Дәріс № Сотқа дейінгі іс жүргізудің тәртібі Алдын ала тергеудің түсінігі мен кезеңдері



жүктеу 0.85 Mb.
бет1/3
Дата16.06.2016
өлшемі0.85 Mb.
  1   2   3
Дәріс № 1. Сотқа дейінгі іс жүргізудің тәртібі

  1. Алдын ала тергеудің түсінігі мен кезеңдері

  2. Алдын ала тергеудің жалпы шарттары

1.Алдын ала тергеу ұғымы саты ретінде заң әдебиеттерінде еш талас тудырмайды, оған барлық іс жүргізушілер бірдей анықтама береді. Алдын ала тергеу дегеніміз — қылмыстық іс қозғалғаннан кейін болатын, өзінің міндеттері мен шекарасы бар қылмыстық процесс.

Алдын ала тергеу (қызмет ретіңде) екі нысанында жүзеге асырылады деп саналады, олар: анықтау және алдын ала тергеу.

Анықтау және оның түрлері. Бұрын аталып өткендей, қылмыстық іс жүргізу қызметінің екі түрін: анықтау мен алдын ала тергеуді алдын ала тергеудің нысандары деп атау қабылданған.

Анықтау, алдын ала тергеудің кез келген нысаны сияқты, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін басталады. Алдын ала тергеу міндетті емес тергеуден оның айтарлықтай айырмашылығы бар. Анықтаудың түріне қарай ол қылмыстық істі тергеушіге жібергеннен кейін, не алдын ала тергеу сияқты — істі айыптау қорытындысымен сотқа жібергеннен кейін немесе қылмыстық іс қысқарғаннан кейін аяқталуы мүмкін. Заң алдын ала тергеу кезінде жүзеге асырылатын ол қызметтің екеуін де анықтау деп атайды.

ҚІЖК-нің 288-бабына сәйкес алдын ала тергеу жүргізу міндетті емес істер бойынша анықтау органы іс қозғайды және қылмыстық іс бойынша дәлелденуі тиісті мән-жайларды анықтау үшін қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген барлық шараларды қабылдайды. Алдын ала тергеудің осы түрін жүргізгенде анықтау органы кез келген тергеу, сондай-ақ басқа іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге, қажетті іс жүргізу шешімдерін қабылдауға құқылы.

Бұл ретте ол қылмыстық іс жүргізу заңында негізінен алдын ала тергеу үшін белгіленген ережелерді басшылыққа алады.

1) Жәбірленушіні, азаматгық талапкерді, азаматтық жауапкерлі және олардың өкілдерін анықтау жүргізген адам анықтаудың аяқталғаны және істін прокурорға жіберілгені жайында хабардар етуге міндетгі. Бірақ. анықтау органы, тиісті өтініш болған күннің өзінде, оларды іс материалдарымен таныстыруға міндетті емес.

2) Тергеушіде іс жүргізу еркіндігі бар, оның мәнісі мынада: прокурор, ҚІЖК-нің 289-бабына сәйкес, тергеушіге (анықтау жүргізуші адамға) орындалуы міндетті нұсқау беруге уәкілетті. Бірақ тергеуші прокурордың:

- айыпталушы ретінде тарту туралы;

- қылмысты саралау және айыптаудың көлемі туралы;

- сот талқылауын тағайындау үшін істі жіберу туралы немесе істі қысқарту туралы нұсқауымен келіспесе, өз қарсылығын жазбаша баяндап жоғары тұрған прокурорға жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда прокурор, не төменгі тұрған прокурордың нұсқауын бұзады, не бұл істің тергеуін басқа тергеушіге тапсырады. Анықтау органдарына бұл ереже таралмайды. Прокурордың нұсқауымен келіспеген жағдайда анықтау органы жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы. Дегенмен, мұндай шағымдаңу фактысы прокурор нұсқауының орындалуын тоқтата алмайды. Алдын ала тергеу жүргізу міндетті емес істер бойынша анықтау материалдары істі сотта қарауға негіз бола алады. Оның мақсаты алдын ала тергеудің алдына қойылған мақсатпен бірдей. Мерзімі және жүргізу амалдары жағынан олар да әртүрлі болуы мүмкін. Міне осы мән-жай ғалымдарға анықтаудың осы түрін толық көлемді анықтау немесе «алдын ала тергеудің» ерекше нысаны деп атауға мүмкіндік беріп отыр.

Дау туғызбайтын бір жағдай — алдын ала тергеу міндетті емес істер бойынша анықтау алдын ала тергеудің өзінше дербес нысаны болып табылады, оны алдын ала тергеуден мыналар ерекшелейді:

- оны жүзеге асыратын субъект (тергеуші емес, анықтау жүргізуші адам);

- сол субъектінің құқықтық мәртебссі (анықтау жүргізуші адамда іс жүргізу еркіндігі болмайды);

- жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, адам және жауапкердің және олардың өкілдерінің тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдарымен танысуға құқықтарының жоқтығы.

Қылмыстық іс жүргізу қызметінің осы түрі, басқаларға қарағанда, «анықтау» деп атауға көбірек сәйкес келеді. Ол алдын ала тергеуге қарағанда едәуір өзгеше.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық сот ісін жүргізу негіздерінің 29-бабына сәйкес алдын ала тергеу жүргізу міндтті болып табылатын қылмыстарда қылмыс белгілері болса анықтау органы қылмыстық іс қозғайды және қылмыстық іс жүргізу заңын басшылыққа алып дереу тергеу әрекеттерін жүргізеді, ондағы мақсат — қылмыстың іздерін анықтау және бекіту: қарау, тінту, алу, телефон және басқа байланыстарды тыңдау, мүлікке тыйым салу, сезіктілерді анықтау, ұстау және олардан жауап алу, жәбірленушілер мен куәлерден жауап алу, қажет болған жағдайда сараптама тағайындау.

Анықталған қылмыс және басталған анықтау жайында анықтау органы прокурорға дереу хабар береді. Жедел тергеу әрекеттерін орындағаннан кейін анықтау органы, прокурордың нұсқауын күтпестен және он күндік мерзім біткеннен кейін істі тергеушіге тапсыруға міндетті.

Анықтаудың бұл түрі алдын ала тергеу сатысын аяқтамайды, сондықтан да өзінен кейін жалғасатын алдын ала тергеуден бөлініп алдын ала тергеудің нысаны деп аталынбайды. Бұл жағдайда алдын ала тергеу екі элементтен тұрады:

- алдын ала тергеу міндетті болып табылатын істер бойынша анықтау;

- анықтау органы істі тергеушіге бергеннен кейін басталатын алдын ала тергеу. Алдын ала тергеудің осы нысанын аралас алдын ала тергеу деп атау керек.

Алдын ала тергеу дегеніміз — мазмұны алдын ала тергеу сатысын басынан аяғына дейін қамтитын қызмет. Алдын ала тергеу дәлелдеуге жататын барлық мән-жайларды сотқа дейін анықтауға бағытталады (ҚІЖК-нің 117-бабы). Тек алдын ала тергеуде ғана қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатыларында адамның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтаудың заңда көзделген кепілдіктері көбірек көзделген.

Анықтауға қарағанда қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеуді тергеушілер жүргізеді, оларда, жоғарыда атап өткеніміздей, іс жүргізу дербестігі болады. Тергеу бөлімшелері қазіргі кезде ішкі істер органдарында, қауіпсіздік қызметі органдарында және салық полициясы органдарында бар.

Алдын ала тергеу, ҚІЖК-нің 126 және 404-баптарына сәйкес, неғұрлым күрделі істер бойынша және өзінің дене немесе ақыл-ой кемістігіне байланысты өз құқығын қорғай алмайтын кәмелетке толмаған адамдар жасаған қылмыстар туралы, сондай-ақ есі дұрыс еместердің қоғамға қауіпті іс-әрекеттері туралы істердің барлығында міндетті түрде жүргізіледі.

Алдын ала тергеу оны жүргізу заң бойынша міндетті емес қылмыстар бойынша да жүргізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда тергеуші, оны сот немесе прокурор қажет деп санағанда ғана, қылмыстық процеске кірісуге құқылы.

Алдын ала тергеу, алдын ала тергеудің кез келген басқа нысаны сияқты, іс жүргізу әрекеттерінен және іс жүргізу шешімдерінен тұрады. Ол өзіне тергеу әрекеттерін жүргізуді. мәжбүрлеу шараларын қолдануды, адамды айыпталушы ретінде тартуды, қорғаушыны, заңды өкілдерді, азаматтық талапкерлерді және қылмыстық процестің басқа субъектілерін қылмыстық процеске қатысуға жіберуді, қатысушыларды іс материалдарымен таныстыруды және т.б. қамтиды.

Алдын ала тергеудің алғашқы мерзімі екі ай шамасында белгіленген. Бірақ оны заңда белгіленген тәртіпте прокурор ұзарта алады.

Сонымен, алдын ала тергеудің ең аз дегенде үш нысаны бар:

1) алдын ала тергеу;

2) аралас алдын ала тергеу, ол өзіне анықтауды (алдын ала тергеу міндетті болып табылатын істер бойынша) және содан кейінгі алдын ала тергеуді қамтиды;

3) алдын ала тергеу міндетті емес істер бойынша «анықтау».

. Алдын-ала тергеудiң мiндеттілігi

Алдын-ала тергеудi осы Кодекстiң 33-бабының бiрiншi бөлiгiнде, 190-1, 285-баптарында көрсетiлген қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, барлық қылмыстық iстер бойынша жүргiзу мiндеттi. Алдын ала тергеудi кәмелетке толмағандар немесе өздерiнiң дене немесе ақыл-ой кемiстiктерiне байланысты өздерiнiң қорғану құқықтарын өздерi жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған қылмыстар туралы барлық қылмыстық iстер бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 177-бабының екінші бөлігінің 2) тармағында көзделген тәртіппен қозғалған қылмыстық істер бойынша жүргiзу мiндеттi. Қылмыстық iстер бойынша алдын-ала тергеудi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, iшкi iстер және қаржы полициясы органдарының тергеушiлерi, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда прокурорлар жүргiзедi.

Қылмыстық iстердi тергелуi бойынша бiр органнан екiншi органға беру осы қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес жүргiзiледi.

2. Алдын ала тергеу қылмыс жасалған ауданда (облыста) жүргiзiледi. Алдын ала тергеу жедел және толық болуы мақсатында қылмыс анықталған орын бойынша, сондай-ақ сезiктi, айыпталушы адам немесе куәлардың көпшiлiгi тұрған жерде жүргiзiлуi мүмкiн. Тергеу iс-әрекеттерiнiң басқа ауданда (облыста) жүргiзу қажет болған жағдайда тергеушi оны тiкелей өзi жүргiзуге не бұл iс-әрекеттердi жүргiзудi сол ауданның (облыстың) тергеушiсiне немесе анықтау органына тапсыруға құқылы. Тергеушi iздестiру әрекеттерiн немесе жедел iздестiру шараларын жүргiзудi алдын ала тергеу жүргiзiлетiн жердегi немесе iс жүргiзiлетiн жердегi анықтау органына тапсыра алады. Тергеушiнiң тапсырмасы он тәулiктен аспайтын мерзiмде орындалуға тиiс.

Алдын ала тергеу қылмыстық iс қозғау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн ғана жүргiзiледi. Тергеушi өзi қозғаған немесе өзiне тапсырылған iс бойынша тергеуге дереу кiрiсуге мiндеттi. Iстi өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдағаны туралы тергеушi қаулы шығарады. Егер қылмыстық iстi тергеушi қозғаса және өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаса, онда қылмыстық iстi қозғау және оны өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы бiрыңғай қаулы жасалады. Жоғарыда аталған қаулылардың көшiрмелерiн тергеушi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей прокурорға жiбередi.

Қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу - қылмыстық іс қозғалған күннен бастап, ал қылмыстық іс жүргізу кодексінің 190-4-бабының 2) тармағында, 303-1-бабында көзделген жағдайларда сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізудің хаттамасы жасалған күннен бастап екі ай мерзімнен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Алдын ала тергеу мерзiмiне iс қозғалған күннен бастап iстi айыптау қорытындысымен немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселенi қарау үшiн iстi сотқа беру туралы қаулымен бiрге прокурорға жiберген күнге дейiнгi не iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту туралы қаулы шығарылған күнге дейiнгi уақыт енгiзiледi. Алдын ала тергеу мерзiмiне қылмыстық іс жүргізу көзделген негiздер бойынша алдын ала тергеу тоқтатыла тұрған уақыт, айыпталушы мен оның қорғаушысын қылмыстық iс материалдарымен таныстыру уақыты, сондай-ақ айыпталушының шағымы бойынша талап етiлген қылмыстық iстiң сотта және прокуратурада жатқан уақыты енгiзiлмейдi. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген алдын ала тергеу мерзiмiн тергеушiнiң дәлелдi қаулысы бойынша:

- iстiң күрделiлiгiне байланысты аудандық және оған теңестiрiлген прокурор - үш айға дейiн;

- iстiң аса күрделi болуына байланысты облыс прокуроры және оған теңестiрiлген прокурор мен олардың орынбасарлары - алты айға дейiн ұзартуы мүмкiн.

Алдын ала тергеу мерзiмiн одан әрi ұзартуға тек айрықша жағдайларда iстiң күрделiлiгi ескерiле отырып жол берiледi және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Бас әскери прокурор жүзеге асыра алады. Алдын ала тергеудiң мерзiмiн ұзарту туралы қаулыны тергеушi ауданның, облыстың прокурорына және оларға теңестiрiлген прокурорларға тергеу мерзiмi өтпестен бұрын - бес тәулiктен кешiктiрмей, Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, Бас әскери прокурорға он тәулiктен кешiктiрмей ұсынуға мiндеттi. Iс қосымша тергеу жүргiзу үшiн қайтарылған кезде, сондай-ақ уақытша тоқтатыла тұрған немесе қысқартылған iс қайта қозғалған кезде қосымша тергеудi iс тергеушiге түскен кезден бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде жүргiзiлуi мүмкiн. Мерзiмдi одан әрi ұзарту осы бапта көзделген тәртiппен жалпы негiздерде жүргiзiледi. Қылмыстық заңмен тыйым салынған iс-әрекеттi жасаған адам анықталмаған iс бойынша iс жүргiзу мерзiмдерi қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмiмен шектеледi.

Алдын ала тергеудің аяқталуы дегеніміз – алдын ала тергеу сатысының қорытынды бөлімі (кезеңі). Ол істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеу бойынша барлық тергеу (іс жүргізу) әрекеттері аяқталып, істің ары қарайғы тағдыры туралы шешім қабылдау қажет болғанда туындайды. ҚІЖК-нің 289-бабының редакциясы бұл талданып отырған кезеңнің басталу және қадағалаушы прокурордың жазбаша нұсқауы бойынша қылмыстық істі тоқтату мүмкіндігінің бар екендігін көрсетеді. Алдын ала тергеудің аяқталуы бірқатар іс жүргізу әрекеттерін қамтиды, оларды іс жүргізу шешімдері тиісінше рәсімделгенге дейін орындау қажет. «Алдын ала тергеудің аяқталуы» термині кейде басқа мазмұнда пайдаланылады:

аттас кезеңде жүзеге асырылатын анықтаушы органның, тергеушінің, прокурордың іс жүргізу қызметі және қылмыстық-іс жүргізу қызметі.

Алдын ала тергеу саты ретінде тіптен отызыншы жылдары бөліктерге (кезеңдерге) бөлінді. Мысалы, В.И.Громов (1930 ж.) тергеу барлық материал аяқталған тергеу бойынша жинақталып қорытылғаңда, Н.В.Крыленко (1935 ж.) - алдын ала тергеудің қорытынды кезеңімен аяқталады деп санаған. С.П.Бекешко (1979 ж.) бұл кезеңнің мазмұнына дәлелдемелерді жинауды тоқтату туралы шешім қабылдау жөніндегі, іс бойынша іс жүргізуді жүйелеу және рәсімдеу, тергеудің аяқталғаны туралы процеске қатысушыларға хабар беру, қылмыстық істің ары қарайгы тағдырын анықтайтын шешім қабылдау жөніндегі және т.б. заңда көзделген іс жүргізу әрекеттерін жатқызады. Б.А.Викторов (1971 ж.) және басқа бірқатар авторлар алдын ала тергеудің өздері бөліп алған алты кезеңінің төртіншісін алдын ала тергеудің аяқталуы деп атады. Бесіншісін олар алдын ала тергеу аяқталатын қорытынды құжатты (айыптау қорытындысы, т.б.) жасау және алтыншысын — прокурордың қылмыстық істі оны ары қарай жіберу мәселесін шешу үшін қарауы деп санады.

А.Я.Дубинскийдің (1984 ж.) пікірінше, бұл аталған кезеңдердің алтыншысы тергеуден тыс жатыр, ал бесінші кезең төртіншіні өзіне сіңіріп алады. Соңдықтан да ол қорытынды кезеңнің мазмұнына қылмыстық іс материалдарын біржола жүйелеу, жинақталған дәлелдемелерді бағалау, процеске қатысушыларды тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны туралы хабардар ету, оларға танысу үшін қылмыстық іс материалдарын ұсыну, түскен өтініштерді шешу, ақтық шешімді қалыптастыру, қорытынды іс жүргізу құжатын рәсімдеу және істі сотқа жіберу жөніндегі әрекеттерді жатқызған. Әдетте, бұл кезеңде, тек, іс жүргізу және ұйымдық-техникалық әрекеттер ғана жүргізіледі. Анықтау органының жедел іздестіру қызметі тек кейбір жағдайларда: жасырынып қалған қылмыскерді және тығып қойған құндылықтарды іздестіргенде, жаңа қылмыстардың алдын алғанда және алдын ала тергеу сатыларының қалыпты аяқталуына кедергі келтіру ниетін тыюда қажет болуы мүмкін.

Кейбір іс жүргізушілер бұл кезеңнің басталуын жүргізілген тергеудің жан-жақтылығын, толықтырған және әділдігін тексеру және қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету кезеңіне жатқызады. Бірақ, олардың іс жүргізу процесін жүзеге асыру, не жан-жақтылық, толықтық және әділдік, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жайын сөз қылғанда нені діттегені түсініксіз. Қажетті тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталуын және мәжбүрлеу шараларының қолданылуын басталу деп алумен келісуге болады, бірақ сол әрекеттер жиынтығын емес. Соңғылар тергеудің бастапқы кезеңдерінің мазмұнына толықтай кіреді.

Қылмыстық істі қысқартқанда, кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл кезеңге мыналарды да жатқызуға болады:

- прокурорды және заңда көрсетілген мүдделі адамдарды істің қысқарғаны туралы хабардар етуін;

- қылмыстық істі қысқарту туралы шешімге шағымды прокурордың қарауын және ол бойынша шешім қабылдауын (ҚІЖК-нің 218,-219-баптары);

- прокурордың қылмыстық істі қысқартудың зағдылығын және дәлелділігін тексеруін;

- прокурордың қылмыстық істі кәмелетке толмағандарға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселесін шешуі үшін сотқа жіберуін.

Сонымен, ақтық кезең алдын ала тергеуді аяқтайтын материалды жүйелеуден басталады. Практикада жүйелеудің негізгі екі түрі: хронологиялық және тақырыптық түрлері қолданылады. Хронологиялық тәртіпте материалдар тергеуші жинастырған және оған келіп түскен ретімен жинақталады, ал тақырыптық тәртіпте қылмыстық іс материалдары қылмыстар бойынша топтастырылады. Әдетте, көп эпизодты істер тергелгенде сондай болады. Мұнда құжаттар қылмыстардың ауырлығына қарай емес, келіп түскен ретімен тігіледі. Бірнеше эпизодтарға ортақ хаттамалар мен қаулылар, айыпталушылардың, жәбірленушілердің жеке басын сипаттайтын құжаттар, тінту, ұстау құжаттары, т.б. өзінше бөлек, хронологиялық тәртіпте тігіледі.

Іс материалдарын жүйелеу тергеушіге, одан кейін қорғаушыға, айыпталушыға, оның заңды өкіліне, жәбірленушіге, азаматтық жауапкерге, азаматтық талапкерге және олардың өкілдеріне, прокурорға, сотқа, судьяға іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді тікелей мұқият талдуға, сондай-ақ алдын ала тергеудің қорытынды актісін жасағанда іс материалдарын жедел пайдалануға мүмкіндік береді. Осы кезеңде тергеуші істің мәнісі бойынша қорытынды жасап, оны негіздейді, оның болашақ тағдыры жайында шешім қабылдайды.

ҚІЖК-нің 24-36-тарауларының мазмұнына сүйене отырып алдын ала тергеуді аяқтаудың кемінде үш түрін бөліп алуға болады:

- айыптау қорытындысын жасау:

- қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы шығару;

- медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарауы үшін істі сотқа жолдау туралы қаулы шығару.

Өткен параграфта келтірілген ережеге сүйеніп автор тергеудің аяқталуының тағы да бір түрі - қылмыстардың мән-жайы туралы хаттама ресімдеу жайында айта алады. Іс жүргізушілер алдын ала тергеу міндетті болып табылатын істер бойынша анықтауды, көбіне алдын ала тергеудің нысаны деп атайды. Қылмыстық іс жүргізу қызметінің бұл түрінде де ақтық кезең бар, ол қылмыстық іс материалдарын тергеу орнына жіберу туралы мәселе шешілетін уақыт аралығы (ҚІЖК-нің 36-тарауы). Материалдарды әкімшілік жазалау шараларын қолдану үшін сотқа жібере отырып істі қысқарту туралы шешім қылмыстық істі қысқартудан бөлек айтылады. Қазіргі кезде қылмыстық істі қысқартудың бұл түрін заң шығарушы алып тастады. Ондай ҚІЖК-нің 37-бабында қарастырылған кезде де ол алдын ала тергеуді аяқтаудың өзінше бір түрі болған емес. Мысалы, Орал қаласы мен облыс бойынша статистика мынаны көрсетті: бір жылда ІІМ тергеушілері сотқа айыптау қорытындысымен 7171 іс жіберген, бұл олардың аяқтаған барлық алдын ала тергеулерінің 76,5%-і. 2141 іс қысқарған (аяқталған істердің жалпы санының 22,8%-і). Жыл бойы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарауы үшін істі сотқа жіберу жөнінде бар болғаны 60 (0,7%) қаулы шығарылған. Статистикаға жүгінсек — жүргізілуі аяқталған қылмыстық істер санының жыл сайын өсіп отырғандығын және де айыптау қорытындысымен сотқа жіберілген істердің көбейгендігін көреміз.

Тергеудің аяқталу кезеңі барлық мемлекеттерде бірдей біздегідей емес. Бірқатар мемлекеттерде сотқа дейінгі тергеуді аяқтау туралы шешімді прокурор шығарады, ал алдын ала тергеу жүргізген орган тек қандай да бір шешімді ұсына алады. Мысалы, Чехияның ҚІЖК-не сәйкес, тергеуді аяқтаған тергеуші қорытынды жасайды да, оны іс материалдарымен бірге прокурорға жібереді. Айыптау қорытындысын жасап, істі сотқа жолдайтын (жіберетін) прокурор ғана. Румынияның Қылмыстық іс жүргізу кодексінде тергеу аяқталғаннан кейін тергеу органы істі өзінің қорытындысымен, атқарылған істің мазмұнын көрсететін рефератпен (баяндамамен) қоса прокурорға жібереді. Венгрияда тергеу органы, алдын ала тергеуді аяқтау туралы қаулы шығарғаннан кейін материалды, айыптау актісін шығаруы үшін прокурорға жібереді, ал айыптау актісін прокурор шығарады, өзі сотқа жібереді.

Көптеген еуропа елдерінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасы алдын ала тергеуді аяқтаудың психикасы бұзылған адамның іс-әрекеті туралы істі тергеушінің медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешуі үшін сотқа жіберуі сияқты өзінше бөлек нысанын қарастырмайды. Венгрия ҚІЖК-і, егер жауап алғаннан кейін оның жасаған қылмысының басқа жасаған ауыр қылмысына қарағанда елеусіз екендігі анықталса, ары қарай тергеу жүргізбеу мүмкіндігін ерекше ескертеді.

Сонымен,


1. Алдын ала тергеудің, оның аяқталуы деп аталатын кезеңі қылмыстық іс материалдарын (сотқа кейінгі тексеру материалдарын) біржола жүйелеуден басталады.

2. Тергеудің аяқталуы мына шешімдердің біреуімен тамамдалады:

а) айыптау қорытындысымен;

б) қылмыстық істін қысқаруымен:

в) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарауы үшін істі сотқа жіберумен.

Өзінің мазмұны жағынан мұндай хаттама жеке және жария айыптау істері бойынша бірдей емес.

Дәріс № 2. Сот өндірісіне дейінгі іс жүргізушілік құжаттарды құрастыру


  1. Іс жүргізушілік құжаттарының түрлері

  2. Қаулының мазмұны мен құрылымы

  3. Хаттаманың мазмұны мен құрылым

1.Қымыстық іс жүргізу кодексінiң тиiстi ережелерiне сәйкес жасалған, тексеру, көзiн жеткізу, алу, тiнту, ұстау, мүлiкке тыйым салу, хат-хабарларға тыйым салу, хабарларды ұстап алу, телефонмен және басқа да сөйлесулердi тыңдау және жазып алу, үлгiлердi алу, мәйiттi эксгумация жасау, айғақтарды қылмыс болған жерде тексеру, қылмыс болған жерде тергеу экспериментiнде, тергеу әрекеттерiнiң барысында маман жүргiзген заттай айғақтарды зерттеу кезiнде анықталған, қылмыстық процестi жүргiзушi адам тiкелей түсiнген мән-жайларды куәландыратын тергеу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларында бар iс жүзіндегі деректер, сондай-ақ сот iс-әрекеттерiнiң барысы мен олардың нәтижелерiн көрсететiн сот отырысының хаттамасында бар қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.

Дәлелдеме ретiнде қылмыс туралы, табыс етiлген заттар мен құжаттар туралы, айыбын мойындап келуi туралы ауызша мәлiмдеу кезiнде жасалған хаттамаларда, адамдарға олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiрулерде қамтылған iс жүзіндегі деректер пайдаланылуы мүмкiн.

Құжаттар, егер олардағы ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы болса, дәлелдемелер болып танылады.

Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да көрсетiлген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 125-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiлген немесе табыс етiлген тергеуге дейiнгi тексерулердiң материалдары (түсiнiктеме және басқа да көрсетулер, түгендеулер, тексерулер актілері, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары), сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото және кино суреттер, дыбыс және бейне жазбалар да жатады.

Құжаттар iске тiркеледi және онда оның сақталуының бүкiл мерзiмi бойында сақталады. Алынған және iске қосылған құжаттар ағымдағы есеп, есеп беру үшiн және өзге де заңды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар заңды иесiне қайтарылуы немесе егер ол iс үшiн залалсыз болса уақытша пайдалануға ұсынылуы не олардың көшiрмесi берiлуi мүмкiн.

Құжаттардың Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 121-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда олар заттай дәлелдеме болып танылады.

2. Сот оған негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жеке қаулы шығарады, онда мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заңның бұзылу фактiсiне, қылмыс жасауға себепшi болған және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның iс-әрекетiнен қылмыс жасауға себепшi болатын әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.

Жеке қаулы, сондай-ақ сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде немесе iстi төменгi сот қараған кезде жiберiлген, азаматтардың құқықтарын бұзу және заңның басқа да бұзылуы байқалған кезде шығарылуы мүмкiн.

Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк не азаматтық борышын бұзуына аударуға құқылы.

Сот, егер мұны қажет деп таныса, сот талқылауының материалдары бойынша, басқа да жағдайларда жеке қаулы шығаруға құқылы.

Сот жеке қаулысымен ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына қылмыстың жолын кесуге немесе ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығы, ерлiгi туралы жеткiзе алады.

Жеке қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қабылдануы және оның нәтижелерi туралы жеке қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс

Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi осы адамның есi кiресiлi-шығасылы күйде жасағаны немесе осы адамның қылмысты жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын психикасы бұзылумен ауырғаны дәлелдендi деп танып, сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнiң 16, 73-баптарына сәйкес осы адамды тиiсiнше қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы және оған медициналық сипаттағы және нақ қандай мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарады.

Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша қауiп-қатер тудырмайтын болса не ол аса ауыр емес әрекет жасаған болса, сот iстi тоқтату туралы және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы қаулы шығарады.

Сот осы адамның әрекеттi жасауға қатысқаны дәлелденген жоқ деп таныған, сондай-ақ Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 37-бабының бiрiншi бөлiгіндегі 1-12-тармақтарында, 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар анықталған кезде сот өзi анықтаған негiз бойынша адамда аурудың болуына және оның сипатына қарамастан iстi қысқарту туралы қаулы шығарады.

Iсi қаралып отырған адамның психикасының бұзылуы анықталмады немесе қылмыс жасаған адамның ауруы оған жазалау шараларын қолдануды жоққа шығармайды деп танып, сот өзiнiң қаулысымен iстi қосымша тексеру жүргiзу және iстi бұдан әрi жалпы тәртiппен жолдау үшiн қайтарады.

Соттың қаулысында Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 383-бабында көрсетiлген мәселелер шешiледi.




Аудандық және оған теңестірілген соттың қаулысына - Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 47-тарауында көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен, ал апелляциялық сатыдағы соттың Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 418-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда шығарған қаулысына кассациялық сатыға қорғаушы, жәбірленуші мен оның өкілі, ісі қаралған тұлғаның заңды өкілі немесе жақын туысы шағымдануы, сондай-ақ прокурор наразылық беруі мүмкін. Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 511-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам істі сотта талқылауға қатысқан жағдайда ол, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауыртпалығы бұған кедергі жасамаса, сот қаулысына шағымдануға құқылы.

Апелляциялық қаулы (КР ҚІЖК 421-бабы). Аппеляциялық қарау нәтижелері бойынша сот кіріспе, сипаттамалы-дәлелді және қарар бөлімнен тұратын аппеляциялық қаулы шығарады:

Қаулының кіріспе бөлімінде қаулы шығарылған уақыт пен орын, қаулыны шығарған соттың атауы мен аппеляциялық алқаның құрамы, аппеляциялық наразылық немесе аппеляциялық шағым жасаған адамдар, істі аппеляциялық қарауға қатысқан адамдар көрсетіледі.

Қаулының сипаттамалы-дәлелді бөлігінде берілген аппеляциялық шағымдардың, наразылықтың, оларға карсылықтардың дәлелдері, аппеляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пікірлері, сондай-ақ қабыдданған шешімнің себептері қысқаша баяндалуға тиіс.

Қаулының қарар бөлігінде аппеляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.

Егер шағымдар, наразылық қанағаттандырылмай қалса, қаулының сипаттамалы-дәлелді бөлігінде шағымдардың, наразылықтың дәлелдері негізсіз немесе елеулі емес деп танылған негіздеме көрсетілуге тиіс.

Үкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, қаулыға қылмыстық немесе қылмыстық іс жүргізу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылық неден көрінетіні, бірінші сатыдағы соттың үкіміне өзгерістер енгізгендегі негіздер көрсетілуге тиіс.

Егер аппеляциялық сатыдағы сот ҚР ҚІЖК 421-бабының бірінші бөлігінде көзделген шешімдерді қабылдаса, қаулының сипаттамалы-дәлелді бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімі дұрыс емес деп танылған себептер, сондай-ақ сотталған адам жағдайының нашарлауы негіздері көрсетілуге тиіс.

Іс соттың жаңа талқылауына жіберілген жағдайда қаулыда іс жаңадан қаралған кезде қандай заң бұзушылық жойылуы керек екені көрсетілуге тиіс. Бұл ретте аппеляциялық сатының айыптаудың дәлелденгендігі немесе дәлелденбегендігі туралы, дәледдемелердің анықтығы туралы немесе бір дәлелдемелердің басқаларынан басымдығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қылмыстық заңды қолдануы туралы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешіп қоюға құқығы жоқ.

Аппеляциялық сатының соты айқын қате жазуларды түзету және түсініксіз жағдайларды түсіндіру туралы мәселелерді қарау қажет болған жағдайда, аппеляциялық қаулының мәнін өзгертпей, қосымша қаулы шығаруға құқылы.

Аппеляциялық қаулы кеңесу бөлмесінде шығарылады, оған сот төрешілерінін бүкіл құрамы қол қояды және сот төрешілері кеңесу бөлмесінен қайтып келгеннен кейін отырыс залында оқылады.

Жаңа сот қажетті жағдайларда, ҚР ҚІЖК 422-бабының 5-бөлігінде көрсетілген талаптарды сақтай отыра үкімді жою немесе өзгерту жағдайларында (мысалы, дереу түрде айыпталушыны қамаудан босату қажет болса) қаулының қарар бөлімін шығара әрі жариялай алады. Қаулының толық мәтіні іс қаралған күннен бастап он бес күн мерзімде жасалып, оған барлық сот төрешілері қол қояды.


3. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып жасалған хаттамада көрсетiледi. Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Ондағы сұрақтар мен жауаптар жауап алу кезіндегі ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың тергеушi қабылдамаған сұрақтары да немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтар да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың себептерi көрсетiле отырып, көрiнiс табуға тиiс.

Бiрiншi жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, соның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты, туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, білімi, отбасылық жағдайы, жұмыс орны, жұмысының түрi немесе лауазымы, тұратын жерi, сондай-ақ iстiң мән-жайы бойынша қажет болатын басқа мәлiметтер көрсетiледi. Сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу хаттамасында бұрын сотталғаны немесе сотталмағаны туралы көрсетiледi. Бұдан кейiнгi жауап алуларда жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның аты-жөнiн көрсетумен шектеуге болады.

Заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсету, хаттамаларды жариялау және тергеу iс-әрекеттерiнiң дыбыс және бейнежазбаларын, киноға түсiрiлуiн, сондай-ақ осыған байланысты жауап алынушы берген айғақтарды көрсету мiндеттi түрде хаттамада жазылуға тиiс.

Жауап алынып отырған адам тергеу iс-әрекетi барысында схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiгiлiп, хаттамада ол туралы белгi қойылады.

Еркiн баяндаудан кейiн жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынатын адам өз қолымен жазып, оған қол қойғаннан кейiн тергеушi толықтыратын және нақтылайтын сұрақтар қоя алады.

Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнiшi бойынша дауыстап оқылады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгізу туралы талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.

Айғақтармен таныстыру фактiсi және олардың дұрыс жазылғанын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда тергеушi бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзi қол қойып куәландырады.

Егер жауап алынып отырған адам тән кемiстiгiне немесе өзге себептерге байланысты хаттамаға өзi қол қоя алмайтын болса, оның өтiнiшi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.

Егер жауап алуға аудармашы қатысса, онда ол да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Ол жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.

Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адам көрсетiледi. Олардың әрқайсысы хаттамаға қол қоюға тиiс.

Тергеушi үлгiлердi алғаннан кейiн хаттама жасайды, онда үлгiлердi алу үшiн жасалған барлық әрекет олардың жүргiзiлу ретiмен, бұл үшiн қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өзi сипатталып жазылады.

Егер үлгiлердi тергеушiнiң тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алса, онда ол бұл туралы ресми құжат жасайды, оған аталған iс-әрекетке қатысқан барлық адам қол қояды және ол Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 203-бабының сегiзiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiппен қылмыстық iске қосып тiгу үшiн тергеушiге бередi.

Алынған үлгiлер буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде хаттамаға қоса тiркеледi.

Сот отырысының хаттамасы, Қымыстық іс жүргізу кодексінiң 328-бабының талаптарына сәйкес, осы бапта көзделген ерекшеліктермен жүргізіледі.

Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы міндетті түрде көрсетіледі.

Төрағалық етушінің жүгінуі сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтіні қылмыстық іс материалдарына тіркеліп, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.

Сот отырысының хаттамасында соттың іс қарауының бүкіл барысы оның өтуінің дұрыстығын куәландыратындай етіп көрсетуге тиіс.

Дәріс № 3. Сотқа дейінгі өндірісте қылмыстық іс қозғаудың іс жүргізушілік

актілер кезеңдері

1.қылмыстық іс қозғаудың негізі мен себептері

2. қылмыстық іс қозғау туралы қаулының мазмұны мен құрылымы

3. қылмыстық іс қозғаудан бас тартудың негіздері

4. қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулының мазмұны мен құрылымы

1.Қылмыстық іс қозғау қылмыстық іс жүргізудің алғашқы сатысы болып табылады. Қылмыстық іс қозғау сатысының мәні: анықтаушы, анықтау органы, тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, прокурор қылмыс белгілері бар әрекеттер туралы мәліметтер алып, қылмыстық істі бастау үшін деректік және құқықтық негіздердің бар – жоқтығын анықтап, тиісті шешім қабылдайды.

Қылмыстық iс қозғауға себептер мен негiздер:

Қылмыстық iс қозғауға мыналар себеп болады:

1) азаматтардың арыздары;

2) кiнәсiн мойындап келу;

3) мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқарып отырған адамның хабарламасы;

4) бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар;

5) лауазымды адамдардың және қылмыстық iс қозғауға құқық берiлген органдардың қылмыс туралы мәлiметтердi тiкелей анықтауы.

Қылмыстық iс қозғауға:

1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлар болмаған кезде, қылмыс белгiлерiн көрсететiн жеткiлiктi деректердiң болуы;

2) егер өтініш берілген сәттен бастап екі ай ішінде осы мерзімде жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары арқылы адамның тұрған жерін анықтау мүмкін болмаса, адамның жоғалып кетуі негiз болып табылады.

 Азаматтардың қылмыс туралы арыздары ауызша немесе жазбаша болуы мүмкiн. Жазбаша арызға оны берiп отырған адам қол қоюға тиiс.

Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде немесе сот талқылауы барысында жасалған қылмыс туралы ауызша арыз тиiсiнше тергеу iс-әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына енгiзiледi. Өзге жағдайларда жеке хаттама жасалады. Хаттама арыз берушi, оның тұратын жерi немесе жұмыс орны, сондай-ақ оның жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс. Хаттамаға арыз берушi және арызды қабылдаған лауазымды адам қол қояды.

Арыз берушiге әдейi жалған сөз жеткiзгенi үшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 351-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туралы ескертiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, ол арыз берушiнiң қол қоюымен куәландырылады.

Қылмыс туралы «домалақ арыз» қылмыстық iс қозғауға себеп бола алмайды.

 Кiнәсiн мойындап келу - адамның оған қатысты әлi күмән келтiрiлмегенде немесе аталған қылмысты жасағанына айып тағылмағанда өзi жасаған қылмысы туралы ерiктi мәлiмдеуi.

Аталған мәлiмдеменi жазбаша да және ауызша да нысанда жасауға болады және оны мәлiмдеушi қылмыстық процестi жүргiзетiн органға беруге тиiс. Ауызша мәлiмдеме хаттамаға енгiзiледi, хаттамада жасалған мәлiмдеме егжей-тегжейлi жазылады. Хаттамаға кiнәсiн мойындап келген адам және мәлiмдеменi қабылдаған лауазымды адам қол қояды.

Мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқаратын адамның қылмыс туралы хабарлауы жазбаша түрде жасалуға тиiс. Оған қылмыс туралы жасалған хабарды растайтын құжаттар мен өзге де материалдар қоса тiркеледi.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар газетте немесе журналда жарияланғанда не радио, телевидение немесе телекоммуникациялық желілер арқылы таратылғанда қылмыстық iс қозғауға себеп бола алады.

Қылмыс туралы хабарды жариялаған немесе таратқан бұқаралық ақпарат құралдарында басқару функцияларын атқаратын адамдар қылмыстық iс қозғауға құқығы бар адамның талап етуi бойынша жасалған мәлiмдеменi растайтын өз қолындағы құжаттар мен өзге де материалдарды беруге, сондай-ақ мәлiметтердi ақпарат көзiн құпия ұстау шартымен берген жағдайларды қоспағанда, сол мәлiметтердi берген адамның атын атауға мiндеттi.

Қылмыстық iстi қозғауға құқық берiлген лауазымды адамдардың және органдардың қылмыс туралы мәлiметтердi тiкелей анықтауы

Қылмыс туралы мәлiметтердi анықтау қылмыстық iстi қозғауға мынадай жағдайларда:

1) өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде анықтау органының қызметкерi, тергеушi, прокурор қылмыстың куәлары болғанда не қылмыстың iзiн немесе салдарын ол жасалғаннан кейiн бiрден байқағанда;

2) анықтау органы мен анықтаушы қылмыс туралы мәлiметтердi өз функцияларын жүзеге асыру кезiнде немесе басқа бiр қылмыс туралы iс бойынша анықтауды жүргiзу кезiнде алғанда;

3) тергеушi қылмыс туралы мәлiметтердi басқа қылмыс туралы қылмыстық iс бойынша тергеу кезiнде алғанда;

4) прокурор қылмыс туралы мәлiметтердi заңдардың орындалуына қадағалау жасаған кезде алғанда себеп болады.

Қылмыс туралы арыздар мен хабарларды қабылдау мен қараудың мiндеттілігi

Қылмыстық iзге түсу органы кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдауға, тiркеуге және қарауға мiндеттi. Арыз берушiге арызды немесе хабарды қабылдаған адамды, оны тiркеген уақыт пен арыз немесе хабар бойынша шешiм қабылдануға тиiстi уақытты көрсете отырып, қылмыс туралы қабылданған арыздың немесе хабардың тiркелгенi туралы құжат берiледi.

Қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдаудан негiзсiз бас тартуға прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады.

Сотқа түскен қылмыс туралы арыз немесе хабар, жеке айып тағу iсiн қозғау жағдайларын қоспағанда, прокурорға жiберiледi, бұл туралы арыз берушiге хабарланады.

Сот қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк iстi талқылау кезiнде қылмыс белгiлерiн байқағанда ол туралы жеке қаулы арқылы прокурорға хабарлауға мiндеттi.

Қылмыс туралы арыз немесе хабар бойынша шешiм ол түскен күннен бастап үш тәуліктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс. Қажет болған жағдайда қосымша мәлiметтер алу, құжаттарды немесе өзге материалдарды талап етіп алу, тексеріп қарауды, іс үшін маңызы бар нәрселерді немесе құжаттарды алуды, сараптаманы жүргiзу үшiн бұл мерзiмдi анықтау органының бастығы, тергеу бөлiмiнiң бастығы он тәулiкке дейiн, ал ерекше жағдайларда - екі айға дейiн ұзарта алады, бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға хабарлануға тиiс.

Қылмыс туралы арызды немесе хабарды алған әрбiр жағдайда немесе қылмыс тiкелей анықталғанда анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi немесе прокурор мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

1) қылмыстық iс қозғау туралы;

2) қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы;

3) арызды, хабарды тергеу ретiмен, ал жеке айып тағу iстерi бойынша - сот ретiмен беру туралы.



4) сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізуді қылмыстық іс жүргізу кодекстің 23-1-тарауында көзделген тәртіппен жүзеге асыру туралы.

Қабылданған шешiм туралы арыз берушiге хабарланады және сонымен бiр уақытта оған шешiмге шағым беру құқығы түсiндiрiледi.

Арыз немесе хабар тергеу немесе соттау ретiмен жiберiлген жағдайда анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi, прокурор қылмысты болдырмау немесе бұлтартпау, сонымен қатар қылмыс iзiн бекіту шараларын қолдануға мiндеттi.

2.ҚР-ның қылмыстық іс жүргізу кодекстің 23-1-тарауында белгіленген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық іс жүргізу кодексінiң 177-бабында көрсетiлген себеп пен негiз болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi, прокурор қылмыстық iс қозғау туралы қаулы шығарады.

Қаулыда: оның шығарылған уақыты мен орны, оны кiм жасағаны, iс қозғаудың себептерi мен негiздерi, ол кiмге қатысты немесе қандай факт бойынша қозғалып отырғаны, белгiлер бойынша iс қозғалып отырған қылмыстық заңның бабы, сондай-ақ iстiң бұдан былайғы бағыты көрсетiледi. Қылмыстық iс қозғау туралы қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жiберiледi. Қабылданған шешiм туралы арыз берушiге және өзiне қатысты iс қозғалып отырған адамға оған қылмыстық iзге түсудiң басталуына байланысты құқықтар мен мiндеттердi түсiндiре отырып, хабарланады.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінiң 177-бабының екінші бөлігінің 2) тармағында көзделген тәртіппен қозғалған қылмыстық іс қозғау туралы қаулыда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабы көрсетілмейді.

Егер қылмыс жасаудан зардап шеккен адам белгiлi болса, қылмыстық iс қозғаумен бiр уақытта ол жәбiрленушi деп танылады, ал егер қылмыс жасалғаны туралы хабармен бiрге азаматтық талап қойылса, онда бұл адам сонымен қатар азаматтық талапкер деп танылады.

3. Қылмыстық iс қозғаудан бас тарту

Қылмыстық iс қозғауға негiздер болмаған кезде қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

Қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға және арыз берушiге жiберiледi. Бұл ретте арыз берушiге құқықтары мен қаулыға шағымдану тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.

Тергеушiнiң, анықтаушының қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысына тиiсiнше тергеу бөлiмiнiң бастығына, анықтау органының бастығына, сондай-ақ прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады. Соттың жеке айыптау туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы қаулысына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады.

Егер келiп түскен арызда (хабарда) азаматтардың саяси, еңбек, тұрғын үй, отбасы және өзге де құқықтарын бұзушылық, сондай-ақ азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қорғалатын ұйымдардың заңды мүдделерiн бұзушылық байқалса, онда қылмыстық iс қозғаудан бас тартумен бiр уақытта мүдделi адамдарға құқықтары және бұзылған құқықтар мен мүдделердi қалпына келтiру үшiн азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен сотқа жүгiну тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.

Қылмыстық iс қозғауға құқық берiлген лауазымды адам немесе орган қылмыс туралы арызды немесе хабарды қылмыстық iс қозғамай, тергелуi бойынша тек мынадай:

1) қылмыс бұл ауданнан тысқары жерде жасалып және қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн қылмыс жасалған жерде тексеру iс-әрекетiн жасау қажет болған;

2) қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн ол тергеуiне жатқызылған орган ғана жүргiзе алатын тексеру iс-әрекеттерiн жасау қажет болған жағдайларда ғана беруге құқылы.

Арыздың немесе хабардың қылмыстық iс қозғамай, тергелуi бойынша берiлгенi туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурор хабардар етiлуге тиiс.

Қылмыстық iс қозғамай сотталуы бойынша беруге жәбiрленушiлердiң жеке айыптау тәртібімен iзге түсетiн қылмыстары туралы шағымдары ғана жатады.

Қылмыстық iс қозғалғаннан кейiн:

1) прокурор iстi алдын ала тергеу немесе анықтау жүргiзуi үшiн тергеушiге немесе анықтау органына жiбередi;

2) тергеушi алдын-ала тергеу жүргiзуге кiрiседi;

3) алдын-ала тергеу жүргiзу мiндеттi болып табылатын iстер бойынша анықтау органы шұғыл тергеу iс-әрекеттерiн орындағаннан кейiн iстi алдын-ала тергеу iсiн жүргiзуге жiбередi; қылмыстық іс жүргізу кодексінiң 285-бабында аталған қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау жүргiзедi.

Сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу кезіндегі қылмыстық қудалау органының іс-әрекеті қылмыстық іс жүргізу кодексінiң 23-1-тарауымен реттеледі.

 Қылмыстық iс қозғаудың заңды болуын қадағалай отырып, прокурор:

1) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғау туралы қаулысының күшiн жоюға және қылмыстық iс қозғаудан бас тартуға немесе материалдарды қосымша тексepy үшiн iс жүргiзуге жiберуге;

2) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысының күшiн жоюға және қылмыстық iс қозғауға;



3) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғау туралы қаулысының күшiн жоюға және егер қылмыстық iс бойынша тергеу iс-әрекеттерi жасалған болса, оны тоқтатуға құқылы.

 

Дәріс № 4. Алдын ала тергеу мен анықтаудыңдың іс жүргізушілік құжаттары


  1   2   3


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет