Әдебиеттануға кіріспе және әдебиет теориясы


Талдауға арналған өлеңдер



Pdf көрінісі
бет52/54
Дата12.01.2024
өлшемі1.55 Mb.
#488982
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54
2022 tasmagambetova z zh debiettanu a k r spe zh ne debiet teoriyasy ump

Талдауға арналған өлеңдер 
Абай Құнанбаев 
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, 
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. 
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, 
Ой желке, үңірейген болса сағақ. 
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, 
Қабырғалы, жотасы болса күшті. 
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, 
Тояттаған бүркіттей салқы төсті. 
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ, 
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ. 
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік, 
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ. 
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы, 
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы. 
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп, 
Көтендігі сығыңқы, аламайлы. 
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті, 
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті. 
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп, 
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті. 
Шідерлігі жуандау, бота тірсек, 
Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек. 
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап, 
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек. 
Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем, 
Иек қағып, еліріп басса әсем. 
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас, 
Разы емен осындай ат мінбесем. 
Аяңы тымақты алшы кигізгендей, 
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей. 
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, 
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей. 
 
 


94 
Балалық өлді, білдің бе? 
Жігіттікке келдің бе? 
Жігіттік өтті, көрдің бе? 
Кәрілікке көндің бе? 
Кім біледі, сен кәпір, 
Баяндыдан сөндің бе, 
Баянсызға төндің бе? 
Әлде, айналып, кім білер, 
Боталы түйе секілді, 
Қорадан шықпай өлдің бе? 
Мұқағали Мақатаев 
Ей, бауырым! 
Көтерсеңші, көтерсеңші басыңды. 
Алатаудың асқарына күннің нұры шашылды. 
Қыз-тіршілік, міне тағы мойыныңа асылды, 
Асылды да саусағымен сипағандай шашыңды. 
Көтер басты, 
Тұр орныңнан! 
Терезеге қарашы. 
Неткен тұнық, неткен қымбат жер мен көктің арасы 
Неткен жақын бұл ғаламда адамзаттың баласы! 
Бауырым-ay, жи күшіңді, терезеге қарашы. 
Жата берме ауыр дертке, ауыр дертке бас ұрып, 
...Әне біреу бара жатыр жұмысына асығып. 
Автобустан қалып қойған және біреу, ашынып, 
Әттең, әттең, айналайын көңлі қалды-ау басылып... 
Қарашы, әне, аңдап басып, барады етіп қарт адам, 
Ажары да, назары да, базары да тарқаған. 
Қарт адамға қарсы келіп, сәлем берсе қарт Ана, 
Ұзын-сонар бірдеңені айтып жатыр қарт оған. 
Мына жолмен уайымсыз әлі талай өтерсің, 
Шыға алмаған асуыңа, аман болсаң жетерсің. 
Ей, Бауырым! 
Ей, Бауырым, басыңды бір көтерші, 
Мынау қызық дүниені қалай қиып кетерсің... 
 
 


95 
Қадыр Мырза Әли 
Адам жаны өрілмеген таспадан. 
Адам – адам. 
Ұға ма оны тас надан. 
Он баласы бар ананы бүгінде 
Он есе сыйлау керек басқадан! 
Қызыл шақа сәби үшін егесте 
Көрместі де көрдіңіз-ay, 
Көбі есте. 
Бір он жылға қартайтқанмен, 
Әрқайсысы 
Он-он жылдан жасартты да емес пе? 
Білмесек те дүниенің қысымын, 
Шотқа қағып табысы мен түсімін, 
Жайалықтан қашқан жандар бір кезде 
Жүр қазір де ермек қылып мысығын! 
Бесіктегі немерені «Күнім!» деп, 
Отырсаңыз сіз теректің түбінде, 
Қиынанан қашқан жандар сәбидің 
Ит жетектеп қыдырады бүгінде! 
Арасында ошақ пенен бесіктің 
Айдай кездер өтіпті, pac, есіттім. 
Саны қанша енді міне, 
Сізді күтіп сағынатын есіктің. 
Болашақты білмейді екен еш біліп, 
Бар ғұмырын өткізем деп хош қылып. 
Бөбек үшін қимағандар кештерін 
Баспанаға сыймайды енді кешкілік! 
Жортқанменен қалмайды ғой із құмда, 
Жүрмеген соң ұлың онда, қыз мұнда. 
Қалтасында жүз мың қалмақ біреудің, 
Бір мұрагер жоқ бірақ сол жүз мыңға! 
Бесік жыры ашады адам мінезін, 
Бесік жыры – ең сүйікті әуезім. 
Он балаға ана болған адамға 
Он бірінші бала болам мен өзім!


96 
Қалқаман Сарин 
Қош айтысқан күндер мен алыс кеткен айлардың, 
Қайғысына оралып, қазығына байландым. 
Бағым ауып басымнан, тәтті ойымнан тоналып, 
Жапырағын жел жұтқан күзгі баққа айналдым. 
Ашық аспан астында арманымнан адасып, 
Жалғыздыққа жұп болдым жалғыз өзім жарасып. 
Кірпік ілмей түнімен қос жанарым жасаурап, 
Жұбататын жанымды жан іздейді қарашық. 
Қарашыққа тұнып тұр, тағдыр сыйы тамшы – мұң, 
Көрсем шерім тарқайды тамылжыған таң шығын. 
Сағым белден сал самал сімірер ме ем, шіркін-ай! 
Қала мынау... қажытқан қалың ойдан қаңсыдым. 
Бар болмысты билейді, қамап алып ой – түрме , 
Қашып кеткім келеді бәрін тастап кей түнде. 
Қайдам, бірақ қарақшы қара түнге тоналып, 
Қайта оралып келемін сол күйзелген кейпімде. 
Содан кейін отырам, өлең жазып ең соңғы, 
Ең соңғы өлең – қайғылы, ең соңғы өлең – ең шерлі. 
Бара жатыр ескі мұң езіп, жаншып еңсемді, 
...Қарлығашым, қайдасың, қамықтырмай келші енді?!. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет