-Айналайын жылы сөз-ай, жылы қабаққа ,сыйластыққа, адамгершілікпен өмір сүргенге не жетеді екен сірә! Бүгін бар адам ертең жоқ .Қатар жүрсек өлмейтіндей көрінеміз. Ертеңгі күннің сыйы бүгінмен өріліп жатқанын тағы білмейміз. Өзімізді танып, түсініп,білмей жатып,өзгеге көкірек көтереміз.Өзекті өртер өкініші көп өмірді өзіміз жасап алатынымызды тағы да аңғармайды екенбіз. Кемшілігіміз көп,көрсоқырлығымыз одан да басым.Мініміз көп, өзгеден тағы мін іздейміз. Күнәміз көп ,өзгеден кінә табамыз...
Мың ойларға берілген Айдос қызбалықпен бақыты мен байлығы,өмірлік серігі,болашақ жары болар Аружаннан бас тартқанына ұялып, өзін қалай жазаларын білмей келеді.Дәл сол сәтте қызы ренжіп кеткенде өзінің өмірде болу болмасы екіталай еді .Арманы ағысқа ағып,қиялы құрдымға кетеді екен-ау.
Бүгін көңілі өте көтеріңкі .Айдос шуақты өткен күндерін еске түсірді.Шындығында сол кез бақытты екен .Аптасына он екі рет шығыс жекпе-жек өнерімен жаттығу жасайтын.Таң атпай уәделескен жерінде кішкентай Жомарт,досы Пернехан жар басында күтіп алатын.Көңіліне күй қосар құстар үні ,төменде мөлдірей аққан өзен ,арудай майыса өскен талдар ,күшіңе күш қосар таңғы самал таң шапағымен кереметтей үндесіп ,үйлесім табар еді .Олар жар басында көздерін тарс жұма тізерлей отырып ,жерден қуат алатын, сыңғырлай аққан өзен ағысының дыбысынан миын тынықтыратын,шың басындағы қырандардай өте қорқынышты биіктікте ерік пен жігерін шынықтыратын. Шың басынан көтерілген күн алғашқы сәулесін таратып , нұрын төгіп бейнебір анадай елжіреп ,тас мүсіндей отырған жігіттерге ізгілік пен адамдықтың нәрін себетін . Жылдамдықпен жүгіргенде желмен жарысып , қиын жаттығуларды қайыспай көтеріп,өзеннен тік көтерілген жарға өрмелейтін .Жар басына жеткенде өте төмендегі
талдарды көріп ,бас айналар биіктікте бауырларша қауышып,мерейлері өсіп,бір жасап қалар еді. Ағысы қатты өзенге сүңгіп кетіп, ерекше шабытқа кенелетін , бойларына қуат беретін бұлаққа қарай жарыса жөнелетін. Қос қылышты күн нұрына жарқылдата сермеп, қос нунчакты сусылдата айналдырып, қос найзаны көз ілеспестей иіріп,пышақтарды талға ілінген жапырақ ортасына дәл қадағанда ерекше мәз мейрам болып қуанатын еді.
Ал бүгінгі түнгі қуаныш тым ерекше қуаныш . Аянбай еткен еңбекпен келген алға талпыныс алғашқы нәтижесін бергендей .
Кенеттен болған көрініске селт еткен Айдос өз көзіне өзі сенбей таң қалды. Аяқтарының башпайларын қимылдата бастағанда көзінен жасы ыршып-ыршып кетті.Саңқылдай күлген күлкіден оянып кеткен көрші кереуеттегі Аружан түкке түсінбей аң-таң.Айдос бейнебір балаға айналып ,екі қолының саусақтарын сыртылдатып, билеп отыр . «Ағаға не болды»-деген Аружан жылдам барып жарықты жаға қойды. Ыңылдаған музыка ырғағымен сыртылдаған саусақ дыбыстарына ілесуге тырысқан баяу қимылдағы башпайларды көріп көзі оттай жайнаған Аружан тау елігіндей таңғажайып мүсінімен Айдостың құшағына жүгіре еніп бара жатты.
* * *
Ауруханамен қоштасар сәт жетті. Әрбір жүрекке жол таба білген Айдосты барлық дәрігерлер тым жақын тартып қалған. Шырқалған әндері ,жеке-жеке арнап жазылған өлеңдері олардың жүректерінде сақталса ,сый ретінде берілген естелік суреттерді қалай ұмытсын .Жүректен туылған азаматтың әрбір туындысына ерекше мән беріп,қастерлеп ұстады да.
Қоштасуда ерекше қиналған мейірбике Меруерт болды.Жымиып қана жүретін ол бүгін томаға тұйық,жанары қимастық сезімге толы.Сымбаты мен сәні келіскен Алатудай алып тұлғалы жігітті іштей қатты жақсы көріп,әттең қыз болып туылғанына өкініп, наздана налып,жымия жабырқап жүретін.
Жігіттің қырандық қалпына құштар,сезімді селк еткізер серілігіне іңкәр еді.Жазылған әндері,оқылған өлеңдері өзіне
арналғандай көрінетін де тұратын.Алып ұшпа көңілі алаңдай алабұртып: «Айдос аға да мен сияқты сезімін айта алмай жүр-ау»-деп қиыла қарап, сарыла күтіп,сарғая үміт үзбеген еді.
-Қыздың жан дүниесін ұғу қандай қиын ,бейнебір құпия құлпытас дерсің. Ішкі жан сырын сыртқа шығара алмай жалғызсырап, жаутаңдап, ұяңдық қалпын сақтаған қаншама тағдыр иесі арамызда ғұмыр кешуде. Шындығында күнделікті өмірде қаншама жан бір-бірін жақсы көріп қалғанмен «Ұят» атты алып таудан ары аса алмайды.
Соның бірі мейірімді де кеңпейіл жан мейірбике Меруерт сезімі сыртқа себілмей солып,өкініші өзегін өртеп,сырттағы терезеге себелеген жаңбырдай жанардан жасаураған жасы ақ дидарын жуып жатты.
Әрине мұны Айдос сезді де. Алдау арбауға жоқ жігіт бұл жаққа келгеннен тектілігін сақтап, бойжеткен қыздың сезімін бағалап,жылы сөздерімен аялап, ағалық мейіріммен қарап, аға болып қалуды дұрыс деп санаған. Жалған жігіт болып жүрегін жараламауды,алаяқ болып албасты боп қалмауды ойлаған. Құрметке құрылған қадірлі қасиетінде қалуды қалаған.Барлығымен қоштасып жатқанда Меруерттің көрінбегеніне Айдос қатты алаңдады .
Беті қолын жуған сұлу бойжеткен тез түзеліп, көпке күлкі болмайын дегендей жылап тұрған жүрегін жайнатып, солғын тартқан көздерін ойнатып, «Абзал азаматты абыроймен аттандырайын» - деп, «Ақ халатты абзал жандармен бірге қоштасып қалайын»-деп ойлап, жүгіре басып жетті. Жан дүниесі әлем тапырық. Ұзақ уақыт ең жақын адамына санаған,қиялы қиырға, арманы алысқа кеткен бойжеткенді түсінуге де болар еді.Жүрекке әмір жүрмейді.Өкініші мен өксігі мол өмір өрімдей жас өркенді жылатқанын қарашы .Бақыт барлық жанға жеткен бе?..
Аяулы арудың алаңдаулы күйін тез аңғарған Айдос:
-Осынау жарық күнге жетуге әсіресе сенің де үлесің мол Меруерт қарындасым! Аман бол жаным! Бақытты бол айналайын!-деп құшағын жайды. Айдос қоларбада иіле еңкейген Меруерттің маңдайынан сүйді.
-Жолдарыңыз болсын, жазылып жүгіріп кетіңіз,кезекшілігім еді,жұмысыма барайын-деп жылы қоштасқан Меруерт жанарындағы мөлдір моншақтарды көрсеткісі келмей қанша
жұртқа сездірмегенімен жан дүниесі жылап,еңсесі езіліп,күйініште кетіп бара жатты.Тез арада үшінші қабатқа жүгіре көтеріліп, Айдос жатқан бөлмеге жүгіре еніп,төмендегі қоштасып жатқан ең жақын адамына терезеден қия алмай қарап, қолын бұлғай жылап тұрды...
* * *
Айдос ерекше күйде. Тым жақын болып кеткен алыстан көрінетін алып тау да,сырласы болып кеткен әсем бау да ,ыстық ықыласын төккен дәрігерлер де жүрегінен орын алған .Әсіресе қатты толқытқан бүгінгі сәт,Меруерттің ішкі жан сезімінің күйзелісі оны бейжай қалдыра алмады.Өзінен бір елі тастамайтын жыр жазатын дәптерін ашқанда асқан ұқыптылықпен бүктелген ақ парақты көрді .Сезімтал да салмақты,ашуынан ақылдылығы артық, бұзықтығынан байсалдылығы басым Аружан бәрін түсінді.Балауса да балғын құрбысының пәк сезімін аяқ асты етпейін дегендей,аңдығандай болмайын деп:
-
Аға, көрші палатадағы жандарға тағы да «Жақсы»дейін,сіз көрмеген дәрігерлерге сіздің атыңыздан алғыс айтайын деп рұқсат сұрап Аружан ішке енді.
Ақ парақты ашқанда өте әсем қолмен жазылған «Қыз сыры»атты өлеңді көріп, өлеңдерін көшіріп алып жүретін Меруерттің қолын танып, осыншама уақыт ішінде өлең жазатынын білмегеніне таң қалды. Оқығанда өн бойы шымырлап кетті.Жазықсыз пәк қыз жүрегінің соғысы ақ парақта солқылдап тұрды:
Бірден құшып арманың ба жетпегің?
Кешір жігіт сірә олай етпегін .
Қыз-қызғалдақ , сұлулық та өткінші,
Қалай қисын оралмайтын көктемін?
Әттең мені басады да өктем үн ,
Сені ойлаумен қанша запа шеккенмін.
Құлап тұрып құшағыңа ене алмай ,
Көргім келіп ,көрмегенсіп өткенмін .
Түсіне алмай кеудемдегі шаттықты ,
Тұла бойым асау жүйрік аптықты .
Көздеріңнен отқа орандым өртеніп,
Сөздеріңнен сезіндім де пәктікті.
Жақын келсең дүрсілдеді қос жүрек ,
Дидарыңнан сезіледі дос тілек.
Сахна-өмір ,маңғаз болып көрінем ,
Ал жанымды сезім жатыр кескілеп .
Мен өзіңді құшқым келіп құша алмай,
Махаббаттың бал шырынын іше алмай .
Өтіп жатыр күйбің тірлік күрделі ,
Өзімді де ,өзгені де бос алдай.
Мен өзіңді жүрегімде сақтадым,
Бұлбұлы жоқ жапырақсыз бақтамын.
Күндіз күн боп жарқырадың күлімдеп ,
Түндерімде түсімдесің ақ таңым.
Жанымды езіп қанша мұң,
Сүйгенге кетіп аңсарым.
Сарғайғам сені сағынып ,
Мен күтуден шаршадым.
Құшағыңа мені алшы әнім ,
Өзіңмен өтер бал шағым .
Үмітсің, үзбей үңілдім ,
Шаршадым,жаным,шаршадым.
Айдос аңтарылып қалды .Бейнебір кінәлі адамдай өзін-өзі жазғырып,ыңғайсыз жағдайда қалғандай сезініп отыр . Жүгіріп жетіп , жағдайды жігітше жеткізіп, жүрегімен жарыла алмады.
-Ия ,бірі кем дүние...
Ақақалап күлеміз, жанымызда жүрегі жылап тұрған адам бар екенін аңғармаймыз.Жайнап жүрген жанның жанын жаралап,жайраңдап жүреміз.Кеудемізде сағыныш толы ,өзгені өзімізге сағынтамыз.
Көкіректе аласұрған арман көп,алыстағы армандарға асығамыз.Өкпеліміз ,өзгені өкінтеміз.
Адамдарға әйтеуір бір нәрсе жетпей тұрады .Асып тасқан, байлыққа балқыған ,батқан адамның өзі бақытсыз болуы әбден мүмкін.Қалың елдің ортасында құрметке бөленіп жүргенмен , жүрегі жалғызсырап жүрген қаншама жан бар...
Адам жаратылысының өзі жарты жүрек болып жаралғандай.Жүрек өзінің сыңарын тапқанда ғана жан дүниесі толығып,бүтінделіп «Бақыт»деген құдіретті ұғым бастау алар.
Ой орамынан оңалып ,орныға алмай отырған Айдос төменнен жоғарыдағы өз бөлмесінің терезесіне қарады. Өн бойы дауылмен теңселіп, нөсермен жапырақтары діріл қаққан ақ қайыңдай көрінген ақ халатты Меруертті көріп.шыдай алмай жанарын тайдырып әкетті.
* * *
-Жер бетіндегі саналы тіршілік иесі сұлулықпен ұсталып, әдемілікпен әрленіп,тартымдылыққа талпынып, алда болуға алқынып тұр.
Әдемілік әлемді әлдендірсе ,Сұлулық сақтайды.
Адамдардың жан сұлулығымен, рухани байлығымен бір біріне деген құштарлығы, ынтызарлығы,сүйіспеншілігі баянды болмақ. Адам болып жаралсақ та адам жанын ұғыну,түсіну қиынның қиыны.Ал қыз жанының шексіз де шетсіз әлемі тіптен күрделі.
Үмітімізді ақтайтын ,болашағымызды сақтайтын,аяулы да ардақты,қадірлі де қымбатты қыздарымыз екенін түсінеміз бе?
Бүгінгі ерке қыз бала ,ертеңгі күнгі ізгі ана. Ал әйел-ана табиғаттың ең талантты тұлғасы болып қала бермек.
Әйел-Ана . . .
Осы бір қасиетті де киелі атта шегі мен шеті жоқ кең мағына ,ұлы ұғым жатыр.Күн шуағынан нәр алған,гүлдей жайқалған ең нәзік ,ең сезгіш,сезімтал, намысшыл ана жүрегі бүкіл әлемге күн мен айдай шуағын шашып , нұрын сеуіп тұрғандай.
Ана. . .
«Ана деген бет пердесі жарықтың ,
Ана деген бет бейнесі халықтың .
Ертеңінежол ашатын осылар ,
Ұлылықтың,даналықтың,алыптың» - деп ақындар жырласа жұмыр жерде аналар бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді.
Әйел-Ана өмір бастауы, барлық жақсылықтар мен берекенің бал қаймағы, ырыс құттың таусылмас бұлағы.
Айдос толғаныс толқынында орасан ойларда отыр . Оны қазақ қыздарының кешегі тектілігі ,намысқойлығы ,инабаттылығы ,ұятты бәрінен биік қоюы толғандырды .Қазіргі қыздардың арасындағы көзге жат ,көңілге қисынсыз ,өмірге өрескел тұстары алаңдатты.
Дүниені дүр сілкінте тітіреткен Тұмар ханымның ,жауқазын Жібектің ,байыпты Баянның,лаулаған от Ләйлінің сіңлілері қайда?!
Аңқылдаған алып аналардың ақ арманы алыста қалып, үкілі үмітінің оты қалайша сөнбек?
Алыптық анадан десек арманның асылын арнаға салатын, ақ жолды жалғастырар арулар қайда?
Махаббат мазаққа, сезім секемге, армандау арбауға, сағыну сағымға, күту күдікке, емірену, елжіреу есепке, сенім сергелдеңге, қимастық қиынға қалайша айналмақ?
Ауылға алып қайтатын көлік кешігіп Айдос бөлмеге қайта кіріп, ермегі саналатын жазу дәптерін қолына алған.Аружанға ақ жол тілеп, ауладан үзіп алынған жаңа ғана сыйланған раушан гүлдердің суға салынған шыны ыдыстың ішінде тұрғанын көріп жүрегі дір етті.
-
Бұлда бір өмір екен–ау. Шыр етіп дүниеге келіп ата- анамызды, туған-туыстарды қуантамыз.Сол сәттен бастап
пешенемізге жазылған өмір секунттармен қысқарып, гүл сияқты рең беріп, бірте-бірте сола бастайды екенбіз.Гүл сияқты қуантамыз, бірақ тағдыр талқысының, өмір өткелдерінің, қилы-қилы құбылыстардың құрбанымыз.Жолы жіңішке, мұң шерін сыртқа шығара алмас, гүлден нәзік, кіршіксіз кірпияз қыз тағдыры қалай болмақ?Аруды арбайтын арыстандар, елікке еміренетін ессіздер, қармап қалар қасқырлар, жалмап жеп жылатып, жайрата салар жетесіздер, жолбарыс жалмауыздар қаншама.Талғамсыз тас бауырлар қаншама қандарды қарайтып, жазықсыз жүректерді жаралауда.
Рухымыз қашан биіктейді? Жалғанмен жамалып, күйкі тірлікпен күйзеліп, кереметтерге кешігіп, өмірге келіп-кеткені белгісіз жағдайы жоқ қаншама жан ах ұрып аласұрған...
Әлсізге әл берер, қорғансызға қамқор болар,иманды,кеңпейіл, батыр тұлға,ержүрек, дана, мейірімді, мәрт, сері,ұлы, ірі текті тұлғалардың ұрпақтары неге айналдық,қайда барамыз?
Адамдарға алаңдаулы, қыз тағдырына құрметпен қарайтын Айдос жүрегінен жазылған «Гүл-ғұмыр»өлеңі өрілді:
Ыдысқа келдің нұр гүлім ,
Тұр едің бақта жайқалып.
Жүрегім менің мың тілім ,
Мұңыңды бірге айталық .
Ұқпаймыз өмір мың сырын ,
Тұрса да көзге байқалып .
Үзілді күлкі сыңғырың,
Ес түссіз қалдың шайқалып.
Аруға сыйлап қуаныш,
Сындырды сені аямай .
Бұл қандай қатал сұраныс ,
Келіп ең елді саялай.
Адамды түсін құрметте,
Жанына үңіл иіліп .
Қуанту үшін бір сәтке,
Гүл-ғұмыр кетер қиылып.
Нәзіктік тұнған қыз жаны ,
Пір тұтқан ақыл ұятты.
Өмірдің жұмбақ мың заңы,
Адам да сол гүл сияқты.
Ыдысқа келдің жыр гүлім ,
Нұр едің бақта жайқалып .
Жүрегім менің мың тілім ,
Бар сырды бірге айталық .
Естіртпей гүл де сыбырын ,
Тырнады жүрек жараны.
Аяқтап мүлдем ғұмырын,
Солғындау тартып барады.
Өмірдің қымбат екенін ,
Ар,намыс,иман,ұятты.
Сыйластық –сымбат не екенін,
Айта алмай кеткен сияқты,
Айта алмай кеткен сияқты.
* * *
Көзге көркем, көңілге ыстық ерекше елжірететін көктем де келіп жетіпті –ау.Көктен құйылған күн сәулесі керемет күйге бөлеп, гүлдеген алма ағаштарынан құралған саябақтың иісі мұрынды жарып жіберердей неткен ғажап еді.Көздің жауын алар әртүрлі бояудағы мың құбылған гүлдерде асыға аласұрған аралар армансыз шырынға шылқия тойып,әсем әуенін әуелетіп,кеудеңді қуанышқа кенелтеді. Сансыз сайраған құстар үні қайталанбас бұл бір сәтке сән бергендей .Алдынан соққан жылы леп Айдостың жан жүрегін жадыратты.
Қайтар сәтінде еш жерге сыймай барлық жерді қоларбасымен аралаған Айдос мөлдіреп тұрған ,гүлдене жайқалған алма бауынан шыға алмай қалды. Меруертке жауап ретінде жазылған «Қазақ қызы»атты өлеңі ақ параққа қара сиямен төгіле берді.
Қазақ қызы...
Қазақ қызы сырыңды айтшы жасырма ,
Мен өзіңді теңеп жүрмін асылға .
Тектілігің тал бойыңнан есіп тұр ,
Жаутаңдама , ешкімге де бас ұрма .
Көтерілші , тапталмашы , басылма ,
Асыл едің басыңнан сөз асырма .
Өздеріңнен шуақ-нұр боп тарадық ,
Өздеріңмен жеттік жаңа ғасырға.
Сендер барда қазақ мәңгі көгерер ,
Әдемі боп ай сәулеңді төге бер.
Шаңырақтың біз ұстыны болайық ,
Сендерсіңдер мол байлыққа егелер .
Бота көзің айдын көлдей , тұнық тым ,
Көрген сайын көргім келіп құнықтым .
Қиялдаған , қия алмаған көзіңнен ,
Назын артқан , жақын тартқан сыр ұқтым .
Мөлдір едің ,бақытыңды тап мұнда,
Бұлақ едің өзен болып аққын да.
Жыр арнадым ,биік болып жүргейсің ,
Естелігі болсын сол бір шақтың да .
Өлең-өмір...
Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Жалғандығы жоқ жігіт жалынды жанымен жауып, ағалық мейірімімен қос арудың алдында үлгі өнегесі өрнегімен өріліп ,азаматтығы көрініп тұрды.
«Жауап жырды Меруертке қалай беремін ,Аружан байқап қалса қалай қабылдайды »-деп ойы сан жаққа кеткен жігіттің жағдайын жете түсінген ,жанына жадырай жеткен ару қыз :
-
«Аға ,Меруертке жазған жауап жырыңызды қарсы болмасаңыз мен жеткізіп берейін»-деп жымия күлген.
Қай жерге қоярын білмей әр жерге тықпалап отырған хат-жыр өлеңнің қалайша сезіліп қалғанына селк ете таңырқаған жігіттің қолынан бүктеулі парақ түсіп кетті.
Жігіт жүрегінің жылуын жерден көтеріп ,аялы алақанда аялап, аяулы Аружан адамгершілігін айқындап, тағы да тектілігін танытты.
* * *
Гуілдеген баларалардың дауысы бас айналдыратындай бақта Айдос ерекше көңіл күйге енді.Жастайынан ата анасынан айырылған ол нағашыларының қолында тәрбиеленген еді.Қаншама қамқорлықпен айналып толғанғанмен бала көңілі далаға кетіп, анасының аялы алақанын,әкесінің бір ауыз жылы сөзін аңсаумен жүретін.Бейнебір ата-анасы келіп қалатындай сағыныш сезімде сарыла күтіп, аңсары ауатын да тұратын.Барлық жағдайды жасаған нағашы атасы «Жігіт болып өссін,қайтпас қайсар болып шыңдалсын»-деп темірдей тәртіпте ұстап, өте қатал болды.
Шіркін балалық –ай...
Күндіз түні тыным таппас тіршілікке жынданып жүретін ызақор Айдос енді қазір ойланса атасы өміріне керек болар еңбекқорлыққа,төзімділікке тәрбиелепті,адамдық қалпын қалыптастырыпты. Сабақтан бір күн қалмайтын ол малдарды қарауға, үй шаруасын тындыруға,даладан шөп орып әкеліп жинауға, жайылымнан келмеген малдарды іздеп табуға күнделікті түнжарымда үлгеретін.Атасынан сұранып баратын анда-санда болатын кластастардың отырысына үнемі кешігіп жететін.
-
«Шаш саған ақыл бермейді,басың бөрітіп жараға айналады»-деген қатал қарияның жалтылдаған ұстарасы шашын төбеден бастап сыпыра бастағанда:
«Қашан есейіп шаш қоюға рұқсат алар екенмін»-деген арман жылт етіп, жанарындағы жас боп көрінер еді...
Кішкентайынан тұтығып өскен ,бала болып балбырамаған,жігіт болып желікпеген Айдос атасының шыңдалу мектебінен өтіп, алып тұлғалы азамат болып, өзгеше өсіп еді.
Көңілі көктем шуағымен көтеріліп отырған жігіт алыс жолға жүрер алдында аяқ қолын созып ,демалып алуды жөн санап ,жеке бөлмеде ұйқыға кетті.
«Алаңсыз демалсын»-деп сыртқа кеткен Аружан саябақтың сұлулығына сұқтанып,көз арбар көркем көрініске құрбысымен емірене еніп, елжіреу сәтіне көшкен.
Жүрегі сыртқа шығып кетердей дүрсілдей соққан Меруерт самғатқан сезімге, құлшынған құштарлыққа,ессіз елітуге,жан жүйесін жаулаған жалынға төтеп бере алмай Айдос жатқан бөлмеге еріксіз еніп кеткенін білмей де қалды.Тұла бойы шымырлап, толқындай, дір-дір етіп, баяу батылдықпен,аса сақтықпен азаптана армандаған,аңсары ауған адамының сәбидей балбыраған мамыражай күйін көріп,табынтқан тұлғасының төсектегі таңғажайып көз тартар келбеті өн бойын керемет күйге көшірді.
Ұяла ұстаған арман ыстық алақаннан ажарланып ,ауа жетпей аласұрып,ұйықтап жатқан жанды оятып алмасам деген уайым мен уыздай бал сәт арпалысқа түсті . . .
* * *
Айдос ұйқыдан еңсесі көтеріліп,жүзі жайнай оянды.Терезеден көрінетін бұлттар ерекше әсемденіп,көңіл көкжиегіне көрік бергендей. Жігіт бір сәт өткенде болған Манас екеуінің арасындағы әңгімеге ойша оралды .Жан досы болып кеткен жігіт Мейірхан ақсақалдың жылы сәлемі мен асқақ арманын жымия күліп,жылы шыраймен жеткізген. Қарияның ойы көңіліне көктем,жанына жаз,екі немересіне өмір сыйлаған асыл азаматты сүйікті немере ұлы Манаспен бір күнде үйлендірсем, қызықтарын бірге көрсем, келіндерді өз үйіне түсірсем деген парасатты ақылмен айтылған ой еді . Әрине бұл іске сол кездегі әрбір іске ұйтқы болған комсомол, партия,кәсіподақ ұйымы шет қалмайтынын досы толықтырды.
Ия, бұл адамгершілік асқақтаған, бауырмалдық басым, мейірімділік мерей өсірген берекелі де, мерекелі кезең сексенінші жылдар еді.Алғаш сәтте ыңғайсыздық танытқан Айдос ақсақалдың келісіп пішілген ақыл кеңесіне дау айта алмады.Алыстағы нағашыларының,Аружанның анасына дейін бұл іске хабардар екенін есітіп таңқалмасқа шарасы қалмады. Әрине бұл кісіні көзден танитын ,болашақты болжай алатын,көргені мен көсемдігін көрсете білетін көнекөз қария, ақылгөй Мейірхан ақсақалдың арқасында жасалып жатқанын іштей сезіп , жігіт жүрегіне жылылық ұялады.
* * *
Терезе әйнегіне титімдей тас сырт етіп тигендей болды да артынша «Айдос, Аружан»деген қайта-қайта қайталана жаңғыра шыққан дауыс елді елең еткізді.Төсектен талпына көтеріліп, қоларбаға қонған жігіт терезеге жетіп барғанда ,жалындаған төмендегі Манас бастаған құшақтары гүл мен қуанышқа толы құрдастарын көріп, көңілі көкке көтерілді. Шабыт шыңына шыққан жастар Аружанды гүлге орап, күйтарада әндерімен әлдилеген. Терезеден Айдос көрінгенде жауқазындай жастар ду шапалақтап, қол бұлғай шақырып, шаттыққа бөледі. «Романтик» атты магнитафоннан сол кездегі жастардың жанына, жүрегіне жақын, құлағына құдіреттей естілетін шетел ансамблдері Смоки, Вони-М, АВВА, италиян әндері толқындай төгіліп , би ырғағымен Аружанды ортаға алған жастар достықтың туын биіктетіп, Айдостың мерейін өзгеше өсірді.
Жастардың жағымды жарасымы, бойжеткен Меруертті де жандарына жақындатып,өздеріне қосып алды.
«Қуған жетпес, бұйырған кетпес»дегендей облыс орталығында тұратын құдаша қыз Құралай да құлпырып кеткен.Ауруханаға келген сайын Манас құдаша қызға да жолығып тұратын.Жүрегімен құлай сүйген ел мақтаған жігіттерді қыздар жақтап ,бүгінгі күн ұлы күнге айналып еді.
Қуаныш қойнауында құлпырған Айдос ажарланып, құрдастарының қуатты күші дем беріп, екі балдаққа өзі ауысып,алып тұлғасын тік ұстап ең бір бақытты сәтін сезінген. Ерекше безендірілген, шарлармен, ленталармен көмкерілген екі жаңа жеңіл көлікке жайғасқан жастар «Ән бұлағы-Шәмші ағаның» әндерін шырқай көктемнің көркем көрінісіне көрік беріп, кетіп бара жатты.
* * *
Алданыш өмір-ай . . .
«Сабыр түбі сары алтын,сарғайған жетер мұратқа»дегендей тамұққа айнала жаздаған Айдостың тағдыры таңқаларлық таңғажайып талпыныста танылды.Үмітті үзбей, кедергілермен күресіп, ерік пен жігері шыңдалған шыңда шарықтап, нәтиже нақтыланып, сезім күші күшейді.
Шіркін көңілдің тоқтығына не жетсін?!
Кеше сырт қараған тағдыр, бүгін күле қарады.Өткенде алданыш арбаса, қазір қуаныш қармап, кеудесі күйше күмбірлеп, сыңғырлай сөйлеп, сұлуына сыр ашады.
Ауруханада қараңғы қапаста қалып, жарық сәуле іздеген сәттерінде жазылған «Алдамшы өмір»атты өлеңіне ойша оралды.
АЛДАМШЫ ӨМІР...
Өмір қыз-ау сұлулығы жетерлік ,
Қылығы бар тәнті өзіне етерлік .
Назыменен , жазыменен жайнатса ,
Бақытың бал , тағдырыңнан шекерді ұқ .
Мәңгі емес , бәрі уақытша өтерлік .
Өмір-сынақ , тәңір өзі жіберген ,
Жалған жайнап , туралық тұр түнерген
Жан азабын тартқызбайтын мәңгіге ,
Тазалықтың табиғаты білермен .
Имандылық туын ұста жігермен !
Өмір-арман , қызықтырып қоймаған ,
Өмір-тәтті , кәрі жас та тоймаған .
Өмір-ағыс , өмір-талас , өмір-дән ,
Тіршілігін ,заңдылығын жоймаған .
Бұл өмірге қонақпыз ғой ойлы адам .
Бұл өмірге қонақпыз ғой ойла адам !
Жүйтки желіп ,желмен жарысып келе жатқан жеңіл көліктер қос тауды бетке алып, дала жолына ауысты.Мұндай керемет сұлулық болмас. Көздің жауын алар жауқазындар,санаңды сән салтанатқа бөлеп,сән берген сарғалдақтар дала төсін көмкере жауып, бал шырын ләззатта емірентіп , жан жүйеңді балқытып,жер бетін мың түске бөлеп,жаныңды жарықтандырып жібергендей.
Сұлулыққа сұқтанып,көркем көріністен көздері оттай жанған жастар машиналарын тоқтата сала жауқазындарға қарай жүгіріп кетті.Машина жанынан жұлынып алынған жауқазынды Аружанға берген Айдос ерекше сұлулыққа таңдана да,таңырқай да ұзақ қарап, көзін ала алмады.
«Құдайға мың тәубе» - деп күбірлеген ол сырт киімін шешіп, қыздың иығына жапты. Жігіт жылуын ,ынтық ықыласын сезінген сұлу ең жақын болып кеткен аяулы адамының бауырына тығыла түсті.
* * *
Ауылға сырнайлата ,кернейлете енген қос қуанышты бүкіл ел қуана қарсы алды.Үлгергендері жіп керіп ,тарту сый алып жатса, ат үстіндегі бозбалалар сүйіншілеп , атой сап Мейірхан ақсақалға тіке шауып барып, сыйлығын алып мәз мейрам.Жаңалығы тез есітіліп,тез тарайтын кішкене ауыл берекесі кіріп,шаттықта шалқыды.Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел тағы да елдігін танытып, ауызбіршілігін көрсетті. Ауылдың ардақты ақсақалы ,биік беделі Мейірхан ақсақалдың басқаруымен Айдос ауруханаға түскеннен бастап, үлкен бастама іс жасалып, жабыла көтерген жүк жеңіл болып, біткен істің лента жібі қиылғалы тұр.
- «Жас та болса бас болып, елімізге өз баламыз болып енген балапанымызға бір баспана салып бере алмасақ қандай елміз,қандай жұртпыз. Ол салған білім ошағы мәңгілік білімімен әрбір жүрекке жылу берер.Шыңдарын қар басқан Қаратау болып қария біз тұрмыз.Елді сыйлау ерді сыйлаудан бастау алар. Біз де өмірден өтеміз.Кішкене сыйымыз Айдос аққуымен келгенде жанына жарық, жүрегіне жылу берсін!Шаңырағында шаттық орнап,өсіп,өнсін,өркендесін!Айдосымыз жазылып кетсін,арамызға аман-есен жетсін!»-деп батамен басталған ағайын туыс арасындағы асар бүкіл ауылды қамтып,берекелі іс баянды болып,керемет өзгеше өрнекпен зәулім үй тұрғызылып еді .
Ауыл тұрғындарының керім келбетіне, ыстық ықыласына кенелген Айдостың жүрегі дүрсілдей, қырандай биіктеп,самғап ұшып жүргендей сезінді. Мұншама құрметке бөленген ол жанарындағы жасты жасырып,айқайлап қуануға ауылдан ұялып,жан толғанысы мен бақыт құшағында еді.Мейірхан ақсақалдың ақ шапаны мен әппақ қырау сақал мұрттары бейнебір Қыдыр бабаны жолықтырғандай Айдосқа әсер етіп, үлкен тебіреністе толқыды.
Қариялар қолымен лента жібі қиылып,қос аққу оң аяқтарымен босағаны аттады.Ауылдағы ең үлгілі ,өсіп өнген келіндер қос аруға орамал салды. Жеңгелері шашу шашып, кішкентайлар тәттілерге таласты. Қарт әжелері май салынған ыдыстағы адыраспанмен түтін түтетіп , тіл көзден аластап,шымылдыққа бастап кіргізді. Ақылына көркі сай, көктемдей көріктері келіскен,жаздай жайдары апалы сіңлідей көрінген келіндердің көз тартар көркем көріністері неткен ғажап еді . . .
Көктемнің керемет келбеті «Беташарға» келген көппен ажарланып, күлім қаққан жеңгелер қыз күндерін аңсаса, бұралған бойжеткендер қос аққуға қызыға қарады. Елді елең еткізген домбыра үнімен қосылған сері жігіттің әуезді әуені әрбір жанның өн бойларын балқытып, тауды жаңғыртып, тәтті күйге бөледі. Қос аққудай көрінген келіндердің бірдей иіліп, сәлем салуы жандарды жадыратып, көңілдерді көріктендірді.
Беташар аяқталып,келіндердің беті ашылғанда жер бетінде жарық сәуле шашырағандай ,бүкіл әлем жанданып жаңарғандай болып,елдің жан тебіреністері сезілді.
Ақсақал қарияның берген батасы жан жүйені жібітіп,бірлік пен берекенің, ынтымақ пен ырыс құттың құндылығы қуатталып,ел еңсесі көтеріліп, көңілдене беттерін сипады.
Неке қию салтанатты түрде ауыл имамымен жүргізіліп,күміс теңгелер салынған ыдыстағы ең тәтті зәм-зәм суымен тең неке
суынан достары мен құрбы құрдастары «Жұғысты болсын»-деп, әзілдей таласа,тармаса ішіп жатты...
Беташарда келіндердің бетін ашқан әрі күйші, әрі әнші, саяткер, ұста шебер, суретші, сері жігіт Бәкіржан көз тартар көркем Аружанды көріп, аңтарылып, ойламаған жерден отқа оранды.
Тау шатқалында қорықшы болып жұмыс істеп, ерекше салынған үйде өзгеше өмір сүретін ол Айдос алғаш ауылға келгеннен жақын тартып,дос тұтып ,бауыр басқан еді.
Бүгінгі сәтін, өз-өзін түсіне алмай, Аружанның жанарындағы жалынға жанғанын,жүрегіндегі ерекше дүрсілдің пайда болғанын білмей де қалды. Сұлулықтың сиқырына сұқтанған ол әзер дегенде бойын жинап, сезімнен селк етіп,жанарын бұрып әкетті.
Елге сездірмеген қалып сақтаған жігіт тау шатқалындағы үйіне атымен қайтып, үлкен тербеліс пен тебіреністе, ойда бара жатты.Өнерге жақын олар келгеннен достасып,өлең – жырларын ортаға салып,демалыс күндерінде түннің жарымына дейін сырласушы еді. Бәкіржанға ерекше ұнайтын өзі күнделікті көріп жүрген өмірін суреттеген Айдостың «Мөлдір табиғат», «Табиғатқа баршы сен», «Табиғат -адам» атты өлеңдерін еске алды.
Достарыңызбен бөлісу: |