Демеуова нұРГҮЛ ҚажымұҚАНҚызы XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер: тарихи талдау


Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы



бет2/3
Дата23.02.2016
өлшемі327 Kb.
#3530
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелердің тарихын зерделеу барысында мынадай ғылыми жаналықтарын атап көрсетуге болады:

Біріншіден, диссертациялық жұмыста алғаш рет ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жәрмеңкелік сауда-саттықтың даму тарихын кешенді түрде зерттеу жұмысы назарға алынды.

Екіншіден, Батыс Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жәрмеңкелердің тарихы мен даму ерекшеліктері туралы мұрағаттық құжаттардың мол қорлары пайдаланылып, ғылыми айналымға жаңа дерек көздері енгізілген.

Үшіншіден, Қазақстанның батыс аймағындағы жәрмеңкелік сауданың дамуына, аталған кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық өмірдің өзекті мәселелеріне, ондағы өзгерістерге баға беруге ұмтылыс жасалады.

Төртіншіден, Қазақстанның батыс өңіріндегі ішкі рыноктың құрылу ерекшеліктеріне, тауар-ақша қатынастарының дамуына жәрмеңкелік сауданың ықпалы мұрағат құжаттарының негізінде қарастырылады.

Бесіншіден, жәрмеңкелердің жергілікті халықтың шаруашылық өміріне, өлкенің демографиялық ахуалына, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени аспектілерге ықпалының мәні мен маңыздылығы ғылыми сипатқа ие болады.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: Қазан төңкерісіне дейінгі, кеңестік кезеңдегі және еліміздің егемендік алған тұстағы жәрмеңкелер төңірегіндегі жалпылама зерттеулерді, мұрағаттық құжаттарды кешенді талдай отырып, нәтижесі ретінде қорғауға мынадай тұжырымдар ұсынылады:

- ХІХ ғасырдың аяғында Батыс Қазақстанның жалпы империялық рынокқа тартылуына байланысты аймақта сауда-айырбас саудасы шоғырланған бірнеше орталықтары бой көтерген. Әсіресе, Орал, Ақтөбе, Гурьев, Ырғыз, Ойыл, Темір, Хан Ордасы мен Маңғыстау жеріндегі елді-мекендерінде сауда тынысы жоғары қарқын алды. Оған осы жерлердің тиімді орналасқан жағрафиялық жағдайы да өз ықпалын тигізді. Бұл елді-мекендер империялық рынокты Қытаймен, Орта және Азияның оңтүстік-батыс елдерінің сауда орталықтарын байланыстыратын сауда жолында орналасты.

- ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда сауда-айырбастың жаңа түрі – жәрмеңкелік сауда қанат жайып, әсіресе, ұлттық аймақтарда кең тараған. Бұл жағдайлар қазақ жеріндегі маусымдық жәрмеңкелердің санының ұлғаюына жол ашады. Патша әкімшілігінің жәрмеңкелік сауданы ұйымдастыруға деген мүддесі отарлық саясатының астарында болды. Көшпелі жәрмеңкелердің ұзақтығы 10-15 күннен бір айға дейін созылды. Жәрмеңкелердің өткізілетін мерзімі, өтетін күндері алдын-ала белгіленіп отырды.

- Қазақстан Ресей құрамына енгеннен кейін, сауда капиталының рөлі артты. Осы уақытта қазақ байлары арасынан көпестер мен саудагерлер тобы шыға бастады. Соған байланысты, арнайы алыпсатарлардың тобы да пайда болды. Капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі және тауар-ақша қарым-қатынастарының дамуы барысында қазақ халқының дәстүрлі ұлттық шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы дағдарысқа ұшырады.

- Жәрмеңкелер негізінен қазақтар тығыз орналасқан жерлерде, казак әскери құрылымдары қоныс тепкен станицаларда және қатынас жолдары мен сауда керуендерінің дәстүрлі бағыттарында орналасты. ХІХ ғасыр аяғында өнеркәсіп тауарлары, азық-түлік өнімдері, киім-кешек пен мата, қолөнер және басқа да тауарлар Ресейдің өндірісі дамыған орталықтары Мәскеу, Рязань, Тамбов, Самара, Саратов, Астрахань, Орынбор, Уфа және Қазаннан жәрмеңкелерге жүйелі түрде жеткізіліп отырған.

- ХІХ ғасырдың екінші жартысында әкімшілік реформалар аймақтағы әлеуметтік-экономикалық өмірге көптеген өзгерістер әкелді. Соның ішінде жәрмеңкелік сауда барысында халықтың әлеуметтік жіктелісі күшейгені анық байқалды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғында жәрмеңкелік сауда-саттықтың дамуына байланысты кішігірім қалаларда халық саны көбейді. Оның нәтижесінде аймақта Ойыл, Темір, Калмыков, Ырғыз сияқты елді-мекендер халық көптеп жиналатын қалаларына айналды.

Диссертацияның тәжірибелік маңызы. Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер тарихын зерттей отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың шаруашылық өмірі, экономикасы, саяси және мәдени бейнесі өзгергенін анық байқауға болады. Жәрмеңкенің дамуы - белгілі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени аспектілердің өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Сондықтан, жәрмеңкелердің тарихи тәжірибесін нарықтық басқару жүйесін қалыптастыруда, сауда-өнеркәсіп және әлеуметтік-мәдени сфераларды дамытуда қолдануға болады. Сонымен қатар, диссертация материалдарын орта, арнаулы орта, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихының жаңа заман кезеңіне қатысты оқу бағдарламаларында, арнайы курстарға пайдалануға болады.

Диссертацияның жарияланымы: Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың материалдар жинағында төрт баяндама жарияланып, жұмыс мазмұнына сәйкес үш ғылыми мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне енген журналдарда жарық көрді.

Диссертацияның құрылымы: Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері белгіленіп, теориялық және методологиялық негізі, ғылыми жаңалығы, практикалық маңызы, тақырыптың хронологиялық шеңбері анықталып, тарихнамасы мен пайданылған деректерге сипаттама беріледі.

Бірінші тарау – «Ресейдің әкімшілік реформалары және Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер жүйесі» деп аталып, онда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы империяның сауда-экономикалық саясатының бағыты мен өлкені отарлау мүмкіндіктері, аймақтағы жәрмеңкелердің қалыптасу үдерістері туралы мәселелер жан-жақты талданады.

Ресейдің қазақ даласында жүргізген сауда саясаты патша үкіметінің отарлау саясатының маңызды саласы болып табылды. Өйткені, Ресей капиталы, сауда - өсімқор капиталы ретінде өнеркәсіпке қажетті шикізаттың бай көзін иемденуді мақсат етті. Тек еуропалық рыноктарда ғана емес, сонымен қатар, Ресейдің ішкі рыноктарында да сұранысқа ие болмаған өнеркәсіптік бұйымдарын өткізу, қазақ даласынан арзан шикізат тасу Ресей үшін экономикалық қажеттілікке айналды. Сауданы «мемлекеттік байлық пен табыстың көзі» деп есептеген патшалық әкімшілік сауда байланыстарын қазақ даласы мен Орта Азия жерінде экономикалық-саяси міндеттерін жүзеге асыруда, отар аймақтардағы империяның ықпалын күшейтудегі басты құралы ретінде пайдалануға тырысты [42, с. 45]. Бұл аталған сауда байланыстарының Ресей үшін маңызы зор екендігін зерттеуші А.И. Левшин атап көрсетеді. Ол қазақ даласы Ресейден саудаға әкелінген бұйымдарының алуан түрлілігі, сауданың пайдасы тиетін адамдардың көптігі, сауда жүретін аймақтың алыптығы, шикізаттың арзандығы, Ресей өнеркәсібінің сапасы төмен бұйымдарын өткізетін қауіпсіз сауда алаңы екендігін атап көрсетеді [43, с. 388].

Патша шенеуніктерінің көпшілігі қазақ халқымен өзара тиімді сауда байланыстарын жүргізу аймақта империяның ұстанымын нығайтудың аса маңызды құралы ретінде қарады. «Даланы отарлауды жер өңдеуші адамдардан емес, сауда және өнеркәсіп халқынан бастау қажет. Саудамен отарлау үшін облыстардағы дала бекіністері басты тірек бола алады, өйткені, бұл жерлерде коныстанғандардың қауіпсіздігі мен сауда мүдделері толық қорғалады»,-деп есептейді [44, с. 48].

Қазақ даласында жәрмеңкелік сауда мен тұрақты саудаға қарағанда, айырбас саудасы кеңінен дамыды. Қазақ даласында халықтан мал мен мал өнімдерін арзанға сатып алып, одан әрі үстеме бағамен сататын алыпсатарлар көбейді. Бұл туралы Ф.Гельмгольц өз еңбегінде баяндайды: «Қырға аттанатын саудагер көліктерін қалаларда сұраныс таппаған, мерзімі өткен маталар, сапасы төмен қант, арзан кәмпиттер, ең нашар, арзан тауарларды тиейді. Ауылдан-ауылға, киіз үйден-киіз үйге тоқтаусыз барады. Қырғыздар өздеріне қажет тауарларын қалап алады. Көшпелі дүкенші өзінің барлық тауарын сатып бітіргенше саудасы жалғаса береді. Тауарлардың сапасы нашар болғанмен, құны қымбат болатын. Жарты қадақ шай мен бір қадақ қант үшін базарда 3-4 сом тұратын қой беру керек болды. Тауарларды малға, оның өнімдеріне, тері мен жүнге айырбастаған кезде тауар бағасы екі есе өсірілді. Өлшеуден алдап, таразыдан жеу сияқты әдеттегі тәсілдердің өзі көп болды» [7, с. 46].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда сауда-саттықтың жаңа түрі – жәрмеңкелік сауда кеңінен дамыды. Халқы сирек қоныстанған, алып территориясы бар, қатынас жолдары қашық, халқының басым бөлігі көшпелі өмір салтындағы Батыс Қазақстан аймағы үшін жәрмеңке сауданың қолайлы түрі болды. Қазақ даласындағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Ішкі Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылған [45, с. 1]. Ордадағы жәрмеңке көктемде сәуір айынан мамырдың ортасына дейін өткізілсе, күзде 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығына дейін созылды. Жәрмеңке саудасы Жәңгір ханның тұрғызған ағаш корпустарында жүргізілді. Хан қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері сауда орындарын жалға беріп отырды. Жәрмеңкелер саудасының белгіленген уақыты болғанмен, жәрмеңке дәл сол мерзімде басталып, нақты уақытында аяқталған жоқ. Оның себебі де болды. Көктемде қазақ халқы 20 сәуірге дейін қыстан көтерем шыққан малын саудаға әкеле қоймайды. Сонымен қатар, Еділдің оң жағалауындағы саудагерлер Ордаға тек мамыр айының басында ғана келді. Ал күзде саудагерлер 20 қыркүйекке дейін саудасын аяқтап бітіруге тырысады. Өйткені, олар 1 қазаннан бастап жұмысын бастайтын Жаңа Өзендегі жәрмеңкеге үлгеріп баруға ұмтылды. Соған байланысты, Ресей Ішкі істер министрлігі 1863 жылдан бастап, Ордадағы жәрмеңкенің уақытын көктемде 1 мамырдан 1 маусымға дейін, күзде 11 қыркүйектен 26 қыркүйекке дейінгі уақытта өткізуге рұқсат береді [46, 1 п].

Қазақстанның батыс аймағында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жәрмеңкелер тез қарқын алып, дами түседі. Орал қаласындағы жәрмеңке Петровская жәрмеңкесі деп аталды. Ол 10 маусым мен 10 шілде аралығында ашылып, сауда жүргізіледі. Жәрмеңкеге көбінесе балық, бекіре тұқымдас балықтар, балық уылдырығы әкелініп, қызу сауда жүргізілді. Оралдағы Петровская жәрмеңкесіндегі балық саудасына Ресейдің қалаларынан саудагерлер келіп, сауда қарқыны артып отырды [47, 1 п]. 1872 жылдан бастап, Калмыков уезінің Сламихин хуторында 20 қыркүйектен бастап жұмысын бастайтын онкүндік жәрмеңке ашылады. Бұл жәрмеңке Орал облысындағы саудагерлер тарапынан түскен өтініштің негізінде ашылады. Жәрмеңкенің орны мен өткізілу уақыты, маңызына Орал облыстық әскери губернаторлығы ерекше мән берді [47, 16 п]. Біріншісі көктемде 9 мамырдан, екіншісі күзде 1 қазаннан жұмысын бастап, бір айға созылады. Жәрмеңкеде сатылатын малдан жәрмеңкелік табысқа алым жиналды. 1867 жылдан бастап Ойылда бірінші рет жәрмеңке өз жұмысын бастайды. Көктемгі жәрмеңке немесе Никольская жәрмеңкесі деп аталды. Жәрмеңкеге көршілес губерниялардан саудагерлер мен көпестер де қатысып, тауарларын жергілікті халыққа сатты [47, 17 п]. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ембі уезінің Темір елді-мекенінде ашылған Қарақамыс жәрмеңкесі де Батыс Қазақстан аймағындағы сауда-саттық саласында маңызды рөл атқарды [49, 1 п]. Қарастырылып отырған кезең соңында Орал облысында көптеген жәрмеңкелер өз жұмыстарын жалғастыра берді. Орал уезі бойынша 8 жәрмеңке жұмыс жасады. Олар, Иртецкая, Камень, Ташлин, Елек, Сламихин, Гурьев, Калмыков, Ілбішін жәрмеңкелері және Ойыл мен Темір жәрмеңкелері болды. Ойыл және Темір жәрмеңкелері маусымдық жәрмеңкелер ретінде көктемде және күзде қызметін жалғастырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның батыс аймағындағы жәрмеңкелік сауда-саттық дамыған өңір Ақтөбе мен Ырғыз уездері болды. Осы уақытта Ақтөбе қаласының айырбас алаңында қалалық жәрмеңке, Ырғыз өзенінің бойында Ырғыз жәрмеңкесі ашылып, Торғай облысының жәрмеңкелік орталығына айналды [50, 31 п].



Екінші тарау – «Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер мен олардың қызметі» деп аталып, аймақтағы жәрмеңкелер желісінің қалыптасу, маусымдық жәрмеңкелердің ұйымдастырылу ерекшеліктері, жәрмеңкелердің өлкедегі әлеуметтік өзгерістерге ықпалы нақты талданады.

Жәрмеңкедегі сауда бір жағынан империялық отарлау саясатының экономикалық және рухани тірегіне айналса, екіншіден аймақ тұрғындарының күнделікті мұқтажын өтеудегі негізгі орталыққа айналған. Ресейдің Қаржы министрлігінің сауда және мануфактура департаментінің мәліметтері бойынша 1876 - 1910 жылдары жалпы Қазақстандағы жәрмеңкелердің ішінде тауар айналымының көлемі мен сауда айналымы бойынша Батыс Қазақстан аймағындағы жәрмеңкелер ауқымды болған. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында Қазақстанның батысында, Ішкі Бөкей Ордасында, Оралда, Гурьевте, Ырғызда, Қарақамыста, Ойылда, Ақтөбеде жәрмеңкелер ірі сауда орталықтарына айналды [51, 3 п].

ХІХ ғасыр аяғында Батыс Қазақстанда жәрмеңкелер ірі сауда орталықтарына айналды. Осылай, қазақ даласындағы жәрмеңкелер арасында экономикалық байланыстар қалыптасты. Аймақтың барлық аудандарында жәрмеңкелер әр жылдың төрт маусымында өткізілді. Сондықтан, олар ресми құжаттар мен тарихи деректерде «маусымдық жәрмеңкелер» деген атаумен белгілі болды. Қазақ халқы үшін, жазда өтетін жәрмеңкелер тиімді екенін патша үкіметі жақсы түсінді. Бұған алыс аудандардан қазақтар жылқы, ірі қара мал, қой, ешкі, сондай-ақ, мал шаруашылығы өнімдерін тері, жүн, киіз, мал майы, мүйіз, жылқының қылын әкеліп сатып, өздеріне қажетті заттарға айырбастады, кейде қолма-қол ақшасын алып отырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда жәрмеңкелік сауда қарқынды дамып, аймақтағы ірі сауда орталықтарына айналды. Енді империялық үкімет жыл маусымына байланысты, көшпелі өмір салтының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, жәрмеңкелік сауданы жүргізуге мән берді.

1867-1917 жылдар аралығында Қазақстанның батыс аймағындағы Ақтөбе уезінің аумағында осындай 11 ірі уақытша жәрмеңкелер тұрақты жұмыс істеген. Торғай облысының құрамындағы Ақтөбе бекінісі ХІХ ғасыр аяғында Ақтөбеге айналады. Оған дейін 1878 жылдан бастап, бекіністе екі апталық жәрмеңке жұмыс жасайды [41, 37 п]. Жәрмеңкенің ауқымы, сауда айналымы төмен болды. Бекініс қалаға айналғаннан кейін жәрмеңкенің жұмысы да өзгере бастады. Жәрмеңке қыркүйек жәрмеңкесі деп аталып, тұтас қыркүйек айында жалғасты. Жәрмеңкенің жаңа орны қаладан үш верст қашықтықта орналасты. Жәрмеңкенің шаршы аумағы бір қатарлы сауда орындарынан тұрды. Қарғалы мен Терісбұтақ өзендерінің жанында орналасқан жәрмеңке мал сатуға келген көшпелі қазақтар үшін қолайлы болды. Қыркүйек жәрмеңкесіне Бұқара мен Хиуадан саудагерлер келіп сауда жасады. Олар кілем, жібек маталар, кептірілген жемістер, кептірілген қауын, жаңғақтар әкеліп сатты. 25 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында қызмет жасайтын Темір күзгі жәрмеңкесінің Ақтөбе күзгі жәрмеңкесінің сауда қарқынына әсер етіп, сауда айналымының деңгейін төмендету қаупі туралы Ішкі істер министрлігіне жолдаған Темір уезінің басшысының жазбасында баяндалады [52, 43 п].

ХХ ғасыр басында Торғай облысының құрамында Ақтөбе және Қостанай уездері болса, жәрмеңкелердің саны жағынан Ақтөбе аймағы басым болды. Ақтөбе уезінде 1912 жылы 11 тұрақты және маусымдық жәрмеңкелер ашылған болатын. Әсіресе, Адай болысының Адай ауылында көктемгі екі жәрмеңке және күзгі жәрмеңке жұмыс жасады. Мысалы, бірінші көктемгі жәрмеңке 1-7 наурызда өткізілсе, екінші көктемгі жәрмеңкені 9-15 мамырда ұйымдастыру жоспарланды. Күзгі жәрмеңке 15-21 қыркүйекте жұмыс жасады [53, 149 п]. Бұл жәрмеңкелер жергілікті халықтың сұранысы бойынша, саудаға ыңғайлы уақытта, қолайлы жерде өткізілді. Ақтөбе жәрмеңкесінің тауар айналымы жыл сайын артып отырды. Саудаға әкелінетін тауар түрі де көбейе түсті. Әсіресе, күзгі жәрмеңкедегі сауда айналымы арта түсті. Мысалы, 1905 жылы қыркүйек айында Ақтөбе жәрмеңкесінің тауар айналымы 161213,97 сомға жетті [54, 22 п].

ХIХ ғасырдың аяғында сауданың дамуы жөнінен Ырғыз қаласы осы өңірдегі сауда-саттық орындарының ішінде алдыңғы қатардағы сауда орталықтарының бірі болды. Қалада жәрмеңке жұмысы Ресей Ішкі істер министрлігінің 1870 жылғы 19 қарашадағы арнаулы шешіміне сай ұйымдастырылған. Алғашқы көктемгі жәрмеңке облыстық басқарманың қолдауымен 1895 жылдың 6-22 мамыры аралығында өткен. Көпестер өтініші бойынша бұл жәрмеңкеге Никольская жәрмеңкесі деген ат берілді. Жәрмеңкені Ырғыз өзенінің сол жағасында, қаладан 1 верст қашықтықтағы ұзындығы 50, ені 35 сажын алаңда өткізуге шешім қабылданған. Қала тұрғындары мен сауда өкілдерінің өтініші бойынша ашылған Покровская атты екінші күзгі жәрмеңке облыстық басқарманың 1896 жылғы 4 қыркүйектегі шешімі негізінде 1-8 қазан аралығында өткізілетін болған [55, с.33].

Ішкі Бөкей Ордасындағы жәрмеңкелердің басым көпшілігі маусымдық жәрмеңкелер ретінде қызмет жасап, сауда-саттықтың орталығына айналды. ХХ ғасыр басында Ордада сауданың орталығына айналған көктемгі және күзгі Хан ордасы жәрмеңкесі болды. Сонымен бірге, Ішкі Ордадағы жәрмеңкелер қызметінің бір ерекшелігі қысқы күні ашылатын соғым жәрмеңкелері жұмыс жасады. Мысалы, 1915 жылы Жаңа қазан, Бекмұхамедов мекені, Хан Ордасындағы соғым жәрмеңкелері болды. Олар желтоқсан айында ашылып, сауданы қыздырды. Жаңа қазан соғым жәрмеңкесі мен Бекмұхамедов мекеніндегі соғым жәрмеңкесі 1-7 желтоқсанда, Хан Ордасындағы соғым жәрмеңкесі 15-21 желтоқсанда жұмыс жасады [56, 5 п].

Жаңаөзендегі жәрмеңке саудасынан жылма-жыл 9500 сом пайда түсіп отырды. Бұл жәрмеңкелік сауданың желісін үзбеу үшін жергілікті билік жәрмеңкелер уақытын бірінен соң бірін ұйымдастыруды ойластырды. Нәтижесінде, Самара жергілікті губернаторы жергілікті қалалық Думаның жарғысы мен уездік басқарманың жарғысына сүйене отырып, Орал облысының территориясында Сламихин жәрмеңкесін ашу мерзімін қарастырды. Жаңаөзен жәрмеңкесінің мерзімін қыркүйек айының бірінші күндеріне белгіледі. Сонда Сламихин жәрмеңкесі осы уақытта аяқталып болуы керек болатын. Сламихин жәрмеңкесінен шыққан саудагерлер Хан Ордасындағы жәрмеңкеге келіп, одан кейін Жаңаөзен жәрмеңкесіне барып үлгеруі тиіс болды. Осыдан кейін барып барлық тауарлар Саратовқа жіберілуі керек болатын [57, 279 п]. Қарастырылып отырған уақытта Орал облысында маусымдық екі жәрмеңке Ойыл және Темір жәрмеңкелері болды. 1909 жылы Ойыл көктемгі жәрмеңкесінің сауда айналымы 2 млн сомды құраса, күзгі жәрмеңкенің саудасы 600 мың сомға жетті. Темір көктемгі жәрмеңкесінің тауар айналымы 1 млн сом, күзгі жәрмеңкенің қаражат айналымы 150 мың сомға жетті [58, с.1]. Темір жәрмеңкесі Қазақстанның батыс аймағындағы сауда айналымының қарқынымен ерекшеленетін жәрмеңкелердің бірі болып табылды. Темір жәрмеңкесі Ақтөбе уезіндегі Ақтөбе жәрмеңкесімен бәсекелес жәрмеңкеге айналды [59, с.11]. Соған байланысты жергілікті әкімшілік жәрмеңкенің уақытын өзгерту туралы шешім қабылдады. Ақтөбе жәрмеңкесін көктемде 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жергілікті халық шөп шабу науқанын бастамас бұрын, көктемгі қырықтық аяқталғаннан кейін ашу қаралды. Күзде 15 қыркүйек пен 15 қазанда мал семіріп, күзгі қырықтық аяқталған уақытты пайдаланып жәрмеңкені ашу белгіленді. Бірақ 15 мамырда көктемгі жәрмеңкені ашу жұмысы сәтсіз болды. Себебі, осы уақытта көршілес жатқан Торғай облысындағы Темір жәрмеңкесі ашылды. Сондықтан, Ақтөбе жәрмеңкесін 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында ашу көзделді [60, 43 п].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Батыс Қазақстанның Маңғыстау өңірінде Александровск фортынан 25 верст қашықтықта Ханқа баба және Жаңа Өзен қалалық жәрмеңкелерінің негізі қаланып, кейін ірі сауда-айырбас орнына айналған [61, 12 п]. Бұл жәрмеңке бастапқы кезде 15 мамыр мен 15 маусым және 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтіп отырған. Ал ХIХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап, сауда-айырбас операцияларын тұрақты жүргізу жүйесіне көшеді. Бұл жәрмеңкеде саудаға түсетін тауарлар көбінесе көршілес елдерден әкелінген тауарлар мен мал және мал өнімдері болды. Жәрмеңкеге қатысушылар құрамының ішінде қазақ, өзбек, түркімен, қарақалпақ, әзірбайжан, кавказдықтар, орыстар мен татарлар, еврейлер де болды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресейдегі сауда капиталы шеткері ұлт аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға тартыла бастады. Осы уақытта Батыс Қазақстанның әр өңірінде, қалалар мен бекіністерде сауда-саттық ісі жанданып, одан әрі дами түсті. Сауда ісіне тартылған қазақтардың ішінде елге белгілі, танымал саудагерлер де пайда болды. Көпестердің гильдиялық мәртебесіне қол жеткізіп, әскери қызмет атқаруға, ішкі округ құрамындағы Орал, Ырғыз, Ақтөбе, Торғай, Гурьев және басқа да қалаларда тұруға рұқсат алған қазақ саудагерлер қатары да қалыптасты. Қарастырылып отырған уақытта әкімшілік басқару туралы реформалар аясында қазақтарға қалалар мен әскери бекіністерде, арнаулы құжатсыз ерекше куәлікпен көтерме және бөлшек сауда жүргізу құқығы берілді. Ал, жергілікті халыққа қалада тұрып далада, ауылдық жерлерде түрлі шаруашылықпен, кәсіппен айналысуға шектеу қойылмады. Қазақтар арасынан шыққан саудагерлер мен көпестер тұрған жеріне қарамастан қалалық саудагерлермен бірдей алым-салық төлеуге тиісті болды. Сауда саласында оларға бес жылға дейін түрлі жеңілдіктер де берілді. Зерттеліп отырған уақытта аймақ халқының әлеуметтік құрылымына көп өзгерістер еніп, жаңа сауда-саттық саласының өкілдері қалыптасты. Ол ақсүйектер өкілдері болып табылатын қожалар мен молдалар, дінбасылар, казактар, көпестер, мещандар және шаруалар болды [62, с.2]. Аймақ халқының әлеуметтік құрамының жіктелуі өңірдегі экономикалық қарым-қатынастардың дамуы, тауар-ақша қатынасының дамуымен байланысты болды. Сауда буржуазиясының өсуі, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдерін саудаға шығарумен шұғылданатын кәсіпкерлер санының артуына байланысты, Орал облысы халқының қоғамы бөлшектене, жіктеле берді. Әсіресе, халықтың негізін құрайтын қазақтардың басым көбі кедейлене түсті. Мысалы, ХІХ ғасыр аяғында казактардың 40 пайызында жеке шаруашылығы болған жоқ. Осы уақыттан бастап, аймақтағы Орал, Гурьев сияқты қалаларда саудагерлер материалдық жағдайына байланысты үй тұрғызу кәсібімен айналысты. Әсіресе, екі қабатты тас үйлер салу сәнге айнала бастады. Соған байланысты, қала халқының құрамында ірі саудагерлер, кәсіпкерлер қатарымен бірге жалдамалы жұмысшылардың саны да көбейді. Оралдағы ұсақ буржуазия қатарын бай шаруалар толықтырды. Байыған шаруалар қаладан үй алып, лавка немесе кәсіпорын ашып, саудаларын жүргізді. Жәрмеңкеде тігіншілер, етікшілер, ұсталар, дәрігерлер көп пайда түсірді. Мысалы, Ақтөбе жәрмеңкесінде 1896 жылы 14 тігіншілік орын, 5 ұстахана жұмыс жасады [63, с.31].



Үшінші тарау – «Жәрмеңкелердің аймақтағы әлеуметтік қатынастарға әкелген жаңалықтары» деп аталып, аймақтағы ішкі және сыртқы сауда байланыстарының даму қарқыны мен бағыттары, жәрмеңкелік сауданың өлкенің демографиялық дамуы мен мәдениетіне ықпалы сарапталады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында аймақта өтетін жәрмеңкелердің көпшілігі маусымдық сипатта болды. Олар көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы болып, мерзімдік кезең шеңберінде өткізіліп отырған. Әрбір маусымдық жәрмеңкеде сатылатын тауарлардың айырмашылығымен бірге өзіндік сипаты да болды. Мысалы, көктемгі жәрмеңкелерде мал өнімдерінің шикізаты сатылса, күзгі жәрмеңкелерде төрт түлік мал көбірек сатылды. Осы жәрмеңкелерден жергілікті көшпелі халық малын сатып, тұрмыстық сұранысына қажетті қысқы азық-қорын жинап алып отырды.

Аймақтағы жәрмеңкелік сауданың ауқымы зерттеліп отырған кезеңде Орал облысына қарасты уездерде жоғары болды. 1869 жылы Оралда барлығы 6 жәрмеңке болса, ондағы сауда айналымы 738095 сомды құрады [64, 19 п.]. Жазда өткізілетін Орал облысындағы жәрмеңкелер ортаазиялық рыноктармен байланысын жетілдіріп отырған. 1909 жылы Орал облысында тұрақты және маусымдық 10 жәрмеңке жұмыс жасады [65, с.3]. Қарақамыс жәрмеңкесінде тауар айналымының үрдісіне қазақтар қатысқанмен, сауда тізгінін татар алыпсатарлары мен орыс кәсіпкерлері өз қолында ұстаған. 1895 жылы Темір жәрмеңкесінде 284 саудагер болса, 52-сі орыс, 157-сі татар, 51-і қазақ, 24-і хиуалық және басқа шетелдік кәсіпкерлер болған. Бұл жәрмеңкеге Қазан, Сорочинск, Бугуруслан, Бузулук қаларынан татарлар келсе, орыстар Ор, Орынбор және Орал қалаларынан келіп сауда жасаған [66, с.2].

Қазақстанның батыс аймағындағы жәрмеңкелік сауда дамыған өңір Ішкі Бөкей Ордасы болды. Онда Хан Ордасы, Таловка, Ахун жеріндегі жәрмеңкелік сауданың айналымы қуатты болды. Мысалы, 1876 жылы Ахун жәрмеңкесінде 443670 сомның тауары сатылған [67, 40 п]. Қазақтардан шыққан кәсіби саудагерлердің едәуір тобы базарлардағы, жәрмеңкелердегі, айырбас сарайларындағы сауда келісімдерінде бітістірушілер міндетін атқарды. Мысалы, XIX ғасырдың 90 жылдарында аймақтағы шағын ғана қалалардың бірі болған Ырғызда - 70, Торғайда - 32, Қостанайда – 37 адам делдалдықпен айналысқан. Олардың жартысына жуығы қазақ делдалдары болды [68, 4 п]. Сауда барысында жәрмеңке өткізілетін жерге жан-жақтан халық көптеп келді. Оның нәтижесінде аймақта Ойыл, Темір, Калмыков, Ырғыз сияқты елді-мекендер халық көптеп жиналатын қалаларына айналды. Мысалы, Орал облысында 1883 жылы барлық халық саны 506347 адам болса, 1888 жылы халық саны 551495 адам болса, оның ішінде қалалық көпестер саны 512 болды [69, 2 п]. Аймақтағы жәрмеңкелік сауда Орал облысындағы Калмыков қаласы ғана емес, Темір, Гурьев қалалары халқының қалыптасуына да ықпал етті. Гурьев қаласындағы айырбас алаңында 1872 жылдан бастап, жәрмеңке ұйымдастырылып сауданың орталығына айналды. Бұл жағдай Гурьев қаласы халқының санын арттырды. Саудаға Орал облысының барлық уездерінің саудагерлері, өзге қалалардан көпестер мен саудагерлер келді. Мысалы, 1873 жылы Гурьев қаласынындағы барлық халық саны 3663 адам болса, 1897 жылғы халық санағы бойынша Гурьевтегі халық саны 9322 адамға жетті [70, 18 п]. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның батыс аймағында қалыптасқан сауда-саттықтың орны болған жәрмеңкелер халық өнерінің орталығына айналды. Батыс Қазақстан жәрмеңкелері казақтың ұлттық ойындары мен қол өнерін насихаттауға да ықпал етті. Жәрмеңкеге жергілікті халықты көптеп тарту үшін арнайы бәйге де ұйымдастырылып отырған. Мысалы, Ақтөбе жәрмеңкесінде бәйгені бақылау үшін Торғай облысының губернаторы өзінің қызметкерлерін ертіп келген [71, 5 п]. Жәрмеңкелерде ақын, жырау, сал-серілердің дәстүрлі өнерлерімен бірге, орыстың цирк өнері де көрсетілген. Халықтың жәрмеңкелерде тамашалайтын палуандар күресі, кір тасын көтеру, арба сүйреп, темір иіп, төске тас қойып сындыру сияқты да сайыстар өткізіліп тұрды.

Сонымен қатар, жәрмеңкелер саудагерлер мен көпестердің бас қосып, көңіл көтеретін орталығына айналды. Мысалы, 1896 жылы Ақтөбе жәрмеңкесінде 25 қазақтардың мейрамханасы, 4 татарлардың, 3 башқұрттардың, 1 орыстардың мейрамханасы болған. Жәрмеңкеде тігіншілер, етікшілер, ұсталар, дәрігерлер көп пайда түсірді. Мысалы, Ақтөбе жәрмеңкесінде 1896 жылы 14 тігіншілік орын, 5 ұстахана жұмыс жасаса, 1897 жылы ұстахана саны 10 болған. Жәрмеңкеден түскен пайда Ақтөбе қалалық кассасына жиналды [72, с.31]. Аймақтағы жәрмеңкелік сауданың дамуы халықтық материалдық және рухани мәдениетін байытып, олардың мазмұнына да елеулі жаңалықтар әкелді. Жәрмеңкелер қазақ және басқа ұлт өкілдері бас қосатын және этникалық ерекшілігі мен өнерінің өзгешелігіне қарамастан, мәдени-әлеуметтік орталық болып табылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет