Қазақ мемлекеттік


О. БӨКЕЙДІҢ «ҚАМШЫГЕР» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ



бет6/18
Дата09.06.2016
өлшемі1.46 Mb.
#124878
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

О. БӨКЕЙДІҢ «ҚАМШЫГЕР» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ

КОМПОЗИЦИЯ ЖӘНЕ ЫРҒАҚ
Әбілов Алдажар – ф. ғ.к., доцент

(Қызылорда қ., Қорқыт ата атындағы ҚМУ)


ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығы дегеннің өзінде ғылымда өткен ХХ ғасырдағы кей пікірлердің өзгерері, кей пайым, тұжырымдардың қайта қаралары белгілі. Қоғамның дамуы, әдебиеттер арасындағы байланыс әдебиеттану ғылымының дамуына да тікелей ықпал етеді десек, әдебиеттанудың сан түрлі проблемаларының өмірге келуі де табиғи заңдылық екені дау тудырмайды. Иә, сөз өнері ғылымында соңғы кезде көптеген мәселелер шешімін тауып, көптеген жаңалықтар ашылды. Әдебиет тарихы дамып, ілгерілеп, қазақ әдебиетінің бастауларын бұрынғыдан бірнеше ғасырға ерте бастаудамыз, көптеген теориялық мәселелер түрлі бағытта зерттеліп, зерделенуде. Алайда, бұл осымен барлық шаруаны бітірдік, бар мәселе шешілді деген сөз емес. Өйткені, ғылым ілгерілеген сайын, зерттелуі керек мәселелер де өмірге келе береді, яғни бір қиын түйіннің шешілуі екніші бір мәселені күн тәртібіне қояды. Оның үстіне, кешегі кеңестік замандағы түсінік, пайым мен көркем шығармаларға берілген бағаны уақыт, заман тұрғысынан тағы бір саралап өту қажеттігі туды. Кешегі бір тұста біз көркем шығармалардың композициясы туралы ғана баян ете алсақ, бүгін сол композицияның ішкі құпияларына үңіле бастадық. Міне, осындай мәселердің бірі – проза ырғағын біз О.Бөкейдің «Қамшыгер» атты әңгімесіндегі композицияға қатысты қарастырмақпыз.

Көркем шығарманың бүтіндігі, тұтастығы шарт екені белгілі. «... сюжеттің жаны мен жүрегі – тартыс. Ал тартыстан сюжет құрап, қалыптастыратын – композиция.

Композиция... – бірер сөзбен айтқанда, көркем шығарманың құрылысы. Алайда мұны құрылыс деген сөзге қарап тек пішінге ғана байланысты ұғым деуге болмайды, композиция мазмұнмен тікелей байланысты нәрсе; ол – әдеби шығарманың сыртқы түрінің ғана симметриясы емес, сонымен қатар ішкі сырының гармониясы» - дейді /5.184./ академик З.Қабдолов. Ал енді осындағы ішкі сырының гармониясы - деп отырғанымыздың өзі нақтылай айтсақ, үндестік емес пе? Олай болса композицияның ішкі сырының үндесуі қалай жүзеге асады деген сауалдың өмірге келері де заңды деп білеміз. Бұл – сөз жоқ, өте күрделі мәселе. Міне, бізді ойландырып отырған да осы жәйт. Бұл ырғаққа тікелей қатысты, мейлі прозалық, мейлі поэзиялық, мейлі драмалық шығарма болсын, композиция ырғақтан тыс бола алмайды. Бұл жайында оры әдебиеттануында зерттеулер аз емес және олардың біразы проза ырғағын зерттеуге арналған. Мәселен, В.Каверин: «Я убежден что ритм художественной прозы не просто существует, но органический связан с композицией в целом, с развитием характеров и – более того – играет известную роль сфере идеии» - /4. 23./ деген пікірде. Иван Бунин туралы еңбегінде орыстың аса көрнекті қалам қайтаркері К. Паустовский: «Бунин (И.А.) говорил, что начиная писать о чем бы то ни было, прежде всего он должен «найти звук» ... «Найти звук» - это найти ритм прозы и найти основное озвучание» /6.22./ - деп жазады. Иә, бұл тек қана проза ырғағының барлығын ғана емес, бұл – проза ырғағының маңыздылығын көрсетеді. Ал осы мәселенің қазақ әңгімелеріндегі жай–жапсарына қатысты біз О.Бөкейдің «Қамшыгер» әңгімсін жұмыс желісі етіп отырмыз. Шығармада ырғақ бірнеше сипатта көрінеді. Біріншісі, ырғақ шығармадағы айтылар ойды, идеяны тұтастырушы. Мәселен, осы әңгімеде ойдың, шығарманың басталуындағы ырғақ шығарма соңында да дәл сол қалпында қайталанады. Салыстырып көрелік.

«Ай астында: Қанжылап, жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір әйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қасіретін кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты» /3.271./.

Бұл шығарманың басталуы. Ал, енді әңгіме соңы тура осы үзіндідегідей болып аяқталады.

«Ай астында: Қанжылап, жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір әйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қасіретін кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты»

«Бірақ осы аңғал – саңғал Алтай тауында өткен уақиғаның бәрі – бәрі де баяғының садағасы еді...» деген /3.288./

Бұл үзінділерден байқарымыз - алғашқы үзіндідегі мәтінге жаңадан тек қана «Бірақ осы аңғал – саңғал Алтай тауында өткен уақиғаның бәрі – бәрі де баяғының садағасы еді...» деген /3.288./ сөйлем ғана қосылғаны. Оның үстіне тағы бір қызықтысы – О.Бөкейдің осы үзінділерді тек шығарманы қорытындылаушы не бастаушы ретінде ғана танып қоймай, оған бөлімдер міндетін жүктеуі. Бұл да біздің жоғарыдағы пікірімізді тиянақтай түседі. Осы үзінділердің де өзіндік ішкі ырғақтары бар, ол бөлек проблема, өз алдына бөлек мәселе болғандықтан, проза ырғағының басқа қырына қатысты кейіндеу айтылатындықтан басы ашық күйінде қалдырып отырмыз. Жоғарыда айтып өткен жәйт проза ырғағының шығарманы, шығармадағы ойды бастаушылық және қорытындылаушылық қызметін көрсетеді. Жалпы осы әңгімедегі ырғақтар бітімін қарастырар болсақ, мұны сыртқы ырғақ ретінде тануға болады. Сонымен қатар, бұл тек сыртқы ырғақ қана емес, бұл – негізгі ырғаққа, негізгі үнге барар басқыш болары ақиқат. Бұдан аңғарарымыз – ырғақтың композициялық құрылымның басы мен соңын айқындаушы. Міне, бұл ырғақтың екінші бір сипатта көрінуі. Үшіншісі, ырғақ — идеяны жеткізудің негізгі тірегі. Мәселен, әңгімеде бұл міндетті қамшыгер, қамшы сөздерімен берілетін ырғақтар атқарады. О.Бөкейдің өзге шығармаларымен ұқсас тұстары бар болғанмен, өзгелеріне ұқсамайтын тұстары да мол, табиғаты бөлек, көркем шығарма ретінде көтерер жүгі үлкен осы бір әңгімедегі негізгі екі ырғақ та іштей бір–бірімен тығыз байланысты. Олар – Қамшыгер және қамшы. Осы екі ой ырғағы тұтаса келіп, үндесе келіп автордың айтпақ ойын жеткізеді. Ойды дәйектей түсу үшін қажет деген тұстардың астын сыза отырып, салыстырулар жасалық.

«Керегеде салбырап ілулі тұрған бұзау тіс он екі өрім қамшының ұшынан сүт ағып тұр...? Сүт тамшысы тұп–тура төрде жатқан жігіттің көз ұясына құйылады. Қамшының сабы, өрімдері құп–құрғақ бәз қалпындай дымсыз. Жып–жылымшы әрі саумалдай дәмді мәйектің қайдан ғана шыпылдап шығып тұрғаны беймәлім. Әйтеуір жезбен орамдап, тас қып түйіп тастаған ұшынан мөлт етіп ағады да, жігіттің көзіне сырт етіп үзіліп түседі.... Жігіт жұмған аузын ашпастан қалың дүрдек ернін жымқырып көп жатты. Көп жата да алмады. Не де болса татып көрейін деп аузын ашып еді, қып – қызыл қан дәмі таңдайына тақ ете қалды... /3.273 - 274./ Үзіндідегі жігіт, шығарманың бас кейіпкері – қамшыгер Садақбай. Бұдан соң қамшыгер тірлігі қамшымен бірге өріледі, тіпті бақилыққа аттанғанда да өзімен бірге көміледі. Түс пен өң, сүт пен қан, өмір мен өлім, әлсіз бен күшті, адамдық пен жауыздық кезектесе көрініп, шағын әңгіменің өзінде де тұнып тұрған өмірлік пәлсапаны, адам баласы тіршілікте тәлім алар талай-талай тылсымның сырын ашады. Осылардың барлығын тұтастырушы негізгі ырғақ – жоғарыда біз айтып өткен қос өрім ырғақ, қамшы мен қамшыгерге қатысты ырғақтар. Жоғарыдағы үзінді қамшыгер Садақбайдың құздан құлап, мертігіп жатқанына дейінгі кезіне қатысты болса, келесі үзінді оның барымтадан қайтқанда мертігіп, үйінде жатқан тұсына қатысты, екеуі де қамшыгердің түсі. «... Керегеде ілулі тұрған он екі таспа қамшының ұшынан бір жылы су ағып тұр. Қамшыгердің көзіне тырс–тарс тамады. Нұрлы қақтың суындай мөлдір өзі. Кеберсіген ерінін өзі тосты қамшыға. Ындыны құрып қомағайлана жұтып–жұтып жіберіп еді. Тым–тым удай ащы, кермек татиды. Көздің жасы екен...» /3.286./ Осы екі үзіндінің алғашқысында керегеде салбырап тұрған бұзау тіс он екі өрім қамшының ұшынан сүт ағып тұрады да, қамшыгер татып көрген кезде ол қанға айналып кетеді, ал екіншісінде бір жылы су ағып тұрады да, татып көрген кезде көздің жасы болып шығады. Осы тұста автор ойы, ол не айтпақ болды, бұл не үшін керек болды деген мәселелер бой көрсетеді. Біз мұны былайша тұжырымдар едік; бұл – тек қан мен көз жасы ғана емес, қамшыгер әрекеттерінің нәтижесі де. Иә, автор осыны оқырманына мәтін астарында жеткізеді. Оның қамшының ұшынан сүт ағып тұр – дей келіп, көп нүкте мен сұрау белгісін қоюы да, оқырманынын ойға, ойлануға шақыруы еді. Міне, бұл айтылған жәйттер прозалық шығармаларда да композицияның ырғақтан тыс бола алмайтынын көрсетеді.

Әңгіменің ішкі ырғақтары осы екі негізгі ырғақ төңірегіне үйірілгенмен, бұдан да басқа толып жатқаны ырғақтылыққа әкелер қолданыстар аз емес. Солардың бірі – баяндаудың өткен шақтық үлгіде берілуі. Мәселен, «Қараша үйден кейде қолында құманы бар бөкебайлы әйел шығар еді; шығар еді де қаздаңдай басып Шарықтыбұлақтан су алар еді. Су алған күйі киіз үйге қайта кіріп жоқ болар еді. Бұдан соң оның төбесін қайтып көрмейсің. Жым – жырт... меп – иеңіреу тыныштық ұйып, қаймағы бұзылмастан мелшиеді – ау кеп. Аңғарды құлазыған өлі тыныштық жайлайтын...Өлі тыныштық жайламайтын кейде. Құлаққа: Шарықтыбұлақтың арсыл – гүрсіл арыны, әупілдектің әні шалынатын; мұрынға: боз көденің исі келіп, қытықтайтын, тау қызғалдақтары қызықтыра мен мұндалайтын. Қазір тау қызғалдақтары жоқ – тын. Күз ғой, солған, қуарып қалған...» /3.272./ деген үзіндінің өзі жоғарыдан біз айтқан пікірге дәйек болумен қатар, түрлі ырғақтар тоғысын да байқатады. Біріншіден, көркемдікке келісімін таба қызмет еткен қос сөздер қолданылысы ырғақтылық тудырса ( жым – жырт, меп – меңіреу, арсыл – гүрсіл), екіншіден, ой қарсылығы арқылы керемет иірім жасалады (Аңғарды құлазыған өлі тыныштық жайлайтын, Өлі тыныштық жайламайтын кейде). Үшіншіден, ой жалғаспалылығы – ырғақ жалғаспалылығына әкелген. Сөйтіп іс - әрекеттің кезектілігі,ой кезектілігі ырғақ кезектілігіне ұласқан. Мәселен, Қараша үйден кейде қолында құманы бар бөкебайлы әйел шығар еді; шығар еді де қаздаңдай басып Шарықтыбұлақтан су алар еді. Су алған күйі киіз үйге қайта кіріп жоқ болар еді. Төртіншіден, «келіп» сөзінің ауызекі сөйлеу стиліндегі «кеп», ал «болатын» сөзінің «тын» түріндегі қолданылу жағдайын жазушы ішкі ырғақты сақтау үшін шебер пайдаланады. (мелшиеді – ау кеп, қызғалдақтары жоқ – тын) Бесіншіден, «Құлаққа: Шарықтыбұлақтың арсыл – гүрсіл арыны, әупілдектің әні шалынатын; мұрынға: боз көденің исі келіп, қытықтайтын, тау қызғалдақтары қызықтыра мен мұндалайтын» деген тұста ырғақты сақтау міндеті құлаққа, мұрынға сөздеріне жүктеліп тұр. Міне, көріп отырғанымыздай шағын ғана үзіндінің өзінен ырғаққа қатысты талай нәрсені аңғаруға болады екен. Оның үстіне, бұл тұста біз тыныс белгілердің және т.б. ырғаққа әкелуі деген мәселені тіпті әңгіме етіп отырғанымыз да жоқ, тек анық, байқалуы айқын ырғақтар хақында ғана сөз қозғап отырмыз. Бұл үзіндіге ерекше тоқталып отырғанымыздың басты себебі – О.Бөкейдің осы әңгімесіндегі ырғақтар жүйесінің кұрделілігін, ырғақтар табиғатының байлығын көрсете өту ғана. Сонымен қатар, бұл тұста композиция және ырғақ мәселесі дегенде оларды ішкі бірлікке, ішкі үндестікке әкелер ырғақ екендігін аша түсуді де мақсат еттік.

Әңгіменің ішкі ырғақтары жоғарыда атлып өткен екі негізгі ырғақ төңірегіне үйірілгенмен, осы екі ырғақпен қабат жүріп, осы екі ырғақтың өзін байланыстырушы ой ырғағы бар, ол – қараша үй. Иә, қараша үйге қатысты ой ырғағы әлгі негізгі ырғақтарды байланыстырушы болғандықтан, осыған қатысты ішкі ырғақтар да байланыстырушы міндеттін атқарады. Қараша үй әңгімені бастаушы және қорытындылаушы ырғақта негізгі ой ырғағы ретінде қызмет атқарады. Салыстыруға көшелік, тағы да мана мысал ретінде алынған үзінділерге барамыз.

«Ай астында: Қанжылап, жетімсіреген қараша үй қалды...» /3. 271, 288./

Иә, бұл тек осы үзіндіге ғана қатысты аікір. Бірақ, дегенмен, шығарманың өне бойында «қараша үй» ұғымы көп кездесетіндіктен оқырман негізгі ырғақ осы екен деп қалуы да мүмкін. Шынтуайтында, бұл - шығармадағы негізгі ырғаққа барар жол ғана. Ал, оның шығармада көп кездесуі – байланыстырушылық қызметке қатысты және О.Бөкей шығармашылығына тән ерекшелік - ой ырғақтарының қабаттаса берілуі, қабаттаса өрілуі, жарыса бой көрсетуі, жазушының бір ойдың астарында бірнеше ойды жеткізуімен байланысты. Енді «қараша үйге» қатысты ой ырғағына оралалық. Өз алдына бөлім ретінде берілген алғашқы екі сөйлемдегі «қараша үй» ойынан соң бұл мына жағдайларда көрінеді. Жазушы Түйетас аңғары туралы баяндап келеді де, былайша суреттейді.

«...Түйетастың құбыласын иектей жұпыны ғана қараша киіз үй тігілген – ді. Тасты ықтап отырғандықтан бұл үйді аңырқайдан соққан аңызақ ала алмайтын... Үй жалқы ғана. Көз көрімде ел жоқ; тек ұзын сонар құж – құж тастар, сойдақ – сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады. Қараша үйдің жанынан ербең еткен баланы да, өріп жүрген жетім лақ та көрмейсің...» /3. 271 – 272./

Бұл өзі - бір ой, яғни бір ой ырғағы, бірақ іштей бірнеше ырғақтарға бөлінеді. Осы үзіндінің өзінде «үйге», яғни үй ұғымына қатысты бір – бірімен байланысты төрт ой айтылады да, ой ырғақтары бірін – бірі жалғай, үзіндінің ой ырғағына ұласады. Бұл үй, киіз үйге қатысты ойдың екінші бөлігі. Енді келесіге көшелік.

«Қараша үйден кейде қолында құманы бар бөкебайлы әйел шығар еді; шығар еді де қаздаңдай басып Шарықтыбұлақтан су алар еді. Су алған күйі киіз үйге қайта кіріп жоқ болар еді. Бұдан соң оның төбесін қайтып көрмейсің. Жым – жырт... меп – иеңіреу тыныштық ұйып, қаймағы бұзылмастан мелшиеді – ау кеп. Аңғарды құлазыған өлі тыныштық жайлайтын...Өлі тыныштық жайламайтын кейде. Құлаққа: Шарықтыбұлақтың арсыл – гүрсіл арыны, әупілдектің әні шалынатын; мұрынға: боз көденің исі келіп, қытықтайтын, тау қызғалдақтары қызықтыра мен мұндалайтын. Қазір тау қызғалдақтары жоқ – тын. Күз ғой, солған, қуарып қалған...» /3.272./

Бұдан соңғы ой осы ойды жалғасырады, яғни бір ой ырғағы екіншісіне жалғасады. Иә.бұдан кейінгі абзац төмендегіше:



«Қараша үйдің белдеуіне, кейде, тұрықты есік пен төрдей баран ат байланатын. Қызыл іңірден намазшамға дейін суып, сонсын үйдің өр жағындағы көк орайға арқандалатын – ды. Атты жауырыны еңкіштеу келген еңгезердей атанжілік адам арқандайтын. Бұдан соң қараша үйдің жыртық есігінен жылтылдаған от сәулесі, түндігінен сыздықтап болар – болмас түтін шығады. Түйетастан лық етіп оқыстан асып қалған қоңылтақ самал қараша үйден қаңғырып шыққан жас еттің иісін лып еткізіп іліп жөнелер. Қараша хананың есігі үркер тас төбеге көтерілгесін ғана сыңсып ашылар.Сыңсып ашылар да бағанағы дәу жігіт шығып айға қарап есінеп, өңкеңдей басып атқа барар еді. Маңайды самарқау, бірақ жіті шолып шығар да дәрет сындырып алады.Сонсын қараша үйге үш бүктеліп қайта кірер .Ештеңе болмағандай тау мүлгіп тұр...Көк күмбезінде ай зытып барады. Айқай – шусыз момақан тыныштық. Қараша үй де, қара көк аспан да, қарауытқан тау мен қара барқын орман да – бәрі - бәрі бір сәтке ұйықтап кетеді. Ұйқысы қандай керемет дейсің...» /3.272 – 273./ Бұдан соң ой ырғағы қамшы мен қамшыгер туралы ырғақтарға ұласады да, одан соң табиғат көріністері, пейзаж ырғағына қайта барады. Ал одан соң қамшыгер әрекеті, одан соң қамшы туралы ырғақ, одан соң қараша үй туралы ой ырғақтары болып жалғасады.Бұл да біздің жоғарыдағы пікірімізді дәйектей түседі. Сонымен, прозада ырғақ композициямен байланысты ғана нәрсе емес, сол композицияның ішкі байланыстарының, ішкі үндестігінің көрінісі, сол байланысты, сол үндестікті өмірге әкелуші де екен.

Проза ырғағының, жалпы ырғақтың көркемдіккі жұмсалуы деген мәселеге қатысты пікірімізге негізгі тін етіп О.Бөкейдің «Қамшыгер» атты әңгімесін ала отырып ой қорытықанда, қаламгер шығармаларының ырғақтылығы күрделі де, қызықты екендігін атап өтуге тиіспіз.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әбілов А. Көркем аударма шеберлігі Алматы;Қаз.унив. 1997

2..Березкин М. Биологиялық ырғақтар жайында // Сөзстан,

7-кiтап. Алматы. Жалын, 1986

3. Бөкеев О. Үркер ауып барады Алматы; Жалын,1981

4.Гиршман М.М Ритм художественной прозы Москва; Сов. п, 1982

5.Қабдолов З Сөз өнері Алматы; Мектеп, 1976

6..Пустовойт П.Г. И.С.тургенев – художник слова Москва; Изд.МГУ, 1980

ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада О.Бөкейдің «Қамшыгер» әңгімесіндегі ырғақ пен композиция мәселесі қарастырылады.

РЕЗЮМЕ


В статье рассматривается ритм и композиция рассказа О.Бокея «Қамшыгер».

Ш.АЙТМАТОВТЫҢ «БОРАНДЫ БЕКЕТ» РОМАНЫ ЖӘНЕ ЫРҒАҚ
Әбілов Алдажар – ф. ғ.к. доцент.

(Қызылорда қ., Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті)


Әлем әдебиеті адамзат баласына берері мол көркем құндылықтарға да, шеберлігіне тәнті еткен қаламгерлерге де кенде емес. Өзіндік жазу стилімен, шеберлігімен әлем әдебиетінің тарихына есімі өшпестей болып жазылған қалам қайраткерлерінің бірі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов екені белгілі. Оның еңбектері туралы көптеген зерттеулер жасалды. Бұл тұста біз оларды қайталағалы отырған жоқпыз. Қазақ-қырғыз әдебиеттерінің байланысы біршама зерттелді дегенмен қазақ әдебиеттануында терең және жан-жақты зерттеулерді қажет ететін мәселелер де аз емес. Шешімі – күрделі, қиын түйіні – мол көкейтестіліктердің, ғылыми тұжырым жасар уақыты келген қазақ сөз өнері мәселелерінің бірі - проза ырғағы екенін ғылыми басылымдар бетінде көтеріп келе жатқанымызға да біршама жылдар өтті. Көркем прозадағы бұл мәселе, яғни проза ырғағы адам бойындағы толып жатқан ірілі – ұсақты қан тамырлары тәрізді өмірлік маңызға ие екені де анық . Өте күрделі және көп еңбекті қажет ететін ауқымды мәселе болғандықтан біз оның тек уақытқа қатысты тұсын әңгіме арқауы етпекпіз.

Жалпы алғанда әдебиеттануда бүгін бір мәселе шешімін тапса, ол өмірге екінші бір қиын түйінді әкелетіні белгілі. Мұны табиғи заңдылық деп тану қажет.Уақыт мәселесінің әдебиеттануда біршама зерттелгені белгілі. Орыс әдебиеттануында да, қазақ ғылымында да бұған қатысты біраз еңбектер жарық көрді. Біз оларды санамалап көрсеткелі отырған жоқпыз, тек уақыт пен ырғақ арасындағы кей жәйттер жөнінде ой қорытқанды жөн санадық. Көркем прозада уақыт мәселесі ерекше маңызға ие, ал енді осының ырғаққа қандай қатысы бар дегенге келетін болсақ, бұл бірімен бірі тығыз байланыста екенін көреміз. Орыс ғалымы М.М.Гиршман «Ритм хужожественной прозы» атты еңбегінде /2.152-263./ ырғақтың стилдік ерекшелік элементі екендігін айтады. Салыстырулар көп болғанмен автор тұжырым, нақты қорытынды жасауға көп бара бермейді. Ырғақтың көркем прозада стильдік ерекшелік элементі екендігіне дау жоқ, ол ғана емес-ау, тіпті біздің пайымымызша, ырғақ болмаған тұстан стильдік ерекшелік іздеудің қажеті де жоқ.

Бұл өз алдына үлкен әңгіме, ал уақыт және ырғақ байланысы дегенге келер болсақ, «осы ырғақ деген көркем прозадағы уақытқа тәуелді ме, әлде уақыт ырғаққа тәуелді ме?» деген сауалдар мен мұндалап бой көрсетері анық. Егер, жазушы қолына қалам алып прозалық шығарма жазуға отырды десек, онда көптеген ғалымдар айтқандай, ең алдымен негізгі тонды, негізгі үнді іздері хақ. Бұл дегеніңіз ырғаққа бару емес пе? Иә, бұл прозадағы ішкі ырғақты іздеу деген сөз. Олай болса прозалық шығармадағы уақыт сол ішкі ырғаққа қатысты жарыққа шығады екен. Бұдан шығатын қорытынды – егер ішкі ырғақ бұзылса, онда уақыт өлшемі де бұзылады, ал уақыт қалыптан тыс болса, онда ішкі ырғақ та бұзылады екен. Бұған мысалдар көп-ақ. Тіпті қырғыздың әлем мойындаған жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») романының Шерхан Мұртаза аударған қазақша нұсқасын /1/ алайық. Романдағы уақыт межесі батыстан шығысқа қарай, шығыстан батысқа қарай зымырап өтіп жатқан пойыздар қозғалысымен тығыз байланыста. Шығармада жер апшысын қуыра өтіп бара жатқан пойызбен алғашқы беттерде-ақ кездесеміз. Аш түлкінің телеграф бағаналарын бойлап, шойын жол бойын қуалай талғажау етерлік нәрсе іздеп келе жатқанын баян ете келіп жазушы «Бірақ әлсін-әлі ары-бері заулап өткен пойыздардың құлақ тұндырар дүрсілінен әрдайым шошып кетіп, бұрынғыдан бетер жерге жабыса, жиырыла түседі. Пойыздардың арқыраған арыны мен жертаптаурын зілмауыр ғаламат күшін, шүйкедей денесінің астындағы жердің тітіренгенін қабырғаларымен сезіп жатты...» /1 .8./ дейді. Осы тұсқа дейінгі ой ішкі ырғақтар арқылы көрінеді және ол ырғақтар тұтаса келе жоғарыдағы үзіндіге келгенде ірі ырғаққа, үлкен толқынға айналып, анық байқалады. Бұдан соң ой ырғағы жиілей бастайды.Жоғарыдағы үзіндіден кейін бір сөйлемнен соң айтылар ойға назар аударайық:

«Түлкі пойыз жолдың бойына тым сирек, әбден аштық титығына жеткенде ғана келуші еді. Пойыз өтіп кетіп, келесі пойыз келгенше дала құлаққа ұрған танадай тына қалады да, сол өлі тылсым сәтте түлкі бұлдыр дала үстінде ғайыптан талып естілген болжаусыз, шексіз заңғар дыбысты құлағы шалып, секемшіл халге ұшырайды» / 1 .8./

Бас-аяғы бес сөйлемнің ішіне үш ойды, үш ырғақты сыйғыза білген жазушы шеберлігіне разы боласың. Және сол ырғақтар «пойыздарға» қатысты шебер үйлесімділік тапса, ырғақтар астарында уақыт та хабар беріп отырады. Бұдан соң екі беттік, яғни алты абзацтық баяндау түлкі басындағы жайды жеткізеді. Мұның, түлкінің темір жол бойын жағалап келе жатқанының қанша уақытқа созылғанынын автор тәптіштеп жатпайды және олай етудің керегі де жоқ болатын, ол негізгі салмақты ырғаққа жүктейді де, тағы да «пойызға» оралады. «Пойыз болса жердің танабын қуырып, рельсті тарсылдатып келе жатты. Қоламса күйік иіс мүңк етіп, аждаҺа леп бұрқ соқты. Түлкі жолдан апыл-ғұпыл аунап түсіп, үрейі ұша жер бауырлап, артына қарай-қарай айдалаға зытып берді. Жалмаңдаған оттарын жарқылдатқан әзірейіл, дөңгелектері мың дауыспен тарсылдап, көпке дейін гүрсілі басылмай алыстап бара жатты...» /1.9./. Міне, тағы бір қайырым, тағы бір ой ырғағы бітті. Жазушы енді ырғақтарды жиілете, негізгі үннің неде екенін аңғартады да, содан соң барып, келесі бір ырғақтар арқылы негізгі үннің, пойыздар қозғалысының неге бұлай екендігін ашады.

«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сақара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұланғайыр жазығы көсіліп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.

Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...»

/1.10./ Міне, ырғақтардың үсті-үстіне үстемелей түскен көрінісіне тап боламыз,. «пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...» деген тіркестің қайталана келуінің өзі ерек ырғақ туғызған. Біз мысал ретінде алып отырған соңғы үзіндіні автор астын сызып жазады, яғни айрықша назар аудартып отыр. Бұл дегенің – негізгі үнді аңғарту, негізгі ой ырғағын байқату емес пе?! Иә, қайталана келген сөйлем, қайталана берілген ой ырғақтар тоғысына әкеледі де, ой ырғағын түйдектете оқиғаның негізгі қазығы қайда жатқанын аңғартады. Сонымен қатар автор уақыттың да, қашықтықтың да қалайша өлшенетінін бір-ақ сөйлеммен жеткізеді. «Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс – жақындығына қарай өлшенеді». Бірақ бұл тұста уақыт мәселесі ой астарында беріледі.

Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» («Ғасырдан да ұзақ күн») романын оқып отырып еріксіз ойға шомасыз. Қазақ елінің, қазақ даласының ХХ ғасырда басталған екі үлкен қасыреті – Шу алқабымен байланысты айтылар нашақорлық, апиын зұлматы мен Байқоңыр мәселесі болса, осы екі тақырыпқа да қазақ қаламгерлерінен бұрын Ш.Айтматовтың баруы, («Жанпида», «Боранды бекет» романдары) оны бүкіл адамзаттың, жер жүзінің проблемасы тұрғысынан қарауы, адами рух, оның жойылуы және т.с.с бүгінгі күннің көп көкейтестілерін әдебиетке шынайы әкелуі риза етеді. Екі романдағы ырғақтар туралы мәселе келер күндердің шаруасы болмақ. Ал «Боранды бекет» романында оқиғаларға қатысты уақыт мәселесі ғана емес, кей жағдайда кейіпкерлер әрекеті, сөйлесуі уақыттары да «пойызға» қатысты ырғаққа түседі.

«Үкібала кетіп бара жатып, қипақтап тоқтады да, ары қарай жүре берді. Бірақ Едігенің өзі дауыстап тоқтатты:

- Әй, ұмытпа, алдымен Шаймерден кезекшіге кір, менің орныма біреулерді жіберсін. Мен кейін қарымын қайтарамын. Қаңыраған үйде өлік жападан-жалғыз күзетсіз жатыр, не масқара...Айт сөйтіп...

Әйелі басын шұлғып, жүре берді. Сол ортада дистанциялық қалқанның қызыл сигналы көзін қайта-қайта қысып, уілдеп қоя берді. Боранды разъезіне жаңа состав таянып қалған екен. Кезекшінің командасы бойынша, оны запас жолға жөнелту керек. Өйткені қарама-қарсы жақтан басқа пойызды өткізіп жіберу қажет. Кәдуілгі шаруа. Пойыздар өз жолдарына түсіп, жылжып жатқанда, Едіге тағы бірдеңені айтуды ұмытып кеткендей, әлсін-әлсін әйелінің соңынан көз тастай берді. /1.14./

Міне көріп отырғанымыздай, ой ырғақтарының пойыздардың өту ырғақтарымен тығыз байланыстылығы байқалады. Ойымызды тағы да дәйектей түселік. Шығармада әлгі пойыздан соң бас кейіпкер Едіге ойға шомады, өткен өмірі, Қазанғаптың жайы, разъезд тұрғындарының тіршілігі және т.с. ойлай будкаға кіріп кезекші Шаймерденмен рация арқылы сөйлеседі.

«Соны айтып Шаймерденнің үні өшті, микрафонның кілті тырс етіп жабылды. Едіге тысқа шығып стрелкаға асықты. Запастағы екінші жолды бұрып тұрып: «Еділбай көнер ме екен, көнбес пе екен?» деп қойды. Қайсыбір үйлердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жанғанын көріп, кәдімгідей үміті тіріліп, арқаланып қалды; қанша десе де, адамдардың ар–ұяты бар ғой. Иттер абалай бастады. Демек, әйелі үй–үйді қыдырып, Борандының жұртын оятып жүргені..

Әне–міне дегенше жүз он жетінші келіп, екінші запас жолға тұрды да қарама–қарсыдан мұнай тартқан кілең цистерналы состав та жетті. Екі пойыз екі жаққа; бірі – шығысқа, бірі – батысқа қарай тартып отырды...» / 1 .19/ . Иә, тағы да бір ырғақ өмірге келді. Екі ырғақтың арасы – кейіпкердің әрекеті. Бұл сөйлемнен де кейіпкерлердің іс - әрекетін үйлестіруші ырғақ екендігі, сол ырғаққа кілт ретінде қызмет етіп тұрған ұғым - «пойыз», ал ойды жеткізуші сөйлем - «бірі – батысқа, бірі – шығысқа қарай зулап жатқан пойыздар» екені анық аңғарылады. Шығарманы ары қарай оқысақ, әлгі пойыздан соң Едігеге романның басында аштықтан шойын жолды жағалап келе жатқан түлкі кездеседі. Едіге оны таспен ұрмақшы болып ұмтылғанмен, сол сәтте ойына Қазанғаптың баласы Сәбитжан айтқан «Адамдар өлген соң, рухы аңға, құсқа, жәндікке айналып кетеді» деген сөзі түседі де шошып кетеді, ондағысы түлкі болып келіп тұрған Қазанғаптың рухы ма дегендік. Сонан соң дауыстап үркітіп, түлкіні темір жолдан ұзатыңқырап жібереді. Міне, сол арада тағы да пойыз келе жатады. «Бұл екі арада разъезге тағы бір пойыз келіп те қалды. Дөңгелектері тарсылдап, қараңғы түннің қойнын ашып, буалдыр сәулесінен шаң бұлдырып пойыз бірте-бірте жүрісін баяулатты». /1. 21./ Міне, бұл – келесі ырғақ. Шығарманың кей бөлімдер де жоғарыда біз мысал ретінде алған үзіндіні қайталаумен басталады. Бұл, сірә, бірден негізгі ырғаққа түсуді мақсат еткендіктен болса керек.

«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сақара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұланғайыр жазығы көсіліп жатады.

Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс – жақындығына қарай өлшенеді.

Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...» / 1. 25./ Бұл ырғақ кейде «разъезд үстінен арқырап өтіп жатқан пойыздар»,. «тағы бір пойыз арқырап өтті» тіркес, сөйлемдер арқылы да беріледі. Бұл жәйт кей сөздердің, кей сөйлемдерің мақсатты қайталанып келу ырғаққа әкелетінін көрсетеді. Осы ырғақтар бір бөлімнің ішінде бірімен бірі ішкі байланысқа түсе бөлім ырғағын қалыптастырса, бөлімдер ырғағы тағы да бір-бірімен байланысқа түсе тұтас роман ырғағын қалыптастырған. Сонымен қатар бұл ырғақтардың шығармадағы іс-әрекеттер уақытын, оқиғалардың өту ақытын үйлестіруші екенін де байқатады. Біз бұл тұста тек «пойыз» сөзіне қатысты ырғақтарды ғана әңгіме етіп отырмыз. Оның себебі, жоғарыдан айтып өткеніміздей, мұның негізгі ырғақ екендігі. Ал, жалпы айтар болсақ шығармада бұдан да басқа толдып жатқан ырғақтар бар, оны ашу, таратып айту – ұзақ әңгіме. Тіпті біз айтып отырған «пойыз» сөзіне қатысты ырғақтардың өзін толық зертттеп, зерделер болсақ, мұның өзі үлкен, әрі көлемді еңбек болып шығары даусыз. Енді әңгімеміздің желісіне оралар болсақ. прозалық шығармалардың көпшілігінде кездесе бермейтін тағы бір жәйт – Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романының басталу ырғағының тура сол қалпында дәлме-дәл күйінде шығарманың аяқталу ырғағы да болуы. Қалың оқырман сүйіспеншілігіне, құрметіне, ықыласына бөленген роман былайша аяқталады:

«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сақара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұланғайыр жазығы көсіліп жатады» ./1.301./. Шығарманың бұлай аяқталуы біздің жоғарыдағы ойымызды тиянақтай түседі. Біз бір ғана романға, оның ішінде бір ғана ырғаққа қатысты сөз қозғай отырып, проза ырғағының шығармадағы оқиғалар уақытын, іс-әрекеттер уақыты, тіпті бар–ау прозадағы жалпы уақыт мәселесін үйлестірушы екені туралы пікір қорытуға тырыстық. Бұл жәйттің жалпы қазақ прозасындағы жағдайы туралы әңгіме келер күндер еншісіне тиесілі.

Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романында ырғақтар байланысының сан түрі бар. Осы ырғақтар кейде ойдың мәтін астарында берілуіне де әсер етеді. Тіпті өмір ырғағының бұзылуын шеберлікпен суреттеген жазушы ішкі иірімдерді тоғыстыра келіп, қарама-қарсылықтың өзінен ырғақ тапқан. Бұл Шыңғыс Айтматовтың осы шығармасындағы ырғақ жүйесінің аса күрделі екендігін көрсетеді.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Айтматов Ш. Боранды бекет. Алматы; Жалын,1986.

2.Гиршман М.М Ритм художественной прозы. Москва; Сов. п, 1982

РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются вопросы ритма в романе Ш.Айтматова «Боранды бекет». Проблема ритма в художественном произведении еще недостаточно изучена в литературоведении.


ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы ырғақ мәселесі қарастырылады. Роман ырғағы уақыт пен ішкі иірімдерге астасып жататын ерекшелігін көрсете отырып, прозадағы ырғақ әдебиеттану саласында әлі еркін зерттелмей келе жатқан мәселе екендігіне назар аудартады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет