Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда



бет5/14
Дата10.06.2016
өлшемі1.34 Mb.
#126953
түріАнықтамалық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Қанапиянов Бақытжан

(1951)
«Ақынмын! Енді бұрылман,

Өйткені қысқа өмір шын.

Түнгі жұлдыздай жырымнан

Тіршілік оты көрінсін!- деп бедерлі жырлар жазып, жырқұмар қауымның жылы ілтипатына бөленіп жүрген қарымды ақындардың бірі - Бақытжан Қанапиянов. Ол өлеңдерін орыс тілінде жазады. Бақытжан Қанапиянов оннан астам жинақ шығарып, кітаптары әр тілде Америка, Англия, Ресей мен Украинада жарық көрді.

Иранғайып, Жұматай, Есенғали, Дәуітәлі сияқты белгілі ақындар оның өлеңдерін ана тіліне аударып, қазақ оқырмандарын да разы етті.

Мәскеудің жастар баспасынан шыққан «Бұтақ» жыр кітабы Б.Қанапиянов өлеңдерін бүкіл одақ оқырманына, одақтан тыс жерлерге де жеткізді.

Чернобыльдегі атом электр станциясы жарылғанда жанқиярлық еңбек еткен өз жерлестерін жырға қосты, публицистикалық қарымы күшті тамаша жырлар жазып, кейін «Припять үстіндегі ләйлек» деген атпен Алматыда және Киевте жеке жинақ болып басылып шықты. Бұл жырлар алапат апатты көрсетуімен ғана емес, оның болашақтағы зардаптарын ескертуімен де құнды. Табиғат тыныштығын бейнелі сөзбен кестелеген «Бұлан», «Елік» атты өлеңдері осының бір куәсі.

Бақытжан Қанапияновтың «Сөз соңы» дастаны сұрапыл соғыс кезінде неміс басқыншылары ақырғы оғы қалғанша шайқасқан сегіз қазақ жауынгерін тірідей өртеп жіберген тың деректер негізінде халқымыздың абзал есімдерін қайта тірілтіп берген шығарма.

Туған жұртына жан - тәнімен қызмет етуді басты борышы санайтын ақын елінің жақсысын жарқыратып көрсетуді қашанда мұрат тұтады.

Бақытжан Мұсаханұлы Қанапиянов 1951 жылы 4 қазанда Көкшетауда туған. Алматының №15 мектебін бітірген соң Қазақ политехникалық институтына түсіп, оны 1974 жылы бітіреді. Біраз уақыт Қазақстан Ғылым Академиясының металлургия институтында инженер болып істеген. 1976- 1977 жылдары Б.Қанапиянов Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематографистер институты жанындағы кинорежиссерлер мен сценарийстер дайындайтын жоғары курста оқиды. Содан бері ақын Б.Қанапиянов поэзия мен киноөнерін қатар дамытып келеді.

Бақытжан Қанапияновтың алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Простор» журналында жарияланған.

1981- 1983 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітіріп, «Жалын» баспасында аға редактор болып істеді, біраз уақыт Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды.

«Тыныштықты сезіну» (1982) Алматыда, «Бұтақ» атты жыр кітабы (1985) «Молодая гвардия» баспасынан басылып шықты.

«Чувство мира», «Ветвь» өлеңдер жинағы және «Послесловие» поэмасы үшін 1986 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

1995 жылы АҚШ- тың Бостон қаласынан «Тыныштық мезеті» атты кітабы ағылшын тілінде жарық көрді.

Қазақ тілінде шыққан «Тікшырқау» деген өлеңдер мен поэмаларын қазақ оқырмандары жылы қабылдады.

Бақытжан Қанапиянов тәржіма саласында тынымсыз еңбек етіп, тер төгіп жүрген ақын. Ол Абай, Жамбыл, Кенен, Шәкәрім мен Мағжан өлеңдерін орыс оқырмандарына жеткізіп, қазақ жырының інжу - маржаны «Қыз Жібек» дастанын орыс тілінде сөйлетті.

Орыстың бүгінгі әйгілі ақыны Андрей Вознесенский «Кіндік Азия қиырлары үлкен керуен жолдарын ғана емес, ұлы дауылдар да туғызады. Олар әлемге ақындар да береді. Ақындарының өлеңдері бөгеттерді бұзып- жарып, кедергілерді көктей өтіп жатады. Ақын Б.Қанапиянов алақұйын әңгүдік дәуіріміздің ырқына көнбей, қасақана жыр төгетіндердің бірі» - деп жазды. Бұл сөздер ақын шығармашылығына берілген әділ баға десек артық болмас.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1998), Қазақстан Журналистер одағының С.Сәдуақасов атындағы сыйлығының иегері (1999), «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының лауреаты (2003), Тәуелсіз Тарлан сыйлығының лауреаты (2003). Көкшетау қаласының құрметті азаматы (2001).

Әдебиет пен өнер саласы ордаларында әртүрлі жауапты қызмет атқарған Б.Қанапиянов 1990 жылдан бері «Жібек жолы» баспа үйінің президенті.
Шығармалары:

Қанапиянов Б.Тікшырқау:леңдер мен поэмалар.- Алматы: Жібек жолы,

2000.

Қанапиянов Б. Мәңгілік алау //Октябрь нұры: Публицистика. – Алматы, 1988.



Қанапиянов Б. Ғұмыр жолын тұйықтап :Өлеңдер //Жұлдыз.- 2011.- №9.

Қанапиянов Б. Нан иісі: Әңгіме //Қазақ әдебиеті.- 2010.- 26 ақпан.


Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Ақын жеңістері: (Уфада өткен түркі тілдес поэзия аудармашыларының «Ақ тырна» атты І Халықаралық конкурсында Бақытжан Қанапиянов «Лирика» номинациясы бойынша 1- орынды иеленді) // Қазақ әдебиеті.- 2011.-9 желтоқсан.

Қанапиянов Б. «Біздің әдебиетке не жетіспейді»: (Ақынмен сұхбат-

тасқан Э.Якия) // Әдебиет айдыны.- 2007.- 13 желтоқсан.

Қанапиянов Б. Бұдан жиырма жыл бұрын: (Өзінің шығармашылығы туралы және мемлекет қайраткері, этнограф- ғалым Өзбекәлі Жәнібековпен кездесуі жайында) // Қазақ әдебиеті.- 2006.- 17 қараша.




Қанатбаев Дүйсенбек

(1940)
Әдебиетіміздің өрісі кеңейіп, өркені биіктеген кезеңдердің бірі- алпысыншы жылдары жыр әлеміне сапарын бастаған ақындардың бірі Дүйсенбек Қанатбаев оқырман жұртшылықтың назарынан тыс қалған емес. Ол өзінің әйгілі «Адыраспанымен» жұрттың бәрін жалт қаратты.

Дала аңызақ қақтаған

Алтыннан қазір су сыйлы.

Өмірде тыным таппаған

Қып- қызыл шағыл сусиды.

Жалбарын, жалын, өл мейлі

Татырмайды аспан нәр.

Тек оған көңіл бөлмейді

Шөлдегі адыраспандар.

Исі мен кермек дәмі үшін

Оны ешкім көзге ілмейді.

Сонда да бұзбай болмысын

Өзінше ол да гүлдейді.

Даланың долы желі де

Жұлқиды адыраспанды.

Сонда да ол өскен жерінен

Екі елі ажыраспайды..,- деген жолдарында үлкен мән- мағына жатыр. Ол туған жерге деген үлкен сүйіспеншілік. Тұла бойы өттей ащы адыраспанның өскен жерінен екі елі ажыраспайтын қайсар мінезі оқырманды ойландырары сөзсіз.

Ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың ең негізгі тақырыбы да, шығармашы-

лық тағдыры да - сахара кеңістік, дала. Ол өз шығармалары арқылы дала образын ажарлы бояу, тың теңеулермен толықтырды. Оның қай өлеңі болма-

сын ақын қаламының қажырын айқын танытатын дүниелер.

Дүйсенбек Қанатбаев әрбір қадамынан күні бүгінгі кемелденген шағына дейін өз замандастары бастарынан кешкен ірілі - уақты әлеуметтік өзгерістерді «менің тағдырым осы ғой» деген сеніммен ақындық жүрегінен өткізумен келеді. Адамның кейбір шақтарын табиғаттың кейбір сәттерімен қылаусыз қабыстырып, олардың ішкі мазмұн-иірімдері арқылы бір - бірін ірілендіріп шынайы суреттеу ақын поэзиясының басты ерекшелігі. Және ақын жырлайтын дала мен туған жер тек қана телегей - теңіз кеңістік пен түндігінен жібектей ширатылған шаңырақ емес, тарихпен біте қайнасқан шежіре.

Туған халқының кешегісі мен бүгінгісі, қуанышы мен қайғысы, атамекен тағдыры ақын өлеңдерінің өзегі. Оның қаламынан туған «Жазира» (1966), «Жол басы» (1968), «Серпер» (1970), «Жеті Жұлдыз - жеті қарақшы»(1973), «Ағын сулар әуені» (1975), «Мың сүрлеу» (1977), «Песня бегущей воды» (1978), «Он бесінен толған ай» (1979), «Арнадым саған» (1982), «Аспан асты, жер үсті» (1984), «Сейтқұл туралы аңыз» (1985), «Иек асты, қиян шет» (1988), «Таңның атысы, күннің батысы» (1989), «Жатаған ымырт, биік таң» (2000), т.б. өлең кітаптары қазақ поэзиясына қосылған елеулі үлес болды. Оның лирикасының тағы бір ерекшелігі - екінің бірінің көзіне түсе бермейтін ұлттық салт- сананың тереңінен сыр тартуында. Ақын өлеңдерінде жалаң уағыз, өсиет айту жоқ, әйткенмен, халыққа тән өнегелілік тынбастан үн қатқандай болады. Сондай- ақ Д.Қанатбаев адам мен табиғат арасындағы үндестіктен сұлулық іздеумен қатар, сөзбен сурет салуға бейімділік танытады. Дүйсенбек Қанатбаев - өзіндік қолтаңбасы, қалыпты тыныс - тіршілігі бар поэзия иесі.

Дүйсенбек Қанатбаев көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп жүрген ақын. Басқаны былай қойғанда, түрікмен халқының классигі Мақтымкули жырларының ана тілімізде сөйлеуі - ақын талантының тағы бір қырын танытқандай. Сол сияқты ол Петрарканың сонеттерін, орыс, украин, түрікмен ақын - жазушыларының көптеген шығармаларын қазақшалады.

Ақынның өлеңдері орыс, украин, түрікмен, башқұрт тілдерінде жарық көрді.

Дүйсенбек Қанатбаев 1940 жылы Түркменстанның Красноводск ауданы Сүлмен селосында туған. 1957 жылы Красноводск қаласының медицина училищесін бітіргеннен кейін фельдшерлік қызмет істеген.

Ақынның алғашқы өлеңдері Красноводск қаласында қазақ тілінде шығатын «Жұмысшы» газетінде жарияланды.

1960 жылы Д.Қанатбаев Алматыға келіп Қазақ Мемлекеттік университетіне түсіп, оның филология факультетін тәмамдайды. Әдеби еңбек жолын қазақ теледидарының әдеби – драмалық хабарлар редакциясында редактор болудан бастаған Дүйсенбек, 1979-1982 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, 1984- 1986 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі болды. 1987 жылдан республикалық радиода әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1998).

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Шығармалары:
Қанатбаев Д. Екі томдық шығармалар жинағы.- Алматы: Қазығұрт, 2011.

Қанатбаев Д. Жеті қарақшы- жеті жұлдыз.- Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1973.

Қанатбаев Д. Ағын сулар әуені.- Алматы: Жазушы,1975.

Қанатбаев Д. Мың сүрлеу, соны соқпақ: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1977.

Қанатбаев Д. Он бесінен толған ай: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1979.

Қанатбаев Д. Арнадым саған: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1982.

Қанатбаев Д. Сейтқұл туралы аңыз: Өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1985.

Қанатбаев Д. Иек асты қиян шет: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1988.

Қанатбаев Д. Таңның атысы, күннің батысы: Өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1989.

Қанатбаев Д. Жатаған ымырт, биік таң: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 2001.

Қанатбаев Д. Арыстардың менде бір жалғасымын: Өлеңдер, толғаулар, балладалар.- Алматы: Жазушы, 2004.
Өмірі мен шығармашылығы:
Исаділ А. Адыраспан жырдың құнары: (Ақын Дүйсенбек Қанатбаев туралы) //Алаш айнасы.- 2010.-1 қараша.

Құлиев Ж. Сұлу жырдың су төгілмес жорғасы..: (Ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың шығармашылығы жайлы) // Қазақ әдебиеті.-2011.-18 қараша.

Медетбек Т. Кеңістіктің кемел жыршысы: (Ақын Д.Қанатбаев) //Ана тілі.-2010.-11 қараша.
Қанахин Өтебай

(1923-1990)


Өтебай Қанахин 1923 жылдың 17 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тәуіп ауылында туған.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Он үш жасында әскер қатарында болған Өтебай Қанахин қайтып келген соң 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факултетін бітірген. Әдебиетке елуінші жылдары келді. 1953 – 1960 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1960 жылдан Қазақстан КП ОК- нің нұсқаушысы, мәдениет секторының меңгерушісі, 1963 – 1966 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактор, 1966 – 1969 жылдары Қазақстан КП ОК – нің насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1969 – 1970 жылдары «Жалын» альманахының тұңғыш бас редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі, 1975 – 1982 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық редакциялық алқасының бас редакторы қызметтерін атқарды. Алғашқы әңгімесі «Екі кездесу» 1947 жылы жарық көрді. «Ауыр күндер», «Мұрагер» (1958 ), «Көл жағасында» (1960 ), «Маздақ» (1964 ), «Жас дәурен» (1966), «Жер басып жүрсем» (1968), «Дәмелі» (1962), «Жүрек қалауы» (1974), «Бақыт бәйшешегі» (1976), «Құдірет» (1979), «Қарт сарбаз хикаясы» (1986), «Ата қоныс» (1990), тағы басқа кітаптардың авторы.

2001 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген Өтебай Қанахиннің «Бақыт бәйшешегі» кітабына жазушының соңғы жылдарда жазған әңгімелері мен повестері топтастырылған. Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде жауынгер жазушы сонау сұрапыл соғыс кезіндегі майдан көріністерін суреттей отырып, совет жауынгерлерінің асқан ерлігі мен адамгершілігін нанымды бейнелейді. Екінші бөлімде бүгінгі жасампаз өмірімізде халық бақытына лайықты үлес қосып келе жатқан ізгі жандардың мақсат - мұратын, қилы тағдырын алдымызға жайып салады.

Оқырман жұртшылық «Бақыт бәйшешегін» оқи отырып қарапайым адамдардың бойындағы асқан патриоттық сезімнен нәр алады, олардың азаматтық, адамгершілік істерін үлгі тұтады. Жас жандардың ыстық сезімі мен мөлдір махаббатын жүрекке түйіп қана қоймайды, сонымен бірге әлі де болса бойымыздан арылмаған өзімшілдік, тоғышарлық мінездерден бойын аулақ салады. Ө.Қанахин шығармаларындағы образ жасау өзгешеліктерімен танысып, жазушының өзіндік өрнегін таниды.

Автор «Майдан көріністері» әңгімесінде батальон командирі - капитан Николай Иванович Захаров пен батальон комсоргі, лейтенант Бексұлтан Есқараевтың бейнелерін сомдап жасаған. Әсіресе, Есқараевтың ішкі жан дүниесіне терең үңіліп, сол арқылы қайрымды да адал, ақылды да парасатты қазақ жауынгерінің жан дүниесін ашады. Захаров сияқты коммунистің қамқорлығына өзінің ерлігімен, адамгершілігімен танылған Бексұлтан бейнесінің оқырман көңіліне берік ұялайтыны сөзсіз

Сондай- ақ «Қосалқы позиция» әңгімесіндегі сержант Қойшыбаев, «Қарындастағы» старшина Б.Тасболатова, «Капитан Қамбаровтағы» Е.Қамбаров, «Барлаушы қыздардағы» аға сержант М.Дайрабаева, тағы басқа басты кейіпкерлер - шоқтығы биік тұлғалар.

Кітаптың екінші бөліміндегі хикаяттар сериялары қызықты жазылған. Көлемі шағын дүниелер болғанымен, айтар ойы мол, құнарлы дүниелер.

Ө.Қанахин әңгімелерінің басым көпшілігінде өзін Ө. Қанахин мың құбылтып, кейбір елеусіз нәрсенің ауқымын мейлінше кеңітіп, айтар ойын мүмкіндігінше аз сөзбен жеткізіп отырады. Күрделі проблемалардың сырын ашып, маңызды мәселелердің көк жиегін көрсетеді.

«Кім не дейді», «Тойдан кейін», «Ерлі – зайыпты Көбеевтер», «Бір тал шаш», «Тұңғыш ұл», тағы басқа әңгімелері жас ерлі - зайыптылар өмірі жайлы сыр шертеді. Алғашқы әңгімеде Зибагүлдің өмірге жеңілтек көзқараспен қарайтыны, көрсе қызар, озбыр, нағыз дүниеқор екені бейнеленеді. Ал «Тойдан кейін» деп аталатын әңгімелері Бейсенғалиға сүйіп қосылған Гүлмира, қытымыр Перизаттың ықпалымен отбасы шаңырағын шайқалтады. «Сылқым жігіт» повесінде автор кейбір жеке адамдардың, жеке басының қамын ойлайтын тоғышар жандардың арам пиғылдарын көрсетеді. Мұнда бір мекемеде қызмет жасайтын бірнеше адамның мінез - құлықтары ашылады. Автор оқырмандарды өмірде болатын кездейсоқ жағдайлардан сақтандырады.

Біз, міне, кітапты қызыға оқып, «Бақыт бәйшешегі» деген повеске де жеттік. Шығарма мазмұны, оқиға желісі бейнебір фильмдегідей көз алдыңнан жанды сурет болып жатады.

Повестің басты кейіпкерлері қоғам мүлкін көздің қарашығындай қорғап, халықтың игілігіне жаратуға ат салысады. Олар туған өлкесін сүйіп, адамдарға адал қызмет жасауға дайын.

«Бақыт бәйшешегі» повесі әскерлік міндетін үлкен абыроймен атқарып, енді елге қайтып келе жатқан сержант Қайыржан деген жас жігіттің поезд үстіндегі халінен басталады. Қайыржан тым мазасыз. Ол өзінің сүйген қызы Нұрбикеден хат алған. Сол хатты қайта - қайта оқып, елге жеткенше дегбірсізденуде. Жас жігіт жалын атқан шағында өзінің сүйіктісін әлсін- әлсін ойлап, бойды кернеген ыстық сезім мен махаббат ләззатына масайып келеді. Сол бір арманға қашан қолы жеткенше көңіл құрғыр алабұртып шыдатар емес. Алайда, Нұрбике сертте тұрмаған. Басқаға тұрмысқа шыққан. Ал, Нұрбикенің атынан Қайыржанға хат жазған басқа қыз болып шығады. Ол қыздың есімі – Балдай. Қайыржан үшін бұл кездейсоқ жағдай. Алайда оның өмірге деген сүйіспеншілігі кемімей, Балдайға деген махаббаты біртіндеп ояна бастайды. Жазушы осы бір қызық оқиғаларды нанымды суреттейді. Ақырында Қайыржан мен Балдайдың мақсаттарына жеткенін айтады. Бұдан соң Өтебай Қанахин «Құдірет» деген кітабын жазды. Сол «Құдіретті» іздеп жүріп, таласа оқыған жастарды талай көреміз.

Өтебай Қанахин М.А.Шолохов, А.М.Кожевников повестерін тәржімалады, бірқатар шығармалары орыс, украин, белорус, өзбек, армян, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз және неміс тілдеріне аударылған.

Жазушы «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.


Шығармалары:
Қанахин Ө. Көл жағасында: Әңгімелер.- Алматы: ҚМКӘБ, 1960.

Қанахин Ө. Дәмелі: Роман.- Алматы: ҚМКӘБ, 1962.

Қанахин Ө. Маздақ: Повесть және әңгімелер.- Алматы: ҚМКӘБ, 1964.

Қанахин Ө. Жас дәурен: Повесть.- Алматы: Жазушы, 1966.

Қанахин Ө. Жер басып жүрсем: Хикая, триптих және әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1968.

Қанахин Ө. Ауыр күндерде: Повесть.-Алматы: Жазушы, 1969.

Қанахин Ө. Тұңғыш махаббат: Әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1966.

Қанахин Ө. Албырт шақ: таңдамалы повестер мен әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1975.

Қанахин Ө. Өз аулымен: Повесть, әңгімелер.- Алматы: Жалын, 1976.

Қанахин Ө. Дәмелі: Роман.-Алматы: Жалын, 1978.

Қанахин Ө. Құдірет: Роман.-Алматы: Жазушы, 1979.

Қанахин Ө. Қарлығаш: Әңгімелер.- Алматы: Жалын,1988.

Қанахин Ө. Ата қоныс: Повесть- эссе.- Алматы: Жазушы, 1990.

Қанахин Ө. Құдірет: Роман.- Астана: Елорда, 2001.


***
Қанахин Ө. Арпалыс: Әңгіме // Таң- Шолпан.-2008.-№5.

Қанахин Ө. Соқыр теке: Әңгіме // Жұлдыз.- 2008.- №11.


Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Серікқалиев З. Кейіпкер кім?: (Ө.Қанахиннің «Құдірет» романы туралы) //Серікқалиев З. Жан дауа.- Астана, 2004.
***
Асабаев З. Азамат: Жазушы Өтебай Қанахин туралы бір үзік сыр

//Алматы ақшамы.- 2008.- 30 қазан.

Исабаев Қ. Бізді әдебиет жақындатты.- Өтебай Қанахин- 85 //Қазақ әдебиеті.- 2008.-27 желтоқсан.
Қапалбекұлы Нағашыбек

(1950)
Нағашыбек Қапалбекұлы 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қызыләскер ауылында дүниеге келді.

Еңбек жолын Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде (қазіргі Атамекен) корректорлықтан бастап, Н.Қапалбекұлы кейін радиотілші, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, осы газеттің редакторы болды. Нағашыбек Қапалбекұлы халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, республикалық Қарасай қорының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы сияқты қоғамдық жұмыстар атақарып, белсенді қайраткерлік танытты. 2000 жылғы 1 қарашадан бастап Республикалық кітап музейінің директоры болып істейді.

Шығармашылығын мектепте өлең жазудан бастаған, Нағашыбек Қапалбекұлы бүгінде 13 кітаптың авторы. 1980 жылы «Жалын» баспасынан оның «Еңлікгүл» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. «Дос жүрегі», «Таудан түскен тұман», «Қызыл елік», «Махаббатсыз өмір жоқ», «Жерошақтың түтіні» атты повестер мен әңгімелер жинағы жеке - жеке кітап болып шықты.

Нағашыбек Қапалбекұлы тарихи тақырыптарға жиі барады. Атақты бабамыз Жамбыл және ақындық төңірегі жөнінде ізденіп, зерттеп, ел мен жер, өткен мен бүгін жайлы сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол дүниелер жазды. Оның кейіпкерлері – қазақ елінің біртуар перзенттері: Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Өтеген секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Әбдіғали, Есдәулет секілді дуалы ауызды ақындар, Төле би, балуан Шолақ, Сарыбай би, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Түктібай қобызшы тағы да басқа тарихи тұлғалар.

Қарасай батыр жайлы «Қарасай, Қарасай», Жамбыл жайлы «Киелі - қызыл жолбарыс» деген сондай- ақ, Сарыбай би Айдосұлы, Мақыш балуан Райымбекұлы туралы кітаптары да оқырмандарынан өз бағасын алды.

«Жамбыл әлемі» атты үш тілдегі фотоальбом, «Ата тағылымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім- сырлы әуен» тағы да басқа жинақтар құрастырды. Бірнеше телефильм мен видеофильмдерге сценарий, бір пьеса жазды.

Халықаралық Жамбыл атындағы және республикалық Төле би қорлары сыйлығының лауреаты Нағашыбек Қапалбекұлы - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының және Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Қарасай ауылының құрметті азаматы.

Н.Қапалбекұлы –Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Оннан астам кітабын оқырман қауымға ұсынған қаламгер бүгінде нағыз кемел шағында. Батырлар мен ақындар елі аталған Жамбыл ауданының түлегі қоғамдық қызметімен қоса шығармашылық жолында да тынбай еңбектеніп келеді.
Шығармалары :
Қапалбекұлы Н. Еңлікгүл.- Алматы: Жалын, 1980.

Қапалбекұлы Н. Дос жүрегі: Повестер мен әңгімелер.- Алматы : Жлын, 1991.

Қапалбекұлы Н. Қызыл жолбарысты қызырлы би.- Алматы: Айтұмар, 1993.

Қапалбекұлы Н. Махаббатсыз өмір жоқ: Әңгіме.- Алматы: Айтұмар, 1994.

Қапалбекұлы Н. Киесі –қызыл жолбарыс: Повесть.- Алматы: Балауса, 1996.

Қапалбекұлы Н. Мақыш балуан: Повесть.-Алматы, 1999.

Қапалбекұлы Н. Жерошақтың түтіні: Повестер.- Алматы: Мерей, 2002.

Қапалбекұлы Н. Ұлағатты үш ардақты: ( Сарыбай би Айдосұлы, Андас датқа Стамбекұлы, сәулетіне дәулеті сай Медеу Пұсырманұлы туралы).- Алматы: Мерей, 2004.

Қапалбекұлы Н.Жамбыл ата: Повесть, әңгіме, естелік, зерттеулер. – Алматы: Мерей, 2006.

Қапалбекұлы Н. Қарасай батыр – ұраным: Зерттеу мақаласы мен пьесасы.- Алматы: Тамыр, 2007.

Қапалбекұлы Н. Біздің ауыл тау жақта: Хикаяттар мен әңгімелер.- Алматы: Өнер, 2007.

Қапалбекұлы Н. Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы: Зерттеу еңбек.- Алматы, 2008.

Қапалбекұлы Н. Аспанқора аңызы: Ертегі, әфсана, аңыздар.- Алматы,2010.
Өмірі мен шығармашылығы:
Исмаилов О. Бабаларды қадірлеген қаламгер: Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы- 70 жаста // Жетісу.- 2010.- 13 наурыз.

Мекебаев А. Қаламгер қарымы: (Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы)

//Қазақ әдебиеті.- 2010.- 12 наурыз.


Қаупынбаев Төлен

(1938)
Қаламының қызуын қалың оқырманға ұсынып жүрген жазушылардың бірі –Төлен Қаупынбаев 1938 жылы 6 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қаратоған аулында дүниеге келген.1958 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ағылшын факультетіне түсіп оқыды. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультін бітірген соң, «Лениншіл жас» ( қазіргі «Жас Алаш»), «Ауыл» газеттерінде, «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында, «Жазушы», «Қазақстан» баспаларында бөлім меңгерушісі болып істеген. Алғашқы туындылары 1956 жылдан бастап республикалық басылымдарда жариялана бастады.

Төленнің тұңғыш әңгімелер жинағы «Тау тұлғасы» кезінде әдебиет әлеміне аттаған алғашқы баспалдағы болған. Араға біраз жылдар салып «Жазушы» баспасынан «Бетегелі бел» кітабы жарық көрді. Әңгімелерінде жазушы ауыл өмірі, дала тіршілігін әсерлі баяндайды. «Қызыл дәндегі» алдыңғы буын ағалардың ізгілік дәстүрлерін маңдай терімен өз бақытын тапқан еңбек ардагерлері Сабыржан, Рақым адамгершілік қарым - қатынастың, азаматтық парызды сезіну жауапкершілігінің ұлағатты үлгісін жеткізіп жатыр. «Тау тұлғасы» шығармасы да Жерұйық өлкедегі өмір, қайнаған тірлік жазушылық шеберлікпен келісіп кестеленген. Өз табиғатын терең түсініп, буырқанған тау өзенімен бірге ағып өзінің жауынды, қарлы, таулы өлкесін қаламгер өз шығармаларына өзек еткен. Оның деректі туындылары «Жазира», «Ашылмаған аралдар», «Шұғыла», «Нан мен тер»,

«Кең құлаш» кітаптары осыған дәлел. Деректіліктің тізгінін ұстай отырып, адам тағдырын, ел мен жер тағдырын жүрек лүпілімен жырлайтын жазушы еркін әңгімелейді. «Кең құлаш» кітабында ол Қазақстан ғалымдарының еңбегі мен өмір жолын жан - жақты саралайды.

Әдебиетші ретінде Төлен Қаупынбаевтың Қабан жырау мұрасына жанашырлық еңбегін айрықша атап өткен дұрыс. «Алтын қазық» деген атпен 1993 жылы жарыққа шыққан кітабы әдебиет тарихынан өз орнын алған еңбек. Жазушы Қабан жырау ғұмырына қатысты өз түсінік - танымы мен бірқатар белгілі жазушы - журналистер, ел адамдары естеліктерін де жұртшылыққа аян етіп отыр.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған Т.Қаупынбайұлының «Білім» баспасынан 2001 жылы «Аққу саздары» кітабы жарық көрді.

Төлен Қаупынбаев Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Жазушы соңғы жылдары тарихи тақырыпқа батыл барлау жасап, батыр бабалар өмірінен деректі туындылар жазып жүр. «Бабалар аманаты», «Албан шежіресі», «Бауыржан батырға барғанда» атты кітаптары осыған куә.

Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың екі мәрте иегері.



Шығармалары:
Қаупынбаев Т. Жазира.- Алматы: Қайнар, 1975.

Қаупынбаев Т. Ашылмаған аралдар. – Алматы: Жалын, 1976.

Қаупынбаев Т. Шұғла.- Алматы: Қайнар, 1979.

Қаупынбаев Т. Тау тұлғасы: Әңгімелер.- Алматы: Жалын, 1981.

Қаупынбаев Т. Бетегелі бел: Повестер, әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1986.

Қаупынбаев Т.Кең құлаш: эссе, очерктер.- Алматы: Жалын, 1989.

Қаупынбаев Т. Нан мен тер.- Алматы: Қайнар, 1991.

Қаупынбаев Т. Бабалар аманаты: тарихи эсселер, аңыздар, очерктер.- Алматы: Жалын, 1996.

Қаупынбаев Т. Албан шежіресі.- Алматы: Тоғанай,1997.

Қаупынбаев Т. Киелі керуен: Әдебиет туралы ойлар, эсселер.- Алматы: Тоғанай Т., 1999.

Қаупынбаев Т. Сырылған семсер: Эсселер, тарихи очерктер, толғамдар, аңыздар.- Алматы: Тоғанай Т., 1999.

Қаупынбаев Т. Бауыржан батырға барғанда: Жеңіс сарбаздары туралы жыр: Эсселер, очерктер, әңгімелер.- Алматы: Тоғанай Т., 2000.

Қаупынбаев Т. Аққу саздары: Роман- эссе.- Алматы: Білім, 2001.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет