Дәріс мәтіндері дәріс №1 ХІХ ғасырдағы тарихи әлеуметтік жағдай және қазақ Әдебиеті



бет19/28
Дата01.03.2024
өлшемі0.58 Mb.
#493872
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   28
дарис

Абайдың қара сөздері
Абайдың толық жинағында 1890жыл мен 1898жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары – «қара сөздер» деп аталады. Жалпы саны қырық алты бөлек шағарма. Оның алты-жеті үлгісі қысқа келеді. Бұл қатарға қосылатындар Он алтыншы, Он тоғызыншы, Жиырмасыншы, Жиырма төртінші, Отыз бірінші, Қырық бесінші сөздері.Жалпы қара сөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгеше тұратын – Қырық алтыншы сөз. Ол тарихтық мақала- очерк тәрізді. Қазақ халқының қайдан шыққандығына арналған дәлелді, деректі қысқа зерттеу сияқты.
Жиыны барлық қара сөз, біздің аңғаруымыз бойынша, он-он бір тақырыпқа бөлінеді. Кейбір тақырыптар бір топ сөздердің көлемінде қайталап, әр алуан жаңа мысқыл, теңеулермен, дәлелдермен молайғаны болмаса, ой жағынан бір алуандас болады. Ал кей тақырып, бір-бір қара сөзде айтылумен тоқтап отырады. Мыс., Бірінші қара сөзінде Абай жазуға қалай кіріскені туралы сөйлейді. Бұнда өмірбаяндық дерек бар және өзінің жалпы шығармашылық еңбегіне ойлы түсінік береді. Бірақ кейін осы тақырыпқа өзге қара сөздерде оралмайды.
Екінші сөзінде – халықтарды салыстырады. Қазақ, ноғай(татар), сарт (өзбек), орыс сияқты елдерді оқушысы қазақ жұртшылығына әділетті достық көңілмен ұғындырып береді. Әңгімені жай бір тыңдаушылар тобында отырғандай, жеңіл әзіл тәрізді бастап, өз халқының дәлелсіз үстірт өзімшілдігін мысқыл ете келеді. Содан барып шын сыншыл ойларына ауысады. Еңбек сүйген ел атаулының бәрі де қазақтай еңбексіздікке мол салынған және сол еңбекті өнеркәсіпте, күндегі тірлікте көрші елдің бәрінен кейін қалып отырған халқына үлгі берерлік, артық елдер болып бағаланады.
Тақырып жағынан алғанда, Үшінші сөз де өзінше бөлек бір алуан. Бұнда қазақ сахарасын билейтін әкімдер, тергеуші билер, соттар туралы сөйлейді. Сол күндегі ел тірлігінің қайшылық, ауыртпалықтарын молайтып отырған патшалық өкімет туралы да ой қозғайды. Болыс атаулының елге сор болатын тынымсыз сойқанды мінездерін әшкерелейді. «Уақытша себі бола ма» деп бірер ұсыныстар айтады. Сол ретте ендігі болыс орысша оқуы бар адамнан болса екен дейді. Және тергеу мен үкім шығаратын қазақтың биі, сот туралы пікір айтады. Ел ішіндегі дау оңай шешілу үшін, әділетпен аяқталу үшін патшалық өкімет сайлаумен қойып жүрген билер болмаса екен дейді. Оның орнына третей билікті ұсынады. Абайдың осы пікірі Герценнің «Былое и думасында» жазылған соттар турасындағы пікіріне өте дәл келеді. Герцен Россиядағы параны құрту үшін халықтың көз алдында әшкере тергеу болатын болсын және третей соты қайтадан заңға кірсін деген.
Абайдың ойында билік, тергеу халықтың қамына жақын болсын. Жұртшылыққа залалды жаманшылық атаулы орынды жазасын алатын болсын деген қамқорлық талап бар. Бұл қарасөз Абайдың өз тұсындағы күнделікті өмір шындығына қолма-қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді.
Төртінші сөздің де тақырыбы өзінше бір бөлек шығарма. Бұл өсиетте бұрынғы өлең сөзінде көп айтқан бір тақырыпты қозғайды. Онысы – күлкі туралы ойлаған ойы, сыны.
Бесінші сөз – қазақтың кейбір мақалдарын сынайды. Мұнда халық санасының өзіндегі надандық, қараңғылықтың салдарынан туатын мінді мінез, кемшін ой, айыпты әрекеттерді шеней өтеді.
Осы жоғарыда аталған бес сөзінде бес бөлек тақырып болса, келесі Алтыншы сөзден бастап белгілі ой мен сындардың, өсиет пен үгіттің арнаулы тақырыптары бірталай сөздерде қайталап отыратынын көреміз. Мыс., Алтыншы, Сегізінші, Тоғызыншы, Оныншы, Он төртінші, Жиырма үшінші, Жиырма алтыншы, Жиырма тоғызыншы, Отыз үшінші, Отыз тоғызыншы, Қырқыншы, Қырық бірінші, Қырық екінші және Қырық үшінші сөз сияқты үлкен бір топ сөздерінде Абай ел мінезін көптен-көп сөз етеді. Бұнда бірлік жөнінде, ол ақылды болыс-би сияқты ел әкімдерінің «пара алмайтыны» жөнінде кекету - әжуа айтылады(Алтыншы, Сегізінші сөздерде). Және де осы топта ол туралы толғанған ойдың ызалы ащы күйін уланған оймен көрсететін сөз бар (Тоғызыншы сөз).
Осы қатарда мінез жайын айта келіп, өтірік, батырсынған бояма мінезді сынау, адамдықты үгіттеу Он төртінші сөзде көрінеді. Ел мінезін сынайтын сыншыл-реалист жазушы кейде бұрынғы өлеңінде қолданатын қатты сатираны да өзіне үлгі етеді. Қуаныш пен жұбаныш жайын аса ащы сатирамен Жиырма үшінші сөзде, Жиырма алтыншы сөзде айқын көрсетеді.
Жиырма төртінші сөзінде тағы да мақалды шенеу арқылы ел мінезіне үлкен сыншылдық жасайды. Және де кәсіп, еңбек иесі адамды бұзып, аздыратын салтты Отыз үшінші сөзде баяндайды. Осыдан соңғы бір топ толғаулар қазақтың бұрынғы өткен адамдарының мінезін сөз етеді. Халықтың даналық мақалдарын елдің қасиеті есебінде ақынның қадірлейтінін көреміз (Отыз тоғызыншы сөз). Ел мінезіне арналған сөздердің Қырқыншысы – тыңдаушысымен көзбе-көз әңгімелесу үстінде туғандай. Жазушы көп сұрақтар бере отырып, қазақ қауымындағы адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты қатты сынай сөйлейді. Және де ел мінезіне арналған Қырық бірінші сөзде Абайдың көп өсиет-сын өлеңдерімен ұштасатын жайттар қайта қозғалады. Елді тағылым-тәрбие түзер еді, ол жоқ деген арманды ой туады. Халық басындағы, қоғам ішіндегі ауыртпалық күйдің бәрін теріп көрсететін осыған тән сөздердің бір алуаны (Қырық екінші сөз) жұмыссыздыққа арналады еңбексіз жатып ішу қолы ұдайы бос болу жеке адамның басындағы және бар кауымдағы кеселдің үлкен себепшісі деген аса сыншыл, дұрыс ойлар айтылады. Осы бір топ сөздердің ең соңғысы Қырық үшінші сөз – алғашқы жолдарында Абай санасындағы дуализмді көрсеткенмен педагогик., психол., үлкен жүйрік ойды танытады. Қара сөздер ішіндегі көлемі үлкен, кенеуі мол сөздің бірі де осы деуге болады.
Енді бір бөлек тақырып боп, Жетінші сөз оқшаулау көрінеді. Ол – жас баланың психологиясын еске алып талдаған сөз. Балдағы білуге ұмтылу жақсы қасиет екенін атаумен бірге, үлкеннің надандығы сол жақсы баланы жаман тәрбиемен қорлап бұзғанын білдіреді.
Өзге қара сөздерден және де өз тақырыбымен оқшауырақ тұратын Он бірінші сөз – ұлық турасынан басталып, ұлықтарға қарсы, оларды қатты әшкерелеген сыншының ойын танытады. Халықтың, көпшіліктің өкілі болып отырған азамат жазушы жаңағыдай ұлықтар кесірінен бейнет шегетін ел ұшін ширығып, ызалы турашылдық сөздерін сөйлейді.
Бұл тексерілгендерден бөлек қара сөздердің ішінде тағы бір қайталай түсетін тақырып – дін менен мораль, тәрбие жайларын қозғайды. Олар: Он екінші, Он үшінші, Жиырма жетінші, Отыз бесінші, Отыз алтыншы, Отыз сегізінші және Қырық бесінші сөздерде.
Осы сөздердің кейбірінде Абай құдаға құлшылық етудің мәнін айтып, иман жайын сөз етеді(Он екінші, Он үшінші сөздер). Бірақ сол мұсылманшылдықтың анық діндік үгітін айта отырып, Абайдың өз оқушысына жеткізбегі – адамгершілік өсиеттер болады. Сол адамгершілік қасиетті адам өзінің жаратылыс сырымен қоса бағалап, түсінсін деп ойлайды. Сондай түсінік адамды адамгершілік биік сатыға көтереді дейді. Осы ойына тіреп, дерек етіп (Жиырма жетінші сөзінде) әдейі ұстаздық, тәрбиешілік ниетпен Сократ сөзін береді.
Отыз бесінші, Отыз алтыншы сөздерде Абай қазақтың дін жолының өзіндегі өрескел мінді мінездерін шенейді. Пайғамбар өсиетін айта отырса да, сыншыл ақылдың талаптарын Абай айқын атап отырады. Осы топта көлемі мен мазмұны бойынша ең үлкен орын алатын Отыз сегізінші сөз – Ғақлиат – тасдиқат. Бұнда Абай аят, хадистерден цитаталар келтіріп сөйлейді. Жазу тілінің, басқа қара сөздердегі анық қазақтың түрін өзгертіп, кітапшалап (түрікше) тың үлгі, стиль іздейді. Сыртқы стильдегі, тілдегі өзгешеліктер бұл сөздегі діндік мазмұнменен нық байланысты. Осы кезде Абай өзінің дінін түп наным жағынан да, моральдық қасиеттер турасынан да және адамгершілік тәрбие мақсатымен де анықтап, таныта түспек болады.
Он бесінші, Он жетінші, Он сегізінші, Жиырма бірінші, Жиырма екінші, Жиырма сегізінші, Отызыншы, Отыз екінші, Отыз төртінші және Қырық төртінші сөздерде әр алуан түрде қайталап келіп отыратын бір тектес тақырыптар бар. Сол ортақ тақырыптар адамның адамдық қасиеттерін тереді. Үлкен адамгершілік, ақтық, тазалық, азаматтық жөніндегі тәрбиелік ойлар айтылады.
Он бесінші сөзде мораль мәселесін мінез белгілерімен байланыстыра отырып, әрбір жақсы адам боламын деген кісіге өз-өзіне есеп беру қажет екенін айтады.
Он жетінші сөзде Абайдың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың, ұстаздардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді. Ол – толық сапалы адам болудың шарты жайындағы ойлар. Адам жан-жақты, асыл қасиетті болу үшін оның бойындағы қайрат, ақыл, жүрек үшеуі бірдей болып, тең табыссын деген талап қояды.
Он сегізінші сөзінде және де қысқа қайырып, адамды адам етіп өсіретін, ұлғайтатын ақыл, ғылым, ар, мінез деген ой түйеді.
Қорыта келгенде, Абайдың қара сөздері – оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына дейміз. Қара сөздердің бағасы – Абай заманындағы жағдайды, тарихтық шындықты өз қалпында бұлжытпай толық танытып береді. Екінші – Абайдың адамгершілік жөніндегі моральдық өсиеттерін алсақ, олардың ішінде біздің заманға да бағасы зор шындықтары, тәрбиелік ойлары аз емес. Бұл жағы айрықша таратып, талдауды қажет етпейтін түсінікті жайлар.
Ал, осы аталғандардан басқа Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін әр заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына бар. Ол – Абайдың осы қара сөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қара сөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет