АЛҒЫ СӨЗ
Халық шаруашылығын түбегейлi қайта құру жоғары бiлiмдi мамандар алдына жаңа мiндеттер қояды. Олар тек алдыңғы қатарлы техника және технология жөнiндегi қазiргi ақпараттарды игерiп, өз мамандығының теориялық негiздерiн бiлiп қана қоймай, сонымен бiрге, оларды кез келген күрделi инженерлiк мiндеттердi шешуге қолдана алатын болуы керек.
«Ормантану» бөлімінде орман тіршілігінің заңдылықтары, сүректі өсімдіктер қауымдастығының экологиялық факторлармен өзара байланысы қарастырылады. Басқаша айтқанда, ормантану дегеніміз – орман экожүйелерін зерттейтін экология бөлімі, орман шаруашылығы мен орманшылықтың экологиялық негізі болып табылады.
Орман табиғатын білмей, орманды қалпына келтіру, оның құрамын жақсарту, өнімділікті жоғарылату және тиімді пайдалану сияқты орман шаруашылығында орындалатын маңызды шараларды жүзеге асыру мүмкін емес. Демек, ормантануды екі позицияда қарастыруға болады, біріншіден, ормантану – орманшылық бөлімінің ғылыми-теориялық бөлімі болса, екіншіден, ол экологиялық ғылыми пәндердің бірі.
Ормантануда қолданылатын әдістер диалектикалық заңдар мен категорияларға негізделген.
Соңғы уақытта ормантанудың маңызы незізгі екі себептен, біріншіден, қоршаған ортаны қорғау проблемаларына байланысты орманның экологиялық рөлі артуда, екіншіден, қазіргі жағдайда ормантану объектісі ретінде орманның экономикалық және халық шаруашылық рөлі ұлғайып отыр.
Ормантану биосфераны құрайтын маңызды бөлімі ретінде орманды қарастыра отырып, оның ішкі және қоршаған ортамен қарым-қатынастарына негізделген табиғи бірлік түрінде зерттейді.
Орманшылықтың ормантанудан ерекшелігі – арнаулы қолданбалы пән болып саналады.
«Орманшылық» бөлімі әртүрлі табиғи және өндірістік-экономикалық жағдайларға байланысты орманды өсіру техникасы мен технологиясының ғылыми негіздерін оқытады.
Орманшылық – кең мағыналы ұғым, оны «орман шаруашылығы» түсінігімен теңестіруге болады. Жалпы айтқанда, орманшылық – орман табиғаты жайлы, оны өсіру, жақсарту және өнімділігін жоғарылату әдістері туралы ілім.
Орманшылық ағаш сүрегін және орманның басқа өнімдерін алу үшін, сонымен қатар оны қорғаныш, су реттеу, сауықтыру, эстетикалық және әлеуметтік мақсатта пайдалану үшін орманды өсірумен айналысады. Яғни, ғылыми және тәжірибелік сипаттағы күрделі, әрі өзекті міндеттерді қамтиды.
Оқу құралы Қазақстан Республикасы мен аймақтары бойынша сипаттамасы бар, әсiресе, орман типтерiне, күтiп-баптау және басты мақсатқа пайдалану тәсiлдерiне, ормандар өнiмдiлiгiн арттыруға арналған бөлiмдер құнды материалдармен толықтырылған. Оқу бағдарламасы бойынша маңызды ғылыми-тәжірибелік сауалдар қарастырылған. Студенттердiң ғылыми-зерттеу және өзіндiк жұмыстарының тақырыптары келтірілген.
Студенттердiң курсты өздiгiнен игеруi мен ғылыми-зерттеу жұмысына қатысуын жақсарту үшiн басқа жоғары оқу орындарында тексерiлген ұсыныстар мен олардың бұл жөнiндегi тәжiрибелерi келтiрiлдi.
Ұсынылып отырған оқу құралы орман шаруашылығы мамандарын дайындау үшін қазiргi талаптарды ескере отырып, орман шаруашылығы мамандығының студенттерiне арналады.
Достарыңызбен бөлісу: |