35
жаушыларын жібереді. Алғаш барғандар Меккеге кірер-кірместе Мұхаммед
пайғамбардың атасы Әбдімүттәліптің екі жүз түйесін, құрайыштар мен
жергілікті бір тайпаның бірталай малын алып қояды. Ол кезде Әбдімүттәліп -
құрайыш тайпасының басшысы еді.
Әбраха құрайыштықтарға елшісін жіберіп былай дейді: "Мен
сендермен соғысуға келгем жоқ, тек мына қара тасты құлатуға келдім.
Қарсыласпасаңдар, мал-жандарыңа титтей де зияным болмайды. Егер
құрайыш тайпасының басшысы менімен шайқасқысы келмесе, қасыма
келсін."
Әбдімүттәліптің жауабы:
"Біз сенімен шайқасқымыз келмейтіні бір Жаратқанға мәлім.
Соғысатындай қарулы да емеспіз. Қағба - Аллаһтың үйі, оны қиратамын деу
де бос әурешілік. Оны бір Аллаһтың өзі қорғамаса, бізде оны қорғайтындай,
Әбрахаға қарсы тұратындай күш те жоқ".
Осылай деген соң Әбдімүттәліп
келген елшімен ілесіп, Әбрахаға
барады. Әбдімүттәліп келбетті, бойшаң, жарқын жүзді адам. Оны бір
көргеннен-ақ күліп қарсы алып, амандық-саулық сұрасқан соң:
"Не тілегің бар? " - деді Әбраха.
Әбдімүттәліп: "Әскерлерің екі жүз түйемді алып кеткен екен. Соны
қайтарсаң", - дейді.
Әбрахаға бұл жауап ұнамайды. Кекесінді түрде: "Сені бір көргенде
арыдан ойлайтын ірі адам деп қалып едім.
Мына сөзіңе қарағанда
жаңылысқан болуым керек. Мен ата-бабаңнан мирас боп келе жатқан құтты
дүниені - Қағбаны қиратайын деп келсем, сен оны ысырып қойып, екі жүз
түйеңді түгендедің", - деді.
Әбдімүттәліп Әбраханың зілді кекесініне мән берместен: "Мен өз
түйелерімнің ғана иесімін. Қағбаның иесі, құдіретті қорғаушысы бар. Әрине,
оны қорғап қалады", - дегенде, Әбраха ашуға мініп:
"Маған қарсы келіп, оны ешкім де қорғай алмайды", - деп айқайлайды.
Әбдімүттәліп бұл жолы да түк болмағандай:
"Оған менің еш қатысым жоқ", - дейді тағы да.
Әбраха ақырында Әбдімүттәліптің түйелерін қайтарып береді.
Әбдімүттәліп Меккеге қайтып келіп, болған
оқиғаны құрайыштықтарға
баяндайды. Сонан соң «қайтқан малда қайыр бар» деп екі жүз түйесін
Жаратушының жолында құрбандыққа шалмақ болып, белгі соғып қоя береді.
Әбдімүттәліп Әбраханың әскерлерінің зұлымдығынан сақтану үшін
халқын жинап, уақытша Меккеден кетулерін талап етеді. Өзі де бірнеше
адамымен бірге Қағбаға барып, есігіне сүйеніп тұрып:
"Уа, Жаратқан Ием! Сен сақтанғанды - сақтайсың. Құлдарың осылайша
сақтанып, қорғанбақшы. Сен де өз үйіңді залымдардан қорғағайсың.
Зұлымдық ойлаушылар жеңіліс тапсын", - деп жалбарына дұға етті.
Мекке босатылды. Халық тау мен тасты паналап, Әбраха әскерінің
шабуылын сырттай бақыламақшы.
Мекке мен Қағба қайғылы, құрайыштықтардың жүзі солғын-ды...