Құқық қорғау қызметі туралы


-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы



бет2/6
Дата01.07.2016
өлшемі152.53 Kb.
#169776
1   2   3   4   5   6
10-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы
               құрам лауазымдарына орналастыруға қойылатын
               талаптар

      1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына – жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрам лауазымдарына – отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.


      Осы Заңға сәйкес құқық қорғау қызметіне құқық қорғау органы басшысының шешімі бойынша орта және аға басшы құрам лауазымына отыз бес жастан асқан, жоғары кәсіптік даярлығы не белгілі бір мамандықтар бойынша едәуір жұмыс тәжірибесі бар адам қабылдануы мүмкін.
      2. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты кемінде орта білімi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
      Орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
      3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жататын әскерге шақыру жасындағы азаматтар орта және аға басшы құрам лауазымдарына жоғары бiлiмi болған жағдайда ғана қабылдана алады.
      4. Аға және жоғары басшы құрам лауазымдарына жоғары бiлiмi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Құқық қорғау қызметіне бірінші рет тұратын адамдар


               үшін арнайы бастапқы оқыту

      1. Құқық қорғау органдарына қатардағы, кiшi және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет тұратын адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында арнайы бастапқы оқытудан өтеді.


      2. Арнайы бастапқы оқытудан өту тәртiбi мен шарттарын құқық қорғау органының басшысы айқындайды. Арнайы бастапқы оқытуға қабылданған адамдарды ұстау бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      3. Арнайы бастапқы оқыту мерзімі құқық қорғау қызметіндегі өтіліне (еңбек сіңірген жылдарына) есептеледі.
      4. Арнайы бастапқы оқытудан:
      прокуратура органдарына қызметке тұратын адамдар;
      құқық қорғау органдарына қызметке тұратын және аға және жоғары басшы құрамның басшы лауазымдарына тағайындалатын адамдар;
      құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері;
      құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар өтпейдi.

      12-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру кезіндегі сынақ


               мерзімі

      1. Құқық қорғау қызметіне алғаш тұратын адамдар үшiн тиiстi лауазымға тағайындала отырып, үш айға дейін сынақ мерзiмi белгіленеді.


      Сәйкестіліктің кезеңдік бақылауының нәтижелері бойынша сынақ мерзімі үш айға дейін ұзартылуы мүмкін.
      Прокуратура органдарына қызметке алғаш тұратын адамдар үшін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен бір жылға дейін сынақ мерзімі белгіленеді.
      Жас қызметкерлерді бейімдеу және тәлімгерлікті жүзеге асыру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      2. Сынақ мерзімі оның құқық қорғау қызметінде атқарып жүрген лауазымына сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленеді. Сынақ мерзімі кезеңінде арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілмейді, біліктілік сыныбы белгіленбейді.
      3. Сынақ мерзімінен өту туралы шарт құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының құқық қорғау қызметі лауазымына тағайындау туралы бұйрығында көзделеді.
      4. Егер сынақ мерзiмi аяқталса, ал қызметкер құқық қорғау органдарындағы қызметiн жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып есептеледі және сынақ мерзімі құқық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне есептеледi. Бұдан кейiн жұмыстан шығаруға осы Заңда көзделген негiздер бойынша ғана жол беріледі.
      5. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерге осы Заңның және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы қызметті реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерінің ережелері қолданылады. Қызметкер сынақ мерзімі кезеңінде өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындайды, атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқықтарын қоспағанда, өзіне берілген құқықтарды толық көлемде іске асырады.
      6. Қызметкердің дәлелді себептермен қызметте болмауы сынақ мерзіміне есептелмейді.
      7. Құқық қорғау органдарына қызметке тұратын және аға және жоғары басшы құрамның басшы лауазымдарына тағайындалатын адамдарға, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектеріне, бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарған адамдарға сынақ мерзiмi белгiленбейдi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Қызметкерлердің Ант қабылдау тәртібі

      1. Мыналар:
      1) құқық қорғау органдарына бірінші рет қызметке тұратын, арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген, біліктілік сыныбы белгіленген адамдар;
      2) білім беру ұйымдарының бұрын Ант қабылдамаған курсанттары, тыңдаушылары – оқуға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей;
      3) бұған дейін қандай да бір себептер бойынша Ант қабылдамаған қызметкерлер Ант қабылдайды.
      2. Ант құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының басшылық етуімен құқық қорғау органында салтанатты жағдайда қабылданады.
      3. Қызметкерлердің уақтылы Ант қабылдауы, қызметкерлердің Ант қабылдауын ұйымдастыру және оның есебін жүргізу құқық қорғау органдары кадр қызметтерінің басшыларына жүктеледі.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      14-бап. Қызметкерлердің мәртебесі және олардың құқықтық
               кепілдіктері

      1. Қызметкерлер мемлекеттiк биліктің өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.


      2. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген талаптарын (бұдан әрі – заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға міндетті.
      3. Қызметкерлердiң заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолданамын деп қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен қадiр-қасиетiне, мүлкiне қол сұғушылық, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға кедергі келтіретін басқа да iс-әрекеттер, сондай-ақ қызметкерлердiң қызметтік мiндеттерi мен қызметтiк борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қол сұғушылық заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      4. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, тек құқық қорғау органының басшысына, тікелей және уәкілетті басшыларына бағынады.
      5. Қызметкерлердің қызметіне, бұған заңмен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдарды қоспағанда, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметіне құқыққа қарсы араласу заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      6. Заңға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер заңды басшылыққа алуға мiндеттi және оның қорғауында болады.
      7. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқығы бар.
      8. Егер қызметкерлердің іс-әрекеттері осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылса, олар атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануына байланысты келтірілген зиян үшін жауаптылықта болмайды.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге


               байланысты құқықтары

      1. Қызметкерлердің:


      1) лауазымдық міндеттерін атқару үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
      2) өздерінің құқықтары мен лауазымдық міндеттерін айқындайтын ережемен, өзге де құжаттармен және жоғарылатуға ұсыну шарттарымен танысуға;
      3) лауазымдық міндеттерін атқарумен байланысты мемлекеттік органдарға, ұйымдарға олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, белгіленген тәртіппен кіріп-шығуға;
      4) егер мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалану лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты болса, белгіленген тәртіппен осындай мәліметтерге қол жеткізуге;
      5) лауазымдық міндеттерін атқаруға және кәсіби дамуына құқық қорғау органының қажетті жағдайлар жасауына;
      6) қызмет әрекеті нәтижелерін, мемлекеттік қызмет өтілі мен біліктілік деңгейі ескеріле отырып, қызметте өсуіне;
      7) өзінің кәсіптік қызмет әрекеті туралы пікірлермен және басқа құжаттармен олар жеке ісіне енгізілгенге дейін, жеке ісінің материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзінің жазбаша түсініктемелерін және басқа құжаттар мен материалдарды жеке іске қосуына;
      8) Осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген тәртіппен, кәсіптік қайта даярлыққа, біліктілігін арттыруына және тағылымдамадан өтуіне;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірінің, денсаулығының және мүлкінің, өз отбасы мүшелері өмірінің, денсаулығының және мүлкінің мемлекеттік қорғалуына;
      10) өзінің дербес деректерінің қорғалуына;
      11) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды адамдарға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгінуге;
      12) медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсетілуіне;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға;
      14) тұрғын үймен қамтамасыз етілуге және әлеуметтік қамсыздандырылуға;
      15) құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып, қызметте тиісінше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлар жасалуына;
      16) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
      17) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруға;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;
      19) ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүруге құқығы бар.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлерді, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, қызметкерлерге атыс қаруы мен өзге де қаруды және арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы берiледi. Олар дене күшін, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға да құқылы. Атыс қаруы мен өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі осы Заңда айқындалады.
      3. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін реттейтін заңдарымен көзделген өзге де құқықтар беріледі.
      4. Ұсталғандарды және күзетпен қамауға алынған адамдарды айдауылмен алып жүрудің тәртібін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге


               байланысты міндеттері

      1. Қызметкерлер:


      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
      2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
      3) заңмен көзделген тәртiп пен мерзiмде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
      4) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
      5) қызметтік және еңбек тәртiбiн сақтауға;
      6) өзiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
      7) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Мемлекеттік қызметтің әдеп кодексінің талаптарын сақтауға;
      8) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
      9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде құқық қорғау қызметiн тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
      10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
      11) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      12) қызметкердің жеке мүддесi өзінің өкiлеттiгімен ұштасатын немесе оған қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тікелей және уәкілетті басшыны дереу хабардар етуге;
      13) өзiнiң кәсiптік деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
      14) мемлекеттік қызмет мүдделеріне зиян келтіретін жария сөйлеуге жол бермеуге;
      15) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергендігі туралы оны берген күні өзінің тікелей басшысына хабарлауға;
      16) қызметкер өз өкілеттіктерін орындау кезеңінде жыл сайын, сондай-ақ құқық қорғау қызметінен теріс себептер бойынша босатылған адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) үш жыл бойы тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
      2. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде қойылған міндеттерге сәйкес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларында көзделген өзге де міндеттер белгіленеді.
      3. Қызметкерлер адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзған жағдайда, құқық қорғау органдары сол құқықтарды қалпына келтіріп, келтірілген залалды өтеуге, кінәлі қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартуды қамтамасыз етуге тиіс.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015№ 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Қызметкердің құқық қорғау қызметінде болуына


               байланысты шектеулер

      1. Қызметкердің:


      1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесі болуға, партиялар, кәсіптік одақтар қатарында болуға, қандай да бір саяси партияны қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшін олардың кәсіптік мүдделерінің ортақтығына негізделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бірлестіктерді құруға;
      2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтердi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
      3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
      4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;
      5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн қамтамасыз ететін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
      6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
      7) лауазымдық өкiлеттiктерін атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсатында пайдалануға;
      8) пайдакүнемдiк мақсатта, оның ішінде лауазымды немесе өзге де адамдармен сөз байласу жолымен қызмет бабын пайдалануға;
      9) өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері және апа-сіңлілері, қарындастары, аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын қызметіне тікелей бағынысты лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, қызметкер лауазымға кіріскеннен кейін бір ай ішінде коммерциялық ұйымдардағы өзінің меншігіндегі акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) және пайдаланылуы табыс табуға әкелетін өзге де мүлікті құқық қорғау қызметін өткеру уақытына сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті, бұған өзіне заңды түрде тиесілі ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлік қосылмайды. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
      Қызметкердiң сенiмгерлікпен басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар түрінде табыс алуға, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
      3. Осы бапта көзделген шектеулерді сақтамағаны үшін жауапкершілік осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгіленеді.

      18-бап. Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау


               қызметінде құқықтық қатынастардың туындауы мен
               өзгеруі

      Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың туындау және өзгеру ерекшеліктерін және оны жалғастыруды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      19-бап. Қызметкерлердің жауапкершілігі

      1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.


      2. Көрінеу заңға қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауапкершiлiктен босатпайды.
      Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда, бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
      3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
      4. Заңға қайшы әрекеттерімен құқық қорғау органына келтірілген материалдық залал үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.

      20-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және


               жетондары

      1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер мен жетондар беріледі.


      Жетондар прокуратура органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне және экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлеріне берілмейді.
      Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
      2. Қызметтік куәлік адамның құқық қорғау органына қатыстылығын, оның құқық қорғау қызметіндегі лауазымын және арнаулы атағын немесе сыныптық шенін растайтын құжат болып табылады.
      Қызметкердің қызметтік куәлігі, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлерді, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, оның атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      21-бап. Қызметкерлердің нысанды киімі және айырым


               белгілері

      1. Қызметкердің өзі қызмет өткеретін құқық қорғау органына байланысты оның құқық қорғау қызметіне тиесілігін көрсету мақсатында қызметкерлердің арнаулы атақтары, сыныптық шендері немесе біліктілік сыныптары бойынша нысанды киім және айырым белгілері белгіленеді.


      2. Арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген немесе біліктілік сыныптары белгіленген қызметкерлер нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі.
      3. Нысанды киімнің сипаттары, айырым белгілері, киіп жүру тәртібі және онымен қамтамасыз ету нормасы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

4-тарау. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер, біліктілік сыныптары

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      22-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру



      1. Қызметкерлерге мынадай арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беріледі:
      1) қатардағы құрам:
      қатардағы қызметкер;
      2) кiшi басшы құрам:
      кiшi сержант;
      сержант;
      аға сержант;
      старшина;
      3) орта басшы құрам:
      кiшi лейтенант;
      лейтенант, 3-сыныпты заңгер;
      аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер;
      капитан, 1-сыныпты заңгер;
      4) аға басшы құрам:
      майор, кіші кеңесші;
      подполковник, кеңесші;
      полковник, аға кеңесші;
      5) жоғары басшы құрам:
      генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
      генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
      генерал-полковник, 1-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
      жоғары сыныпты мемлекеттік кеңесші.
      2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер қызметкерлерге бiлiктiлiгi, бiлiмi, қызметке қатысы, еңбек сiңiрген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы ескерiле отырып, реттілік тәртібімен дербес берiледi.
      3. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан тиісті септікте, олардың қайсысына қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:
      1) прокуратура органдарына – «әділет»;
      2) ішкі істер органдарына – «полиция», «әділет», «азаматтық қорғау;
      3) алып тасталды - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      4) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      5) алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      6) алып тасталды - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      7) мемлекеттік фельдъегерлiк қызметке – «фельдъегерлiк қызмет».
      4. Қызметте болудың шекті жасына жеткен немесе зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан «отставкадағы» деген сөз қосылады.
      5. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттарының (тыңдаушыларының) қатарына қабылданған азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы атақтар беріледі.
      6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұратын азаматқа, ол құқық қорғау органдарындағы басшы құрам лауазымына тағайындалғаннан кейiн, оның өзiнде бар әскери атағынан төмен емес арнаулы атақ немесе сыныптық шен беріледi.
      7. Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар қызметке қайта қабылданған (оқуға түскен) кезде, басқа құқық қорғау органынан iссапарға жiберу тәртiбiмен қабылданған адамдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген адамдар, әскери қызметшілер бұрынғы қызмет орны бойынша берілген немесе белгіленген өздерiнде бар сыныптық шенмен, арнаулы немесе әскери атақпен, біліктілік сыныбымен лауазымға тағайындалады (оқуға қабылданады), олар кейіннен жаңа қызмет (оқу) орны бойынша берілетін немесе белгіленетін арнаулы атаққа немесе сыныптық шенге теңестіріледі.
      Бұрынғы сыныптық шенде, арнаулы немесе әскери атақта, біліктілік сыныбында болу мерзiмi кезектi арнаулы атақ, сыныптық шен беру немесе біліктілік сыныбын белгілеу үшiн еңбек сiңiрген мерзiмге есептеледi.
      8. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарына жүктелген негiзгi мiндеттер мен функцияларды тiкелей орындайтын лауазымды адамдарға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруге, сондай-ақ біліктілік сыныптарын белгілеуге құқық беретiн лауазымдар тiзбесiн, өздерінің өкiлеттiктерiне сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      9. Бұрын «ішкі қызмет аға прапорщигі», «өртке қарсы қызмет аға прапорщигі», «ішкі қызмет прапорщигі», «өртке қарсы қызмет прапорщигі», «әділет аға прапорщигі», «әділет прапорщигі» әскери немесе арнаулы атақтары берілген адамдар осы Заңда көзделген негіздер бойынша өз қызметтерін тоқтатқанға дейін осы атақтарда қызметтерін жалғастыруға құқылы.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.01.2012 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет