Хабаршы вестник халықаралық Қатынастар және халықаралық ҚҰҚЫҚ сериясы



бет12/16
Дата27.02.2016
өлшемі1.63 Mb.
#28023
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Раздел 5


МАТЕРИАЛЫ МЕЖДУНАРОДНОЙ

НАУЧНОЙ КОНФЕРЕНЦИИ

«ИРАНСКАЯ РЕВОЛЮЦИЯ 1979 ГОДА

И ПРОБЛЕМЫ РЕГИОНАЛЬНОЙ БЕЗОПАСНОСТИ,

3 апреля 2009 года»

К.Қ. Қожахметов
ИРАН ЖӘНЕ АЙМАҚТАҒЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Ядролық қауіпсіздік жарты ғасырдан астам уақыт бойы әлем назарында ең күрделі, ең қатерлі мәселе болуда. Көп жылдар оның шешімін іздестіруге әлем жұртшылығы қатысып келген. «Қырғи қабақ» соғыс кезіндегі бәсекелестікте бес алып мемлекеттің қолында бүкіл адамзатты жоюға шамалы қару қорлары шоғырланған. Тек ядролық сынақтардың өзі өмірге шексіз қауіп төндіргені белгілі. Әлемде 2025 сынақ жүргізілген қазақ халқындай азап шеккен бірде-бір халық болмағанын атасақ артық болмас. Аты шулы Семей полигонында 500-ге жуық атом, сутегі бомбалары сыналып, олардың саны барлық сынақтардың ¼-ін құраған, ал қауқары жағынан Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түскенін Ресей ресми мәліметтері жобалайды [1]. КСРО-ның ядролық зобалаңынан 1 млн. қазақ халқы шейіт болып, осы күндері 0,5 млн адам неше түрлі ауру-сырқатқа шалдығуда. Туылған сәбилер арасында адам көрмеген, естімеген, ойламаған хайуан сияқтылары да кездесуде. Сондықтан ядролық мәселе көтерілгенде Қазақстан жұрты неғұрлым жағдайда тұра алмайды. Ол қаруды жоюға біздің ел 1992 жылы қолындағы 1150 ядролық оқ тұмсықтан бас тартып, өзін ядролық қарусыз мемлекет деп жариялауы да әлемді толғатқан. Өйткені сол күш біздің елді дүние жүзіндегі 4-ші орынға шығарған болатын. Ал кейінгі он жылда Иран елінің ядролық бағдарламасы халықаралық сахнада дау туғызып, аймақтағы тыныштыққа өз әсерін тигізуде. Ол туралы, әсіресе АҚШ және Израиль тарапы дүркін-дүркін Иранды бомбалау керектігін «дәлелдеп» келді. Олар жақын арада Иран атом қаруын игеріп, басқа елдерге қарсы қолданудан тайынбайды-мыс деген мәліметтерді таратып, Орталық Азия, Парсы шығанағындағы елдерді шошындырды. Дж. Буш бастаған Вашингтон әкімшілігі кейінгі 4-5 жыл ішінде неше рет осы мәселені БҰҰ ҚК талқыға салғызып, 3 қарар қабылдатқызған. Иранның Бушердегі атом электр станциясын салғызуын, оған жарамды уранды байытуға арналған жабдықтарды іске қосуын атом қаруын жасауға бағытталған жоспар деп Тегеранды кінәлаған. Иранға Халықаралық атом қуатына қатысты агенттігінің (МАГАТЭ) өкілдерін жібергізіп, бақылау шараларын да жүргізген. Олар көптеген орталықтарды тексеріп, қазіргі кезде ядролық қару жасауға кіріспегені, керек болса шамасыздығы да ескерілмеген. Ол туралы МАГАТЭ басындағы М. Бараден бірнеше рет мәлімдеген. 2008 жылы 15 қыркүйектегі баяндамасында осы Агенттік Ирандағы ядролық заттар есептеулі және әскери бағытта пайдаланбағандығын жария еткен болатын [2].

Иран болса ядролық ізденістерді 40 жылдан астам бұрын бастаған еді. 1950 жылдары ол бағытта АҚШ, КСРО, Ұлыбритания, Франция сияқты елдер өздеріне дос болғандарға осы салада зерттеу жүргізуге көмектескен. КСРО-ның ынтымақтасуымен ядролық реакторлар Қытайда, Солтүстік Кореяда, басқа социалистік және дамушы мемлекеттерде салынған. Дубно қаласында олардың мамандары даярланған.

1957 ж. Иран үкіметімен АҚШ ядролық қуатты бейбіт мақсаттарда қолдану туралы келісімшарт жасасқан болатын. Содан кейін Америкадан Иранға қажетті ядролық жабдықтар жеткізіліп, оларды игеретін мамандар жіберілген. Иран жастары мен ғалымдары АҚШ-тың оқу орындарында, арнайы зерттеу орталықтарында тәжірибе алуға мүмкіндігі болды. Он жыл өткенде батыс елдерінің көмегімен (оған АҚШ жағынан берген жәрдем басым болғаны мәлім) Тегеран университетінің физика факультетіндегі ғылыми-зерттеу орталығында шағын қуатты (5 Мвт) реактор іске қосылған. Ол әр жылы 600 г плутоний игеруге шамалы еді. Алғашқы кезде оған жарамды шикізатты Аргентина жіберіп тұрған. Бұл іс-шаралар МАГАТЭ бақылауында болып, заңды түрде жүргізіліп жатты.

Иран 1968 ж. өмірге келген ядролық қаруды таратпау шартын қолдап, мәжілісте ратификация-лады. 1974 ж. мамырда Иранның ядролық зерттеулері бейбіт бағытта болуын мойындай, МАГАТЭ кепілдік келісімге қол қойды. Иран атом электр станцияларын (АЭС) салу арқылы ядролық қуатын пайдалануды ойластырған. Алғашқы кезекте Батыс Германия, Франция, сондай-ақ АҚШ фирмалары оған атсалысқан. АЭС жұмыс істеу үшін байытылған уран қажет, елде оны өңдеу де қарастырылған. Алғашқы бағдарлама бойынша Иранда 20-дан астам энергоблок салу көзделген. Үкімет тұсында атом қуаты бойынша арнайы орган құрылып, оған уран қорларын іздестіру, ядролық отын өндіру мәселелерін жүктеген. АҚШ бастаған бір топ Батыс елдерінің компаниялары Бушерде және Азвазда екі-екіден төрт энергоблок құруға кірісіп, оларды 1980-1981 жж. және 1983-1984 жж. аяқтауды жоспарлаған. Аталған құрылыстар қыза түскенде Иран халқы сатқын шаһ билігін құлатып, елде жаңа тәртіп орнатты. Ұлттық мүддені алға тартқан күштер өкіметті қолға алды. Оның саясаты АҚШ-қа мүлдем ұнамады. Батыс елдері Иранмен ынтымақтастығын үзуге кірісті. Шеттен келген мамандар кетіп қалды. Бушер түбіндегі бірінші энергоблоктың дайындығы - 90%, онда орнатылған жабдық көлемі - 60%, ал екіншісі 40-75%-ға дейін дайын болған еді. Олар аяқтаусыз қалды. Ал 1980 ж. күзде Ирак Иранға қарсы соғыс ашып, ядролық кешендерді бомбалай тастады. Сегіз жылға соғыс кезінде Иран басшылығы қазіргі кездегі қару-жараққа ие болуды өзекті мәселе ретінде қарастыруға барған. Содан бері зымырандарды игеруге қол жеткізді. Аймақтағы Израиль 1970 жылдары, Үндістан мен Пәкістан 1990 жж. атом бомбаларын иеленгені бұл елге өз әсерін тигізбей қоймаған, әрине Парсы шығанағында орныққан АҚШ әскери базалары мен жүздеген мың әскери бөлімшелері де Иранды сескендіріп тұрғаны белгілі. Бұл жағдай 1991 ж. Ирактық Кувейтке қарсы шабуылынан кейін одан әрі қарай шиеленісіп кеткен. Батыс елдері Иракты тырп еткізбей ұстап, анда-санда оны жазалап тұруы бүкіл Таяу және Орта Шығысты үрейлендірді.

Соғыс біткенше ядролық бағдарлама қолға алынбаған. Тек 1990 жылдары Иран КСРО-мен, Солтүстік Кореямен, Қытаймен, Үндістанмен, т.б елдермен келіссөздер жүргізіп, ядролық құрылыс-тарды қайта жандандыруға кіріскен. Әрине, ол оңайлыққа түскен жоқ. Бірақ бос қалған нарыққа қызығушылық білдіргендер де табылған. Сонда да неше түрлі тосқауылдарды реттеу үшін бірнеше жылдар өткен еді. Тек 1990 жылдардың аяғында Иран-Ресей арнайы келісіміне барып, құрылысты жалғастыру істері ұйымдастырылды. 2008 жылдың аяғында Бушердегі атом станциясын құру жұмыс-тары аяқталып, енді уран отынын орналастыру шаралары қарастырылуда. Қазірше уран твелдерімен Ресей қамтамасыз ету белгіленген. Оның қалдықтарын Ресейге қайтару да шешілген. Өйткені солардан плутоний жинақталып, ядролық қару жасауға жарамды болады.

Осы істерді Халықаралық атом қуатына қатысты агенттік толық бақылауы қажет. Екінші мәселе Иран үкіметі келешекте өз тарапынан уранды байытып, атом станциясы өзі қамтамасыз етуі ойластырылуда. Соған орай Исфахан және басқа қалаларда арнайы орталықтар іске қосылуда, әрине зерттеу институттары да қызмет атқаруда. Бір сөзбен айтқанда, Иран бұл салаға қатысты істерді толық өз қолында ұстауды қалайды. Оған Батыс елдері қарсы. Ресей де күдікпен қарайды.

Келешекте Иран тағы да бірнеше атом станциясын салуға ниет білдіруде. Оларды салу, уран отынымен жабдықтау өте көп пайда беретіні белгілі және ол саланы игеріп алу саяси-әскери қауіпсіздікке тікелей қатысы бар. Иран әрекеттері жалпы бейбіт істер, оған әр егемен мемлекет құқылы. Жақында Иран президенті М. Ахмединежад Астанаға ресми сапар жасағанда осы мәселені қарастырған. Екіжақты келіссөздер кезінде Қазақстан президенті Н. Назарбаев «Иран басқа елдер сияқты бейбіт атом қуатына толық құқықты» дегені көпшілік арасында қолдау тапты [3]. Бірақ АҚШ, Израиль, кейбір Парсы шығанағы мемлекеттері қарсылық көрсетуде. Олар Ирандағы билік халықаралық лаңкестікті қолдауда-мыс, Израильді мойындамауда, тіпті еврей мемлекетін құртуға бел байлаған деп кінә тағуда. Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Али Ларижанн америкалық журналиске берген жауабында өз елінің Палестинадағы «ХАМАСты», Ливандағы «ХИЗБАЛЛАҺты» жақтайтынын дәлелдеді. Керек болса қаржылай көмектесуін мойындады. Олар ұлт-азаттық күрес жүргізуші ұйымдар, лаңкестік топтар емес. Тек Иранда олардың әскери лагерлері жоқ, Иран азаматтары аталған ұйым қатарында кездеспейтінін атай өтті [4].

Батыс баспасөздері ХАМАСшылар Израильді Иранда жасалған зымырандармен атқылауда деп жазады. Ал Ливанда ХИЗБАЛЛАҺ жауынгерлері, Ауғанстандағы талибандар, Сомалидегі лаңкесшілер Ресей автоматтарымен, зымырандарымен қаруланғанын алға тартпайды. АҚШ-та, Ресейде шығарылған қару-жарақтар әлемде таратылуда емес пе? Жыл сайын осы екі алып мемлекет сан алуан әскери техника мен қару-жарақ, оқ-дәрі сатып, әрқайсысы оннан астам миллиард доллар табыс табады ғой. Ол саудаға Қытай, Ұлыбритания, Франция, Израиль, т.б. елдер кеңінен қатысып келеді. Қазіргі кездегі қаптаған аймақтық жанжалдар баяғы найза, қылыш, шоқпар емес, осы заманға сәйкес қарулармен жүргізілуде. Сондықтан қаруларды экспорттауға тыйым салған жөн болар еді.

Ең қызығы, жақында ғана АҚШ барлаушы органдарының басшылары ресми түрде Иранда ядролық қару жасау бағдарламасы жоқ екенін жариялады. Демек, Дж. Буш кезіндегі саяси бағыттың негізсіздігін мойындады. Осыдан кейін Барак Обама әкімшілігі жаңа қорытындылар жасауы мүмкін. Бірақ Израиль бас штабының бастығы генерал Габи Ашкенази Иранның ядролық орталықтарын жоюға даяр болуға әскери күштерді бағыттауда [5]. Еврей мемлекеті 1981 ж. Бағдад түбіндегі ирақтық ядролық объектілерін, 2007 ж. Сирияның құпия әскери кәсіпорындарын ұшақтармен қиратқаны белгілі. Араб елдері ол заңсыз қылмыстық әрекеттерге тойтарыс беруге шамасы келмеді, ал мұндай жағдайда Иран жағы қарап жатпас. Иран әскери қауқары қазір күшейген. Жақында ол ғарышқа «Үміт» атты жасанды серік жіберуі де соғыс құмарларды ойландыруы керек. Демек, ол ел баллистикалық зымырандарды игеріп алғандығын көрсетеді ғой. Онымен Израиль ғана емес, алыстағы жаулар да соққы жейтінін ескеруі қажет. Сондықтан да АҚШ, Франция, т.б елдерде Иранның ғарышқа шығуынан күдіктеніп, әшкерелеген болды [6].

Иран атом қауқарын бейбіт істерге пайдалануына соншама дуылдатып жүрген АҚШ та, Израиль да өздерінің қолындағы ядролық қаруды жоюға, болмаса қысқартуға барғысы келмейді. Ақырға мәліметтерге қарасақ, АҚШ он мыңға жуық ядролық оқ тұмсықтарын сақтауда, олардың 5737 тұрақты түрде әскери дайындықта, алтауы шет елдерде (Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Нидерландия, Түркия, Германия) орналастырылған, Израильде 100-ге жуық, кей мәліметтерде 400 атом бомбасы мен снарядтар шоғырланған [7]. Аймақтағы Ирак пен Ауғанстанның тағдырын, Палестина, Ливан, Сирия жағдайларына талдау жасай, өзін отыз жыл бойы қысымға алып, әне шабуылға шығымыз, міне шабуылға шығамыз деп шошындырып жүрген елдер саясатына тізе бүкпей, қарулы күштерін нығайтып келген Иранды түсінуге де болады. Әрине, ядролық қарумен ойнауды, оған талпынуды қолдау керек емес. Қазақстан басшылығы ол қарудың таралмауын біртіндеп қысқартып, түбінде жоюды қолдап отыр. АҚШ-тың Барак Обама бастаған жаңа әкімшілігі Ресеймен келіссөз бастай, стратегиялық қаруларды қысқарту туралы ұсыныс жасады. Сонымен бірге Чехия мен Польша жерінде зымырандарға қарсы қорғаныс жүйелерін орналастыруда АҚШ тарапы Иранның ядролық бағдарламасынан бас тартуымен байланыстырып, енді Ресеймен ынтымақтаса түсіп, Иранды қысымға алуды көздеуде. Оған Медведев – Путин тобы қалай қарайтынын жақын арада білетін боламыз. Орталық Азиядағы жағдайды бейбіт жолдармен реттеу аймақтағы қауіпсіздікті ұжымдаса отырып, әділетті негізде орнату уақыты туындауда құр жазасыз елдерді үрейлендіру, оларды даму жолына түсірмеу туралы саяси мақсаттар сәтсіздікке апаратынын және бірде-бір елге жақсылық әкелмейтінін ұмытпаған жөн. Сондықтан оны тек саяси-дипломатиялық жолдармен реттеу - күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.

______________
1. Мировая экономика и международные отношения. - 2008. - №7. - С. 119.

2. Мировая экономика и международные отношения. - 2008. - №12. - С.56.

3. Егемен Қазақстан. 08.04.2009.

4. Newsweek. - 2007. - №27. - Р.25.

5. Казахстанкая правда. 21.03.2009

6. Известия. 04.02.2009.

7. Эхо планеты. - 2009. - №6. - С.9.

8. Эхо планеты. - 2007. - №2. - С. 6-7.



М.О. Иембекова
ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ТҮРКИЯ-ИРАН

ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазіргі халықаралық қатынастарда аймақтық деңгейдегі мемлекеттер арасындағы ынтымақтас-тықтың алатын орны ерекше. Өйткені әрбір мемлекет алысқа кетпей-ақ, ең алдымен өз аймағында позициясын нығайтып, көрші мемлекеттермен ынтымақтастығын күшейтіп, әлемдік аренадағы өз орнын нақтылауды көздейді. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың ерекшелігі сонда, әрбір мемлекетке қатысты мәселелердің ғаламданғаны соншалық, ешбір ел өз бетінше жеке дами алмайтын күйге жетті. Осы ретте Орта және Таяу Шығыс аймағында орналасқан аймақтық дәрежедегі мемлекеттер Түркия мен Иранның арасындағы қарым-қатынас мәселесі екі мемлекет үшін де, аймақтық даму үрдісі үшін де маңызды орын алатыны сөзсіз. Қазіргі кезде екі мемлекет те ешкімге тәуелсіз, дербес саясат жүргізуге ұмтылуымен қатар, әлемдік интеграциялық процестерден тыс қалмау мақсатындағы саясатымен ерекшеленеді.

Түркия мен Иран арасындағы қарым-қатынастардың тарихына үңілсек, екі мемлекеттің де кереметтей жақсы ынтымақтастық қатынастарда болмағанын көреміз. Оған себеп аймақтағы Европа державаларының жүргізген саясаты деуге болады. Екі елдің арасында соңғы қақтығыс ХІХ ғ. 20-шы жылдары орын алды, ал бірінші дүниежүзілік соғыстан соң, Осман империясы ыдырап, Түркия Европаға бағытталған саясат ұстағаннан кейін екі ел арасында табысты қарым-қатынас орын алмағанмен де, Түркиядағы европалық сипаттағы өзгерістер Иранға да әсер еткені сезіліп отырды. Өйткені Кемал Ататүріктің жүргізген қайта құрулары Иран жетекшісі Реза шахтың назарынан тыс қалмағанын оның жүргізген саясатынан көруге болады.

1925-1979 жылдарда екіжақты қатынастардың барысы бірінші рет тұрақтылығымен ерекше-ленді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң екі мемлекетте әскери блоктарға мүше болып, өз алдына дербес саясат жүргізіп, халықаралық қатынастардан өзінің лайықты орнын алуға тырысты [1].

1979 жылы Ирандағы исламдық революцияның жеңісінен кейін екі елдің арасындағы қатынас біршама алаңдаушылық жағдайда болды, өйткені зайырлы даму бағытындағы Түркия көршісінің исламдық революция жеңістерін таратуға деген ұмтылысына аса сақтықпен қарады. Соған қарамастан екі мемлекет арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастар өз деңгейінде даму үстінде болды.

Екі ел арасындағы байланыстардың жаңа бір кезеңі Иран президенті Мохаммад Хатами (1997-2004) тұсында орын алды, өйткені осы кезеңде қатынастар біршама тұрақты сипатта дамыды. Бұл жағдай Түркия мемлекетінің басына исламдық Әділдік және Даму партиясының келуімен түсіндіріледі. Осы кезде түрік қоғамында исламдық тенденциялардың күшеюі екі елдің сыртқы саясат мәселелері бойынша ұстанымдарының жақындасуына себеп болды. Әділдік және Даму партиясы өзінің бағдарламасында ең басты басымдықтар деп аймақтағы қауіпсіздік және ынтымақтастықты күшейтуді ұстанатынын білдірді. Сонымен қатар олар өз бағдарламаларында Түркия өзінің географиялық жақын аймағында өзара сенім мен тұрақтылық атмосферасы болуына, көрші елдермен қатынасын өзара диалог ретінде орнатып, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға бар күшін салады деп атап көрсеткен [2].

Осындай өзгерістерге байланысты аймақтағы ірі елдер қатарына жататын Түркия мен Иран да бір-біріне айрықша назар аударып, көршілік қатынастарды тұрақты дамытуға мүдделі екендігін білдірісті. Екі елдің қазіргі кездегі сыртқы саяси бағыттарына келетін болсақ, Түркия әу бастан өзінің сыртқы саясатының басты бағыттарының бірі етіп европалық бағытты ұстанып, Европалық Одаққа кіруді басты мақсаты етті және аймақтағы көрші мемлекеттермен аса тығыз байланыс орнатпағанмен, саяси-экономикалық қатынастарды дамыту әрекетін сындарлы жүргізді. Алайда Европалық Одаққа өту мәселесінің кейінгі кезге қалдырылуы Түркияның сыртқы саясатындағы европалық бағытын әлсіретіп, аймақтағы саяси белді держава ретіндегі мақсаттарын бірінші орынға шығарды. Сонымен қатар Түркияның түркі тілдес елдерге қатысты саясатындағы түпкі мақсаттары да орындалмады.

Осыған байланысты Түркия сыртқы саясатындағы басқа да бағыттар бойынша өзінің мүддесіне сай қатынастарын жандандырып дамыта бастады. Ең алдымен, аймақтағы көрші мемлекеттердің бірі Иранға назар аударылғаны да тегін емес. Өйткені Европа елдерінің энергия көздеріне деген сұранысы артып отырған жағдайда Түркия Иранның энергия ресурстарын Европаға жеткізетін бірден-бір делдал ел ретінде саналады және осыны пайдаланып Түркия Европа елдеріне өзінің қаншалықты қажет екендігін көрсеткісі келгендей. Ал Иранға келсек, ол өзінің экономикалық, әскери-саяси күшін күшейтіп, аймақтың белді бір державасы дәрежесін ұстап тұруға ұмтылған саясатын дәйекті жүргізуде. Оны Иранның кейінгі кезде сыртқы саясаттағы белсенділігі мен ядролық энергияны өндіріп, пайдалану бағдарламасына қатысты ұстанымдарынан көруге болады.

Кейінгі кездегі Иранның ядролық энергияны өндіріп, өзінің мақсаттарына пайдалануға деген ұмтылысы АҚШ тарапынан сынға ұшырап, әлемдік деңгейде көпшіліктің назарын аударған ірі мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе Иранның Израильді ядролық қаруы бар мемлекет ретінде аймақтық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деген айыптауынан басталды. Оған жауап ретінде Израиль Иранды ядролық қаруды жасау дайындығында, мұның өзі әлемді ядролық дағдарысқа әкелуі мүмкін деген мәлімдемесін білдірді. Осыдан соң АҚШ және басқа да күштер Иранға қарсы айыптау компаниясын бастады. Алайда Иран өзінің ядролық энергияны тек бейбіт мақсатта қолдануға бағыт ұстап отырғанын айтып қарсы шығуда. Түркия бұл мәселеде Иранға қолдау көрсетуде.

Кейінгі кезде осы жағдайға байланысты Иран Түркияны АҚШ екеуінің арасындағы келіссөзге делдал болуына өтініш білдіріп отыр. Түркия бұған АҚШ қарсы болмаса өзінің қарсы еместігін, екі ел арасындағы қатынастарды жақсартуға бар күшін салатынын аңғартты. Сонымен қатар ол ядролық мәселеге қатысты «алтылықтың» талабына Иран тарапынан жағымды жауап болса ғана әрекет етуге дайын екенін білдірген болатын.

Иран мен Түркияның тағы да бір-біріне қолдау көрсеткен саясаты күрд халқының мәселесіне қатысты болды. Бұл мәселеде Иран Түркияны қолдау саясатын ұстанып отыр. Оның бұл реттегі шешуші әрекетін Күрд Жұмысшы Партиясының жетекшілерін ұстап беруінен және 2006 жылғы көктемде өз территориясындағы осы партияның белсенділеріне қарсы шығуынан байқауға болады. Саяси деңгейде ресми түрде Иран басшылығы күрдтердің Түркияға қарсы күресін қолдамайтындығын ашық жариялады.

Алайда Түркия мен Иранның кейінгі кездегі жақын ынтымақтастығы АҚШ-қа ұнамай отыр. Өзімізге белгілі АҚШ әрқашан да өзінің серіктерінің сыртқы саяси бағыттарын қадағалап отырады, егер олардың сыртқы саясаттағы қандай да бір бағыты, ұстанымдары АҚШ мүддесіне қайшы келсе, соған ол кедергі жасауы мүмкін. Осыған байланысты Таяу Шығыстың екі мемлекетінің де АҚШ-тың «Үлкен Таяу Шығыс» атты америкалық үлгісінде демократизациялау бағдарламасына қарсы шығуы оның наразылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Түркияның Иранның газ кеніне инвестициясын салуы да АҚШ-қа ұнамай, оған қарсы өзінің пікірін білдірсе де, бұл мәселеде Түркия өзінің ұстанымын тұрақты дамытуда. Өйткені Түркия әрқашан АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең сенімді серіктесі болып саналатын. Ендігі жерде бұл жағдайдың өзгергенін 2003 жылы наурыз айында Түркия парламенті АҚШ-тың Түркия территориясын Иракқа қарсы әскери операцияға пайдалануға деген ұсынысын өткізбей қойғанынан көруге болады. Сонымен қатар Түркияның өзі де АҚШ-тың Иракқа қарсы әскери әрекетін қолдамағаны белгілі.

Түркияның осы сияқты әрекеттерін шектеу мақсатында АҚШ әкімшілігінің өкілі Николас Бернс Анкараға арнайы сапары барысында Түркия және басқа елдер Тегеранмен саяси қатынастарын тоқтатып, оның ядролық қаруды иеленуіне қарсы шығуы керек деген пікірін білдірді. Николас Бернс өз сөзінде: «Иранның ядролық қару жасап жатқаны сошалықты маңызды мәселе, осыған байланысты оған қарсы әрбір ел өз мүддесінен бас тартуы керек. Иран өзінің ядролық қаруды жасауын жүргізіп жатқанда қандай да бір мұнай және газ келісімдері туралы сөз қозғау орынсыз деп білеміз», - деп атап өтті [3]. Соған қарамастан екі мемлекеттің де сыртқы саясатында өзіндік мақсаттары болғанымен, аймақтық ірі мемлекеттер ретінде өз арасындағы қатынастар да екі жақ үшін маңызды орында. Осы ретте Түркия мен Иранның арасындағы саяси ынтымақтастық экономикалық маңызы бар мәселе-лермен ұштасып жатқанын көреміз.

2006 жылы мамырда Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Бакудегі саммиті шеңберінде, сонымен қатар Индонезиядағы D-8-дің саммитінде Түркия премьер-министрінің Иран президентімен кездесуінің тиімді өтуі түрік-иран қатынастарының жақсара бастағанының көрсеткіші болды. Осы әрекеттерімен Иран мен Түркия мемлекет басшылары өзара саяси диалогті жандандырып, аймақтағы проблемалық мәселелерді бірігіп шешіп, өздерінің де халықаралық қатынаста елеулі рөл атқаратынын танытып отыр.

Түркия мен Иран арасында қазіргі кезде екі маңызды мәселе бойынша іскерлік қатынас жүзеге асуда, оның бірі - ирандық «Оңтүстік Парс» газ кен өндірісін игеруге қатысу, екіншісі - газ құбырын салу жобасын келісу. Осы ұстанымның дәлелі ретінде Түркия мен Иран арасындағы газды өндіру және оны тасымалдау мәселесіндегі ынтымақтастық тұрақты түрде дамуда. 2007 жылғы шілде айында екі жақ «Меморандум о намерениях» атты құжатқа қол қойды. Ол құжатта Иран мен Түрікменияның газын Европаға Түркия территориясы арқылы тасымалдап жеткізу мәселесі келісілді. Осы Меморандумға сәйкес Түркияның мұнай корпорациясы Иранның Оңтүстік Парс ауданындағы газ кенін игеріп, одан 20 млрд куб газ шығаруды көздеп отыр [4].

2008 жылы 14 тамызда басталған Иран президенті Махмуд Ахмединежадтың Түркияға сапары екіжақты қарым-қатынасты жақсартудағы тағы бір маңызды қадам болды. Осы ресми сапарда Иран президенті Түркия үкіметінің президентімен, премьер-министрімен, кездесіп екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерімен қатар аймақтық саясат мәселелерін де қарастырды. Алайда басты мақсат Түркияға Иран газын жеткізу және Европаға өткізу үшін газ құбырын салу мәселесі болатын. Осыған қатысты екіжақты құжаттарға қол қойылғанмен, Иран-ЕО газ құбырының жобасы (жоба 3,5 млрд. долл. құрайды) жөнінде арнайы құжаттарға қол қойылмады. Батыс баспасөздері мұны Вашингтонның қысымы себеп болды десе, кездесуші жақ мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндіреді [5]. Сонымен қатар Иранмен экономикалық қатынастар жандана дамуда. Өзінің географиялық қолайлы орналасуына байланысты Түркия Иран үшін оның тауарларын Еуропаның рыногына шығарудың бірден-бір жолы ретінде рөл атқаруда. Соңғы кезде екі ел арасында сауда қатынастары жоғарғы қарқынмен дамуда. 2006 жылы тауар айналымының жалпы көлемі 6,7 млрд доллар көлемінде болса, 2010 жылы 10 млрд долларға жеткізу көзделуде. Иранда 40-қа жуық түрік фирмалары жұмыс істейді. Иран Түркияға, ең алдымен мұнай шикізатын және табиғи газды экспорттаса, Түркиядан машиналар, өндіріс жабдықтарын, темекі, қара металлургия өнімдерін сатып алып отыр [6].

Екіжақты экономикалық қатынастардың негізгі көзі - газ мәселесі. 1996 жылы арнайы келісімге қол қою арқылы Түркия мен Иран арасында 2005 жылдан бастап 22 жыл бойы Иран жағы 228 млрд куб текше метр газ жіберіп отыруға келіскен болатын. Алайда осы жоба басталғаннан бері екі жақ газдың бағасына келісе алмай, газ уақытында жеткізілмей әртүрлі кедергілерге кездесіп отыр. Осы ретте АҚШ-тың осы мәселеге қатысты саясаты да өз әсерін тигізіп отырғанын атап өтуге болады. Анкарадағы Америка елшілігінің өкілдері: Тегеранмен 20 млн долл. көлемінде келісімге қол қойып, Иран экономикасының мұнай-газ секторының мүмкіндігін кеңейтуге себеп болған кез келген шетел фирмасы АҚШ тарапынан санкцияға ұшырайды, яғни америкалық фирмаларымен сауда-экономика-лық қатынасы шектеледі деген талаптарын білдірді [7].

Түркия осы себепті пайдаланып, Иранның газын арзан бағаға сатып алғысы келіп отыр ма деген ой келеді. Түркия тек Иранға ғана қарап отырған жоқ, өйткені әртүрлі жағдайларға байланысты Иран газы толық жетпей қалуы мүмкін, сондықтан Түркия «Көгілдір тасқын» бағдарламасы бойынша Ресейден келетін газды да сатып алу арқылы өзінің мұқтажын қанағаттандыруға тырысып отыр. Жылына осы жоба бойынша Түркия экономикасы 34 млн текше метр газбен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі кезде Иранның энергетикалық дипломатиясы тек қана Түркияны емес, сонымен қатар көрші жатқан Үндістан, Пәкістан, Қытай, БАӘ елдерін де қамтып отыр. Көгілдір отын өндіруден әлемдегі бес ел қатарына кіретін Иран мұнайының мол қорын да алға ұстап, сыртқы саясатта өзіне қолайлы жағдай жасауға әрекеттеніп жатқаны сөзсіз. Қорыта келгенде, қазіргі кезде Иран мен Түркия арасындағы қатынастар аймақтық деңгейде бір қалыпқа түсіп, тұрақты сипатта дами бастағанын көреміз. АҚШ қанша қарсы болғанмен Түркия да, Иран да өз мүдделеріне сай бұл қатынастарды тұрақты ұстауға тырысып, әртүрлі дипломатиялық әдістерді қолдануда. Әлі де болса Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартпай отыр, ал Түркия болса бұл мәселеге сақтықпен қараса да, бұл Иранның өзінің ішкі мәселесі деген пікірде. Осындай ұстанымдары бар екі мемлекеттің де болашақта өзара ынтымақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екені айқын.

____________________________


  1. www.iimes.ru/rus/stat/2008/29-07-08c.htm

  2. Синан Оган. Правящая партия и турецко-российские отношения// Азия и Африка сегодня. - 2008. - № 12. - С.45-46.

  3. Турецко-иранский бизнес спутал карты Вашингтону// www.iimes.ru

  4. Турецко-иранские отношения и газовый вопрос// www.iimes.ru

  5. http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1238191140

  6. www.iimes.ru

  7. http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1238191140



Р.С. Мырзабекова
Иран және Ресей стратегиялық одақтастар

ретінде: тарихы мен қазіргі жағдайы

Әлемде қазір аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету саласымен өзара тиімді экономикалық және мәдени әріптестік мақсатындағы байланысты қалыптастыруда бүгінгі таңдағы Иран және Ресей сияқты державалардың стратегиялық әріптестігі, географиялық жағынан бір-біріне жақындығы маңызды рөл атқарады. Ресей-Иран стратегиялық әріптестігінің алғышартына негіз болып отырған факторлардың аясы кең. Еуразия аймағындағы жалпы геосаяси жағдай Ресей-Иран арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынас сипатына байланысты.

Қазіргі таңда Иран және Ресей маңызды геосаяси жағдайды иеленген, стратегиялық пайдалы қазбалары мол, адам қоры мен әскери және экономикалық әлеуеті жеткілікті мемлекеттер болып табылады. Мысалы, Иранның территориялық көлемі 1648 мың кв. км-ге тең. Бұл Таяу және Орта Шығыстағы мемлекеттердің ішінде территориясы жағынан ең үлкен, теңізге шығу жолдарының мүмкіндігі ерекше (Иран шекарасының 1/3 бөлігі теңізде) екендігінің дәлелі. Бұл жағдай Иранның көптеген елдермен экономикалық байланысын жеңілдетеді. Мұнай қоры бойынша Иран әлемде бірінші орындарды иеленеді және мыс, хромит, никель және кобальт, табиғи газ сияқты маңызды стратегиялық шикізатқа бай [1]. Тұрғындарының саны бойынша да Иран Орта және Таяу Шығыстағы ірі мемлекеттердің бірі. Ресей сияқты Иранды көп ұлтты, жартылай конфессиялы мемлекет деуге болады. Осы жағдай Иранды аймақта тұрақтылықты қалыптастыруға итермелейді.

Иран мен Ресей бүгінгі таңда ортақ су бассейнін - Каспий теңізін иеленіп отыр. Иранды зерттеушілердің пікірі бойынша, Каспийге қатысты Иранның өзіндік мүддесі бар, ол Каспий мұнайын өз территориясы арқылы тасымалдаумен байланысты. Бұл жобаны іске асыру Иранға экономикалық жағынан әлеуетін көтеруге және аймақтағы ірі күшке айналуға мүмкіндік береді [2]. Сонымен бірге Каспий теңізін аймақтарға бөлу жобасына байланысты Ресей мен Иран мүддесі түйісіп отыр. Ресей мен Иранның ұстанымы бойынша, Каспийдің бөлінуі екі мемлекетке де тиімсіз. Олардың ойынша, Каспийді бөлу жобасы іске асқан жағдайда екі мемлекет 200 мың кв. км жоғалтады және бұл Каспий аймағына батыс державаларының ықпалын өсіріп, аймақтағы Иран мен Ресей ұстанымын әлсіретуі мүмкін [3]. Ресей үшін Иран - Солтүстік Кавказдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосатын әріптестердің бірі. Кейбір шетелдік сараптаушылардың пікірі бойынша «Иран Шешенстандағы әрекетіне байланысты Ресейге деген мұсылман әлемінің жағымсыз көзқарасын азайтуға үлес қосады» [4].

Әскери-техникалық, экономикалық және сауда салаларындағы Иран және Ресей ынтымақтас-тығының мүмкіндігі мен болашағы зор. Бұл Ресей мен Иран мемлекет қайраткерлерінің кездесу-лерінде үнемі айтылып жүр. Бүгінгі таңда Иранда Ресей өнеркәсібі үшін, әсіресе қару-жарақ саласы бойынша кең нарықтық мүмкіндіктер қалыптасқан. Кейбір батыс сарапшыларының бағалауы бойынша «Иранға қару-жарақ сатуға байланысты келісімдердің көлемі 1-7 млрд долларды құрайды» [5]. Сонымен қатар ядролық энергетика, мұнай, газ орындарын барлау, транспорт саласында ынтымақтастық орнатуға кең мүмкіндіктерге жол ашылған [6].

Иран да өз тауарларын, соның ішінде тоқыма өнімдері мен тамақ өнеркәсібі өнімдерін, теңіз өнімдерін сыртқа шығару үшін Ресей нарығына мүдделі. Ресей мен Иранның ХХІ ғ. әлемдік өркениеттер дамуының концепцияларында да ортақтықтар бар. Мысалы, әлемнің көпполярлы идеясы Иранның «өркениеттер диалогіне» ұқсас болып табылады [7].

1979 жылғы Иран революциясының маңызы, ең алдымен, әлемде әділ дүниетанымдық іргелі ұстанымдары бар мемлекеттің пайда болуымен сипатталады. Иран, бұрынғы президенті Мохаммад Хатами бейнесінде әлемге қазіргі таңдағы жалғыз әмбебап ұстаным «Өркениеттер диалогін» алып келді. Бұл ұстанымға байланысты әлем мен адамзаттың гүлденуі өзге өркениеттерге деген сыйластықтан, олармен пікір алмасудағы ашықтықтан туындайды. Бұл «өркениеттер қақтығысы» ұстанымына немесе, әлемді ғаламдану шеңберінде бір ізге салып үйлестіруге қарсы. Соңғы уақыттарда Иран Алдыңғы және Орталық Азиядағы ұлттар мен мәдениеттердің диалогіне шақырған біртұтас макроаймақтық жоба ұсынып отыр. Сонымен қатар Иран кез келген мемлекеттік өркениеттің тәуелсіз дамуы өзгеше доктрина, стратегия, даму жоспары мен жобасы негізінде дамиды, модернизация негізінде құрылмайды деп дәлелдеп отыр. Иранның «өркениеттер диалогі» «Үлкен Таяу Шығыс» деп аталатын АҚШ-тың саяси-географиялық жобасына жалғыз альтернатива болып табылады. Ресей де «Үлкен Таяу Шығыс» доктринасының болашағына сенімсіздікпен қарайды [8].

Қазіргі кезде әртүрлі салаларда Ресей-Иран әріптестігіне негіз болар алғышарттар жетерлік. Әріптестіктің шынайы болашағын болжау үшін, орыс-иран қатынастарының тарихына қысқаша көз жүгіртіп көрейік. Ресей тарихшыларының көрсетуі бойынша: «Иран ежелден Ресей үшін Шығыстағы сауда-экономикалық әріптес бола отырып, ғасырлар бойы Ресейдің шығыстық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала берді» [9]. Ресей мен Иран арасындағы тұрақты дипломатиялық қатынастар Ирандағы билік басына Сефевилер династиясының келуімен байланысты (1502-1736 жж.) болды. Әскери-саяси одақ қалыптастыруға ұмтылыстар болғанымен, алғашында Ресей-Иран қатынастарының ішінде сауда байланыстары жақсы дамыды.

ХVІ-ХVІІ ғғ. Ресей мен Иранның Түркияға қарсы одақ құруға ұмтылыстары және І Петрдің Парсы жорығы Ресей ұстанымдарын осы аймақта күшейтуге тырысты [10]. Осы кезеңде Ресей Закавказьедегі ықпал ету аймағы үшін белсенді күресін бастады. ХІХ ғ. басы шығыс мәселесінің ушығуымен, еуропалық державалардың ықпал ету аймағы мен шикізат көзі үшін күресімен, Ресей-Иран қатынастарының нашарлауымен сипатталады. Ресей-Иран қатынастарының ушығуына Ұлыбритания мен Франция саясаты да ықпал етті.

ХІХ ғ. екінші жартысында Ресей әскери қуаты жағынан мықты мемлекетке айналып, сыртқы саяси мәселелерін тиімді түрде шеше бастады. І Николай билігінің алғашқы сатысында Ресейдің Еуропадан әскери-техникалық артта қалушылығы аса байқалған жоқ. ХҮІІІ ғ. соңынан бастап Ресей сыртқы саясатында еуразиялық империя ретіндегі бейнесін көрсете бастады. І Николай патшалық ету кезеңінде сыртқы саясаттағы орталық орын - шығыс мәселесіне, Осман империясымен қарым-қатынасқа берілді. Ресей үшін өз ұстанымдарын Қара теңіз жағалауында күшейту, елдің оңтүстігіндегі шекараны қорғау маңызды еді. Ресейдің сыртқы саясаты үшін маңызды мәселе - Босфор және Дарданелл бұғаздарында Ресей үшін тиімді жағдай қылыптастыру да күн тәртібінен түскен жоқ. Ресей сауда кемелерінің бұғаздардан еркін өтуі мемлекеттің оңтүстік аудандарының экономикалық дамуына, гүлденуіне ықпал етер еді.

Ресей саясатының маңызды бағыттарының бірі Кавказ болып қала берді. Ресей Кавказдағы иеліктерін кеңейтіп, Закавказьедегі шекарасын тұрақтандырып, Кавказ аймағын Ресей империясының құрамына қосуға ұмтылды. Осы аймақтағы Ресей бақталасы Иран болды. Иран мен Ресей арасындағы бейбіт келісім бойынша Ресей Шығыс Закавказьедегі бірқатар территорияларды, Каспий теңізінің батыс жағалауын өз құрамына қосып алды. ХІХ ғ. 20-шы жылдары Иран Талыш, Карабах хандықтарының қайтарылуын талап етті. Шах ауласында орыстарға қарсы бағытталған топ пайда болды. 1826 жылы маусымда Иран әскері Карабахқа енді. Орыс-Иран соғысы басталды. Иран әскербасшысы Закавказьедегі орыс иелігін жоюды көздеді. 1828 жылы Түркманчай келісіміне қол қойылды. Келісім бойынша Эриван, Нахичеван хандықтары Ресей құрамына кірді. ХІХ ғ. 20-ж. Орыс-Иран соғысы нәтижесінде Ресей империясының құрамына Закавказье кірді.

1838 және 1856 жж. Иран Гератқа екі рет жорық жасағанда екі мемлекет арасында қысқа мерзімге одақтастық қатынас орнады. Дегенмен, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында Иранның Ұлыбританияның экономикалық қанауына түсуі Иран халқы алдында Ресей беделін төмендетті. Бұндай жағдай 1917 ж. Ресейде болған Қазан төңкерісінен кейін түзелгендей болды.

1921 жылы Кеңес-Иран келісімі бойынша, кеңестік Ресей Иранға тиесілі патшалық Ресейдің мүлкінен бас тартты. Келісімнің 6-шы бабы бойынша кеңес әскері «Иранды өзге мемлекеттердің Ресейге қарсы әскери база ретінде қолдануына жол бермеу үшін» Иранға ену мүмкіндігін алды [11]. Сонымен қатар Каспий суын тең пайдалану 1940 ж. «Теңіз ісі туралы сауда келісімінде» бекітілді [12]. Кейінірек Иран мен КСРО арасында экономика саласында ынтымақтастық дамытылды. КСРО Иранға индустриализация жасауға, 1929-1933 жж. аралығындағы дағдарыс кезеңінде үлкен көмек көрсетті. Бірақ Ұлыбритания қысымымен, Иран билеушілері және жаңа Пехлеви династиясының шахтары КСРО мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне кедергі келтірді.

90-ж. ТМД қалыптасқаннан кейін Иран мен Ресей арасында геосаяси мүдделерге бағындырылған жаңа ынтымақтастық-аймақтық сала пайда болды. Қазіргі таңда Ресей мен Иран стратегиялық әріптестігінің болашағы қандай болуы мүмкін деген сұрақ екі мемлекетті де толғандырады. Ресей мен Иранның келісілген саясат жүргізетін аймағы - Закавказье, Ауғанстан және Каспий теңізі деуге болады. Закавказье, Әзірбайжан, Грузия, Түркия территориясы арқылы Баку-Джейхан мұнай құбыры өтуге тиіс. Сонымен бірге Каспий теңізінің түбімен өтетін газ құбыры түрікмен газын Түркияға әкелер еді. Осы құбырларға қатысты Стамбул қаласында 1999 ж. ЕҚЫҰ саммитінде халықаралық жоба қабылданды. Қабылданған жоба бойынша, құбырлар Ресей мен Иран территориясынан тыс жерлермен өтеді.

Мұнай мен газға байланысты екі мемлекет те бір-біріне тәуелсіз өз мүдделерін көздейтін-діктеріне қарамастан, құбыр салу жобасы Ресейге де Иранға да тиімсіз деп танылды. Себебі, олардың ойынша бұл жоба батыс державаларының мүддесінің күшеюіне алып келуі мүмкін [13]. Ресей-Иран ынтымақтастығында Орталық Азия аймағының орны да бөлек. Бұл аймаққа байланысты Иранның өзіндік мүдделері бар, сондықтан осы аймақ бойынша Ресей Иранның әріптесінен гөрі, бәсекелесіне айналу мүмкіндігі жоғары [14].

Ресей-Иран ынтымақтастығының дамуындағы маңызды орын Ауған мәселесін шешуге арналады. Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік Ресей-Иран мүдделерінің аймағы болып табылатындықтан, екі мемлекетке де әсер етеді. Иранды ауған шииттерінің тағдыры, наркотрафик мәселесі толғандырса, орыстар Ауғанстан мәселесінің Өзбекстан мен Тәжікстанға әсер етуінен қауіптенеді. Себебі, бұл территорияларда Ресей қарулы күштері бірге шекара мәселесін қорғауға қатысады.

2005-2006 жылдар шеңберінде батыс сарапшыларының көзқарасы бойынша, Иранның ядролық жобасы аса маңызды геосаяси мәселеге айналды. Ресей соңғы жылдары Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатта және экономикалық сипатты иеленеді деп сеніп отыр. Бұл жерден Иран мен Ресейдің экономикалық әріптестігінің сипатын байқауға болады. Экономикалық әріптес-тікке байланысты әскери келісімдерді, атом станциясын салуды, энергетикалық саладағы шараларды айтуға болады.

Қазіргі таңда Ресей Иранмен экономикалық салада болашағы зор шараларды іске асыруға ұмтылып отырғанымен, қандай да бір саяси одақтан қашқақтап отырған сияқты. Себебі, екі ел қарым-қатынастарының болашағын прагматикалық болжаумен есептейді. Дегенмен, бірқатар қиындықтарға қарамастан, Ресей мен Иран бүгін әріптес мемлекеттер болып табылады, ол экономикалық және сауда қатынастарынан, аймақтық ынтымақтастықтан көрініс алып отыр. Осы салалардағы екі мемлекеттің ынтымақтастығы талас тудырмайды. Сыртқы саясатты осы бағыттарда белсендірген жағдайда Ресей мен Иранның болашақта стратегиялық одақтастар болуына үлкен мүмкіндіктері бар.



_______________________________
1. Современный Иран. Справочник. - М., 1993. - С. 4-7.

2. Хуторская В.В. Взаимоотношения Исламской Республики Иран и стран Центральной Азии // Иран: Ислам и власть. - М., 2001. - С. 233-234.

3. Санаи М. Взаимоотношения Ирана и стран Центральной Азии. - Алматы, 1997.

4. Америке нужна Россия, чтобы сдерживать Иран («Los Angeles Times», США) Бренда Шаффер (Brenda Saffer), 22 февраля 2002, Перевод: Федотов Виктор, http: www.idsa-iran.org/full/143167.html

5. 13 марта 2001г. Военное сотрудничество с Ираном //http:// www.caucasus.dk/spravka/13mar2001/322.htm

6. Кулагина Л.М., Ахмедов В.М. Иран выходит из изоляции // Иран: ислам и власть- Сб. статей. - М., 2001. - С. 149-163.

7. Арунова М.Р. РФ-ИРИ. Политический диалог: 1999-2000 гг.// Иран: ислам и власть/ Сб. статей. - М., 2001. - С. 185.

8. Ткаченко А. Большой Ближний Восток: судьба реформ // Азия и Африка сегодня - № 6 (587). - 2006. - С. 48.

9. Сажин В. Каковы рамки российско-иранского партнерства? http:// world.ng.ru/azimuth/2001-03-01/2 iran.html

10. Гушер А. Иран и Россия: что мешает их дальнейшему сближению? // Азия и Африка сегодня. - № 5(598). - 2007. - С. 62.

11. Орлов Е.А. Россия и Иран в ХХ веке (основные этапы взаимоотношений)// Иран: ислам и власть/ Сб. статей. - М., 2001. - С. 195-196

12. Санаи М. Взаимоотношения Ирана и стран Центральной Азии. - Алматы, 1997. - С. 63.

13. Файзуллаев Д. Российские интересы в Иране. - М., 2008.

14. Файзуллаев Д. Россия и геополитическая перегруппировка сил в Центральной Азии // Азия и Африка сегодня. - № 3 (584). - 2006. - С. 10.



М.С. Мырзабеков
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген сәттен бастап өзінің сыртқы саяси басымдықтарының бірі ретінде Иран Ислам Республикасы ынтымақтастығын дамытып нығайтуды мақсат тұтты. Қазақстан Республикасы үшін Иранның географиялық орналасуы стратегиялық маңызы бар. Себебі, біздің еліміздің әлемдік коммуникацияларға шығуы және екі елдің Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше болуы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға негіз салып берді. Иран Ислам Республикасы орасан зор адам ресурстарын, дамыған индустриялық өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын, айтарлықтай инвестициялық мүмкіндіктерді иемденді. Нақ осы фактор Қазақстан Республикасының Иранмен экономикалық ынтымақтастықтың түрлі салаларында негізгі әріптес бола алады. Иран аймақтық держава ретінде сыртқы айналымдардың қарсылығына қарамастан, Орталық Азия мен Каспий аймағында көп мақсатты көздейтін өзінің мүдделерін қорғап келеді.

Иран Ислам Республикасы өзінің сыртқы саяси бағдарында Орталық Азия жаңа тәуелсіз мемлекеттермен жан-жақты қатынастарды дамытып, нығайтуды көздейді, бұндай елдердің салмағы мен әлеуетіне (саяси, экономикалық) байланысты Иран үшін мейлінше болашаққа сенімді әріптес бола алады екен.

Иран өз кезегінде ЖТМ-мен, соның ішінде Қазақстан Республикасымен интеграциялық жақындасу және оны тереңдетудің басты факторы ретінде өзінің қолайлы географиялық орналасуын алға тартады. Орталық Азия елдерінің күннен-күнге әлемдік көлік-коммуникацияларына шығу қажеттілігін түсіне отырып, өзінің Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы әлеммен байланыстыратын көпір ретіндегі рөлді атқаруға талпынады. Осылайша Иран Орталық Азия елдерінің тауарлары мен шикізатын әлемдік нарыққа шығару мәселесін шеше отырып, осы салада Ресей үшін бәсекелес болып отыр.

Қазақстан Республикасына қатысты біздің еліміз жеткілікті индустриалды базаны және айтарлықтай интеллектуалды әлеуетті және жоғары даңгейдегі халықтың білім беру жүйесін иемденді. Бұл әлемнің үшінші елдеріне тән классикалық модельден айрықша. Бұл факторлар Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасымен көп тарапты сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға қолайлы әсер етуде.

Қазақстан Республикасы мен Иран арасында 1992 жылы 29 қаңтарынан дипломатиялық қатынастар орнағалы бері екі ел арасында сауда-экономикалық және өзара саяси ықпалдастықты жүзеге асыратын бірқатар келісімдер мен шарттарға қол қойылды. Мысалы, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арсындағы қол қойылған өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Декларацияда «екі ел өздерінің қатынастарын достас және теңқұқылы мемлекеттер ретінде, сондай-ақ егемендік пен тұтастықты құрметтеу ұстанымдары негізінде, күш қолданбау, даулы мәселелерді бейбіт жолмен реттеу, адам құқықтарын сақтау ұстанымдары негізінде жүзеге асырады» деп көрсетілген. Сондай-ақ екі ел арасында Сыртқы істер министрлігі деңгейінде екіжақты және аймақтық мәселелер бойынша тұрақты келісулер өткізуге уағдаласты [1]. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы үкіметтері арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім екі ел арасындағы өзара тауар алмасу және қызмет көрсетудің ұстанымдарын анықтап берді» [2].



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет