өрілетіндер, кесапаттықпен керілетіндер адалдың азасына, қасиеттінің қазасына себепші екенін сезінер, тағдыр тергеушіге кезігер,егіліп езілер.

Бірақ әттең ол кезде бәрі де кеш. Өзегін өртер өкініші,өкініші өксітер. Кек о дүниеге кетпейді. Жақсылық та, жамандық та қайтады. Барлық нәрсе теңеледі, теңестіріледі. Судың әр тамшысының сұрауы бар. Әрбір жаратылыс қасиетті. Бақтың қонуы қиын, кетуі лезде.

Сыйласаң сыйланасың, өзіңді артық нәрседен тыймасаң, қиналасың.

Адалдығың, таза арың –жойқын күш. Бақ аялағандарда тұрар, аяулы жандардың ынтымағын құрар, бақытқа жетелер, үміт өтелер, көңілдің тоқтығына не жетер ?!

Өмірдегі ең жақсы адам-жанындағы жандарға зиянын тигізбеген адам.

Ойланбай істелген тірлік опық жегіздіріп, өзегіңді өртеп,өкінішке әкеледі.

Қызбалық қанға қас, уайым жанға қас. Ауыр ой мен уайым денедегі дертпен тең, аурудай алаңдатып,мезгілсіз мазалар, ақылмен арылмаса түбі жазалар.

Көңіліңді көктемдей көрікті етіп,көңілді жүргеніңе не жетсін?!
* * *
Жақсылықтың желкенінде жүрегін жан жылуымен жайнатып, жүзіп жүргендей сезінген Айдос алыптығын аңғартып, күннен күнге күшейіп, көңіліне көрік берді.

Айы мен күні жеткен керемет көркем келіндер аудан орталығындағы перзентханаға кеткелі Айдос алаңдай ажарланып, Манас масайрай маңғаздана мәз мейрам еді.

«Сабыр түбі сары алтын,сарғайған жетер мұратқа »дегендей ұйқысыз түндер мен күдікті күлкісіз күндер артта қалды.

Түнерген тынымсыз тұрлаусыз тіршілік таңғажайып таңқаларлық тартыста танылып, сенім семсер сәулесін себелей сермеді, жақсылыққа жақындатты.



-Ия,адамның ішкі рух күші ерекше,құпиясы,тылсым жақтары мол, мүмкіндігі шексіз.

Айдосты да табандылығы мен талпынысы, қайтпас қажырлылығы мен қайраты ,жасымаған жігері, үлбіреген үміті,сезімі мен сенімі, асқақ арманы қараңғы қапастан жарық жайлауға алып шықты.

Ең қуанышты жағдай жаңбырлы күні перзентхана алдында терезеге телмірген Манас пен Айдостың көз алдында егіз ұлдары мен қыздарының дүниеге келуі еді.

Қолдарына қос-қос перзенттерін көтеріп,терезе әйнегінен шаттана көрсетіп тұрған Аружан мен Құралай ерекше бақытқа шомылып, жандарына жарық шашты. Қаумалаған достарының ортасында жүрегі кеудесінен шығып кетердей қуанған Айдос балдағын аспанға лақтырып, өзінше билеп кеткенін достары да, өзі де білмей қалды.

Жаңбырмен араласқан Айдостың қуаныштан ыршып шыққан көз жасын ешкім де сезбеді де,аңғармады. Төпелей құйған ақ жауын іштегі мұң мен шерді тазалап жатқандай, бүкіл әлемді жаңартқандай.

Үлкен құдіретті күш - сезім күші салтанат құрғанына қуанғандай бүкіл аспанды кеулей жарып, үнімен күркіреген найзағай үсті үстіне жарқылдады.


* * *

Арайланған ақ таңда жеңіл көлігінен түскен, қос аққудай көрінген бақытты жұптар балапандарын көтеріп,жайқалған бауға қарай беттеді.Көздерінде сағыныш сезім, кеуделерінде көркем күй, жандарында жақсылық жанған олар көктемдей келбетті,жаздай жайдарлы.


Неткен мөлдір,әсем,сұлу,көркем көрініс!

Сәбилері Нұрасыл Айдосқа тартса, Нұрайым Аружаннан аумай қалған.

Сәбилерінің бал-бұл жанған әппақ беттерін құшырлана, емірене сүйген олар сыңғырлай күліп, сылдырай аққан бұлақпен үндесті.

Таудан жарқ ете көрінген күн сәулесі бүкіл әлемге жақсылық нұрымен тарап, ауылына аңсары ауып жеткен аяулы жандарды армансыз аялағандай.

Ақылы мен ажары келіскен,қасиеті мен қабілеті үндескен, сабырлылығы мен салиқалығы басым,өмірлері өнегемен өрілген екі жас қиындықтарды артта қалдырып, жұптарын жазбастан,қол ұстасып егіз сәбилерімен ерекше күйге кенеліп, бір-біріне мейірлене жымия қызығып,таңғажайып табиғатқа тамсана қарап тұрды.

Сезімдері серік, сенімдерімен сүйікті жандар неткен бақытты еді, неткен сұлу еді!!!



04.01-31.03.2007 жыл





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет