12 жылдық жалпы орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері


жылдық мектепте бейіндік оқытуды дамытудың тұжырымдамалық негіздері



бет3/6
Дата22.02.2016
өлшемі1.16 Mb.
#379
1   2   3   4   5   6

3.2 12 жылдық мектепте бейіндік оқытуды дамытудың тұжырымдамалық негіздері
Бейіндік оқыту – кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге даярлау, олардың кәсіптік бағдарлары үшін жағдай жасау, оқушылардың арнаулы бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру түрі, жоғары сыныпта оқуды даралау мен саралап жіктеудің педагогикалық жүйесі [3].

12 жылдық мектептегі бейіндік оқытудың мақсаты – жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттары және олардың ішкі бағдарларға бөлінуі бойынша жалпы орта білім беру мазмұнын саралау, жүйелеу, кіріктіру және кәсіптік бейімдеу жолымен оқушылардың қабілеттеріне, бейімділіктеріне, өмірлік қажеттіліктеріне сәйкес жеке білім беру бағдарламаларын таңдап алуып, сапалы білімді игеруіне мүмкіндік беру болып табылады [2].



Қойылған мақсатқа жету үшін 12 жылдық мектептегі бейіндік оқытуды дамытудың басымды бағыттары анықталды:

  • оқушылардың жекелей қабілеттері мен бейімділіктерін ертерек айқындау және тұлғалық пен кәсіби қалану болашағын ертерек жоспарлау;

  • жоғары сынып оқушыларының білімді өзіндік практикалық іс-әрекеттерінде қолданулары бойынша түйінді құзыреттіліктері мен қабілеттерін дамыту;

  • бейіндік мектепте оқуға ынтаны күшейту, жаңашыл ойлау мен сыни тұрғысынан ойлауды, өзіндік білім алуды қалыптастыру;

  • білім беру мазмұнының қолданбалы сипатын нығайту және білім беру үдерісі үшін оқу-өндірістік жағдай жасау арқылы оқушылардың тереңдетілген түрдегі кәсіби-бейімделген оқуын ұйымдастыру [20];

  • жоғары мектеп компонентін «Бейіндік мектеп» бағдарламасының мазмұнына кіріктіру жолымен, таңдап алынған бағыты бойынша оқушылардың жоғары оқу орнында оқуларын жалғастыру үшін оңтайлы жағдаймен қамтамасыз ету [3];

  • жоғары сынып оқушыларының өздігінен практикалық іс-әрекет ету мен өзін-өзі дамыту бойынша білімдерін қолдану үшін түйінді құзыреттіліктері мен қабілеттерін дамыту;

  • дуалдық оқыту жүйесінің элементтерін енгізу және кәсіптік мектеп пен өндіріс саласының арасындағы әлеуметтік серіктестікті дамыту жолымен инновациялық технологиялар мен қазіргі заманғы өндірістің бастапқы негіздерін игеру;

  • еңбек нарығының сұранысын ескере отырып шағын бизнесті ұйымдастыру және жүргізу, кәсіпкерлік қызмет дағдыларын дарыту;

  • ауыл жастарының мүдделерін ескере отырып, ауылды сақтау мен дамыту мақсатында мамандықтардың алғашқы деңгейін ертерек игерулері үшін ауылдық аймақтарындағы оқушыларға жағдайлар жасау;

  • еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуын және экономиканың дамуының өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, өмірлік келешектерді саналы түрде анықтауға оқушыларды дайындау;

  • ТОЖ-ның вариативтік компоненті мазмұнын кеңейту жолымен оқыту мазмұнын саралау және жеке білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;

  • оқушылардың жаңашылдықпен ойлауын және креативтілігін, өздігінен ғылыми-зерттеу және жобалау іс-әрекеттерін жасау, өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастыру.

Көрсетілген бейіндік оқытуды дамытудың басымды міндеттерін орындау бойынша 12 жылдық мектепте бейіндік оқытуды жүзеге асырудың механизмдері айқындалды [20, 21, 22, 23]:

  • оқушылардың жеке бейімділіктері мен қаблеттерін анықтауда, келешек тұлғалық және кәсіптік қалыптасуын жоспарлауда психология-педагогикалық қолдауды және отбасылық тәрбиенің рөлі мен орнын күшейту;

  • қамқорлық кеңестің рөлін арттыру, психологиялық және кәсіби бағдар беру қызметті жақсарту;

  • типтік оқу жоспарының вариативтік компонентін күшейту, жекелей білім беру траекторияларын жүзеге асыру, жаңа мазмұнды бейіндік пәндерді енгізу;

  • тәжірибеге бағдарланған қолданбалы курстар мен таңдауы бойынша курстарды жүзеге асыру механизмдері мен мазмұндарын жетілдіру;

  • білім беру мазмұнының қолданбалы сипатын күшейту, оқытудың жүйелі-әрекеттік әдістерін пайдалану;

  • бейіндік пәндерді көптілді оқыту;

  • білімді, моделдеуді, жобалау мен құрастыруды іс-жүзінде қолдану дағдыларын дамыту, эксперименттік есептер және өмірлік мәселелерді шешу әдістерін пайдалануды кеңейту;

  • бейіндік оқыту мен басқа да кәсіптік білім беру деңгейлерінің мазмұндарын және әдістерін кіріктіру: кадрларды, ақпараттық және ғылыми-өндірістік ресурстарды үйлесімді пайдалану;

  • бакалаврдың жалпы білім беру пәндерін «Бейіндік мектеп» бағдарламасының мазмұнына кіріктіру, ЖОО базасында бейіндік мектептер ашу;

  • сәйкесінше оқу-өндірістік жағдайларды жасау, әлеуметтік серіктестікті дамыту;

  • бейіндік мектеп пен бизнестің арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамыту: оқыту бағдарламаларын қалыптастыруға жұмыс берушілердің қатысуы, оқу-өндірістік базасында білім беру үдерісін ұйымдастыру және сабақтың тәжірибелік бөлігін өткізу, оқыту нәтижелерін бағалау, кәсіби мамандықты оқуға және меңгеруге ынталандыру;

  • дуалдық оқыту жүйесінің элементтерін енгізу;

  • кредиттік оқыту жүйесінің элементтерін енгізу;

  • бейіндік оқытудың оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуін жетілдіру: оқушыларға оқу материалдарын, мұғалімдер үшін әдістемелік құралдарды, қолданбалы курстардың қосымша бағдарламаларын әзірлеп, оларды таңдауға кең көлемде мүмкіндік беру;

  • бейіндік мектепте жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламадан өткен магистрлерді даярлау жүйесін ретке келтіру;

  • сәйкесінше кадрлар әлеуетімен және оқу-өндірістік базасымен «Бейіндік мектеп – Ресурстық орталықтар» құру;

  • түлектердің академиялық білімдерімен қатар, маңызды құзыреттің және оқытудың таңдап алынған бағыты бойынша тәжірибелік дағдылардың қалыптасуы бағасын қоса қамтитын бейіндік мектепте оқыту нәтижелерін бағалаудың критериялық жүйесін жасау;

  • бейіндік оқытудың бағыттарына сәйкес ҰБТ талаптарын, мектеп бітірушелердің мемлекеттік аттестациялау жүйесін жетілдіру;

  • белгілі мамандықтардың түрлері бойынша курстан өткендігі және құзыреттерге ие болғандығы туралы сертификаттарды тапсыру жүйесін жасау.

12 жылдық білім беру жүйесіндегі басты артықшылық баланың тек қана білім алып ғана қоймай, бейімі мен икемділігіне, таңдайтын мамандығына қарай алғашқы кәсіби бағдар алып шығуында жатыр. Яғни, 11-12 сыныптардағы білім мазмұны оқушының жоғары оқу орындарының алғашқы курстарында алатын білім мазмұнымен кіріктіріледі. Оқушы мен оқытушы арасында өзара түсіністік пен ықпалдастыққа негізделген оқыту үдерісі оқушының ойлау жүйесінің дамуына, құндылық бағдарының айқындалуына, қарым-қатынас жасай білу дағдысының қалыптасуына игі ықпал етеді. Нәтижесінде оқушының танымдық қабілетінің деңгейін өсіріп, ойлау қабілетін арттырып, ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны талдап, өзіндік тұжырым жасай алатын дәрежеге қол жеткізеді. Бұл үрдіс 12 жылдық білім беру жүйесінде білім мазмұнын түбегейлі жаңартумен қатар, оқытудың тың әдістемесін дүниеге әкеледі.

12 жылдық білім мазмұнының негізгі өзегі – қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, жеке басының, сондай-ақ, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту болып табылады [24].

Осыған орай, оқытудың 12 жылдық моделінде білім мазмұнына қойылатын талаптарды тұжырымдаймыз [20]:


  • Қазақстан қоғамын әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда жаңа ғылыми білімдер мен басымдылықтарды енгізу;

  • білім берудің жасампаздық және футуристік (әлеуметтендіруші) сипатын күшейту;

  • көптілді оқытуды енгізу;

  • білім беру мазмұнының когнитивтік, аксиологиялық және іс-әрекеттік компоненттерінің арақатынасын үйлестіру [25] (2-сурет);

  • оқу материалдарын білім беру деңгейлері арасында үлестіру эәне олардың сабақтастығын қамтамасыз ету;

  • мазмұнның ұлттық және аймақтық компоненттерін кеңейту.

12 жылдық білім мазмұны оқушылардың меңгеретін біліктерімен құрастырылады. Ал оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар оқытудың метапәндік нәтижелері (түйінді құзыреттіліктер) мен пәндік нәтижелері арқылы анықталады [4].

2-сурет. Білім беру парадигмасының өзгеруі
Пәндік және түйінді құзіреттіліктердің дамуы білім алушылардың танымдық қабілеттерінің дамуына, алған білімін кез-келген оқу және өмірлік жағдаяттарда шығармашылықпен пайдалануына, өзін-өзі дамыту мен өзіндік басқаруға дайындауға мүмкіндік береді. Түйінді және пәндік құзыреттіліктің білім берудің нәтижесі ретінде нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы және уақыты анықталған болуы қажет. Білім мазмұны мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға және түйінді, пәндік құзыреттіліктерге қол жеткізуге бағдарланады.

Пәндік құзыреттіліктер пән бойынша оқушылардың білімі, біліктігі мен дағыдысының деңгейімен анықталады, яғни жекелеген пәндік салалар шеңберінде пәндік құзыреттілік: оқу пәні шеңберінде меңгерілген ерекше білім, іскерлік, дағды ерекшеленеді.

Түйінді құзіреттіліктер оқушының адамгершілік және этикалық нормаларға қарсы келмейтін жетістікті шешім қабылдау үшін танымдық және практикалық біліктері мен дағдыларын кіріктіруге дайындығын байқататын білім салалары аралығындағы қабілеттер болып табылады [26, 27]. Түйінді құзыреттіліктер адамның адамгершілік құндылықтары мен ынталарын қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік және мінез-құлықтық әрекеттерінің дамуына, алғы шарт болады; әрбір білім салалары бойынша күтілетін нәтижелерді анықтауға қызмет етеді [28].

Түйінді құзыреттіліктер барлық білім беру салаларының күтілетін нәтижелерінде көрініс табады және ол мынадай негізгі түрлерге бөлінеді [4]:



  • тұлғалық құзыреттіліктер (өзіндік іске асыру, өзін-өзі жетілдіру, өмірлік және кәсіби өзін-өзі анықтау, төзімді болу қабілеті);

  • әлеуметтік құзыреттіліктер (әлеуметтік өзара іс-қимыл жасауға қабілеті);

  • азаматтық құзыреттіліктер (қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде өзінің отаны үшін жауапкершілікті сезіну қабілеті);

  • ақпараттық құзыреттіліктер (өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білуі);

  • басқарушылық құзыреттіліктері (проблеманы шешу қабілеті);

  • коммуникативтік құзыреттіліктер (қазақ, орыс және ағылшын (шет) тілдерінде ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті);

  • технологиялық құзыреттіліктер (тиімді пайдалану деңгейінде технологияларды, оның ішінде ғылыми, сандық технологияларды пайдалану қабілеті).

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде тұлғалық құзыреттіліктің қалыптасу нәтижелері:

  • өзінің әрекеттері мен істері үшін мақсатты және мағыналы бекітімдерді таңдай білуі;

  • өзін-өзі тануға, қазіргі заманғы адамға қажетті тұлғалық сапаларды дамытуға қабілеттілігі;

  • психологиялық сауаттылығы;

  • ойлау мәдениетін меңгеруі;

  • қоғамдағы өзінің рөлі мен орнын түсіне білу қабілеттілігі;

  • пайда болған жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдай білу қабілеттілігі;

  • салауатты өмір салтын жүргізуі және үгіттеуі;

  • өзінің қауіпсіздігін сақтай білу ережелерін білуі;

  • өзінің жеке құндылық сезімін және өз елінің азаматының құндылық сезімін көрсете білуі;

  • өздігінен білім алу, өзін-өзі іске асыру, жасампаз еңбектену қабілетінің болуы;

  • физикалық, рухани және интеллектуалды өзін-өзі дамыту қабілетінің болуы;

  • эмоционалды өзін-өзі басқару және өзін-өзі қолдау қабілеттілігі.

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде азаматтық құзыреттіліктің қалыптасу нәтижелері:

  • қоршаған әлемді дұрыс қабылдай білуі, жоғары этикалық құндылықтар, азаматтық және патриоттық негізінде қоғамның саналы өмірінде өз орнын таба білуі;

  • азаматтық-қоғамдық іс-әрекеттер аймағында білім мен тәжірибелерді меңгеруі;

  • өзінің әрекеттері мен істері үшін мақсатты және мағыналы бекітімдерді таңдай білуі;

  • Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттік рәміздерге, мемлекеттік тілге құрмет көрсетуі, заңдарды және құқықтық тәртіптерді сақтауы;

  • белсенді азаматтық бағытты, жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына қызмет етуге және оның мүддесін қорғауға дайындығын көрсете білуі;

  • болып жатқан әлеуметтік оқиғаларға баға бере білуі, мемлекеттің мүддесін қорғау тұрғысында әртүрлі өмірлік жағдайларда шешім қабылдай білуі;

  • саяси жүйені түсіне білуі және бағалай білуі.

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде әлеуметтік құзыреттіліктің қалыптасу нәтижелері:

  • қоғамдық қызметтер, әлеуметтік-еңбектену саласы, отбасылық қатынастар аймақтарында, экономика және құқық мәселелер мен кәсіби өзін-өзі анықтауда білім мен тәжірибені меңгеруі;

  • қоршаған әлемдегі стандартты емес мәселелерді шешу барысында әлеуметтік білімді қолдана білу қабілеттілігі;

  • жалпыадамдық мәдени жетістіктері, ұлттық ерекшеліктері, этномәдениеттік құбылыстар мен жеке, отбасылық және әлеуметтік өмір салттары негізінде танып білу мен іс-әрекет тәжірибесін иеленуі;

  • қазақ халқының және Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа құндылықтарына құрметпен қарауы;

  • мемлекеттік тілді сөйлесу құралы ретінде пайдалануға оң көзқарастың болуы, оны танып білу, мәдени және әлеуметтік әрекеттесу аймағында пайдалана білуі;

  • танып білу, өзін-өзі дамыту, мәдени алмасу, ғылыми-техникалық прогресстің жетістіктері туралы ақпараттарды алу құралы ретінде орыс, ағылшын және басқадай шетел тілдерін меңгеруі;

  • қоршаған ортаны, туған өлкесін, өзінің елін қорғау тұрғысында белсенділік көрсетуі;

  • адамдармен сөйлесуде жоғары мәдениеттілікті, этикалық нормаларды сақтауды көрсете білуі;

  • отбасында өзін ұстау этикасын білуі, өзінен жасы үлкен адамдарды сыйлауы және өзінен кішілерге қамқорлық көрсетуі, отбасы мүшелеріне және қоршаған адамдарға жақсылық пен қайырымдылық көрсетуі;

  • әлеуметтік ортаның ерекшеліктерін дұрыс бағалай алуы, қоғамға жат құбылыстарға, идеологиялық, діни ағымдарға және заңды бұзушылық әрекетке қарсы тұра білуі.

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде басқарушылық құзыреттілігінің қалыптасу нәтижелері:

  • жоспарлаудың және іс-әрекеттерді ұйымдастырудың нақтылы болашағымен өз мүмкіндіктерін ұштастыра білуі;

  • әртүрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуі;

  • баламалы мүмкіндіктермен салыстырмалы түрде таңдап алған шешімді негіздей білуі;

  • лидерлік қасиеттерді көрсетуі;

  • базалық өзара байланыстарды, қатынастардың көптігін көруде тұжырымдамалық ойлауды иеленуі, күрделі жағдайларды пайымдауы, білімді практикалық іс-әрекеттерде пайдалануы, алынған ақпараттарды шығармашылықпен өңдей білуі;

  • аналитикалық және жаңашыл ойлауға ие болуы, жаңашыл қызметке ұмтылуы;

  • әрекеттердің стратегиясын анықтай білуі және нәтижелерді болжай білуі;

  • шығармашылық көзқарастарды жасай және енгізе білуі, оларды басқаларға оқыта білуі.

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде коммуникативтік құзыреттіліктің қалыптасу нәтижелері [29]:

  • оқу және өмірлік міндеттерді шешу үшін ауызша және жазбаша қатысымдардың әртүрлі тіл құралдарын пайдалана білуі;

  • коммуникативтік міндеттерді дұрыс шешуге әртүрлі стилдер мен жанырларды таңдай білуі;

  • оқу және әлеуметтік мәдени қарым-қатынас жағдайларында өнімді әрекеттесуді жүзеге асыра білуі;

  • қатысымдық іс-әрекеттерде өзінің қатысуын бағалай білуі және осының негізінде өзіндік түзетулер жасай білуі;

  • тұрмыстық, оқу, мәдениет және бейіндік бағыттағы салалар іс-әрекеттерінде қазақ, орыс тілдерін пайдалана білуі;

  • күнделікті қарым-қатынас және бейіндік оқыту аясында ағылшын тілін пайдалана білуі.

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде ақпараттық құзыреттіліктің қалыптасу нәтижелері [30]:

  • қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен ақпараттарды табу, талдай және іріктей білуі;

  • алған ақпаратты құрылымдай және жүйелей білуі;

  • сыни байыпты ақпарат негізінде саналы шешім қабылдауға даяр болуы;

  • ғылымдар негізі және ғылыми жетістіктердің қолданылу аймақтары бойынша білім жүйесін меңгеруі;

  • ақпаратты өздігінен талдау, өңдеу, іріктеу, жүйелеу, түрлендіру, сақтау, тасымалдау және оқу қызметінде пайдалану әрекеттерін білуі;

  • танып білу, модельдеу, құрастыру әдістерін меңгеруі;

  • оқу қызметі үдерісінде өңделген ақпаратты қолдана білуі;

  • оқу қызметінің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес таңдап алынған материалдарды топтастыра білуі.

12 жылдық жалпы орта білім беру деңгейінде технологиялық құзыреттіліктің қалыптасу нәтижелері:

  • таңдап алған оқу бағдарының (жалпы орта білім беру деңгейінде) аясындағы өндірістік қызметінде пайдаланылатын негізгі технологиялардың жалпы сипаттамаларын білуі;

  • оқу қызметінің аясындағы зерттеуді құрастыру мен жобалауда қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануы;

  • жобалық іс-әрекеттер негіздері мен ақпараттарды берудің графикалық құралдарын меңгеруі және оларды зерттеу қызметтерінде пайдалануы.


3.3 12 жылдық мектептегі жалпы орта білім берудің базалық мазмұнын жобалау негіздері
12 жылдық мектептегі жоғары сынып, бұл жалпы орта білім берудің соңғы кезеңі болып табылады. Бұл деңгейдің негізгі мақсаты – оқытудың саралануы мен даралануына бағдарланған жалпы орта білім беруде бейіндік оқыту, оқушылардың болашақ кәсіби қызметіне саналы да жауапты таңдау жасауына, жеке және өмірлік өзін-өзі танытуына жағдай жасау.

Жалпы орта білім берудің мазмұны жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша ішкі бағдарларға бөліну арқылы бейіндік оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде жүзеге асырылады. Бұл оқушылардың өздерінің танымдық қызығушылықтарына, қабілеттілігіне, оқудағы жеткен жетістіктеріне және кәсіби ниеттеріне байланысты олардың оқыту бағдарын еркінше таңдап алуға негізделген. Сонымен қатар, оқушылардың белгілі бір тобына қатысты даралық тұрғыдан қарауды жүзеге асыруға бағытталған. Әр топтағы оқыту үдерісі түрліше жүреді, білім мазмұнымен ерекшеленеді, оған қандай да бір оқыту әдістерінің, түрлерінің және формаларының басымдық рөлі, оқушылар мен мұғалімнің өзара қарым-қатынас стилі өзгереді.

11-12 сыныптардағы жалпы орта білім оқушының табиғат, қоғам және адам туралы біртұтас, аяқталған білім жүйесін меңгеруін, функционалдық сауаттылығының дамуын, тұлғаның интеллектуалдық, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын, білім мазмұнын саралау, кіріктіру және бейіндеу негізінде болашақ мамандығының бағытын таңдау жағдайын қамтамасыз етеді [31].

12 жылдық білім беретін мектептерге көшудегі бейіндік оқытуды ұйымдастыру барысында жаңа формаларды қолдану төмендегідей жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді [32]:

- оқушы өзі таңдаған бейіндігіне сәйкес терең білім алуға, алғашқы кәсіптік білімді меңгеруге мүмкіндік алады;

- өзінің қабілеті мен бейінділігіне қарай білім мазмұнын таңдап оқуға қол жеткізеді;

- оқу мүмкіндігіне қарай білім мазмұнының игерілуі мүмкін, әрі міндетті деңгейлері жүзеге асырылып, мұғалім мен оқушы арасындағы қайшылықтың бір үлкен түйіні шешіледі;

- білім алушы оқу үрдісінде белсенді ұйымдастырушы, өздігінен білім жолын игеруші, нәтижесін бағалаушы тұлғаға айналады;

- бейіндік оқыту жеке адамының өзін-өзі дамытуда жетілдіру тұрғысынан ұйымдастырылғандықтан, сыртқы әсерден гөрі сыртқы мотивацияның үлес салмағы артып білімді игеру жолындағы табыстан туатын құштарлық, құлшынысы жетіледі, білімді игерудің жаңа қайнар көзі пайда болады;

- білім алушының даму кеңістігіне толық мүмкіндік беріліп, өзін-өзі дамыта, басқара отырып, өсу траекториясын өзі белгілеуші болады.

12 жылдық білім жүйесіндегі бейіндік мектепте негізгі үш бағыт басшылыққа алынады:

1-бағыт: оқушының жеке қабілеттерін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту.

2-бағыт: оқушының потенциалдық мүмкіндіктерін есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту.

3-бағыт: ішкі қажеттіліктерді есепке ала отырып жеке даралық бағытта оқыту.

12 жылдық білім беру жүйесі бойынша бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін мұғалім мынадай негізгі компоненттермен таныс болуы тиіс [3]:

Білімнің базалық мазмұны – жалпы орта білім беретін ұйымдардың меншік нысанына, типі мен түріне қарамастан, меңгеруге міндетті, орта білім берудің келесі деңгейлерінде оқуды жалғастыруға жеткілікті болатын білім мазмұнының құрамы мен көлемі;

Оқу жоспарының инвариантты компоненті – орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына енгізілген және жалпы білім беретін ұйымдарда оқуға міндетті пәндердің жиынтығы;

Оқу жоспарының вариативті компоненті оқушылардың қабілеттеріне және білім беру сұраныстарына есепке отырып жалпы білім беретін ұйыммен анықталатын оқу пәндері мен курстарының жиынтығы;

Базалық пән – оқытудың барлық бағыттарына міндетті болатын типтік оқу жоспарының инвариантты компонентінің пәні;

Бейіндік пән – жалпы орта білім беру деңгейіндегі оқыту бағытына сәйкес нақтылы мазмұны бар болатын типтік оқу жоспарының инвариантты компонентінің пәні.

Жалпы орта білім мазмұнының инварианттық компоненті типтік оқу жоспарларында, ал вариативтік компоненті оқу жұмыс жоспарларында беріледі.

11-12 сыныптардағы бейіндік оқыту инварианттық компонентке енгізілген базалық пәндер мен жаңа мазмұнды бейіндік пәндер есебінде және вариативтік компонентті (мектептік және оқушы компоненттері) пайдаланумен жүзеге асырылады (1-кесте).
1-кесте ‒ Бейіндік оқытудың типтік оқу жоспарының ерекшеліктері





Жаратылыстану-математикалық бағыты

Қоғамдық-гуманитарлық бағыты

1

Инварианттық компонент

Базалық пәндер

Базалық пәндер

Бейіндік пәндер

Бейіндік пәндер

2

Вариативтік компонент

Қолданбалы курстар

Қолданбалы курстар

Таңдау бойынша курстар

Таңдау бойынша курстар



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет