Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегi n 2464 Конституциялық заңы



бет7/10
Дата17.07.2016
өлшемі0.52 Mb.
#206248
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

72-бап. Сенат депутаттығына кандидатты қолдап қол жинау

1. Сенат депутаттығына кандидат облыс мәслихаттарының, республикалық маңызы бар қала немесе Республика астанасы мәслихатының өкiлдерi болып табылатын таңдаушылардың жалпы санының кемiнде он процентiнiң қолдауына, бiрақ бiр мәслихаттан таңдаушылар дауысының жиырма бес процентiнен аспайтын даусына ие болуға тиiс.

2. Таңдаушылардың қолдауы олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Бұл орайда таңдаушылардың әрқайсысы Сенаттың депутаттығына бiр кандидатты ғана қолдап өз қолын қоюға құқылы. Сенаттың депутаттығына кандидат тiркелгеннен кейiн қойылған қол тек сот шешiмiнiң негiзiнде ғана керi қайтарылып алынады.

3. Сенат депутаттығына кандидатты қолдап қол жинауды сенiм бiлдiрiлген адамдар ұйымдастырады және бұл тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы беретiн қол қою парақтарымен ресiмделедi.

4. Әрбiр қол қою парағында рет нөмiрi мен кандидаттың және қол жинаушының тегi, аты мен әкесiнiң аты, кандидаттың жеке қолы, сондай-ақ өз қолдарын қоятын таңдаушылар жайында мынадай мәлiметтердi бiлдiретiн бағаналар болуға тиiс:

1) тегi, аты мен әкесiнiң аты;

2) өзi депутаты болып табылатын мәслихат;

3) туған күнi, айы мен жылы;

4) тұрғылықты мекен жайы;

5) жеке қолы.

5. Қол қою парағының үлгiсiн Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.

6. Толтырылған қол қою парақтары тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясына тапсырылады, олар бес күн мерзiм iшiнде жиналған қолдардың растығын паспорт қызметiнiң қызметкерлерiн қатыстыра отырып тексерудi жүзеге асырады және тиiстi хаттаманы ресiмдейдi.

7. Егер қойылған қолдардың растығын тексеру нәтижесiнде жиналған қолдардың бiр процентiнен артығы рас болмай шыққан жағдайда, Сенат депутаттығына кандидатты тiркеуден бас тартылады.

Ескерту. 72-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



73-бап. Сенат депутаттығына кандидаттарды тiркеу

1. Сенат депутаттығына кандидаттарды тiркеудi тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

2. Сенат депутаттығына кандидат тiркелгенге дейiн және оның  Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестiгi тексерiлгеннен кейiн, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдар тексерiлгеннен кейiн Орталық сайлау комиссиясының шотына депозит ретiнде заңдарда белгiленген ең төменгi жалақының он бес еселенген мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi. Кандидат сайлау қорытындылары бойынша Парламент Сенатының депутаты болып сайланған немесе кандидат дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының кемiнде бес процентiн алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгiзiлген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрiнде енгiзiлген жарна қайтарылмауға тиiс және республикалық бюджет кiрiсiне алынады.

Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тiркеуге дейiн тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiне мемлекет алдындағы салық мiндеттемелердiң орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы белгiлеген тәртiппен және нысанда табысы және мүлкi туралы декларациялар ұсынады.

Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) жариялаған табысы және мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыстығын салық қызметi органдары кандидат тiркелген күннен бастап он бес күн iшiнде тексередi.

Бұл ретте салық қызметi органдарынан кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы мәлiметтер беру жөнiнде талап алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн iшiнде беруге мiндеттi.

3. Сенат депутаттығына кандидатты тiркеу барлық қажеттi құжаттар алынғаннан кейiн басталып, егер сайлау тағайындау кезiнде өзгеше көзделмесе, сайлау күнiне жиырма күн қалғанда аяқталады.

4. Мәслихаттан (мәслихаттардан) ұсынылған Сенат депутаттығына кандидатты тiркеу мына құжаттар:

1) облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат етiп ұсыну туралы шешiмi;

2) депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшi;

3) тиiсiнше облыстық немесе қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының таңдаушылардың кандидатты қолдап қойған қолдарын тексеруiнiң нәтижесi туралы хаттамасы;

4) кандидаттың өмiрбаяндық деректерi;

4-1) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен;

4-2) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;

5) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгендiгiн куәландыратын құжаты болған жағдайда жүзеге асырылады.

5. Сенат депутаттығына кандидатты тiркеу ол өзiн-өзi ұсынған жағдайда, мына құжаттар:

1) азаматтың депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiшi;

2) тиiсiнше облыстық немесе қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясының таңдаушылардың кандидатты қолдайтын қолдарын тексеру нәтижелерi туралы хаттамасы;

3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;

3-1) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен;

3-2) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;

4) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгенiн растайтын құжат болған жағдайда жүзеге асырылады.

6. Облыстық немесе қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы:

1) Сенат депутаттығына кандидаттарды тiркеген кезде оларға тиiстi куәлiк бередi;

2) Сенат депутаттығына кандидаттарды тiркегеннен кейiн жетi күннен кешiктiрмей әр кандидаттың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi көрсете отырып, тiркеу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды;

3) мынадай жағдайда:

кандидат ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшiн қажеттi құжаттарды табыс етпеген;

кандидат Конституцияда және осы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;

кандидат өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;

кандидат сайлау алдындағы үгiттi өзiн тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;

кандидаттың және (немесе) оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсiретiн  жалған мәлiметтердi таратқан фактiсiн сот анықтаған;

сот кандидат пен оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаған;

осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды;

3-1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңдарына сәйкес кандидаттың немесе оның жұбайының (зайыбының) декларацияны тапсыру кезiне декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған жағдайда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

Тiркеуден бас тартуға немесе тiркеудiң күшiн жоюға қатысты кандидаттар тиiстi сотқа шағым жасай алады.

Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

7. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе тiркеу туралы шешiм күшiнiң жойылуына оны ұсынған мәслихат (мәслихаттар) немесе кандидаттың жеке өзi жетi күн мерзiмде Орталық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым бере алады. Бұл ретте шағым берiлген күнiнен бастап жетi күн iшiнде қаралады.

8. Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы Сенат депутаттығына кандидаттарды тiркеу туралы хаттама жасайды, ол үш күндiк мерзiмде Орталық сайлау комиссиясына табыс етiледi.

Ескерту. 73-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.05.08 N 222, 1999.05.06 N 375, 1999.06.28 N 407, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.

74-бап. Кандидатурасын алып тастау, Сенат депутаттығына кандидат етiп ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою

1. Сенат депутаттығына кандидат тiркелген күннен бастап және дауыс бepугe екi күн қалғанға дейiнгi кезеңде тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.

2. Кандидатты ұсынған мәслихат (мәслихаттар) тiркеуге дейiнгi және одан кейiнгi уақытта облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс жасау арқылы кандидат ұсыну жөнiндегi өз шешiмiнiң күшiн жоя алады.

3. Мұндай жағдайларда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

4. Егер кандидатурасын алып тастау немесе кандидатты ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою осыған мәжбүр еткен себептерсiз жүргiзiлген болса, онда аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткiзуге республикалық бюджеттен жұмсалған қаражаттың бiр бөлiгiн кандидаттың немесе оны ұсынған тиiстi мәслихаттың есебiне жатқызуға хақылы.

Ескерту. 74-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.



75-бап. Сенат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшерi

Кандидаттың сайлау қоры:

1) жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ең төменгi жалақының екi жүз есе мөлшерiнен аспауға тиiс кандидаттың жеке қаражатынан;

2) жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ең төменгi жалақының бес жүз есе мөлшерiнен аспауға тиiс Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады.

Ескерту. 75-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

76-бап. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн шығып қалғандардың орнына Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну

1. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн кандидаттардың шығып қалуы нәтижесiнде Сенат депутаттығына екiден кем кандидат қалған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана), қалалық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша, өз қаулысымен сайлаудың мерзiмiн ұзартады, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.

2. Бұл жағдайда Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 76-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.



77-бап. Сенат депутаттарын сайлау жөнiндегi таңдаушылардың бiрлескен отырысын өткiзу тәртiбi

1. Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бiрлескен отырысында жүргiзiледi.

2. Егер бiрлескен отырысқа тиiсiнше облыстың барлық мәслихаттарынан, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының мәслихатынан өкiл болатын сайланған депутаттар санының елу проценттен астамы қатысса, ол заңды болады.

3. Егер Сенат депутатын сайлау жөнiндегi отырыста болған таңдаушылардың елу процентiнен астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледi.

4. Бiрлескен отырыста тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) мәслихатының хатшысы төрағалық етушi болып табылады.

5. Таңдаушылардың бiрлескен отырысына тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қатысады.

6. Бiрлескен отырыс өткiзiлетiн жерде тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы Сенат депутатын сайлау жөнiндегi дауыс беру пунктiн ұйымдастырады.

7. Сенат депутаттарын сайлау жөнiндегi бiрлескен отырыстың өткiзiлгенiн куәландыратын құжат тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) тиiстi мәслихат хатшысының сайлау комиссиясына тапсыратын бiрлескен отырыс хаттамасы болып табылады.

8. Бiрлескен отырыс тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы Сенат депутатын сайлау жөнiндегi дауыс беру нәтижелерiн жариялағаннан кейiн жабылады.

Ескерту. 77-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



78-бап. Сенат депутаты сайлауындағы дауыс санау

1. Сенат депутаты сайлауындағы дауыс санау нәтижелерi тиiсiнше облыстық, қалалық сайлау комиссиясының (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) дауыс беру пунктiнде өткiзiлетiн мәжiлiсiнде анықталады.

2. Облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша Сенат депутатын сайлау жөнiндегi дауыс санаудың хаттамасын жасайды, оған:

1) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды;

2) таңдаушылардың бiрлескен мәжiлiсiнде жария етiледi;

3) сайлау күнiнен бастап екi күннен аспайтын мерзiм iшiнде Орталық сайлау комиссиясына жiберiледi.

3. Дауыс санау нәтижесiн анықтауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 78-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңдарымен.



79-бап. Сенат депутатын сайлау кезiнде қайта дауыс беру

1. Егер сайлау бюллетенiне Сенат депутаттығына екiден астам кандидаттар енгiзiлген болса және олардың бiрде-бiрi сайланбаса, тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша қайта дауыс берудi тағайындайды. Кандидаттардың бipeуi шығып қалған жағдайда, сайлау бюллетенiне неғұрлым көп дауыс алған келесi кандидат енгiзiледi.

2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптары сақтала отырып, бастапқы дауыс беру болған күнi өткiзiледi.

3. Алып тасталды - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңымен.

Ескерту. 79-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

80-бап. Сенат депутаттарын қайта сайлау

1. Егер сайлау таңдаушылардың қажеттi санының келмеуi себептi өткiзiлмеген деп танылған болса немесе ол жарамсыз деп танылған болса, не екi кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша қайта сайлау өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды.

2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзедi. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну мен тiркеу, қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген басқа да шаралар осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

3. Қайта сайлау туралы хабар жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

4. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

Ескерту. 80-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



81-бап. Сенат депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау

1. Республика бойынша тұтас алғанда Сенат сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрмей шығарады.

2. Сенат депутаты сайлауында:

1) дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған;

2) қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда таңдаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн дауысын алған.

3) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен;

3. Сайлаудың қорытындыларын анықтауға және жариялауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 81-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



82-бап. Сенат депутаттарын тiркеу

1. Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы) сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде Сенаттың сайланған депутаттарын тiркейдi.

2. Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының ұсынысы немесе таңдаушылардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алған болса, Сенат депутаты сайлауын жарамсыз деп табуы және Сенат депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының осы шешiмiне оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Сенат депутаттығына кандидат сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде шешiм қабылдайды.

Ескерту. 82-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1997.06.19 N 133-1, 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңдарымен.



83-бап. Сенат депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын өткiзу

1. Сенат депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауы Сенат депутаттарын кезектен тыс сайлау үшiн осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткiзу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

2. Сенат депутаттары өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмi бiтуiне бiр жыл қалғанда шығып қалған депутаттың орнына сайлау өткiзiлмейдi.

Ескерту. 83-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



84-бап. Сенат депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi Конституциялық Кеңестiң қарауы

1. Республика Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Республика Премьер-Министрiнiң сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейiн он күн iшiнде берiлуi мүмкiн өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Сенат депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Бұл жағдайда сайланған Сенат депутаттарын тiркеу өтiнiштi қарау уақытына тоқтатыла тұрады.

2. Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.

3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде Сенат депутаттары сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы осы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi сайлауды жарамсыз деп тану және сайлау жарамсыз деп танылған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде екi ай iшiнде қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

Ескерту. 84-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

12-тарау. Республика Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттарын сайлау

85-бап. Мәжiлiс депутаттары сайлауын тағайындау

1. Мыналар:

1) Мәжiлiс депутаттарының өкiлдiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң бiтуi кезектi сайлауды;

2) Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы кезектен тыс сайлауды;

3) депутат өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, депутатты мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын тағайындауға негiз болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда депутаттар сайлауын Республика Президентi Мәжiлiс депутаттары өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде бес ай бұрын тағайындайды және ол екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.

3. Осы баптың 1-тармағының 2)-тармақшасында көзделген жағдайда депутаттар сайлауын Республика Президентi бiр мезгiлде Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылғаны туралы шешiм қабылдай отырып, Парламенттiң немесе Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдың iшiнде тағайындайды.

3-1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы күнi Мәжiлiстiң партиялық тiзiм бойынша сайланатын депутаттар сайлауы өткiзiлетiн күнмен дәл келмеуi мүмкiн.

4. Осы баптың 1-тармағының 3)-тармақшасында көзделген жағдайларда шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын депутат мандаты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және одан айырылған не ол қайтыс болған сәттен бастап үш айдан кешiктiрмей Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды.

5. Сайлау күнi Конституцияның 41-бабының 3-тармағының талаптары ескерiле отырып белгiленедi.

Ескерту. 85-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.

86-бап. Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар

Мәжiлiс депутаты болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.

Ескерту. 86-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

87-бап. Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

1. Партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы - белгiленген тәртiппен тiркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарға қатысты Ассамблея Кеңесiне тиесiлi.

2. Бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша Мәжiлiс депутаттығына сайлау үшiн адамдарды партиялық тiзiмге енгiзу саяси партияның жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен жүргiзiледi. Саяси партиялардың партиялық тiзiмдерге осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын адамдарды кiргiзуге құқығы жоқ.

Саяси партияның жоғары органының шешiмi азаматтың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен бiрге Орталық сайлау комиссиясына жiберiледi.

3. Саяси партиялар партиялық тiзiмдердi мемлекеттiк тiлдiң әлiпбиi ретiмен жасайды. Партиялық тiзiмдi саяси партияның өкiлi саяси партияның жоғары органының партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрмемен бiрге бiр мезгiлде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Өкiлдiң өкiлеттiктерi тиiстi құжаттармен расталуға тиiс.

4. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығына кандидаттар ұсынуды Ассамблея Кеңесi жүргiзедi. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесiнiң шешiмi көпшiлiк дауыспен қабылданады және хаттамадан үзiндi көшiрмемен ресiмделедi.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесiнiң шешiмi азаматтың сайлауға түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен бiрге Орталық сайлау комиссиясына жiберiледi.

5. Егер сайлауды белгiлеу кезiнде өзгеше көзделмесе, партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан екi ай бұрын басталып, оған қырық күн қалғанда аяқталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан бiр ай бұрын басталып, оған жиырма күн қалғанда аяқталады.

Ескерту. 87-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.



88-бап. Сайлау жарнасы

1. Партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партиялар партиялық тiзiмге енгiзiлген әрбiр адам үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген ең төменгi жалақының он бес еселенген мөлшерiнде Орталық сайлау комиссиясының шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгiзедi.

2. Парламент Мәжiлiсi депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының жетi және одан да көп процентiн алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейдi.

3. Парламент Мәжiлiсi депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бестен жетiге дейiнгi процентiн алған саяси партия осы баптың 1-тармағында белгiленген сайлау жарнасы мөлшерiнiң елу процентi мөлшерiнде сайлау жарнасын төлейдi.

Парламент Мәжiлiсi депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының үштен беске дейiнгi процентiн алған саяси партия осы баптың 1-тармағында белгiленген сайлау жарнасы мөлшерiнiң жетпiс процентi мөлшерiнде сайлау жарнасын төлейдi.

4. Саяси партия сайлау қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемiнде жетi процентiн алған жағдайларда, сондай-ақ партиялық тiзiмге енгiзiлген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгiзiлген жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрiнде енгiзiлген жарна қайтарылмауға тиiс және республикалық бюджет кiрiсiне алынады.

Ескерту. 88-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет