1.9.5 Топырақ және тамыр жүйесi. Топырақтың механикалық құрамы ағаш түрлерінің тамыр жүйесiнiң таралуына және пішініне, ал сондықтан кейiнгiлердiң желге орнықтылық дәрежесiне әсер етедi. Мысалы, саздауыт топырақтағы шыршалар желге сұламалы болып келеді.
Орман шаруашылығы тәжiрибесiнде топырақтың физиологиялық белсендi қабатын жоғарылатуға болады, ол үшін тамыр жүйесі жоғарғы қабатқа және өте тереңге кететiн ағаш түрлерін (мысалы, шырша мен қайыңды немесе шегіршін түрлерін) араластырып өсіруге болады.
Өз кезегiнде тамырлар топырақ микрофлорасының дамуына көп әсер етедi, сол арқылы ағаш түрлеріне байланысты ризосфераны әр түрлi химиялық элементтермен байытады. Тамырлар бөліп шығаратын элементтер құрамында ферменттер де болады.
Бiрақ, кейде тамыр шығаратын элементтер, әсiресе фитонцидтер микроорганизмдер үшiн уытты болуы мүмкiн. Ризосферада дамитын микрофлора өсiмдiктi қоректендiруде үлкен рөл атқарады.
Өсiмдiк-биомелиоранттардың (қараған, талбұршақ, көпжылдық бөрiбұршақ) тамыр түйнектеріне бактериялар орналасып, ауадан азотты жұта отырып, олар топырақты байытады.
1.9.6 Олиготрофтар, мезотрофтар және меготрофтар. Топырақтың жалпы құнарлығына ағаш түрлерінің талғамы әр түрлi және бұл тұрғыдан былайша бөлiнедi: төмен талғамдыларға немесе олиготрофтарға арша, тау және кәдiмгi қарағай, қотыр қайың, ақ қараған, орташа талғамдыларға немесе мезотрофтарға үлпек қайың, көктерек, шырша, сібір балқарағайы, шетен, тал, қызыл және кәдімгі емен, қара қандыағаш, жеуге жарамды талшын және аса талғамдыларға немесе мегатрофтарға үшкір жапырақты үйеңкі, явор үйеңкісі, шамшат, майқарағай, қаратерек, дала үйеңкісі, ақтал, қарағаш, шаған жатады. Ағаш түрлері топырақ реакциясына да сезiмтал. Қышқылдар реакциясына орнықтылар ацидифилдер (шырша, кәдімгі қарағай, самырсын, майқарағай, балқарағай, қайың, көктерек, шетен, талшын, қараған, рододендрон) деп аталады.
Сондай-ақ, кальциефобтарды ─ әктi терiс қабылдайтын өсiмдiктер (асыл талшын, қиыр шығыс қарағайы, қара жидек, сфагнум), кальциефильдердi – топырақтағы әк мөлшерiн жақсы реттейтiн өсiмдiктер (лавар, қайың, қарағаш, көптеген тал және терек түрлері, мойыл, аюбадам, өгейбұта), алкалифилдердi – топырақтың сiлтiлi реакциясына бiршама төзiмдi өсiмдiктер (жыңғыл, ақ қараған, алмұрт ағашы, емен) деп жіктейді.
Ағаш түрлері топтарын: нитро-, фосфоро-,калиефосфорофильдер деп те бөлiп қарайды.
Орман топырақтарында азот жинаушы өсiмдiктердiң (сары және ақ қарағандар, қандыағаштар, жиде, шырғанақ) маңызы зор. Олардың тамырларында түйнек бактериялары – ең өнiмдi микроб – азот тiркеушiлер болады, сондықтан олардың көбiсiн ормандарды биологиялық мелиорациялау үшiн пайдалануға мүмкiндiк бередi.