Д. Х. Кушмурзина К. Б. Шинбулатова Әдебиеттік оқУ Әдістемесі


Саналылық пен белсенділік принципі



бет7/79
Дата03.06.2024
өлшемі338.41 Kb.
#502250
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   79
Кушмурзина Д.Х. Әдебиеттік оқу әдістемесі (1)

Саналылық пен белсенділік принципі
Әдебиеттік оқу пәнін оқытудағы саналылық принципі дегеніміз – оқу процесінде оқушының саналы ақыл-ой әрекетін ұйымдастыра отырып, әдеби шығармалардың мазмұнын, ондағы негізгі ой түйіндерін терең түсініп, талдай білуі, көркемдік сөз өрнегін көре білуі, оларды өздерінің ауызша, жазбаша сөйлеу тілінде қолдана білуі және әдебиеттен алған білім-дағдылардың оқушы наным-сеніміне айналуын айтамыз. Саналылық оқушының белсенділігі мен өзіндік әрекет етуінен көрінеді.
Саналылық болмаған жерде белсенділіктің де болуы мүмкін емес, сол сияқты белсенді ақыл-ой, еңбек әрекетінсіз саналы ұғыну да мүмкін емес. Саналылық пен белсенділік принциптері өзара тығыз байланысты.
Саналылық пен белсенділік принципі оқу процесін ғана қамтып қоймайды, жалпы тәрбие процесін де қамтиды. Әдебиеттік оқу пәнін оқыту барысында тәрбиелік міндеттердің де шешілетіні белгілі. Әдеби шығармаларды меңгерудегі саналылық пен белсенділік оқушының дүниетанымдық көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасуында маңызды орын алды. Табиғат құбылыстарының, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің мәнін, заңдылықтарын терең түсіну, өздігінен өзінің білімі, дағдылары мен іскерлігін жетілдіре түсуде әдебиеттік оқу пәнінің тәлім-тәрбиелік мәні зор.
Оқушының саналылығы мен шығармашылық белсенділігін оқу процесінің барлық кезеңінде /оқу материалын алғашқы қабылдау, практикалық дағдыларын қалыптастыру, қайталау-қорыту, оқушының білімін тексеру т.б./ ұйымдастырып отыруға болады. Мұның тиімді жолдары: шағын әңгіме, проблемалық тапсырмалар орындату арқылы тиісті материалдың мазмұн-мағынасына оқушыны үңілдіру.
Проблемалық оқуды бастауыш мектептен бастауға болады. Проблемалық тапсырманы орындауға бірден кез келген оқушының шамасы келе бермейді. Проблемалық сұрақтардың шешімін табуға, проблемалық тапсырмаларды орындауға оқушыларды үйрету керек. Мәселен, алғашқы кезеңде мұғалім өзі тиісті материалды баяндай отырып, проблемалық жағдаят тудырады да, оны шешудің жолын іздестіруге өзі көмектеседі. Одан кейінгі кезеңде оқушылардан тиісті проблемалық аясы жеңіл проблемалық тапсырмаларды орындау, шығармашылық жұмыстарды орындау талап етіледі.
Яғни проблемалық тапсырмалардың мазмұны, көлемі және оны орындау жолы біртіндеп күрделеніп отырады. Проблемалық оқудың маңызы мынада:
1/ мұнда оқушылардың білімді терең, сапалы ұғынып, оны шығармашылық пайдалана білуіне жағдай жасалады;
2/ мұнда оқушылар ғылыми тұрғыда ойлануға жаттығады, дүниені танып білудің әдістерін меңгереді;
3/ шығармашылық іс-әрекеттердің тәжірибелерін үйренеді. Ал бұл дағдылар оқушылардың болашақта айнала қоршаған дүниеге, адамдардың іс-әрекеті мен мінез-құлықтарына сын көзімен қарап, ол жөніндегі өздерінің ой-пікірлерін, көзқарастарын айқындау үшін өте қажет. Әйтсе де, проблемалық оқу сабақ жүйесінің белгілі бір кезеңінде, орнымен дұрыс қолданылғаны жөн.
Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда оқушының саналылығы мен шығармашылық белсенділігін арттыруға қойылатын талаптар:
1. Оқушының әдебиеттік оқу пәніне деген қызығушылығын, ынталылығын, жағымды ынта-жігерлерін қалыптастыру. Ол үшін өтілгелі отырған тақырыппен сабақтас келетін қызықты оқиғалар, ақын-жазушылардың өмірінен қосымша мағлұматтар,естеліктер, тарихи-деректі әңгімелерді қызықты етіп әңгімелеу немесе оқушылардың өздерінің олармен танысуына кеңес беріп отыру қажет. Мұндай жұмыс оқушының пәнге деген қызығуын арттырады, біртіндеп әдеби шығармаларды оқу баланың өмір талабына айналуына себеп болады, сөйтіп оның азаматтық қалыптасуына әсер етеді.
2. Әдеби шығармаларды өту барысында оқушыны шығармашылық іскерлікке баулу, әр түрлі құбылыстарды, оқиғаларды, адамдардың пиғыл-әрекеттеріндегі ерекшеліктерді байқай білуге және олар жөнінде қорытынды жасай білуге үйрету. Ол үшін оқушыны өздігінен ізденуге,өздігінен шешімін табуға жетелейтін проблемалық жағдаяттар тудырып, проблемалық тапсырмалар беру, олардың орындалуын қадағалап отыру.
3. Оқушы ұғым-түсініктері мен білімдерін тексеріп, бағалап, балалардың жетістіктерін сәл де болса мадақтап отыру, сөйтіп олардың оқу ісіне деген жауапкершілігін тәрбиелеп отыру.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   79




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет